Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 8220 1 пікір 1 Сәуір, 2022 сағат 10:37

Саяси қуғын-сүргіндер: Сипаты мен ерекшеліктері

Басы: «Алаш партиясы әділдікке жақ, жебірлерге жау болды»

Жалғасы: Саяси қуғын-сүргіндер: Голощекин туралы...

Саяси қуғын-сүргін бастау алған жылдары, дәлірек айтқанда 1929 жылдың күзінен өкіметтің солақай реформаларына қарсылық ретінде республикада халық ереуілдері орын алғаны мәлім. Қарсылық қозғалыстары басталардан бұрын, 1928 жылдың соңында, әлде 1929 жылдың басында Шымкент қаласында «Көтер, қазақ, басыңды! (Оян, қазақ!)» үндеуі пайда болды. № 2370 істе үндеудің орысшаға аударылған нұсқасы бар, оған «Қазақшылдар» ұйымы» деп қол қойылған. Шағын үндеуге қазақ басына түскен советтік солақай саясат салдарлары жайында күрделі ойлар сыйғызылып, баршаны «Саналы Алты Алаш» өкілдері орыс авантюристеріне және оларға сатылған қазақ халқының опасыздарына қарсы ашық саяси күреске шығуға шақырады» деп жазылыпты.

Үндеуден туындайтын көп сұрақтың ешқайсысына аталған «ұлтшылдар ісінен» жауап таппадық. Есесіне одан екі жылдай бұрын түйінделген № 011494 істің 3-ші томынан қызық мағлұмат кезікті. Үндеудің бір данасы 1929 жылдың жазында тұтқындалған әдебиетші Әбдірахман Байділдиннің жеке архивінде сақталған екен. ОГПУ тергеушісі 1929 жылғы 6 шілдеде жүргізген қосымша тергеуде  тұтқын Байділдин Шымкентте әшкереленген астыртын топ таратқан бұл үндеудің бір данасын БК(б)П Сырдария округтік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінен алғанын, себебі «жазуды ойластырып жүрген өзімнің кітабыма материал ретінде пайдаланғым келген» еді деген көрінеді.

Бұл үндеудің қатысы болды ма, жоқ па, дегенмен сол жылғы күзден республикада өкіметтің жосықсыз реформаларына қарсылық қозғалысы –жер-жерде көтеріліс ошақтары тұтанғаны мәлім. Репрессияланған жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 60-шы жылдарғы «жылымықта» ақталмай қалуы оның «арнайы үндеу жазып, Созақ көтерілісінің тууына себепші болғандығынан» деген жорамал бір кездері сеніммен айтылып жүрді...

Үндеу авторлары, «Қазақшылдар» ұйымы мен оның мүшелері, үндеуді таратумен шұғылданғандар кімдер, оларға қандай жазалау шаралары қолданылды – бұларды ашу үшін жергілікті билік тармақтары құжаттарын, сондай-ақ сол заман естеліктерін мұқият зерттеу қажет-ақ. Сарысу – Созақ көтерілісі болған Сырдария округі кейін екі облысқа: Сарысу ауданы – Жамбыл, Созақ ауданы – Шымкент (Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан) облыстарына бөлініп кеткені мәлім. Мәселенің анық-қанығына, бәлкім,  осы аймақтардағы респрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың мақсатты түрде іздестіру жұмыстарын жүргізулері жәрдемдесіп қалар.

Кеңестік тарихнамада 30-шы жылдарғы «бандылар қозғалысы» деп таңбаланған халық көтерілістері тарихын терең зерттеген тарихшы-ғалым, Ғылым академиясының құрметті мүшесі, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның топ жетекшілерінің бірі болған марқұм Талас Омарбеков 1997 жылы шыққан «20–30-жылдардағы Қазақстан қасіреті» кітабында «1929–1931 жылдары Қазақстанда 372 рет шаруалардың бұқаралық бас көтерулері» болғанын, бұл қарсылық ереуілдерінің іс жүзінде «қазақ шаруаларының ұлт-азаттық қозғалысы» екендігін құпия қызмет мағлұматтары мен тарихи деректерді молынан келтіре отырып дәлелдеген-тін. Республикамыздың әр өңірінде бұрқ-бұрқ тұтанған ірі 15 көтерілісті талдап, түрлі репрессиялық шараға тартылғандардың санын келтірген.

Көтеріліске қатысып қуғын-сүргінге ұшыратылғандардың басым көпшілігі советтік ұғым анықтаған «бандылық құрылымдарда» болғандықтан, 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңның 6-шы бабында ескерілген «қарулы бандыларды ұйымдастыру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа күштеу әрекеттерiне қатысу» тұжырымдалған тармақ тұрғысынан ақтауға жатқызылмаған еді.

Бүгінгі таңдағы міндет – қарсылық шараларына қатысқандардың «бандылар» емес, ұлт азаттығы жолындағы көтерілісшілер екенін, қозғалыстарының мәні «Қазақшылдар» ұйымының сол 1929 жылы туған «Көтер, қазақ, басыңды! (Оян, қазақ!)» үндеуінде тұжырымдалғанын байыппен талдап, сараптау, сөйтіп, тоқсан жылдан астам уақыт бойы бұрмаланып келе жатқан қозғалысты өз атымен атауға қол жеткізу және  30-шы жылдарғы көтерілісшілер хақында тарихи әділеттің орнауына атсалысу, олардың нағыз тәуелсіздік күрескерлері, халық батырлары екендік­терін мойындау болып табылады.

***

Республикада 1931–1933 жылдары алапат ашаршылық үдеп, қазақ халқы іс жүзінде ұлттық апатқа ұшырады. Босап қалған жерлерде концлагерьлер орын тепті. Сырттан әкеліп қоныстандырылған жұрт шыбынша қырылған көшпенділер сүйегі үстінде жаңа өмір көрігін қыздырды. Қазақстандағы әміршіл диктатордың «сананы нивелировкалау, біркелкілендіру» үдерісін тұтатудан бастап, қоғамда ұлт мәселесін ұмыттыруды күйттеген күрт бетбұрысы қауіпті шегіне  беттеп бара жатты.

Саяси қуғын-сүргінге түсірілгендерді толық реабилитациялау мәселесі бойынша Президент арнайы құрған бүгінгі мемлекеттік комиссияның осы орайдағы маңызды міндеттері қатарында сол заманда жасанды айып тағып, жазалауды жүзеге асырғандардың ісіне баға беру қажеттігі де ойластырылса жөн болар еді. Шындап келгенде, күллі репрессиялық шаралардың және олардың қасіретті нәтижелерінің негізгі себебі ұлт мүддесіне жауап бермейтін билік түрінің қазақ қоғамына сырттан әкелініп, еріксіз таңылуында жатқан. Енді осыны ашық айтып, әділ қорытынды шығаратын шақтың да туғаны анық.

Осы ретте большевизм теориялық тұрғыда жүзеге асырған іс-тәжірибені қысқаша шола кетейік. Совет өкіметі орнағалы ұлт мәселесі партияның 1921 жылғы 10-шы және 1923 жылғы 12-ші съездерінде қаралған болатын. Әсіресе 17–25 сәуірде болған 12-ші съезде белгілі коммунистер Ленинге сілтеме жасап, «орыс шовинизмі туралы мәселе күллі біздің ұлт саясатымыздағы альфа мен омега (яғни ұлт саясатының ең негізгісі, басы мен аяғы –  Б.Қ.) болып табылады», «мұны ұмытқандардың бәрінің есіне салып отыру керек» деді. Түрлі талдамалар келтіріп, сөздерін «біз ұлыорыстық шовинизм туралы мәселені шешімді түрде төтесінен қоюға тиіспіз» деп қорытты.

Сталин ұлт мәселесі жөніндегі өзінің  баяндамасынан кейін сөйлеушілердің осы тақылеттес сөздерін талдай келе, съезге қатыса алмаған «өзімнің ұстазым Ленин жолдастың ...«жұмысшы мәселесімен салыстырғанда, ұлт мәселесінің  оған бағыныштылық мәні Маркс үшін күмән туғызбайды» деген  қорытындысын еске салып,  «кейбір ақылға қонымсыз тырысушылыққа ынталы жолдастар мұның бәрін жадтан шығармау керектігін» айтты.

Дегенмен ұлт мәселесі бойынша қабылданған съездің қарарында «Октябрь революциясы алға шығарған ұлттық бағдарламаны өмірге дұрыс енгізу үшін ұлттық езгінің өткен кезеңінен бізге мұраға берілген кедергілерді жеңу қажет» екені айтылды. Бұл кедергілер «ұлыорыстардың бағзы биік дәрежелі артықшылық жағдайының көрінісі болып табылатын ұлыдержавалық шовинизмінің сарқыншағы» болғандықтан,  олардың «қысқа мерзімде бір соққымен» жойыла қоймайтыны атап көрсетілді. Өйткені «осы  сарқыншақтар тағы біздің кіндік және жергілікті советтік қызметкерлеріміздің бастарында өмір сүруде, олар  біздің кіндік және жергілікті мемлекеттік мекемелерімізге ұя салып алған... егер бұл қалдықтар біздің мемлекеттік мекемелеріміздің практикасынан шешімді түрде, үзілді-кесілді өшірілсе, сонда ғана советтік мемлекет шын мәнінде бекем боп, ондағы халықтар нағыз туысқандық  ынтымақтастық құра алады».

Украина, Белоруссия, Әзірбайжан, Түркістан секілді бірқатар ұлттық республикалардағы жағдай олардағы жұмысшы табының едәуір бөлігі ұлыорыстық ұлт өкілі болғандықтан күрделеніп тұр делінді. Осы аудандарда қала мен деревняның, жұмысшы табы мен шаруалардың жақындасуына партия және совет органдарындағы ұлыорыстық шовинизм сарқыншақтары кедергі келтіріп жүргені айтылды.

«Осындай жағдайда орыс мәдениетінің артықшылықтары туралы әңгіме және неғұрлым жоғары орыс мәдениетінің неғұрлым артта қалған (украин, әзірбайжан, өзбек, қазақ және басқа) халықтардың  мәдениеттерін бұлтартпай жеңетіні жайындағы ережені алға тарту – ұлыорыс ұлтының үстемдігін, қожалығын бекітуге әрекеттенудің дәл өзі боп шығады, – деп тұжырылып, – сондықтан да ұлыорыс шовинизмі қалдықтарымен шешімтал күрес жүргізу біздің партияның бірінші кезектегі міндеті болып табылады», – деген байлам жасалды.

Қарарда ұлтшылдықтың  ұлыорыс шовинизмінен қорғанудың өзіндік түрі екені атап айтылып, ұлтшылдық қалдықтарын еңсеру үшін қолданылатын ең сенімді құрал – ұлыорыс шовинизмімен кесімді түрде күресу болмағы атап көрсетілді.

12-ші съезд ұлт коммунистерін революцияшылдықпен жасампаз істер жасауға құлшындырды. Смағұл Сәдуақасовтың 1928 жылғы қаңтарда мәскеулік «Большевик» журналында жарияланған «Ұлттар және ұлт адамдары туралы» атты әйгілі мақаласында Орта Азия мен Қазақстанның партиялық басшылығы  тәжірибесінде бой көрсетіп тұрған келеңсіздіктерді сынауы осы партсъездің шешімдерін басшылыққа алғанынан еді. Сонда оның «буржуазиялық демократияны аңсаған» деп табылған көзқарасы басына бәле болып, партиялық тезге түсті, Ташкенттегі университет ректорлығы қызметінен қуылды.

Жалпы, советтік кіндік билік 12-ші съезге сүйенген ұлт қайраткерлерінің тым еркінсуіне  шек қоюды бірден ойластырған-тын. Сол 1923 жылы, съезден кейін қырық шақты ғана күн өткенде,  РК(б)П Орталық Комитеті ұлт республикалары мен облыстарында істейтін жауапты қызметкерлерді арнайы мәжіліске шақырды.

Тарихта Төртінші кеңес деп аталып жүрген бұл жиын Мәскеуде 1923 жылғы 8–12 маусым аралығында өтті.  Төртінші кеңес «12-ші партсъездің ұлт мәселесі бойынша позициясынан ауытқулармен» күресу жолын қарастыруды мақсат етті.  Көрнекі үлгі етіп, құпия полиция тұтқындаған белсенді татар коммунисі Мирсаид Сұлтанғалиевтің мәселесін қарады.

Сталин Бұхарада совет өкіметіне қарсы жұмыс жүргізіп жүрген башқұрт қайраткері Зәки Валидовпен байланыста болдың, хат алып тұрдың деп, түркістандық коммунист Тұрар Рысқұловты сынады. Түркістан Республикасында патша заманындағы маңдайшалық жарнамалардың өзгертілуінен басқа ештеңе істелген жоқ деген тағы бір түркістандық коммунист Сұлтанбек Қожановтың сөзіне орай, «егер олай болса – біз басмашыларды емес, басмашылар бізді соттау керек қой» деп, Қожановтың осынау жете ойластырылмаған өз пікірін қайта қарауы керектігіне нұсқады...

Әйтсе де, әсіре саясатпен қаншама әрленсе де, жариялы уәделер мен олардың ұлттық республикаларда орындалуы арасындағы қайшылықтар еріксіз көзге ұратын. Сондықтан да билеуші партия оны мүлдем елеусіз қалдыра алмады.

РК(б)П Орталық Комитетінің Саяси Бюросы  1926 жылғы  3 шілдеде арнайы комиссия құрды. ССРО Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Михаил Калинин басқаратын осы комиссияға Октябрь азат етті делінетін ұлттардың түбегейлі мүдделерінің шешілуі барысына байланысты қордаланып қалған түйінді мәселелерді зерттеп, тиісті ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Бірақ ұлт мәселесінің шешілу деңгейін саралауға тиіс бұл комиссия құрамына Қазақстаннан ешбір қазақ қайраткері мүшелікке тартылмай, тек Филипп Голощекин ғана кіргізілді. Мұндай әрекетпен коммунистік кіндік биліктің қазақтың ұлттық мәселесін жарылқап- жарытпайтыны кім-кімге де аян-тын. Сол себепті ұлт коммунистері өз тараптарынан Саяси Бюро құрған Калинин комиссиясына мейлінше білікті ой қосу арқылы жәрдемдесуді көздеді.

Сондай мақсатпен Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) Төралқасының аппаратындағы Ұлттар бөлімінің меңгерушісі Санжар Асфендиаров Ресей Федерациясы аумағындағы ұлттық құрылымдарда істейтін жауапты қызметкерлермен арнайы жиналыс өткізуге ұйтқы болды, оған өз тезистерін әзірледі. Жеке кеңес деп аталған, ССРО және РСФСР орталық атқару комитеттерінің Ресейдегі ұлттық республикалар мен облыстардан сайланған мүшелері, барлығы елу шақты коммунист қатысқан бұл жиын Федерация Халкомкеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың басқаруымен  ВЦИК-тің кезекті  сессиясы кезінде, 1926 жылғы 12–14 қарашада өтті.

Кеңеске қатысушы бір топ қазақ коммунистері сөйлеген сөздерінде партияның ұлттық мүдделерді мүлдем елеп-ескермей, шексіз билік құрып отырғанын сынаған. Мәселен, Қазатком төрағасы Жалау Мыңбаев лениндік-сталиндік ұлт саясатының өзі куә болып жүрген практикасына ашық наразылық білдіріп, ұлттық мемлекеттілікті іс жүзінде нығайтуға қажет басты талаптарды батыл тұжырымдады. Қазақ Республикасының өмірге келгеніне алты жыл болғанмен, артта қалуға себепші теңсіздіктің өршіп тұрғанын, партия ұйымдарында әлі күнгі бірде-бір басшы-қазақ жоқтығын, советтік тәртіппен қабылданған шешімді партия комитетінің оп-оңай бұза салатынын шешімталдықпен әшкерелеп, қатты сын айтты.

Осы тұста Қызыл академияның марксизм курсында тыңдаушы боп жүрген Сұлтанбек Қожанов Жеке кеңестегі сөзінде негізінен қолданыстағы ұлт саясатының кемшіліктерін  ашты. Ресейдің құрамындағы ұлттық республикалар мәдени және шаруашылық тұрғыдан әртүрлі деңгейде болғандықтан бірін бірі түсінбейді, оларды өркендету жайындағы шешімдер қағаз жүзінде қалады деді.  Предказцик Мыңбаевтың «1923 жылғы Төртінші кеңес шешімдерінің жүзеге асуы Қазақстанда 4-ақ пайыз болды» дегенін еске алып, отырғандарға: «Сол төрт пайыздың аталған ұлт кеңесіне дейін-ақ қоғам тіршілігінде болуы ықтимал ғой, олай емес деп кім мәлімдей алар?» – деген сауал тастады. Оны ҚазЦИК  төрағасының «түк орындалған жоқ деп ауызды қу шөппен сүрткендей болмас үшін» айтқанын ескертіп, іс жүзінде ештеңе істелмегенін, ал партияның оған назар аудармай келе жатқанын, тіпті бірқатар жақсы шешім «жергілікті жерлерде кері кетіріліп отырғанын» айтып, дәлелдер келтірді.

Бұл ретте Қожанов Қазреспубликадағы баспасөзде жарық көрген билікті жергіліктілендіру шараларын, яғни басқару аппараттарында коренизация жүргізетін комиссияның төрағасы «Александров деген бір жолдастың бағдарламалық сөзін» ащы сынға алды.

Ол «коренизация жасауды мақсат етем деп – аппаратты қаусатуға болмайды» деп жазыпты. «Жұртшылықты коренизациядан жирендіру үшін бұдан өткен желеу табылмас», – деді сыншы. Өйткені сол қазақ мемлекетінде бұл шараны жүргізуге жауапты орыс коммунисінің ойынша, «жергіліктілендіру дегеніңіз – жұмыс атқарып тұрған аппаратты күйрету» болып шығатын көрінеді. Мақаласында «...әлгі Александровыңыз ұлттарды автономияландырудың мақсаты республика аппаратын міндетті түрде коренизациялауда емес» деп, түгелдей қазақтар істейтін, ал іс қағаздары орысша жүргізілетін болыстық атқару комитетін мысалға келтіреді.

Бір орысы жоқ болыстың қызметкерлерін орысша «сайратудың» жолы – «билік буындарындағы александровтар мен олардың жұмса жұмырығындағы мырқымбайлар болыстарға құжаттарды орыс тілінде төпей беру» боп шыққан. Ал орыс тілін білмейтін әлгі жергілікті қызметкерлер оларды жоғалтпау үшін әдемілеп тігіп қойып отырады, сонымен ісқағаздар қатынасы орысша «жүріп» кетеді.

Осыларды айта келіп: «Міне, ұлттық болыста ұлт тілін, оның рөлін жоққа шығарушылық көз алдымызда осылай орын алып отыр, – деді шешен сарказммен. – Ұлттық мәселелерді елемеу, елемек түгіл, жоққа шығарушылық біздің республикамызда – қазақтың советтік автономиялық республикасында емін-еркін сайран салып тұр. Және ...ел болып ту тіккен қазақ халқының тілін жоққа шығарушылықтар – орталықтан, кіндік мекемелерден, халық комиссариаттарынан  бастау алуда».

Партия-совет органдарындағы 20-шы жылдары-ақ бірден белең алған орыстандырушылық іс-әрекеттер көрінісінің жасампаз болып шыққаны ешкімге құпия емес. Қожанов партияның жақсы шешімі мен нақты іс-дағдысы арасындағы  айырмашылықты, көзбояушылықты ашып көрсете отырып, оларды жою жолын нұсқады. Қазақ Автономиясы мен Ресей Федерациясы үкіметтері арасындағы іскерлік қарым-қатынаста орын алып тұрған кемістіктерді де конституциялық қайшылық ретінде сынады. Мұның бәрі шақырылуға тиіс Бесінші Ұлттар кеңесінде талқыланып, дұрыс шешімін табатынына үміт артты.

Алайда Бесінші кеңесті шақыру қажеттігіне өзгелер жеткілікті дәрежеде қолдау көрсете қоймады.  Сонда Қожанов мінбеге қайта көтеріліп, өзінің Бесінші ұлттар мәжілісін шақыру қажеттігін айтқаны жәй ғана қарарды толықтыру емес, басты ұсыныс екенін нығарлай қайталады. Кеңеске төрағалық етуші «бұл басқосу талқыланған мәселелер бойынша ресми органдардай шешім қабылдауға қақылы еместігін» ескертіп, мәжіліс материалдары негізінде ұсыныстар әзірленетіні, сөйтіп тиісті органдармен келіссөздер жүргізілетіні жайындағы пікірін жиынға қабылдатты.

Дегенмен  Қожанов алғашқы білдірген ойынан айнымады. Партияның 14-ші съезі кезінде бірер ұлт өкілі 5-ші Ұлттар кеңесін шақыру қажеттігі жайында жеке бастама ретінде Орталық Комитетке арнайы хат тапсырған-ды, соған бола ешқайсысы ешқандай сөгіс естіген жоқ, демек біздің Жеке кеңес те Орталық Комитеттің кезекті ұлт кеңесін өткізуі керек екені жайлы үзілді-кесілді түрде сұрай да, айта да алады деп мәлімдеді.

...Жеке кеңес маңызды ұсыныстар қабылдаумен қатар, партияның Орталық Комитеті жанынан ұлт мәселесі жөніндегі Бесінші кеңесті шақырудың айрықша қажеттігі туралы тілек білдірді...

Сұлтанбек Қожанов Мәскеудегі Жеке кеңесте: «Біздің бұл кеңесіміз Саяси Бюро комиссиясының ұлттық құрылымдардан өкілдік ететін мүшелеріне жәрдем етуге тиіс» деп санайтынын жария еткен.

Бұл – жиынға қатысушы барша коммунистің ортақ ойы-тын, алайда Калинин  комиссиясына «ұлттық құрылымдардан өкілдік ететін» мүшелердің бірі, Қызылордада Қазақ Республикасын басқарып отырған Филипп Голощекин мұны ұнатпады. Ұнатпай, «партиялық тәртіпті сақтау» тұрғысынан әрекет етті. Сөйтіп, Ресей Федерациясы Зампредсовнаркомы Тұрар Рысқұловтың төрағалығымен Мәскеуде өткен ұлт өкілдерінің Жеке кеңесіне қатысқан қазақтарды, әрине, өзінің Кремльдегі қожайынының жебеуімен, басқаларға үлгі боларлықтай етіп жазалауды жүзеге асырды...

Жеке кеңестен он шақты күн өткенде,  1926 жылғы 25 қарашада басталып бір апта бойы жүрген Қазөлкекомның 3-ші пленумында Голощекин өзі баяндама жасады. Соның алдында Бюрода талқыға салып әбден жуасытып алған Жалау Мыңбаев пен Смағұл Сәдуақасовтың «топшылдықтан бастартатыны» жайында өкінішке толы сөздерін тыңдатты. Сосын Ғаббас Тоғжанов та Жеке кеңеске «өз беттерінше» қатысқан қазақ қайраткерлерінің жауапкершілігін партиялық тұрғыда талқылау қажеттігін көтерген қаһарлы сөзін сөйледі.

1926 жылғы 18 желтоқсанда Қазөлкеком Бюросы, Қазақ өлкелік Бақылау комиссиясының төралқасы және Халкомкеңес пен Қазатком комфракцияларының біріккен мәжілісі шақырылды. Онда Предказсовнарком Нығмет Нұрмақов мінбеге Жеке кеңеске қатысушыларды және Қазақстанға «өкпелі» Қожановты жосықсыз қаралауға құрылған баяндамамен шықты. Предказцик Мыңбаев Жеке кеңеске қатысқанына өкінетінін айтты. Бюро мүшесі, жауапты хатшының орынбасары Ораз Исаев Нұрмақовтың баяндамасын толықтырып, Жеке кеңестегі сөздері үшін Асфендиаров, Қожанов, Мыңбаевтарды сынады. Біріккен мәжілістегі сыни бағытты тағы бірнеше белгілі қазақ қайраткерлерінің қолдаған сөзінен кейін, талқылауды жауапты хатшы Филипп Голощекин қорытындылап, Жеке кеңеске қатысқандарға өлкеком мен өлке үкіметі пікірімен сыйыспайтын сөздері үшін «сыбағаларын» берді.

Бұл талқыларға Сұлтанбек Қожанов «Қазақстандағы практикалық жұмыста... бар болғаны 10 айдай ғана» істеп, қазір өзін «Қазақстаннан үш мың шақырым қашықтық пен екі жылдық уақыт бөліп» тұрғандықтан, яғни партиялық есепте Мәскеуде тұрып, марксизм курсында оқып жүргендіктен, тікелей қатыспаған. Сонда да оған Голощекиннің өз қызметкеріндей қарауына орай, сырттай-ақ кінә тағылды. Сол себепті  Бас хатшы мен Қазөлкекомға жазған хаттарында Қожанов тиісті түсінік берді.

Түсініктерінде «ойды ашық айту тәсілін және өз пікіріңді ашық түрде қорғау тәсілін – өз иланымыңды партиялық тексеруден өткізудің және өз ауытқуларыңды тездетіп жоюдың бірден бір дұрыс жолы деп есептегенмін және әлі де солай есептеймін» дей келіп, өзінің Қазақстанда қызмет істеген шағында «ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоюға» тырысқанын, әрдайым «Орталық Комитет директиваларын жүзеге асыруда... біржақтылықпен, тек ұлт мәселесі бойынша табындылық көрсетіп, педанттықпен орындатуға» ұмтылғанын өзінің қателігі екенін мойындады.

Сосын «жаңадан шыққан оңшылдар мен солшылдардың ауыл тұрғындары арасында» жұмыс жүргізулеріне орай пікірін білдірді. «Жолдас Сәдуақасовтың позициясы – объективті оң, ал жолдас Жандосовтың позициясы объективті сол қанат болып табылады» деді. Өзінің бұрын да осы екі «одақтасының» көзқарастарының ортасын ұстанғанын, қазір де солардың екі ортасындағы бағытта екенін айтты. «Жолдастар қызу пікір таластырған ауылдағы «азамат соғысы саясаты» да, «азаматтық бітім саясаты» да совет құрылысы үшін елеулі оң нәтиже беруі мүмкін емес» екенін айтты. «Жандосов жолдастың  – текті феодалдарды жою» шараларын барша байларға қолдануға шақыруы да, «Сәдуақасов жолдастың текті феодалдарға қарсы әрекет жасау қажеттігін жоққа шығаруы» да қате деп мәлімдеді.

Бірақ Қожановтың ой-пікірінің Голощекинге еш оң әсері болған жоқ, қайта, қайткенде оны қудалай беруді ойлады. Голощекиннің тапсырмасымен Предказсовнарком Ораз Исаев Қызылордадан Ташкентке 1928 жылдың күзінде арнайы барып, БК(б)П Орталық Комитетінің Ортаазиялық бюросы аппаратына қызметке келген Қожановқа жолықты.  Қойған сұрақтарына оның берген жауабын: «Сұлтанбек Қожанұлы қателерін мойнына алды. Шынды жасыруға, партияны алдауға болмайды» деген тақырыппен «Еңбекші қазақ» газетіне жариялады. Қожановтың осы уақытқа дейін өз пікірінен «таймай келгенін, оған куә – 1927 жылғы 12 февраль мен 10 августа жазған хаттары» екенін еске салып, енді ол «барлық қателерін мойнына алып отыр» деп, салтанатты түрде хабарлады...

Ұлттық мүддені қорғағысы келетіндердің бас айыптаушысы ретінде Голощекин қарашадағы пленумда Жеке кеңеске қатысуға батылдары барған Бюро мүшелерін ғана емес, өзіндік пікірі бар төменгі буын қызметкерлерін де сынаған-ды. Құпия қызмет агенттерінің көмегімен қолына түсіріп алған хат негізінде Сырдария губаткомының төрағасы Ыдырыс Мұстамбаевты тікелей нысанаға алған.

«Міне, тағы бір көсем, бірақ өлкелік емес, губерниялық жолдас Мұстамбаев... – деп хабарлады ол, – өзінің бір досына мынандай хат жазды: «Голощекин жолдасқа ешбір жағдайда да, ешқашан сенуге болмайды. Қазақстанда Ежовтың қолымен коммунизм орната алмайсың». Голощекин мұны «губерниялық деңгейдегі» қызметкердің «коммунистік өресінің төмендігіне» мысал етіп жария еткен болса керек.

Алайда Мұстамбаев Қазөлкеком жауапты хатшысының ауыл шаруашылығын ұйымдастыруда ешкімнің пікірімен санаспай, әміршілдік тәсілмен халықтың дәстүрлі тыныс-тіршілігін дөрекі түрде бұзуына қарсы шыққан. Орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыруын қолдамаған. Көшпенді жұртты күштеп отырықшыландыру саясатына, жаппай ұжымдастыру практикасына сын айтқан. Партия-совет қызметкерлері арасында оны ашықтан-ашық диктатор деп атаған.

Голощекин шынында да өз байламын диктаторлық, әміршілдік тәсілмен  күллі республика активіне мойындатуға тырысты. Бірақ елдің бәрі бірдей оны мақұлдай берген жоқ. Мәселен, ол «қожановшылдықты» партия-совет ұйымдарының жиналыстарында талқылатып, «партия бағытына қарсы топ құрушыны» жұртшылыққа жаппай айыптатуға тырысқанда, атақты жазушы Сәбит Мұқановтың әйгілі «Өмір мектебі» мемуарында жазғанындай, Сырдария губерниясы жергілікті советтерінің жиналысында белсенділердің бірі: «Қожанов емес, Голощекин көкемнің өзі группировщик» деген мағынада сөз сөйлеп, қарсы шықты...

Алайда «ит үреді, керуен көшеді», таптық туды жалаулатқан большевизм  көтерген ұрандарын репрессиялармен тиянақтап, халықты «коммунизм жеңісіне» қарай сеніммен бастай берді...

***

Сөз жоқ, елімізде орын алған саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын толық ақтау, соның ішінде оның сипаты мен ерекшеліктерін зерттеу жөніндегі атқарылуға тиіс жұмыстар ауқымы өте зор, бұл үшін әлі талай уақыт бөліп, тер төгу керек. Әйтсе де мәселені қарастыру барысында байқалған және жоғарыда келтірілген пайымдарға сүйеніп, болашақ түбегейлі қорытындының алғашқы нобайын  жасауға болатын тәрізді.

Біздің ойымызша, советтік дәуірде орын алған саяси репрессиялар тамыры қазақ елінің мемлекеттілігінен айрылып, Ресей империясы отарына айналған кезеңде жатыр. Патша өкіметінің қазақ жері мен халқының санасын отарлауда ұстанған саясатын, жүргізген амал-тәсілдерін іс жүзінде әдемі ұрандармен советтік билік жалғастырды. Патша заманында қалыптасқан астамшылық, үкімет әскерінің күллі жаулап алушылықтарын патриотизм деп білген кеудемсоқтық элитасы түгіл қара халқының да санасына сіңген «қасиет»: өздерін басқа текті жұрттан («бұратаналардан») артық санаушылық, күллі іс-әрекеттерін «жабайыларды» өркениетпен қауыштыру деп дәріптеушілік, «цивилизаторлық» рөлін тым дабырайта жалаулатушылық, турасын айтқанда мемлекеттік дәрежеде өтірік сөйлеушілік елді азаттық ұраны аясында жаңаша билеген  большевизмге де тән болды. Бұларға қосымша, большевизм қазақ жеріндегі ұлт мүддесін көзге ілмей, оны қорғауға тырысқандарды «ұлтшыл» деп тұқыртты, іс жүзінде «интернационализм» ұранымен байырғы орыстандыру саясатын жүргізді.

Осы сипатты бағамдағанда – мәскеулік эмиссарлардың жергілікті жұрттың тілін, менталитетін, әдет-ғұрпын, өмір салтын білмей-ақ, саяси тыныс-тіршіліктің бар саласында өктемдігін жүргізуінен Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің өзіндік ерекшеліктерін де дәл аңғаруға болады.

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329