Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 4511 0 пікір 29 Қазан, 2012 сағат 13:19

Қабдеш Жұмаділов. Қысыр кеңес

Қысыр кеңес... Кәдiмгi шалдардың қысыр кеңесi. Бұл - ақсақалдар алқасы да, ардагерлер кеңесi де емес. Қазiр Алматының әр ауданында ардагерлер кеңесi бар, олардың ресми орындар бекiткен басшылары бар. Бiздiң айтқалы отырғанымыз - ол емес. Бiздiң айтқалы отырғанымыз - гүлзар, саябақтарда жазда көлеңкелеп, қыста күншуақтап отыратын қарапайым шалдар бар ғой, солар жайында. Солардың ермек үшiн айтылатын, келдi-кеттiсi жоқ әңгiмелерi хақында.

"Ауылыңның артында төбе болса, ерттеулi тұрған атпен тең" дептi көшпендiлер. Ертелi-кеш ауыл ақсақалдары сол төбеге шығып, ары-берi өткен жолаушыны да, жүрiсi суыт жау­шы-хабаршыны да барлап-көрiп отырады екен. Одан басқа үлкендер бiр-бiрiне алмасатын күнделiктi ахбар-жаңалықтар қаншама... Бүгiнгi қалада тұратын қарттарда ондай бас қосатын төбе жоқ. Бiрақ бойларында көшпен­дiлердiң бiр тамшы қаны бар. Оны өздерi байқамауы да мүмкiн. Алайда қолдары қалт етсе, баяғы бабалары секiлдi, үйiр iздеген саяқтай бас қосатын жерлердi аңсап тұратыны анық.

Қысыр кеңес... Кәдiмгi шалдардың қысыр кеңесi. Бұл - ақсақалдар алқасы да, ардагерлер кеңесi де емес. Қазiр Алматының әр ауданында ардагерлер кеңесi бар, олардың ресми орындар бекiткен басшылары бар. Бiздiң айтқалы отырғанымыз - ол емес. Бiздiң айтқалы отырғанымыз - гүлзар, саябақтарда жазда көлеңкелеп, қыста күншуақтап отыратын қарапайым шалдар бар ғой, солар жайында. Солардың ермек үшiн айтылатын, келдi-кеттiсi жоқ әңгiмелерi хақында.

"Ауылыңның артында төбе болса, ерттеулi тұрған атпен тең" дептi көшпендiлер. Ертелi-кеш ауыл ақсақалдары сол төбеге шығып, ары-берi өткен жолаушыны да, жүрiсi суыт жау­шы-хабаршыны да барлап-көрiп отырады екен. Одан басқа үлкендер бiр-бiрiне алмасатын күнделiктi ахбар-жаңалықтар қаншама... Бүгiнгi қалада тұратын қарттарда ондай бас қосатын төбе жоқ. Бiрақ бойларында көшпен­дiлердiң бiр тамшы қаны бар. Оны өздерi байқамауы да мүмкiн. Алайда қолдары қалт етсе, баяғы бабалары секiлдi, үйiр iздеген саяқтай бас қосатын жерлердi аңсап тұратыны анық.

Ана бiр жылдары Алматыда ақсақалдар бас қосып әңгiмелесетiн сквер-гүлзарлар көп едi. Кейiн жер сатылатын заң шыққалы бос жатқан алаңдар жекеменшiкке өтiп, үй салынып кеттi де, шалдардың өрiсi тарылды. Бұл күнде қалада демалатын орындықтары бар ондай алаңдар бiрнешеу ғана. Абай ескерткiшiнiң маңы, Шоқан ескерткiшiнiң қасы, опера-балет театрының алды, бұрын Ленин ескерткiшi тұрған Әлия-Мәншүк алаңы, Гагарин көшесiнiң бойы... Әрине, мұнда демалатын адамдар бiркелкi емес, орталықтан шетке қарай ұзаған сайын мұнда отыратын шалдардың статус-мәртебесi, түр-түсi, киiм киiсi бiртiн­деп өзгере бастайды. Әркiм өз үйiне жақын саябаққа барады ғой. Бұрын әжептәуiр қызмет атқарған, бiршама дәрежелi, зиялы зейнеткердi жоғарыда айтылған орталықтан табасың. Бұлардың арасында iшiнара таяуда байыған балаларының арқасында қатарға кейiн қосылған шалдар да бар. Осылардың қай-қайсысына да керегi - ақпарат, ел жаңалықтары, өсек-аяң, алыпқашты әңгiмелер... Кейбiреулер оқиғаны талдауға өресi жетпей, басқалардан ұғынғысы келедi.

Ерсайын бұрын қызмет iстеп жүр­генде кеңсеге бара жатып, үйiне келе жатып, гүлзарда қауқылдасып отыр­ған қарттарды көрiп: "қайтсiн байғұстар, iштерi пысқан соң, амал жоқ, осында келедi екен ғой" деп, оларға мүсiркей қарайтын-ды. Ендi, мiне, "күлгенге күле жетедi" дегендей, Ерсайынның өзi де зейнет жасына толып, шалдардың санатынан бiр-ақ шықты. Қызмет­сiз қалған соң бiр айдай өзiн қоярға жер таппай, үй маңында сенде­лiп жүрдi де, ақыры Абай ескерткiшi маңына жиналатын қарттардың тобына қосылды.

Әрине, бұл адамдар - ана жылдары бұл сырттай көрiп жүрген қарттар емес, мүлде басқа жандар, тәуелсiз Қазақстанның жаңа шалдары... Бiрақ ештеңе өзгермеген сияқты. "Алдыңғы толқын ағалар, кейiнгi толқын iнiлер, кезекпенен өлiнер, баяғыдай көрiнер" деп данышпан Абай айтқандай, бұлар да бұдан отыз жыл бұрынғы шалдардан айнымайды. Тек, сырттай қарағанда әрине. Ал iштей үңiлсеңiз, баяғы қарттарға ұқсамайтын көп айырмашылықтарды табасыз.

Алғашқы жолы Ерсайын үлкендерге сәлем берiп, бiр шетке келiп жайғасқан. Ешкiм "сен кiмсiң" деген жоқ. Бар болғаны жаңа адамға үдiрейiсе бiр қарап қойды. Келесi жолы түстанысқа айналады екенсiң. Ендi жөн сұрасу бас­талады. Аты-жөнiң, қандай қызметте болғаның, туған облысың, ру-тегiң түгел алақанға түседi. Саған ендi күдiк жоқ. Қарттар қауымының еркiн мүшесi­сiң. Бұл арада сенi ешкiм тiзiмге алмайды, журналға тiркемейдi. Келмесең, жоқтамайды. Тек бiрер апта көрiнбей кетсең ғана: "Бiр жаққа барып қайттың ба, көрiнбедiң ғой" деп сұрап жатады. Ал мұнда келетiндер бiр-бiрiмен талайдан таныс сияқты. Бiрiн-бiрi Мәке, Сәке, Жүке деп атап, кездескенде шұрқырасып қалады.

Былай қарағанда, зейнеткердiң бәрi тең сияқты ғой. Бұл сырттай қарағанда ғана солай. Араласа келе, жақыннан көз салсаңыз, араларындағы алшақтық бадырайып көрiнiп тұрады. Алла тағала әу баста адамзатты бiр­келкi жаратпаған ғой. Бiлiм-бiлiк, мiнез-құлық, кiсiлiк деңгейлерi әртүрлi. Бiреулердiң көрген-бiлгенi мол, соған орай әңгiмешiл, мұндай қартты оты­рыс­тың гүлi деуге болады. Ал ендi бiреулер - құлақ молдасы, олар қарттардың қасына әңгiме тыңдау үшiн келетiн сияқты. Әлеуметтiк, тұрмыстық теңсiздiк те бiрден көзге ұрады. Бiреу - бай, бiреу - кедей, үшiншi бiреу - орташа. Бұл жағын сен есепке алмағаныңмен, қарттардың жүрiс-тұрысы, киген киiмi, қылаяғы ұстаған таяғына дейiн әйгiлеп айтып тұрады. Өмiрде кiм батыл, кiм жасық, кiм кеуделi, кiм бүгежек, бұл да қарттардың тұрмыс-күйiнен хабар бередi.

Бұл туралы ел iшiнде тарап кеткен мынадай анекдот бар. Бәлкiм, шын бол­ған оқиға. Екi қарт осындай саябақтардың бiрiнде ұшырасып қалады ғой. Екеуi де тiлдесетiн кiсi таппай, iшi пысып, ерiгiп келе жатса керек:

- Әй, шал, неге сәлем бермейсiң? - дейдi бiреуi әдейi сөз шығару үшiн.

- Мен неге сәлем беруiм керек? Өзiң неге сәлем бермейсiң? - дейдi екiншiсi.

- Мен сенен үлкенмiн ғой...

- Оны қайдан бiлдiң? Көрсет куәлiгiңдi!

- Көрсетсең, көрсет!

Бұлар сол арада куәлiктерiн тексе­рiп көрсе, екеуi түйдей құрдас болып шығыпты. Ендi қайтпек керек?

- Қазiр ақшаның заманы ғой. Кiмнiң пенсиясы аз болса, сол сәлем берсiн, - дейдi бiреуi тұрып.

- Мейлi, солай-ақ болсын. Әкел зейнет куәлiгiңдi!

- Әкелсең, әкел!

Бұлар зейнет кiнешкасын салыстырып көрсе, екеуiнiң пенсиясы да бiр­дей болып шығады. Бұдан да нәтиже шықпаған соң, алғаш сөз бастаған шал:

- Әй, шал, балаң қандай қызмет iс­тей­дi? Соны айтшы, солардың дәре­же­сiне бағынайық. - дептi.

- Менiң балам аудандық сотта тергеушi.

- Ендеше, менiң балам - облыста прокурор.

Осыдан кейiн баласы ауданда iс­тейтiн қарт, амал жоқ, прокурордың әкесiне сәлем берген екен:

- Ассалаумұғалайкүм, құрметтi ақсақал!

Бұл әзiл үшiн айтылған сөз болғанымен, осының астарында бiраз ой жатқаны анық. Шынтуайтқа келгенде, зейнеткердiң қоғамдағы орны, оларға жасалатын сый-құрмет бiр кезде өзi атқарған қызметiмен ғана емес, балаларының бүгiнгi қызмет-дәрежесiмен өлшенетiнi тағы бар. Министрдiң әкесi, әкiмнiң әкесi, депутаттың әкесi, елшiнiң әкесi, миллионердiң әкесi... дегендер ел iшiнде ерекше абырой-беделге ие. Ас пен тойда, төрде отыратын - солар, дастарқанға бата берiп, сөз бастайтындар - солар.

Алайда бұл дүниеде түбегейлi қатып қалған не бар? Шен-шекпен, мансап қандай баянсыз болса, сол арқылы қонған жасанды абырой да кiсiге опа бермейдi екен. Жоғары қызмет­тегi баласы парақор-жемқор атанып, орындарынан алынса, не iсi сотқа берiлсе, оның күйiгiн әкесi байғұс тартады екен. Ерсайын баласының арқасында сый-құрметке бөленген сондай бiр қартты бiлушi едi. Баласы iстi болып, ұсталған күнi әлгi ақсақал жүрек талмасына ұшырап, ана дүниеге аттанып кеттi... "Жақсы бала әкесiн төрге сүйрейдi, жаман бала көрге сүйрейдi" деген осы.

Сырт қарағанда, бұл қарттар заманы өтiп кеткен, қазiр ешқандай рөл ойнамайтын, басы артық жандардай көрiнгенiмен, олар да осы қоғамның мүшесi, қоғамға тән мiнез-құлық оларға да жат емес. "Сананы тұрмыс билейдi" деген рас. Әр алуан мүдделер, көзқарастар қақтығысы қарттар арасында да белгi берiп қалады. Сондай-ақ бiреу дiндар, бiреу сопы, бiреу әлi күнге дейiн атеист дегендей, ол да бiлiнiп тұрады. Сонан соң, кiм қай рудан, билiкке жақын үстем рудан ба, әлде оппозицияға бүйрегi бұрып, үлестен қағылып жүрген қадiрсiз рудан ба, ол да сезiлмей қалмайды.

- Е-е, Алла тағала, ел-жұртқа тыныштық бере гөр! Халыққа қанағат, патшаға тәупих бер. Сұғанақтың сұғынан, тiл-көзден сақта! Елiмiз ойпыл-тойпыл өзгерiстен аман болғай! - дедi үнемi тәспих тартып, төрде отыратын, үстiне қымбат костюм киген, мол денелi, қызыл-күрең жүздi Мәкең ақсақал.

Бұл - әрине, өз өмiрiне дән риза, төрт түлiгi сай, молшылықта тұратын адамның сөзi. Ал, "ойпыл-тойпыл өзгерiстен сақта" дегенi жалпақ жұртқа қаратылған ба, әлде облыс әкiмiнiң орынбасары боп жүрген ұлының болашағын ойлағандық па, жiп тағу қиын едi.

- Аумин, айтқаныңыз келсiн! Қашанда ел-жұрттың тыныштығын ойлаудан танбайсыз-ау, Мәке! - дедi үнемi соның қасынан қалмайтын, бiр кезде Мәкеңнiң қоластында iстеген қатпа қара шал қолма-қол iлiп әкетiп.

Мұндайда әркiмге алма-кезек сұрақ қойып, әңгiменi қыздырып отыратын бiр кiсi бар. Ол - баспасөзде ұзақ жыл қызмет iстеген, қу бастан қуырдақтық ет алатын, шәкене бойлы, шегiр көз, сары шал. Сол жымың-жымың етiп, жаңағы тәспих тартқан қартқа қадала қарап отырды да:

- Мәке, айтыңызшы, сiз бiлесiз ғой, әрине... Жұма намазы кезiнде имамға бiр табан таяу отырасыз... Осы менi көптен мазалап жүрген бiр сұрақ бар, - дедi отырғандарға жағалай көз тастап.

- Иә, не сұрайын деп едiң? Айта бер, - дедi Мәкең оған бiртүрлi секемдене қарап.

- Айтсам, Алла тағала Адам атамызды топырақтан жаратыпты. Сонан соң, оның бiр қабырғасынан Хауа анамызды жаратып, сол екеуiнен бәрiмiз таралыппыз... Ал Iбiлiс-шайтанды оттан жаратыпты. Шайтанның мiндетi - адам баласын азғыру, жолдан тайдыру... Менiң түсiнбей жүргенiм, адам-пендесi шайтанның азғыруымен жолдан тайса, перiштелер оны күнәға жазып, мақшар күндерiнде тозаққа салып қинайды екен. Осының өзi адамға жасалған қысас емес пе? Iбiлiс-шайтанды жарат, сонан соң оны адамды аз­ғыруға жұмса, ақырында шайтанның тiлiне ерген пенденi жауапқа тартып жазала... Сонда, бұл өзi қалай болғаны? Адам сорлыға тым обал емес пе?

- Оны мен қайдан бiлейiн... Ол жағын мешiтке барып, мүфтиден сұра! - дедi Мәкең жауап беруден жалтарып.

- Мәке-ау, мүфтиге бiздiң қолымыз жете ме. Маған сiздiң жауабыңыз да жетiп тұр, - деп қадалды шегiр көз шал.

- Әй, осы журналистер-ай, қадал­ған жерлерiңнен қан аласыңдар-ау! - дедi Мәкең ақсақал ренжiп. - Менiң ойымша шайтанды, сiрә, адамды сынау үшiн жаратқан шығар. Бес күндiк жарық дүние пенденi сынау үшiн берiлген дейдi ғой... Қорықпа, бiр Аллаға сиынып, таза жүрсең шайтан саған түк те iстей алмайды.

- Рақмет, Мәке. Шайтанның шантаж жасауы бейiшке баратын жолды қиындату десеңiзшi, айналып келгенде, - дедi шегiр көз шал әлi де күдiгi тарқамаған кейiппен. - "Албасты қабаққа қарап басады" дейдi ғой. Шайтан да иi жұмсақ, жiбi бостарды айналдыратын шығар.

Ана дүниенiң шаруасын бiрыңғай­лап тастаған шалдар ендi мына дүние­ге ауысты. Көпшiлiгi аудандық, облыс­тық деңгейде қызмет iстеген адамдар. Өз тұстарындағы әлдебiр басшының әдiлдiгi, батылдығы, тағы бiреу­лердiң қорқақтығы, тайғақтығы сөз болады. Олар дүниеден өтiп кеткен жандар ғой, жасқанбай, емiн-еркiн сөз етуге болады. Шалдар да қу, бүгiнгi басшылар жөнiнде аяқтарын аңдап басады.

Таяуда мынадай әңгiме болды. Осы елдiң басшысы бiр жиында "бұдан кейiн қоластындағы қызметкерi парақор-жемқор болып шықса, соны жұ­мыс­қа алған бастығы қоса жауап бередi" дептi... Шалдар "бұл бiр та­уып айтылған iс болды" десiп, соны бiраз сөз қылды.

- Осы "жемқор" деген пәле қайдан шықты? Баяғы бiздiң тұсымызда мұндай iс жоқ едi ғой, - дедi әңгiмеге араласпай, көбiнше үнсiз отыратын пұшпақ бөрiктi шал. Бұл - көптiң көңiлiнде жүрген жай болса керек. Оған әркiмдер пiкiр қосып, дуылдасып кеттi.

- Ол заманда адамдар таза едi ғой...

- Сталин заманында жемқор қайдан шықсын. Қырманнан бiр шелек бидай ұрлаған кiсiнi Сiбiрге айдап жiберетiн.

- Қалай дүр, осы "жемқор" деген сөз бiзге азаттықпен бiрге келдi. Ұрылар да бостандықты күтiп жүрiптi ғой...

- Қалай жеудi үлкендер көрсеткен соң, төмендегiлер аянып қалсын ба. Әлгi "балық басынан шiридi" деген рас, - десiп жатыр.

Осы тұста тағы сол шегiр көз сары шал суырылып алға шықты.

- Жалпы, елбасының маңайына кiлең жемқорларды жинап алған бастық жауапқа тартылсын дегенi өте дұрыс, - дедi ол да қостап. - Ал, бiрақ сол бастықтарды тағайындаған адам бар ғой. Мәселен, жемқор министр­лер, әкiмдер ұсталып жатыр, қоғам қауiпсiздiгiн сенiп тапсырған генералдар қашып барып, шетелде бой тасалап жүр... Ендеше, соларға кезiнде лауазым-шен берген кiм? Өз үкiмiмен қызметке тағайындаған кiм? Таңдап алған кадрларынан соншама жемқор, сатқын шыққан басшы неге жауапқа тартылмайды?!

Отырғандарда үн жоқ, бiр-бiрiне қарап, бақырайды да қалды. Бейне, дауыстары iштерiне түсiп кеткен секiлдi. Тек әлден уақытта:

- Бауырым-ау, мынауың - бұл жерде емес, парламентте айтылатын сөз ғой! - дедi шет жақта отырған бiреу.

- Сен өзiң кiмсiң? Оппозициялық партиядан емессiң бе? Аузыңа ие болмай қайдағыны айтып, бүйректен сирақ шығарып отырады екенсiң! - дедi тәспих тартқан бiрәдар шал кәдiмгiдей ашуланып.

- Көңiлдегi дүниенi сыртқа шығармай iшке бүгiп, рак болатын жайым жоқ, - дедi шегiр көз сары шал да берiспей. - Түсiнбеген нәрсеңдi өздерiңiз сияқты көзi ашық үлкендерден сұрап алғанның несi айып?

- Ту-у, саған дауа жоқ екен! - деп бiрәдар шал етегiн қағып тұрып кеттi.

"Құрысын, бiр пәлеге ұрынбай тұрғанда үйге жетiп алайық" дедi ме, басқалар да орындарынан дүрк көтерiлдi...

Арада бiрнеше күн жауын-шашын болып, қарттардың басы қосылған жоқ. Тек, күн көзi шығып, әуе райы тү­зелген соң, қонақтауға келген құстардай, ескi мекендерiн қайта тап­қан. Бiрнеше күн үйде қамалып отырғанға iштерi пысып қалған ба, әңгiме дүкенi қайта қызды. Бәрi де теледидар көрiп, газет оқып, бiраз өсек-аяң жинап келген екен, соларын ортаға салды.

Бүгiнгi әңгiме қырғыздар жайында. Бiр жұманың алдында қырғыздар өздерiнiң тәуелсiздiк тұсындағы екiншi президентi Бакиев дегендi тақтан тайдырып, қуып жiберген екен. Қазiр қаладағы үлкен жаңалық осы болып тұр. Бұл қырғыздарға президент құтаймай-ақ қойды. Осыдан төрт-бес жыл бұрын тұңғыш президенттерi Ақаев та халық қаһарынан қашып, Мәскеуге барып тығылған. Ал мына Бакиев бiрден Мәскеуге жетiп баруға ұялған болар, Беларусь астанасы Минскiнi паналапты.

Бұл жағдай әңгiме таппай жүретiн бiздiң шалдарға жақсы болды. Рахат! Өз бастығың емес, өзге елдiң президентi туралы қорықпай сөйлесуге болады.

- Дегенмен, осы қырғыздарың - жауынгер-ақ халық, - дедi бұрын әңгiмеге көп араласпайтын Жүкең деген ақсақал. - Олай дейтiнiм, олар айналасы он шақты жылдың iшiнде екi президенттi айдап тастады ғой. Мойындау керек, мұндай ерлiк бiздiң қазақтың қолынан келмейдi.

- Олай болатыны, қырғыздың ұжымы берiк. Оның үстiне, олардың жерi шағын ғой. Көтерiлiске шыққан күнi бәрi бiр кiсiдей Пiшкекке жетiп келедi, - дедi қырғызға қонысы жақын пұшпақ бөрiктi ақсақал.

- Ол жағы солай-ақ болсын. Ал осы президенттердiң басына iс түссе болғаны, бiрден Мәскеуге қашатыны несi? - дедi бұрын сауда саласында iстеген Сәкең деген ақсақал. - Орыстар да оларды жат көрмейдi, қашып барғандарды туысқаны келгендей құшақ жайып қарсы алады?

Бұл бiр ойға келмеген қызық жай екен. Отырғандар бiразға дейiн үнсiз қалды.

- Ой, тәйiр-ай, соны да бiлмей­сiңдер ме? - дедi тағы да шегiр көз сары шал жұртты жалт қаратып. - Бiздiң "президент" деп жүргендерiмiз­дiң бәрi - компартияның бұрынғы басшылары емес пе. Мәскеу - олардың ұшқан ұясы, қазақша айтқанда, төркiндерi... Тақта отырған кездерiнде олар мiндеттi түрде Кремльге қызмет етедi. Бастарына күн туғанда, Мәс­кеу­ге қашып барып тығылатыны содан.

Бұл жолы оған қарсы шыққан ешкiм болмады.

- Әй, Төке-ай, бiлмейтiнiң жоқ-ау! - дедi бiр шал оны сүйсiне қостап. - Шынында да, солай екен-ау өзi. Одақтас Республикалар тәуелсiздiк алдық дегенiмен, балшабектердiң билiгiнде қала берiптi-ау...

- Балтық елдерi мен Грузиядан бас­қасы, - дедi шегiр көз шал оның сөзiне түзету енгiзiп.

Бұрын көп мән бермеген кейбiр жайларға көздерi ендi жеткендей, қарттар бiр сәт бастарын изеп, отырып қалды.

- Әйткенмен, осы қырғыздардың етi тiрi, кеудесi жоғары, - дедi пұшпақ бөрiктi шал сөне бастаған әңгiменiң отын қайта көсеп. - Мен жақында Талас жақтағы бiр ағайынның тойына барып қайттым. Бiздiң бiр туысымыз қырғыздан келiн түсiрiптi. Қырғыз құдаларды күтiп, қауқылдасып отырмыз. Кейде әлденеге таласып қаламыз... Бiр құдамыз тым өркөкiрек, қылжақ­бас­тау кiсi екен. Бiр кезде сол отырып:

- Егер дұрыстап өлшесе, қырғыздың жерi көлем жағынан қазақ даласынан бiр де кем емес! - деген пiкiр айтты. Бiздiң жақта да небiр қызба жiгiттер отырған.

- Құда, өзге еркелегiңiздi көте­рейiк, бiрақ мынауыңыз тым артықтау! - дедi солардың бiрi.

- Түк те артық емес! - дейдi әлгi құда мiзбақпай. - Егер қырғыздың тау­ларын үтiктеп жiберсе, көлемi қазақ даласынан кем түспейдi...

Сөз тапқанға қолқа жоқ. Тойда отырғандар әлгiнiң сөзiне мәз болып, күлiсiп алдық, - деп пұшпақ бөрiктi шал әңгiмесiн аяқтаған.

- Қалай десеңiз де, осы қырғыздарда ежелден келе жатқан бiр қызғаныш бар, - дедi шегiр көз, сары шал тағы бiр әңгiменiң шетiн шығарып. - Қайтсiн байқұстар, қазақ жерiндей асты-үстi бiрдей кенiш даласы болмағанға, Әз Тәукедей, Абылайдай данышпан хандары болмағанға iштерi өртенетiн шығар...

- Осы бiздiң Кенесары ханға да қастық жасаған солар емес пе? - дедi Сәкең ақсақал сөз қосып.

- Дұрыс айтасыз. Қырғыздың Жантай және Орман деген манаптары хан Кененi қапыда қолға түсiрiп, ханның басын орыстарға үш мың күмiске сатқан! - дедi шегiр көз, сары шал. - Бiздiң қазақ кең ғой, кек сақтамай бәрiн тез ұмытып кетемiз. Сол қылығы үшiн қырғыздар бiзден әлi күнге дейiн кешiрiм сұраған жоқ...

Шалдардың әңгiмесi емiн-еркiн. Бiр мәселенi шешу, немесе бiр тақырыпты соңына дейiн iндету шарт емес. Бiрдi айтып, бiрге оп-оңай көше салады. Кейде газетке басылған әлдебiр мақала әңгiме өзегiне айналып кетедi. Мiне, бүгiн де солай болды. Басқалардан сәл кешiрек келген шегiр көз шал қолына ұстаған әлдебiр газеттi көптiң алдына жайнамаздай жайып салды.

- Бұл дүние не болып барады, жарандар? - дедi келген бетте дабыл қағып. - Бұрын атын ғана еститiн лаңкес деген пәледен аман едiк. Мiне, ол да жетiптi елiмiзге...

- Не дейдi?

- Тағы не боп қалды? - дестi отырғандар үрпиiсiп.

- Ақтөбеде атыс болып, екi полицей мен төрт лаңкес оққа ұшыпты. Террористер жасырынған үйден бiраз қару-жарақ табылыпты...

- Осы хабарды мен мана радиодан естiп, түсiне алмай қойып ем. Ол өзi қайдан келген лаңкестер екен? - дедi кiшкентай транзиторын қолынан тастамайтын пұшпақ бөрiктi шал.

- "Террорист" деп жүргендерi - бас­тарына ақ кепеш киген сол ауылдың балалары көрiнедi. Өздерiн "уахабис­пiз" дейдi екен...

- "Уахабис" дегенi не пәле тағы да?

- Уахабис - араб елдерiнде исламның бiр бұтағы көрiнедi. Соңғы жылдары бiз, демократ болғанның жөнi осы деп, шет жұрттық миссионерлерге есiктi айқара ашып қойдық емес пе. Ендi соның сазайын тартып отырмыз, - дедi газеттi елден бұрын толық оқыған шегiр көз шал.

- Ол үшiн өкiметтi кiналауға болмайды! - дедi тәспих тартып, төрде отырған Мәкең ақсақал шегiр көз шалды ұнатпай. - Күнi кеше өздерiнiң коммунист, атеист болғанына қарамай, бiздiң басшылар дiнге кең жол ашып қойды емес пе.

- Апыр-ай десейшi, - деп соның қасынан қалмайтын қатпа қара шал бiрден iлiп әкеттi. - Астанада дiншiл­дерге арнап тұрғызған пирамиданы айтсайшы! Соны салуға қанша мил­­лион кеттi дейдi, құдай-ау...

- Әр үш жыл сайын дүниежүзi дiнбасыларын жинап, құрылтай өткiзiп жүргенiн қайда қоясыз? - дедi оларды тағы бiр шал қостап.

- Соны айтпайсың ба! - дедi тәспих тасын санап отырған Мәкең ақсақал шегiр көз шалға алая қарап қойып. - Әлем дiндерiнiң басын қосу - iрiмiз деп жүрген алпауыт мемле­кеттердiң бiреуiнiң ойына келдi ме? Тағы да бiздiң басшылар - әлем елдерiне үлгi көрсетiп жүрген...

Қарсыластары бастырмалатып кеткенге, шегiр көз шалдың жүнi жығылып қалған сияқты едi. Бiрақ ол тағы бiр пәленi ойлап отырған секiлдi. Көпшi­лiкке қарап, жымия күлiп алды да:

- Мiне-мiне, менiң күдiктенетiн жерiм де дәл осы ара! - дедi таспих тасын санаған Мәкең ақсақалға көз қиығын салып. - Дүниежүзiнде бiр кезде дiн таратқан, пайғамбарлар, әулие-әмбиелер тұрған орталықтар бар ғой. Мәселен, Сауыт Арабиясы, Рим-Ватикан, Ерусалим, Қытай, Үндiстан сияқты... Сол елдер дiн­дердiң басын қосам, дiн туралы әңгiме қозғаймын десе құп жарасар едi. Ал бiздегi күнi кеше "дiн - апиын" деп жар салған балшабектер "калимаға" тiлдерi келмей жатып, дiндi насихаттауға қалай құлшына кiрiсiп кеттi? Осының өзi атақ шығарудың, өздерiн жарнамалаудың амалы емес пе?!

- Жарнамаласын. Онда тұрған не бар? - дедi қатпа қара шал бiрден қарсы шауып. - Қазiр жарнаманың заманы. "Асың барда ел таны берiп жүрiп" деген қайда? Жер жүзiнiң поп­тары мен ламалары бiздiң жаңа астанамызды көрiп, таңғалуының өзi неге тұрады?! Дiн басылардың бетi берi қараса, басқалары қайда барады?

- Анда-санда өстiп бiр тауып айтатының бар-ау! - деп Мәкең ақсақал атқосшысын қостап қойды. - Өткен құрылтайда Астанаға келген бiр тақыр бас лама: "Бiз мұндай сый-сияпатты өз елiмiзде де көрiп жүргенiмiз жоқ. Дiнге қамқор болып отырған дәл Қазақстандай басқа бiр мемлекеттi көрген емеспiз. Сiздердiң басшыларыңыз Нобель сыйлығын алуға лайық!" дедi-ау көзiне жас алып.

- Мiнеки, мәселенiң түп қазығына ендi жеттiк! - дедi шегiр көз шал мәз болып. - Дiнбасылардың басын қосу бiзге не үшiн қажет болғанын ендi түсiнген шығарсыздар. Өзiмiздi солардың аузымен мақтату, сол арқылы көкейiмiздi тескен сыйлыққа қол созу...

Мынаны естiгенде, Мәкең ақсақалдың ашуланғаны сонша, қолындағы тәспиғын асығыс жинап, қалтасына тыға салды:

- Осы сен-ақ тырнақ астынан кiр iздеп отырады екенсiң! - дедi шегiр көз шалға шақшия қарап. - Әттең, бiзде демократия... Сөз бостандығы бар. Әйтпесе, заң орындарына айтып, қаматып тастайтын-ақ қудың өзiсiң ғой...

Кейде отырыстың аяғы осылай талас-тартысқа ұласып кететiнi бар. Не iстейсiң, Мәкең ақсақал айтқандай, демократия... Сөз бостандығы. Қайда барсаң да алдыңнан шығатын - саясаттанған дүние... Көп мәселелер жайында парламенттегiлер жұмған ауыздарын ашпаған соң, қолы бос шалдар оны, амал жоқ, осындай отырыстарда сөз қылады. Күш-қайраты тiлiнде қалған жандар ғой, ойдағысын айтсын олар да... Iштегi ащы запыранды тыққыштап жинай бермей, уақ-уақ осылай сыртқа шығарған пайдалы. Қарттардан өзара шер тарқатысатын қысыр кеңестi аяймыз ба?! Дүниенiң кiлтi өздерiнде тұрғандай сезiнiп, олар да ортамызда жүре берсiн.

"Жас Алаш" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019