Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 4277 0 пікір 22 Сәуір, 2022 сағат 11:47

Жанкештілер жыршысы

Теңізі тартылған, ауасы жазда қапырық ыстық, ара-арасында топырақ суырып, азынаған желі тұратын сол өңірде кіндігінен байланып, нәпақасын теріп жеп, ілгері-кейінді тіршілік кешіп жатқан жаны сірі адамдардың тұрмыс-тіршілігін, төрткүл әлеммен сабақтасқан әлеуметтік мәселелерін тереңірек сезінгіңіз келсе, мархабат, белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбайдың прозасын оқыңыз. «Ән салуға әлі ерте», «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Жер үстінде де жұмақ бар» романдары ма, «Құлан жанарындағы ғұмыр», «Тоқта, өлемісің» повестері ме, болмаса көптеген әңгімелерін айтасыз ба, алдыңыздан сол өңірдің сыры терең, арман-мұраты асқақ, мінездері қайсар адамдары шығады.

Оу, бұл өңірдің мәселесін атақты жазушы Ә. Нұрпейісов «Соңғы парыз» романында үңгіп жазды ғой, одан артық не айтуға болады дейді пенде көңілің. Мәселе көп екен, тым көп. Төңіректің апшысын қуырып, от-жалын шашып, көкке бет түзеген Байқоңырдың ғарыш кемелері, жер жүзін дүр сілкіндірген әлемдік сенсациялар... Әлемдік өркениетке мүлде қарама-қарсы темір жол бойындағы жұпыны Төретам стансасы... Сөйте тұра, қазақ деген текті халық қой, бүкіл түркі жұртының киесіне, даңқына айналған Қорқыт баба күмбезі осы жерде. Ен даланы шарлаған көне қобыз сарыны... Теңіз тартылып, құрлықпен жалғасқан Барсакелмес қорығы... Табанында йод тұнған Қамбаш көлі... Тағысын тағылар.

Адам мен табиғат арасындағы байланыс, адамның табиғатқа жасап жатқан ашкөздігі мен табиғаттың кері әсері, пиғылдар қарама-қарсылығы мен ұлы державалық үстемдік, туған жерге кіндігінен байланған қарапайым адамдардың тіршілік үшін арпалысы мен үміті, арманы – жазушы Қуаныш Жиенбай шығармаларының үзілмес желісіне айналған. Бір шығармада басталған желі келесі туындыда жаңа қырымен тереңдеп дамиды.

«Оу, аяқ астынан не бүлініп қалды? Жау қуып келе жатқандай жеңіл мәшинесімен темір қақпаға соғыла жаздап, оқыс тоқтағанын қайтейін; ізінше есігін тарс жауып, сыртқа атып шыққанын қайтейін; міне, сонан бері бетон табалдырықтан не ары, не бері өте алмай селтиіп әлі тұр. Күртешесінің жағасын көтеріп алды. Жиек-жиегіне зер жалатқан қоңыр көзәйнегі де төсқалтасынан оп-оңай табыла кетті» («Даңқ түрмесінің тұтқыны» романы).

Жазушының роман-повестеріне де, әңгімелеріне де осы стиль тән. Кейіпкерінің жан-дүниесіне алғашқы сөйлемнен енгізе салады. Автордың өзі тасада. Алдыңнан мың толқып, мың кейін шегінген адам психологиясының терең иірімі ашылады. Жетектеп барады... Тосырқамайсың. Өйткені осы бір көңіл-күй саған да, маған да жақын. Етене. Оу, адамның жан дүниесі мұхит емес пе?! Шалқиды, тасиды, кейде кенересі кеуіп суалады. Автор оның деталін тапқан. Романның бас кейіпкері білдей қызметкер Баймырза Нұртайштың әйелі онкологиялық емхана жатыр. Оңай деймісің? Жаның темірден жаратылмаса, ішкі әлеміңді азаптаған түрлі күйге түспей көр. Апырай, жұрттың көзіне қалай түсер. Мына, емхананың көрінісі қандай суық.

«Онкологиялық аурухана: алдымен заһар шашқан дәрі-дәрмектің иісі тынысыңды тарылтар; кірпіктері әзер қимылдайтын міскін жанарлар тұла бойыңды тінткілер; ақыры өзің де ыңғайсыздау хал кешерсің. Жаның ышқынып, тұмсық ұшына тіреледі. Тұла бойыңды әлдеқайдағы әлсіздік билейді. Жә-жә, ендігі арманы – жазатайым біреу-міреудің көзіне түсіп қалмау. Есепке жүйрік. Қатерлі ісікке шалдыққан жүз қаралы адамның кем дегенде үш жүзге тақау тамыр-танысы бар. Білсеңіз, үш жүз адамыңыз – бір қауым ел. Олар осы қаланың тұрғылықты халқы ма, әлде шабан пойыздың артқы вагонына әзер билет алып, сонау Сырдарияның теңіз құяр сағасындағы балықшылар ауылынан келетін бейтаныс біреулер ме – Баймырза үшін бәрібір. Мұның да бармаған жері, баспаған тауы қалды ма?! Қызмет бабымен талай дастарқаннан дәм татқан. Міне, сол таныстарының бірі Баймырзаны қапелімде танып қалмай ма: «Оу, Баймырза Нұртайш, мұнда не ғып жүрсіз?..» Сасқалақтағанда аузына жөнді сөз түсе ме: «Салтанаттың сырқаттанып қалғаны». Арқасын беріп, теріс бұрылар. Сізбен сөйлесуге көңілімнің хошы жоқ дегенді түсіне қоя ма бұл қазақ? Қазымырланып тағы нелерді сұрағыштап, кісінің жүйкесін жұқартар: «Әйеліңіз ауырса сізге де қиын болған екен...» - деп жаны ашығансиды ғой және де. «Замминистр Баймырза Нұртайұлының ісік аурулары ауруханасын жағалап жүргендігін, оу, қалай түсінуге болады? Тегін жүріс пе? Әйелін сылтауратып... сыңайы...» Сол күні-ақ әлгі «жаңалық» жарты қалаңызды жаулап алар».

Жазушы, марқұм Дүкенбай Досжан қанша дегенмен шығармашылықтың қайнауында піскен тұлға ғой. Қ. Жиенбайдың жазу стилінің ерекшелігін дәл анықтайды. «Қазақ әдебиеті де авангард үлгісінен ада-күде емес, ол әрдайым әлемнің төрт бұрышында туындаған ауқымды коллизия мен жанрлық фабуланы бойына молынан сіңіріп дамыды. Мұхтар Әуезовтің 20-шы жылдар басында жазған «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімелерінде батыстың таңдай қағып, бас ұрып мінажат еткен осынау әдіс-тәсілінің нышаны айқын сезіледі. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы қазақ бойжеткені Ақбілек пен орыс офицерінің бірін-бірі тілмен емес, ишара, мегзеу, сезім иірімдері арқылы түсінуі – қазақ прозасындағы авангард нышандары. Арада қаншама жыл өтті, нешеме майталман жазушылар шыңдалудың шыңына көтерілді, маңдайалды неше алуан тақырыптарды игерді. Арнасы кең алқапқа жайылып ағатын дария секілді сөз өнерінің бүгінгі бастау бұлағының бір тармағы Қуаныш Жиенбай есімімен тығыз байланысты.

Бұрқырап шығып жатқан өзге кітаптарға ат ізін салмай-ақ, Қуаныш қаламынан туған хикаяттар мен әңгімелерге арнайы тоқталу себебіміз: оның сөз саптасында авангард нышаны, ой ағыны анық көзге ұрып, мен мұндалап тұрады. Жазғыштығында сөз жоқ. Қаламгер қалай жазады?.. Нендей көркем тәсілге жүгінеді, гәп сонда» деп таниды аға жазушы.

Авангард нышаны... Иә, Қуаныш Жиенбайдың прозасын өзгелерден даралап, шоқтандыра түсетін де осы басқаға ұқсамайтын өзіндік жазу стилі тәрізді. Бұл оңайлықпен иегірілмейтін жазу мәнері. Ара шекті қатаң сақтамаса, автордың қазымырға, езуі көпірген көк мылжыңға айналып сала беруі бір-ақ пәсте. Дегенмен осынау кірпияз жазу тәсілін автор жақсы игерген деп білеміз.

Енді жоғарыда келтірілген үзіндіге қайта оралайық. Романның бас кейіпкері Баймырзаның кім екенін, басына қандай іс түскенін образдың жан дүниесіндегі тынымсыз сілкіністер аңғартады. Замминистр... Екінің бірінде жоқ биік мансап қой. Сонда да оның басында өзгеден қуыстану тәрізді пенделік сезім бар. Жазушының артықшылығы да осында. Қатаң, стандартты кейіптен қаламгерлік бағытын аулақ салады. Романда замминистр болып сіресіп қалған Баймырзаны көрмейсіз. Ол да ет пен сүйектен жаралған. Әсілі, ол осы пенделік сезімімен сізге жақындай түседі. Пенделік сезімнен Сіз адасыз ба? Пенделік сезімсіз адам бола ма? Кейіпкердің плюстен минуске, минустен плюске ауытқуын жазушы осылайша қалт жібермей үңги суреттейді. Осы ретте ой ағынымен үндескен авангардтық стиль – қопара бейнелеу жазушының оңтайынан келген.

Шығармадағы өзге кейіпкерлер де осылай өріледі. Жалпы, Қ.Жиенбайдың қай-қай туындысы болмасын психологиялық тартысқа, кейіпкерлердің жан дүниесінің ішкі иіріміне құрылады. Соның деталін сәтімен табады. Салтанаттың күтпеген тұстан аты жаман кеселге ұшырауы өзіне де, өзгеге де жеңіл ме? Режиссерлік жұмыста әзірге жолы болмай жүрген ұлдары Ғафизге анасының дерті оңай тимеген. Тұрмыс құрып, жолы болмаған бір кездегі уыздай жас келіншек Ұмытқанның қазіргі күйі ше? Тағдыр айдап, Барсакелмес аралынан бір-ақ шыққан оның жан дүниесінде де дәл осы мезетте дүниені өртеп жіберердей мазасыздық бар. Жалғыз ұлы Қабыл орталықта түрмеде отыр. Жазығы - вертолетпен аралға құлан атуға келген әкімсымақ, жартыкеш байлардың масайраған балаларының мылтығын тартып алып, төбелерінен бір атып, қуып шыққаны. Қабыл бір кездегі беделі дүркіреп Аралға, одан Барсакелмеске келген қадірменді Баймырзаның ұлы болып шықса қалай? Міне, осындай шиеленіскен ситуацияларда авторды оқиға емес, ең алдымен, сол оқиғаның кейіпкер жүрегіне түсірер барша салмағы мен кері серпілісі қызықтырады. Әр кейіпкер өзінше күй кешіп толғанады. Көзқарас-пайымдары бөлек. Тіпті қарама-қарсы. Автор олардың ісіне, көзқарасына араласпай, еркіне жібереді. Алайда, бір қызығы – романда әр қиырдан бас көтерген кейіпкерлер бәрібір бір нүктеде тоғысып, бірін-бірі толықтырып, мінез-болмыстарын ашып жатады. Бірінің сырттай дүркірегенмен, пенделік-пұшайман кейпі, екіншісінің өмірдің соққысына ілініп, қиын күй кешкенмен, сақталып қалған кісілік тұлғасы айшықталады.

Мәселен, әкесі Баймырзаның көңілі толмайтын ұлы Ғафиздің режиссерлік бейнесінен Алматыдағы желтоқсан көтерілісінің шынайы кадрларын түсіруге ұмтылған өлермендік іс-әрекеті байқалады. Кейіннен онысы жойылып, жасаған туындылары жарық көрмесе, оның жалын атқан кеудесінде наразылықтың оянуы, іштей күйінуі заңды емес пе? Ғафиздің өнер жолында өзіндік ұстанымы бар. Жасандылыққа қарсы. Автор кейіпкерін бәрібір томаға тұйықта қалдырмайды. Қазіргі уақыт құрсауда қалған жабық кезең емес. Сол Ғафизің енді шетелдік үлкен ғалымдармен бірігіп, жер бетіндегі ең қаны таза халық – қазақтар екендігі жөнінде фильм түсірмек. Шығармашылық процестің шешімін таппай, тынымсыз ой кешуде. Ал сол экспериментке ілігіп, қазақтың ең таза қанын араб ханзадасына беріп, өмір сыйлаушы Қабыл болып шықса ше? Жазушы адам жаратылысының соншалықты күрделі, һәм кереғарлығын сөйтіп образ басындағы әр алуан күй арқылы алға тартады.

Кейіпкерлердің күрделі тағдыры туған жер экологиясымен байланысқан. Баймырзаны да сонау астанадан жетектеп Аралға әкеліп отырған да сол Кіші Аралдың проблемасы. Жерлестерінің қолқалауымен келген. Қолында Байқоңыр айлағының жер асты суының картасы бар. Тылсым табиғаттың пәрша-пәршасын шығарып, мезгіл-мезгіл коммерциялық ракеталарды аспанға ұшырып жатқан алпауыттардың іздегені осы емес пе – мол су қоры? Баймырзаның өміріне жететін қаражатты бір-ақ аударар. Кіші Аралдың теңіз құмынан үйілген бөгеті күшті дауылда жырылып кетіп, соқпа толқын Баймырзаны қаңбақтай ұшырып, батпаққа тыққан. Табиғаттың іштей тынған дүлей мінезін, қаһарын көріңіз. Баймырза есінен танып, әупіріммен аман қалған...

«Ән салуға әлі ерте» романындағы Әбдімәлік пен Қаражан да ойсыз, қамсыз жандар емес. Іргеден қара дауылды құйындатып аспанға көтерілетін ракеталардың зардабын жақсы біледі. Бірақ атамекеннен безу ойда жоқ. Ыстығына, суығына көнген. Әрекетшіл де тынымсыз. Айлақтың астамшыл әскери шенділерімен тіл табысып үлгірген. Әбдімәлік байқоңырлықтарға халықтың сенімді өкілі болып танылса, Қаражан - темір жол стансасының бастығы. Заманның беталысын тамыршыдай түйсінген Әбдімәлік өзі басқарған совхоз тараған соң да қарап қалмай, космодром іргесінен жеке меншік түйе фермасын ашқан. Сөйтіп денсаулыққа аса пайдалы кептірілген шұбат – Байқоңырда әлемдік брендке айналған. Ғарышқа көтеріліп пайдаланғанда, кенеттен кеме ішінің жусанның жұпар иісіне бөленуін айтсаңшы бәрінен. Боз жусанды дала ғарышқа көшіп келгендей. Ғарышкерлер аңыз қылады. Әбдімәліктің пайдасы шаш етектен. Бірақ оған тоқтап қалар Әбекең жоқ. Табанында йод тұнған Қамбаш көлі қазаққа Жаратқанның бере салған ғажап сыйы екен ғой. Йод жетіспейтін адамдарға бірден-бір ем көзі екен Қамбаш көлі. Космостық зерттеу де осыны дәлелдеген. Енді осы байлықты неге игермеске. Неге көл жағасына ақшаңқан саноторий үйлерін салмасқа. Сонда әлемнің түкпір-түкпірінен йод жетіспейтін ауру адамдар Қамбашқа ағытылмай ма?.. Содан соң көр, дөй Әбдімәлікті. Ой-қиялы шарықтап, іске құмбыл кірісіп кеткен. Қаражанның ой-өрісі одан кем емес.

Романда қытымыр табиғатқа қарамай, туған жердің тірлігін дөңгелетуге ұмтылған кейіпкерлер суреттеледі. Бірақ мұнда да автор оқиға сорабында кетпей, басты желіні кейіпкерлердің ішкі әлеміндегі тартысқа құрады. Әрқайсысының жан дүниесін сөйлетудің оңтайлы кілтін табады. Жалпы, Қ. Жиенбай прозасындағы басты ерекшеліктің бірі осы деп білеміз. Ойсыз-қамсыз адам болмайды. Кім-кімнің де көңіл түкпірінде үлкенді-кіші түйткіл, жан жарасы жатады. Жаратқан Ие адам деген пақырды жаратқанда осындай ойлауды, мазасыз күй кешуді қоса берген. Осы сипат автор туындысында басымдыққа ие болады. Күйеуі Әбдімәлік екі қабатты коттедж салып беріп, сырт қарағанда аста-төк өмір кешіп жатқан Патшагүлдің бала көтеріп, әйел бақытын сезіне алмауы, оған керісінше Әбдімәліктің қайтыс болған бірінші әйелінің қызы Мейрамкүлдің аяғының ауыр болуы, жастайынан аурушаң болып, пансионатқа өткізілген Әбдімәліктің үлкен ұлы Әнуарбектің жазылмас жан жарасы, Әбдімәлік пен Қаражан арасындағы бәсекелестік пен қызғаныш – қаламгердің романда індете суреттейтін нысанына айналған. Тұтастай алғанда, әлеуметтік өткір мәселелер мен адам жан дүниесіндегі қым-қуыт қайшылықтар жазушы шығармаларында қос өрім болып тұтасқан.

Автордың «Жер үстінде де жұмақ бар» романы жөнінде бұған дейін баспасөз бетінде пікір білдіргенбіз. Жалпы, бір өңірдің Тәуелсіздік жылдарындағы өзгерісі мен Арал теңізінің тартылуымен келген қайғы-қасіреті, қандай қиындық болса да, туған жерінен бір елі ажырамаған адамдарының жанкешті тірлігі мен әр алуан психологиясы Қ.Жиенбай туындыларының үзілмес алтын арқауына айналған. Өзіне етене жақын тақырып әр алуан характерлермен айшықталады. Кейіпкерлері тағдырдың айдауымен басқа өңірге көшіп, Алматының, басқа да ірі қалалардың қақ төріне орналасса да, бәрібір туған жерін, көк теңізін сағынып жүреді. Түсінде шалқыған айдынды көреді. Үміт өлмейді.

Биыл 70 деген мерейлі жастың желкенін керген Қуаныш Жиенбай - қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілі. Оның жазған туындылары өзге қаламгерлердің шығармаларына ұқсамайды. Бақытын да, абыройын да қаламынан тапқан. Асығып, аптығын біреулердің алдына түссем деп өзеуремейді. Өзіне сенімді. Біз байқағанда, бүгінгі аға қаламгердің жастарға айтар тілегі бар: қазіргі прозашылар тым батысшыл болып кеткен тәрізді, олар, ең алдымен, қазақ прозасының қайнарымен, классикасымен сусындауы қажет емес пе дейді. Новель сыйлығын алып жатқан кей шетелдік жазушылардың деңгейі өзіміздің Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, тағы басқалардан артып кетіп жатқаны жоқ. Ойланарлық-ақ пайым. Солардың қатарына Қуаныш Жиенбайдың да салмақты прозасын қосар едік. Оның туындылары Сырдарияның төменгі ағысын қоныс еткен дүйім елдің өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері басынан не өтіп, қалай тірлік кешкенінің көркем шежіресі іспетті. Арпалыс та, жанкешті еңбек те, табиғаттың тозуынан туған зауал да суреткер көңілінен таса қалмайды.

Аға жазушыға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз. Жазарыңыз көбейсін.

Сәмен Құлбарақ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, Тараз қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377