Қаңтар оқиғасы: 1260 іс қаралуда
Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған істер бойынша 214 адам сотталған. Олардың 20-сына түрме жазасы кесілген. Бұл туралы 19 сәуірде бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте жариялады. Шараға БАҚ өкілдерін қатыстырмады.
Сәуірдің айдың басында билік 152 адам сотталып, олардың 17-іне түрме жазасы берілгенін хабарлаған.
Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаралған қылмыстық істердің көбі бойынша сот айыпты деп танығандарға бостандығын шектеу жазасын шығарғанын айтты. Ең көбі Алматы қаласында – 145 адам. Алматы облысында 38 адамға айыптау үкімі шыққан. Қалғандары Түркістан, Жамбыл және Ақмола облыстарында.
Бұдан бөлек Алматыда алты адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс "тараптардың татуласуына байланысты" доғарылған. Әділов "барлығын мейлінше қатаң жазалау" мақсаты болмағанын айтады. "Күдіктілердің көбі парасатты азаматтар бола тұра, оқиға кезінде оңай олжаға қызығып немесе өзгенің сөзіне еріп қылмысқа барған" деп мәлімдеді Әділов.
323 күдікті абақтыдан босатылған: 78 адам кепілге мүлкін қойып, 67 адам ешқайда кетпейтіні жайлы қолхат жазып, 11 адам өзге біреу кепілдік беруімен және 71 адам – сот үкімімен қамаудан шыққан.
Тергеу өндірісінде 1260 қылмыстық іс бар. Олардың арасында 204 іс "Ұрлық" бабымен, 180 – "Қаруды заңсыз сатып алу, өзгеге беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе өзімен бірге алып жүру" бабымен, 21 – "Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен қозғалған.
Бас прокуратура дерегінше, қазір тергеу органдары осы санатқа жататын барлығы 4849 істі қарап жатыр, сот тұтқындауға санкция берген 627 күдікті қамауда отыр.
Қамауда болған 280 адам кепілге мүлкін қойып немесе өзге біреу кепілдік беріп я ешқайда кетпейтіні жайлы қолхат жазып абақтыдан шыққан.
Бұған қоса 19 сәуірдегі брифингте күдіктілерге "тыйым салынған тергеу әдісін қолданғаны" жайлы арыз-шағым бойынша сотқа дейінгі 11 тергеу ісі тіркелгені айтылды. Бас прокуратураның дерегінше, бір қылмыстық іс сотқа жолданған.
Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
Abai.kz