Айдос САРЫМ. Жаңаөзен фантомы
Санаулы күндерден кейін қайғылы да, мұңды да Жаңаөзен трагедиясына бір жыл толады. Осы бір жыл бізді бірдеңеге үйретті ме? Сол оқиғаны дұрыс түсініп, түйсініп, тиісті қорытынды, нәтиже шығара білдік пе? Қоғам ретінде болсын, жекелеген азаматтар ретінде болсын, содан сабақ ала алдық па? Осының төңірегінде бірер мезет ой өрбітіп көрейікші.
Көзді ашып-жұмғанша өтпестей ұзақ болып көрінген бір жыл зымырап өте шықты. Республикамыздың Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсанда атылған оқтың шуы әлі де құлағымыздан кетер емес. Жаңаөзеннің Ынтымақ алаңында төгілген қанды артынан жуып-шайған болар, бірақ сол қан көз алдымыздан кетер емес. Өртенгеннің күлімсі иісі мұрнымызға әлсін-әлсін келеді де тұрады. Бұны не деп атай аламыз? Жаңаөзенді ғана емес, бүкіл елді кезіп кеткен бір алапат жамандықтың, қасіреттің, қиянаттың елесі ме? Жаңаөзен фантомы деуге бола ма бұны?
Қалай болса да қазақтың жүрегіне терең жара түсті. Ол әлі де қансырап тұр. Осы жарамыз жазыла ма? Жазылатын болса, оған қандай ем, қандай дәрі қажет? Қансыраған қазақ жүрегін, жанын не жұбата алады?
Санаулы күндерден кейін қайғылы да, мұңды да Жаңаөзен трагедиясына бір жыл толады. Осы бір жыл бізді бірдеңеге үйретті ме? Сол оқиғаны дұрыс түсініп, түйсініп, тиісті қорытынды, нәтиже шығара білдік пе? Қоғам ретінде болсын, жекелеген азаматтар ретінде болсын, содан сабақ ала алдық па? Осының төңірегінде бірер мезет ой өрбітіп көрейікші.
Көзді ашып-жұмғанша өтпестей ұзақ болып көрінген бір жыл зымырап өте шықты. Республикамыздың Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсанда атылған оқтың шуы әлі де құлағымыздан кетер емес. Жаңаөзеннің Ынтымақ алаңында төгілген қанды артынан жуып-шайған болар, бірақ сол қан көз алдымыздан кетер емес. Өртенгеннің күлімсі иісі мұрнымызға әлсін-әлсін келеді де тұрады. Бұны не деп атай аламыз? Жаңаөзенді ғана емес, бүкіл елді кезіп кеткен бір алапат жамандықтың, қасіреттің, қиянаттың елесі ме? Жаңаөзен фантомы деуге бола ма бұны?
Қалай болса да қазақтың жүрегіне терең жара түсті. Ол әлі де қансырап тұр. Осы жарамыз жазыла ма? Жазылатын болса, оған қандай ем, қандай дәрі қажет? Қансыраған қазақ жүрегін, жанын не жұбата алады?
Қазақтың арасына тағы бір жік түсті. Өте ауыр, салмағы қырық батпан жік. Себебі түсінікті - қан жүрген жерде бітісу де, бітістіру де ешқашан оңайға түспеген. Адам өмірі құнсызданған заманда, қоғамда оның құнын даулаудың өзі оксюморон, орынсыз әлек. Жоқтың құнын даулар билеріміз кім? Турасын айтар тура биіміз бар ма? Тура бисымақтардың туысы, тамыр-танысы, солардың жасаған қатесі мен қылмысы да көп болса ше? Тағы бір тығырық.
Уақыт емші дейтін бе еді шалдар. Бір жыл өте шықты. Минуттардың, сағаттардың, күндердің, апталардың, айлардың емі бізге дәру болды ма? Алғашқыда қоғамды жайлаған жанайқайдың, үрейдің, қорқыныштың, қарғыстың, лағынеттің, алдау мен алданыштың біразы артта қалды. Әлеуметтік әділет іздеген едік, енді сонымен қатар шырқыраған шындықты да іздеуге мәжбүрміз. Жаңаөзен трагедиясының бар шындығы ашылмай, толық әділеттің орнамайтыны да бүгін баршаға түсінікті болған сияқты. Жарты шындығын халықтың өзі де біледі, іші сезеді. Ал, бар шындықтың ашылар уақыты қашан?
Жаңаөзен трагедиясы неден туындады өзі? Қателік пе? Қасақана қылмыс па? Қылмысқа айналған қателік пе? Қателікті жапқан қылмыс па? Бірнеше сот өтті. Соттың берген жауаптары ешкімді де қанағаттандырмады. Мардымсыз, шикі, оспадар жауаптар. Соты да, прокуроры да, куәгері де күлкі болды демесек. Күлеміз-ау...
Тағы бір өкініш бар. «Жаңаөзен трагедиясына кінәлі оралмандар» деген бөстекі сөз тарап кетті. Соның кесірінен Қазақ көші тұралап қалды. «Таз ашуын тырналап алады» дейтін бе еді данагөй аталарымыз?! Биліктің қате саясатына шеттегі қандасымыздың қандай қатысы бар еді? Өзіне кінә таға алмайды - жан тәтті. Мұнайшыларды айыптай алмайды - ертең жұмыс жасау керек. Сырттан келген жау шамалы. Ал тапқан жауының ұсталар түрі жоқ. Оңайы осы оралмандар деп тапқан болуы керек шенеуніктер мен олардың жалдамалы сарапшы-нөкерлері. Халықты атудан кейінгі қиянат осы емес пе, ағайын? Түптің-түбінде осындай жалаң, жалған сөздерді айтқан, сондай қағаздарды дайындаған сарапшысымақтар тарих алдында жауап беретін болады. Ұмытпаспыз мұны да.
Аруақты араластырғаннан ұтарымыз не?
Барлығын қойшы, күні кеше сасқан билік іске аруақтарды да араластыруға көшті. Өткен жылдан кейін қадір-қасиеті шамалы шалдарға «Жаңаөзен қаласын Бекет-ата деп өзгерту керек» деп сайратып-сарнатып жатыр. Бұл - таза Джордж Оруэллдың сюжеті. Тап-таза антиутопия! Тіпті, Оруэллден асып түстік. Өзінің «1984» атты утопиясын жазған кезде Оруэлл аруақтарды да кәдеге жаратуды болатынын білмеген болар.
Жаңаөзен ономастикалық проблема емес, ағайын. Оның атын жүз өзгертсек те жиналған, қордаланған мәселелерді шеше алмаймыз. Халық бәрібір болған қиянатты ұмыта алмайды. Ешкімге ұмытқызбайды да! Қазақ жадының құрылымы о бастан солай құрылған, қалыптасқан. Олай болатын болса, қазаққа ортақ Бекет бабаның атын саяси саудаға салу - сандырақ. Жарыместік. Ездік. Бүйтіп аруақты риза қылғанымыз құрысын...
Аруақты риза қыламыз десек, тірінің жайын ойлайық. Тірінің жайын жасайық. Тірілердің әділетін айтайық. Қазақ тірі болса, аруақтарын жетімсіретпес, ұмытпас. Құрығанда қазақтың ең қара, ең таз кедейі жеті шелпегін пісіріп, о дүниеліктерге бір дұға бағыштауға жарайды. Бүгінгінің басты мәселесі бұ дүниеліктерде болып тұр емес пе?
Ал, бұ дүниеліктер биліктен не күтеді?
Халық биліктің әділ және жауапты болғанын қалайды. Халықты қанша жерден нарық пен қиындық езіп жатса да ез болған жоқ. Барлығын біледі, барлығын түсінеді. Билік өз кінәсін мойындай білгені дұрыс. Қатесін мойындай алатын билік - мықты, өзіне-өзі және халқына сене білген билік. Кешірім сұраудың да сан жолы бар. Сөзбен де, іспен де кешірім сұрап жатады ақылды билік. Олай болса ашық, емен-жарқын әңгіме керек. Сол арқылы арасына жік түскен қазақ пен қазақ билігі табысуы қажет. Үкімет басшылары, облыс жетекшілері 16 желтоқсан күні Жаңаөзенде қаралы жиын өткізіп, бірге болса!
Іспен кешірім сұраудың жолдары да айқын. Ең алдымен шейіт болғандарға Жаңаөзен қаласының Ынтымақ алаңында арнайы белгі-ескерткіш қойылуы керек. Сол ескерткіш-белгінің жанында қалың қазақ пен оның билігі табысып, бірігіп дұға жасағанын жұрт күтіп отыр. Жер-жерде қолдан келгенше құран оқытылып, садақа берілуі тиіс. Бұл - тек бір қаланың, не аймақтың мәселесі емес, барша қазақтың мәселесі. Елін-жерін ойлаған азаматтар осындай тірлікті жер-жерде іске асыра берсе. Бұл табысу біреуді тұқырту, айыптау, кінә тағу үшін емес, елді, елдің бірлігін, тәуелсіздігін сақтау үшін ауадай қажет сияқты. Әсіресе, бүгінгідей егемендігіміз шатқалақтап отырған кезде ұлт бірлігі, ел бірлігі кектен де, ашудан да, ызадан да қымбат. Ендігі кезде Ынтымақ алаңы өз атына сай болуы ерек.
Егер 16 желтоқсан күні халық пен билік табысса, болашақта жаңа «жаңаөзендер» қайталанбайды деп сенуге мүмкіндік аламыз. Ал, егер билік өз алдына той тойлап, халық өз алдына қаралы жиын өткізіп жатса, онда Жаңаөзен фантомы елді кезіп жүре береді. Бұл фантомның ешкімді жақсылыққа апармасы анық. Ойланайық, 16-желтоқсанға дейін әлі уақыт бар...
«Ұлт Times» газеті