Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2757 0 пікір 19 Қазан, 2012 сағат 10:00

«Көтерем» көші-қон

Төрткіл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың басы егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ бір мемлекетте, бір Отанда тоғыса бастады.  Елімізге сол күннен бастап арысы - Еуропа мен Қытайдан, берісі - қырғыз бен өзбек елінен қаншама қандас-бауырларымыз оралды. Шыны керек, ел президенті мұрындық болған көші-қон көлікті болды. Сол ағылған көштің бұйдасы 2005 жылға шейін үзілген жоқ. Алайда 2005 жылдан кейін ғана шекарадан бері ағылған бауырластардың бағыты өзгеріп сала берді: Отанға оралғандардың арасынан ел мен жерге сіңісе алмай кері көшкендері болды, ал шеттегі үмітті қазақтың көбі қайтқан көшке қарап іркіліп қалды. Қайтқан көш демекші, өткен аптада Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласына Қытайдан «Нұрлы көш» бағдарламасымен келген бір топ ағайын тарихи Отанын тастап кері көшпекші. Неге? Себебі біреу ғана. «Нұрлы көш» бағдарламасының шартында қандастарымызды тұрғын үймен және жұмыспен қамту қаралған. Алайда туған жерін тастап келген қаракөздерге жергілікті билік қарайласпай отырған көрінеді. Мәселен, «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында баспана мен жұмыс беруге тиісті құзырлы орындар қандастарымызды не баспанамен, не жұмыспен жарылқамаған. Ішер ас, киер киімнен тарыға бастаған ағайынның алды - Қытай асса, арты - басқа ауыл-аудандардан «жерұйық» іздеп босып кеткен көрінеді. Бұл туралы газетімізге «КТК» телеарнасының тілшісі Олжас Құралхан хабарлады.

Төрткіл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың басы егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ бір мемлекетте, бір Отанда тоғыса бастады.  Елімізге сол күннен бастап арысы - Еуропа мен Қытайдан, берісі - қырғыз бен өзбек елінен қаншама қандас-бауырларымыз оралды. Шыны керек, ел президенті мұрындық болған көші-қон көлікті болды. Сол ағылған көштің бұйдасы 2005 жылға шейін үзілген жоқ. Алайда 2005 жылдан кейін ғана шекарадан бері ағылған бауырластардың бағыты өзгеріп сала берді: Отанға оралғандардың арасынан ел мен жерге сіңісе алмай кері көшкендері болды, ал шеттегі үмітті қазақтың көбі қайтқан көшке қарап іркіліп қалды. Қайтқан көш демекші, өткен аптада Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласына Қытайдан «Нұрлы көш» бағдарламасымен келген бір топ ағайын тарихи Отанын тастап кері көшпекші. Неге? Себебі біреу ғана. «Нұрлы көш» бағдарламасының шартында қандастарымызды тұрғын үймен және жұмыспен қамту қаралған. Алайда туған жерін тастап келген қаракөздерге жергілікті билік қарайласпай отырған көрінеді. Мәселен, «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында баспана мен жұмыс беруге тиісті құзырлы орындар қандастарымызды не баспанамен, не жұмыспен жарылқамаған. Ішер ас, киер киімнен тарыға бастаған ағайынның алды - Қытай асса, арты - басқа ауыл-аудандардан «жерұйық» іздеп босып кеткен көрінеді. Бұл туралы газетімізге «КТК» телеарнасының тілшісі Олжас Құралхан хабарлады. Ол бізге Курчатов қаласына келіп тұрақтай алмаған қандастарымыздың жай-күйі туралы жазған өзінің шағын мақаласын ұсынып отыр.

 

Курчатовтағы күреңсіз көш

Шығыс өңірдегі Курчатов қаласына келген қарашаның қуаныштан гөрі өкініші басым. «Нұрлы көш» бағдарламасы шеңберінде атажұртқа ат басын бұрған қандастарға о баста баспана мен тұрақты жұмыс қарастырылған еді. Алайда Курчатов қаласына келген бірнеше оралман не баспана, не тұрақты жұмыс таппай сенделуде. Сенделгеңге түскен жұрт сан мәрте жергілікті әкімдік табалдырығын тоздырған. Алайда жағдайдың бүгін-ертең шешілетінінен оралмандардың сенімі үзіліпті.
Шағын қалада оралмандар үшін бұрындары қаңтарылып тұрған 4 бірдей көп қабатты үй жөнделген екен. Үшеуінің есігі айқара ашылады. Ал біреуінің есігінен қара құлып түспеген. Сол баспанаға үміт артып, бармақ тістеген бауырларымыздың бірі - Қаздан Рахметолла Абай көшесі бойындағы есігі тарс жабық тұрған 46-шы үйден баспана алуға тиіс болған. Жөндеуі біткенше күтумен сарылған оған пәтер мүлдем берілмейтінін айтқанда таңғалғанын жасырмады:
«Үй жөндеуден өтіп болған соң, кілтін сұрадым. Олар үйдің сатылып кеткенін, бізге берілмейтінін айтты. Нақтырақ айтсам, әу баста бізге тиесілі 46-шы үй оралмандарға берілмейді деді». Өзге үйді уақытша паналаған Қаздан: «Қазақстанға келгенде мұндай болатынын күтпеп едім», - деп қынжылады. Ол жергілікті биліктен тағы бір тосын жауапқа тап болыпты: «Мына жердегі әкімдерге немесе құзырлы адамдарға барсаң, сені кім шақырды?», - дейді.
Разигүл Мақаш та Курчатов шенеуніктерімен тілдескендердің бірі. Алғашында үй алуға берілетін несиеге қол жеткізу үшін 4 пайыздық жарна құйылуы керек деген. Кенет ол жарна мың еселеп өсіп кеткен. Тығырыққа тірелген Разигүл, өзгеріс туралы естіп, есінен танып қалыпты. Ол: «Миллион жарым теңге құй деді. Оны бір жолда салмасаң, кет деп айтты. Мені адам екен деген жоқ, есімнен танып жатқанда басымнан аттап кетті. Шұғыл құтқару көлігін де басқа адамдар шақырыпты. Бұл - «сорлы көш» болды, «Нұрлы» емес», - дейді кейіген қандасымыз.
Қала әкімінің орынбасары Елена Старенкованың сөзіне сенсек, бағдарлама аясында пәтер беру осыдан 1 жыл бұрын тоқтаған. Қазақ жерін аңсап келген ағайын «сәл ғана үлгермей» қалыпты. Ал үйге қоныстанушылар уақытылы келмеген соң, баспана пәтер кезегінде тұрғандарға берілетін болып шешілген көрінеді. Несиенің шарты да жедел өзгерген. Енді кешігіп келген қандастар кәдімгі пәтер кезегін күтеді.
Уақтылы келіп, пәтерге қол жеткізгендер де «қарық болғанымыз шамалы» деп отыр. Баста баспана болғанымен, ел жұмыссыздықтан есеңгіреген екен.
Табыстан тарыққан қандастарымыздың бірі - төрт балалы Түркия Нұрсипат. Екі нәрестесінің кіндік қаны қазақ жеріне тамыпты. Бірі кемтар туғандықтан жас ана үйге жіпсіз байлаулы. Ал шаңырақ иесінің, тұрақты жұмыстан күдер үзгеніне біраз уақыт болыпты.
«Мен осы жерге көшіп келгелі 3 жыл болды. Қытайда ауыл-ауылды аралап, «Нұрлы көшті» үгіттеп, бізді үкімет өзі шақырып әкелген. Отбасының асыраушысына айына 70 мың теңге еңбекақы төлейтін болған. Қазір 70 мың теңге түгілі, 7 тиын жоқ. Күйеуім далада кірпіш қазып, темір-терсек жинап қаңғырып жүр. Елге келгеннен кейін егіз балам өмірге келді. Енді ғана бір жасқа толған оның біреуі ауру: Қозғала алмайды. Әкімшілікке, қай-қай жерге барып жағдайымды айтсам да «Қазақстанға келіп, баланы несіне туасың?! Өз жөніңді жөндемей, бала туғаның не!?», - деп айтады. Басқа талабым жоқ, күйеуіме тұрақты жұмыс берсе болды», - деп ашынады ана.
«Оралмандар ұсынған жұмысты менсінбейді. Бүгінде жиһаз цехын, шаруашылығын ашып, тасын өрге домалатып жатқандар бар ғой. Ал қалғандар үшін басқа жұмыс орындарын қарастырудан басқа амалымыз жоқ», - дейді әкімнің орынбасары.
«Нұрлы көшке» «үлгерген» Тасқын Ербақ елге келіп бірден балабақшаға жұмысқа тұрыпты. Айлық еңбекақысына 15 мың теңге алған. Бірақ оның осы табысына бір отбасындағы бес жан қарап отыр. Тасқынның айтуынша, тапқан табысы ай сайын 5 мың теңге төлейтін тоқ пен қысы-жазы 4 мыңнан түспейтін жылудан ауыспайды екен. Ол коммуналдық төлемдерінің барлық квитанциясын сақтап қойыпты. Жас жігіт тіршіліктің қамынан басқа «Нұрлы көштің» тағы бір кемшілігін ашып айтты. «Былтыр біздің үйдің бағасы 4 млн 800 мың теңге деп жергілікті әкімдіктегілер келіп кетті. Оны қандай ақшамызбен төлейміз?», - деп қамығады жас жігіт.

Олжас ҚҰРАЛХАН,
Шығыс Қазақстан облысы

«Нұрлы көштің» 622 пәтері бос қалған

Шығыста «Нұрлы көш» бағдарламасымен Отанға оралған қандастарымыздың баспана мәселесі мұңға айналып жатса, Астанада мамыр айында өткен Есеп комитеті оралмандарға арнап салынған 622 пәтердің бір жылдан бері бос тұрғаны туралы мәлімдеме жасаған еді. 
«Нұрлы көш» бағдарламасының тиімсіз жүзеге асырылып жатқаны туралы Парламент Мәжілісінде 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебіне қорытынды жасаған Есеп комитетінің сол кездегі төрағасы Омархан Өксікбаев мәлім еткен болатын.
Жоба аясында қандастарымызды баспанамен қамту мәселесі бір жүйеге түспеген. Мәселен, есепті кезеңде жалпы құны 2,6 млрд теңгеден астам сомаға 3223 пәтер салынғанымен, бір жылдан бері 622 пәтеріне жұрт қоныстанбаған. Сондықтан да бағдарлама әлі де пысықтауды, жақсартуды қажет етеді», - депті Омархан Өксікбаев.
Есеп комитетінің келтірген деректеріне қарағанда, бағдарламаның орындалуы іс жүзінде толық атқарылмай отырған сыңайлы. Оның аясындағы шараларды іске асыру барысында тиісті мониторинг және ведомствоаралық өзара іс-қимыл ұйымдастырылмаған. Жалпы саны 21 іс-шараның 9-ы орындалып, 3-і орындалмаған, 9 іс-шара ішінара, кешіктіріліп және сапасыз атқарылған. 2009-2011 жылдары бағдарлама шеңберінде 2567  этникалық қоныстанушылардың отбасына тұрғын үй беріліпті.
Ал биылғы жылдың атқарылмай қалған жобасы көп. Мәселен, Ақмола облысындағы Красный Яр ауылында 138 екі пәтерлік тұрғын үй сапасыз салынған. Бос тұрған құны 51,6 млн теңгелік 18 пәтер тұруға мүлде жарамсыз болған. Солтүстік Қазақстан облысында құны 42 млн теңгеден астам соманы құрайтын бір пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталмай қалған.  Маңғыстау облысының Құрық ауылында берілген үйлердің 22-сі уақытша кесте бойынша ақылы тасымалды ауызсуды пайдалануда.
Сондай-ақ, қандастарға арнап салынған тұрғын үйлердің басқа қажеттіліктерге берілгені туралы фактілер де анықталған.  Мәселен, Ақмола облысында  заңды және жеке тұлғаларға құны 100 млн теңгеден асатын 34 пәтер жалға беріліп келген, Маңғыстау облысында бағдарлама шеңберінде салынған тұрғын үйлер әкiмшiлiк мұқтаждықтар үшін тапсырылыпты.
Ал бағдарламаның шикі түскен тұсы туралы еді. Омархан Өксікбаев былай деп түсініктеме берген: «Бағдарламада ұсынылған тұрғын үйді жинақтау жүйесі арқылы үй сатып алу тетігі тиімсіз болып қалды. Еңбекке араласу дәрежесінің төмендігінен оралмандар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен жасасқан 1760 шартының 1553-і  бүгінде 1222,7 млн теңге қарызымен күрделі мәселеге айналды. Осыған байланысты бағдарлама шеңберінде тұрғын үй құрылысына жұмсалған қаражаттың республикалық бюджетке қайтарылу мәселесі де шешілмейді»

Курчатовтан кеткен оралмандар есебінен 10 үй босапты

Курчатов қаласына «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында келіп, баспанасыз, жұмыссыз қалған соң Қытайға, сондай-ақ басқа ауыл-аудандарға көшіп жатқан қандастардың мәселесін көтеріп ІІМ Көші-қон полициясы Этникалық көші-қон басқармасының бөлім бастығы Ербол Есмұратұлына хабарластық.
- Ербол мырза, Курчатов қаласына «Нұрлы көш» бағдарламасымен келіп, баспанасыз, жұмыссыз қалып, көш бұйдасын кері бұрған ағайындардың мәселесінен хабарыңыз бар ма?
- Ондай мәселе жоқ қой. Оралмандар берген үйдің бағасына келіспей отыр, әйтпесе Курчатовқа келген қандастардың бәрі баспанамен қамтылған. Бәрінде үй бар, сатылған да жоқ. Ешқайда көшіп жатқан жоқ.
- Онда баспанасыз қалдық, жұмыссыз қалдық деп мәселе көтеріп жатқандар кімдер?
- «Нұрлы көш» бағдарламасы 2011 жылдың желтоқсан айында өз жұмысын аяқтады. Ал Курчатов қаласына сол желтоқсан айына дейін келіп қоныстанып болған оралмандардың бәріне баспана берілді. Ал одан кешіккендерге үй берілген жоқ. Үй ала алмаса, елге кешігіп келген өз кінәлары.
- Курчатовтағы баспанамен қамтылған қандастардың арасында жұмыссыз, жан баға алмай отырғандар бар екен...
- Қазіргі оралмандардың және бұдан кейін келетін қандастардың жұмыссыздық мәселесі және баспана беру мәселесі «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында шешіледі.
- Ербол мырза, біз Курчатовтағы сол оралмандармен тілдестік. Олар «Нұрлы көш» бағдарламасымен алған баспаналарына өтемақы төлейтіндеріне наразылық білдіріп жатыр ғой. Бұған қандай пікір айтасыз?
- Ақша төлейді. Курчатовқа биыл келген 17 адамның бәріне үй беріліпті, олар «Нұрлы көштен» кешігіп келсе де. Сол 17 адамның жетеуі «Нұрлы көштің» жеңілдетілген тәртібімен баспаналы болды. Қалған 10 адам да үйлерінің шаршы метріне 56 500 теңге төлеуге міндетті. Бұл - өте тиімді.
Ал қазір Курчатовта шу шығарып жатқан осы 17 адам. Олардың келіспей отырғандары үкіметке құятын 40 пайыздық бастапқы сомасы. Бұрын бастапқы сома 5 пайыз ғана болатын. «Нұрлы көш» баспананы ешкімге тегін бермейді.  
- Шетелден келіп жатқан қаракөздердің арасында қайтадан кері көшкендер болды ма?
- Бар, бірақ сізге «мынау» деп ешкімді көрсете алмаймын. Біз ол жағын тексеріп жатырмыз. Ал Курчатовқа келіп үкімет берген үйді тастап, басқа жақтарға кетіп қалғандар бар. Ондайлардың есебінен қалада 10 үй босады. Сол баспаналар биыл келген 17 адамның жетеуіне берілді.  
- «Нұрлы көш» бағдарламасы тоқтады, бұрынғыдай көші-қон шақыруы да жоқ. Шетелдегі ағайын елге енді қалай оралмақ?
- Оларды шақыртып қажеті жоқ, өздері-ақ келіп жатыр ғой. Қазақстанға келулеріне ешқандай қиындық жоқ. Алматыдан басқа қалалы жерлерге тұрақты тіркелулеріне де жағдай жасалған. Азаматтық алу да жолға қойылды.
Меніңше, оралмандар мәселесінде қиындық жоқ. Шетелден келген қандастарымызға қазір квота ретінде ақша және одан тыс баспана да беріледі.

Сіз не дейсіз?

Құл-Керім ЕЛЕМЕС, ақын:

- ‹‹Битке өкпелеп тонды отқа салудың›› еш қажеті жоқ. «Ауыл үйдің итінің құйрығының қашанда қайқы келетіні» де табиғи заңдылық. Қытайдағы қазақ бәрібір тіл жағынан қытайға жұтылып кету қаупі алдында тұрғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Ал тіл жоғалса, қазақ жоғалатыны тағы шындыққа бір табан жақын әңгіме. Маған десе, ондағы халық қытайланып кетсе де, қазақстандықтар оларды кеудесінен итеріп тұрса да - барлық қиыншылыққа, ауыртпашылыққа көніп елге оралулары керек.

"Жас қазақ" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407