Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2639 0 пікір 14 Қараша, 2012 сағат 07:43

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VI

 

«Бит базарда» алғашқы кездесіп пана болған тілші мені газет мекемесінің жұмысшы-қызметкерлер пәтеріне түн ортасында ертіп апарды. Үйі ең түпкі ғимараттың төртінші қабатында екен. Баспалдақпен ентіге шығып есік қағып еді.

- Бұл кім? - деп шаңқ ете түскен әйелдің ызғарлы дауысы, арақ жылытып келген қарныма мұз сүңгітіп жібергендей сезілді.

- Мен, есік аш! - деді тілмәш.

- Е, бала-шаға таң атқанда түсті ме есіңе, қайт сол түнеген жеріңе!

- Үй-үй, бәйбіше, қонақ бар қасымда!

- Баяғы арақ достарың шығар, жоғал ары!

- Үй-үй, ұят болады, аш есікті!.. Сыйлы қонақ! - ерінің бұл сөзі үй ішіндегі әйелдің аяқ дыбысы ары кеткенде айтылып, естілмей қалғандай болып еді. Есікке қарай аяғын тақ-тұқ басып жедел жеткен ашулы әйел есікті ашып қалды да, табалдырықтан жарқ еткізді бірдемесін. Шедеу ме, балта ма, қанжар ма, жарқ-жұрқ етіп сырғыған салмақты заттың жіліншікті қырқып кетуінен қорыққан тілмаш ыршып қалғанда, артында тұрған мен де ыршып түсіппін. Сақ етіп есік қайта жабылды. Әлгі суық құрал аяқ астымыздан сырғып өте шыққанда екеуміз де соған қарап қалыппыз.

- Айбалта екен десем, өзімнің ақ бөтелкем ғой мынау! - деп қарқ-қарқ күлді тілмаш. Сымының жанқалтасына тығыла сала есікке қайта барып шақырды.

- Ей, Айжан! Айжан!.. Үй, тыңдашы!.. Биғабіл ағаң келіп тұр!

VI

 

«Бит базарда» алғашқы кездесіп пана болған тілші мені газет мекемесінің жұмысшы-қызметкерлер пәтеріне түн ортасында ертіп апарды. Үйі ең түпкі ғимараттың төртінші қабатында екен. Баспалдақпен ентіге шығып есік қағып еді.

- Бұл кім? - деп шаңқ ете түскен әйелдің ызғарлы дауысы, арақ жылытып келген қарныма мұз сүңгітіп жібергендей сезілді.

- Мен, есік аш! - деді тілмәш.

- Е, бала-шаға таң атқанда түсті ме есіңе, қайт сол түнеген жеріңе!

- Үй-үй, бәйбіше, қонақ бар қасымда!

- Баяғы арақ достарың шығар, жоғал ары!

- Үй-үй, ұят болады, аш есікті!.. Сыйлы қонақ! - ерінің бұл сөзі үй ішіндегі әйелдің аяқ дыбысы ары кеткенде айтылып, естілмей қалғандай болып еді. Есікке қарай аяғын тақ-тұқ басып жедел жеткен ашулы әйел есікті ашып қалды да, табалдырықтан жарқ еткізді бірдемесін. Шедеу ме, балта ма, қанжар ма, жарқ-жұрқ етіп сырғыған салмақты заттың жіліншікті қырқып кетуінен қорыққан тілмаш ыршып қалғанда, артында тұрған мен де ыршып түсіппін. Сақ етіп есік қайта жабылды. Әлгі суық құрал аяқ астымыздан сырғып өте шыққанда екеуміз де соған қарап қалыппыз.

- Айбалта екен десем, өзімнің ақ бөтелкем ғой мынау! - деп қарқ-қарқ күлді тілмаш. Сымының жанқалтасына тығыла сала есікке қайта барып шақырды.

- Ей, Айжан! Айжан!.. Үй, тыңдашы!.. Биғабіл ағаң келіп тұр!

- Не дейсің? - Есік шалқасынан ашылды. - Үйбай! - Әйел бетін шымшып қалып, бажырая қарады маған. - Амансыз ба, аға! - Екі қолын жая ұмтылды...

Дөрбілжін аудандық қазақ қыздар мектебінің мен инспектор болған, соңғы жылы ең кішкене оқушысы - Айжан, сол мектепті тексеруге барғанымда өзім көтеріп жүретін сүйкімді ғана кішкентай қыз, міне сабадай теңкиген сарықыдыр бәйбіше болып алдымда тұр! Үлкені он бес жасқа келген төрт-бес баланың әкесін үйіне кіргізбей, «шідерге сигізіп» тұрыпты!..

Амандық жай-күй мен қайдан келгендігім жайындағы сұрау-жауаптардан соң, шай құя отырып айтты арызын.

- Мынау тозақы кемпір болыпты дейсіз ғой, аға, бұл маңайда қазір менен көн терілі әйел жоқ. Осындағы ыңғай маскүнемге тиген сорлы әйелдер болып қалдық!

- Айжан-ау, ондайларға қоспасаңшы мені!

- Үй, өзің қосылып алып, әр күні сылқиып таң атқанда қайтып жүрсең, қоспай қайтпекпін! Ал, күндіз, тілмашпын деп қаңғып тағы ішсең!..

- Осында мас болып келіп, бірдемеңді шаққан жерім бар ма!

- «Шақпадым»?.. Қайта айтшы!

- Әнеукүнгі Мәжит пен Қази осында төбелесіп, солар шаққан екі-үш стаканыңды айтпақсың ғой!... Мен неңді бүлдіріппін басқа!

- Жә-жә, әрең келіп отырған Биған ағаның басын ауыртпай, кейін сөйлесейік! -деп тоқтаған Айжан, ашу екпінімен сонда да қосымша қосып жіберді. - Сенімен сот алдында сөйлеспей болмай барады! Сәмет сияқты көшеде өлгеніңше, одан бұрын аман-есен айырылысуымыз жөн болар!

- Өй жағың қарыссын, Айжантай, «өлуің» не, «айырылысуың» не, бір рет әй деспей тұрып!

- Арақ достарыңның осы жазда үшеуі өлді. Төртеуінің үйі соғыс майданына айналып у-шу болып жатыр! Ол семьяларда ойрандалды деген сөз! Ендігі кезек бізге келмей қайда бармақ, ойлашы өзің!

- Ойландым, ойландым, болды, Айжантай, қояйын мұнан соң! «Қойшының қызы қой келгенде іс тігеді» демей қоя тұршы!... Биған ағаңа мынаны құйып, әрең келіп тұрғанында есіктен лақтырып жілігін шаға жаздаған қылмысың үшін кешірім сұрасаңшы онан да!

Тілші жаңа табалдырықтан лақтырылған «айбалтасын» суырып алғанда, Айжан шынымен мойындай күлді. Арақты өзі құйып, өзі жуып-шайды. «Қазіргі жағдайда арақтан шектеудің бұл сыны - ажалдан шектеу деген сөз» екендігін мен құптадым. Ұйқыға таң бозарғанда жаттық.

Айжанның өзі де газеттің бір бетінің корректоры екен. Таңертең сол үйдегі жеті жан ерте тұрып, яслидағысы яслиға, оқудағысы оқуға, қызметтегісі қызметтеріне кетіп, төрт бөлмелі үй маған ғана қалыпты. Ұйқым қанғанда тұрып, дайындап кеткен шайын іштім де қайта жаттым. Сыртқы есікті әркім қағып көріп, менен дыбыс шықпаған соң кетіп жатты.

Түске жақындағанда бәрінен бұрын қарындасымның өзі келіп, кілтімен есік ашты.

- Аға, аға!.. Мына киімдерді киіп көріңізші! - Тұтасымен бір қабат киімді әкеліп кигізіп көрді де, өзі тамақ жасауға кірісіп кетті. Әкелген пальто-ішігі де, бас киім, ботинкасы да дәл келе кетті маған. - Енді осы жаңа киімдерді ғана киініңіз! Келгеніңізді осындағы қазақтардың бәрі естіпті. Сәлем беріп амандасуға бәрі асығып жүр. Бірақ, бәрі арақкеш болып кеткен! - деп күрсінді Айжан. - Әсіресе мына «мәдениет төңкерісі» аталған неменің жүргізген науқандары ойларына симай, құсаландыра бергендіктен арақтан басқа сергітетін серік таба алмай, ішқұсталықтан осылай бұзылып кеткен азаматтар көп. Ал, өз шалым оншалық болып кетпесе де, тізгінін тарта ұстамасам, бара-бара өлетіндер қатарына қосылып кететін түрі бар!... Сіздің айтқаныңызға осылардың көбі құлақ асады. Өйтетіні, «стиль түзету әрекетіндегі» өзіңіз күреске түскендегі пікірлеріңізді әліге дейін ауыздарынан тастамай, жалпыластырып әкеткен. «Сайраған» пікіріңізді әулиелік санайды. Мақпал апайдың пікірлері де сіздің пікіріңізге қосылып, сондай зор абыройға айналған. Осы арақ жөнінде де көкейлеріне бірдеме қондырса деп, әсіресе осындағы әйелдер жағы келгеніңізге қуаныш білдіріп, үміттеніп жүр!

Бір кездегі ең кішкене оқушымның мына санасына қуанып қалдым. Мұндай қыспақты-сынақты заманда адамгершілік жағынан кері кетпей, дұрыс беталыста бола білген адам, көргенімен-ақ көсемге айналып, әр жақтылы ғылым жағынан тез өсетін көрінеді ғой. Қаншалық жапа тартсақ та осы көріп өскен көсемдер жағынан Мақпалымның өзіммен бірге бағаланғанына төбем көкке жеткендей болды.

Түс уақытында газет редакциясының қазақ редакторларынан бастап, баспа заводындағы жұмысшы-наборшиктеріне дейін келіп амандасты менімен. Тілеулестіктерін соншалық ашық білдіріп, қашан қалпыма келгенше пана болатындықтарын, сыртқа сездірмейтіндіктеріне серт айтысты. Сол күннің кешінен бастап, қонаққа әр күні шақырылдым да жаттым. Тұрақты үйімнің арақтан шектеушісі де, шектелушісі де менімен бірге қонақтап, тостты бірге көтерісті. Менің құрметім үшін көтерілген тосттардан арақкештерді шектеу түгіл, әйелдерінің өздері де шектеле алмай маталып қалды. Маскүнемдер ымдасып алып, қайдағы, қисынсыз құрмет тосттарын көбейте берді. Үш-төрт күн солай жеңіліспен өткен соң сыраға ауысып алып, әрең құтылды әйелдер жағы. Денсаулық жағдайымды айтып, мен де солармен бірге сыра ішуге рұқсат алған соң ғана сөйлеу орайын тауып едім. Ол қулар маған «әйел маркалы ағамыз» дейтін лақамды шығара қойыпты. Онысына мойымай, ашыққа шығып алып насихаттауға мен де мықтап кірістім сонсоң. Жиған-терген, көрген-білгені көп менен олар айтыс сайын жеңілді. «Маскүнем маркалылардың» барлық қияпаты мен қылығын, кейінгі қилы-қилы тағдырларын Құлжан мен Мақұлбектің ахуалынан алып сөйлеп, күлдіре бердім. Ондай күйеулерден мезі болып жүрген қарындастарым мен келіндерімнің ажуалы қатты күлкісі мойындата берді оларды. Арақты өлшеусіз сіміре беруден именетін ырықсыз халге түсіре бастады.

Ем қонбайтын сатыға келіп қалған кескексіз маскүнемдер болмаса, Айжанның қызылбөртесі сияқты ар-ұяты әлі сақталып тұрған кескектілері ішудегі менің тәртібіме өздіктерінен бойсұнатын болды. Көпшілігі күлкілі әңгімелерге бірге күлісіп, кешкілік отырыстан тату-тәтті, ойын-тамашамен көңіл ашып қана бірге тарасып жүрді.

Жарқанатша жар жастанып бұлай жата бермей, тағы да жүріп кетудің қамына келсем-ақ етегімнен баса берді сол көпшілік: «Асықпаңыз, Биға, сақшының әлі де іздеп жүрген түрлері бар!», «Жоғары жаққа шықпаңыз!», «Ақыметқан біліп қалмасын, енді көрсе өзі ұстап беретін болыпты!» деседі. Оқу-ағарту меңгермесінің талабын бүтіндей шектеп, сақшы меңгермесі шабуылға өтіп жүрген түрі бар.

Ал, бір рет қар жауып, қыс ызғары бір көрініп қайтты. Тым болмағанда Күләнді тауып, шекарадан биыл өтіп кете алмасам да, жақын жерден туған жерімнің ауасымен дем ала қыстасам деген аңсау тынышымды ала берді.

Бір күні кешке жақын «мен қонақ!» деп Азат кіріп келді жатқан үйіме. Мені осы өткен жазда Құтыбиға дейін шығарып, жол көрсетіп жөнелткен кәдімгі семіз сары Азат. Аңыра қарап тұрып қалды маған.

- Өй... Биғаңбысыз? Қайдан келіп қалғансыз мұнда? - Құшақтай алды.

Құтыби өзенінің бойында өзімен қоштасып, жолға түсісімен қарақшы қара санақтар жағынан қолға түскенімді, содан бері Тарымға бір рет айдалып барып қайтып, екінші рет Күйтіңде қолға түскенімді, Тарымға тағы айдалып бара жатып, мұнда «кісен бұзып» қашып келіп жатқанымды қысқаша сөйлеп бердім.

- Ана жылғы менің ұстатуыммен үш болды деңізші!

- Үш емес, одан бұрын да бар, жалпы төрт-бес рет қана ұсталдым ғой! - Қарқылдап күлісіп тоқтаттық бұл сөзді. Өз бөлмесінен киім ауыстырып шыққан Айжан келіп, Азатпен амандасты. Күйеуінің жиы көрісіп тұратын жақсы досы екен. Бір үйдегі кешкілікке баруға дайындалып болғандығымыздан, оны да ерте жөнелдік.

Жұмысшы-қызметшісі Үрімжі бойынша ең көп бұл мекемеде ашықтан-ашық бұл жүрген жүрісіме Азат қатты таңданды. Осы қаланың өзінде кісен бұзып шыққан «Кәсіптік қашқынның» басқа шауып, төске өрлеп, салып жүрген сайранына таудағы бір коммунаның құралды қорғау бөлім бастығы қалай ғажаптанбасын. Менімен қатар отыруынан алаңдап, қорқып та отырды өзі.

Түн ортасында қайтып келіп, Айжан жайған орынға қатарласып жатысымызбен қузады мені: «Мына жүрісіңіз тіпті қорқынышты. Тоқсан тоғызы болмаса да бірі мәлімдей салмай ма сақшыға! Енді ұстаса тіпті қатал жазалайды сізді. Өзі қорыққан үкіметтің тіпті қорқытатын әдеті барын көрмеп пе едіңіз, әнеукүнгі құрғақ дүрбелеңнен зор ұлттық намыстары қозғандықтан, жағдай тіпті шиеленісіп, тәртіпті тіпті қатайтты! Таңертең ерте тұрып, тауға шығып кетелік! Сіздің құтылып кетуіңіз үшін бұл сапарыңызға Әнуар, Омар аға үшеуміз бар күшімізді салалық!» - деді.

Таң бозынан түрегеліп Азат жөнелді де, іле-шала үй иелеріне мол алғыс айтып қоштасып, мен шықтым. Тілші күйеу бірге шығып, үлкен дарбазадағы күзет алдынан ұзатып салды.

Жол қатынас бекетіне баспалап жеткенімде Азат автобус билетін алып дайындап тұр екен. Үрімжі ауданының өз райондарына қатынап тұратын автобус, куәлік-кепілдік қағаз сұрамады. Билетіміздің мұртын жұлып беріп қана отырғызды да ала жөнелді. Коммуна орталығына таяу оңаша бір сайдағы қой қораның тұсына сәскеде жетіп түсіп қалдық. Азаттың ағасының үйі осында екен. Мені орналастырды да, өзі менің жайымды Омар мен Әнуарға айтып ақылдасу үшін әтіретіне кетті.

Әнуар жуан қара қасқа атқа мініп, күн батарда келді де, Азат Омарды ертіп, кеш бата жетті. Мені енді қай жақпен жөнелту жөнінде бір ақылға келе алмай, өзіммен осында сөйлесіп, ақылдасуға келгендері екен. Күйеуге тоқтамаған қызша дәміл-дәміл қайтып келіп, мазаларын ала бергеніме кешірім сұрап, күлісіп алған соң айттым өз ойымды.

- Шекараға дейін қарауыл торы құрылып болған қазіргі жағдайда тұп-тура пәлен жерге деп, өтірікті-расты жолқағазбен суыт тарта беруге болмайды екен! - дедім. - Енді ауылшылай жылжуым жөн сияқты.

Бұл пікірімді айқындай түсу үшін Құтыби аудандық үкіметтің оқу-ағарту бөлімінде көне ағартушылардан кім барын сұрадым. Омар мен Әнуар мәдениет топалаңы басталғаннан бері ол жаққа бармаған екен. Анық білмейтіндіктерін айтты. Бұрын сол ауданда тұратын көнелі-жаңалы білікті ағартушыларды кезектесе атап шықты сонсоң. Ойланыса келе қазір қайсысының қайда екендігін осы коммуна телефонымен-ақ сұрап білуге болатындығын айтысты. Екеуі құлшына кетті сөйтіп. Бұрынғы жақын сабақтастары мен достарының мықты біреуін тапса, көбін сол айтып беруі мүмкін ғой...

Коммунаның телефоны арқылы соларды толық сұрап білуге, менің жол-жоспарымды сонан соң жасауға келістік.

Үшеуі телефонханаға ертеңіне таңертең кетіп, түс уақытында қайтты. Недәуір анық мәлімет тауып келіпті. Мұнан соң қайсы бағдармен жүретіндігімді тәп-тәуір сеніммен-есеппен белгіледік. Ағарту қызметінде стажы мол, беделі жоғарырақ Омар Құтыби қалашығына сол күні үлкен жолмен түн қата жүрмек болып үйіне қайтты. Қазіргі жұмысы қарбалас Әнуар  барлық разылығымен қарақасқа атты маған өткізді де, сәтті жол тілеп қоштасты. Құшақтасып көзімізге жас ала айырылыстық бұл жолы. Азаттың ағасының атымен өз алдына басқа жолмен кетті. Мініп келген атының ізін көптің көзінен жасыра қайтпақ сияқты.

Азат екеуміз жеке ақылдасып, дайындалып, соның ертеңіндегі кеште, жаздағы бірге жүрген күдір жолымызбен түн қаттық. Ішінен асынып шыққан екі жанқұралының бірін маған ұстатты. Қара санақ қарақшылардың дәнігіп, Санжы тұсында да жалғыз-жарым жолаушыны тонап жүргенін кеше айтқан болатын. Құралымен қорқытатындай болса аямауға келіскенбіз. Иенге шыққан соң әудем жер аралық тастап бөлініп жүрдік. Бұлыңғыр түннің қараңғылығынан алдымдағы Азаттың қарасы жиырма метр жерден-ақ көрінбей кетті. Атының тұяқ дыбысын тыңдап ілесе бердім. Санжы өзенінің сарылы естілген шақта ол кідіре қалып мені тосты. Өзенге қарай жүгіріп түскен бір адамның тасқа соғылған аяқ дыбысы естілген екен. Азат оның құралы болып, қараңғыда жақыннан атып тастауынан қорқыпты. Алдыға менің түсуіме де көнбей, бірге жүрді. Өзеннен өтіп, тоғай ішінде ат шалдырдық. Жаудан дыбыс жоқ. Таң қылаңдап, төңірегіміз бозарып көріне бастағанда, Азат тағы да алдыға түсе жөнелді. Мен асықпай оның сәл ұзауын күтіп тұрдым да, жеңімдегі мылтықты шығармай қымтап ұстап, үзеңгіге аяғымды салдым. Дәл сол мезетте еңгезердей екеуі екі жағымнан лып беріп шыға келіп, қанжарларын төсей қойды. Алдымдағысы «шығарма үніңді!» деп күбірлей бұйырғанында алқымыма төндірген қанжарлы қолының шынтағына мылтық төсеп мен басып қалдым. Қанжарын бүйіріме тіреген біреуі тұра қашты да, оқ тиген қолдағы қанжар дереу жерге түсті. Ол да тұра қашқанда қылмысты қолының топшысын көздеп екінші рет аттым.

Алғашқы мылтық дауысы шығысымен қайырыла шапқылап жеткен Азат, алдыңғы қашқанын көре сала қуып беріп еді. Аздан соң бақыртып сүйреп әкелді. Оқ оның жамбасынан тиген екен. Екі қанжарды алып қана атқа мініп аяңдай бердік. Қосыла бақырып екеуі қалды. Қансырап өлетіндіктерін айтып, бізден көмек тілейді. «Тұңзы!», «тұңзымын!»[1] деп жалбарынады. Қарамадық.

Өзен сайынан өрлеп, белге шығып алған соң тағы да бөліндік. Шалқар түсте Құтыби өзеніне жеткенімізше күдікті ешкім кезіге қоймады. Жаздағы сапарымызда жатқан тоғай арасына түсіп ат қаңтардық та, суық суға сүзбе езіп ішіп, ет жедік. Арақ ішпей, кезекпен ұйықтау, бұл сапарымыздағы сақтықтың шарты болған. Күзетке алдымен мен тұрдым. Аттарды жарым сағаттай ғана суытып, ер-тоқымын алып, отқа кісендеп қоя бердім. Ұйықтаған Азат пен аттардың арасында бір топ шілікке далдаланып, екі жарым сағат тапжылмай аңдыдым сонсоң. Торыған ешқандай жау сыбысы естілмеді.

- Ойпырау, сіздің ұйқыға көп қиянат істеппін ғой! - Азат ытқып тұрды орнынан.

- Алдымыздағы жолда күзеттің үлкен міндеті сенде болған соң оятпадым, ұйықтай бер! -дегеніме көнбеді. Орнына барып мен жаттым.

Қатты ұйықтаппын. Түсімде бір теректің саясында жалғыз отыр екенмін. Қысқа ғана шаңқандай ақ іш көйлекпен Күлән өте шықты алдымнан. Ақ балтырын санына дейін жалтыратып, мені көрмей-қарамай өтті. «Күләш, Күләш!» деп шақырғаныма қолымен нұсқап, төбешік үстінде тұрған ұзын жасыл торғын көйлекті бір әйелді көрсетті де кете берді. Ол әйел Мақпалға ұқсап көрінген соң соған қарап тұра ұмтылдым. Жақындай бергенімде басқа бір сұлу безенген әйел болып көрінді де маған қарамай ар жағына жылжи берді. Сыртынан, жасыл емес желбіреп шұбатылған қара пүліс көйлекті, шашына шаш жалғап сүйреткен әртіс әйел болып танылды. Қарқылдап күліп жібердім де жалт беріп, Күлән өткен жаққа қарай қайта ұмтылдым. Ол бір түп қана жасыл шырша түбінде, маған қарсы қарап дәретте отыр екен. Қымсынбады да қозғалмады. Нұр шашып жарқырап көрінді бәдәні. Күнге бата алмағандай ұялған көзімді далдалап сығалай қарадым. Олай қарағанда күн жүзінде де қарамтыл көлеңке бары байқалушы еді.Мынау дақсыз-кіршіксіз нұр болып көрінді. Бар тұрпат-тұлғасын айқын көріп, қызыға қарадым. «Мақпалың - Нұрияшың келеді!» деп саңқ ете түскендей болды біреу. Әлгі қара көйлекті әйел асып кеткен жақтан естілді.

Түсімнің жалғасы көрінбей, тосаттан үзілді.

- Биға, Биға! - деп оятқан Азаттың дауысымен оянып кеттім. Күн батып, тау жотасында қызғылт нұры ғана қалған екен. Азат аттарды ерттеп, сусындық сүзбе езіп қойыпты. Іше отырып, тоңазыған ет жедік те ыдысты қоржынға салдық. Қай жақтан екені белгісіз алыстан екі рет айқайлаған біреудің дауысы ғана естіліпті Азатқа. «Бұл маңда ешкім жоқ сияқты» деді де, бір кесек етті қолына алып, атына міне жөнелді. Мен тағы да тұрып қалып, алтыатарды жеңіме алдым да, атқа тағы да асықпай міндім. Азат ұзай түссін деп асықпай аяңдадым соңынан.

Жаздағы өзімді тонаған қарақшылардан «мал сілекейін» алармын деп үміттенген де қауіптенген де кезеңім осы еді. Сондағы ұйықтап қалып, сол қарақшылар қоршаған жерге жақындап қалдық. Азат жазықтыққа шықпай, бөктер тау шетіндегі бір биік жартас түбінде атын байлап, төбесіне шықты. Дыбыс шығармай жетіп, мен де шықтым. Ымырт жабыла бастап күңгірт тартса да, сол тоналған жерімді тұспалдап тұрғанымда Азат күбірледі.

- Анау белегірдің ар жағынан жылтыраған оттың сәулесі ғой, байқадыңыз ба?

- Ә, көрдім.

- Сіздің алдыңғы ұсталған жол сол тұста ғой?

- Дұрыс. Мына от сол жолдың  тау жағында сияқты.

- Ол жаққа қазір малшы тұрмайтын, жалаңаш, иен дала. Әскери күзет те қойылмайтын жер. Енді тездете жүрелік! Сіз сол тұсқа қарай сәл ғана өрлеп ауа жүрсеңіз, жолға беріректен, белеңнен аса сала түсесіз. Атыңызға кісен салып, көрнеуге арқандап қойып, сағырақ жатыңыз! Мен сол отты жоғары жақпен барып байқайын. Аты, мылтығы бар күштірек қарақшы болса, білдірмей кетіп қалуымыз үшін сізге тез жетіп хабарлаймын!

Азат осы сөзбен жартастан бұрынырақ түсіп, жоғары қарай жорта жөнелді. Мен сәл кейінірек түсіп, өз бағдарыма қарай бір қалыпты бұлаң құйрықпен жүре бердім. Жон таудың етегіне жете басқан қардың ызғары бет тоңазытып, тыныш бұлыңғыр түнге суық леп үрлей бастады. Жаңағы өзен арнасының төменгі күншығыс жағасында қалған Құтыби қалашығының шырақтары тура солтүстігімнен шығыс-солтүстік жағыма ауа бастағанда, Азат айтқан белеңге жеттім. Биік жартастан түскен соң әлгі иендегі от сәулесі көрінбей қалып еді. Белеңге шыға келгенімде от жанған жерден сәл ғана төмен, бағдарлаған жеріме дәл жеткенім білінді. Қарақшы болса да, жол күзетшісі болса да, негізгі күші сол от басында түнейді десек, осы белеңге де қойған қарауылы болатыны сөзсіз. Бірақ ешқандай сыбыс сезілмеді. Азат әлдеқашан жетіп, барлап жатқан шығар. Ол айтқандай қатерлі жау болса, өзінің қайта оралатын уақыты да болды.

Белеңнен әдейі ақырын ғана жөтеліп, дыбыс бере астым да, жолды таптым, жазыққа шыға аяңдап келіп аттан түстім. Сирек қарағай-бұта, қураған тырбық жусан, ебелекті татыраңға атты кісендеп арқандап тастап, ер-тоқым жастана құладым. Кісен кілтін ішкі бешпет жанқалтасына, алтыатарды ішік жеңінен қолыма түсе қалатындай етіп оң жақ білегіме ала жаттым. Мұндайда ұйқы қайда, жүрегім әлемтапырақ. Бұлыңғыр сұр түн аспаны да маңайымда шанжау-шанжау өскен қу бұталар да, тілсіз иен дала да түксиіп, қанішерлерін қайрап, ымдап тұрғандай, тосыннан ыршып келіп бас салатындай, темір шоқпармен басыма періп жіберетіндей қорқыныш елестей берді. Шіркін-ай, жаздағы мылтықты тонаушы ұзын тұмсық сида қара сұр қолыма түссе, қорқыта-домбыта тергеп, тым болмағанда шығармаларымды тапқызсам деп азуымды баса бердім.

Жақынырақтан аяқ дыбысы естілді. Баспалап қарап, бір-бірінен оқшау-оқшау шеп жайып келе жатқан төрт адам көрдім. Сол жақ қырымнан соларға қарай жатып, көзім бадырайған қалпында қорылдап ұйықтаған болдым. Үшеуі тұп-тура атқа беттеді де біреуі он метрдей ғана жерден мені аңдып тұра қалды. Қыбырламай қорылдай бердім. Бір басып, екі басып, жылжи берді маған қарай. Аласалау төртбақ, жуан адам. Оң қолында шошайған мылтығы көрінді. Өрби қалған қорқынышымды тізгіндеуге тырыстым. Ат аяғындағы кісенді аша алмаған үшеуі де маған беттеді. Ол үшеуінде мылтық бар-жоғын анықтай алмай жатыр едім. Жоғарыдағы от жанған жақтан мылтық атылды. Жалт-жалт қарасты төртеуі. Аяқ жағымда келіп тоқтаған үшеуіне мен де анықтап қарап үлгердім. Қолдарынан пышақ-шоқпарлар ғана көрінді.

«Тұрғызып тінтіңдер» деп күбірлеп, жедел бұйырды мылтықты жуаны. Қыбырламай қорылдап едім, мақталы көк шапанды біреуі келіп құйрығымнан теуіп қалды. Сасқалақтаған бейнемен қолымды ербеңдетіп көтергенсіп тұра бере, мылтықтының оң жақ иығынан көздеп, алтыатарды басып қалдым да, жалт беріп, ер-тоқымның сыртына ыршып өттім. Жау мылтығы да атылып еді. Бірақ, қолы көтерілмей қалтырап кетіп жерге атылды да, мылтығының өзі де жерге түсті. Үшеуі қаша жөнелгенде иығынан оқ тигені жансыз қолын сол қолына алып, ышқына зытты. Ыршып барып оң жақ аяғынан қағып қалдым. Жараланған иығымен құлап, бақырып жіберді. Тасыр-тұсыр шапқылап жеткен Азат қуа жөнелді қашқандарын. Бес-алты минут өтпей-ақ үшеуін қамшылап иіріп, айдап келді. Құрал тапсыруға бұйырып, менің алдыма бір-бірден жіберіп тастатты. Қолымда шақпағы қайырылып екі алтыатар тұр еді бұл шақта. Азат атын менің атым жаққа қоя бере салды да, үш тұтқыннан бастықтарының кім екендігін сұрады. Оқ тиген төртбақты нұсқады бәрі. Аты-жөні Байжишың екен. Оның жарасын біреуіне өз көйлегімен таңуды мен бұйырып таңғыздым. Оқшау-оқшау тұрғызып қойып тінтіп, киімінен басқа нәрселерін жиып алған Азат, қынынан өткір бәкісін алып, кеңсіріктерінің үстінен бір-бір тіліп таңбалады.

- Мұнан соң қарақшылық істеп қолға түссеңдер, осы таңба бойынша сөзсіз атыласыңдар! Ұқтыңдар ма? Мына бастықтарыңды апарып сақшы мекемесіне тапсырып береміз! - деді ханзуша анықтап сөйлеп. - Мылтығы бізде қалады!

- Бұл мылтықты маған Құтыби аудандық сақшы мекемесі ұстай тұруыма берген! -деп ыңқылдады бастық. Азат сап ете түсті бұл жауабына:

- Сен аудандық сақшы қызметкерімісің?

- Мен... мен.. Құтыбиға орналасуға бірнеше арыз жазып кіргізгенмін. Осы жолды күзете тұруға міндеттеп мылтық берген, аудандық сақшының құралды бөлім бастығы.

- Мыналарға темір шоқпармен қанжар үлестіріп, саған қосып берген де сақшы мекемесі ме? -деп мен сұрадым.

- Емес, емес, бұлар маған осы жерде кездесіп қосылған!

- Осылармен бірігіп қанша жолаушыны тонадың? Неше адамды із дерексіз жоғалттыңдар? Сол бастығыңның алдына сөйлеспей тұрып шыныңды айт! Негізгі қарақшы, құрал берген сол кожаң ба, иә өзің біреуден тонап алған мылтық па? - Бұл сұрауыма қарақшы бастығы жауап бермеді.

- Анау белеңнен қолшырақ жарқылдатып, өздеріңе белгі берген кім? - Азаттың бұл сұрағына да жауап шықпаған соң, зейіл үнмен қыстадым мен:

- Айт шыныңды! Егер көрініп тұрған жөніңді айтпасаң, қиналып өлесің!

- Ол... ол... жоғары жақтан мылтық атылғанда қашып кеткен болса керек, мұнда келмеді!

- Сенің басқаруыңдағы қарақшы нешеу еді? - Азат сұрап, жалпы он екі қара санақ екенін әрең айтқызды. Менің атымды ерттеді сонан соң. Тінтіп тапқан нәрселерін құралдарымен бірінің боқшасына салғызды да бастығының мойнына асқызды. Мен жақындап барып, жаңағы өзімді теуіп тұрғызған көк киімдіні қуығынан теуіп қалып, бүк түсірдім де, шашынан көтеріп тұрғызып алып, өз тілінде үн қаттым.

- Түсіндің бе?... Мұнан соң жолаушыларға не істесең, соны өзің екі еселеп көресің!

Сол сөзбен ғана атыма мініп, бастықтарын Құтыби қалашығы жаққа айдай жөнелдім. Қалған үшеуіне Азат тонаушыларға мұнан соң қолданылатын жазаны қайталап-үстемелеп ұқтырып қоя беріп жетті соңымнан.

Азат белеңнің жоғарғы жағынан от тұсына менен бұрын жетіп, баспалап біраз жатыпты. Түгел жаяу, мылтықсыз төрт адам көрінген соң жоғарғы жағындағы құр жырамен жақындапты отқа. Белеңнің мен асқан тұсынан дәл сол шақта қолшырақ үш рет жарқырапты. От басында отырған төртеуі түрегеліп, мен жаққа қарай ұмтылғанда, Азат атын кісендей сала от басына барып, нәрселерін тінтіпті. Базардан әкелген азық-түліктерінен басқа жақында сойылған бірнеше қойдың терісін тауып, жан-жағына қараса, сегіз-он метрден аралық тастап өзін қоршап тұра қалған шоқпар-қанжарлылар көрініпті. «Мені көріп қайтып кеп қоршаған жаңағы төртеуі мен күзеттегілері» деп мөлшерлеген Азат та қарап тұра қалыпты оларға.

Қоршаушылар, тартынбай тінтіп жүрген әскери ішікті семіз сарыны, жол күзетін тексеруге шыққан әскери бастық деп мөлшерлегендей. Бас салуға батына алмай тұрған сияқты. Біреуінің жең ұшынан көрінген мылтығы, Азат қарағанда жең ішіне тартыла қалыпты. Сол именістерін байқай қойған Азат мылтығын суырып алғанда әрқайсысы әр тұсқа қарап қаша жөнелген екен. Азат мылтықтысын көздеп атып қалыпты. Бір рет қана бақ ете түсіп, ол да қашып қараңғыға сіңіп кетіпті. Азат дереу атына жүгіріп, кісенін ашқанша бәрі де ғайып болыпты. Бұл жақтан екі рет мылтық атылғаны естілгенде асыққан Азаттың мен жаққа шапқылап жеткені сол екен.

Екеуміз қарақшылар бастығын недәуір алыстатып шығарған соң беталыстан бұра айдап апарып, сел тасқыны орып кеткен бір жарқабақтағы үңгір жанына апарып тергедік.

- Егер бір мәселеңді жасырып қалмақ болсаң, өлесің! - дедім мен. - Біздің сұрағымызға шындықпен, жасырмай жауап берсең, жазаламай апарамыз! Осы он екі қарақшыңның ішінде сенен басқа мылтықтысы бар ма?

- Менен басқа, тек, біреуінде ғана бар. Ол... ол... бұл жолға менен бұрын келіпті.

- Бет шырайы қандай, ерекше белгісі бар ма?

- Келте мұрынды кең танау. Түрі қара... менен ұзындау. Орта бойлы... басқа белгісін білмеймін!

Рас па дегендей Азатқа қарап едім, ол басын изеді.

- Одан басқа ұзын мұрынды, жіңішкелеу, ұзын бойлы біреуінде де мылтық бар еді ғой?

- Жоқ, жоқ!... Кеңтанау екеумізден басқасында мылтық жоқ!

- Бар! - деп зекідім мен. - Өлгің келмесе, жасырма! Оның жазда бір жолаушыдан тартып алған жақсы аты да бар екен!

- Рас, рас, есіме енді түсті! Ол... ол... жазда бізден бұрын осы жолда болып, біреудің жақсы атын, киімін, тағы бірқанша нәрсесін, ақшасын алған екен. Ол, сол атты... сол жақсы атты алған соң соған мініп қашып кетіпті. Мұны маған менен бұрын келген кең танау айтқан!

- Сол жақсы атты жолаушыны тонағандардың ішінде осы кең танау да бар ғой?

- Жоқ, жоқ... ол ұзынтұрамен бірге болғандардың бәрі кулиге қайтып кетіпті. Мына кең танауды аудандық сақшы соның орнына осы жолды күзетуге жіберіпті. Бұлар аз болған соң артынан мені жіберген.

- Ал, сен мұнымен біріккен соң неше адамды тонадыңдар?

- Тонай алмадық. Жолаушы кезікпеді!... Батысқа қарай жүрген жолаушы кезіксе, мал-мүлкін түгел өзімізге қалдырып, сақшыға өзін ғана тапсырып беруге рұқсат еткен болса да кезіктере алмадық!

- Кезіктіре алмадық? Тонаған адамдарыңның бар екендігін, бірнешеу екендігін дәлелдеп қана өлтіріп, мына үңгірге тыға салайын ба? - дедім де мойнындағы боқшадан бір қанжарын жұлып алдым.

- Ойланайын, ойланайын!.. Рас, бір жолаушы бізді көре сала, жетектеп келе жатқан атын тастай қашып құтылып кеткен!

- Одан басқа! - Іле-шала зекідім. - Аттары мен барлық нәрселерін алып қалып, өздерін аудандық сақшыға тапсырып бергенсіңдер, бірнешеуі әлі абақтыда жатыр. Алдыңғы күні ғана біреуі қашып шығып, бізге мәлімдеген. Оларды қайтып жасырмақсың!

Бас қарақшы жауапсыз, тұқыра түсті.

- Жә, сен шыныңа келмедің. Енді өлтірсек обалың жоқ шығар! - Ұмтылып барып, қанжарын жүрегіне төсегенімде өкіріп жіберді де «айтайынға» келді. Сақшыға үш жолаушы тапсырып беріп, аттарын алғанын айтты сонсоң.

- Ол тонаған аттарың қайда? - деп сұрады Азат.

- Базарға апарып сатып, ақшасын семьяларымызға бөліп беріп тұратын адамдарымыз бар!

- Мыналардың бәрін ұстатып тексеру керек екен, малшылардың, қойын да қырып жатыр! - Қазақша күбірлей салған Азат қарақшыға қайталап сұрау қойды, - Жанмылтықты саған сақшы кожаңның өзі бергені рас па? Егер ол да өтірік болып шықса қайтейік?

- Ол рас, ол рас! Жоғалтпай, қайта тапсырып береміз деп, қолымыздан қағаз да бергенбіз!

- Алғашқы бастық болып тонаушылық жүргізген ұзын тұмсық қарақшы, сендерге анау кең танауыңа тастап кеткен үлкен бір қапшық қағазды қайда қойдыңдар? - деп сұрадым.

- Ол қағазды бізге беріп кеткен емес, қапшығы да жоқ. Жоғары жақтағы тастың қуысынан мұсылман жазуымен жазылған көп қағаз тауып алғанбыз. Оны отқа тамызық етіп тауыстық!... Бір парағы да қалмады.

Бұл жауаптан соң мен шыдай алмадым. «Кең танауды тобымен ұстап, асықпай тексеріп тиянақтатуды жақын жердегі коммунаның құралды қорғау бөліміне тапсырасың. Қазір уақыт бітті, мынаны жерлеп қана кетелік!» деп сыбырлай сала қарақшы бастығын кеңірдегінен ала түстім. Дыбысын шығармай басып, төс шеміршегінің сол жақ тұсынан дәлдеп жүрегіне қададым қанжарды. Сыртқа қан атылмай, көкірек қуысына ғана құйылып, тап-таза бітті. Үңгірге тығып, үстіндегі жар қабақты құлата салдық. Мылтығынан басқа қарақшылық құралдары түгелімен бірге көмілді.

- Егер өлтірмей қоя берсек, тергеген сұрақтарымызды Құтыби сақшысына ол барып мәлімдейді. Менің қайтып келіп өш алғаным білініп қалатын ықтималы бар! -деп Азатқа соңынан ескерттім.

- Мұны қоя берсек, әрине өзімізге қастық істеген боламыз! - деп ол құптады.

Атқа мініп, бөктердің тастақты жазығымен шығыс-солтүстікке қарай құлдай жорттық. Таң бозара қарлы жаңбыр жауды. Ізіміз түгел жасырылғанын біле келіп, Құтыби өзенінің жазыққа шыққан жағасында түйістік. Бұлт таң атқанда серпіліп, қалашықтың қалың терегі әлі де шығыс-солтүстікке бейім, өзен арнасының ар жағынан көрінді. Жауында жамылған плащтарымызды жайып тастаған Азат, өзен жағалап, атпен құлдап кетіп еді. Күн сәскеге көтеріле қайта оралды. Омардың бізбен кездесуге уәделескен малшы құдасының тамы қалашықтың күнбатыс жақ тұсына таман Қарағаш тоғайында екен. Омар қалашықтан бұл жаққа әлі өтпепті. Біз оны сол үйден күтіп тынықтық.

Кешке жақын екеу болып жетті Омар. Қасындағы, сақал мұртын таза қырынған бурыл шашты, ашаңдау сұрсы маған дауысын көтере сәлем беріп, құшақтасып амандасты. Танымай, күдіктене қарап құшақтасып едім. Жайланып отырған соң Омар таныстырды: бұрынғы өзінің сабақтасы, кейін құда болып алған досы екен. Осы үйдің иесінің інісі болып шықты.

- Аудандық оқу бөлімінің қазіргі уақыттық бастығы, - деп таныстырды соңында Омар. «Сенуге болатын азамат» екендігін күбірлеп қосып еді. Естіп қалған саққұлақ кожаң өз шындығын сөйлей жөнелді.

- Биға, «қыртты езген жеңеді, езгенді Құдайдан безген жеңеді» дейтін ғой бұрынғылар. Мен алғашқы «азаттық» делінген кезеңде осы езгендердің айтқанын екі етпейтін екпінді болуға тырысқанмын. Жарты сағаттық жиынына екі сағат сөйлейтін ең қырты болып та шыққанмын. Атымды көпшілік «Жатқанбай қырт» деп өзгертіп атаған. Сол «Жатқанбай қыртты» стиль түзету науқанында «езген» басшылығым ықсырта берді. Оңшыл, ұлтшыл аталғандардың үстінен пікір айтуға қырттығым мандымай қалған болатын. «Оңшыл Биғабілдің құйрығы» деп сізге қосақтап ұрандатқанда, біткенім осы деп қорықтым. Жанымды жалдап, тісімді қайрап, партия қатарына өтейін, мансабымды өсірейін деп жүргенімде, езгендер осыған мойындатуға «оңшыға бейім» дейтін қалпақ кигізуге айналды. Қырттығым осы езгендерден озбаса қырқылатын болдым. Олардан, әрине, Құдайдан безбей озу қайда. Сіздің «сайраған» газеттегі сөзіңізді төпештеп отырып, өзіңізді «Америка жиянгерлігінің құйрығы», «Труменның қолшоқпары» етіп бір-ақ шығарғанмын.

Мен басқа тыңдаушылармен бірге қарқылдап күліп алып сұрадым:

- «Езгендеріңіз» осы үкіміңізге нанды ма, сонда?

- Нанса да нанбаса да сізді тілдесем-ақ сүйсіне изектейді олар. Жұртшылық алдындағы абырой-беделіңізді біздейлерге таптатуды ғана мақсат еткен ғой. Және ол үкіміме қосып, «бюрократ буржуй», «жүз әйелдің намысына тиген басқыншы бұзық», «коммунистік стиль біткеннің жауы» дейтін жалаларымды қоспасам, «езгендерден» оза алармын ба, мойнымдағы тұзақты Құдайдан осылай безіп барып алдырғанмын!... Сөйтіп жүріп сіздің қолға алынғаныңызды естігенімде ішім удай ашыған. Басқа аудандарда Құдайдан менше безгендердің қанша екендігін қайдан білейін, сізді жалалап-қаралап қойған мен ит деп ашынғанмын. Құдайдан менше безе алмаған мұғалімдер сіздің құйрығыңыз болып, төменге түсіп кеткенде, мен сөйтіп өрлеп инспектор, онан соң кожаң сайландым! - Осы өскенін айтқанда Жатқанбайдың көз жасы ыршып-ыршып кетті. - Сүйеніп, ақыл-кеңес аларлық азаматтарымның бәрін жалмап, жалғыз сопиып тапқан мансабым құрысын да! Сіздің жасап беріп кеткен оқу құралдарыңыз жиып алынғанда, оқушыларым мен оқытушылардың жалтылдаған көздерінен кірерге ін таба алмай қалдым. Онан соң ондай оқу құрал шықпады. «Сол ағалардың балағынан алғандағы жеткен мұратың осы қайыршылық па?» дейтіндей қатал қадалған көздер түсімде де көрініп, ұйқым шайдай ашылып жүрді. Сізді «суға кетіпті», «аштан өліпті», «қинаудан өліпті» деген хабарлар шыққанда өзімді бүтіндей жалғыз үңірейген көр ішінде қалғандай сезіндім. Ешкімнің бетіне қарай алмайтын халге түстім!

- Болды, «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң!» - деп Омар күрсіне тоқтау айтты Жатқанбайға. - Енді өзіңнің де пайдаң тиіп отыр ғой! - Омардың бұл сөзінен маған жолқағаздың осы кожаң арқылы дайындалып болғанын түсіне қойдым. Жатқанбай оның айтқан көңілін тыңдамағандай жалғастырды сөзін.

- Сөйтіп, Биғаңның айдалуына өзімді ғана жазықты етіп, қатты ауырсынып жүргенімде, шын қылмыстылар естіліп, жүгімді сәл жеңілдеткендей болды. Мәдениет топалаңы алғашқы доңыз күшінен айырылып-әлсіреп қалған кейінгі кезеңде естілді олар. Шын жендет өз маңыңыздан шығыпты ғой... Рас па, Биға?... Үлкен қабағаны -Жаубасар, оған ерген улы тісті қаншықтардан - Мақұлбек пен Құлжан бар екен ғой?

- Рас, - деп күрсіндім мен. - Сіз өзіңізді тым ауыр жазғырып жүріпсіз. Сіздей ілесуші болғандар, мыңнан аспаса кем емес шығар.

Қойға бата тіленіп, шайға дастарқан жасалғанда үзіліп қалған әңгімені Жатқанбай қайта жалғастырды.

- Сол үшеуінің кейінгі кезде қандай халге түскенін естідіңіз бе, Биға?

- Толық емес, шет жағалап еміс-еміс қана естимін! - дедім әдейі ел аузында не деп жүргенін білгім келді.

- Жаубасарыңыз сасып-шіріп, хал үстінде жатыр. Ем қонбапты, қан рагы екен! Ал, Құлжанды көшеде арақтан өліпті деп кеше ғана естідім. Сізден басқаның өлім хабары өтірік болмаса керек. Өйтетіні, «бөрінің тәңірі болғанымен»[2] алыста ғой. Бөрі өліпті деп өтірік өсек айта салудан ешкім қорықпайды. Ал, иесі күшті иттің өлімін жариялау дегеніңіз, рас болмаса өте қатерлі. «Партияға қарсы өсек» болып табылмай ма! - Бұл ащы шындыққа сүйініп, қатты күлдік. - Енді Мақұлбегіңіз осы базарда, өлгенінен әлде қайда қиын ахуалда жүр!

- Осында өз аяғымен жүр ме? - деп қалғанымда «осында жүр» деген сөзінен Жатқанбай жалт беріп түзетті.

- Жоқ, жоқ, осы базарда жатыр десек дұрыс болады екен. Бауырымен жерге жабысып қана жылжи алады. Қашан екен, Үрімжіде үйіне бұлаңшы кіріпті де, шатын айырып, мойнын қайырып тастап кеткен екен. Өлтіріп кетіпті деп естігенбіз. Дәрігерге дереу апарылып қайта тірілтсе де, осылай кәрі крокодилге айналып тіріліпті. Әйелінен айырылысып кетіп, панасыз қалғандықтан, осында жиені дей ме, нағашысы дей ме біреу бағуға алып келген екен. «Бұлаңшы емес, халықтың қарғысы атқан» дегенді естіп, ол да күйініп, бағуды қойыпты. Көшеде түнеп, әркімнен нан мен арақ тілейді дейді. Балалар таспен атқылап, жылан өлтіреміз деп масқаралап ойнайтын болыпты!

- Базардың қай тұсында жатады екен? - деп сұрап білдім де, орайы болса соны бір көре кетуді, 58-ші жылғы жер домнада күйдіріп өлтірмек болған қастығы үшін, тілдің түтінсіз отымен ғана өзін өртеп өлтіре кетуді ойладым.

Жатқанбай, қырт емес, сөзін дәмдеп-тұздықтап, сендіре сөйлейтін кісі көрінеді. Дастарқанға қуырдақ келген соң базардан ала келген арағын құя отырып жалғастырды сөзін.

- Мұндағы жұртшылық сол үш қаскөйдің қазіргі тағдырын, Биғабілге істеген қылмыстарына қарай «Құдайдың берген жазасы» дейді. Бір шындығымды тағы айтайын, соларға қарап, «Құдайдан безген» менің жазамды қашан берер екен деп сасқалақтап жүр едім. Мына Омар құда келіп, кешірім сұраудың орайын тауып бере қойды! Омекеңнің қойған шартын шамамның келісінше орындап келіп отырмын. Биға, түпкілікті ақы иесі сіз болғандықтан, сол кешірімді алдымен сізден сұрамақпын! -Жатқанбай маған арақ кесесінің бірін қос қолдап ұсына өтінді.

- Жәке, «Құдай берсе пайғамбардың қыңқ ете алмайтындығын» да білесіз, - дедім мен қалжыңдап. - Кешірімді алдымен сол шексіз ұлығымыздың өзінен сұрап, бұл параңызды алдымен соның өзіне ұсынғаныңыз ұтымды болар! - Дастарқандағылар қарқылдап күлді бұл сөзіме. - Рас айтам, - дедім сонсоң. - Сол ұлы сот кешірсе, өз күнәсін мұншалық тереңнен таныған қылмыстыға разы болмайтын Биғабіл де жоқ. Бірақ, кесікшінің емеурінін байқамай, өздігінен кешіре салып, зор күнә таппайын. Алдымен соның өзіне ұсыныңызшы не дер екен?

- Шапалақпен жалғыз-ақ тартатын шығар! - деп, бар денесімен Омар солқылдады. - Өйтіп пәле тапқанша өзара жең ішінен жалғаса қоялық!

Сөйтіп алғашқы тосымызды осы «жасырын келісімнің» күлкісімен көтердік.

Мен аңсаған әңгіме арақ ішіп отырған төртеуміз оңаша қалғанда шертілді: кеше Омар Жатқанбайдың мен туралы көзқарасын білген соң барлық ахуалымды жасырмай айтыпты оған. Алдыңғы үш реткі сапарымның сәтсіз болғандығы да айтылыпты. Менің ендігі жолды ауылшылап, жылжи қонып өту жөніндегі жоспарымды естігенде Жатқанбай Манасқа дейін аман өткізудің қисынын таба қойыпты. Жақында осы ауданға қарасты көшпелі мектептерді тексеруге инспектор шығаратын жоспарлары бар екен. Сол жоспарды қыс түсудің алдында орындап алу жөнін саяси жетекшісіне айтып бекіттіріп, «Жақып инспектор» атына ханзу жазуында жолдау қағаз жаздырып, аудандық үкімет таңбасын бастырып әкеліпті. Жатқанбай сол қағазды маған беріп ұқтырды.

- Осы ауданнан өтіп кеткеніңізше атыңыз Жақып болады. Мұндағы ең қысылшаң жерден өткеніңізше жол бастайтын тағы бір адам қосып беремін. Оның өзінде орман қорғаушысы дейтін қызмет кінешкесі бар. Мына жолдасыңыз құралды қорғаушы ғой, адам іздеп шыққан болады. Мұның кінешкесі тіпті мықты болса керек. Мұндай үш шарлаушыны бұл маңда тосатын ешқандай тосқауыл жоқ. Ал, мына тізімдегі адамдарға айырым-айырым кезіккеніңізде, бәрінен де өз атыңыздың абыройы күшті болатындығын ұмытпаңыз! - деп бастап Жатқанбай бір сыпыра адамның аты-жөні, қызмет орны, адресі жазылған тізімді де ашып-жайып салды. - Бұлардың қайсысымен болса да өз атыңыз арқылы іштесіп кете аласыз. Бәрі де өз тілеулестеріңіз. Мұндай ауыл өкілдерімен іштескен адам, одан ары да қағаз тауып, жол тауып кете беруіне болады. Осы амалымыз қалай? Өз ақылыңызға симайтын жері болса айтыңызшы, және кеңеселік!

- О, бәле рахымет, Жатқанбай «жауым»! - дедім мен...

Бұл іңірді қарқылдап күлісе арақтанып-тамақтанып өткіздік. Басыма темір шоқпар шақ ете түсер ме екен деп қауіптенбей, ұйқымды да қандырыппын.

Азат, «біреуден алған мәлімет» ретінде таудағы қарақшылардың қылмыстарын әшкерелейтін материалын кеше күндіз жазып қойған болатын. Сол маңдағы коммунаның құралды қорғау бөлімінің әдірісіне поштадан жолдай салуды Жатқанбайға таңертең тапсырды. Мен оның қосып беретін орманшысын тұп-тура Мақұлбек жататын көшеден тосатындығымызды айтып қоштастым. Омар екеуіне разылықпен екі-үш рет қоштасып, алғыс айтып айырылыстым.

Омар таңертеңгілік шайды Жатқанбайдың үйінен ішетін болып, ертерек кетті. Азат екеуміз шай ішіп аттанып, көпірге бұрылмай недәуір құлдап барып, өзеннен кешіп өттік те, қалашыққа солтүстік шетінен кірдік. Таудан сақшының жендетін өлтіріп түскен біз емес дегеніміз еді бұл.

Мал мен отын сататын шет базарға зеріге қарап, ерттеулі атының жалына сүйенген бір мұртты жігіт бізге үңіле қарады. Біз де қарай келіп, қасына тоқтадық. Азат ернін жыбырлатып амандасып қана сұрады.

- Сізді, жаңылмасам, бір жерден көрген сияқтымын, орман шарлаушы емессіз бе?

- Ие, ие, дәл өзімін.

- Мына кісі, мектеп шарлайтын инспектор, аты Жақып! - деген Азаттың таныстыруына жымия күлген орманшы, ұмтылып келіп амандасты менімен.

- Жә, енді жүре сөйлеселік! - деді сонсоң.

- Мен әнеу арбалы отыншыны анықтап көріп қана қайтайын, бөгелмеймін! - дей сала жаяу жөнелдім. Екі қолымен еңбектеп, жиылмайтын ұзын бұтын әрең сүйреп жылжып, сол отыншыға жақындаған бір мүгедекті көріп едім. Дәл қасына келіп үңілсем де оның Мақұлбек екендігі танылмады. Өткен іңірде Жатқанбайдың оны кәрі крокодилге теңегенімен бұрынғы дене тұрқынан, пістелеу мұрнынан ғана шырамытқандай болдым. Үстіндегі тозған жалбыр-жұлбыр тоны мен жүзіндегі қалың әжім ұп-ұқсас, қатпар-қатпар, сатпақ-сатпақ. Қалың ерні салбырап, шаш-сақалы жалбыраған, бет қаратпайтындай суық жан иесі, артықша үңілгендігімнен бе екен, маған жалт қарады. Кейде нәнсіп бадырайып, кейде көлгір күлкімен жұмыла қарайтын үлкен екі көзі екі шықшытына қарай жыртылғандай ұзарып, аса жыртиып көрінді. Ұзыншақ қарашығында тіршілік пен үміттің титтей белгісі жоқ. Қайғы-қасірет те, ашу-ыза да, рақым-шапағат күтерлік жылт та сезілмейтін, құр бедірейіп, ызғармен қатып қалған, ой-сезімсіз қара сұр суық әйнек қана жылтырайды. Онысы, бәлкім, көз болса да өз сезімімізде жоқ басқа бір жабайы планетадан, иә аңыздағы тозақ уайлүннен жаралған рақымсыз-дүлей, бүтіндей жат малғұнның көзі мүмкін осылай да болар. Оған қарасаңыз, жер шарындағы бүкіл тіршілік дүниесінен айырылып қалғандай бола қаласыз да, дереу көзіңізді тайдырып әкетесіз. Мен де сөйтіп, оның көзіндегі өзгеше жат дүниеден маңайымдағы өзіме таныс адамзат дүниесіне - базарға қарап оңалдым.

Мақұлбектің жер тіренген бір қолы көтеріліп, түйенің табанындай мүйізді, қалың күсті алақаны жайылды. Қарап тұрған отыншы қазақтан сақауат сұрағаны екен. «Отыным сатылмады, ақша жоқ!» деп кереңге сөйлегендей дауыстады отыншы. Қорлап, «тілмен өртеп» кетуді ойлап келсем де, қаскөйімнің бұл халін көрген соң, ол кегімді ұмыта қалыппын. Іш қалтамнан бес юандық ақша суырып алып, қожыр-қожыр алақанына салдым. Рақымсыз көзі зымыстан аяз бүріккендей жыртия қарады. Мұнысы алғысты не деп айтарын білмей, таңданыспен күлімсірегені екен.

- Бұл жыланға мұншалық көп ақша бергеніңіз не! -деп ар жағынан бір ханзу бала мені сөге сөйлеп жетіп келіп еді. Мақұлбек тұмсығын жерге тірей, екі қолымен басын далдалай қойды.

- Тиіспе! - деп ханзуша зекіп қалдым балаға. Мақұлбекке қайта қарап қазақша дауыстап сөйледім. - Арақ ішпе, ә, арақ ішпе, тамақ алып же! - дегенімде бір қолымен қайта жер тіреп, басын бір қолымен ғана далдалаған болды да, мені жұта салғысы келген крокодилше үңірейе-ырсия қарады маған. Көз аламайындағы қатпарлары тереңдеп, тіпті суық көрінді. Жүріп кеттім. Басқа жаққа бет алып кетіп бара жатқанымды былай шыға бере біліп, жолдастарым жаққа қайта бұрылдым.

Үшеуміз ымдасып алып, қалашықтың солтүстігіне қарай қайта аяңдай жөнелдік. Бұл реткі сапарым сейіл болар ма, тағы да сергелдең болар ма, кім білсін.

 

Шапағатты тергеушім, қанды қоржыныңызға  мені салып берген сайыпқыран жендетіңізді жарылқап, жер шарын әйелдікке алып бергеніңізді базарда көріп қорықтым. Сұлу планетаны сүлікше сорып жата тұруға тағат ете алмай, зор секіріп ілгерілеп, оуып жұта салуға асығуын қараңызшы, қапсыра құшақтап алып, өңешіне сиғыза алмай тістелеп жұлқылап, тұмсықтап жатпай ма! Иттің иесіне тартатыны белгілі ғой, өңеші әлі жетілер-ақ. Сіздің өз затыңыз, сыпайыгершілікпен бір-бірден ғана бітеу жұта беретін айдаһар ғой. Осы сүйікті жендетіңізді крокодилге айналдыруыңыз неткен шапағатшылық! Жендет құлын табиғи туыстыққа тартқан, шексіз мейірімді қожаны көргенім осы-ақ шығар. Соншалық опалы да құдіретті иесіне сенгендігінен бе, адамзатқа қалай-қалай қарайды өзі? Құсалы диюдың құмырсқаға қарағанындай, ешкімді көзіне ілер емес. Бәр-бәр қылығы қожасының ішкі ниетін бейнелеп, нақтылы өзіңіздің ғана итіңіз екендігін әйгілеп-ақ жатыр. Қылмысты адамзатқа осындай аяз болып, зәр шаша қарамаса сізге опалы ит болу қайда! Қасына қитұрқыланып барғаныммен қылмысымнан қорқып, ақша тастай қашқанымды көрмеймісің!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Тұңзы (ханзуша) - жолдас, жолдастар.

[2] «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» дейтін мәтел меңзеледі.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475