Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2420 0 пікір 13 Қараша, 2012 сағат 06:58

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Сол екі іңірден соң мені ешқандай сұраққа шақырмады. Бірге жатқандардан шақырылып, қайда кеткендіктері белгісіз, қайта бір көрінбей жоғалып жатыр. Үш күн ішінде сол жатқан нөмірлерімде менен басқа үшеуі ғана қалды.

Келгеніме 14-ші күннің таңы атысымен мылтық асынып, беліне екі-екіден гранат байлаған екі сақшы келіп, қолыма қыспақ салды да, айдай жөнелді. Қатынас бекетіне бардық. Үшеумізді Үрімжі жаққа жүрген бірнеше автобустан ешқайсысы алмады. Ішінде шулап сығылысып тұрған адамдардан енді бір адам сиярлық та бостық жоқ екен. Көше сақшысының бастығы келді де, бір автобусты жолдан тосып тоқтатып, ақырып-шақылдап жіберіп кіргізді үшеумізді. Автобусқа түстік дегенімізбен, мылтықты айдаушыларымды жабылған есік «тістеп», құйрықтары сыртта қалған екен. Бақырайған көздері сонда да менен айырылар емес.

Автобус орындықтарында отырған ханзулардан бірнешеуі тынбай бақырып жылап келеді. Кейбір лаухандардың[1] айтқан тоқтауларына қарағанда, баласынан айырылып қалған аналардың, шешесінен айырылған балалардың, өшіретке таласудан, тығылыс-сығылыстан жаншылып өлген әлсіздерінің, әке-шешелерінің, бала-шағаларының зары екен.

V

Сол екі іңірден соң мені ешқандай сұраққа шақырмады. Бірге жатқандардан шақырылып, қайда кеткендіктері белгісіз, қайта бір көрінбей жоғалып жатыр. Үш күн ішінде сол жатқан нөмірлерімде менен басқа үшеуі ғана қалды.

Келгеніме 14-ші күннің таңы атысымен мылтық асынып, беліне екі-екіден гранат байлаған екі сақшы келіп, қолыма қыспақ салды да, айдай жөнелді. Қатынас бекетіне бардық. Үшеумізді Үрімжі жаққа жүрген бірнеше автобустан ешқайсысы алмады. Ішінде шулап сығылысып тұрған адамдардан енді бір адам сиярлық та бостық жоқ екен. Көше сақшысының бастығы келді де, бір автобусты жолдан тосып тоқтатып, ақырып-шақылдап жіберіп кіргізді үшеумізді. Автобусқа түстік дегенімізбен, мылтықты айдаушыларымды жабылған есік «тістеп», құйрықтары сыртта қалған екен. Бақырайған көздері сонда да менен айырылар емес.

Автобус орындықтарында отырған ханзулардан бірнешеуі тынбай бақырып жылап келеді. Кейбір лаухандардың[1] айтқан тоқтауларына қарағанда, баласынан айырылып қалған аналардың, шешесінен айырылған балалардың, өшіретке таласудан, тығылыс-сығылыстан жаншылып өлген әлсіздерінің, әке-шешелерінің, бала-шағаларының зары екен.

Ал, осыларды соншалық састырып, қуалап-соққылап келе жатқан соғыстан ешқандай дерек жоқ. Тырс еткен мылтық дауысы естілмейді. Егер, шекарада соғыс бола қалса, осы жолмен күнбатысқа қарай әскер жүрмес пе еді. Акоптар қазылып, үкіметтің барлық құралы жауға қарсы шошая қалмас па еді? Мұны ойлап, түбіне жете алмадым. Тіпті өзімді қайда айдап бара жатқанын да білмей, мәңгіріп келемін. Автобус Үрімжі көшесіне кіріп, Қызылтау тұмсығына келгенде айдаушыларым айқайлап тоқтатып, мені түсірді. Мені түсіру үшін емес, өздері темір «тістен» құтылу үшін айқайлапты. Сығылудан денелеріндегі су түгел шығып кеткендей, киімдері малшынып, булары бұрқырай шықты да, ауыздарын аспанға ашып, әрең тыныстады. Мені қашып кетпесін деп кіргізген автобус ішіне өздерінің бастары мен мылтықты қолдарын ғана сиғызған ғой. Бұл «қамқорлықтарын» қалай ұмытайын, есіркей қарадым жүздеріне. Екі қара сұр менің қинауымнан енді құтылғандай, ісініп жұмылуға айналған бітік көздерін жыртитып, өшіге қарайды.

Мені «Шыңжан газеті» дарбазасының алдымен жол қатынас бекетіне қарай жаяу айдады. Ханзу жұртшылығы бұл көшеге де сиыспай тізіліп, қарсы келгендерін қағып-соғып әрең өтіп жатыр. Аяқ басар жерді әрең тауып жылжып үшеуміз келеміз. Жол қатынас бекетіне қарай бізбен бірге шұбаған ханзулардың әлдекімді жабыла тілдеп келе жатқаны естілді. «Шанту», «шанту»[2] деп янаттағандарына қарап, сөздерін тыңдадым. Түсінігім бірнешеуінің тілдей шағынуларынан әрең толықтанды Ішкеріге қайтып кетуге асыққан  қалың көшкін, аманат қойған ақшаларын ала кету үшін қазір банкілерді басып жатыр екен. Әр күні соның ұзыннан-ұзақ созылған өшіретіне барып тұрып, кассирге жете алмай-ақшаларын тез қайтарып ала алмай қатты асығып жүріпті. Көше ұйғырлары соны біліп, әр күні ерте тұрып барады екен де, банкке қойған ақшалары болмаса да, алдыңғы өшіретке тізіліп алады екен. Асығып босып жатқан ханзуларға сол алған өшірет орындарын сату үшін тізіледі екен. Өшіретті алдыңғы жақтан алғандарының орын бағасы 200-300 юанға дейін көтеріліпті. Мына қайтып келе жатқандар сол ұйғырларға қаншалық жалынғандықтарын айтып тілдеп келеді. «Жерлік есектер банкідегі ақшаларын қайтарып алуға асықпаса да болар еді ғой! Шужұңжуишылар мұнда басып кіргенімен жерлік халыққа тиіспейді. Ал, біз ертерек кетіп қалмасақ, 45-ші жылғыдай қырылмаймыз ба? Соны түсіндіріп, өшірет орнына жүз юан ұсынсам да көнбеді. Үш жүз юан сұрайды. Ал, менің банкімдегі ақшам 500 юан ғана. Жарымынан көбін өшірет ақысына берсем, не қалады менде, жұртыма екі жүз юанмен қалай жетпекпін!» деп өксіп қалып, «шантуды» бар дауысымен тілдеді біреуі.

Құтыби сақшысының да маған қойған сұрағының қырық бесінші жылғы қырғыннан қорыққандығынан шыққан сұрақ екендігін осы сөзден түсіндім. Ол соғыста адам өлтірмедім дегенім, жан құтқарар жауап болғанын да енді анықтадым. Бұл тергеуде шужұңжуиға қаштың дейтін қыспақтың, тіпті, шужұңжуи дейтін атаудың аталмай қалғандығы, сақшылардың қазір Совет армиясынан аса қатты қорқынышта отырғандығын ұқтырды.

Күн әлі түстен ауа қоймаса да екі айдаушым мені сол тұстағы лаугай мекемесіне айдамай, жол қатынас бекетінің мейманханасына апарып, көшкін қонақтың көптігінен жатын орын билетін ала алмады. Қайта қайыра айдап апарып, «жұртшылық мейманханасынан» да орын таба алмай, темір жол мейманханасына қарай айдады. Мұнда лаугай мекемесімен телефон арқылы сөйлесіп, мені Шаяр Тарым майданына қайтарып апарып тастауға Құтыби сақшысының өзі міндеттелгені де түсінікті болды.

Мұрындарынан ағыза ойбайлап, темір жол вогзалынан өлік көтеріп келе жатқан екі топ қарсы кездесті алдымыздан. Ішкеріге жүретін пойызға шыға алмай таласқан мол босқынның аяқ астарында жаншылып өлген екі бала мен бір әйелді көтергендер екен!..

Құтыбидан қайта айдалып келе жатып бұл көргендерім жыларлық та, күлерлік те оқиғалар еді. Күлерлік жайт, қуып-қырып келе жатқан ешқандай жаудың қарасы көрінбей-ақ мұншалық мол жұртшылықтың тек, 45-ші жылғы үш аймақ төңкерісіндегі қырғын елесінен ғана қорқып қашып, бірін-бірі жаншып қырылып келе жатқандықтары ғой. Бұдан күлкілі комедияда аз кездесер. Ал, жыларлық жайт, бұл дүрбелеңде де ыңғай қорғансыз-әлсіз бейуаздардың, жетім-жесір, кәрі-құртаңдардың аяқ астында қырылуы. Бұл, адамгершіліктен азғындаудың аса ашынышты трагедиясы.

Бірақ өзім мына сергелдеңнен тұяқ серпе алмай мылжаланып келе жатып жаншылғандарға жылай алармын ба. Әсіресе, соншалық қиыншылық астында бірқанша жыл жазған шығармаларымның дүлей қарақшылардың қолындағы тамызық пен тазалық қағазына айналып кеткендігі бой жиғызар емес. Оның үстіне, ауыстырар іш киімім қалмағандығынан құтырған биттер қатты басынып, қасқырша талап келеді.

Айдап жүрген екі сақшы бір кеш түнеп шығарлық орынды вокзал маңынан да таба алмай, кеш бата мені бір түкпірдегі жалғыз түп шегіршінге қоса кісендеп тастады. Қолдарынан келген ең үлкен жақсылықтары, асханадан алдырып берген қалдық бір табақ қойыртпақ кеспесі болды. Тамақ жегізу үшін қолымдағы қыспақты алысымен мықтап-мықтап қасындым. Кегімді қашан да бір алармын дегендей азуымды баса қасынып едім. Әккі биттер бұл пиғылымды «біліп қойған» екен. Тамақ жеп болып, қолыма қыспақ қайта салынысымен өшіге-өршелене талады. Мына қылмыскерді осы түнде өлтіріп тастамасақ, біздей қанқұмар ұрпақ атаулының басынан қауіп кетпейді деп жар салып, бірлік сапқа сары масаны да шақырған сияқты. Сөйтіп, екі дивизия қарақшы жабыла шанышқылады мені...

Тыпырлап жатып түн өткізіп, таң бозарғанын көрдім. Кезектесіп ұйықтаған екі айдаушым кісендерін алып, шегіршіннен айырды. Тағы да тірі қалғаныма шүкіршілік айта түрегелдім. Автобус бекетіне қарай айдай жөнелгенде қаншалық қуанғанымды сұрамаңыз. Дөңгелекпен жүретін көліктің жолы қаншалық бұдырлы, ойқы-шойқы болса, бит талаған мендей жолаушының соншалық рахат табатындығын 46-ші жылдың қысында Іле жолынан бір көргемін ғой!

Оңтүстік Шыңжанға жүретін автобустағы жолаушылар оншалық көп емес екен. Қатты сілкінетін ең артқы орындыққа жете шалқамнан түстім. Жауымның біреуін болса да жаныштағым келіп, әдейі қатты құладым. Жарықтық жел табан менің мұқтажымды біле қойғандай тоңқалаңдай жөнелді. Өжет жауларымның сойқанды тұмсықтары түгел-ақ зақымдалды білем, жым бола қалды. Ал, ұйықтамаймысың!

Күндіз «жәннәтта» ұйықтап, түнде «тозақта» тыпырлап, Шаяр Тарым лаугай майданына үшінші күні түс ауа жеттім. Майдан штабының өзім білетін «тәрбиелеп басқару» бөлімінің есігін қолымдағы шойын қыспақтың тегеурінімен ұрып едім. Әдеттен тыс шақылдап, қатты ұрылыпты. Жүгіре шықты сол бөлімдегі ұйғыр бастығым.

- Өй, сен кім? - деді шошына үңіліп. Қолымдағы қыспақ пен соңымдағы екі сақшыға кезек қарағанда көкшіл сары көзі бадырая қалды. -Сен кім? Үй-үй, сен Биғабілмісің? Мұншалық не болған саған? Кір, бөлімге кір!

Бөлімде ханзу кадрлардан ешкім көрінбеді. Нұсқаған орындығына отыра жауап қаттым.

- Қасқыр қатты талап келе жатқандықтан есігіңізді қатты ұрып қойыппын, кешіріңіз!

Бастығым қасқыр дегенімді «үкімет» деп қана түсініп қалыпты. Түрегеліп тұрып қалған екі әскерге қарап қойып күбірледі.

- Олай деме, олай деме! Жә, не болды, қылмыс өткізіп қойғанбысың?

- Жоқ, осы бөлімнен үш айлық рұқсат алып кеткенмін ғой. Құтыби тауына шығып кеткен бала-шағамды іздеп бара жатқанымда қарақшы тонады. Киім-кешегімнен де ештеңе қалдырмай, жол қағазымды тартып алды. Одан аудандық сақшы ұстап, он төрт күн лас абақтыға қамады да, осында айдап келді. «Қасқыр» деп отырғаным - бит!

- Бит?... Ей, алыңдар куәйзыларыңды! - Ханзуша сөйлеп, бадырая қарады айдаушыларыма. Біреуі елпілдей келіп, қыспақты ашып әкетісімен қасынғаныма қарап олар тағы төнді. - Мынау алдыларыңнан қашты ма?.. Өткізген қылмысы бар ма?

- Жоқ, білмейміз, бастығымыздың бұйрығы бойынша...

- «Бұйрық бойынша?» Шаш ал десе бас ала бересіңдер ме? Сол бастықтарыңа айта барыңдар, бұл адамда қалпақ жоқ. Рұқсатпен қайтарғанбыз. Және жақында бұл жерден тізімі өшіріліп, делосы сақшы назаратына қайтарылған. Сендер жеткенше сол қызғанған жерлеріңе өзі де жетеді!.. Енді білдіңдер ме? Қайтыңдар! - Осы сөзбен айдаушыларымды қайтарды да, маған қарады. - Ана жылғы Үрімжінің тауық ұясынан да бұлай жүдемей қайтып едің. Жаңа танымай қалдым. Қазіргі жағдайды өзің де біліп келген шығарсың. Осы жағдайдан пайдаланып, үйі бар, сенімді шынсыңдардың бірқаншасын қайтардық. Сол қатарда сені де майдан тізімінен өшіріп, делоңды қайтардық. Енді сен мұндағы мал бағып жатқан достарыңның қосына барып, біраз демалып, бүтінделіп қайтсаң болады. Жол қағазыңды жүрер кезіңде келіп, менен ал!.. Қазір ханзу кадрлар «демалыста». Ал, олар қайтып келсе де қағазыңды менен ал, ұқтың ба? Үрімжіге жүретін автомобиль де шығып қалар. Жақын жердегі мына Еңсегенді білемісің? Демала жатып хабарласуыңа осы қотан қолайлы.

Ауыр сергелдеңнің соңынан жылт ете түскен мына жақсылық, бойымды жеңілдете қойды. Рахмет айта сала аты жаман ақ құмға қарай төтелеп тарттым. Иенге шыққан соң тыр жалаңаштанып шешініп, жау қорғанына айналған көйлек-штанды жантақ пен ақ тікенге соқтымай келіп...

Шалқалап жатқан жалғыз Еңсегеннің қорылы жалғыз тамды күркіретіп, дауылша үйіріп әкетіп барады екен. Кіріп келіп, жауан келте танауынан қыса қойдым. Жер шары бір сәткен тыныштық таба қалғандай болып еді. Лезден соң қыстыққан жел аузынан бұрқ ете түскенде өзімді ұшырып жібере жаздады. Дауыл өтінен шегініп тұра қалдым.

- Үй, бұл кім? Кімсің, үй, сен? - Гүр ете түсті. Ұйпаланған қалың ақ сақал-мұрты мен қасы тік тұрып, ашулы аюша күржие қарады маған. Қып-қызыл отты көзі өңменімнен өткендей.

- Ассалаумағаликім! Мен - Биғабілмін.

- Биғабіл?... Үй, сен... - көзін сығымдай түсіп, үңіле қалды да, атып тұрды орнынан. - Үй, не болған саған? - Құшақтай алды. - Қашан келдің?

- Келіп тұрғаным осы! Жау тонап, сақшы қамап, осында қайта айдап әкелді!

- Отыр, отыра ғой! Әйтеуір көзің тірі екен!..

Түтігіп, семіп келгеніме ашына қарады да, бір аяқ айран құйып әкеліп ұстатып, даладағы ошаққа шәугім қоя сала келіп отырды қасыма. Бастан кешкен оқиғаны, көрген-білгенімді тыңдап алып, бір-ақ түрегелді орнынан. Ыңылдай жүріп шам жақты да, шай жасап беріп, келте бешпетін кие жөнелді.

Кешкі қайтқан қойды иіріп, қоршауға қамай сала ешкі сауынына кіріскен көмекші жігіті семіз тоқты әкеліп бата тілегенде де, оны сойып жіберіп, қазанға ет салғанда да, қарт жоқ. Жігіттің қарбаластығына қарап, мен көмектестім.

Сол ет пысқан шақта есегін жорғалата жетті қарт. Маған өлшеп тігілгендей шап-шақ жаңа бешпет-сым мен киілмеген екі пар көйлек-штан тауып әкеліпті.

- Мұны лезде қайдан таптыңыз?

- Өй, Биғаш-ай, осы майданда әлі де бес-алты жүз қазақ бар емес пе, сенің басыңа іс түскенін естігенде қайсысы аянады. Бәрінің де үйлеріне  қайту үмітімен жиып жүрген жаңа киімдері бар. Әсіресе осы дүрбелең шыққаннан бері малдағыларымыз түгел қоттанып қалдық. Ал, сыртқа шық та, жуынып киін!

«Өздері қаңғып жүрген осы сорлылардың пейілі мен көрсетіп келе жатқан көмегіне қарай менен не жақсылық өтелер!» деген қысылыспен жуына тұрып, көз жасымды үнсіз төктім...

Тамақтан соң Еңсеген қарт есіле шертті әңгімесін.

Бұл жақта да недәуір қызық дүрбелең болып жатыр екен. «Ауыл иттері бөрі көргенде бірлеседі» дегендей, майданның қытымыр кадрлары мен әскерлері өздерінің қырмаға салғысы келіп жүретін «қылмыстыларын» жарым айдан бері қолпаштай қалыпты. Қуыршақ ретінде пайдаланатын жергілікті ұлт кадрларына құқық беріп, өз орындарына отырғызыпты да, өздері «жаздық демалыс» сылтауымен үйлерінен шықпай жатып алыпты. Бұрын көздерінің ағымен ғана қарайтын «шынсыңдарды» шақырып, арақ ұсынып, тату-тәтті ынтымақты болуды, «партияның ендігі саясаты осы» екендігін айтады екен. «Сен жақсы өзгердің, демалысым бітіп, қызметіме отырған соң сені өзім қайтарамын!» деп уәде берушілері көбейіпті. Бала-шағалы, семьялы шынсыңдардың бала-шағасына араласып, етене жақын туыстай байланыса қалыпты. «Тегінде шужұңжуишылар шабуылдап келе қалса, қалың жыңғыл арасына бірге жасырыналық. Қуып іздей қалса, жау сендерге тиіспейді. Сондықтан сендер ғана көрініп, дауыс берсеңдер, олар қумайтын болады» деп ақылгөй тәй-тәйлер[3] жорғақ қағып, ішіп-жемге жомарт «қамқорға» айналыпты.

Ал, әскерлер бұл жердегі соғыстың ұтымды тактикасын таба қойыпты. Офицерлері шынсыңдарға да, лаугайларға да ұқтырып болыпты бұл тактикаларын: «Жау осы майданға шабуылдап кіре қалса, қорықпаңдар! Біз сендерді қорғаймыз. Тек басқа жаққа қашамыз деп қырылмай, бізге ілессеңдер болғаны. Осы маңайдағы жыңғылдарға бөлініп-бөлініп тығыламыз. Жау соңымыздағы құралсыз сендерді ғана көріп, бейғамси қалады. Дәл сол мезетте далдаларыңнан от ашып, қырып саламыз!» деп насихаттапты.

Түйсіктен жұрдай бұл өсиетке «ақымақ қылмыскерлер» жатып кеп күліпті. Көңілдендірдік деп, олар күлген сайын сөйлепті уағызшылар: «Жаудан қорықпаңдар, қашпаңдар! Қашсаңдар-ақ оқ тиеді. Кім екендіктеріңді білмей біз де пулемет пен автоматтан ажал жаудырып қоюымыз мүмкін. Бізден айырылмай далда болып берсеңдер, сендерге де, бізге де зор пайда келеді. Жауды осылай қырғындап жеңіп, отаннан қуып шыққанымыздан соң сендерге зор кешірім жарияланады. Бізге сендерді қаматып отырған осы шужұңжуишылар екендігін, осы шет жауларды құртсақ, елімізге коммунизм орнайтындығын толық түсініп алсаңдар, бізден айырылып қылмыс өткізбейтін боласыңдар!» дейді екен.

Тарым майданындағы «қорықпаңдар» деп қойып, өзі қалтырап жатқан осы ахуалды әрқайсысының өз дауысымен сөйлеген Еңсеген мені де көп күлдірді.

- Шынсыңдар жағы осы өсиетті естіген сайын қашып жатыр. «Сендерге далда болып қылмыс өткізгенше, қашып шығып, халық алдында ақ өліммен өлгенім дұрыс шығар!» деп зытқандар көбейіп қалды. Қазір оларды іздеп шыққан ешкім жоқ. Тіпті бірін-бірі білмей қалды! - деп тоқтады Еңсеген. - Өзіңнің Қапасың маған кеше ғана келіп, қоштасып кетті. Ал, біз, мына алтайлық қозғалаңшылар қайтсек екен?

Қартайған кісілеріміздің бұл сұрауына аса жауапкершілікпен ойланып қалдым. Аттары «банды, құралды кері төңкерісші» ғой.

- Сіздер жерлеріңізге аман-есен жете қалсаңыздар да «тағы да қозғалаң көтеріп қырғындатуға келді» деп ұстап беруге асығатындар әлі де баршылық болса керек! - деп күрсіндім мен. - Осы дүрбелеңнің өзі де үкімет тақымының қаншалық қуаты қалғандығын түсіндіріп болып қалды ғой. Қазір бар жағынан дағдарып, заход тұйығына кіріп болғандай. Жауға қарсы аттанысқа келе алмай, тұп-тура өздерінің ініне қарай қашып жатқан себебі сол болса керек. «Осы тайдан жығылмай көзім ашылмайды екен» дейтін баланың қылығы көрініп жатыр. Мен сияқты шекарадан өтуге емес, өз жер, өз семьяларыңызға бару үшін енді аз уақыт шыдай тұрсаңыздар болар! Бір өзгеріс болғалы тұр. Қайтаруына бір, иә, екі-ақ жыл, «осы тайдан» өздіктерінен-ақ ыршып түсер ме екен деймін!

- Әй, мен де дұрыс-ақ ойлаған сияқтымын-ау! - деп күлді қарт. Басқаларға өзім де осы ақылды айтып жүр едім!

Мен қазіргі осы дүрбелеңнің неден туылғандығы жөніндегі сұрауға көштім.

- Жә, осы үркіннің алдымен қай жерден қалай басталғандығын білесіз бе?

- Басталуы жөнінде бұл майданда таралып жүрген қауесет рас болса, былай, - деді Еңсеген. - «Шыңжанға зор жау төнгендігі» алдымен осы тұстағы армияның қолбасшысынан таралыпты. Ол қолбасшы шекараға жақын бір биік қарауылға шығып, дүрбімен қараған екен. Ұзын шекара бойынан ұзыннан-ұзақ созылып қалың зеңбірек, танкі, оның артына сансыз аэроплан қабат-қабат тізіле қалғаны көрініпті. Шет-шегіне дүрбісін жеткізе алмай, шошынып қайтқан генерал, келе сала үй мүлкі мен бала-шағасын жөнелтіпті ішкерісіне. «Дереу шабуылға өтпейтін болса, Совет одағының мұншалық мол құралы алаң-ашық шетке бір-ақ топтала ма! Әне, қозғалды, міне өтті!» деп үздіксіз қарауылдап тұрғандарында, бір жүйрік аэроплан шекара бойымен оқтай атыла ұшқан екен. Шекарадағы мықтыларымыздың өзі тым-тырақай қашыпты. Сол қорқынышты хабар лезде тарап, халық бірін-бірі баса-жанша үркіпті. Тоқтаусыз әлі үркіп жатса керек. Сен де айтып келдің ғой. Бірақ, соншалық мол күш бері жылжыса, алдыларынан тосқан ешкім жоқ, ендігі бізге де жетпес пе еді? Менің естігенім осылай ғана, ха-ха-ха...һа...а... «Бақ-бақ еткен текені қар жауғанда көрерміз» деуші еді. Шужұңжуидің мұнысы, үркек атқа тон қаудырлатқандай, сынау үшін шығарған ойыны ма екен деп қалдым! Анда-санда бір қаудырлатып қойып күліп жатса керек!.. Біздің «зор секіріп ілгерілеп, он бес жылда Англияны басып озғанымыз» осы болғаны ғой!

Қатар қарқылдаса күліп жатып, ұйқыға кеткенімізді сезбей де қалыппыз. Ертеңіне алдымен жақынырақ жердегі түйешілердің қымыз торсығы, одан соң қоржын-қоржын ет пен бауырсақ келді. Биғабілді қарақшы тонап, тырдай жалаңаш айдап әкеп тастапты деп естіген алыстағы қотандардан да кештетіп, түнделетіп келіп қайтқандар бар. Сөйтіп, ақша мен киім жағынан екі сөтке ішінде-ақ толықтанып болдым да, артығын өздеріне алғыш жаудырып қайтара бердім.

Осы дүрбелең басылмай тұрғанында неғұрлым шекарадан да өтіп алудың қамы мені қайта асықтырды. Үшінші күні майдан штабына барып қайтқан Еңсеген әлгі ұйғыр бастыққа жолғып, Үрімжіге ертең бір жүк автомобилі жүретіндігін естіп келді. Сүзбе, қатық, ет-май, бауырсақпен толған бір қапшық пен киім салынған бір қапшықты екі иығыма тағы да асып, кері есекті тайпалта жөнелдім.

Майдан штабы атынан берілген таңбалы қағаз бұл сапарға ұйғырша жазылса да, мені мықтап таныстырып жазылыпты: «Майданымызға  «төменге түсіп», қалпақсыз жұмысшы болып істеп келген Биғабіл Жаппар ұзақ жылдық нәтижелі еңбегімен бағаланып, бұрынғы өз орнына қайтарылды» деген куәлік мен үшін тұсау кесер той жасауға лайық қағаз ғой. Автомобильге березент жауып басылған жүктің үстіне шығып алып, қамқорларыма қос қолымды көтере бұлғап қоштастым.

Тағы екі жарым күнде жетіппін. Үрімжідегі дүрбелең әлі де сеңдей соғылысқан қалпында екендігін көріп, бұл жолы тұп-тура оқу-ағарту меңгермесіне кіріп бардым. (Орналастырса осы меңгерменің қызметкері болып, штатына қайта кіріп алып қашқаным дұрыс қой. Егер осы бетіммен кете беріп, тағы ұсталсам, Тарымға тағы айдалмаймын ба?) Бұрынғы қызметтестерден қалған танысым аз екен. Бұл таныстардың өздері де сол кездегі төмен, жас қызметкерлер. Амандасқан соң-ақ қағазымды көріп, көтермелей жөнелді. Өзім құрған қазақша оқу құралдар бөлімі тіпті шұрқырай қарсы алды. Бөлімнің міндетті қызметіне кейін келген партиялы бейтаныстар да құшақ жая ұмтылды маған. Құшырлана құшақтады. Бес-алты жыл тоқтап қалып, қайта жүргізілген мектеп қызметі оқу құралдарымен қамдау жағынан қатты қиналып жатқандығы сол амандасу үстінде айтылып та үлгерді. Бұрынғы оқу құралдар «кертартпа», «зор секіріп ілгерілеуге» лайықталып кейін құрастырылған оқу құралдар сылдыр саяси ұран. Сөйтіп, бірнеше рет қайталап істесе де бір жылдағысы бір жылға жарамай, календарша тозып қала беріпті. Енді бәрін де қайта жасау керек екен. Осы қылмыс үстінде қайтып келген менің құтқарушы жұлдыздай жарқырап көрінуім ғажап па!

Қызметкерлері осылай шұрқырасып жатқанда, меңгерменің орынбасар бастығы Ақыметқанның өзі де кіріп келді. Әукесі салбырап қартайып қалса да қарыны қалпында екен. Сауысқаншылаған сақтығы әлі де басым көрінеді. Қол беріп амандасса да қорғаныстық далда іздегендей, бір қолын жолдау қағазыма созды.

- Ой, бәле, аман-есен келдім де азаматым! - Оқып шыға сала тіпті жылынды жүзі. - Денсаулығың қалай? Үйіңнен хат-хабар барып тұрды ма?

- Мұндағы келініңізді төмендете түсіріп жібергенсіздер ғой. Ал Дөрбілжіндегі үлкен үйім аман екен, хат барып тұрды! - деп, суырып салма ақынша қисындай қойдым өтірікті.

- Жә, олай болса бәрі де табылады. Жігіттер мына ағаларыңды енді басқа қызметке ауысып кетуден сақтаңдар! Күн көру жөнін менен сұрамайтын болдыңдар ғой, мұнда алдымен даңанын[4] келтіріп алалық, сақшы назаратына ендігі келіп те қалған шығар! Ол орынға мұның өзін енді жібермеу керек. Біз өзіміз сөйлеселік! Бала-шағасын қайтарып әкелу үшін үйіне кетті дей салмаймыз ба!... Солай емес пе, Биға, қулық деген өзіңе де мықтап дарыған шығар, ха-ха-ха-һа-а.., қалай дедім?

- Дәл таптыңыз, назыр, мен барсам сақшы орынының тілмаштығына, иә завхоздығына өздері бас салатын ниет көрсеткендері бар болатын!

- Бәсе, жабысады олар, солай болсын! Сені енді ондай қызметке қор ете алмаймыз!... Айтпақтайын... жан саны көбейіп кеткендіктен Үрімжіге енді қызметкер қабылдамайтын нұсқау шығып еді. Ал, Биғабіл көне, бұрын өзіміздің кәсіптік маман қызметкеріміз еді ғой, осы жағынан мықтап ұстау керек мұны!

Сол күні алдымен шақырған біреуінің үйіне қонақ болып, әдейгідей зияпатпен қарсы алынып едім. Ертеңіне таңертең Ақыметқан саяси жақтағы басалқа ұйғыр қызметкерлерден екеуін қосып, оқу құралдар бөлімінің бастығын сақшы меңгермесіне жібергені естілді. Түстен кейін не жауап алып қайтқандықтарын білуге Ақыметқанға бардым. Сақшы меңгермесі, Үрімжінің қала ішіне енді сырттан ешқандай адам қабылданбайтындығын айтып қайтарыпты.

- Оған сен енді алаң болма! - деді Ақыметқан. -Әйтеуір саяси жақтан бетің бері қарапты ғой, енді өз қызметіңнен басқа ешқайда жібермейміз сені. Мұнда орналасқаныңша бала-шағаңды іздеп таба бер!

- Олай болса, мен алдымен үлкен үйіме барып қайтайын! - деп өтіне қойдым осы орайда. -Мақпал өзінің қайда екендігін әрқашан үлкен үйге хабарлап тұрмақ болатын. Балам үлкен шешесінің қолында. «Мәдениет төңкерісінің» алғашқы кезінде тоқтап қалған мектеп қызметі қайта жүргізілді ғой. Сол байланыспен мектеп шарлауға шыққан инспектор ретіндегі куәлік қағазбен барып қайтсам болар?

- Дөрбілжінге барасың ғой?.. Мақұл, бұл да қазір өтетін талап. Мекеме жағынан куәлік жаздырып, автобус билетін алдырып берейін! - деп құлшынды Ақыметқан.

Ақия мен Ізбасар менің тағы да қайтып келгенімді естіп іздеп шыққан екен. Мекеме дарбазасының алдынан кездесті де, ым қағып, сырт көшеге қарай бұрыла жөнелді. Соңдарынан қуып жетіп, Ізбасарды көтеріп алып сүйдім де, өздерінен айырылысқаннан соңғы ахуалды қысқаша сөйлеп бердім. Енді оқу-ағарту меңгермесінен кепілдік қағаз алып кететін болғанымды естігенде Ақия күліп жіберді. Тоқсыннан Құмардың да келіп, үйге бармай жасырынып жүргенін айтты сонсоң. «Хынан қырғынын»[5] жанқалтасынан тастамай, Құлжанның көшеге шығуын күтіп жүр екен. Менің қайтып келгенім әшкере болып қалғандықтан, Құлжанды о дүниеге жөнелтуді тағы да бірнеше күн кешіктіруге екеуі өткен іңірде келісіпті. Ізбасардың мені үйге шақырып мойнымнан құшақтай жалынғанына екеуміз жылап айырылыстық бұл жолы.

Соның ертеңіне автобус билеті де, меңгерменің куәлік қағазы да қолыма тиді. Тарым майданының жолдау қағазы сияқты бұл куәліктің де ұйғыр жазуымен жазылғаны болмаса, бұл сапарым көңіл толарлық сенімді сапар болғандай сезілді. Мұнда келуімнің төртінші күні таң бозара аттандым. Көшедегі қашқындардың дүрбелеңі саябырлап қалғаннан қауіптеніп, тебіне зытқым келсе де автобус өзінің бір қалыпты жүрісінен танбады.

Күйтің тұсына түс ауа жетіп, сондағы жолхат тексеретін тосқауыл қызыл ала ағаштың алдына тоқтады. Жүрегімді қауіптің ызғарлы шанышқылары түрткілеп, тыпырлата жөнелді. Осы тоспа ағаштан өтсек-ақ, Шәуешек жолына бұрылып, Дөрбілжінге ертең түс уақытында-ақ жетіп барар едім ғой!...

Автобустың ашылған есігінен қара сұр екі сақшы офицері кіріп келіп, жолаушылардың жол билетіне бір-бірден үңілді. Тексеру тіпті қатайған екен. Ханзу жазуындағы жолдамалардың өзін де ауыр қабақпен асықпай оқып-тексеріп келді де менің ұйғырша жазылған жолдамама келгенде, басын шайқап қалып, «түс!» деді зілді үнмен. Иегін есікке жалғыз-ақ сілтеді. - «Нәрселеріңді алып түс!».

Сумкаларын көтере түскен, менімен алты жолаушының жолдамалары түгел ұйғырша жазылған екен. Қызыл ала ағашты қайырып ашып, автобусты жолға салды да бізді жол шетіндегі күзет үйіне кіргізіп түсінік берді: «ханзуша жазылса да сақшы орнының таңбасы басылмаған жолқағаз түгел инабатсыз. Бұл, автоном райондық сақшы меңгермесінің нұсқауы. Шекара районына өте алмай қалғандықтарың үшін бізге өкінбеңдер! Пікірлеріңді Шиху аудандық сақшы мекемесі тыңдайды!» деді.

Есіктен қайта шыққанымызда сақшының адам ұстайтын жабық қара машинасы алдымызға келіп тұра қалған екен. Артындағы жалғыз есіктен кіргізіп, сыртынан түрмедегідей шақылдатып құлыптады да ала жөнелді. «Енді жиып алу орнына баратын болдық!» деп күбірлесті қасымдағылар.

Аудан сақшы мекемесі емес, қалтарыс көшедегі бір қара қақпаға апарып кіргізді. Соңында дүнген тілмәш бар бір офицер шығып, алдымен мені тінтті де төс қалтамдағы ақшаны, сымымның ішкі жасырын қалтасындағы Тарым майданының жолдау қағазын да тауып алды.

Алтаумызды тінтіп болған соң офицер мен тілмәш, қағаздарымызға бір-бірден қарап шығып, мені «екінші пунктке» деп жалғыз айырды да, жиып алу орнының ішкі қорасындағы «екінші пункке» мылтықты әскер айдап кіргізді. Қиын қақпаға кіргендігімді шойын есігінің құлпынан, биік дауалының төрт бұрышына да құралды күзет қойылуынан түсіндім. Ондағы абақтының бірінші камерасында он шақты тұтқын жатыр екен. Бір жақ шетіндегі жалғыз орыс мені қолымнан тартып, өз қасына бір қабат төсеніш беріп орналастырды. «Бөрік кигеннің намысы бір» деген бейнемен басқалары да шүйіркелесе кетті менімен.

Қара санақтарды жиып алатын орын екі дәрежелі екен де бірі, қарапайым сенімсіз қара санақтарды жиып басқару орны, екінші қауіпті қара санақтарды жиып алу орны болып екіге бөлініпті. Біз, мына жатқан тоғыз тұтқын қатты тексерілетін «қауіпті қара санақ» екенбіз. Мұндағыларды бедел-абыройы зорырақ бір саяси орын кепілдікке алмаса, сақшы жағының өзі бір коммунаның жұмысына орналастыра алмайды екен.

Орысым шәуешектік екендігін ғана айтты да, қайдан, неліктен ұсталып келгендігін айтпады. «Оны сіз сұрама, мыналардың бәрі қытай. Бұл абақтыда іштесіп сырласуға болмайды!» деді де қойды. Иә, бір төтенше зор ұрлығын мойындамағандықтан, фактті қылмысы жоқ, шекара жақтан ұсталып келгендігінен ғана осында қамалған болар деп мөлшерледім.

Бұл орын Құтыбидағы жиып алу орнынан да бетер, тергеуге мүлде шақырмай тастады. Арыз қабылдамайтындығын естісем де жаза бердім. «Мен, қара санақ қаңғыма емес, Тарбағатай аймағына қарасты мектептердің қызметін тексеру үшін шыққан инспектормын. Нанбасаңыздар автоном райондық оқу-ағарту меңгермесінен сұраңыздар! Меңгерменің маған берген жолдамасының ұйғырша жазылып қалғандығына мен жауапкер емес. Біріншіден, бұл ұйғыр автономиялы район ғой. Екіншіден, ханзу хатшыларымыз демалысқа кеткендіктерінен. Үшіншіден, менің көбірек қыр район-қыстақтардағы ұлттық мектептерді тексеруге шығатындығымнан таныстыруым ұйғырша жазылған. Бұдан басқа күмәнді жайым болса, мені тергеп-тексеріп көріңіздер!» деп екі рет жаздым. Жауап шықпады. Өзіме тым болмаса бір келіп сұраған да ешкім болмады. Содан екі апта өткенде, шіріген жүгері ұны түгіл тышқаққа айналдырғанда «жалаңаяқ доқтырын» бастап дүнген тілмәш келді. Есік алдына жеке шығарып алып, атымды сұрады да «енді арыз жазбай-ақ қоюымды» тапсырды. «Бұл орынның ешқандай мәселені тексеріп анықтау міндеті жоқ. Оқу-ағарту меңгермесіне Тарым майданынан келіп орналасыпсың. Қалай да қара санақ емессің. Сенің ісің тез шешіледі, күте тұр!» деп қайтты.

Сөйтіп, «тез шешілетін ісіме» тағы да екі апта өтті. Іш аурудан ыңқылдап, абақтының дәрет шелегін шарылдатқаннан басқа тіршілік белгіміз жоқ, тым-тырыс. Өлім мен ұйқының қайсысы екендігі белгісіз тыныштық. Өлімін деуге ішегіміз шұрылдайды. Ақ нан жегендей түс көріп, аузымыз маймаңдап жатады, қанша «жесек» те қанағат таппай күйсей береміз. Көзімізді ашпасақ болғаны, аңсаулы тамағымыз алдымызда. Онымен қоса сыртқы дүниедегі радио кернайының дауысы мен есек дауысы естіліп жатады. Түсімізге сағынышты адамдарымыз да кіре қалады кейде. Ал, көзімізді ашып қалғанымызда олар жоқ. Мұндай түс-елестерде, көшеден естілген дауыстар да тірі екендігіміздің дәлелі ғой. Бірақ, соның бәрі де сезімімізге әсер ете алмайды. Тіпті, бойымызды жиғымыз да келмейді, жия алмаймыз да. Денеміз, тұтасып қатқан қорғасындай. Оны қозғаймын деп құр әуреленудің қажеті жоқ тәрізді. Бұл жайт өліктігіміздің дәлелі. Тегі, Әзірейіл «жанымызды алған» шақта асығыстықтан, иә жалыққандықтан сол шыбындай ғана түйнектің нәзік түкше тамырларын түгелдеп жұлмай, шала тастап кеткен бе, қалай. Егер олай болмағанда, өлгендігіміз емес, албастының айқара басып жатқандығы болса керек.

Мені дәл сондай халде жатқан бір күнімнің түс уақытында қасымдағы орыс оятты. Басымды дереу көтеріп алып, жазғыра қарадым жүзіне. Тұздай көзі бір сәтке ғана ойнақшып қалып, күлкі белгісін жылт еткізсе де, қабағы зорланып түйіліп, ашуланғандай долыра қарады маған. Лезде жыларман бейнеге келе қалды. Жүзінің бұл құбылыстарынан ештеңе түсіне алмай, бір жақ қатарымдағы ханзуларға қарадым. Бастарын түгел көтеріп, қабақтарын қарсы жауып, түйіліп қалыпты. Көздерінің қызғыш тартып жасаурап қалғандықтарынан «жылап» отырғандықтарын, жым-жырт қаралы бейнелерін көрсетті. Бәрі де көз астыларымен маған қарай береді. Бұлардан да ештеңе түсіне алмай, орысыма қайта қарадым. Ол тағы да күліп жібере жаздап жымың ете түскенде, ширатылған жирен сары мұрты түлкі құйрығынша бұлаң ете қалды. Дереу зорлықпен томсарып, ернін жымқыра қойды да, жыламсырағандай әрең күбірледі.

- Маужуши... кайтыс болыпты!

- Маужуши!.. Не болыпты дейсің? - деп мен де күбірлеп сұрадым.

- Өліп қалыпты!... Қазір радиода хабарлап жатыр! - Бұл жауабын да жылағандай қынжылып айтса да, қабағы мен мұрты жыбырлап кетті. Жылтылдай берген бұл дауасыз күлкісін жасыру үшін екі алақанымен шекесін басып, көзін жұма қойды. Қатарымыздағы тұтқын ханзулардың бізді аңдып отырғанын енді түсіндім. Орысымның мені оятқан шапалағы, солардың сұқты көзінен сақтану үшін назаланған болғаны екен. «Ұлы көсеміміздің» өлім хабары жарияланып жатқанда менің «рахаттанып» ұйықтап жатқаныма кектенгенсіп ұрыпты. Егер қайғырған бейне көрсетпесек, нақтылы кері төңкерісші Маузыдұңға, Маузыдұң идеясына, марксизм-ленинизмге, компартияға, социализм-коммунизмге қарсы деген атышулы лағынат қамыттарын нақтап, түгелдеп киеді екенбіз!

Мен радио тыңдағансып, құлағымды түре томсарып қана отырып алдым. Егер басқаларша жылағандай жасанды бейнеге келсем де, орыстың жүзіне қарасам да, бақырып жылап отырып, қарқылдап күлгендей аса оқыс қылмысқа тап болатындаймын.

Томсарсам да көңілім күлкімен жайнап, көптен бері басып жатқан албастыны серпіп тастағандай күйге келе қалғанымды сездім. Өлген «ұлы ұстаз, ұлы көсем, ұлы қолбасшы, ұлы рөлші» емес, тек, мені басып жатқан албасты өлімнің өзі ғана өлгендей, лезде жеңілдеп қалыппын.

- Түмен жыл жасатпақ болғанымыз қайда? - деп күбірледі орыс. Төмен қарап қатты қайғырған шыраймен күрсіне күбірледі. Оған мен де қарамай тұқыра түйіліп жауап қайтардым.

- Жоқ, түмен түмен жыл, яғни жүз миллион жыл жасасын деп тілейтінбіз ғой!

- Бірі де кабыл болмады! - Орыс тіпті жыламсыраған болып тұқырды. - Аспанның кұдайы бізді тыңдамайды!

- Анау екі шужұңжуи жасырын сөйлесіп отыр. Ұлы көсемнің өліміне қуанысып қалды! - деп өз тілінде күбірледі бір ханзу. Орыстың көзі жалт ете түсті оған.

- Ни шяу са исы?[6] - Дүрсе қоя бергенде екі ханзу жаңағы сөйлегенін ақтай қойды.

- Кім күліпті! -Күлген жоқ, күлген жоқ!

- Күлмесе жымия ма! - деп орыс өршелене түсті. -Ұлы көсемнің өлген хабарына жымиып қуана қалды ғой!

- Маужушидің опатына шужұңжуишылар күлмесе, ханзу халқы күлмейді. Міне көзіміздің жасы! - деп алғашқы пәлеқор көзін уқалап-уқалап жібергенде орыс орнынан атып тұрды.

- Кім шужұңжуи, Совет шекарасынан ұсталып келген сен үшеуің шужұңжуи болмай, мен шужұңжуи ма!

- Сен орыс, шужұңжуидің шпионы екендігіңді білмейміз бе?

- Мә, сен «шпион!» - орыс ұмтылып барып әріптесінің бүйірінен қойып жібергенде үшеуі қатар ұмтылды оған. Мен араларына кіріп тұра қалдым да, басқаларына зекіріп көмекке шақырдым. Зорлап түсірдім арашаға.

Жалақорлық жағынан «көк ит те» қалыса қоймай, қайдағы өтірік жаланы тауып, «көп итті» бастырмалата жөнелгеніне күлкім қатты қысты. Осы қазалы мезетте күлкіден зор пәле жоқ екендігін білгендігім бойынша ернімді қыршып, иегімді аяусыз шымшып едім. Қан шыға келген ернім мен талаурай қалған иегіме орыстың көзі алдымен түсті. Тағы да ұмтылып барып ұрды біреуін.

- Арашалаған адамды неге ұрасың!

Соғыстан бейтарап тұрған бесеуміз төртеуін басып отырғыздық орындарына. Тағы да зорлап томсардық. Таяқ жеген біреуі байбаламға басып, бақыра берді. Абақты дауалын сүзуден ғана сақтай алдық.

- Маужуши, Маужуши!.. Айя, Маужуши!.. Сен көз жұмған соң-ақ шужұңжуи басынды! Сенімен бірге өлейін, Маужуши!.. Міне әлден-ақ аяқ асты етті, Маужуши!...

Оның бұл жылауынан жолдастарының күлкісі шабыт алып шиқылдап барып бәрі уқалады көздерін...

Жоқтаушының бақыруы кешкі сасық умаш келген соң ғана тоқтады. Қырылысып өлсек те сырттан келіп тергейтін ешкім жоқ екен. Бір-біріне қып-қызыл шикі жаланы жауып-жауып алып, сырттан келіп тыңдаған ешкім болмаған соң өздіктерінен тоқтады.

Қашқанның да, қуғанның да, кісі өлтіргеннің де, оның өзін өлтірмекші болғанның да жалғыз Құдайға жалбарынып, сол жалғыздың басын қатыратындығы адамзаттың ежелгі басаламандығы еді ғой. Бір-біріне бүтіндей қарама-қарсы қым-қуыт тілектердің қайсысын қабылдай алмақ деп ойламай, заңсыз-жолсыз жалбарына беретін. Ал, қазір сол тума надан басаламандықтың «зор секіріп ілгерілеп», еселеп өсіп кеткендігі осы оқиғадан да көрініп отыр. Қарап отырған көптің көзін бақырайтып қойып-ақ жалаларын бір-біріне шімірікпей жауып, жақыннан сайлап алған Құдайларына жамырап көрсете беретін болыпты. «Баугау, ұлы көсем, мына шужұңжуи сенің өлгеніңе қуанып күліп отыр!» деп екі жақ та көрсетеді бірін-бірі. Ұп-ұқсас қарама-қарсы жала жабады. Ұп-ұқсас жала жабушы екі жақтың осы түрмеге кірудегі «қылмыстары» да ұп-ұқсас екендігі көрініп тұрса да, «Мен емес, мынау жау!», «Жоқ, мынау жау! Мен сол жаулығын әшкерелеп отырып, сізге қалайша жау болмақпын!» деп сендіріп, әрқайсысы өзін ғана ақтап өзгесін қаралап құтылмақ болады...

Ей, ұлы көсем, ұлы ұстаз, теңдессіз кемеңгер, жалғыз тәңірім, сіз - жаратушы да, мен - өзіңіз ермек ету үшін жасап алған қуыршақ құлыңызбын ғой. Құлыңыз болсам да тіліміз ұғылатын болған соң менен де бір «шағым» тыңдаңызшы!.. Бірін қаралап, бірі ақталғысы келген осы суайт жалақорлардың ар-ұяттан осыншалық көпе-көрнеу безгендігі, қысылатындары неде? Әлде, барлық пендеңіздің өзіндегі былықты өзгеге таңып, «дүние мүлде маламатан болып кетті» дей салатын өзіңізге ұқсағысы келгені ме?.. Жоқ, тіпті де олай емес, пенделеріңіз өзін жаратқан тәңіріне ұқсаудан ешқашан дәмеленген емес, дәмеленсе күпірлік болмақ. Ондай аси пенденің дәл төбесінен ұратындығыңызды күніне неше рет көріп келе жатпай ма. Әрқайсысына өздерінің жандары ғана қайғы екендігі шуылынан да ұғылып тұр ғой. Әр күні семізін ғана жеуді шарт еткен жалмауыз кемпір, қамаулы адамдарының алдына келгенде сол тұтқындардың «мен арық, мынау семіз!», «мынау семіз, мен арық!» десіп, бірін-бірі көрсете шулайтындықтары туралы ертегі де, әрине, өзіңіз білетін ертегі еді ғой. Сондағы жалмауыз кемпірдің тұтқындарына мына, мен бірге жатқан сіздің тұтқындардың айыра танығысыз ұқсап қалғаны қалай?.. Әлемді өзіңіз дара басқаруға кіріскен сонау елу жетінші жылдан бергі сансыз пенделеріңіздің күн көру жолы осы ғана болып қалғанына бірер қарап көрдіңіз бе?... Осы азғындарыңыз, дүниеге өзіңіз еккен жемістің алдыңғы қатарда жетілгендері екендігін түйсіндіңіз бе? Алдыңғы жылы ғана түсіңізден шошығандай «партияны буржуазия қаптап алды!» деп бір рет ойбай салғаныңызды есіңізге қайтадан бір түсіріп көрдіңіз бе?.. Сондағы сізге елестеген жын, буржуазия емес, дәл осы азғындарыңыз болатын.

Өлсеңіз де, аза жиыны ашылып, «жер бесікке» түскеніңізше (құлағыңыз аса жетілген құлақ болғандықтан) түйсігіңіз түгел өліп болмайтындығына сенгендігімнен сұрап отырмын. Тіршілігіңізде не егіп кеткендігіңізді, тым болмағанда дұрысырақ түйсіне кетсеңіз екен! Дүниеге тәп-тәуір үмітпен келсеңіз де еккеніңіз ешқандай коммунизм санасына жанаспайтын, тіпті, сол ұлы мұратты масқараға айналдыратын сойқанды жала мен соқпалы өтірік, сананы уландыратын сайқалдық, сасық саясаттардың шата жиындысы болып қалғандығын ұға кетсеңіз, мен де ағарып, сіз кигізген лағынаттың қара қалпағынан азат болып қалғандай болар едім ғой! Өлмес тәңірлікке тізгінсіз сайланып алып, тым мезгілсіз кеттіңіз-ау!..

Түрмелестеріме қарап күліп қоймауым үшін томсарып алып ойлағаным осы күлкі болды. Қайғырарым, әрине бұл қаза жөнінде емес, тіршілік құлдарын осы тәңірінің адамгершілік ар-намыстан қалай айырып кеткендігі жөнінде болар. Адамзаттың жарқын келешегіне - қасиетті үмітіне мұндай ұрпақ қай ниетімен қарар екен!...

Осыдан бастап бұл абақтыдағылардың ешқайсысына қарамадым да күлмедім. Тағы да бірқанша күн өткен соң октябрь жарымдағанда мені сыртқа шығарып, қолыма қыспақ салды да, тағы да, екі әскер айдай жөнелді. Қыспақтың қолыма тағы түсуі, бұл сергелдеңнің аяқталуынан дерек бермесе керек. Әйтеуір артық іш киімдерім тоналмағандықтан осы сапарда биттемей айдалған сияқтымын. Және өткен дүрбелеңдегідей қысталмай, автобусқа шайнатпай, Үрімжі қатынас бекетіне мылжаланбай жетіп түстік. Айдаушыларым мені бұл жолы тұп-тура лаугай мекемесіне айдап апарды. Бірі есік алдында күзетіп қалды да, бірі мекемеге кіріп кетті. Мені осы орынға өткізіп беріп қана қайтпақ тәріздері бар.

Лаугай мекемесіне күн еңкейе жетіп едік, екінтіге дейін тікейдік те тұрдық. Айдаушым кірген бөлімінен шықпады да, мені тергеуге ешкім шақырмады. Мекеме қызметкерлері қайтатын уақыт болыпты. Қолыма қыспақ салынып, артымнан мылтық кезелген маған қарап қойып қана күбірлесіп өте берді. Өзім хабар күткен есікке қарадым да тұрдым. Тегі мені Тарымға қайта айдап апарып тастауға қай орын міндетті екендігіне келісе алмай, Шиху сақшы мекемесімен телефонда сөйлесіп жатса керек. Қызметкерлердің қайтуға тиістілері қайтып болғанда шықты айдаушым. Дымы құрығандай жүдеп, қан-сөлден айырылып шықты. Осы мекеменің жауапты бастығы бар болса өзім кіріп сөйлесіп шығуға рұқсат сұрап едім. Жауапты айдаушым «тамады» деп бұрқ ете түсті.

- Сөйлесу саған қалған жоқ, жүр алдыға түс!

Сықырлаған есікке жалт қарасам, бастыққа ұқсайтын семізше біреуі шығып қарап тұр екен.

- Баугау! - деп сол жаққа ұмтыла түсіп тұра қалдым. - Осы мекемелеріңізде бір тергелсем деп үміттеніп келіп едім. Мына екеуі тағы да айдап әкетпекші болып тұр. Мен - Биғабіл. Қалпағымның алынғанына міне он бес жыл болып қалды. Қолыма қыспақ тағы да түсіп тұр. Бұл сегелдеңге түскеніме жалпы жиырма жыл өтті. Қазір мен Шаяр Тарым лаугай майданының тізімінде емес, Үрімжіге, бұрынғы орныма қайтарылған қызметкермін!

- Қайтарылған емес, артқы есіктен шығып келгенсің! - деп зірк ете түсті, маған бейтаныс ұйғыр бастық. - Сол майданыңа қайтарылдың. Үрімжі қабылдамайды. Бұрынғы қызметіңді ұйықтап түсіңде көр!

- Тарымға қайта айдағандарыңызбен, ол майдан мені тағы қайтарады. Даңаным мұнда қайтарылған. Бекер сергелдеңге сала бермеңіздер! Мен ол майданда бүкіл өмірімді жейтіндей ешқашан мүддетсізге кесіліп барған емеспін. Тіпті бір жылға да кесілген емеспін, обалға қараңыздар!

Бастық бұл сөзімнен үріккендей артына кілт бұрыла жөнелгенде дауысымды көтере сөйлеп қалдым.

- Істеген ісіме, делома қарап көріңіздер!

Айдаушыларым қодыраңдап айдай жөнелгенде әлгі бастық оларға есіктен қайта қарап айқайлап, ханзу тілінде тапсырды.

- Әй, жолдастар, анау қатерлі кері төңкерісші, қашып кетпесін, айырылып қалмаңдар, ә!

- Қашпай-ақ қайтып келемін! - дедім мен де айқайлап. - Кімнің кері төңкерісші екендігі анықталады әлі! Тек сіздер қара санақ қаңғыларды көбейте бермей, тездетіп орналастырыңыздар! Адамзатты ойыншыққа айналдыра бермеңіздер!

Сөйлеп болғанымша есік сақ етіп жабылып та кетті. Қатты бір күрсініп алып, айдала бердім.

Күн батып, шығыс көкжиектен ымырт пердесі көрінді. Күздің суық лебі сыбырсыз-күбірсіз сипалай бастады. Қара сұр бұлт Қызылтау жотасынан баспалап қана қарап тұр. Күннің қызыл сәулесі сол бұлттың жиегіне от тұтатқандай, қызғылт «жалын» шығарып еді. Онысы да бықсып өшіп бара жатқандай көрінді.

Екі айдаушым тым наумез көңілсіз сыбырласты да мені жол қатынас бекетіне қарай бұра айдады. Қарсы жағымыздан топ-топ болып өтіп жатқан кули қаңғыларының сөздеріне қарағанда босқындарды үкімет шыңшыншадан[7] өткізбей тосып, шығынтық ақшамен бері қайта қуып жатыпты.

Кеш батып, аспанымыз күңгірт тарта бастады. Тармақ көшеден жолхатынас бекетінің үлкен көшесіне бұрылдық. Сол қол жағымыздағы пойыз бекетінен қаптап келе жатқан көшкіндер үшеумізді оуып жібергендей сіңіріп әкетті. Итермелеп-кимелеп қыса түсті маңайымыздағылар. Артымдағы айдаушыларымның жан дауыстары шыққанына жалт қарасам, иықтарына айқастыра асқан березент боқшаларының бауларын қиып-қиып жіберіп, ала жөнелген екен. Мықтыларым дегбірден мүлде айырылғандай, қалың адамды бұза жара айқайлап, қуа жөнелді ұрыларын. Дауыстары менен алыстай берді. Оң қолымның сыртын түкіріктеп жіберіп, шойын қыспақтан суырып алдым да, ұрыны мен де қуа жөнелген болдым. Сөйтіп қалың нөпір арасынан көшенің оң жақ шетіне сытыла шығып, арт жағыма безе жөнелдім де, айланып барып, қайта кірдім тар көшеге.

Бұрынғы өзен арнасына салынған бір қалтарысты көшеге кіре сала қыспақтың бір басын сол қолымнан да суырып алып, жанқалтама сала жөнелдім. «Бит базары» аталып кеткен жаймалы, кішкене асхана, шайханалы әлемтапырық базар көшесіне шықтым сөйтіп. «Бит базары» кеш түсе тіпті құжынайтын. Иығымдағы сумканы қолыма алып, бой түзеп, қарапайым базаршы порымына ауыса қойдым.

Мекеме қызметкерлері порымдас пальто-плащты төрт-бес қазақ жігіт дабырласып, бас-сирақ, ішек-қарын пысырып сататын асханаға беттеп келеді екен. «Сорпа ішелік» деседі. Қатарласа мен де аяңдадым. Жалаң бешпет-сым мен баса киген сары қалпақты бейтаныстың ілескеніне семізше біреуі үңіле қарады.

- Сіз кім? - деді күбірлеп қана. Мен де үңіліп, «Шыңжан газетінің» бұрынғы бір жас тілшісін шырамыттым. Сол шақтағы жас тілші, менше, ұзақ жылдар жылан жайламаған болса, ендіге дейін осылай шар тартып семірмесін бе.

- Қарға тамырлы қазақпыз ғой, танысып қалармыз! -дегенімде дауысымнан да тұспалдаған болса керек тұра қалды.

- Сендер кіре беріңдер! - деді жолдастарына, оңаша қалғанында күбірледім.

- Мен Биғабілмін.

- Ұйбай-ау, сіз... бұрынғы орныңызға келіп, бала-шағасын іздеп кетті деп еді ғой. Аман-есен тауып келдіңіз бе?

- Жоқ, осымен үшінші рет іздеп шығып ұсталып, Тарымға үшінші рет айдалып едім. Айдаушы сақшыларымның өзі қазір ғана жолхатынас бекетінде тоналып, ұрыларын қуып кеткенде қашып шықтым.

Тілші жан-жағына қарап жіберді де, пальтосын шешіп, маған кигізе қойды. Қалпақты да ауыстырдық...

Асханаға кірген жігіттердің соңынан кіріп барғанымызда аңтарыла қарасты екеумізге. Сұмданып алған өңшеің сықаяқ жігіттер екендігін тез танытты: маңайдағы столдарда отырған жат меймандарға қарасып алып, бір-біріне көздерін қыса-қыса салды. Бірге келген дастарқандастарынша аман-сәлемсіз барып отыра қалдым. Тілші ғана күбірлеп таныстырды мені. Қашып шыққанымды да айтып үлгерді білем, маған бір-бірден жымиып қана қарасып, иек қағысты. «Тиірменде туған тышқан дүрсілден қорықпайды» ғой. Қашқындығымнан ешқайсысы сескенбейтіндігі шырайларынан танылды. Аспазға тамақты үстемелеп бұйырды бір-екеуі.

Алдыңғы бұйыртқан тамақтары келісімен, қой басы салынған табақты менің алдыма қоя күлісті. «Мына бас, Құдай біледі-ау, жәннәтқа кіретін қасиетті қойдың басы екен. Лайық адамына дәл тартылғанын қарашы! -Жолыңыз енді оңғарылатын сияқты!» деп күбірлесе отырып арақ бөтелкелерін шығарды. Тілші бәкісін алып, турай отырып қузады мені.

- Сіз, бізге қарамай жей беріңіз, ашығып келгеніңіз белгілі. Арақты сізбен кейінірек қағыстыралық!

- Мен бүгін ішпей-ақ қояйын! Аманшылық болса кейін қағысармыз, тез шығып кетуім қажет!

- Пальтоңыздың ішкі қалтасында тілшілік кінешкеңіз бар! - деп күбірледі тілші. Қамсыз отыра беріңіз, құтылдыңыз! Жалғыз-ақ, мекемедегілеріңізге қазірше көрінбесеңіз болғаны, сізді іздейтіндер сол жақтан іздейді!

- Қара санақ қашқындарды алдымен осы «бит базардан» іздесе керек қой! - деп мен күбірледім. - Шырайыма қарай келіп иіскелемей ме?

Арақты алдымен қағысып алғандар бұл сұрауыма күлкілі жауап қайырды.

- Қазір сіз де қып-қызыл бөрте бола қаласыз, ха-ха-ха-һа-һа....а...

- Топтасқан қызыл бөртелерді көргенде иісшілдер құйрығын қыса жөнелетін болған!

- Рас айтады! - Тілші маған күбірлеп тағы түсіндірді. - Масқа сот жоқ қой, арақ ішкен соң-ақ мастанған болып, тексеруші келсе, қотиынша қағатындар көбейіп кетті.

- Үрімжі қазір, қара санақтардың ұясы, - деп сөзге енді қатынасқан бірі күрсіне қарады маған. -мына екеуміз де сырттан қашып келіп, осында паналап жүрміз.

- Бұрынғы көне көз аға-бауыр достарыңыздан қазір аман тұрған ешкім жоқ. Ең аманы канжисода[8]. Он шақты жылдан бері тергеліп бітпей жатыр.

- Қазір бұл кісінің жүз таныстары да жуық маңнан табыла қоймас!

- Мені мүлде сопиып жалғыз қалдың деп қорқыта көрмеңіздер! - деп жымиып едім, тілмәш қарқылдап күле құптады.

- Басқасын қойып, әлі бір-екі айдың ішінде қонаққа шақырушыларын да тауыса алмас! Бәрін өзім тауып беремін! Қазірше қоналқы орныңыз, газет қызметкерлері мен жұмысшыларының арасы болсын!... Қане, алғаш кеткеніңізде сіз де, біз де жас едік. Қартайғанымызда болса да аман-есен көрісіп отырыппыз. Осы қуанышқа мына тостты бір қағысып жіберелік!...

Тезірек «қызылбөрте» болып алу үшін құлшынып, «көкбоз тұлпарға» мен де міне жөнелдім...

Көреген тергеушім, тіршіліктің басқа құқықтарын түгел тонағаныңызда арақ ішу құқығымыздың ауыздығын алып қоя беруіңіз неткен қамқорлық! Бұдан да зор демократия болған ба! Қызылбөрте болып ішіп дәнігіп, «қызыл көтен» болсын деген қамқорлығыңыз ғой, ие! Құралды сақшыларыңыз да қашатын болған қызылбөрте батырларға қатын сабау қиын ба. Балаларының шулауы оларға болысатын жанашыр жақындарының қирай құлауы жұлықтарынан келер ме. Жалғанды жалпағынан басып, қыларын қылып, қырарын қырып болған соң бір-бір есінеп қана естерін жиып алып, түрмелеріңізге өздіктерінен аяңдай бермей ме? Бұлардан арзан, бұлардан момын құл бар ма сонсоң. Теңдессіз данышпансыз, тергеушім, у берсеңіз де, атсаңыз да көзге түсіп, өзіңізге жауапкершілік артылар еді ғой. Олардың ақшаға өздігінен сатып алып ішкен уынан сізге тірелетін қылмыстың қылшығы бар ма! Көздеген мақсатыңызға жете беру үшін бұдан өткен көрегендік, бұдан ұтымды амал қайда?! Ақша да, құл да, демократтық атақ-абырой да - бәрі де осы көкбоз тұлпарға құқық берген өз қолыңызға жиыла бермек те, надандау қызылбөрте жұртшылығыңыздың желкесі, өздері тапқан қылмыспен қиыла бермек қой!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Лаухан (ханзуша) - шал.

[2] Шанту (ханзуша) - ораған бас (сәлделі). Ұйғырларды осылай атайды.

[3] Тәй-тәй (ханзуша) - бәйбіше.

[4] Даңан - боқша, жолдама-дело.

[5] Хынан қырғын - Хынан өлкесінен қауын-қарбыз шапағы материал етіліп шығарылған уытты арақ. Ішкенде жуастау сезілетіндіктен артығырақ ішіп қойып өлгендер көп екен. «Хынан қырғын» аталуы осыдан.

[6] Ни шяу са исы - неге күлесің деген ханзуша жазғыру сөзі.

[7] Шыңшынша - Шижаң ішкі өлкелерге жалғасатын күншығыс жақ шекарасындағы бекет.

[8] Канжисо (ханзуша) - тергеу орыны (тергеу түрмесі).

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522