Путин тірі ме?
Британ басылымдарында Ресей президентінің қазасы туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр. MИ-6 сыртқы барлау қызметінің мәліметтеріне сүйенген Британ басылымдары Путиннің орнына қазір оны алмастырушы «сыңары» эфирлерге шығып жүргенін жазыпты.
«Daily Star Sunday» Ұлыбритания басылымының хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин қайтыс болған. «Егер оның қайтыс болғаны рас болса, Кремль Путиннің орнына ұқсас адамды қойып, шындықты жасырып отыр», - дейді басылым британдық МИ-6 барлау қызметінің дерегіне сүйеніп. МИ-6 барлау қызметінің жоғары лауазымды өкілдері Ресей президентінің ауыр науқасқа ұшырағанын айтқан. Егер ол қайтыс болып кеткен болса, оның жақтастары билікті сақтап қалу үшін оның «сыңарын» президенттің орнын дереу ауыстырғанын айтады.
Басылымының жазуынша, Путиннің жақында бұқаралық ақпарат құралдарына берген пікірлері алдын-ала жазылып қойылған болуы мүмкін. Ал, осы айдың бас кезіндегі Мәскеуде өткен Жеңіс күніне арналған шеруге оған ұқсайтын басқа адам шыққан.
«Путин ауыр науқас. Ол қайтыс болған соң да оның денесі бірнеше апта не ай бойы жасырын ұсталады. Қазірдің өзінде ол о дүниелік болуы мүмкін деген болжам бар. Мұны білу мүмкін емес. Путин бұрын ауырған кезде, оған ұқсас адам пайдаланылған. Кремль оны қайталай алады. Путин өзіне адал берілген жоғары лауазымды аз топты басқарады. Оның жақтаушыларының ең үлкен қорқынышы, егер Путиннің өлгені жария болса, Кремльде көтеріліс болуы мүмкін. Украинадағы Ресейлік генералдар соғыстан бас тартуы мүмкін. Бұл оларды шарасыз аянышты күйге түсіреді, сондықтан олар Путинді тірі деп айтатын болады. Бірақ қазір президент тірілер арасында жоқ болуы мүмкін», - деп барлау қызметшісі басылымға пікір білдіріпті.
69 жастағы Ресей президентінің соңғы айларда денсаулығы нашарлаған. Оның жүрісі баяулаған, беті ісіп кеткен. Кей адамдар: «Ол қан рагына шалдыққан болуы мүмкін», - дейді. «Путин строид ішіп, рактан емделіп жүр», - деген пікірлер де бар.
Екі апта бұрын «New Lines» журналына сұхбат берген аты-жөні құпия Ресейлік олигарх Путиннің қан рагына ұшырағанын мәлімдеген. Оны айтуынша, Путин Украинаға шабуыл жасардың алдында қазан айында беліне операция жасатқан. Бизнесмен операцияның қан рагына тікелей қатысы бар деп есептейді. Ол Ресейдің Украинаға соғысын қатты сынға алады.
«Бәріміз Путин рактан өледі не болмаса мемлекеттік көтерілістен өледі деп үміттеніп отырмыз. Ол Ресейдің, Украинаның экономикасын жойды... Соғыста 15 мың Ресейлік сарбаз, 4 мың Украиналық сарбаз бен 5 мың бейбіт тұрғын қаза тапты. Бұл сұмдық. Не үшін? Ол 10 жылғы ауған соғысында қаза болған адамдардан да көп адамды өлтірді», - дейді олигарх.
Ал, Ресейлік әлеуметтанушы Игорь Эйдман Путин айналасындағы шуды әдейі жасап отыр деп есептейді. Оның айтуынша, Путиннің ракпен ауырып жатқаны, биліктегілер оны ауыстыратын адам іздеп жатқаны туралы деректерді Кремль Батыс журналистикасына, орыстілді оппозициялық БАҚ-қа әдейі шығарып отыр.
«Мұның бір мақсаты - ағылшындар мен америкалықтарға «Путин онсыз да өлгелі жатыр, оған қарсы арнайы операцияларды ұйымдастырудың қажеті жоқ», деген белгіні беру деп ойлаймын. Ең бастысы, науқас тірі кезде оның ашуына тиюдің, артық қимыл жасаудың қажеті жоқ, өйткені ол ядролық соғысты бастап жібереді. Ол өзі-ақ, құрып тынады. Ары қарай бәрі реттеледі дегенге келтіріп отыр. Путин нағыз қорқақ. Өмірі үшін зәре-құты қалмай отыр. Әрине, Байден мен Джонсон оны «қанішер, әскери қылмыскер» деп жариялады. Осындай кінә артылғаннан кейін, оның жазасы да болады. Бен Ладен мен Касем Сүлейменидің арты не болғаны белгілі. Ақпараттық алаңда оны «кетіп бара жатқан адам» ретінде көрсетуде. Бұл жерден Ресейлік арнайы қызметтің қолтаңбасы көрінеді», - деп жазды.
Путиннің «өліміне» қатысты ақпаратты Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров терістепті.
«Президент Путин күн сайын көпшілік алдына шығып, сөйлеп жүр. Оның сөйлеген сөздерін эфирлерден қарап, тыңдап, оқи аласыздар. Ақыл-есі дұрыс адамдар Путиннен ауру-сырқаудың белгілерін көре қоймас. Бұл енді осындай өсек-аяңды таратушылардың ұятына байланысты», - депті.
Abai.kz