Сенбі, 23 Қараша 2024
Абайлаңыз 2631 4 пікір 4 Маусым, 2022 сағат 14:26

Алматы тұрғыны: Риэлтордың қақпанына түстім!

 

Қазіргі күні жылжымайтын мүлік нарығында қара ниетті алыпсатарлардың құрығына түсіп қалу өте жиі кездесетін жағдай. Үй-жай сатып алу кезінде мүліктің келісім-шартын басынан аяғына дейін жүргізіп беретін риэлторларға алданғандар туралы жиі естиміз. Соның бірі бүгінгі мақаламыздың кейіпкері - Жұлдыз есімді алматылық әйел.

Ол бізге "қалайша риэлторлық компанияның құрбаны болып отырғанын", айтып берді.

Жұлдыз жұбайымен бірге былтыр «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы үй алады. Қаланың қақ ортасындағы жайлы ауданнан пәтер алған отбасының қуанышын бөлісіп, жақындары «Құтты болсын» айтып, келіп жатады. Құдайы қонақ келсе, жалғыз тайын соятын қазақтың салты қанына сіңген ақжарқын отбасы қонағын сыйлап, мәз-мейрам болып жүреді.

Бірақ «танымайтын риэлтордан» келген хат отбасының қуанышын сап тиып, төбеден тас түсіргендей әсерде қалдырады.

«Біз 2021 жылы көктем айында «Алматы жастары» бағдарламасына үй алуға құжаттар өткіздік. Барлық талапқа сай келген соң, бізге үй алуға мүмкіндік берілді. Содан жолдасым екеуміз Krisha.kz сайтынан пәтер қарай бастадық. Ұнатқан пәтердің иесімен сөйлесіп, бәрін заңи жолмен рәсімдедік. Құжаттың бәріне жұбайымның қолы қойылды, үйді отағасының атына жаздық. Осылайша қалаған үйімізге қолымыз жетті. Бірақ бірнеше ай өткен соң, тамыз айында «ватсабыма» риэлторлық компаниядан хабарлама келді. Хатта «Альдо» риэлторлық компаниясының қызметін пайланағаным үшін 1 млн 210 мың теңге ақша төлеуім керек екені жазылған.Төлемесек компания адвокаты бізді сотқа беретінін айтқан.

Мұны көріп шошып кеттік. Себебі, біз үй аларда риэлторлық компанияға жүгінген жоқпыз. Әй-шәй жоқ, естіп көрмеген компания маған осындай талап қойып тұр. Хат орыс тілінде жазылған еді. Мен «Бұл қайдан шыққан талап? Маған қазақ тілінде жіберіңіз»,- дедім. Содан кейін аталған адвокат хабарсыз кетті.  Үйдің бұрынғы иесінен де сұрадық. Ол кісі бұл компания туралы ештеңе білмейтін болып шықты. Пәтерді сатылымға шығарған кезде оған біраз риэлторлар хабарласып, үйіңізді 20 млн-нан 30,33 млн-ға дейін өсіріп, сатып бере аламыз деп айтқан.  Тіпті қожайынның рұқсатынсыз риэлторлар Krisha.kz сайтында оның үйін осындай қымбат бағалармен жариялаған. Интернеттен ақпарат іздеген кезімде мұндай оқиғаның өте көп екеніне көзім жетті. Өзге біреудің мүлкінің үстіне еселеп баға қосып, нарыққа шығарып, пайда табатын түрлі алаяқтар бар. Алайда біз пәтер иесінің өз нөміріне хабарласып, өз қолынан сатып алдық. Осы оқиғадан кейін дереу ақылы адвокат тауып, жағдайды айтып бердік»,-дейді Жұлдыз.

Құқық қорғаушы Жұлдыз бен оның жолдасын сабырға шақырып, бұл хабарламаның заңсыз екенін айтады.

Арада үш ай өткен соң, қараша айында Жұлдызға тағы бір хабарлама келеді. Бұл жолғы хат Алмалы ауданы сотынан еді.

«№2 Алмалы аудандық соты ЖШС «Альдо»  жылжымайтын мүлік агенттігі менің үстімнен арыз түсіргенін, сол үшін сотқа келуімді сұраған. Судья болып Қарагөз Қыстауованың бекітілгені айтылыпты»,-дейді Алматы тұрғыны.

Өзінің кінәсіз екеніне сеніп, бейқам жүрген Жұлдыз істің насырға шауып бара жатқанын байқайды. Осыдан кейін бір жылға созылған істің сергелдеңі басталады.

Жұлдыз өзінің риэлторлық компаниямен ешқандай келісім-шарт жасаспағанын, өзі туралы жеке мәліметтерді олардың қалай қолға түсіргенін білмейді. Тіпті үй ресми түрде жолдасының атында болғанына қарамастан, арыз-шағым Жұлдыздың үстінен жазылған. Бұл қалайша заңға сәйкес деп айта аламыз?

Алмалы ауданының сот отырыстары өтіп жатады. Сот процесі 5 айға созылып, ақыр соңында судья риэлторлық қомпанияның пайдасына шешім шығарады.  Жұлдызды бастапқыдағы 1 млн 210 мың теңгенің орнына 500 мың теңге төлеуге міндеттейді.

Жұлдыздың айтуынша, бұл шешім әділетсіз шығарылған. Оған келтірер дәлелдері де жетерлік. Сондықтан кейіпкеріміз Алмалы ауданы сотының үстінен апеляциялық сотқа  арыз-шағым түсірген. Апеляциялық сот 7 маусымға белгіленген.

«Біздің үстімізден арыз жазған компания өкілі [риэлтор] ешқандай сот процестеріне қатысқан жоқ. Тек адвокаты ғана келіп отырды. Неге келмейді деген сұраққа, «ол жұмыстан шығып кеткен» деген жауапты ғана алдық. Біз арыз түсірген адамның компанияда нақты жұмыс істегені туралы құжатты да көрмедік. Мүмкін, ондай адам компанияда жұмыс істемеген де шығар? Біз оны қайдан білеміз? Судья бұл талабымызды қанағаттандырусыз қалдырды»,- дейді Жұлдыз.

Риэлторлық компанияның құқығын қорғаушы адвокат дәлел ретінде беріп отырған келісім-шартта Жұлдыздың жеке мәліметтері көрсетілсе де, арғы тараптың жеке мәліметі көрсетілмеген болып шықты.

Үй сатып алу кезінде біздің кейіпкеріміз бен үй сатушы тарап құжат рәсімдеу үшін нотариусқа барады. Сол нотариус қызметкері сот отырыстарының біріне қатысып, Жұлдыз бен оның жұбайы бұрынғы үй иесімен бірге нотариусқа келіп, құжат жасатқанын айтып куәгер болады. Алайда, оның куә ретінде берген дәлелі де  есепке алынбаған.

Жұлдыз келісім-шартта өзінікі ретінде қойылған қолы да, жазба мәнері де басқа екенін айтады. Алматы тұрғыны қолтаңба мен жазбаға сараптама жасатуды талап етеді.

«Алайда, судья осы жерде тағы да бір заңсыздыққа жол беріп отыр»,-дейді кейіпкеріміз.

Судья заңға сәйкес шағымданушының қолтаңба және жазбаларының 10 данасы алынуы керек тұста, 6 данасын ғана алады да, сараптамаға жібереді. Сараптама маманы келісім-шарттағы қолтаңба  Жұлдызға тиесілі деп қорытынды шығарады.

«Сараптама жүргізу үшін алынған 6 дана қолтаңбамның жеткіліксіз екенін мен білмедім. Себебі, судья сараптама жасаудың нормативтік ережесі туралы маған айтып, түсіндірген жоқ. Тіпті, ол туралы адвокатым сұрақ қойған кезде, сарапшы жауап бере алған жоқ.  Суға кеткен тал қармайды демекші, судья  керісінше бізге ескерту жасады. Осылайша сот тарапынан жасалған сараптама менің пайдама шешілмеді. Әрі сараптама жасаған маманның тәжірибесі аз екеніне көзіміз жетті. Сараптаманы қалай жасағаны туралы қорғаушымның сұрағына сарапшы дұрыс жауап қата алған жоқ. Өзі жазып берген құжаттағы мәліметті сұраған кезде қате жауап беріп тұрды»,-дейді Жұлдыз.

Жұлдыз бұл шешіммен келісіп, басын шұлғып отырмады. Ол өз қаржысына 17 жылдық тәжірибесі бар тәуелсіз сараптама орталығына барып, қайтадан қолтаңба мен қолжазбасына зерттеу жүргізу үшін, оның көшірмесін беріп кетеді. Ал, ол орталық болса, келісім-шарттағы қолтаңба  Жұлдызға тиесілі емес екенін дәлелдеп береді.

«Қорытынды нәтижесін сотқа ұсындық. Бірақ судья мұны есепке алған жоқ. Мен бұл сараптаманы судьяның хатшысының рұқсатымен жасаттым, өз қаржыма»,-дейді кейіпкеріміз.

Жұлдыз әділдік іздеуін тоқтатпайтынын айтты.

«Еліміздің құзіретті органы әділ  сот жүйесіндегі сауатты да арлы судьялар арқылы әділдікке жетуге үміттіміз», - дейді кейіпкерміз Жұлдыз.

Қоғамда қарапайым жұрттың табаны тілініп тапқан адал дүниесіне құзғынша үйірілетін алыпсатарлар аз емес. Елімізде риэлтор қызметіне арналған арнайы заң жоқ. Сондықтан заңның осалдығын пайдаланып, оңай олжа тауып жүрген жекелеген риэлторлар немесе компаниялар бар. Олар тұтынушыларын алдап-арбап ақша алғаны үшін немесе қоқан-лоқы жасап қаржысын тартып алғаны үшін жауапкершілікке тартылмайды.

Қазақстан Риэлторлары ұлттық қауымдастығының дерегі бойынша, еліміздің жылжымайтын мүлік нарығында «қара» риэлторлардың үлесі 80 пайызға жетеді екен. Ал, салық төлеп, заңды жұмысын жүргізіп отырған риэлторлық компаниялар 20 пайызды ғана құрайды екен.

 

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366