ҚР Вице-премьері Қайрат Келімбетов: МҰНАЙ — БҮГІН ТАБЫС, ЕРТЕҢ ҚАРҒЫС?..
Ресми деректерге сүйенсек, тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстанға 150 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы көлемінде тікелей инвестиция тартылған. Инвесторлардың кез келген ел экономикасына қаржы құюы үшін олардың сол экономикаға немесе мемлекетке деген сенімдері мығым болуы - ең басты шарт. Ол сенімді қалыптастыру және тартылған инвестицияны мемлекет пен халықтың дамуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет атқарып жатқан шаруа қыруар. Жуырда Лондонда өткен Қазақ-Британ бизнес форумында Қазақстан Үкіметінің мүшелері мен ұлттық компаниялар өкілдері Британ бизнес қауымдастығын Қазақстанның инвестициялық жаңа мүмкіндіктерімен кеңінен таныстырып қайтты. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов мырзамен өткізген бүгінгі сұхбатта елімізге тартылатын инвестицияның әлеуеті, «Халықтық ІРО» бағдарламасының артықшылығы, қор нарығын дамыту, көмірсутегі қорларын экспорттау, отандық ауыл шаруашылығының әлеуеті т.б. мәселелерді қаузадық.
- Қайрат Нематұлы, Қазақстан-Британ бизнес форумының ел экономикасының дамуына қаншалықты ықпалы бар? Шарада қаузалған тақырыптар қандай?
Ресми деректерге сүйенсек, тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстанға 150 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы көлемінде тікелей инвестиция тартылған. Инвесторлардың кез келген ел экономикасына қаржы құюы үшін олардың сол экономикаға немесе мемлекетке деген сенімдері мығым болуы - ең басты шарт. Ол сенімді қалыптастыру және тартылған инвестицияны мемлекет пен халықтың дамуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет атқарып жатқан шаруа қыруар. Жуырда Лондонда өткен Қазақ-Британ бизнес форумында Қазақстан Үкіметінің мүшелері мен ұлттық компаниялар өкілдері Британ бизнес қауымдастығын Қазақстанның инвестициялық жаңа мүмкіндіктерімен кеңінен таныстырып қайтты. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов мырзамен өткізген бүгінгі сұхбатта елімізге тартылатын инвестицияның әлеуеті, «Халықтық ІРО» бағдарламасының артықшылығы, қор нарығын дамыту, көмірсутегі қорларын экспорттау, отандық ауыл шаруашылығының әлеуеті т.б. мәселелерді қаузадық.
- Қайрат Нематұлы, Қазақстан-Британ бизнес форумының ел экономикасының дамуына қаншалықты ықпалы бар? Шарада қаузалған тақырыптар қандай?
- Бұл форумды Қазақстан-Британ бизнес форумы деген атпен Лондонда осымен үшінші рет өткізіп отырмыз. Ал, жалпы, Қазақстан мен Британ бизнес қауымдастықтары арасындағы консультациялар бұған дейінгі ауқымды жиындарды есептегенде, осымен оннан аса рет өткізілген болар. Ең алдымен мұнай-газ саласында, онан кейін тау-кен саласы бойынша кеңінен келіссөздер жүргізілген. Ұлыбританияның «Шелл», «Бритиш Газ» секілді компаниялары Қазақстанның сенімді серіктестері, қазір олар Қарашығанақ, Қашаған кеніштерінде жұмыс істеуде. Негізі Лондон - инвесторлардың шоғырланған жері, қазақстандық компаниялардың акциялары Қор нарығында листингтен өткен қала да - Лондон. Бүгінгі таңда Ұлыбритания Қазақстанға инвестиция салған мемлекеттер арасында 3-ші орында тұр. Еліміз егемендік алған 21 жылда ағылшындардан біздің елге 10 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция құйылған. Оның үстіне, Қазақстанның ең негізгі сауда серіктесі Еуропалық Одақ болса, Ұлыбританияның да негізгі серіктесі - Еуропалық Одақ.
Жыл сайын мүдделі инвесторлар қауымы Қазақстан экономикасы дамуының негізгі мүмкіндіктерінен хабар алып, өздері үшін де жаңа бағыттарды айқындап отырады. Мәселен, Үкімет соңғы кезде ауыл шаруашылығы мүмкіндіктерін кеңінен қарастырып, осы саладағы инвестициялардың әлеуетіне баса назар аударуда. Расын айту керек, бәлкім, осы уақытқа дейін бұл саланы Үкімет те, инвесторлар да коммерциялық индустрия ретінде қарастырмаған болар, ауыл шаруашылығын ең алдымен субсидиялауды қажет ететін, қаржыға зәру сала ретінде көрген болар, ал қазір бұл саланың ауқымды коммерциялық әлеуеті ашылып, елдің келесі бір сәтті шақтары осы саламен байланысты болуы әбден ықтимал. Жақында Үкімет аграрлық саланың 2020 жылға дейінгі даму Бағдарламасын қабылдады. Бұл бағыт бойынша негізінен экспортты арттыруға көңіл бөлінеді. Қазір Қазақстан 5-6 млн. тонна астық экспорттайды, алайда елдің астықты бұл шамадан 3 есе артығымен экспорттайтын мүмкіндігі бар. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, астық бағасы енді арзандамайды, бүкіл әлем азық-түлік дағдарысын бастан кешіруде. Алайда астықты бәсекеге қабілетті бағамен тек қана Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Иранға ғана экспорттай аламыз. Қытайға қарай экспортты арттыру жоспарлары бар, қазіргі күні ол елге небәрі 150 мың тонна астық жіберіп отырмыз.
Бірақ ескеретін мәселе, астықты экспорттаудың, оны теңіз порттарына дейін жеткізудің де проблемалары күн тәртібінде тұрған маңызды тақырып. Сондықтан қазір Қазақстанды әлемдегі ең ірі азық-түлік жабдықтаушысы деген брэнд жасау арқылы біз елдің ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар әкелуге қатты көңіл аударып отырмыз. Елімізде өндірілетін астықты теңіз порттарына дейін жеткізетін жаңа темір жолдар, жаңа терминалдар, жаңа астық қоймаларын салу, демек жаңа технологиялар әкелу - міне, мұның бәрі астықты өндіру көлемі мен экспортты арттырып, ауыл шаруашылығында еңбек ететін ауыл халқының әл-ауқатына да жағымды әсер етпек. Ауыл шаруашылығы кешенін дамытудағы біздің елдің әлеуеті өте жоғары. Бұл жерде ең маңызды жайт - ауыл шаруашылығын кеңіту арқылы біз жұмыс орындарын көбірек ашуға мүмкіндік туғызамыз. Мұнай-газ саласының өзіндік технологиялары іске қосылғанда, автоматика болғандықтан, ол салада көп жұмыс орнын аша алмайсыз, ал ауыл шаруашылығында жаңа жұмыс орындары көбірек қажет.
Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудағы логистиканы айтар болсақ, Үкіметтің «Самұрық-Қазына» компаниялары арқылы қолға алған жобалары - «Өзен-Түркіменстан шекарасы» темір жол құрылысы астықты Иран порттарына дейін жеткізуге, көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Қытайдың батысы пен Қазақстанды жалғайтын темір жолы да астықты көршілес елдің рыногіне шығаруға мүмкіндік ашады.
«КЕЙДЕ КӘСІПКЕРЛЕР МАСЫЛДЫҚҚА ҰРЫНАДЫ»
- Форумда инвесторлар Қазақстан Үкіметінің шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне көрсетіп отырған қолдауына сүйсінген көрінеді. Алайда отандық бизнесмендердің айтуынша, мемлекеттің бастамасымен, жекеменшік банктерге орналастырылған несиеге бизнес өкілдерінің қол жеткізуі оңай емес екен. Айтар уәжіңіз қайсы?
- Мемлекеттің экономикадағы үлесі өте жоғары болған кезде инвесторлар ондай экономикаға келуге аса бата бермейді. Ал егер керісінше, экономикадағы серіктестері жеке бизнес, ірі компаниялар болса, бір сөзбен айтсақ, дамыған орта және шағын бизнесі бар елдер - инвесторлар үшін жұмыс істеуге қолайлы аймақ. Елбасының Үкімет алдына қойған үлкен мақсаты бар - болашақта орта және шағын бизнес Ішкі жалпы өнімнің 40-50 пайызын құрауы тиіс. Экономиканың дағдарыс жылдарында мемлекет орта және шағын бизнеске ауқымды көмек көрсетті. «Өнімділік-2020», «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің Жол Картасы-2020» секілді Бағдарламаларды қабылдады. Қазақстан азаматтарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға, экономиканы дамытуға, елдегі саяси тұрақтылықты бекіте түсуге жағдай жасайтын осы бағдарламалардың қай-қайсысы да кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға арналған. Алайда, мемлекет көмектескен сайын бизнесте масылдықтың белгілері бой беріп қалады. «Бізді мемлекетіміз далаға тастамаса керек», «Үкіметтің тағы нендей көмектері болады?», «Кәсіпкерлерге таратылатын несиелер неге қымбат?», «Неге жекеменшік банктер бізді несиелемейді?» деген сияқты сұрақтар қатары да көбейе түседі. Өзіңіз ойлап көріңізші, неге біздің банктер қиындықтарға тап болды және неге әлі де болса қаржылық тұрғыда аяқтарынан тік тұрып кете алмай жатыр? Өйткені әлемдік экономиканы бүгінде тығырыққа тіреп отырған қаржылық дағдарыстың алдында олардың несие қоржындары жыл сайын 50-80 пайызға дейін өсіп отырған болатын... Айта кетерлігі, банктің міндеті несиені қайтара алатын, қаржыны тиімді жұмсайтындарға несие беру ғана емес, сонымен қатар, ақшаны қайтармауы ықтимал, қаржымен дұрыс жұмыс істей алмайтындарға несиені бермеу де - банктердің жауапкершілігі.
Несие алғандар қаржыны қайтармаса, жекеменшік банктердің шығынға белшеден бататыны белгілі, ал екінші жағынан халықтың депозитіне де қауіп төнуі мүмкін. Сөйтіп, соңында қаржылық тығырыққа тірелген банктер мемлекеттен келіп жәрдем сұрайды. Мұндай жағдайда «Мемлекет кезінде көмектескен, енді тағы да көмектесер, далада қалдырмас» деген есекдәменің туындап жататыны да сондықтан.
Қазір Ұлттық банктің есебі бойынша, банктердегі несиелік қоржын 5-10 пайыз көлемінде. Меніңше, бұл көрсеткіш 15-20 пайыз көлеміне дейін көтерілсе жаман емес. Бұл жерде әлемдік қаржылық дағдарыстың алдындағы банктер иеленген 50-80 пайыздың қаншалықты көп болғандығын өзіңіз де бағамдай беріңіз. Міне, сондықтан да егер шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері банктерден несие ала алмайтын болса, банктерді емес, алдымен өздерінің жұмыстарын дұрыстап таразылағандары абзал. Демек, мәселе банктерге келіп тіреліп тұрған жоқ, керісінше, бар қиындық олардың өздеріне қатысты.
- Британдық инвесторлар Қазақстанда енді жүзеге асырыла бастайтын «Халықтық IPO» Бағдарламасына қызығып отырған сияқты. Бұл Бағдарламаның қазақстандықтарға арналғаны белгілі, ал ағылшындар үшін несімен ерекшеленеді?
- Кезінде британдықтар да дәл осындай бағдарламаның қатысушысы болған. Маргарэт Тэтчер Ұлыбритания Үкіметін басқарған кезде «Бритиш Телеком» компаниясының акциялары Қор нарығына шығарылған, бірақ ол уақытта ешкім де бұл қадамның мәнін толық білмеген болатын. Ал кейіннен экономикаға жеке инвесторларды тартудың дұрыс шешім екендігіне бүкіл әлем көз жеткізе бастады. Жалпы жеке инвестор мен корпоративті басқару - елдің одан ары қарай дамуына аса үлкен серпін беретін тетіктер.
Былтыр Елбасы «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық Партиясының жиынында «Халықтық IPO» туралы мәлім еткенін білесіздер. Онан бері «Самұрық-Қазына» Ұлттық Қоры құрамындағы ұлттық компанияларда қыруар дайындық жұмыстары жүргізілді. Бағдарламаның Үкімет үшін маңызды тұсы - халықты Қазақстанға тиесілі ұлттық компаниялардың иесі болуға дайындау. Демек, бұл орта таптың кеңінен қанат жаюына оң ықпал ететін, отандық қаржы нарығының дамуына жағдай жасайтын қадамдар қатарында. Бүгінгі таңда Қазақстан Үкіметі мемлекеттік емес, яғни жекеменшік саланың аяғынан тік тұрып кетуіне, барынша кең ауқымда дамуына аса мүдделі.
- Қор нарығына шығарылатын ұлттық компаниялар тізімі қалай түзілді?
- Соңғы жылдары қай компанияның акцияларын Қор нарығына шығарудың қажеттігін кеңінен қарастырдық. Осындай Бағдарламаларды жүзеге асырған, тәжірибелері мол әлемдік компаниялардан ақыл-кеңес алып, бірігіп жұмыс істедік. Ел арасында «Халықтық ІРО» бағдарламасының мәні мен маңызы қаншалықты жоғары екендігі жайлы түсіндіру шаралары да кеңінен ұйымдастырылды. Халықтық ІРО-ға тиесілі ерекшеліктер мен басымдықтар жайлы аса хабардар емес халық қолдағы басы артық ақшасын банктерге тапсыруға немесе жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсауға бейіл. Бұл орайда отандастарымызға жекеменшік банктердегі депозитке ақша салу мен компанияның акциясын иемдену арасындағы айырмашылықтар кеңінен айтылды. Енді халықтың Қазақстандағы ең тұрақты, ең қарқынды дамып келе жатқан компаниялардың акцияларын иеленуге мүмкіндігі бар. Үкімет Бағдарламаны арнайы «ҚазТрансОйл», КЕГОК, «ҚазТрансГаз» және «Самұрық-Энерго» компанияларынан бастап отыр.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында біз әр азаматқа осы ұлттық компаниялардың акциясын иелену арқылы оның мемлекет дамуына қатысы болатынын айқын көрсетпекпіз. Қаржысы бар азаматтарға өзге елдің жылжымайтын мүлік нарығына қаржы салғанынан гөрі, Қазақстанның ұлттық компанияларының акцияларын иемденудің дұрысырақ екендігін айтқымыз келеді. Өз қаржыңды өз еліңе инвестициялау арқылы, ол қаржыңды сақтауға, көбейтуге, әрі кейіннен қандай да бір тиімділігін көруге мүмкіндік туады. Демек, Қазақстан халқы бір жағынан ұлттық компаниялардың акционері болады, ал екінші жағынан Үкіметпен бірге осы елдің дамуына өзінің қатысын сезінетін болады. Бұл халықтың менталитетін өзгертеді деп ойлаймын.
«Халықтық ІРО» сияқты бағдарламалар соңғы 20-30 жылда Батыс Еуропа пен Шығыс Еуропа елдерінде жүргізілген. Әрине, бағдарламалардың сәтсіз мысалдары да ойға оралады. Мәселен, Ресейдің «Роснефть» пен «ВТБ» банктері өз акцияларын Қор нарығына шығарған кез әлемдік нарықта мұнай бағасының шарықтаған кезеңімен тап келген, кейіннен мұнай құны құлдыраған уақытта акциялардың да бағасы арзандады. Қор нарығындағы ол жағдай - «бұл қалай болғаны, Үкімет неге қайтарым жасамайды?» деген сұрақтың да туындауына алып келген. Халықтық IPO-ға қатысу дегеніміз - шешім қабылдар алдында жан-жақты екшеп алу. Бұл - түсінуімізге тиісті маңызды жайт.
Қор нарығындағы акциялар құны нарықтық бағаға ие. Демек, ол арзандауы да мүмкін, қымбаттауы да ықтимал. Акция бағасы тек жоғарыға көтеріле берсе - оның «МММ» жүйесінен, қаржылық пирамидалардан не айырмашылығы болғаны? Міне, әрбір қазақстандық осындай Бағдарламаның бар екендігінен хабардар болуы тиіс. Сол үшін де мемлекет арнайы қаржы бөліп, ақпаратты халыққа барынша жеткізу мақсатында арнайы шаралар ұйымдастырды, арнайы call-орталықтар құрылып, ақпараттандырылған топтар аймақтарды аралап шықты. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры жүргізген әлеуметтік сауалнаманың нәтижелеріне сүйенсек, халықтың, ересек азаматтардың төрттен үш бөлігі осындай Бағдарламаның бар екендігінен хабардар. Демек, халық оның депозит еместігін, немесе «МММ» жүйесі еместігін ажырата алады.
Өзіңіз де білесіз, адамдардың ақшаны жұмсаудағы өзіндік экономикалық тәртібі болады. Қолында артық ақшасы бар отандастарымыз - оған пәтер сатып алады немесе банкке депозит етіп салады. Бұл көпшіліктің таңдайтын жолы. Ал қаржы нарығында акция сатып алатындар - азшылық. Жалпы қор нарығында қаржы салатын азаматтардың қаншалықты мол немесе аз екендігін алғашқы IPO көрсетеді. Алғашқыда Қазақстан Үкіметі шамамен 500 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы тартамыз деп жоспарлаған болатын, оның 200 млн. доллары - жеке тұлғалар тарапынан, ал 300 млн. доллары Жинақтаушы зейнетақы қорлары тарапынан. Бұл көрсеткіштердің өзгеруі де ықтимал. Айтқым келгені, Халықтық IPO - халықтың менталитетіне өзгеріс әкелмек, адамдар мемлекеттің дамуындағы өз әсерлерін сезіне бастайды.
«БАСТЫ МАҚСАТ - БОЛАШАҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ»
- Қайрат Нематұлы, сіз соңғы жылдары елдің макроэкономикалық жағдайына, жалпы макроэкономикаға аса ыждахаттылықпен қарайтын жауапты қызметтесіз. Екі рет Экономикалық даму және сауда министрі болдыңыз. Сіздіңше, мұнай секторының басым пайдасының әсерінен өзге салалардың көлеңкеде қалмауы жіті қадағаланып отыр ма? Экономикада мұнай табысы тағы да еселеп артуы мүмкін. «Мұнай қарғысына» тосқауыл болатын нендей жайттар жасалынуда?
- Біздің географиялық жағдайымыздың ерекше екенін өзіңіз де білесіз. Қазақстан Қытай, Ресей, Орта Азия елдерінің ортасында орналасқан. Экономиканы әртараптандыру ғана емес, сонымен қатар, елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету де Үкімет үшін аса маңызды. Қазір «алдағы 10 жылда, онан кейінгі 20 жылда бізді не күтіп тұр?» деген күн тәртібінен әсте түспейтін сұрақтар бойынша атқарылатын жұмыс толастамақ емес.
Бүгінгі таңда Қазақстан жыл сайын 80 млн. тонна мұнай өндіруде. Ертеңгі күні Қарашығанақ пен Қашағанның келесі фазалары іске қосылғанда экономикадағы мұнайдың рөлі арта түседі. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ел экономикасын әртараптандыруға арналған «Стратегия-2030», «Стратегия-2020», Индустриалды-инновациялық Бағдарламаларында осыған үлкен маңыз берілген. Қазір Үкімет елдегі инновациялық секторлар, яғни мұнайға қатысы жоқ салаларды түзумен айналысып, елді индустрияландыру Бағдарламаларымен жұмыс істеуде. Ұлттық компаниялар да осындай инновациялық бағдарламалармен және шикізат саласындағы қосымша салалар құрумен айналысуда. Мәселен, мұнай өндірісі бар жерде оған қосалқы мұнай-химия саласын дамыту қажет.
Әрине, отандық шағын және орта кәсіпкерлік пен еліміздегі ең ірі деген жетекші ұлттық компаниялармен тығыз байланыста, яғни қоян-қолтық жұмыс істеу де Үкіметтің басты назарында.
Мұндайда «мұнай қарғысына» ұшыраған мұнайлы елдердің ащы сабақтарына да талдау жүргізіледі. Қазақстан Үкіметінің қазіргі негізгі мақсаттарының бірі - отандық бизнесмендерді жігерлендіріп, олардың бойындағы кәсіпкерлік рухты көтеру. Адал еңбек, маңдай термен табыс табуға талпынған халықтың арнайы бизнес көздерін ашуға ұмтылып, әлеуметтік ахуалын жақсартуға жағдай жасайтын жаңа іс бастап, отандық экономикаға жаңа инновациялық идеялар әкелуіне, яғни қанаттарын кеңінен жаюына мүмкіндік беру.
Қазір Ұлттық Қорда 51 млрд. АҚШ доллары шоғырландырылған. Мұнай табыстарының экономикаға тікелей әсерінен сақтанып, мұнай қаржысын бюджетке тікелей жібермей, арнайы осы Ұлттық Қорға құйылып отырғанын білесіздер. Ұлттық Қордың резерві мен Ұлттық Банктің алтын-валюта Қорын қоса есептегенде 85 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы бар. Қаржы дағдарысы кезінде Қордың 10 млрд.АҚШ доллары экономикаға бағытталып, соның арқасында экономикаға қан жүгіргенінен хабардарсыздар. Қазақстанның Дағдарысқа қарсы Бағдарламасы жүзеге асырылуы жағынан ТМД елдері арасындағы ең сәтті Бағдарламаның бірі болған.
2009 жылы Ішкі жалпы өнімнің көлемі 1,9 пайызға теңгерілсе, (көршілес Ресейде ол кезде ІЖӨ 8 пайыз болып, дефицитті көрсеткен), 2010, 2011 жылдары 7,2 және 7,5 пайызды құрады. Биылғы өсім де 5 пайыздан кем болмауы тиіс. Алдағы 5 жылда ІЖӨ 7 пайыз көлемінде болмақ. 2015 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың АҚШ долларына теңеспек, ал 1994 жылы ол тек 700 АҚШ долларын құраған еді. Қазақстан тәуелсіздік алған соңғы 20 жылда экономикада, макроэкономикада аса үлкен өзгерістер болғаны белгілі. Экономика түрленіп, жаңа бағытта дами бастады.
Осы жылдың аяғында немесе келесі жылы Қазақстан Дүниежүзілік Сауда Ұйымының құрамына енуі ықтимал. Банк секторы да жанданып келеді. Банктердегі қайтарымсыз несиелердің көлемі азайып отыр.
Қазақстан Әлемдік Банктің Бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 72 орыннан 51-орынға көтерілді. Аталған банктің бизнес жасауға қолайлылық индексі бойынша 49-орынға көтерілді. Демек бұл бағам елдің жеке бизнес пен инвесторлар үшін жағымды жағдай жасап отырғанын көрсетсе керек.
Қазақстан ұзақ мерзімді бағдарламалар түзіп, болашақ Қазақстанның іргесі мықты болуын қазірден ойланып отыр. Азаматтарының сапалы білім алуына көңіл бөлетінін, өз мамандарын шетелдің ең мықты оқу орындарында оқытып отырғанын білесіздер, қазір көптеген талантты жас шет мемлекеттердің ең мықты университеттерін тәмамдап, елге қайта оралуда. Алайда біз оларды тек қана оқуға аттандырумен шектелмей, елден жаңа жұмыс орындарын ашуға да көңіл бөлуіміз керек. Жұмыссыздық мәселесі қазір әлемдік тұрғыда аса ушығып тұр. Мәселен 500 млн. халық өмір сүретін Еуропада жыл сайын қаншама адам оқу орнын аяқтайды. Жоғары білімді дүние жүзіндегі ең мықты оқу орындарында алады. Бірақ университеттен кейін бірден жұмыссыздыққа тап болады. Бүгінгі таңда Испания, Грекияда жұмыссыздық деңгейі 50 пайызға таяп қалды, Еуропаның өзге елдерінде, АҚШ-та да осындай үдеріс белең алған. Сондықтан Үкімет жұмыс орындарын ашу, экономикада жұмыс беруі ықтимал жаңа салаларды құруға баса назар аударып отыр.
«Мұнай қарғысының» тағы бір ерекшелігі - адам қаржысы бар кезде қалтасының қағылатыны жайлы ойланбайды ғой. Халық мұндай келеңсіздіктен аулақ болу үшін Үкімет, Парламент бар қаржыны үнемдеп ұстаудың және оны тиімді ұқсата білудің қажеттілігін біледі деп ойлаймын.
Жанымыздағы Қытайға қараңызшы, жақында бұл елді азық-түлікпен және энергетикалық қорлармен қамтамасыз ету аса қиынға соғады. Ал Қазақстан үшін Қытай - бұл үлкен нарық. Егер қолымыздан келген нәрсені ұқсата білсек, болашақта да сәтті елдердің қатарынан табыла білуіміз әбден мүмкін. Осыдан 20 жыл бұрын КСРО тараған кезде Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік ахуалы Кеңестер Одағының құрамында болған басқа елдерге қарағанда әлдеқайда жақсы болады деп кім ойлаған? Көңілді тоқ етіп, бар жетістікке қанағаттанған жөн бе, жоқ әлде, болашақта сол дамыған елдердің қатарынан орын аламыз ба? Меніңше, келешекте қандай жағдайда болатынымыз - қазіргі атқаратын шаруаларымызға тікелей байланысты.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нәзия Жоямергенқызы
"Түркістан" газеті