Ресей: "Жапония жақ ашпасын!"
Жапония Ресейге қарсы санкцияларды құптап, өз тарапынан Мәскеуге жойқын санкциялар енгізу бойынша Азия елдерінің ішінде көш басында тұр. Ресей-Жапония арасында екінші жаһан соғысынан кейін бейбіт келісім жасалмады. Жапония Куриль аралдарын қайтаруды қалайды, ал Ресей оны өз аумағы санайтынын айтуда.
Ресей 2020 жылы Конституцияны өзгерту бойынша референдум жасап, "аймақтар ешқашан бөлінбейді және ол бойынша келіссөз жүргізілмейді" пунктін енгізді. Осылайша Жапония мен Ресей арасындағы келіссөздер азайып, ақыры толыққанды тоқтады. Ресей билігі басқыншылық жолмен алған Куриль аралдарын қайтаруды ойламайтынын ашық айтуда.
Күні кеше ғана Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Володин "Сахалин-2" жобасын қайта қарап, Ресей ресми бекіткен "дос емес елдердің" үлесін мемлекетке немесе Газпромға беру керектігін айтты.
"Сахалин -2" жобасы жайлы айтқым келеді. Онда Жапония, Англия мен Нидерланды қатысуда. Бір жағынан олар біздің елге зиян әрекеттер жасауда, ал екінші жағынан үнсіз ғана пайда тауып отыр. Осыны біз сараптауға тиіспіз. Бұлардың орнына өзге, елімізге оң көзқарастағы компаниялар келсін немесе мемлекетке үлесті алайық та, бұларды шығарайық", - деді ол.
Осылайша олар Сахалин маңынан Жапонияның инвестициясын да шығаруды көздеуде. Ал "Әділетті Ресей - ақиқат үшін" партиясының төрағасы, Мемлекеттік Думадағы партия фракциясының жетекшісі Сергей Миронов Сахалин облысының губернаторы Валерий Лимаренко мен облыстық Думаның төрағасы Андрей Хапочкинге хат жазып, былай деді: "Біз облыс басшылығына Ресей Федерациясының субъектісінің "Сахалин облысы" атауын "Сахалин облысы – Ресей аралдары" атауына өзгерту туралы заң шығару бастамасын Мемлекеттік Думаға енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз", - деді Сергей Миронов.
Әлеуметтік желідегі сахалиндіктер болса бұл бастаманы қолдамады. Олар тарихи атауы қалуы тиіс деп санайды.
Кейін депутат Миронов ДумаTV арнасына сұхбат берді. Ол өз мақаласындағы сөздерді қайталап шықты. "Біздің фракция Сахалин облысының губернаторы Валерий Лимаренко мен Заң шығарушы жиналыс төрағасына Конституцияға түзетулер енгізуге бастамашылық ету туралы ұсыныс жолдады. Бұл федерация субъектісінің құқығы. Сахалин облысының атауын өзгерту туралы құқыққа иеміз. Біз "Сахалин облысы және Ресей аралдары" деп атауды ұсынамыз. Өйткені Жапония үнемі талап етіп отырған төрт арал біздікі болған, болып қала береді де. Ол Ресей аралдары. Сондықтан бізге бұл атауларды өзгерту маңызды", - дейді ол.
Ал Жапония болса Ресей келіссөздерді тоқтатқан соң, санкциялық саясатты күшейте түсті.
Abai.kz