Сейсенбі, 26 Қараша 2024
46 - сөз 3855 20 пікір 29 Сәуір, 2022 сағат 11:47

Трайбализм дерті асқынуда

Дерттің қордаланған орны аса жоғары лауазымды мырзалардың кеңселері дейді. Ақ орда мен Үкімет үйіндегі ұлықтардың қайсысы қай жүзден, қайсысы қай тайпадан екенін білетіндер әу бастан жазып-ақ келеді. Кім кімнің құдасы, кім кімнің жиені екенін, кімнің қандай рулық кланның өкілі екенін де айтты. Жазылған жайды қайталауға құлқым жоқ, өйткені ештеңені өзгерте алмаймын.

Мені қынжылтатыны, облыстық, аудандық деңгейдегі рушылдардың іс-әрекеттері. Олар жөнінде көлемді мақаламда баяндағанмын. Енді осы өзекті тақырыпқа оралып, бұрынғы жарияланымның кейбір тұсын пайдаланған жайым бар.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Май ауданын Малайсары батыр ауданы деп қайта атауға бастама көтердік. Тіпті ұсынысымызға негіздеме боларлық жайттарды алға тарттық. Мәселен, өзге облыстарда Бұхар жырау, Төле би, Әйтеке би, Райымбек батыр атындағы аудандар бар. Қарағанды қаласының бір ауданы Қазыбек би аталады. Жаугершілік заманынан кейінірек өмір сүрген Шал, Махамбет ақындардың есімдерімен аталатын аудандар да бар.

Солай бола тұра, рулық мүддені жалаулатқан аудандық деңгейдегі атқамінерлер өре түрегеліп, біздің бастамамызға қарсы арыз-шағымдарды қардай боратты! Жасыратыны жоқ, олардың арасында менімен ағайын қаракесектер де болды. «Егер Май ауданы Малайсары ауданы аталса, бұл өңірдің бәсентиіндердің жері екені ресми дәлелденіп, біздің кірме екеніміз білініп қалады. Осы себепті орысша болса да, Май атауының сақталғаны дұрыс!» деген ұстанымды ұлықтады. Жаман ойды ішіне бүккен рушылдар аудандағы шовинистермен, нигилистермен "одақ" құруға дейін барды. Ақыры көздегеніне жетті. Бірақ ескертейін, бұл – олардың түпкілікті жеңісі емес!..

Былтыр Баянауылда «Есімі орта жүзге ұран болған» Ер Олжабай мен Шойынды көл маңында шаһит болған жас батыр Жасыбайға кешенді ескерткіш орнату ісі қолға алынған еді. Мүсінде Ертістің Баянауыл өңірін жоңғар шапқыншылығынан азат еткен қаһарман бабаларымыздың жиынтық образы сомдалған. Амал не, сол шақта тіпті ру ішіндегі аталардың белсенділері аттан сап атқа мінді! Ойлары белгілі: «Екі батырдың даңқы біздің аталарымыздікінен асып кетеді». Айтар сөзі көпшілікке аян: «Алдымен жолды жөндеңдер, кәріз жүйесін салыңдар!..», тағысын тағылар. Әлеуметтік салаға жыл сайын бюджеттен арнайы қаржы бөлінетінін әлгілер білмейді емес, біледі. Әйтсе де, мақсаты: қайтсе де Олжабай мен Жасыбай батырларға ескерткіш орнатуға жол бермеу! Тым болмаса, Ұлы тәуелсіздіктің 30 жылдығы кезеңінде бірінші рет қолға алынған және ірі мецанаттар мен қоғамдық қорлар қаржыландыратын жобаға сол «шіркіндер» үлес қоспаса да, қарсылық көрсетпесе қайтеді?..

Олардың пайымдауынша, Малайсары мен Жасыбай батырлар қазақтың егемен елдігін қорғау жолында шаһит болған жоқ, бәсентиіндердің жерін қорғап өліпті-міс... Олжабай батыр қазақ-жоңғар соғысындағы аса көрнекті қолбасшы емес, әншейін Сүйіндіктің Айдабол руының Малқозы атасынан шыққан көп батырлардың бірі ғана...

Ақыры не керек, Баянауылда «Рухани жаңғыру», «Мәдени мұра» бағдарламалары аясында басталған ауқымды іс жаңа әкім келген соң тоқтатылды» – деген «ұзынқұлақ» хабар бізге де жетті. Соңы немен аяқталатынын көрерміз...

Трайбализм дерті мәдениет саласындағы шолақ белсенділердің арасында ғана емес, білім беру саласы басшыларының ортасында да кең тараған десек, қателесе қоймаспыз. Айталық, атасы мықты бір шенеунік облыс білім басқармасы басшысының орынтағына отырып еді, сол кісінің руластары бөлімдер басшысы, мектептер директорлары болып шыға келді... Алдына барған ата-аналарға, тіпті қоғам қайраткерлеріне шекесінен қарайды. Түр-әлпетімен «Қолыңнан келсе, қырып ал!» – деген ойды меңзеп, кәдімгідей доқ көрсетеді... «Тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге кіредінің» кері.

Рушылдар топталып аудан, қала, облыс әкімдерінің үстінен арыз-шағымдар жазуға, әлеуметтік желілер арқылы өсек-аяң таратуға, БАҚ-та сын мақалалар ұйымдастыруға әбден машықтанған. Ұят, обал деген түсінікке түкіргені бар. Не Құдайдан сескенбеді не Олжабай, Малайсары, Жасыбай батырлардың аруағынан қорықпайды!

Трайбализмнің аса қатерлі дерт екенін осыдан біліңіз! Рушылдарды сол дерттен қалай емдейміз? Дәл қазір менің қолымда трайбализмге қарсы амал-айла жоқ. Қайтсек екен?..

Арман Қанидың жазбасы,

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006