Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7254 0 пікір 23 Қазан, 2012 сағат 09:09

Ботагөз Сәрсенғали. Қазақ тілі қайтсе көгереді?

Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбылдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.

Енді қандаймын?

Кірленіп барамын, былғанып барамын.

Мен не көрмедім?

Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлдем жоқ қылғысы келгендер де болды.

Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбылдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.

Енді қандаймын?

Кірленіп барамын, былғанып барамын.

Мен не көрмедім?

Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлдем жоқ қылғысы келгендер де болды.

Төңкеріске шейін көрмегенім қалған жоқ. Төңкеріс болмаса, менің һәм - бейшара қазақ менен айырылатын да шығар деп едім. Төңкеріс болды. Қазақтың көзі ашылды. Қазақтың көзі ашылған соң, менің де күнім туды ғой деп қуанушы едім. Оның үстіне қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын деген заң шықты. Төбем көкке төрт елі жетпеді. Бірақ, не керегі бар, босқа қуанған екенмін...

(Міржақып Дулатұлының «Қазақ тілінің мұңы» атты мақаласынан үзінді)

 

Қазіргі таңда гүлденген еліміз етек-жеңін жинап, тәуелсіздігіміздің тұғырын берік  ұстап, алға қарай нық қадам басуға құлаш сермеуде. Қазақ тілі - қазақ мемлекетінің тілі. Тіл - айтулы қазынамыз, тіл - айрықша құралымыз, қарым-қатынасымыз бен түсіністігіміздің кепілі дегенімізбен, осы тілді қолданудағы бірізділіктің сақталмауынан да кейбір ағаттықтардың туылып қалуы даусыз. Мемлекетіміздің мәртебесін биіктетіп тұрған - туған тіліміз. Онсыз мемлекет - мемлекет болмайды, халық - халық болып қалыптаса алмайды. Түркі тілдерінің ішіндегі ең бай әрі таза тіл - қазақ тілі. Біздің тілімізде кәусар бұлақтың үні де, шапшаң шаруалардың сыры да бар. Еліміздің әуендете тарқатқан ғұмыр деректерге толы әсем әндерінде қазақтың танымынан сыр шертетін, бүкіл өмірлік қағидаларын қалыпқа салатын тың деректер бар. Осыған қарамастан, мемлекеттік тілді оқып-үйрену - бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Бүгінгі балалар - біздің ертеңгі болашағымыз. Сондықтан, мемлекеттік тілді үйретуді балабақшадан бастаған дұрыс деп ойлаймын. Әрбір қоғамда баланың бойында азаматтылықты, патриотизмді тәрбиелеудің маңызды факторы сол мемлекеттің тіліне деген терең сыйластық болып табылады. Бала тілді тым ерте үйрене бастаса, солай тез меңгереді. Негізгі мақсат - тілді үйренушілердің, яғни, достық пен туыстықта жайлаған басқа ұлт өкілдерінің, басқа ұлт балаларының ой-қабілетін біртіндеп қазақыландыру, сөйлеуге үйрету, тіл мәдениетін көтеру. Қазақ тілінің дамуына жеткілікті көңіл бөлмеуіміздің салдарынан ана тіліміз жетімсіреп тұр десек те болады. Қоғамдық көлікте аялдамаларды орыс тілінде хабарлап жатқан қазақтың қара баласы, көшеде бір-бірімен жөн сұрасқан екі қазақ та бір-біріне орыс тілінде тіл қатады. Көшенің кез келген бұрышынан қазақ тілінде қате жазылған анықтаманы қиналмай-ақ табуға болады. Жарнаманың билбордында үш ауыз сөз екі тілде жазылса, қазақ тілінде жазылғаны міндетті түрде мағынасы түсініксіз, сөздері санаға сіңімсіз болып келеді. Азық-түліктің (балық, ет орамдары, көкөніс пен жеміс-жидектер, консервіленген өнімдер) сыртында тұтынушылар үшін жазылған мәліметтердің қазақша нұсқасынан кеткен қателіктерді байқаған боларсыздар... Қазақ тілі құқының аяқасты болуына қоғамның еті үйреніп бара жатқан тәрізді. Бүгінгі ұрпаққа тіл мәселесіне келгенде «егер тілім ертең «өлетін» болса, мен бүгін өлуге бармын» дейтіндей рух жетіспей-ақ тұр. Соңғы ғасырдың барысында бір тілді қазақ екі тілді халыққа айналғаны бәрімізге мәлім. Тағдыр сондай болды. Совет Одағындағы қазақтар ана тіліне қоса орыс тілін үйренуге мәжбүр болса, басқа мемлекеттердегі бауырларымыз тап осылай Кытайда -  қытай, Монғолда -моңғол, Иранда - парсы, т. б. тілдерді үйренді. Жалпы алғанда, теория жүзінде, қос тілділікті теріс деуге болмас, көптілдіктін еш жаманшылығы жоқ.  Бірақ, өз елімізде, өзіміз тұрып жатқан Алматыдан бастап, көптеген қазақ - ана тілін жиып қойып, алаңсыз орыс тіліне көшіп кеткені құпия емес. Бұл қазақтың аза бастауының алғашқы белгілері еді. Бірақ бізді одан Алла сақтады: Тәуелсіздік алдық.

Егемендігімізге 21 жыл болды. Дәстүрлі әдістермен тіл оқып, бірақ сөйлей алмай,  мектеп бітіріп шыққандар қаншама... Демек, мектепте тіл үйретуімізде мүкістер бар. Сол балалар шет тілді үйрету әдісімен ересектерді де оқытамыз. Сонау егемендік алған жылдардан бастап, күні бүгінге дейің қазақ тілін қазақтарға оқыту өзге шет тілдерді оқытудан еш айырмашылығы жоқтай беріледі. Оқулықтарда басқа шет тілді оқытқанда қолданылатын:  сәлеметсізбе, қалың қалай?, ұшаққа билет сатып алу, мейрамханада ас мәзірімен тамақ алдыру, қонақүйге орналасу тақырыптары ұсынылған.

Қазақстанның ересек қазақ азаматтарына бүгінгі таңда қазақ тілін білу шет елге  саяхат жасау үшін емес, Отан, патриотизм, ұлт деген сияқты көтеріңкі сөздерді айтпай-ақ, өз отбасында, я дәстүрлі бас қосуларда өз ойын толық жеткізу, басқа біреудін айтқанын толығымен түсіну, көпшілікте емін-еркін сөйлеп, бір сөзбен айтқанда, өз елінде толыққанды өмір сүрү үшін керек. Сондықтан, біздің бірінші мақсатымыз - орыстілді қазақтарды тұрмыста қазақша сөйлеткізу деп түсінемін. Бәріміз күнделікті тұрмыста, күйбең тіршілікте қазақша сөйлесек, қазақша теледидар қарасақ, қазақша кітап, қызық жазылған, бүгінгі қалалық тақырыптарды оқып тұрсақ, ал орыс немесе ағылшын тілін тек жұмыста қажет жағдайда қолдансақ, одан кейін Қазақстанды мекендейтін басқа ұлт өкілдерінен де қазақ тілін білуді талап етуге моральдық негіз пайда болады. Сөйтіп,  тілімізді жетілдіріп, дамытып алғанан кейін, өмірдің барлық басқа саласында қазақ тіліне көшеміз. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл ретінде ертеңнен-ақ іс жүргізудің, өндіріс, ғылым, технологиялар тілі болуына лайықты тіл. Алайда, өкінішке қарай, қазақ­тың техникалық тілі әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Қазақ тілі терминологиясы әртүрлі жағдайларға байланысты қазіргі кезде үлкен дағдарысқа ұшырап отыр. Термин тәжірибесі аяқасты болып, әркімнің өз бетінше термин жасауы барынша орын алып жатыр. Бүгінгі таңдағы ең бір күрделі мәселе терминдерді біріздендіру екені ақиқат. Себебі, аудармашылар бір сөзді әркелкі  аударып жүргені де жасырын емес. Тіпті Мемлекеттік терминологиялық комиссия бекіткен кейбір терминдердің түрлі мәнде қолданылып жүргенін байқаймыз. Мысалы, «авария» терминін «апат» деп бекіткен. Жалпы «авария» сөзінің мағынасы түсіндірме сөздіктерде «жұмыс, қозғалыс кезінде қандай да бір механизмнің, машинаның зақымдануы, істен шығуы» деп тү­сіндіріледі. Ал, «катастрофа» сө­зі­нің мағынасы қайғылы зардаптары бар оқиға деп келтірілген. Біз оны да «апат» немесе «жойқын апат» деп алып жүрміз. Ал іс жүзінде соңғы кезде қабылданған барлық заңнамаларда, Үкіметтің нормативтік құқықтық акті­лерінде «авария» - «авария», «ка­тастрофа» - «апат» деп жа­зылған. Кейде «бедствие» сөзі де «апат» делінеді. «Катаклизм» сөзі де сол тақылеттес. Мұның өзі терминдердің әлі бір ізге түспегендігін, уақыттың елегінен өтпегендігін көрсетеді. Сол себепті, бүгінгі «аралас қос тілді­лік», «тілдің үш тұғырлығы» құбылыс­тары аясында кез келген алаш ұранды азамат «Қазақстан деген жер бетіндегі жалғыз еліне болашақта қазақ тілі тірек бола ала ма?» деген ең басты мәңгілік сауалдың жауабын бірлесе іздеп, бірігіп қимылдауы аса маңызды.

Тағы бір айтайын деген өзекті мәселем - ересек қазақтарға қазақтың  ауызекі сөзін үйрету мәселесі. Тілді үйрету үдерісі сабақ болсын, телеқойылым, оқу құралдары болсын, тек ауызекі сөз үйренуге арналуы тиіс. Адамға сөздерді жаттатып, ережелерді үйретіп, сосын сол жаттап алған сөздерден, сол ережелер бойынша әңгімені құр деп, ЕШКІМГЕ ЕШҚАШАН СӨЙЛЕУДІ ҮЙРЕТЕ АЛМАЙМЫЗ. Адам, бала кезінде естіген сөзін қайталап үйренеді емес пе? Сіз Испанияға көшіп бардыңыз делік, балаңызды не немереңізді балабақшаға бердіңіз. Ол ертеңінде-ақ бір сөздерді айта бастап, бір аптада сөйлей бастайды, жарты жылдан кейін испандық баладан кем сөйлемейтін болады. Бала сөздерді, ережелерді жаттап қара тер болған жоқ -  ОЛ ТЕК ЕСТІГЕН СӨЗДЕРІН ҚАЙТАЛАУ АРҚЫЛЫ СӨЙЛЕП ҮЙРЕНДІ.  Біз де солай: тойға барғанда, жай әңгімелескенде, адамдардан естігенімізді, теледидардан көргенімізді - ұнаған, ойымызға сәйкес сөздерді жадымызда сақтап, кейін оларды сондай келісімді ахуалдарда айтамыз, колданамыз.

Менің ойымша, орыстілді немесе өзге ұлт азаматтарына қазақ тілін оқытуда мультимедиалық бағдарламаны қолдану олардың тілдік және сөйлесімдік дағдылары мен біліктерін дұрыс қалыптастырып, дамытуға, коммуникативтік құзырлылықтарын жетілдіруге септігін тигізеді. Мультимедиалық оқыту өзінің икемділігімен тиімді: оқытуды әр түрлі формада (өз бетінше, мұғалімнің басшылығымен) ұйымдастырудың, тіл үйренушінің тілді меңгеру деңгейі мен жеке қызығушылықтарын, ерекшеліктерін ескере оқыту  мүмкіндігі зор. Тіл үйренуші үшін ең жақсы жазылған дәстүрлі оқулықтан гөрі мультимедиалық оқу бағдарламалары мен электрондық оқу құралдары арқылы тілді меңгеру әрі қызықты, әрі ыңғайлы. Әрине, мультимедиалық оқу бағдарламаларының, электронды оқу құралдарының сапасы туралы мәселенің  маңызы өте зор, сонымен бірге, мультимедиалық оқыту жағдайындағы оқытушының рөлін де жоққа шығаруға болмайды. Тілді мультимедиалық оқытуда  мультимедиалық оқу бағдарламаларының сапасы, олардың оқу мақсаттарына сәйкестігі, оқу үдерісінде (аудиторияда, аудиториядан тыс), сабақта мультимедиалық бағдарламаны  қолданудың кезеңдерін, оқытушының рөлін анықтау мәселелері өте маңызды. Сабақта тіл үйренушілердің коммуникативтік дағдылары мен біліктерін қалыптастыру мен дамытуды компьютерге біржолата сеніп тапсыруға болмайды, сондықтан мультимедиалық оқыту жағдайында оқыту үдерісін басқару мен технологияландырудағы оқытушының  жаңаша рөлі мен қызметін анықтаудың маңызы зор. Жазу, баспасөз, электронды пошта, радио, теледидар мен компьютер күнделікті өмірде қарым қатынасты жақсартуға және тілдік қарым қатынастың төрт психологиялық әрекеттерін (тыңдау, оқу, сөйлесу, жазу) дамытуда көмекші болып табылатыны да аян. Қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі негізгі бағыт, ол - интерактивтілік. Бұл біздің қарым-қатынастар орнату мен оларды қолдау үшін қолданатын тіліміз. Өзара қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін сөз сөйлеуші интерактивті стратегияларды қолданады. Сонымен, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне мультимедиа материалдар арқылы алатын білім аса тиімді әрі нәтижелі. Мультимедиа форматындағы құралдар (аудио және бейнемәтіндер) ерекше методологиялық үлгілерден және лингвистика мен әдістеме теорияларына сай тілді оқыту мақсаттарына байланысты сұрыпталып алынады. Қазақ тілін оқыту әдістемесін алатын болсақ, осы тілде көркем фильмдерді қарап,тілді лингафон кабинетінде құлақшынмен (наушниктер) естіп, сол тілдік ортаға еніп, тілді сіңіру жұмысы аса тиімді. Тағы бір маңызды құрал ол: Интерактивті тақта. Интерактивті тақта - бұл компьютер мен проекторға қосылған үлкен интерактивті кешен болып табылады. Тақтаның мүмкіндігі өте зор. Біріншіден тіл үйренушінің қазақ тілге деген қызығушылығын молайтуға үлкен әсер етеді. Ресурстар кітапханасы арқылы суретпен жұмыс жасап үйренуші тұлғаның сөздік қорын молайтуға ықпал етеді. Оқытушы мен тіл үйренуші оқушы материалды көрсету компьютер арқылы басқарылады. Мысалы, белгілі бір сөздің фонемалық символының айтылуын тексереді, аудармасыз сурет арқылы лексикалық қорды байыту жұмысын іске асыруға болады. Тест жұмыстарын нәтижелі өткізуге көмегі мол және тағы сол сияқты толып жатқан оң мақсаттарға қол жеткізуге болады. Қазақ тілі сабақтарында интерактивті тақтаны қолданудың артықшылықтары: сабақтағы уақыттың үнемделуі, сабақ материалының мейлінше тығыз ұсынылуы, аз уақытта көп ақпарат көзіне қол жеткізе білу. Қазақ тілін оқыту әдістемесінде өте маңызды бағыт: мультимедиалық презентациялар. Мультимедиа алуан түрлі ақпараттық объектілердің бірлігінен, мысалы, мәтін, графика, бейне (video) анимация және дыбыстан тұрады. Қазақ тілінде презентациялар дайындағанда оқушылар жоспарлау, жобалау жасау үдерісінде жаңа білім мен білікке ие болады. Осы жұмыстың нәтижесінде

s тәжірибе алмасу;

s ақпарат алмасу;

s мәселелер шешу әдістерімен алмасу;

s жеке және бірлескен жобалар нәтижелерімен алмасу және тағы сол сияқты сан алуан амал-тәсілдерді жүзеге асыруға мүмкіндік бере алады.

Оқушы (тұлға) үйреншікті сөздерді игеріп алғасын, алғашқыдай емес, өзіне жаңа сөз бен жаңа тұрақты сөз тіркестерін оңай қосып, қолдана бастайды. Сондықтан да, білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілді тереңдетіп енгізу және халықтың ықпалды бөлігі жастарға баса назар аудару, қазақ тілін мультимедиалық бағдарлама арқылы

Оқыту әдістері арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын.

Елімізде қазақ тілін жақсы білетін 60-қа жуық бірнеше өзге ұлт өкілдері бар  екен. Олардың ішінде орыс қызы - қазақ ақыны Надежда Лушникова, неміс ұлы - қазақ жазушысы Герольд Бельгер, қазақ тілінен диссертация қорғаған әзірбайжан қызы - қазақ ғалымы Асылы Осман бар. Бұл кісілер ерекше бағалауға, ерекше құрметке ие. Бә­ріне шын жүректен риза боласың. Өйткені, бұл үшеуі тіліміз өз жерінде өгейсіген кешегі кеңес заманында-ақ қазақ ақыны, қазақ жазушысы, қазақ ғалымы атанды. Қазір бізде қазақша жақсы меңгергендіктері сонша, тіпті телеэкранда қазақша хабар жүргізіп жатқан да өзге ұлт өкілдері бар, олар болашақта Қазақстанда жақсы өмір, кең жер барын түсініп, осында ұрпағымыз тұрса тілі мен салтын білуі керек деп іс қылып жатқандар дер едім. Біз тілімізді үйреніп жатыр деп мәз боламыз, бірақ олар қазақ үшін емес, өз болашақтары үшін, өздері үшін үйреніп жатыр ғой. Солай болуға тиіс. Бірақ біз тіпті осылай «наны» үшін болса да үйренгеніне тәуба дейміз. Былай қарасақ, қанша жыл барлық рахатыңды көріп отырған ұлт тым құрыса он сөзіңді үйренуге тиіс қой. Ол деген - ұлтқа құрмет, ол - адамгершілік. Біз осы шетелге бару үшін ағылшын сөзін үйренбесек, аштан өлетінімізді білеміз ғой. Өзгелерге өкпе жоқ шығар, бірақ өз ана тілін білмейтін қазақтарды неге жоғары қызметке қоямыз?

Ақпараттық кеңістігімізде орыс тілі үстемдік құрса, сот, банк, ұлттық компаниялар, коммерциялық құрылымдар, бизнес, интернет тілі ретінде орыс тілін қолданып жатса, қалай Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесінде екенін айта аламыз. Түсініксіз...

Өз ұлтымның азаматы шет тілдерді сөйлеп жатса қуанамын. Бірақ басқа тілді біліп, өз тілін білмейтін «мәңгүрттерге» ішің неге ауырмасын... Қазақ ұлты бола тұра ана тілінде сөйлей алмауы - досқа күлкі, дұшпанға таба қыларлық ұят тірлік емес пе, ағайын !

Сәрсенғали Ботагөз Жасұланқызы

Жеке тілші, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ маманы

"Abai.kz"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371