Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 5696 3 пікір 5 Сәуір, 2022 сағат 15:23

Құлыбаев қазақ спортының қожасы боп қала бере ме?

Биылғы «қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері елдегі ірі қызмет орындарынан босатыла бастады. Соны бірі – Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев 2022 жылы 17 қаңтарда "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кеткен болатын. Баспасөз хабарламасында оның жұмыс орнын босату себебі көрсетілмеген, тек "Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды",- деп жазылды хабарламада.

Іле-шала Тимур Құлыбаевтың тағы бір қызметі ресейлік алып компания «Газпромның» директорлар кеңесінің мүшелігінен алынып, оның орнын Ресей президенті Владимир Путиннің досы Герхард Шредер басады деген ақпарат шықты.

2012 жылдан бері Қазақстаннның ең бай кәсіпкерлері қатарынан табылып келген Тимур Құлыбаевтың бұдан бөлек тағы да қызметтері бар. Ол - KAZENERGY мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының жетекшісі әрі Қазақстан бокс федерациясының құрметті президенті, қазіргі күні Қазақстан ұлттық олимпиада комитетін басқарады.

Бейжің – 2022 қысқы олимпиада қарсаңында Құлыбаев басқарып отырған ұлттық олимпиада комитеті алдағы уақытта спортқа бөлінетін қаржыны игеру құқығынан айырылды. Бұған себеп президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «тапсырмасымен» Мәдениет және спорт министрлігіндегі Спорт комитетінің ҰОК-пен арадағы келісім-шартты жойылуы. Сондай-ақ президент Құлыбаевты биылға ақ олимпиада ойындарына ертіп апармады.

Бейжің қысқы олимпиадасына аттанған спортшыларымыз ел қоржынына бірде-бір медаль сала алмады. Шорт-трек бойынша төртінші орынға шыққан Абзал Әжіғалиев олимпиада ойындарынан кейін әлеуметтік желіде спорт саласындағы «былықтарды» әшкере қылған жазбасын жариялады.

Ол спортшылардың жеткілікті деңгейде спорт құрал жабдықтарымен қамтамасыз етілмейтінін айтқан.

«Бізге керекті құрал жабдықтарды тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алып береді. Инвентарь алу - біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай проблемаға Токионың алдында садақшылар да тап болды. Осы проблема барлық спортшының басынан өтеді және спортшылар әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ, оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да, тек Олимпиаданың алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек. Біздің спорт үшін веложаттығулар өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қарайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар керек. Барлық елдің командалары аталған заттармен толық қамтамасыз етілген. Біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Бірақ, бізге берілген уәде, уәде күйінде қалып отыр. Әрдайым әңгіме инвентарьға келіп тірелгенде «госзакуптың» процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр» деп, сылтауратады. Халықаралық жаттығулар біздің жабдықтарымыз жоқ деп тоқтап тұрмайды ғой. Нәтижесінде біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған «запчастарды» сатып әпереді. Немесе «заңда рұқсат етілмеген» деп айтқан соң, кейбір құралдарды өз ақшамызға жинап алуымызға тура келеді. Себебі, біз инвентарь жоқ немесе жетпейді деп жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Біздің жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе»,-деп жазған болатын ол.

Спортшының жанайғайы кіл шенді-шекпенділер басқаратын Ұлттық олимпиада комитетінің осалдығын байқатады. Соған қарамастан әр түрлі лауазымдарынан қағылған Құлыбаев Ұлттық олимпиада комитетінің басшылығы қызметін сақтап қалды.

Forbes журналының ақпарынша 2,9 млрд АҚШ доллорын иемденген ең бай олигарх Тимур Құлыбаевтың Қазақстаннан бөлек шетелде жасырған ен байлығы туралы да баспасөз бетіне оқтын-оқтын жарияланып тұрады.

Жақында Ұлыбритания парламентінің депутаты Маргарет Ходж Қазақстанның «клептократиялық элитасы» халықтан ұрлаған ақшасын шетелде сақтады деп, экс президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелеріне санкция салуға шақырды.

Ендеше, алдағы уақытта басы санкцияға ілінген тұлға қалайша спорт саласын дамытпақ? Озық елдерге барып қалай келіссөздер жүргізбек? Осы тектес сұрақтар көпшіліктің көкейінде тұрғаны анық.

 

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371