Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Референдум 45028 25 пікір 6 Маусым, 2022 сағат 13:54

Референдум қалай өтті?

Маусымның бесінде 27 жылдық үзілістен кейінгі ел тарихында екінші референдум өтті. Референдум нәтижесінде 1995 жылы 30 тамызда жалпы дауыс беру арқылы қабылданған елдің қолданыстағы негізгі заңының үштен бірі өзгереді деп күтілуде. Референдум өткізу идеясы ұсынылғаннан кейін, оны қолдағандар да, қарсы шыққандар да болды.

Бірқатар белсенділер референдумның әуелі халықтың талқысына түсуі керегін, оны өткізу әлі ерте екенін айтқан болатын. Бұл тектес пікірді Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау халықаралық ұйымы да білдірді. Ұйым Қазақстан билігі түзетулерді референдумға шығармастан бұрын "ірі талқылау өткізіп, өзгерістерді қарастыруы тиіс" деген еді.

Дегенмен, референдум белгіленген күні өтіп, дауыс беру таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00 дейінгі аралықта жүрді.

Бұл айтулы оқиғаға арнап республиканың барлық облысынан 10 мыңнан астам дауыс беру учаскелері ашылды. Шетелдегі қазақстандықтар үшін 52 мемлекетте 65 учаске жұмыс істеді. Референдумды 10 ұйым мен 25 елден 272 бақылаушы, сондай-ақ 215 шетелдік журналист бақылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Мемлекет басшысы сол жерде қазақстандықтарды өтіп жатқан референдуммен құттықтап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

«Бүгін еліміз үшін, шын мәнінде, тарихи күн. Халқымыз бетбұрысты шешім қабылдамақ. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған», – деді Қазақстан Президенті.

Ол өткізіліп отырған референдум Қанды қаңтардың қайталанбауының кепілі екенін айтты. «Біз бұдан тиісті сабақ алдық»,-деді президент Қаңтар оқиғасы туралы сөзінде.

Сондай-ақ президент «20 мың террорист» деген статистиканы бұрынғы құқық қорғау органдары басшыларының бергенін айтты.

«Бұл санды деректі бұрынғы құқық қорғау органдарының басшылары берді. Бұл жерде сөз бүкіл ел туралы болды. Өздеріңіз білесіздер, еліміздің 13 қаласында билікке қарсы шабуыл бір мезетте тұтанды, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу көзделді. Қазіргі күні 5,5 мың қылмыстық іс қозғалды, 500 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Соның ішінде 23 адамға ғана нақты мерзім кесілгеніне назар аудартқым келеді. Бұл біздің қайғылы оқиғаны зерттеуге тыңғылықты қарап отырғанымызды көрсетеді. Бұған дейін айтқанымдай, қаңтар трагедиясының рецидиві қайталануына жол бермейміз»,-деді президент.

Оның айтуынша, қаңтарда болған тәртіпсіздіктерді тергеу үшін халықаралық сарапшыларды шақырудың қажеті жоқ.

"Тергеуді уәкілетті органдар өте мұқият, егжей-тегжейлі жүргізіп жатыр. Қолда бар барлық материалдарды Бас прокуратура жариялайтын болады, қоғамнан ештеңе жасырылып қалмайды. Біз бәрін ашық әрі  жоғары кәсіби деңгейде жүргіземіз, сондықтан халықаралық сарапшыларды шақырудың қажеті жоқ деп ойлаймын", - деп атап өтті президент.

Мемлекет басшысы Қаңтар қырғынына себепкер болған террористер мен бандиттер болғанын еске салды.

«Шынымен де, бандиттер мен террористер келтірген зауалдың көлемі үрей туғызбай қоймайды. Себебі 1600 қызметтік, коммерциялық ғимарат өртеліп, 3000 қару ұрланды және әрине, қаза болғандар бар. Олардың ішінде бандиттер мен треррористер де бар. Біз мұны мемлекеттің құрылымын ыдыратуға бағытталған террористік шабуыл болды дегеннен танбаймыз. Сондықтан біз оған қатысы бар адамдарды тікелей не жанама қатысы болса да, ұйымдастыруға себепкер болса да жауапкершілікке тартылуы керек деп санаймыз. Мемлекетке қарсы операцияны дайындығы жақсы кәсіби адамдар басқарып отырған», - деді Тоқаев.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қанды қаңтар кезінде қаза тапқандардың ресми тізімі жарияланатынын айтты.

Атаулы күні  №253 референдум учаскесінде тіркелмеген «Демократиялық партия» өкілдері Инга Аманбай мен Аружан Дүйсебаева және бірнеше адам қамауда отырған саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап етті. Олар бюллетенге "Тоқаев, Жанболат Мамайды босат! Қаңтар тізімін жарияла! Саяси тұтқындарды босат! Назарбаевты сотта!" деп жазып, "Тоқаев, Қаңтар тізімін жарияла!" деп айқайлады.

Ал, Алматы орталығында жалғыз  өзі пикет өткізген белсенді Дархан Шәріповті полиция ұстап әкеткен. Ол "Тұтас реформалар пакетіне дауыс бергім келмейді. Бұл жартылай реформалар, саяси емес", "Қанды қаңтар. 2022 жыл. Ұмытпаймыз", "Реконституция" деген жазуы бар плакаттарды алып шыққан.

Азаттықтың хабарлауы бойынша, президент дауыс берген Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайына «Азаттық» тілшілерін кіргізбеген.

Референдумға қатысқан бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев "Астана Опера" театрында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Елорда әкімі Алтай Көлгінов, Алматы Әкімі Ерболат Досаев, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев т.б. шенеуніктер мен елімізге танымал тұлғалар дауыс берді.

Күндізгі дауыс берудің жай-жапсары туралы айтқан "КИОР" КЕАҚ Стратегиялық талдау тобының жетекшісі Ләззат Нұрқатова «Бүгінгі күннің саны - 68,44%»,- деп хабарлады.

«Референдумға қатысу үлесі таңғаларлық, әлеуметтанушылардың болжамдары расталды!  Қоғамдық пікір көбінесе позитивті! Өңірлерде жағдай әртүрлі. Бірақ бір қуантатыны, көп жылдардан кейін халық осындай бірлік пен біртұтастықты, президенттің бағдарламасы мен болашаққа деген сенімді көрсетті. Бұл тек бастамасы ғана, алда қазақстандық қоғамды саяси, әлеуметтік және рухани өмірінің барлық бағыттары бойынша көптеген күрделі әрі қызықты өзгерістер күтіп тұр. Референдум өтті! Дауыс беру нәтижелерін күтеміз»,-деді ол.

 

5 маусым күнгі кешкі сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 7 936 655 адам дауыс берді. Бұл - дауыс беру тізіміне енгізілген азаматтардың 67,65 пайызын құрады. Ең белсенді қатысқан Түркістан облысының тұрғындары болды. Олар 80,66 % дауыс берді. Кейінгі кезекте Қарағанды облысы -77,39%, Павлодар облысы-75,53%, Ақмола облысы-73,81% дауыс берген. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша- 57,06%, Шымкент қаласы бойынша-72,53%, Алматы қаласы бойынша-32,25% адам дауыс беруге қатысқан.

Түнгі сағат 12.00 – де экзитполдың алғашқы деректері жарияланды. "Социс-А" кешенді әлеуметтік зерттеулер институты экзитполының нәтижелеріне сәйкес, Конституцияға енгізілген түзетулерді қолдағандар - 76,7%, қарсы болғандар - 23,3 % деп көрсетілді.

Тағы бір экзитпол нәтижесін «Қоғамдық пікір» институты берді. Олардың мәліметінше, референдумге қатысушылар 70,1% құрады.

5 маусымда «Қоғамдық пікір» институты «31 арнаның» тапсырысымен республикалық референдумға қатысушылар арасында экзитпол өткізді. Сұрауға 24 мың респондент қатысты. Сауалнамада республикалық маңызы бар қалалар, облыс орталықтары, шағын қалалар және ауылдық елді мекендер қамтылды. Сауалнама 600 (алты жүз) сайлау учаскесінде өткізілді. Сауалнама қателігі 2% пайыз шамасында. Респонденттерге «Айтыңызшы, сіз Конституцияға түзетулер енгізуді қолдадыңыз ба, әлде қарсы дауыс бердіңіз бе?» деген бір сұрақ қойылды. Бұл сұраққа респонденттердің 74,8%-ы Конституцияға енгізілген түзетулерді қолдадым, 25,2%-ы қарсы дауыс бердім, деп жауап берді. Экзитпол нәтижелері бойынша референдумға қатысушылар 70,1% құрады»,-деп дерек берді «Қоғамдық пікір» институты.

Келесі экзитпол нәтижесін Демократия Институты жариялады. Олар 79,4% референдумға қатысушы ел Конституциясына Президенттік түзетулер пакетін қолдағанын айтты.

«Бүгін өткен референдум аясында КТК телеарнасы «Демократия институты» ҒЗҚ өз бастамасымен өткізген экзитпол – сайлау учаскелерінен шығу кезіндегі сауалнамаға ақпараттық қолдау көрсетті. Институт интервьюерлері дауыс беру күні 15000 адамнан сұхбат алды. Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы, барлық облыс орталықтарындағы, ірі және шағын қалалардағы, сондай-ақ ауылдық елді мекендердегі 375 сайлау учаскесінде жүргізілді. Іріктеме қателігі ±2,7%»,- деді Демократия Институты

Ал, шетелдердегі дауыс беру учаскелері Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 06:00-де жабылған. Вашингтон, Нью-Йорк пен Оттавада дауыс беруге арналған учаскелер жабылып, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдум толық аяқталды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің деректері бойынша шетелдегі 65 сайлау учаскесінде дауыс беру 72,95%-ды құрады.

Орталық сайлау комиссиясы республикалық референдумның алдын-ала нәтижесін жариялады. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолдағандар 77,18%, қарсы болғандар 18,66% - ды құрады. 2,58% бюллетен жарамсыз деп есептелді, ал, 1,58% бюллентен дауыстарды санау кезінде ескерілмеген.

Сондай-ақ референдум бойынша Бас прокуратураға 6 өтініш келіп түскен. Олардың біреуі Бас прокуратураға, екі-екіден ШҚО мен БҚО прокуратурасына, біреуі Ақтөбе облыстық прокуратурасына бағытталған.

Әлеуметтік желілерде референдум учаскелерінде дауыс беру туралы әртүрлі хабарламалар таратылды. Оның кейбірі жалған болып шықты.

 

Айжан Темірхан

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1955