Жаңа Қазақстан мен... ескі Ресей
Президент әкімшілігі басшылығының өкілі Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас туралы айтқандары ғаламтор мен әлеуметтік желіде хит болып жатқаны рас. Тіпті кейбір адамдар ол шешенді «геройға» теңеп те қойды. Пессимизмге бой ұрып, биліктің ешбір сөзіне сенбейтіндер болса, мұның бәрін геосаяси ойынның бір ұшы деп бағалап жатыр.
Меніңше, ақиқат осы екі пікірдің ортасында жатыр.
Бір жағынан, шынымен де, мәймөңкеле бермей, Украинадағы соғысқа қатысты Кремльдің сойылын біржақты соғып кетпей, өркениеттік әлеммен де бірге екенін ресми тұлғаның ресми түрде жеткізуі – Қазақстанның сыртқы саясатындағы бір қадам болса да, алға жылжушылық деп таниық.
Және де әкімшілігінің өкілі жеткізіп, барлық БАҚ тек соған сілтеме жасап жатса да, бұл пікірдің артында президент Тоқаевтың өзі тұрғанын да баса айту керек шығар. «Естігісі келетін мемлекет» басшысы Қазақстан қоғамының Украинадағы соғыс туралы не айтып жатқанын сезіп, солтүстік көршіні мақтамен бауыздаған сөздерді өзі тапқандай.
Оның үстіне, агрессиялық мінезі танытып, өз қандасына қарсы шабуыл жасап, халықаралық уағдаластықтарды ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ гуманистік қағидаттарды аяқасты етіп, тәрк еткен Ресей басшылығының басқыншылық саясаты әлемнің, соның ішінде, онымен мәңгілік көрші һәм әріптес болуы маңдайына жазылған Қазақстанның Кремльге деген көзқарасын объективті түрде жаңалауға заңды мүмкіндік береді.
Ондай тарихи мүмкіндікті ұлт мүддесіне пайдаланбау саяси соқырлық, тактикалық таяздық болар еді!
Сол себепті қазіргі күрделі геосаяси кезеңде, соның ішінде Ресейдің сыртқы саясатының адам шошырлық, адамзат түңілерлік сипат алып жатқан тұсында бізге, Жаңа Қазақстанға ескі қалпында қалып бара жатқан Ресеймен жаңаша қарым-қатынас керек деп ойлаймын.
«А» дегеннен кейін «Ә» деу керек.
Ол үшін, ең алдымен, осы сәтті пайдаланып, бұрын Ресеймен жасалған негізгі келісім-шарттарды сыни көзбен бір шолып шықса.
Мәселен, кезінде ортақ келісім-шартта жазылған «Ресей ме Қазақстан келісілген сыртқы саясат жүргізеді» деген бап алып тасталса (Тәуелсіз мемлекет басқа біреумен келісілген саясат жүргізуінің өзі нонсенс емес пе?!).
Еуразиялық Одақтағы Ресейдің монополиялық сипаты бар күмәнді құзыреттері қайта қаралса.
ОДКБ қатарындағы әскери ынтымақтастық жөніндегі ұстанымдар әлемдегі соңғы тәжірибелерді ескерген қағидаттармен толықтырылса.
Орталық Азия аумағындағы байланыстар күшейе түссе.
Түркі Одағы Ұйымының әлеуеті артып, ол, қажет болса, әскери қақтығыстарға араласа алатындай ықпалды мәртебеге ие болса.
Қазақстанның Еуропалық Одақ пен АҚШ-пен қарым-қатынасы жандана түссе.
Өкінішке орай, әзірше ондай қозғалыстың нышандары сезілмейді.
Содан менің қорқатыным жоғарыда айтылғандай, мәселенің екінші жағы: Тоқаевтың қызметкерінің осы батыл сөзі Брюссельдегі Еуроодақ шенділеріне ғана арналған жоқ па екен?
Өйткені, Рессейге, оның экономикасы мен саяси басшылығына жіпсіз байланған біздің билік Батыспен де қарым-қатынасты үзе алмайды. Кәнігі дипломат ретінде Тоқаев оны түсінеді.
Дамыған елдердің компаниялары Қазақстанда жұмыс істеп жатыр.
Ескереріміз сол: Ресейді біржақты қолдаса, Қазақстан антиресейлік санкциялардың екінші толқынына ұшырауы мүмкін (ондай шаралар Ресейдің агрессиясын құптаған немесе санкцияларды айнадып өтіп, оның экономикасына қол ұшын берген елдерге жарияланады).
Оның үстіне, Қазақстан қаржы нарығы мен банк жүйесі Батыс қаржы институттарының аз процентті займдарына өте-мөте зәру.
Мәселенің идеологиялық жағы тағы бар: биліктің өз аузынан шыққан осынау аса маңызды геосаяси түйіндерден кейін мемлекеттік БАҚ жүйесі осы тезистерді дереу іліп алып кетуі керек еді емес пе?
Өз басым ондайды байқамадым.
Бұл күндері осы сөздерді талқылап, тек қана тәуелсіз әлеуметтік желілер шулап жатты.
Әлде, билік «қызым саған айтам, келінім, сен тыңда» деген таза қазақи сипатта айтылған «сигналды» «арнайы әскери операциясы» тұншығып, діттегеніне қол жеткізе алмай жатқан, ашулы аю дұрыс түсінбейді деп қорқа ма? Қарап отырсақ, Ақорданың осы пікіріне қарсы кремльдік БАҚ пен саяси сарапшылар тарапынан ақпараттық шабуыл басталып та кетті емес пе?! Оған да жауап беріп жатқан біздің өкіметтік БАҚ жоқ.
Бір сөзбен айтсам, батыл әрі қоғамның көңілінен шығатындай пікір айтылды.
Бірақ, оның соңы қазақ дипломатиясына бетбұрыс жасайтындай ілкімді істерге ұласа ма, оны алдағы уақыт көрсетеді.
Сондықтан, бөрікті аспанға лақтыру әлі де ерте: жөнсіз эйфория мен лепірмешілдікке салынбай, биліктен нақты қадамдар күтейік.
Күтіп қана қоймай, әр азамат, әр ұйым өз позициясын танытып, оны, керек десеңіз, сондай әрекетке мәжбүрлейік!
Әміржан Қосан
Abai.kz