Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3025 0 пікір 8 Қараша, 2012 сағат 07:25

Серік Ерғали. «КӨСЕГЕ ҚАЙТСЕ КӨГЕРЕР» ... 20 жыл өткен соң

«Как нам обустроить Россию» (1990ж,шілде, http://www.lib.ru/PROZA/SOLZHENICYN/s_kak_1990.txt ) мақаласын жазған орыс шовинисі А.Солженыйцыйнға (қазақы транкрипциямен - осылай) жауап ретінде жазылған бұл жазынды бұдан 20 жыл бұрын жарық көрген еді.

Солженыйцыйн жазбасы барынша тұйыққа тірелді. Орыстың шовинистік қоғамы артымен сүңгіген үйректің күйін кешуде.Қарап тұрсам, сол менің арман-жазбамның бүгінгі Қазақ елінен көрініс тапқаны біршама екен. Сондықтан да оқырманға ой салу үшін біршама үзіктерін беріп отырмын.

 

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

Серік Ерғали

 

ҮЗІНДІЛЕР

 

Кіріспе

Бодан болғанымызға әрісін білмейміз, берісі -  300 жыл. Ал, соңғы 70 жыл отар екенімізді де ұмыттырып, мәңгүрткені мәлім.

«Как нам обустроить Россию» (1990ж,шілде, http://www.lib.ru/PROZA/SOLZHENICYN/s_kak_1990.txt ) мақаласын жазған орыс шовинисі А.Солженыйцыйнға (қазақы транкрипциямен - осылай) жауап ретінде жазылған бұл жазынды бұдан 20 жыл бұрын жарық көрген еді.

Солженыйцыйн жазбасы барынша тұйыққа тірелді. Орыстың шовинистік қоғамы артымен сүңгіген үйректің күйін кешуде.Қарап тұрсам, сол менің арман-жазбамның бүгінгі Қазақ елінен көрініс тапқаны біршама екен. Сондықтан да оқырманға ой салу үшін біршама үзіктерін беріп отырмын.

 

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

Серік Ерғали

 

ҮЗІНДІЛЕР

 

Кіріспе

Бодан болғанымызға әрісін білмейміз, берісі -  300 жыл. Ал, соңғы 70 жыл отар екенімізді де ұмыттырып, мәңгүрткені мәлім.

Айтып - айтпай не керек, азаттығымызды жарияладық. Иә, оны алған жоқпыз, жариялаған болатынбыз. Алдық деп айтуға әлі күнге мемлекет, ұлт тарапынан субъективтік жайттар жеткіліксіз. Ал, тәулсіздігімізді жариялатқан объективтік жағдай ғана. Сондықтан да, айтулы күш жұмсамай, алыспай-жұлыспай жариялаған Азаттыққа басқаны қойып, өзіміз де кейде менсінбей қарайтындаймыз.Тер сіңбеген жемістің қадыры әруақытта солай ғой. Азаттық та - еңбек пен күрес арқылы ауызға түсетін жеміс. Қай халыққа да бодандық бұғауын бұзу жеңіл болмаған, оңай бұзғанның өзінде оның артында түйедей төлемі жатады...

 

 

Сан мен сапа және уақыт

Әдетте аталмыш аспаптың іске жарауы ұлттың субъективті жағдайына (қара басына) байланысты.  Ал, ол жағдай ұлттың саны мен сапасынан тұрады.

Мемлекетіміздегі санымыздың аздығына өзіміз қынжылып, жауымыз бетке салық етуде...

Ал, сапамыздың төмендігі сөз болғанда ұлттың бастан кешкен тарихи объективті жағдайын ескермей, оның субъективті міндерін санамалап кететініміз бар. Ашығын айтсақ, жалқаулық, ауызбірсіздік, парықсыздық, дарақылық, іске икемсіздік сияқты міннің бәрі қазақы кемшілік емес. Бұл міндер - қазақтың қанына сіңген субъективті жайттар емес, бар болғаны объективті жайттардың салдары екендігіне көз жеткізетін уақыт жетті.

Саясатта батырлық емес, батылдық бар

Саясаттағы тактиканың мәнін тайыз ұғатындар ұшқары да үстем сөйлейтін қайраткерлерді нағыз саясатшы деп түсінетіні бар. Сөйтіп, бәсең сөйлеуші саясатшыны жалтақ, қорқақ санайды, оның әрекетін саяси жеңіліс деп бағалайды. Ал, жалпы саясатта «қорқақ», «батыр саясатшы» деген ұғымдар атымен жоқ, егер батыр екендігін дәлелдеуге тырысқан болса, оның шын аты - популист! Бірақ, саясаттың сүйікті қасиеті - батылдық. Батыл қадам жасалмаса, саяси бейшаралық - сол!

 

Қазаққа кәзір қай қабылет қажет?

... Абай атаған мін азайған жоқ, үстемеленді. Ең ауыры қазақы парасаттан (интеллект) ажырап, ебропалық парасатты игере алмай орта жолда қалып отырмыз. Бұл - ұлттығымыздың ең осал тұсы.

Ұлттық парасат - ұлттың рухани діңгегі. Бұл діңгек ұлттың тағдырына байланысты қалыптасқан объективті жағдайға байланысты не көгеріп, не қурап отырады. Қазақы парасатқа үлкен  нұқсан келтірген осы ғасырдың  4 онжылдығы...

 

Ұлттық сана мен парасат

Ұлттық сана дегеніміз - кез келген ұлттық мәселеге бүкіл халық болып бас қатыру көрінісі болса керек.

Ұлттық парасат - ұлттың асыл қаруы. Парасат болмай, ұлттық бірлік те қылаң бермейді. Парасат болмай, ешбір ұлттық асу алынбайды. Ұлттық парасаттың болуы өз алдына,оны ұлттың игілігіне жарата білу - ерекше бөлек мәселе.

 

Азаттық көсемсіз алынбайды

Дәл солай! Ұлтазаттық процесс - ұлы іс. Ұлы іс әруақытта ірі тұлғаларды қажетсінеді және тудырады, өсіреді. Оның мысалы аз емес: Әмрикада - Вашингтон, Үндістанда - Джавахарлал, Түркиеде - Ататүрік, т.б. осылай тізіліп кете береді. Егер біз қазырғы жайымызды ұлтазаттық процес ретінде мойындасақ, онда осы процесте ірі тұлғалардың жүруін қалауымыз қажет және оны тани білгеніміз жөн. Қысқасы, Азаттық әруақытта ұлттық көсемнің болуын қалайды, олай болмаған күнде процес жүрмейді, жүрсе де кесірге тап болады...

Әрине, қызыл идея «көсем» ұғымын «пайғамбармен» қатарластырып, асыра насихаттап, мәніне нұқсан келтіргені рас. Ал, «көсемнің» о бастағы мәніне ой жіберсек, ол - бар болғаны ұлтты ұлы іске жұмылдырушы. Ал, кәзіргі Қазақ жағдайында бұл мағынаны қанағаттандыратын тұлға ретінде Нұрекеңді (Нұрсұлтан Назарбаев) мойындау әділетті әрі шынайы...

 

Саяси қалып

Саяси қалып негізінен сыртқы саясатта өзін көбірек байқатады. Мәселен, АҚШ кәзіргі кезде дүние жүзіне бірден бір саяси ықпал етуші ретінде паңдана қимылдауда. Ал, Ресей өзін бұрынғы КСРО-ның қаншалықты мұрагері етуге тырысқанымен, оның саяси қалыбына бұл амбиция сыймай отыр... Ресей қазыр бейне бір шайпау әйел секілді. Бірде бұлай, бірде олай. Бұдан оның жаңа мемлекет ретіндегі жаңа саяси қалыбы әлі қалыптаспағандығын көреміз. Ендеше оның саяси іргетасы қаланбағаны. Бұл Ресей үшін ғана емес, өзгелер үшін де қауып. Бұл жағынан Қазақстан өзінің саяси кейпін біршама қалыптастыру үстінде. Оның саяси қалыбына ұстамдылық, байсалдылық, ұмтылғыштық пен бейбітқойлық тән екендігі айқындала бастады...

 

Геосаясат - елдің сыртқы тұрпаты

Қайбір тәуелсіз мемлекет өзінің дүниеге келуімен бірге саяси дүниеден өзінің орнын ала отырып, айналасымен қарым-қатынастық ауан дәйектейтіні бар. Саяси айналаны (геосаясатты) дәйектеуде кәзіргі саяси қалыптың біраз ықпалы бар. Шынын айту керек, Қазақстанның ішкі кейпі күрделі болғандықтан, оның геосаясаты да қарапайым бола қоймайды. Сондықтан бұл жайт Қазақстан жағдайында ежіктеліп барып, сомдалатын болар...

 

Қандай одақ қажет?

Жұрттың бәрінің есінде, федерация үшін де, конфедерация үшін де біздің президентіміздің бәрінен бұрын одақшыл ынтасының болғандығы. Тіпті, ақырында ТМДсыз қалатынымызға бөгет болған да сол. Не себеп? Президент сонша неге одақшыл? Бар мәселе: Қазақстан жағдайында империялық бұғаудан босаудың тактикасында. Ол бұл тактика бойынша Ресейден іргені үзілді-кесілді аулақ салу қаншалықты қауып екенін жақсы біледі...

Одақ демекші, ТМДдан қайран жоқ екені рас. Алайда, оның қаусаған сықпытының өзі Қазақстан үшін, айталық, Қытай секілді қорқаудан қорғайтын серік екені рас...

Әрине, одақтың бір нұсқасы: Орта Азия-Қазақстан. Алайда, бұл одақтан Қазақстаннан басқасына ғана саяси пайда көбірек. Ал, біздің солтұс шекараны әлдеқандай жағдайда ортазиялық бауырлардың қорғасуға дәті бара ма? Тіпті, бұл одақтың Тәжікстан шиеленісіне де араласуы неғайбыл...

Түркілік одақ қаншалықты мүмкін? Таяу мезгілде мұндай одақ жөніндегі бастаманың бола қоюы да неғайбыл. Бола қалғанның өзінде Қазақстанның ішкі әлпеті ондай одаққа жібере қоюы екіталай.

Ал, бұл бастаманы жалғыз егемен түркі елі Түркия қолға алса, үміт молырақ. Бірақ, жағалай жалаңаш елге жалғыз Түркия қамсау болуға жүрегі дауаламас...

 

Қоғамдық саяси сықпыт

Саяси ұйымдардың саны жөнінен мақтана алмайтынымыз рас. Кәзіргі өтпелі өлара кезең үшін бұл біздің бағымыз да шығар. Экономикалық қуатсыз, әлеуметтік әлсіз кезде саяси белсенім қоғам үшін бәрінен бұрын басты кесел. Мұны, ТЖМКден (ГКЧП) кейін алғаш құрылған республикашыл (1991 жылы «Азаттың» негізінде құрылған) партияның бастамашысының бірі болсақ та, ащы шындық ретінде мойындауға тура келеді. Қоғамдағы саяси белсенділік, әсіресе, біздің мешеу де жас мемлекет үшін аса қауыпты. Ондай белсенім үкімет ауыстыруға құштар, сол қылығымен-ақ, мемлекеттің дамуын жолдан қалдырады, тәуелсіздену қарқынын тежейді.

Қазақстан үшін қазырғы мемлекеттік құрылыс аяқталмай, жалпыұлттық билік орнықпай, қазырғы үкіметке тайталас (оппозиция) болудан сақтану керек, оған апаратын арандатудан абай болған жөн...    Шынын айту керек, әлдебір тарихи жағдай қалыптаспаса, қазырғы саяси ұйымдардың ықпалы жоқ. Бәлкім, бұл пайдалы да болар. Әйтпесе, «Азатпен» қосарланып «Единство» аренаны бермесе, мемлекетіміз не күйде болмақ. Әрине, бұл уақытша жағдай және осы саяси ауан әлеуметтік жабағы көтерілгенше сақтала тұрғай...

Қазыр Қазақстандағы саясатпен үш жақ айналысуда. Біріншісі - ресми басшылық, екіншісі - қоғамдық-саяси ұйымдар болса, үшіншісі -  ең енжар да бірақ дүлей саяси күш - қарапайым бұқара. Соңғы жақ әзірге, ұйымдарға да, басшылыққа да төтенше де тұтқиыл қарсылық көрсете алмайды. Оған қоғамдық психология жетілмеген және әлеуметтік көнбістілік етек басады. Рас, бұқара түрлі еңбек ұжымдары деңгейінде басшылыққа талап қою көрінісімен өз наразылығын білдіруде. Алайда, мұндай жайтты қазырғы әккі «коммунистік» басшылық айналып өту тәжірибесін игеріп те алды. Ендеше Қазақстан саясатына алғашқы екі жақ қана ауан жасайды.

 

Идеологиялық босаң (вакуум)

КСРОның ыдырауымен бірге күйреген марксизм-ленинизмнің орны жыны аласталған сарайдай даңғырайтыны рас. Әрине, аталмыш идеологиядай тұғыртасты болмағанмен, оның өткінші түрлері иесіз қалған ескі үйде соққан өкпектей азынап өтуде. Айталық, ТЖМКден (ГКЧП) кейін барлық республикалар жаппай тәуелсіздік идеологиясына бас қойды. Одан соң базаргөй экономика мінбеден сөз алды...

Айталық, базаргөй экономика туралы көп насихаттың орнына, бұрынғы коммунистік идея таптаурын еткен санаға қажетті қарапайым да нәзік идеология арқылы шаруа адамына қалай баюдың, шағын кәсіпорынды қалай құрып, басқарудың негіздері үгіттеліп отырса, қоғам қаншалықты алға басып, бұқара нақты іспен айналысуды бастап, ескі жүйенің құрым киізін жамылуды дереу тастаған болар еді...

Қазақстанның іші мен сыртынан ұлттық мемлекетке дұшпанкөз идеология бас көтермей тұрып, Қазақстан отаншылдығына, бауырластыққа, демократия мен базаргөй экономикаға табан тіреген прагматикалық идеологияны жолға салатын уақыт жетті. Әрине, идеология құр насихат пен үгіттен тұрып, оның өмірдегі нақты көрінісі болмаса, ол демогогиялы мылжыңнан әрі аспайтынын тағы ескеру керек...

Билік құрылымы

 

...Кеңес дәуірлі ескі Қазақстанда шын мәнінде көлбеу биліктің орнына, тоталитаризм жүгені ғана болды, ал көлбеу биліксіз қоғамда тігіңкі билік әруақытта бодандық пен демократиясыздықтың белгісі болып табылмақ.

Қазырғы Қазақстан билігін сөз етсек, көлбеу биліктің, яғни, билік бөлісінің іргетасы қалануда, алайда, Қазақстанның кәзіргі жағдайы оған түпкілікті нақты ұлттық сыйпаттағы билік құрылымын белгілеуге мүмкіндік бермей отыр. Сол себептен де Қазақстан өзінің билік құрылымын құруда да, атазаң (конституция) қабылдауда да өтпелі сыйпатты дүние иеленуге душар болуда.

Айталық, бізге кеңес өкіметіне, мұра боп қалған қазырғы Жоғарғы Кеңес ала-құла заңдарды балалататын орган ғана емес, оның дұрыс орындалу барысын бақылау мен қабылданған заңдарды бұқараға ұғындыру, насихаттау жайын іске асыру мүмкіндігінен тыс қалып келеді. Бұл -биліктің қауқарсыздығының көрінісі...

Жаңа Қазақстанның билік құрылымы кез келген мемлекет сияқты оның жераумақ бойынша билік бөлісіне байланысты. Қазақстанда кәзіргі кезеңде билік құрылымын жетілдіруге мүмкіндік бермей отырған себептің бірі де осы әкімшілік-жераумақтық бөлініс. Мемлекеттің қазырғы бұл бөлінісі тоталитарлық отарланған қуыршақ мемлекетке арналған тамаша жүйе екенін мойындайық. Тоталитарлық тәуелді облысқа, аудан-қалаларға одан ауыл-қыстаққа бөлінім, ашса - алақанында, жұмса - жұдырығында бола қалады. Және алда-жалда оның бір бөлігін Ресейге қосу керек (ондай сәт 70 жыл ішінде кез келген уақытта мүмкін еді) болса, солтұстан бастап облыстарды аумақ-аумағымен шекітіп ала бер. Ал, егер де олай болмай, Қазақстан бірден аудандарға бөлінгенде ол тоталитарлы түрде билеуге де мүмкін емес. Және саяси жағынан ресейлік орталықтың уысынан шыққан болар еді. Ал, Қазақстанды облыстарға бөлу оларды тікелей Мәскеуге бағындыратын өлкелерге айналдыруға да оп-оңай болатын. Қысқасы, Қазақстанның қазырғы әкімшілік бөлінісі тәуелсіз елдің жүйесі емес, отар елдікі...

Азат Қазақстанның билік-жераумақ бөлінісі қандай болуында оның бірегей (унитарлы) мемлекет екендігі, жераумағының кеңдігі, демографиялық алуандығы және дамушы ел екендігі ескеріліп барып, әрі қазақ халқының тарихи әкімшілік бөлінісінің дәстүрлері көрініс табатындай болуға тиіс. Ең бастысы - болашақ өркениетті де құқылы, демократиялық Қазақстанның ішкі саясатының ойдағыдай жүргізілуін қамтитындай мемлекеттің ішкі органы жан жақты ойластырылғаны абзал...

Кәзіргі кездегі жергілікті әкімшілік бөлініске жататын және бір бірін билік жағынан қайталап, ауқымы жағынан ғана ажыратылатын облыс пен ауданнан бір ғана бірлік жасақтаған тиімді. Дәлірек айтқанда, облыстық бірлік жойылғаны жөн. Мұндай бөлініс мемлекеттік биліктің ортаңғы звеносы болып табылатын облыста жөнсіз қаралмай-ақ, аудандарға ықпалын бірден тигізуге ыңғайлы және иерархиялы түрде аудандарды тоталитарлық жүйемен бағындырып келген облыстың ендігі жерде мәні де, сәні де жоқ, демографиялық әлеует те көтермейді, әрі атқару билігі үшін ұлыстық биліктің бірден аудандарға таралуы мемлекеттік билік тәртібін тиімді етеді.

Әрине, облыстық бөлініс бірлігі қысқарған жағдайда аудандардың мән-мағынасы облысқа теңесіп қоймай, олардың жераумағы да үлкен өзгеріске түсері хақ. Сонымен, нақты айтсақ, кәзіргі 220-ға таяған аудандардың санын 200-бен шектеу қажет. Бұл аудандар жераумағын, демографиялық жағдайы мен экономикалық, әлеуметтік ахуалдарының бір біріне барынша қарайлас болуы байланыстырыла қарастырылып барып қайта құрылуы керек.Ауданға қазырғы облыстық бағыныстағы қалалар жатқызылатын болады. Сонда кәзіргі аудандардың жераумағы біршама өзгеріп қоймай, кеңейіп, ал, кейбір аудандар қысқарысқа түседі. Әрбір ауданды ауылдар, кенттер (поселка) мен қалалар құрайды.

 

Астана және кіндік қалалар

Астана - қашаннан да мемлекет құрылысындағы айырықша қасиетті құрамта (компонент). Қазақстандай ірі мемлекет үшін астанаға бірнеше ерекше жағдай қажет. Атап айтқанда, жағырапиялық жағынан елдің орталық аумағында орналасуы; көлік қатынастары мен байланыстың астаналық торабының болуы; демографиялық құрамының ұлттық үлес пайдасында болуы; қоғамдық-саяси ауаны мен экологиялық жайлылығы және табиғат көркемдігі, сондай-ақ тарихи қасиетті мекенге жайласуы мен ел халқы үшін ерекше қасиетті орын екендігі; сонымен бірге қазырғы өркениетке сай сәулетті де сәнділігі. Ал, біздің Алматымыз астананың мұндай талабына сай келе ме?

Әрине, бір ғана қанағаттандыратын талабы - көркем табиғаты. Оның өзі де қаншалықты табиғи әсем болса, соншалықты жерсілкініс қаупы мол жағдайы тағы бар. Басты кемшілігінің тағы біреуі - оның еліміздің оңтұс шығыс шекарасына таяу орналасқандығы. Мұндай астананы бір самғауыр (самолет) немесе бір ұшаққа (вертолет) жүк болатын десант тобы-ақ басып алуы қыйын емес. Қысқасы, Алматы астана болар талапты қанағаттандырмайды. Оның үстіне соңғы кездегі қоғамдық-саяси ауаны мен әдеті жағымсыз үрдіске айналуда. Себебі, кәзірдің өзінде Алматыдағы қоғамдық-саяси қатпар (слой) саяси ілімсіз, қағидасыз, шулы тобырға көбірек ұқсап, ірі мемлекеттік қадамдар кезінде дұрыс ықпалдан гөрі кесірі тиіңкіреуде.

«Әйелді сынасаң, ішінде анаң да кетеді» демекші, астаналықтарға топырақ шашқандай болсақ та, байқалған мына бір сорақылықтарды атасақ, жала деп ешкім сөкпес. «Әкесі өлсе де естіртеді»: алматылық ағайындар елдің басқа өңірлерінен астанаға ынтыға барғандар үшін көбіне лепірмелік, даңғойлық, даурықпалық, мансапқойлық, іштарлық, менмендік, жікшілдік дағдыларымен көрінуі. Әрине, өте өкінішті.

Әсіресе, астана ретінде қазақ ұлтын біріктіру факторы болудың орнына, керісінше, жүзге, руға бөлініп, жіктелудің ордасы іспетті; қай жүз, қай рудан екеніңді Алматыдан үйреніп қайтатының ештеңе емес, рулық, жүздік деңгейдегі жіктеліске бой алдырып, оралатыныңа астана түрткі болса, қынжылудан басқа амал қалмайды. Бір қызығы, астанада әлі күнге аталған сорақылықтарға қарсы атойлап шыққан зиялы қауымды көре алмай отырмыз. Бейне бір шетінен зиялы қауымның өкілі емес, интеллигенттер (зиялы қауым мен интеллигенция ұғымдары қабыспайды) ғана секілді. Ал, егер бірлі-жарымы (Олжас, Мұхтар, Нұрсұлтандар) аттан салса, басқалары өзге елдің адамдарындай әлгі атойға мән бермейді.

Алматының астана болуының өзі әуел баста күмән тудырады. Өйткені, кеңес империясы Қазақ астанасына басында солтұстағы Орынборға келіседі, империялық өкімет орныққасын Ақмешітке көшіріп, оны «Қызылорда» атап нықтайды, ал сонан соң Қазақстанның ұланғайыр жераумағын оңтұсқа қарай тықсырғысы келгендей, астананы оңтұс шығыстағы Верный қалашығына бір-ақ аударды. Қыйтұрқылық қайда жатыр! Әрине, тәуелсіздік алған Қазақстан бұл қыйтұрқылыққа көз жұмуы мүмкін емес. Жоғарыда аталған астаналықтардың мінезі бір жағынан кешіріммен қарауға болатындай объективті себептері де бар. Өйткені, Алматы қазақ үшін жұмақпен тең болды. - республикадағы ең ірі, ең әуелі ең, ең... астана! Сол себепті сол жұмаққа жеткен қазақтың көкірегіне нан пісетіні, әрине, бір жағынан мойындарлық жайт. Оның үстіне қызыл империя қазақ ұлтына құлдық, мәңгүрттік мінезді мықтап еккені белгілі...

Орнын дәлірек айтсақ, астанаға лайықты әрі көпшіліктің ауызында жүрген, тарихтың өзі куә Ұлытау бар екені рас. Шындығына көз жіберсек, Сары арқа Алаштың әмір Темірге дейінгі Тайқазаны - ортақ жайлауы да, Ұлытау астаналық мекені болғаны, оған соңғы рет Ұлы Темір қыпшақтектіні жыйнап, көктен түскен ғарыштасқа (метеорит) бар рудың таңбасын бастыруы куә. Ұлытау биіктігіне орай емес, өзінің көшегендер үшін мәні зор астаналығына байланысты, ұлы мәселелер бірігіп шешіліп, тарыдай шашыраған Алаштың (ежелгі түркілердің) ауық-ауық ірі істері қаралып, бас қосатын орнына орай аталса керек, әрине. Оның үстіне аңыз бойынша жерді қаптаған топан судан төбесі көрінген жалғыз нүкте Қазығұрт та осы үстірттің қасиетті шыңдарының жалғасы болып есептеледі.

Ұлытаудағы тағы бір ерекшелік: кәзіргі Қазақстанның нақ ортасы (эпицентрі) екендігі және шөлейт-шөлді белдеу мен суы да нулы белдеу аралығы болып табылады, мал шаруашылығы мен солтұсты қаптай орналасқан егін шаруашылығы қыйылысқан, батыстан шығысқа қарай созылған жолақта орналасқандығы, демографиялық жағынан: Ұлытау маңы негізінен малды мекен болғандықтан, қазақ жұрты тұтаса тұрып жатыр және өзге жұртты солтұстың демографиялық белдеуімен шектелуі көңіл аударарлық жайт.

Ал, енді болашақ астананың қоғамдық-саяси ахуалы мен мәдени ауаны, әрине, өзімізге байланысты. Егер де 300-400 мыңдық тұрғыны болатын астаналық қаланы салушыларды іріктей білсек, астана тұрғындары да солар болып шыға келеді. Ұлттық астана боларлық Алаш қаласы салынар болса, оның сәулеті де ұлттық өрнекке малынған ерекше қала болары сөзсіз. Сөйтіп, ол республикадағы барлық қалалардың сәулеттік сымбатына ықпал етер еді. Ұлытаудан орын тебер Алаш қаласы Қазақстанның геосаяси айналасына кіндік болатыны тағы белгілі, өйткені, ол республика үшін төрт құбылаға түгел бірдей аралықта орналасып, геосаясаттың іске асуына бірден бір септігі тиер еді және мұндай географиялық орын көлік қатынасы мен байланысқа ыңғайлы екені аян.

 

Алматы

Әрине, көз үйреніп, ойға сіңген, жол тораптанып, бойға біткен қазырғы астана туралы қасаң пікірден жеме жемге келгенде арылу да оңай емес. Дегенмен, ару Алматы бәрінен бұрын сұлулықтың нышанындай өнер мен спорттың, туризм мен саяхаттың және білім беру мен бизнестің қаласына айналса, құба құп болар еді, әрі осы бағытқа лайықты да. Алматы мұндай мәртебені алар болса, оған алғышарт жасалғаны жөн. Ол үшін ірі өндіріс орындарын көшіріп, табиғи айналасын тазартып, сәулетіне ұлттық әр мен сәулетті қоса түсіп, жетістіре түсу қажет. Сонда ғана Алматыға келген қазақтың досы да, дұшпаны да сұқтана түседі. Айтпақшы, Алматыны алақанымен көмкеріп тұрған Тәңіртаудың «Тянь-Шань» атауымен ауысуын қолға алуды үлкен саяси іс деп ұққан жөн.

 

Түркістан

Йассы қаласының Түркістан аталып, жалпытүркілік астана болуы да Темір әмірдің атымен байланысты. Ол маңды Ақсақ Темір неге таңдады? Оған басты екі себеп бар еді:

-         сол кезде Йассының Темір хандығы үшін орталық орын болғандығында;

-         Йассының екінші Мекке бола алатындай жағдайы мен түркілерді топтастыру рухының барлығында.

Міне, сол себепті де астана аты Йассы болып қайта аталмай, Түркістан болып жаңғырды. Ал, бұл түркілерге жалауша желбіреген атау еді:

-         Қ.А.Йассауи мазары екінші (түркілер үшін) қажылық орынға айналуы қажет (ең болмаса рухани);

-         түркілік және әлемдік тілдер зерттеу институты, түркілік және әлемдік тарихты зерттеу институты, түркілік өнер мен мәдениет, этнография зерттеу институты ашылуы тиіс;

-         сәулеттік келбетін жандандыру үшін жер бетінде қанша түркі жұрты болса, сонша болатын және сәулеттік сыйпаты сол жұрттарға тән микроаудандар салынса құба құп...

 

Байқоңыр (Ленинск)

Ленинск аталып жүрген болашақ Байқоңыр қаласының дүние жүзі бойынша адамзат тарихында ғарыш қақпасын алғаш айқара ашқан қала ретінде-ақ оның тағдырына енжар қарауға қақымыз жоқ. Әрі оның қазырғы мәні де бір мемлекетке жетерлік абырой. Алайда, Байқоңырдың кәзіргі өтпелі тағдыры өте қынжыларлық, дегенмен, Дүние жүзіндегі ірі ғарыш айлағы болып қалатынында күмән жоқ.

Сондықтан да оның мәртебесі техникалық прогресс болып белгіленіп, әлемдік деңгейдегі техника жаңалығының лабораториясы мен Қазақстанның ғарыштық жанарына айналғаны мақұл болар еді. Бұл үшін, сірә, Байқоңырда ғаламшар, ғарыш және жер зерттеу институты құрылғаны жөн болар.

 

Дегелең (Курчатов)

Түбінде осы қаланың атауы, жұлым-жұлымы шығып, ядролық жарылыс кесірінен жер астына жұтылған Дегелең тауының атауын алса, оңды болар еді. Дегенмен, оның атына емес, затына тоқталайық. Курчатов қаласында дүние жүзіндегі ең ірі әскери полигонды ғылыми қамтыған ғалымдар шоғыры қазырғы кезде сетіней бастаған болар. Әйтсе де, қазаққа төрт бірдей ұлы адам (Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Мұхтар) сыйлаған бұл топыраққа дүниеге келген қаланың да тағдыры бекер емес деп ойлаймыз. Сондықтан бұл қаланы ыдыратудан Қазақстан үлкен зиян шегеді. Оған, тіпті, кеңес кезіндегі мәртебеден де жоғары саты белгілеген жөн.

Егер Курчатов кеңес кезеңіндегі ядролық жабық қала болса, енді ол барлық табиғи ғылым саласы және технология қаласы болып мәртебеленуі әлдеқайда пайдалы және ықтимал жайт.

Сонымен, астананы қоса есептегенде, мәртебелі қалалар мемлекеттік бағыныста болатындығы онсыз да аңғарылып тұр. Бұл қалалар өздеріне қажетті жераумағымен ешбір ауданға не кірмеуі, не бағынбауы дұрыс. Сондай-ақ, бұлардың бас жоспар бойынша ғана дамуы қолға алынса, нұр үстіне нұр.

ҚАРАСТЫРЫЛҒАН ӨЗГЕ ТАҚЫРЫПТАР:

Мемлекеттік құрылым

Ұлттық мүдде

Ішкі саясат

Сыртқы саясат

Экономиканың кейбір қалтарысы

Тіл

Дін

Халықнама (демография)

Тарих

Журналистика

Тәрбие мен білімдендіру

Қуат

Жол қатынасы

 

«Ақтөбе» газеті,

«Көсеге қайтсе, көгерер?»,

2 қазан, 3 қараша, 4,18 желтоқсан 1992 ж.,

5 қаңтар 1993 ж.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5510