Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 9960 48 пікір 8 Сәуір, 2022 сағат 12:48

Кеңестен «қуылған» Ресей қысым жасап жатыр

Кеше БҰҰ Бас Ассамблеясы едел-жедел жиын өткізіп, Ресейдің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңеске мүшелігін тоқтатты. Себеп біреу, ол – Ресейдің Украинаға қарсы әскери агрессиясы. Ресей әскерилерінің асқан қаныпезерлігі, қирандыға айналған қалалардағы жазықсыз опат болған мыңдаған бейбіт халық, жүздеген бейкүнә сәби.

БҰҰ басым дауыспен шешім қабылдап, Ресейді кеңестен шығаратынын айтқаннан кейін, Ресей де ылдым-жылдым: «Өзіміз де бұл кеңестен шықпақшы едік», - деп мәлімдеп, БҰҰ есігін тарс жауып, мүшеліктен шығып кетті.

Ресейді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестен шығаруды 93 мемлекет қолдап дауыс берген. 24 мемлекет бұл шешімге қарсы болған. Тағы 58-і қалыс қалуды құп көріпті.

Ресейді кеңестен шығаруға қарсы болғандардың бірі – Қазақстан. Қатарымызда – Алжир, Беларусь, Қырғызстан мен Өзбекстан, Сүрия, Куба, Бурунди, Эритерия, Эфиопия, Боливия бар.

Сербия қалай ақталды?

Орысқа жақтастары көп, орысшыл президенті бар дейтін Сербияның өзі Ресейді кеңестен шығаруды қолдап дауыс берген. Кейін іле-шала Сербия президенті Александр Вучич: «Сербия БҰҰ-да Ресейге қарсы дауыс беруге мәжбүр болды. Өйткені біздің өзімізге санкция салыну қаупі болды», - деп ақтала сөйлепті.

Қытай да Ресейді кеңестен шығаруға қарсы болған. Қытай өкілі Чжан Цзюн бұл шешімді «асығыстық» деп атаған.

Кеше БҰҰ аранйы резолюциясы қабылданған күні Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Хабар 24» арнасына сұхбат беріп, Қазақстанның Украина-Ресей соғысына қатысты пікірін білдіріпті.

Тілеуберді бүйдейді:

«Біздің еліміз Украина-Ресей арасындағы жанжалдың келіссөздер және дипломатия жолымен шешілуін қолдайды. Өздеріңіз білетіндей, президент Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс басталған алғашқы күндерде-ақ, Ресей және Украина президенттерімен жеке-жеке хабарласып, сөйлесті. Тараптарды келіссөзге шақырды.

Біздің Ресеймен саяси, экономикалық, мәдени т.б. байланысымыз бар. Ең ұзын шекарамыз бар. Біз Ресеймен қазірге дейін қол жеткізілген сауда-экономикалық байланыстарымызды жалғастыра береміз. Бір сөзбен айтқанда – біз Ресеймен одақтас мемлекетпіз.

Ал соғыс аяқталған соң, Украинамен де осындай байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Бұл соғыс бізге де оңай соқпай тұр. Сондықтан, біз екі тараптың өте жақын арада келіссөзге келуін қолдаймыз.

Қазақстан Ресеймен де, Украинамен де ерекше байланыстағы мемлекет. Қазақстан ылғи да санкцияларды халықаралық қысым құралы ретінде пайдалануға қарсы болып келді. Әрине, оларды БҰҰ қабылдамаған болса... Бірақ, өзіміз де сол санкцияларға ұшырамауымыз үшін Ресейге болыспаймыз. Өз мүддемізді ескере отырып, бұл қабылданып жатқан экономикалық шаралардың біздің экономикамыздың дамуына кедергі келтірмеуі үшін жұмыс жасаймыз», - депті.

Ресейдің қысымы

Бұларада Батыстық басылымдар Ресейдің аталған резолюцияға қатысты БҰҰ-ның өзге өкілдеріне қысым жасағанын жазып жатыр.

CNN ақпараты: Ресей дипломаттары БҰҰ-ға мүше мемлекттер делегацияларына, дипломаттарына арнайы хат жолдаған. Онда Ресейді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестен шығаруды қолдамау талап етілген. Хатта сөзбе-сөз: «Мұндай бастаманы қолдамақ түгілі, осы бастамаға ниеттес болуды – Ресей «достыққа жатпайтын қадам» деп қабылдайтын болады», - деп жазылған екен. Сондай-ақ, егер Ресейді кеңестен шығаруды қолдайтын болса, оның салдары да ауыр тиетіні ескертіліпті.

Путин мен Каддафи. Ресей мен Ливия

Бұл жолы Ресейді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестен шығару туралы бастаманы АҚШ көтерген. Себебін жоғарыда айттық. Ал Ресейге дейін бұл кеңестен жалғыз ғана мемлекет қуылыпты. Ол – Ливия.

Аталған кеңеске 47 мемлекет мүше екен. Әр мемлекеттің мүшелік мерзімі үш жылдан. 2020 жылдың қазан айында Ресей төрт жылдық үзілістен кейін, аталған кеңеске қайта мүше болған. Сол жолы Ресеймен бірге 14 мемлекет мүшелікке һөткен. Соның бірі – Украина. Ал құрамы жаңарған кеңес өз жұмысын 2021 жылдың 1 қаңтарында бастап кеткен.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің тарихында Ресейге дейін жалғыз ғана мемлекетті кеңестен қуыпты. Ол – Ливия. 2011 жылдың наурызында «Ливия басшысы Муамар Каддафи билікке қарсы көтерілісті аяусыз басып-жаншыды», деп қуылған. Ол кезде бұл шешімді БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі қолдаған.

Ал 2018 жылы кеңестен Доналд Трам басшылығындағы АҚШ  ерікті түрде шығып, 2021 жылы Жо Байденнің шешімімен мүшелікке қайта өткен.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

48 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404