Домбырасы – 1 миллион доллар
«Қасиетті көк түйе» атты композициялық керемет туындыны көргенде аузымыз аңқайып қалды. Қорқыттың қара қобызы, қасиетті домбыра, қара шаңырақ, Қожа Ахмет Йассауи кесенесі сынды халқымызға тән қасиет пен киелердің бәрін арқалап, боздап тұрған көк түйе. Зер салып қарасаңыз, осы бір ғана түйенің бойынан 78 туындыны көруге болады екен.
«Қасиетті көк түйе» атты композициялық керемет туындыны көргенде аузымыз аңқайып қалды. Қорқыттың қара қобызы, қасиетті домбыра, қара шаңырақ, Қожа Ахмет Йассауи кесенесі сынды халқымызға тән қасиет пен киелердің бәрін арқалап, боздап тұрған көк түйе. Зер салып қарасаңыз, осы бір ғана түйенің бойынан 78 туындыны көруге болады екен.
Мәселен, түйенің шудасы бір жерде қарлығаш, бір жерде барыс болып ширатылып жатады. Бір көріністің өзі төртке бөлініп көріледі. Қобыздың басынан қос қарлығаштың бейнесі шығады. Екі қарлығаштың жиынтығынан халыққа аяғының ұшымен қызмет етіп жүрген патша баланың бейнесі шығады. Патша баланың бір қолында кітап, бір қолын «сабыр» деп көтеріп тұр. Патша баланың ортасынан жарып шығып өрмелеп келе жатқан барыстың бейнесі. Азу тісін ақситқан көк бөрі, оның астында Күлтегін бабамыздың бала шағы, ана мен бала, аяғына сұр жылан оратылған қыран бейнеленген. Бірімен-бірі сабақтасып, тамырласып жатқан кереметтер. Өзімізді қойып, енді түйенің өзін сөйлетейік, не дер екен? Түйеміз бүй дейді: «Бұл бір жалған дүние тар секілді, суға құлап жоқ болған жар секілді. Талай-талай сүрлеуден өтті-ау бабам, Ауыр жүкті арқалап нар секілді... Көптен күткен көк бөрі қайта оянды, қанын жұтып ішіне зар секілді. Көк бөрінің көк туы көкке өрлеуде, көктем-көңіл енді еріген қар секілді...».
Аталмыш туындыны бір жарым жыл бойы тынбай еңбектеніп жасаған қолөнер шебері Гауһарбек Күнхожаев Түркістан қаласында тұрады. Туып-өскен жері - Арыс қаласының маңайы. Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтын бітіріп, мамандығы бойынша бірер жыл оқу орнында дәріс берген, кейін біржола қолөнерге ауысқан. Адам бойына кез келген өнердің алдымен атаның күші, ананың сүтімен сіңетіні анық. Әкесі Баянбай емші әулеттен шықса, шешесі Зәбира Номанқызы той-томалақта әуелете ән салатын, оған қоса сырмақ, кілем тоқитын ісмер жан еді. Нағашы атасы Күнхожа домбыра жасайтын шебер әрі күйші болған, ел аузында ол кісінің желеп-жебеп жүретін «сары жыланы» болған деген де сөз бар.
Аталарының аруағы қолдаған болу керек, Гауһарбек ең алғаш әскерде жүргенде тылсым түс көрді. Түсінде үнемі домбыра тартып немесе ағаштан домбыра құрастырып жататын. Бұрын-соңды ағаштан мүсін ойып көрмесе де, «тәуекел» деп ең алғашқы домбырасын құр жалаң пышақпен ойып шығарды. Сол домбырасы әлі күнге сақтаулы.
2003 жылы «Киелі домбыра жасап ал» деген тылсым түс көрді. Сөйтіп, түсінде көрген туындысын құрма жемісінің сүйегімен сызып шықты. Тағы бірде таң намазы үстінде әлі жасалмаған ерекше домбыраның нұсқасы төрт рет өздігінен сәуле шашып жарқырады. Сол үлгі бойынша «Түркістан домбыра» жасап шықты. Домбырасын аттай қалап алғандардың ішінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртай Әбіқаев, Голливуд жұлдызы Стивенсон, т.б. бар.
Белгілі дизайнер, профессор Аманжол Найманбай аталмыш туынды жайында былай дейді: «Бұл - нағыз өнер туындысы. Оған күмән жоқ. Әрине, мамандардың әрқилы пікірлері болуы мүмкін. Ол міндетті де. Дегенмен мұндай туындылар жиі туа бермейді. Бауырымыздың жасаған еңбегінде қазақтың тотемдік, киелі ұғым-түсініктерінің жиынтығы төрт көзі түгел тұнып тұр. Мұндай туынды осы уақытқа дейін болған емес».
Гауһарбектің өзі құнын бір миллион долларға бағалап отырған, кәсіби шеберлердің таңдайын қақтырған туындысының қондырмасын Сыр бойында өсетін тораңғыл ағашынан жасаған. Тораңғыл шегедей қатты әрі жұмсақ ағаш. Оның сырын ағаштан түйін түйетін шеберлер жақсы біледі. Тораңғылды ел киелі санап, отқа жақпайды. Қазақ жерінің әр аумағындағы «Бес тораңғыл әулие» деген жер аттары да тегін шықпаса керек.
Кейіпкеріміздің қолөнерден басқа әншілік, сазгерлік, ақындық өнері бар. Әр туындысын өлеңмен өрнектеп, «сөйтетіп» қояды. Астана қаласының 20 жылдығы кезінде өткен спорттық іс-шарада ауыр кір тасын көтеруден екі салмақ (16 және 24 келі) бойынша да бас жүлдені жеңіп алғанын да айта кетелік.
Астана демекші, Гауһарбектің біз сөз қылған туындысын биіктігін он метр етіп көк тастан ойып, Астананың көрікті жеріне қояр ма еді, шіркін!...
Төреғали ТӘШЕНОВ
"Айқын" газеті