Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 3910 2 пікір 29 Наурыз, 2022 сағат 12:55

«Алаш партиясы әділдікке жақ, жебірлерге жау болды»

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің сипаты мен ерекшеліктері

Қазақстан өткен ғасырда бастан кешкен саяси қуғын-сүргіндердің сипатын, ерекшеліктерін түсініп, айқындау мақсатында мен еліміздің жалпы тарихының жекелеген мәселелеріне арналған әдебиетті, іргелі еңбектерді, революциялық қозғалыстар тарихын, партиялық құжаттарды мейлінше тереңірек зерттеуге тырыстым, архивтердің мәселені аша түсуге жәрдемі тиюі ықтимал қорларын қарастырып көрдім. Әрине, жекелеген зерттеушілер үшін қанша уақыт жұмсаса да, мол деректі түгел тауып, қорытып, жете тану оңай шаруа емес. Дегенмен болашақ ұжымдық іске тым болмаса бір тамшы боп қосылса деген  үмітпен әзірге анықтап, қорытқан ойларымды ортаға салмақпын...

1905 жылғы алғашқы орыс революциясы кезінен өркениетке сай жаңа тұрпатта тұтанып, жалпыреволюциялық және жалпымұсылмандық қозғалыстармен астаса өрістей бастаған қазақ ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылы самодержавие құлағаннан кейін қатты жанданды. Қазақ халқы мекендейтін барлық аймақтарда болыстық, облыстық съездер өткізілді, жаңа тарихи жағдайда елдікті жаңғырту мәселелері талқыланып, бағдарлар белгіленді. Қазақ атқару комитеттері сайланды. Жер-жерде ел мүддесіне жауап беретін құрылымдар түзіле бастады.  Бірінші Жалпықазақ съезінде саяси партия құру мәселесі шешілді. Болашақ Құрылтайшы жиналысқа Алаш партиясы атынан делегаттыққа кандидаттар тізімі ұсынылып, сайлау науқанының қорытындысы бойында ең көп дауыс алды. ІІ Жалпықазақ съезінде Алаш деген атаумен қазақ автономиясы құрылып, үкіметін – «Алаш-Орда» Халық Кеңесін сайлады. 15-ші ғасырда дербес шаңырақ көтеріп, 19-шы ғасырда орыс империясының отарына айналдырылған қазақ мемлекеттілігі осы жалпықазақтық жиналыс қарарымен заманауи тұрғыда іс жүзінде жаңғыртылды. Съездің шешімдеріне сәйкес жер-жерде автономияның басқару құрылымы реттеліп, халықтық милиция құру жұмыстары ұйымдастырыла бастады.

Ал 1917 жылғы 25 қазанда империя астанасында төңкеріс жасап билікке келген большевиктер бұл кезде бұрынғы патшалық аумағында совет өкіметінің жеңісті шеруін өрістетіп жатқан-тын. Жұмысшы және солдат депутаттары советтері Қазақ даласы мен Түркістан өлкесіндегі еуропалық тұрғындар басым ірі қалалар мен елді мекендерде бірінші кезекте орнап, Алашорда құрылымдарымен санаспау бағытын ұстанды. 1918 жылғы наурызда  «Алашорда» Халық Кеңесінің мүшесі Жанша Досмұхамедов пен Орал облыстық земство басқармасының төрағасы, «Алашорда» Халық Кеңесінің мүшесі Халел Досмұхамедов бастаған делегация Мәскеуге барып, совет үкіметінің – Халкомкеңестің төрағасы Владимир Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Иосиф Сталинмен, басқа да басшыларымен келіссөздер жүргізді. Ұлттық мемлекеттіліктің негізін қалаған Екінші Жалпықазақ съезінің хаттамасын тапсырды.

ІІ Жалпықазақ съезі шешімдерінің Халық Комиссарлары Кеңесі қабылдаған Совет үкіметінің алғашқы құжаттарының бірі – «Ресей халықтары құқтарының декларациясында», одан бірнеше күн кейінірек жария еткен Ресей мен Шығыстың барша еңбекші мұсылмандарына Үндеуінде тұжырымдалған қағидалар талабына сай келіп тұрғаны билік тарапынан атап өтілді. Алашорда автономиясы мойындалды, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Сталин төте желі арқылы сөйлесуге Семейдегі Орталық  Алашорда басшысы Әлихан Бөкейхановты шақырды. Төте желіге келген Төраға орынбасары Халел Ғаббасовқа Халкокеңестегі келіссөз жайын айтып, орталық үкіметтің ойын тез жазбаша хабарлауды сұрады.

Делегация басшылары Жанша мен Халел Досмұхамедовтер Кіші Халкомкеңесте  жұмыс істеп, Алашорданың құрылымын, жұмыс істеп тұрған мекемелерін советтік рельске түсіру жобасын жасады. Халкомкеңес бұл жобаны жүзеге асыру үшін қазақ-алаш делегациясына көлемді қаржы бөлді. Алайда делегация өз мекеніне жетіп үлгерместен уәдесінен тайып, «Правда» газеті арқылы және жер-жердегі комиссарларына жолдаған жеделхаттарында қазақ халқын «буржуазиялық қанаушыларынан» құтылуға шақырды. Автономияны советтік негізде дайындайтындықтарынан, сөйтіп көп  ұзамай жариялайтындықтарынан хабардар етті.

Таптық негіздегі жаңа өкіметтің туы астында  біртұтас ұлттық мемлекеттігін сақтап, өркендетуді көздеген Алашорданың келіссөз барысында қол жеткізген келісімдері осылай кері қағылды. Большевизмнің қилы амалдарынан соң Алашорда 1920 жылғы 5 наурызда Қазревком қаулысымен біржола таратылды. Ұлттық бітімге, өмір салтына кереғар советтік билік қазақ халқына іс жүзінде күшпен таңыла бастады.

***

Халкомкеңес неліктен біртұтас ұлттық қазақ мемлекеттігін – Алашорданы – советтік құрылымға бейімдеп, ұлттық құрылым ретінде сақтаудан қашты? Мұны совет өкіметін іс жүзінде жасаушы және басқарушы большевиктер партиясының бағдарламасын қарағанда айқын түсінеміз.

Ресей социал-демократиялық жұмысшылар партиясының 1903 жылғы екінші съезінде қабылданған большевиктік партия бағдарламасы буржуазиялық-демократиялық  революцияға қол жеткізуді бағдарлама-минимум ретінде белгілеген де, қызметінің түпкі мақсаты ретінде (бағдарлама-максимум) пролетар революциясын жасау, сөйтіп социализм құру үшін пролетариат диктатурасын орнатуды шегелеп көрсеткен. 1917 жылғы қазан төңкерісі  арқылы бағдарлама-максимумның басты шарты  орындалды. 1918 жылғы наурызда өткен 7-ші партсъезд «халықаралық социалистік революция дәуірінің басталғанын» ескере келе, бағдарламаны өзгертуге қаулы етті және партияның атын  Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясы деп өзгертті. 1919 жылы өткен 8-ші съезде жаңа бағдарлама мақұлданды. Онда капитализмнен социализмге өтер кезеңдегі партияның міндеттері белгіленді. Орта шаруа жайында қарар қабылдап, кулактармен күресті тоқтатпай, тек кедей шаруаға бекем арқа сүйеу көзделді. Осындай көзқараспен орталық аудандарда дауылдата жүргізілген шараларды сол қалпында шет аймақтарға, соның ішінде қазақ еліне тасымалдады. Жергілікті ерекшеліктер ескерілген жоқ. Өйткені большевиктер партиясы ұлт мәселесін таптық күрес мүддесіне бағынышты деп қарады. Сөйтіп бар мәселе, қазақ елінде жұмысшы табы жоқтың қасында екеніне қарамастан, пролетариат диктатурасы тұрғысынан қарастырылды.

Большевиктер партиясының ұстанымдарына кереғар, Алаш партиясы жұртты тапқа бөлмейді. Оның бағдарламасы ұлттық тұтастықты сақтау тұрғысынан жасалған. «Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия Республикасының Федерациялық бір ағзасы болу», яғни қазақ елінің Ресей Федерациясына кіретін «құрдас мемлекеттердің» – тең құқықты мүшелердің бірі болу көзделген. Алаш партиясы, бағдарламасына сәйкес, қазақтың би, болыс, ауылнайларын, барлық  билік орындарында қызмет ететіндерді «жұртқа пайдалы, жұрт үшін қызмет етуге ынталы адамдардан» жасақтауға тырысады. Земстволардың управаларында, милицияларында таза қызметші боларлық адамдарды халық қалауына салу – бағдарламалық міндеті. Бағдарламада партия алдына: «Алаш партиясы әділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады» деп нақты міндет қойған. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұртты прогресс жағына бастайтынын шегелеп көрсеткен. Партия мен Алашорда «халыққа салықты әл-ауқатына, табысына қарай: байға – байша, кедейге – кедейше, әділ жолмен салуды дұрыс көреді» деген. Ұлттық үкімет пен ұлттық саяси партия осындай жолды ұстанғандықтан, қазақ халқы оның өз мүдделеріне жауап беретініне көзі жетті, құлай сенді және тиісінше қолдады.

Алайда қазақ халқының өз өмір-салтына сай жасалған ұлттық үкіметін тарих сахнасынан большевиктік совет өкіметі ығыстырды. Ол қазақ қоғамына таптық көзқарасты таңды, сол арқылы іс жүзінде бұрынғы империя салған ізбен жаңа отаршылдық жолға түсті. Советтік биліктің қозғаушы күші боп тұрған большевиктер партиясы өзінің табиғатына сәйкес қатаң орталықтандырылған империялық партия болатын, сондықтан да ол іс жүзінде патша үкіметінің қазақ жер-суын, бодандардың санасын отарлау саясатын жаңаша, алдамшы ұрандармен бүркемелеп, үдемелете жүргізуге кірісті. Солақай, озбыр реформалар жасады және соларға астастыра репрессиялық шаралар қолданды, бұлардың салдарынан халық көп жапа шекті.

Орта Азиядағы 1924 жылғы ұлттық-мемлекеттік межелеп-жіктеуден соң Сырдария, Жетісу және Қарақалпақ облыстары Қазақ Республикасына қосылған-ды. Содан  кейін Ақмешітте (Қызылордада) 1925 жылғы сәуірде жалпы реті бойынша – 5-ші, Үлкен Қазақстан шаңырақ көтергелі – Бірінші Жалпықазақстандық Советтер съезі өткен. Онда қабылдаған қарарларды орындау жөнінен РК(б)П Қазақ өлкекомы мен ҚазЦИК тараптарынан жасалып жатқан шараларды Республика билігіне  сол жылғы қыркүйекте келген орталық эмиссары Ф.И. Голощекин аяқсыз қалдырды, тіпті бұрмалап жіберді. Ол Совет өкіметінің орталық қалалар мен губернияларда қолданған таптық күрес тәсілдерін  біздің елге – көшпенділік өмір салты басым, жұмысшы табы жоқтың қасындағы қазақ еліне – сол қалпында көшірді. Жергілікті ұлттық кадрлар пікірімен санаспау, қазақтың ұлттық мүдделерін елемеу, іс жүзінде отаршылдық бағыт ұстану, жасанды айыптар тағу арқылы жаппай саяси репрессиялар жасау Филипп Голощекиннің өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы қызметіне келуімен басталды.

Мәселен, ол жергілікті халықты жерге орналастырып болғанша республикаға сырттан тұрақты тұру мақсатымен көшіп келушілердің өз беттерінше қоныстануына тыйым салатын қазақ өкіметі шешімдерінің күшін жойды. Сөйтіп  жер-судың шартараптан келімсектердің ағылуымен стихиялы түрде отарлана беруіне кең жол ашты. Қазақ коммунистерінің сана-сезімдерін қырнап («нивелировка» жасап), олардың тек орталық билік үлгісінде ойланып, көзсіз орындаушылық қызмет жасауын міндетті деп білуіне қол жеткізуді мақсат етті. Ұлт мүддесін күйттеуге бейімдерді, әсіресе алашордашы деп аталатындарды партия жұмыстарынан, оқу-ағарту саласынан аластауды ұдайы назарда ұстады. Революция дауылы қазақ ауылдарын айналып өткен деген «теориясын», тиісінше ауылдарда «Кіші Қазан революциясын» жасау қажет деген идеясын РК(б)П ОК Бас хатшысы И.В. Сталинге мақұлдатып алып, Қазақстанды жаңа сілкіністермен дүрліктірді.

Халықтың тұтастығын көздейтін, «елді жаңа сілкіністер емес, білім, оқу-ағарту құтқарады» (С. Сәдуақасов) деп білген ұлт қайраткерлері кедей мен байды өзара жауластырмай, «азаматтық бітім» орнату идеясын  ұсынды. Бірақ орталық эмиссары Голощекин  керісінше, жұртты «қанаушы» мен «қаналушыға» жіктеп, араларында «азамат соғысы» өртін тұтату  жағында тұрды. Сөйтіп оның басшылығымен дәстүрлі қазақ ауылдарында қоян-қолтық өмір сүріп жатқан жұрт ішіне таптық сына қағылды. Бір тамырға, бір құдыққа байланған ағайындардың жігі ажыратылды, бай, кедей деп бөлініп, іс жүзінде өзара жауықтырылды. «Байға – байша» салық салу жолымен  феодалдарды ешқандай сілкініссіз-ақ ауыздықтауға болатыны жайындағы ұсыныстарды ескермей, ірі байлардың шаруашылықтарын кәмпескелеу, өздерін жер аудару науқанын жүргізуді, қарсыласқандарды қуғын-сүргінге салу шараларын мақұлдады. Республикадағы көшпенділерді күштеп отырықшыландыру, астық пен ет дайындаудағы, қилы салықтар салудағы асыра сілтеулер, халықтың қарсылық қозғалыстарын әскери күшпен және әртүрлі алдау амалдарымен басу, артынша репрессиялық шаралар қолдану, халықты ұлттық апатқа ұшыратқан алапат ашаршылық себептерін жасырып, қилы бұрмалаулармен көлегейлеу, барша қылмысты реформаларды саяси қуғын-сүргінмен астастыра жүргізу түгелдей оның жетекшілігімен және дем беруімен жүзеге асырылды.

Ұлттық кадрлармен жұмыс істеуде Орталық комитеттің эмиссары Голощекин топшылдыққа тым әсірелей мән берді. Белгілі қазақ қайраткерлері өз жақтастарының мүдделерін жанталаса қорғап, бір-бірімен күрессе де, жалпы байлардың, алашордашылардың мүддесін қорғауға келгенде бәрі бірігіп кетеді  деген «саяси тұжырымын» жасады. Сондай ой-пиғылына сәйкес, республика партия ұйымындағы «қожановшылдық», «сәдуақасовшылдық», «меңдешевшілдік», тт. «...шылдық – ...щиналарды» қолдан өршітті. «Алашордашы» деп күдіктенгендерін қызметтен аластады, өз бағытына қарсы шыққандармен, өзі «ұлтшыл» деп таңбалағандармен аяусыз күресті. Құпия қызметті жұмсай отырып, оларды іс жүзінде жою жұмыстарын басқарды: бүгінде «Алаш ісі» аталып кеткен тергеулер нәтижесінде 1928–1930 жылдары Ахмет Байтұрсынов бастаған 44 адамның (6-уы атылып,2-уі түрмеде қайтыс болды, қалғандары концлагерьлерге жіберілді), 1930–1932 жылдары Мұхамеджан Тынышбаев бастаған тағы 40 шақты адамның (15-і жер аударылып, 2-уі көзқарастарынан бастартқан хаттар жариялап, шартты жазаға кесілді, жылдан астам абақтыда ұсталған қалғандары босатылды) репрессиялануына тікелей мүдделілік көрсетіп отырды.

Жалғасы бар...

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051