Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5332 0 пікір 29 Қазан, 2012 сағат 13:32

Ел Үкіметі қазақ анимациясына көмек беруі қажет

Біле-білсек, анимациялық фильм, яғни мультфильм мықты идеологиялық қару. Бұл қаруды тиімді пайдаланған ел әлемді билейтін түрі бар. Себебі анимация бала санасын жаулаумен айналысады. Олай болса біздің балаларымыз жат елдің идеологиясының құрбанына айналып барады. Балалар арасындағы қылмыстың орын алуы, бесіктен белі шықпаған баланың ата-анасына қарап анайы сөздер айтуы сияқты түрлі жағымсыз жайттар сол шетелдік мультфильмдердің «арқасы» емес дей алмаймыз.

Біле-білсек, анимациялық фильм, яғни мультфильм мықты идеологиялық қару. Бұл қаруды тиімді пайдаланған ел әлемді билейтін түрі бар. Себебі анимация бала санасын жаулаумен айналысады. Олай болса біздің балаларымыз жат елдің идеологиясының құрбанына айналып барады. Балалар арасындағы қылмыстың орын алуы, бесіктен белі шықпаған баланың ата-анасына қарап анайы сөздер айтуы сияқты түрлі жағымсыз жайттар сол шетелдік мультфильмдердің «арқасы» емес дей алмаймыз.

Бұған басқа емес, өзіміз жол беріп қойдық. Отандық телеарналарымыз да «үлес қосып» жатыр. Себебі олар отандық мультфильмдерді көрсетуге құлықсыз. Айтар сылтаулары отандық мультфильм қымбат дегенге саяды. Құдай-ау, дейсіз мұндайда, бала болашағынан, ұлт қауіпсіздігінен қымбат нәрсе болушы ма еді? 
Бұл біздің ғана емес, отандық аниматор­лар­дың жанайқайы. Қазақстан аниматорлары қауым­дастығының төрағасы, режиссер-ани­матор Батырхан Дәуренбековтің айтуынша, қазіргі таңда мемлекет қолдауымен киноин­дустрия дамып келе жатқанымен, анимация саласы кенже қалды. Соның салдарынан балаларға арналған мультфильмдер аз түсіріліп жатыр. Балалар шетелдің шалдыр-шатпақ дүниесін көріп әуре. 
«Идеологиялық тұрғыдан алғанда анима­циялық фильмдердің бала тәрбиесінде маңызы зор. Ал бүгінгі күні өскелең ұрпақ шетел туын­дыларын көріп өсіп келеді. Олар болмысымызға жат, салт-дәстүрімізге кереғар дүниелер ғой» дейді қауымдастық төрағасы. 
Бұған анимацияны дамытуға жеткілікті деңгейде көңілдің бөлінбеуі себеп болуда. Енді күні кеше ғана құрылған Қазақстан анима­тор­лар қауымдастығы осы мәселеге қоғам назарын аударуды мақсат етіп отыр. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегенді түсінген болса керек, еліміздегі он шақты анимациялық жекеменшік студиялар бір ұйымның астына бірігіп, ресми сайттарын ашып, қоғам пікірін де ескеріп әрекет етуге белді бекем байлады. Олар анимациялық фильмдерге көзқарасын өзгертіп, сірескен мұздың күбесі сөгіліп, мемлекет отандық мультфильм­дер­ден қаржы аямаса, ұлттық туындыларды ту­ғызуға сақадай-саймыз дейді.

«Қазір Қытай, Жапония, Франция, Германия сияқты елдер бұл салаға стра­тегиялық тұрғыда мән беріп отыр. Ал көрші Ресей мемлекеті осы жылы ани­мация саласына 300 млн доллар көлемінде қаржы бөлді. Біздің елде де осындай қол­дау көрсетілсе дейміз. Бізде сапалы мульт­фильмдер жасайтын мамандар, анима­торлар баршылық. Олардың көпшілігі қол­дау болмағандықтан, мүмкіндіктерін іске асыра алмай, басқа салаларда жүр. Сол мамандардың жетістіктерін еліміз­дің болашағы - балаларымыздың тәр­биесіне жұмылдыруымыз керек» дейді Б.Дәу­рен­беков. 
Алайда отандық мультфильмдердің сапасы сын көтермейді, ұйқыңды кел­тіреді, дубляжы тартымсыз деген пікір де жоқ емес. Бірақ соңғы жылдары анима­ция саласы аяғынан тұрғанын айтуы­мыз керек. Сапалы фильмдер сапқа қосылып жатыр. Алайда сол мультфильмдерді отан­дық телеарналар көрсеткісі келмейтін көрінеді. «Олар «Том мен Джерри», «Спанч Бобты» көрсетеді. Осынау бір түсініксіз жұмсақ ысқыш, дұрысы құбы­жық барлық ұлт ұрпағының үлгі тұтар бей­несіне айналды. Бұл мультфильмді ба­лаларға көрсетуге шектеу қою қажет» дей­ді аниматор Адай Әбілдинов. Оның пікірінше, қазақ фольклоры «Дисней», «Dreamworks Аnimation», «Marvel» ки­но­студияларының таспаларында жоқ біре­гей әрі барынша қызықты бейнелерге бай. Ол кейіпкерлерді батыстық стереотипті басып тастайтындай қызықты етіп беруге болады. 
Рас, анимация инемен құдық қаз­ған­дай ауыр еңбек, секундына 24 сурет са­лынуы керек. Енді есептеңіз, бір ми­нут­та 60 секунд бар, ал 10 минутта 600 се­кунд бо­лады. Сол 10 минуттық мульт­фильм үшін 14400 сурет салынуы керек. Осын­дай қажырлы еңбекпен туған туын­дыны телеарналарға кімнің тегін бергісі келеді дейсіз? «Сондықтан олар біз ұсын­ған бағадан бес есе арзан шетелдің мульт­фильмдерін алады. Онда да прокатының мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен ортан­қол дүниелерін алады. Атын айтпай-ақ қояйын, маған бір телеарнаның басшысы «Том мен джери» мультфильмінің бір жылдық сериясын 7 мың теңгеге сатып алдық деді. Әрине, біз Уолт диснеймен та­ласа алмаймыз, бірақ сол Уолт диснейдің қоймасында шаң басып жатқан фильмді көрсетуден ұтарымыз не?» дейді Ба­тыр­хан Дәуренбеков. Оның айтуынша, Қытай мемлекеті өзге елдің мультфильм­дерін елге енгізуге тыйым салған. Ал біздің ба­ла­ларымыз үшін «Шрек», «Спанч Боб», «Бет­мэн», «Өрмекші адам», «Кунг Фу Панда» әлдеқашан идеалға айналып кетті. Олардан Ер Төстік, Толағай туралы сұ­расаң мүдіріп қалатыны да содан. 
«Бәріміз де бала болдық. Кеңес за­ма­нындағы мультфильмдерді көріп өстік. Ол мультфильмдерде ақ пен қараның күре­сінде қашанда ақ жеңіп шығады, содан да болар сол заманда патриоттар тәрбие­ленді. Біз мемлекет басшыларына осыны жеткізгіміз келеді, бала болашағымыз десек, анимация саласын дамытуымыз ке­рек. Бір сағаттық мультфильммен-ақ тұ­тас буынды тәрбиелеуге болады», - дейді Б.Дәуренбеков. 
Т.Жүргенов атындағы өнер академия­сы анимация кафедрасының меңгерушісі Қайырғали Қасымовтың ел Үкіметінің қазақ анимациясына көмек беретін кезі туды деп санайды. «Мемлекет экономика­сын бір жүйеге қойып алғанша өзімізше әрекет жасадық, ал енді мемлекеттің қа­зақ мультфильміне қолдау көрсету арқылы қазақ баласына көңіл бөлетін кезі жетті. Біздің қазақ ертегілері мен фольклорында баланы қалай тәрбиелеу керек екені жа­зылып тұр. Біз мультфильмдерге сол дү­ниелерді негіз етіп алсақ та жетіп жа­тыр. Сонымен қатар балалар жазушы­лары мен драматургтерді тартқымыз ке­леді» дейді ол. 
Айта кетейік, жуырда «Сақ» киносту­диясы жазушы Сәуле Досжанованың «Май­маққаз» атты сценарийіне мульт­фильм жасап шықты. Сценарий авторы мультфильмге немерем арқылы келдім дейді. «Бізде балалар әдебиеті кенже қа­лып отыр. Балаларды дұрыс тәрбиелеу үшін жақсы мультфильмдер түсірілуі ке­рек. Үйдегі бала көз ашқаннан теледи­дар­дың алдынан шықпайды. Соған жақ­сы мультфильм керек, бұған жазушы­лар да атсалысуы тиіс» деген пікірін айтты С.Дос­жанова. 
Біздің түсінгеніміз, анимация саласы­на қаржылай қолдау болса, жетіп жатыр. Соның бір мысалы, «Қазақфильмнің» тапсырысы бойынша «Сақ» киностудиясы түсірген «Қошқар мен теке» анимациялық фильмі. Бүгінде бұл фильмнің музыкасы балалардың ұялы телефондарында жүр. Міне, дәл осы киностудия жылына 15 ми­нуттық 10-15 мультфильм шығаруға қау­қарлы. Алайда тапсырыстың аздығынан жылына екі-ақ мультфильм шығаруда. 
Аниматорлар 1 сағаттық мультфильм­дер жасағысы келгенімен, оған жеке студиялардың ақшасы жетпейді екен. Сон­дықтан мемлекеттен қолдау күтеді. Олардың есебінше, орташа сападағы 1 сағаттық жақсы мультфильмге 5 млн дол­лар керек екен. Осы тұста айта кетер­лігі, мемлекет қолдауымен жасалып жатыр деген «Ер Төстік» анимациялық фильмінің экранға қашан шығары белгісіз көрінеді. 2010 жылы қолға алынған бұл жоба ары кетсе бір жарым жылда экранға шығады деп еді. Алайда арада үш жылға таяу уақыт өтті, Ер Төстікті экраннан көре алмай отырмыз. Ал жекеменшік студиялар сол фильмді 1-ақ жылда жасап берер едік дегенді айтады. 
Айтқанда, аниматор Адай Әбілдинов түсірген «Аңшы» мультфильмі 2010 жы­лы Ресей мен Украина бірігіп өткізетін «КРОК» фестивалінде майталман анима­торлардың оң бағасын алыпты. Бұл фес­тивальге соңғы 20 жылда бірінші рет қа­тысқан осы фильм болыпты. Ал былтыр аталған туынды «Бастау» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алған. Ең қызығы, шет­ел мойындап, жүлде алған мультфильмді біздің телеарналар көрсеткісі келмейді. Соның салдарынан балаларымыз дема­лыс сайын шетелдің мультфильмдеріне телміруге мәжбүр. Сонда біздің теле­ар­налар қай елге қызмет етеді?! 
Аниматорлар қауымдастығы мемле­кеттен қолдау керек дегенімен, қолда­рында қазақ анимация саласын дамытуға бағыт­талған қандай да бір жұмыс жоспар­лары жоқ болып шықты. Өзек жарған мәсе­лелерін де әлі күнге бірде-бір депу­татқа айтып көрмеген. Бұл міндетті бас­пасөз-мәс­лихатына келген БАҚ өкілдеріне ысыра салды. Ал біздіңше, анимация са­ласын дамыту мәселесі «Ақпаратты Қа­зақстан -2020» бағдарламасын талқы­лауға ұсынылуы керек секілді. Себебі атал­ған бағдарламаны талқылау кезінде қазконтент мәселесі де өткір көтерілген болатын. Сол мәселені шешуге анима­тор­лар да тартылса, қос тараптың да қала­-ғаны жүзеге асар ма еді?.. 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Астана

"Айқын" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338