Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2594 0 пікір 18 Қазан, 2012 сағат 08:12

Ырысбек Дәбей. Ақын аға

Ассалаумағалейкум,
Қуандық аға!
Сізді жолға шығарып, қоштаса салысымен-ақ кабинетіме асықтым. Бірдеңе жазғым келді. Қалай жазуды саралап та жатпадым. Келген бойда қолға қалам алып, осылай бастап кеттім. Әттең, жаңа ғана төгіле жөнелмекші болып тұрған сөз қайда андағайлап қашып кетті? Не болса да басынан бастайын.

Болғанынан боладысы қызық Құрылтай өткен күннің ертесінде яғни бүгін түс мөлшерінде сіз «Қа­зақ әдебиеті» газетіне бас сұқ­қан екенсіз, жолығып қалдық. Баяғы кеңпейіл, далалық таби­ғатыңызбен аңқылдап жатырсыз. Ертеректе «Жамбыл» журналында біраз өлеңдерім жарияланған еді, соны оқығаныңызды айтып, ақ жол тіледіңіз. «Артымыздан ер­ген жастар жақсы келе жатыр ғой», - деп ағалық ақылыңызды да айттыңыз. Мүмкін жас, мүмкін жас емес те шығармыз. Салыстыр­малы түрде айтқанда жаспыз. Әйт­песе, алдағы қазан айының екісінде отыз үшке келеді екенмін. Саттар келмеген, Төлеген жетпеген жас еді ғой, бұл отыз үшің. Ор­да бұзар отыз дей ме, қазақ? Сол...

Ассалаумағалейкум,
Қуандық аға!
Сізді жолға шығарып, қоштаса салысымен-ақ кабинетіме асықтым. Бірдеңе жазғым келді. Қалай жазуды саралап та жатпадым. Келген бойда қолға қалам алып, осылай бастап кеттім. Әттең, жаңа ғана төгіле жөнелмекші болып тұрған сөз қайда андағайлап қашып кетті? Не болса да басынан бастайын.

Болғанынан боладысы қызық Құрылтай өткен күннің ертесінде яғни бүгін түс мөлшерінде сіз «Қа­зақ әдебиеті» газетіне бас сұқ­қан екенсіз, жолығып қалдық. Баяғы кеңпейіл, далалық таби­ғатыңызбен аңқылдап жатырсыз. Ертеректе «Жамбыл» журналында біраз өлеңдерім жарияланған еді, соны оқығаныңызды айтып, ақ жол тіледіңіз. «Артымыздан ер­ген жастар жақсы келе жатыр ғой», - деп ағалық ақылыңызды да айттыңыз. Мүмкін жас, мүмкін жас емес те шығармыз. Салыстыр­малы түрде айтқанда жаспыз. Әйт­песе, алдағы қазан айының екісінде отыз үшке келеді екенмін. Саттар келмеген, Төлеген жетпеген жас еді ғой, бұл отыз үшің. Ор­да бұзар отыз дей ме, қазақ? Сол...
Әңгіме қыза бастаған соң, тө­менге түсіп «Қағанаттың» (бұ­рын­ғы «Қаламгер» кафесінің) жаздық демалыс орнынан бір орын тауып жайғастық. Ыстық-ыстық шай ішіп, ағыңнан жарылып сөйлес­кен­ге не жетсін, аға! Сіз жоқта да басқа кісілермен шай ішіп, қау­қыл­дасып тұрамыз. Неге екенін кім білсін, ол кездесулер сыбай-салтаң әңгімелермен басталып, сыпайы қоштасумен аяқталып жатады. Жүректің әңгімесін тың­дамағалы қашан, аға?..
Сіздің өлеңдеріңізбен таныс болсам да, өзіңізді бірінші рет көруім. Ана жолы сіз жетпіске ке­ліп, газетімізге бір бет өлеңдеріңіз жарияланғанда бас редактордың тапсырмасымен шағын портре­тіңізді жасау пақырыңызға бұйыр­ған-ды. Кітапханаларды сүзіп шықтым, бір жыр жина­ғыңыз қолыма түссеші. Таппадым. Әйтеуір газет-журналдардан үзіп-жұлып топтамаларыңызды кездестірдім. Оған да шүкір айттық. Айтпақшы, ана бір кісінің аты кім еді? Бұрын да онша ұнат­паушы едім, со жолы тіптен жек көріп кеттім. Том-том болып, шаң басып, ашқан есігіңнен алдыңнан шығады. Өзін де әлдеқашан тірі классик санап алған. Сіздің кіта­быңыз кітапханаларда неге жоқ?..
Жайғаса салып, сұрағаным да осы болды. Сіз сөзді әріден бастап кет­тіңіз.
«Баяғыда (алпысыншы жыл­дардың іші), қасымда жолдас жі­гітім бар, Алматының қақ ор­та­сындағы аялдамада тұрған­быз. Екі кештің арасы, апақ-сапақ уа­қыт. Көп жүргінші де жоқ. Қасы­мызға тағы бір жігіт пайда болды. Қазақ емеспіз бе, таныса кеттік. Төлеген Айбергенов екен. Сәл уақыт бұрын ғана Төлештің Лермонтов атындағы Академиялық орыс драма театрында жыр кеші өтіп, керемет жырларға сусындап қайтқан маған Төлегенді көру ар­ман болып жүр еді. Көктен сұ­ра­­ғанымды жерден таптым. Менің Қуандық екенімді білген ай­маңдай ақын қатты қуанып кетті. «Ой, бауырым! Қуандық Шолақов сен бе? Өлеңдеріңді «Лениншіл Жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен оқығанмын. Анау екі шумақ өлеңіңді жаттап та алдым», - деп екі шумақ өлеңімді жатқа соға жөнелді. Өзім де күні бүгін ұмытқам жоқ.
Жайлаудың кеші ғажап ымырттағы,
Аспанда жоқ түйірдей бұлт тағы.
Сайдағы аттылы қой түсіреді,
Есіңе ұядағы жұмыртқаны.

Аттыны шыға келген белеске тік,
Ымырт сақ. Көрсетпей тұр көмескі етіп.
Түтінді бір ақбоз үй мұнартады,
Үкілі тақияны елестетіп.
Күн суық. Тоңа бастап едік, Тө­леген: «Қуандық үйге жүр, жата жастана әңгімелесейік. Біздің үй­ге біраз табиғаттың суретін са­лып кет», - деп қалжыңдап әрі шын пейі­лімен қолқа салды. Еріп кет­кім келіп-ақ тұр. Бірақ жолдас жі­гіттің бір шаруасымен кетіп бара жатқанымыз аяққа тұсау бол­ды да қалды. Ақыры қимай-қимай қоштастық. Төкең үйіне, біз өз жайымызға тарттық. Бір-екі айдан соң «Төлеген қайтыс болды» деген қаралы хабарды газеттен көрдім. Газеттің бетін ашқан күйі есеңгіреп, отыра кеттім. Ал­қымыма ащы өксік тығылып, өкі­ніш пе, қасірет пе - бір ауыр дерт жүрегімді сығып ала жөнелді. «Дүние өртеніп кетсе де Төкеңнің үйіне неге бармады екем» деп өмір бойы өзімді жазғырумен келем. Барғанда көп нәрселер айтылар еді ғой. Шіркін-ай, ертеңімізді болжай алмайтын бейшаралы­ғымызға қарамай өте бейғамбыз. Қандай тарихи сәттен бас тарт­қанмын. Сұлбасы қарауытып ба­рып қою қара түнге қойып кеткен Төлеген кім еді деші? Төлештің үйіне бармасам, бітіп кететіндей болған шаруаларым қазір де таусылмады. Күнделікті мимырт тір­шілікпен әлі арпалысып келем. Аялдамаға аялдап қана өте шы­ғатын автобус секілді екен өмір дегенің. Төлеген мініп кеткен кө­лік оны бізден бір жола алыстатып алып бара жатқанын қайдан білейін!.. Қырық жыл қинаған дертті қағазға түсірмекші болып, талай қалам алсам да, жазған өлеңім көңілімді көншітпеді. Дар-дар жыртылған қағаздардың саны жоқ. Тек Төлеш тірі болса жетпіске келетін кезеңде бір өлең арнап едім, соныма ғана сәл қанағат­тан­дым. «Жалын» журналында жарияланды. Оның өзін жеріне жет­кіздім деп айта алмаймын...
Кітап дегеннен шығады, ертеректе марқұм Өтежан Нұрғалиев бір баспада істеп жүрген кезде іздеп бардым. Қолымда қолжазбам бар, кітап шығарсам деген ой. Жөн-жайыммен танысып болған соң, Өтекең марқұм түйеден түскендей: «Ой, Жамбыл обылысынан ақын шықпайды», - деп қолжазбамды өзіме қарай ысыра салды. Жарықтық Оспанхан Әубәкіров те отыр екен, мені жасымаса екен дегені ме: «Өтежан, бұл жігіттің бізге әкелген бірер жүз грамы да бар шығар. Бір жерге отырайық, өлеңін тыңдайық. Сосын айтарсың айтарыңды», - деп қиюы кеткелі тұрған кездесуге нүкте қойды. Үшеуміз сыртқа беттедік. Мен де қырысып қал­дым. Өлең де оқымадым, кітап туралы да тіс жармадым. Әңгіме тыңдап, ішіп-ішіп қайттым... Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойын атап өткен кезде Өтекеңе одақтың ішінде біраз ақын-жазушылармен бірге жолығып қалдық. Кездесе сап арқамнан қағып: «Сендер біл­мейсіңдер ғой, әй, пақырлар! Бұл қазақтың Шолоховы», - деп жағ­дайымды сұрап жатыр, жаны жәннатта болғыр жарықтық...
Министрліктің тапсырмасымен шықпаса да, жеке аза­мат­тар­дың қаржыландыруымен бес-алты кітабым шықты. Ел емеспіз бе, жаны жаз азаматтарымыз бар­шылық. Солар көмектесті. Жаратушы жандарына жамандық бер­месін. Бір өкініштісі, ондай кі­таптар Республиканың түкпір-түкпіріне таралып, кітапханаларға түсе бермейді екен. Дос-жаран, туыс-туған, көрші-қолаңдар қа­рық болып жатады кітаптарыма. Республика көлемінде керемет ақын болып, атақ алмасам да ауылда бәрі сыйлайды. Кеше анау Құрылтайға келген кейбір жазу­шы-ақындар атымды сұрап, өзін­ше кекете-мұқата «осы жиынға кел­ген 4-5 жүз жазушының төрт-бесін танысамшы», - деп қораз­данады. Олар танымаса оған кім кінәлі екен? Өзінен басқаны адам санамайтындығы ғой. Жұрт арасында өзі туралы қандай пікірлер барымен жұмысы жоқ. Тіпті, кей­біреулері ештеңесі жоқ болса да өзіне өте сенімді әрі пысық. Жолы болғыш. Сонысымен айбат шек­кісі келеді. Атағы Алты Алашқа кет­кен ақын-жазушылардың жағ­дайын да көрдік. Қазаққа тән мәдениеттен жұрдай болыпты. Сөз тыңдайтын ел едік. Шынын айтсам, ішім жылап кетіп барам. Берекесіздіктен не марқадам табамыз осы?..».
Қуандық аға!

Осының бәрін сіз маған жазсын, болмаса біреуге айтсын деп сырласпаған едіңіз. Өзім солай шештім. Сіз менің әкем­мен замандас, құрдассыз. Ол кісі де жетпістің желкесіне шық­қан. Балаңыздың үкілі сәлемі деп қабылдаңыз. Менің де сізге ағым­нан жарылып айтқым келетін нәрселер өте көп. Атағынан ат үр­кетін анау-мынау емес, тек қана сізге. «Әділеттілік, туралық деген болыпты, болады, болмақшы екен» дегенге қанша ғасыр сеніп өмір сүрсек, әлі де сонша ғасыр иланып күн кешеміз. Қандай өкінішті, ә! Пайғамбарлары мен әулиелеріне тас атқан адамның пәленбай мың жылдықтардан кейінгі «әй, қап»-ын толық адам болғанымыздың белгісі санағым да келмейді. Қалай жаратылсақ, солай езілген ет жүректілерміз. Аға, сізбен әңгімелескенге дейін менің ішімді де қыжылдар қыж-қыж қайнататын. Өзіммен құрдас, замандастардың болмаса кіші іні-қарындастардың жыл сайын Мем­лекеттік тапсырыспен жарық көріп жататын кітаптарын көр­генде «менің де жазған-сызған өлеңдерім жарық көрсе ғой» (қызғанғаннан емес, қызық­қан­нан) деп ойлайтынмын. Қазір сол пенделік ойдың жұрнағы да қал­мады. Өйткені, жетпістен асқан сізге бұйырмаған, қазақ таби­ға­тының картинасы сыймаған сияпат менен не іздесін. Қайда әлгі «Қуандық керемет ақын» деп ар­қаға қаққыш қазақтар! Неге өтірік көлгірсиміз?..
Қуандық аға! Ертең пойыздан түсе салып қоңыр табиғатыңызбен қайта қауышасыз. Қауызын жар­ған тіршілікті айнытпай қағазға са­ласыз. Мен де түсімде жылқы боп осқырынып, ұйқымнан оятатын Алтай туралы керемет сурет салсам деп ойлаймын. Қолымнан келер ме екен деші! Өтежан марқұм әділ бағаңызды берген, сіз қазақ табиғатының сурет­ке­рісіз...

Құрметпен
Ырысбек Дәбей,
Ұлу жылы қыркүйектің жиырма бесінші жұлдызы.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443