Сәбит ДОСАНОВ: БҰЛ СЫЙЛЫҚҚА МЕНЕН ДЕ ҮЛКЕН ТАЛАНТТАРДЫҢ ҚОЛЫ ЖЕТПЕЙ ҚАЛҒАН
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
- «Сәлемнің де сәті бар» деген, аға, сыйлық алғаныңызды естіп хабарласып жатырмыз, құтты болсын! Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын енді алып жатқаныңызбен, орыстар М.Шолохов атындағы сыйлығын сізге баяғыда беріп қойды ғой. М.Шолохов сыйлығының кешегі кеңестік Лениндік сыйлықтың заңды мұрагері екенін ескерсек, барлық ұпайыңызды енді түгендеп болған сияқтысыз. Өз топшылауыңызша, еліміздің ең мәртебелі сыйлығын ерте алдыңыз ба, кеш алдыңыз ба?
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
- «Сәлемнің де сәті бар» деген, аға, сыйлық алғаныңызды естіп хабарласып жатырмыз, құтты болсын! Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын енді алып жатқаныңызбен, орыстар М.Шолохов атындағы сыйлығын сізге баяғыда беріп қойды ғой. М.Шолохов сыйлығының кешегі кеңестік Лениндік сыйлықтың заңды мұрагері екенін ескерсек, барлық ұпайыңызды енді түгендеп болған сияқтысыз. Өз топшылауыңызша, еліміздің ең мәртебелі сыйлығын ерте алдыңыз ба, кеш алдыңыз ба?
- «Игіліктің ерте-кеші жоқ». Берілмей қалса, қайтер едік? Бергеніне рахмет. Орыстар тек М.Шолохов сыйлығын ғана емес, В.Пикуль атындағы сыйлығын да берді, бір емес, екі рет академик етіп сайлады. Ресейде нағашым да, жиенім де жоқ, әйтсе де шақырып алып шығармашылық кешімді өткізіп берді. Адам маңдайына жазылғанды көреді ғой, кеш алсам да, Алла тағала бір қинап барып, жақсылығын сыйлайды дейді. Бұл сыйлықты кеш алғаным дұрыс болды ма деймін, жеке бір шығармаға алмай, «ХХ ғасыр» атты эпопеяға алдым. Сыйлықты жеке романға алған бір басқа да, эпопеяға алған бір бөлек. Бұл жөнінде: «М.Әуезовтен кейін тұтас бір ғасырды суреттеген эпопея жазылған жоқ», - деп газеттер жазып жатты. Эпопеяның екі томы орыс тілінде Мәскеуде басылып шықты. Орыс әдебиетінің белгілі сыншысы Кузнецов шығармаға кең көлемді бағасын берді. Олар мүмкін, артық та айтып жатқан шығар, бірақ не дегенмен, «ХХ ғасыр» эпопеясы - менің он жыл бойғы еңбегім. Осы еңбек үшін көз майымды тауысып көп жылдар мұрағаттарда отырдым. «Ештен кеш жақсы» дейді ғой, еңбегімнің бағаланғанына рахмет. Әйтпесе бұл сыйлыққа менен де үлкен таланттардың қолы жетпей қалған. Қазіргі ала алмай жүрген қаламгерлердің ішінде де мықты ақындар, мықты жазушылар бар. Жалпы, қазақ әдебиеті дүние жүзі әдебиетімен иықтасып тұрған мықты әдебиет. «Әдебиет жоқ», - деп жылана беру әдебиетті өрге сүйрейтін пиғыл емес. Әдебиет бар, бірақ ол халыққа жетпей жатыр. Шет ел түгілі, өзімізге жетпейді. Әдебиетке қамқорлық күшейсе, әдебиет те күшейеді.
- Сіз өте өнімді жазасыз. Сәбит Мұқановтан кейін әдебиеттің барлық жанрына қалам тартқан жазушы деп сізді атайды. Көп томдығыңызды шығарасыз ба?
- Мен өзі еңбекке жаратылған адаммын. Осы уақытқа дейін жазған таза әдеби шығармаларым жиырма томға жетіпті. Бірақ өз басым көп томдық шығаруға әуес емеспін. Өйткені жазғаныңның бәрі алтын емес. Керегін халық өзі екшеп алып оқиды. Дәл қазіргі кезде бүгінгі күн туралы жаңа романымды жазуға кірісіп кеттім. Осы заманның қиындықтарын, қайшылықтарын, жетістіктерін әр түрлі мінездегі адамдардың образдары арқылы көрсетпекпін.
- Сыйлық жайына қайта оралсақ. Бұл өзі неше жерден талантты болсаң да, алдыңдағы ағаларыңа, ақсақалдарға жол беріп, кезегіңді күтіп барып қана алатын мәртебелі атақ дейді ғой. Осы мәртебелі сыйлыққа қол жеткізу үшін қандай өткелдерден өттіңіз?
- Басқаны білмеймін, өз басымнан өткен жайттарды ашып, тарқатып айтайын. Шындап келгенде, мен алатын болсам, Д.Қонаевтың кезінде алып кететін едім. Өйткені ең алғаш сол кезде ұсынылдым. Ол кезде сыйлық мәселесін Дінмұхаммед Ахметұлының өзі шешетін, ол кісімен сыйластығым өте жақсы еді. Сыйлық қолымда тұрды да. Себебі ол уақытта Мемлекеттік сыйлық комиссиясы деген формальды еді. Бірақ мен тап сол жолы ақын Ғафу Қайырбековпен қатар түстім. Ал Ғафекең өзімнің ағам. «Әй, бала, сен қайда барасың?», - деді ол кісі ағалығына салып. Сөздің шыны керек, жас емеспін бе, «комиссия өздері шешсін», - деп ол кісінің айтқанына көне қоймадым. Сол кездегі Торғай облысының басшысы Еркін Әуелбеков телефон соғып: «Сәке, мына ағаңнан ұят болады», - деді. Бұл аз болса, Сырбай Мәуленов шақырып алып ұрысты. Сөйтіп «ағам тұрғанда мен алмаймын», - деп «самоотвод» жазып бердім. Содан кейін М.Әуезов театрында көп жылдар аншлагпен жүрген «Дауыл» деген драмамен тағы түстім. Бұл жолы Сәкен Жүнісов ағаммен қатар шабатын болған соң, тағы да «самоотвод» қағаз жазуға тура келді. Тағы бір жолы Сайын Мұратбеков ағаммен бірге түстік. «Мен алмасам да, Сайын алсын», - деп жүгірдім. Өйткені Сайын қазақ әдебиетінің нағыз классик жазушысы. Бірақ ағаларыма жол бергеніме ешуақытта өкінбеймін, керісінше інілік ізет көрсетіп, солардың маңдайы жарқырағанына тілектес болдым. Олар алмай, мен алып кетсем, әділетсіздік болар еді, арым мазалап, өз ұятыма өзім күнде күйіп жүрер едім. Сөйтіп көп уақыт ағаларыма жол берумен жүрдім.
- Сонымен Мемлекеттік сыйлыққа неше рет түстіңіз? «Жығылған күреске тоймайдының» кері ме, көп түстіңіз ғой...
- Мен Мемлекеттік сыйлық додасына осымен жетінші рет түсіп отырмын. Басты-басты жайттарды жоғарыда айттым, таратыңқырап айтсам, 2003 жылы Софы Сматаевпен түстім. Комиссия мүшелеріне: «Софекеңнің денсаулығы болмай жүр, маған беретін дауыстарыңды Софыға беріңдерші», - дедім. Содан кейінгі жылдары жекелеген романдарыммен түстім, бірақ бірді-екілі дауыстар жетпей жүрді. Сөйтіп алты рет құлап барып, жетіншісінде қолым жетіп отыр.
- Осы жолы алатыныңызға сенімді болдыңыз ба?
- Жүз пайыз сенгем жоқ. Тек Аллаға сендім. Өйткені аяқастынан адамның ойына келмейтін әр түрлі жағдайлар болады. Жүгіргенім де жоқ, ұйымдастырғаным да жоқ. Жасырмаймын, анау бір жылдары түскенімде, комиссия мүшелігіндегі бір-екеуіне телефон соғып көрдім. Сонда кейбір жігіттердің бетіме «алаң болма, менің дауысым қалтаңда» деп тұрып, сыртымнан тізімнен сызып тастағанын білемін. Бірақ мен бір жігітке риза болдым. Ұлықбек Есдәулетке телефон шалғанымда: «Аға, мен сізге дауыс бермеймін, өкпелемеңіз», - деді. «Неге?», - дедім. «Сіздің атақтарыңыз жетеді ғой, Есенғалида атақ жоқ, мен Есенғали Раушановқа беремін», - деді. «Тәтті өтіріктен ащы шындық артық», алдаусыратпай анығын айтқан Ұлықбектің осы мінезіне риза болдым. Содан кейін телефон соғып дауыс сұрауды қойдым. Бәрін де Аллаға тапсырып қойғанмын. Кім екені қазір есімде жоқ, бір данышпанның айтқаны бар:«Үздіксіз, адал еңбек еткен адамға бақыт басын имей қоймайды», - деп. Егер жастарға менің өмірімнен алатын сабақ болса, ол менің жан баласына жамандық ойламай, күні-түні дамылсыз еңбектенгенім. Жаныңды қинап жұмыс істей берсең, түбі бір еңбегің жанады. Алла асықпайды, жақсылық асықпайды, сабырмен күтсең, жүрегіңді қуанышқа толтырмай қоймайды.
- Жеті рет түскеннен кейін болар, сырт көзге сіз екі өкпеңізді қолыңызға алып сыйлықтың соңында жүгіріп жүрген жан секілді көрінетініңіз бар. Неге өйтесіз? Мінез бе әлде?
- Алла тағала көріп тұр ғой: дәл осы жолы жүгіргем жоқ. Кейбіреулер «сұрап алыпты», «адам салып алыпты» деп айтады. Кімнің аузына қақпақ бола аламын? Аллаға сендім, еңбегіме сендім, әділдіктің бір келеріне сендім. Содан кейінгі бір айтарым, «маған сыйлық керегі жоқ» дейтіндерге өз басым сенбеймін, ол бос әңгіме. Жасыратыны жоқ, менің сыйлық алғым келді. Өйткені сыйлық деген жазушының еңбегіне стимул болады. Жақсы жаңа шығарма жазуға жетелейді. Содан кейін сенен жоғары да, төмен де алып жатқан кезде, соншама еңбектеніп, еленбегенің көңіліңе де келеді, қаламың кібіртіктейді. Бір сұхбаттарымда айтқанмын, бүгін берген сыйлығы, арқаға қаққаны, мақтағаны, мұның бәрі уақытша, ең шешуші нәрсе - сенің шығармаң. Бұл дүниеден кеткен кезде атағың да, марапатың да ұмытылады, тек шығармаң ғана қалады. Кешегі Қасым Аманжолов та, Мұқағали Мақатаев та, Жұмекен Нәжімеденов те кімнен кем еді? Солар да сыйлық ала алмай кетті ғой. Ең бастысы, бұлардың атында сыйлық бар. Қаламгер үшін басты нәрсе, аянбай еңбектену керек және шығармаларыңның саны емес, сапасы болу керек. Жазған шығармаң халыққа қызмет етуі керек.
- Ілгеріректегі бір жылдары осы сыйлық мүлде берілмей қалды. Не себептен екенін білесіз бе?
- Біз өмір сүріп отырған қоғамда бір шектен екінші шекке ойланбай ауыса салатын бір жаман әдет бар. Кеңес Одағы кезінде алғаш беріле бастағанда, осы сыйлық үш адамға беріліп жүрді. Ал Марфуға Айтқожина апаларымыз алатын тұста алты адам алды, мысалы. Содан кейін бес адамнан, одан үш адам, тағы бірде, екі адамнан алып жүрді. Мемлекеттік хатшы келген жылдары онсыз да екі жылда бір берілетін сыйлықты бір адамға ғана беретіндей жарлық шығарып қойды. «Өлгендерге бермейміз» дейтін қаулы бар еді, 2010 жылы сол қаулыны белден басып, қайтыс болғандарға да беретін болып қалды. Сыйлықты алып алған соң, пендешілікпен айтқаным емес, бірақ сыйлықты көбейту керек. Әдебиетте ең болмаса ірі-ірі екі сыйлық болуы керек. Қазір бізде сегіз жүзге тарта жазушы бар, қазақ әдебиеті - кез келген озық елдің әдебиетімен иық таластыра алатын үлкен әдебиет. Мысалы, Ресей ең үлкен әдеби сыйлығын жыл сайын береді және сыйақысына 200 мың доллар тағайындалған. Ал бізде бастапқы кезде үш мың доллармен бастады, содан бес мың, одан он мың долларға жетті, ең көтергендегісі елу мың доллар болды. Оның өзін бөліп-бөліп береді. Мәселе ақшада емес шығар, бірақ Қазақстанда сыйлық санын да, сапасын да көтере түсу керек деп есептеймін. Бізде арнайы әдебиет үшін белгіленген қандай сыйлық бар? Мемлекеттік сыйлықтан бөлек, «Алаш» сыйлығы бар, «Тарлан» дейтін сыйлық бар еді, ол да, меценаттардың өзі де құрып кетті. Ал әдебиеттің тұтас бір алтын ғасырын жасаған Англия, Франция, Ресей сияқты елдерде жүзге тарта сыйлықтар бар екенін білдім. Мемлекеттік сыйлықты бес адам, он адамға топтап бермесе де, өзара шендес, дәрежелес, ең болмаса, екі сыйлық жасау керек әдебиетте. Оған біздің ақын-жазушыларымыздың таланты мен әдебиетіміздің көркемдігі көтереді.
- Құпия болмаса, сыйлығыңыздың ақшасын қалай жаратамын деп отырсыз?
- Біріншіден, сыйлығымның ақшасына туыстарым мен қаламдастарымның басын қосып, жақсылап тұрып банкет жасаймын. Мейрамханаға қазірден бастап тапсырыс беріп қойдым. Екіншіден, төңірегімдегі кедей-кепшіктерге таратамын. Шолохов сыйлығын алғанда да таратып бергенмін. Мен ешқашан сыйлықтарымның ақшасын жеке басымның қызығына жұмсаған емеспін, тіпті ол менің бойыма жұқпайды да. Сыйлық алмағанда да күнімді көрдім, сондықтан ақша деген нәрсеге аса бір арбалған адам емеспін.
- Өзіңізден артылып, айналаңызды асырауға жетіп жатқанына қарағанда бай адам болдыңыз ғой? Жалпы, сізді өте бақуатты қаламгерлердің қатарына жатқызады.
- Мен рухани жағынан бай адаммын, бірақ материалдық жағынан біреуге күнім түсетіндей кедей де емеспін. Қанағат дейтін жақсы қасиет болады, сол адамның бойында бар болса, қай жерде жүрсе де өзін тоқ, бай санайды. Алла тағалам да қанағатшыл адамды сүйеді.
- Таңертең орныңыздан Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері болып оянғаныңызда бірінші болып сізді кім құттықтады?
- Жұма күні Президент Жарлыққа қол қойған екен. Дүйсенбі күні, 5 қарашада әлі бірде-бір ақпарат құралы хабарламай тұрып, газеттерге шықпай жатып ең бірінші болып Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед құттықтады. Содан кейін: «сыйлық туралы ақпарат келіп түсіп жатыр, топ жарып шығыпсыз», - деп газеттің басшылары құттықтай бастады. Қырымбек Көшербаев телефон соғып, лебізін білдірді. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов хабарласып, жүрекжарды тілегін айтты. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады. Жалпы, құттықтау жағы мен күткендегіден де артық болып жатыр. Құдай мақтанға жазбасын, бұлар ел танитын азаматтар болған соң, өзің сұраған соң айтып жатырмын, Жарлық шыққалы бері шайымды да шала ішетін болдым. Телефонмен сөйлесуден-ақ қол тимейтін болды. Кеше Игорь Рогов құттықтау жолдапты. Өзбекстан Жазушылар одағынан, Тәжікстан жазушыларынан құттықтау келді. Алланың әр адамның өзіне ғана арнап беретін бақыты бар ғой, менің бір бақытым, бұлардың бәрінің сыртында қарапайым оқырмандарымнан да тілектестік пейіл байқадым. Өмірде еш аралас-құраластығым жоқ, тек анда-мұнда әдеби кештерден көріп қалатын Өзифа Жатқанбаева деген құрдасым алғаш сыйлыққа ұсынылған күннен бастап: «Сәбит, осы жолы сенің бәйгеден келуің үшін бар күшімізді саламыз, бізден нендей көмек керек, айт, сен өтпесең қарсылық білдіреміз», - деп білегін сыбана кірісіп, тіпті кейбір комиссия мүшелеріне хабарласып, өз аяғы жететін жерге дейін жүгіріпті. Мұндай оқырмандарым үшін рахметтен басқа не айтамын? Мен тек бір-ақ мысал айтып отырмын. Осы сыйлықты алу барысында екі нәрсеге қуандым. Біріншіден, атын айтпай-ақ қояйын, бір кездері кейбір қаламдастарым Мемлекеттік сыйлық алып жатқанда: «Осындай да жазушы бар екен ғой, мұның қандай шығармасы бар еді?», - деп , атын алғаш рет естіп, таңырқап қабылдаған адамдар болды. Ал маған «Досанов деген жазушы бар екен ғой, қандай шығармасы бар еді?», - деп ешкім айтпайды деп сенемін. Екінші қуанышым, сыйлықты мемлекет беріп, комиссия беріп, халық қабылдамай жатса, бұл да жаман. Менің қаншама Өзифа секілді оқырмандарым бар, оған кездесулерде, жүрген жерлерімде көз жеткізіп, куә болып жүрмін. Бұл жағынан мен бақытты жазушымын деп ойлаймын.
- Сізбен әңгімелесу барысында байқайтыным, тірі пенде баласын жамандамайсыз. Біреулерді кекеп-мұқап отыру, кемшілігін теріп, қыжыртып, іліп-шалып сөйлеу жалпы қаламгерлердің көпшілігіне тән мінез екеніне баяғыда көз жеткіздік. Бірақ сізді қабылдамайтындар да жетерлік. Солардың неше түрлі қитұрқы, кереғар пікірі мен көзқарасын көтеруге ішкі күшті қайдан табасыз?
- Жамандап қайтемін. «Жақсылыққа жақсылық - әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық - ер адамның ісі», - дейтін қазақпын. Жамандықты кез келген ақымақ жасайды. Көшенің тасасында тұрып алып, тас атады да, қан-жосасын шығарып қашып кетеді. Қазақтың мақалына қатты сүйенетін адаммын. Қазақ: «таспен атқанды аспен ат», - дейді. Әке-шешеміз кішкентайымыздан: «елдің бәріне жақсылық жаса, жақсылық жасасаң есепсіз жаса, есеппен жасасаң сауда болып кетеді», - деп үйрететін. Қолымнан келгенше, алдыма келген кісіге ізгі іс жасауға ұмтыламын. Кемшіліксіз адам жоқ, менің де кемшіліктерім бар шығар. Біз өмірге кемшіліктерімізбен күресу үшін, түзеу үшін келеміз емес пе? Маған депутаттарға дейін көмек сұрап келеді. Жоғарғы жаққа шығып, шаруаларының шешілуіне көмектесемін. Ана министрге, мына министрге телефон соғамын, әйтеуір беделім бар, тыңдайды. Уақытымның көбі кейде осындай шаруалармен кетеді. Бір мысал айтайын. Бірде түс мезгілінде дем алып жатсам, үйдегі жеңгең: «саған бір адам келіп тұр», - деп оятады. Қыстың кезі еді. Әлгі адам Алматыда қайтыс болған еңбек сіңірген әртіс туысқанының жерлеуіне Торғайдан келіпті. «Арқалыққа жете алмай отырмын, соған сізден ақша сұрап келіп едім» дейді. «Адам қайтатын ақшасын есептеп алып келмей ме?», - десем, «есептеп алып келгенмін, бірақ тұрмысы нашарлау екен, күнде нан әкеп, сүт тасып ақшам таусылды, маған көмектесіңіз», - дейді. Бұл тоқсаныншы жылдардың оқиғасы, ол кезде елде ақша жоқ, шашымызды да әйеліміз қиятын кез. Үйде әйел ғана жұмыс істейді, елден қарыз алатын да сол. Сөйтіп әйелім айтты: «сен ана Олжастан үйрен, елге ең соңғы тиынына дейін береді ғой, мына жерлесіңе көмектес, үйдегі ақшаны бер», - деп, тамаққа деп қалдырып қойған азын-аулақ ақшаны бергізді.Тіпті танымайтын адамдардың да келетіні бар жәрдем сұрап. Кейбіреулерін кабинетіме алып кіріп, әңгімесін тыңдаймын. Кабинетке кіріп: «кітаптарыңыз көп екен, жазушының кабинеті деген осындай болады екен ғой», - деп аузы ашылып, жан-жағына таң-тамаша болып қарайды. Ондайда әйелім: «бұл жазушының кабинеті емес, это общественный приемный при Президенте», - дейді. Бұл айтқанында шындық бар енді.
Ешқашан топ құрмадым, топқа қосылмадым. Жазушы жолдастарым қойған «Жапандағы жалғыз үй» деген атым бар. Өз басым ешкімге зиянымды тигізбесем де, маған нақақтан-нақақ жала жапқандар да бар. Бірақ артынан келіп кешірім сұрайды. Тіпті бір журналист: «маған біреулер ақша беріп жазғызып еді, сізді қаралағанымның бәрі өтірік екен, арым тыныштық таптырмаған соң бүгін мешітке барып, Алладан кешірім сұрадым, енді сізден кешірім сұрап келіп отырмын», - деп алдыма да келді. Менің бір ұраным бар: «Адамдарды алдауға шамаң келер, айлаңды асырарсың, бірақ Алла тағаланы алдай да, айлаңды да асыра алмайсың», - деген. Сосын Жаратушы не берсе де, адамның ниетіне, пейіліне береді. Менің ниетім жаман емес. Айтсам, тағы да мақтанамын-ау енді, менің баға жетпес тағы бір бақытым бар. Менің бақытым әр елдің ең мықтыларымен - Валентин Распутинмен, Сергей Михалковпен, Юрий Поляковпен, Шыңғыс Айтматовпен, Мұстай Кәріммен, Расул Ғамзатовпен достығым. Әр елдің ең озық ойлы адамдарымен дос болдым. Бұл - бақыт. Алла тағала әркімге әрқалай тағдыр сыйлайды. Бір емес, бірнеше рет ажал аузынан аман қалдық. Аллаға да ризамын, еліме де ризамын.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ
"Халық сөзі" газеті