Дінаралық татулық. Контитуциялық тәртіп - ел тұрақтылығының кепілі
Қазақстан демократиялық негіздерге сүйенген зайырлы мемлекет. Бұл ата заңымызда тайға таңба басқандай жазылып тұр. Конституцияның бірінші бабы, бірінші тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, ал, оның ең қымбат қазынасы адам пен адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Бізде ұстанған дінге, жынысына, көзқарасына, сеніміне, ұлты мен тегіне, тіліне қарай кемсітіліп, қысымға ұшырамайды.
Яғни зайырлы елде бәрі де осылай болуға тиісті. Контитуциялық тәртіп бар, құқықтық жүйесі орныққан, сот билігі бар елде дінді ұстанып болмаса еш дінді ұстанбай өмір сүруге болады. Бұл әркімнің өз құқығындағы дүние. Зайырлы мемлекетімізде білім-ғылым дінге тәуелсіз. Мемлекет дінге, дін мемлекет ісіне араласпайды, мемлекеттік дін жоқ және дін бәріне ортақ болмайды делінген. Барлық дін өкілдері заң алдында тең. Елімізде діни сенім әр адамның жеке басына қажеттілік ретінде қарастырылады. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев зайырлылық ұғымын былайша түсіндіреді: «Зайырлы мемлекет пен қоғам – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлылық атеистік деген сөз емес. Зайырлы дегеніміз- толерантты, озық әрі ашық қоғам дегенді білдіреді. Біз дәстүрлі діндерге қолдау білдіреміз, бірақ экстремизмге үзілді-кесілді қарсымыз»,- деген еді.
Біз дінаралық татулық пен келісім ата заңымыздан бастау алады деп анық айта аламыз. Дін мәселесі Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасында көрініс табады. Дінаралық татулықты еліміз тек ішкі саясатта ғана емес, сыртқы саясат та да жүргізіп отыр. Еліміздің бейбітшілік пен келісімді, әртүрлі мәдениет пен діндердің бірегей диалогын жүргізіп отырғанын әлемдік қауымдастықтар, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Өркениеттер альянсы, ЮНЕСКО секілді жетекші халықаралық ұйымдар мойындады. Алайда, бұл жылдар бойы діни соғыстар тоқтаусыз жүріп жатқан әлемнен Қазақстан оқшау отыр дегенді білдірмейді. Радикалданған діни бағыттар XXI ғасырдың уытты қаруына айналды. Адасқан ағымға еріп, жазықсыз халықты қынадай қырған жағдай көп. Осы тұрғыдан алғанда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылы қолға алған әлемдік дін көшбасшыларын жинап, съезд өткізу дәстүрі оң шешім болды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – діни көшбасшыларға, саясаткерлерге, халықаралық және өңірлік ұйымдарға дінаралық диалог пен орнықты даму проблемаларын талқылауға мүмкіндік беретін бірегей платформа.
Съезд мақсаты, ол әлемді татулыққа шықару, дінаралық бірлікті сақтау, бейбітшілік орнату сияқты ізгі ниеттен туған деп айта аламыз. Дін мәселесі үнемі көңіл бөлуді талап ететін, күрмеуі көп күрделі мәселе. Сондықтан мұндай жиындар пайдасын бермесе зиянын тигізбейтіні анық.
Елордада әр үш жыл сайын болатын басқосу былтыр пандемияға байланысты кейінге шегерілген болатын. Дінбасылардың VII съезі биыл қыркүйек айында өтеді деп жоспарлануда. Қазіргідей аласапыран мүдделер шайқасы болып жатқан заманда елімізге тек татулық пен бейбітшілік керек. Осы мақсатты алға қойған съездің осы күнге дейін қаншауы өтті?
2003 жылы өткен І съезде зорлық-зомбылық пен терроризм мәселесі көтерілді. 2006 жылғы қыркүйекте өткен съездге тұңғыш президент төрағалық етті.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі 2009 жылғы 1-2 шілдеде, IV съезд – 2012 жылы,V съезд – 2015 жылы 10-11 маусымда, VI съезд – 2018 жылы 10-11 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтті.
Биылғы VII съезде пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі тақырыбы қозғалмақ.
Қазақстан билігі сыртқы саясатта емес, еліміздің ішкі дінаралық татулығын тұрақтандыруда ауқымды жұмыс атқарып келеді. Қазіргі таңда елімізде 130 ұлт өкілі мен 18 конфессия тату-тәтті өмр сүріп жатыр. 2019 жылғы сауалнама нәтижесі көрсеткендей, жауап бергендердің 76 пайызы діни ахуалды "қолайлы", "тұрақты" деп санайды. Дінаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты азаматтардың 89 %-дан астамы қолдайды.
2020 жылғы 1 сәуірге ресми тіркелген 18 конфессияның 3816 діни бірлестігі қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасалған. Оның ішінде 2680 – ислам, 342 – православие, 86 – католиктік, 595 – протестанттық, 60 – Иегова куәгерлері, 24 – Новоапостоль шіркеуі, 11 – Кришна санасы қоғамы, 7 – иудейлік, 6 – Бахаи, 2 – буддизм, 2 – Соңғы күн әулиесі Иисус Христос шіркеуі (мормондар), 1 – муниттер.
Мемлекет бойынша барлығы 3585 ғибадат ғимараты жұмыс істейді, оның ішінде 2678 мешіт, 301 православтық храм және 108 католик шіркеуі, 406 протестанттық құлшылық үйі, Иегова куәгерлерінің 57 құлшылық үйі, Новоапостоль шіркеуінің 24 құлшылық үйі, 6 синагога, Бахаи 2 құлшылық үйі, 2 Кришна санасы Қоғамы құлшылық үйі, 1 будда храмы бар. Ресми түрде 581 миссионер тіркелген, оның 438 – шетел азаматтары және 143 – Қазақстан азаматтары екен.
Тіркелген діни қатынастар субъектілерінің бәрі өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады, бейбітшілік пен келісім ісіне, қоғамның дамуына, мемлекеттің нығаюына қызмет етеді.
Елімізде 13 рухани оқу орны жұмыс істейді. Оқушылардың жалпы саны 3381 адам. Оның ішінде 11 – ислам бағыты : "Нұр-Мүбарак" университеті, 5 медресе-колледжі, 4 медресе, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру Ислам институты бар. 2 – христиан бағыты бойынша: Алматы православие рухани семинариясы және Қарағанды қаласындағы "Мария-Матерь шіркеуі" атты епархияаралық жоғары рухани семинар істейді.
2020 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 258 азамат шетелдік теологиялық оқу орындарында оқуды жалғастырып жатыр. Оның ішінде 130 адам мемлекеттік мекемелерде оқыса, 113 адам күмәнді деп танылған оқу орындарында оқыған. Рухани білім алу үшін сұраныс ең жоғары елдер: Египет Араб Республикасында 95 адам, Түркияда 66 адам, Сауд Арабия Корольдігінде 57 адам, сондай-ақ Иорданияда 17 адам болып оқыған.
Жастардың діни білім алу үшін шетелге кетуін азайту мақсатында қазақстандық жоғары оқу орындарында оқу үшін қажетті жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар жыл сайын "Исламтану", "Дінтану" және "Теология" мамандықтары бойынша білім гранттарын бөледі. 2019 – 2020 оқу жылына осы мамандықтарға 430 білім гранты бөлінді.
624 нысанға діни әдебиетке дінтану сараптамасы жүргізілді, оның 14-і – теріс қорытынды алды, 507-сі – оң, 45 материал – діни мазмұнда емес, 58-і – шет тілінде болған.
Әрине, діни ахуал үнемі мемлекеттің назарында болса да деструктивті діни ағымдар өздерінің арам пиғылдарын іске асырып кетіп жатады. Әлеуметтік желінің көмегімен діни сауаты нашар адамдарды алдап құрығына түсіреді. Сондықтан уәкілетті органдар заң рұхсат еткен дәстүрлі дінді насихаттайтын сайттарды, басылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануды ұсынады. Соған қарамастан, деструктивті бағыттағы идеологиялық топтар өз насихаттарын жалғастыруға тырысады. Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін жат ағымдардан барынша сақтану қажет. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды ұлықтау арқылы да, жастарды оң жолдан тайған ағымдардан құтқарып қалу жолындағы бір тәсіл болып табылады. Ел бірлігi мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтiретін діни ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет.
Abai.kz