Тайвань мәселесін шешуге уақыт қажет
Басы: Дэн Сияопиннің ұлттық бірлік стратегиясы
Жалғасы: Қытай - бір партия билеген диктаторлық мемлекет
Жалғасы: Гонконгты қайтару және Маргарет Тэтчер
Жалғасы: Гонконг: Билеу құқығы - иелік құқықтың нақты көрінісі
Дэн Сияопин Гонконг мәселесінің оңтайлы шешілуі Тайваньға үлгі болар деп үміттенген болатын. Бірақ жағдай ол күткеннен басқаша болды. Гонконг моделі қаншалықты тартымды болғанымен, Тайвань тарабы соншалықты пейілді бола қойған жоқ. 1980 жылы Қытай мемлекеттік кеңесі Тайваньда өндірілген тауарларға кедендік салықты алып тастағанымен, Тайвань әкімшілігі жеке саудагерлердің ұлы құрлықпен сауда жасауына қатаң тыйым салды, тіпті, жазалау шараларын қолданды. 1981 жылы бүкіл қытайлық халықтық құрылтайы тұрақты комитетінің төрағасы Ие Жианиң Тайваньға бағытталған 9 тармақты саясатын жариялады. 1983 жылы мемлекеттік саяси кеңестің төрайымы бәрін де кеңесіп шешуге болады деген пікірін білдірді. Бірақ Тайвань тарабы оған селт еткен жоқ. 1986 жылға дейін Тайвань тарабынан айтарлықтай қозғалыс байқалмады.
Тайвань тарабының келіссөз үстеліне асыға қоймауы Дэн Сияопиннің төзімін тауысты. Бір қырынан оны да түсінуге болады. Жасы келіп қалған адам, туған Отанының біртұтастанғанын көзі тірісінде көріп кеткісі келеді. Бұл мәселенің бір қыры болса, Тайваньның дербестелуі осылай созыла берсе, ақыры жақсылыққа апармайды. Тайвань ХІХ ғасырдың соңынан бастап Жапонияның отарына айналды. Ал екінші дүниежүзілік соғыстан кейін үш-ақ жыл ұлы құрлықпен біртұтастанғанымен, ұлы құрлықтан іргесін аулақ салғанына 90 жыл өтіпті. Бұл аймақ Гонконгпен ұқсамайды. Қазір бұғаздың екі жағын байланыстырған нәрсе ата-бабаларының аруағы ғана. Одан қала берді, ҚКП мен Гоминдаң партиясының билікке таласқан қым-қуыт тарихы. Сол кезде билік басында отырған Гоминдаң партиясы ұлы құрлыққа қайта ораламыз деген саясаттан безінген жоқ. Бұл орталық үкімет пен жергілікті үкімет деп бөліп, бір мемлекетте екі түрлі түзім арқылы біріктіруге жасалған ең үлкен кедергі. Бірақ, оның бір пайдасы іс жүзінде Тайваньды дербестікке сүйрейтін саяси күштерді тежеп отыр. Егер күндердің күнінде Тайвань билеушілері ұлы құрлыққа қосыламыз деген арманынан безінетін болса, онда екі жағалауды тұтастыратын тек қана ұлттық сезім ғана қалады. Бірақ сезім деген құрғыр да айнығыш болады. Жалындаған махаббат та біртіндеп шоққа айналып, ақырындап сөніп күлге айналып ұшып кетуі де мүмкін. Осы күнде көненің көзі болған, сүйегімді ұлы құрлыққа апарып жерлеңдер дейтін отаншыл, саяси тұлғалардың қатары сиреп барады. Екінші ұрпақ, үшінші ұрпақ адамдар ата-бабасы ұлы құрлықтан барғанымен өздері Тайвань топырағында туып-ержеткендер. Олардың атадан бала ойы өзге болуы мүмкін. Ол кезге барғанда «бәріміз де Яңди мен Хуаңдиден тарағанбыз, бір шаңырақтың астында өмір кешуге тиіспіз» десең, жат бауыр болып өскен ұрпақтың қаншасы тыңдай қояр екен? Бұғаздың екі жағы бір-біріне ат ізін салыспағалы неше ондаған жылдар өтіпті. Енді араласпаса, барысып-келіспесе, арадағы парық жат пиғыл сезім одан сайын ұлғая беретіндігі хақ.
Тайвань Гонконгпен ұқсамайды. Осындай үлгі-модельмен ғана оны өзіңе үйіріп әкете алмайсың. 1986 жылы Дэн Сияопин Америкалық журналист Майк Уоллеске берген сұхбатында АҚШ-тың Тайваньдықтарды ұлы құрлықпен барыс-келіс жасауға үгіттеп, көндіруін өтінген болатын. Мұнда бейүкіметтік үш түрлі барыс-келіс жасаудың жолын ұсынды:
- Сауда қарым-қатынасы.
- Әуе жолдарын ашу.
- Почта, хат-хабар алысуға мүмкіндік беру.
Осы арқылы өзара барыс-келіс жасап, бұғаздың екі тарабындағылардың бір-бірін түсінуіне, сол арқылы ортақ бірігудің шарт-жағдайын талқылауға жағдай жаратуды көздеген болатын. Үш түрлі барыс-келіс жайлы ұсыныс Тайвань тарабындағы қарт адамдардың ұлы құрлықтағы туған топыраққа деген сағынышына ерекше қозғау салды. Өзі кіндік кесіп, кір жуған туған өлкесін тірі кезінде бір барып көруді кім армандамайды дейсің?! Ата-бабасының басы қалған мекенге тауап етіп, зиарат жасау әркімнің арманы болатын. Тайвань, қанша айтқанмен, демократия мен бостандық салтанат құрған аймақ қой. Халықтың мұндай күшті талабы мен арман-тілегіне Тайвань билігі қарсы тұруға қауқарсыз болды. 1987 жылы Тайваньдықтардың ұлы құрлыққа туысшылауға арналған шектеуі күшін жойды. Ұлы құрлық тарабы да Тайваньнан келген қандастарына құшағын айқара ашып, өткен-кеткенді қуыспай, ерекше ілтипатпен қабылдап жатты. Үкімет тарабы да Тайваньдық бауырларына ерекше қамқорлық көрсетіп, жайылып жастық, иіліп төсек болды. Мысалға, поезд бекеттерінің күту залдарында Тайваньдық қандастарына арналған әскерилермен бірдей кезекші билет сататын терезелер ашылды. Алғашқы бірнеше дүркін келген ұлы құрлыққа қоныс аударушыларға ай сайын арнаулы тұрмыстық қаражат беріп тұрды. Сол арқылы социалистік Қытайдың жат бауыр болып кеткен қандастарын ешқашан жатырқамайтындығын әйгілеуге барын салды.
Тайваньдықтардың туысшылай келуі бұғаздың екі жағындағылдардың араласуының бірінші қадамы болатын. Бірінші қадам болған соң, екінші қадамға да табиғи жол ашылды. Себебі үш түрлі қарым-қатынас стратегиясы Тайваньдықтарға айтарлықтай экономикалық табыс әкелді. Мүмкін кейбіреулерге мемлекеттің тұтастығы қызық емес те шығар, бірақ олардың ақша тауып, баюға деген ынтызарлығы осындай барыс-келіске бейжай қаратпайтын. Арты-артынан келіп жатқан туысшылайтындарға ілесіп, Тайваньның өнеркәсіп-сауда саласындағы қалталы кәсіпкерлер де ұлы құрлыққа ағылып, табыс көздерін іздей бастады. Мемлекеттік кеңес те орайды пайдаланып, Тайваньдық қалталы азаматтардың ұлы құрлыққа инвестиция құюына байланысты арнаулы қаулы дайындап, Тайвань мен ұлы құрлықтың тек қана сауда-саттықпен емес, инвестиция құюға да мол мүмкіндігінің бар екендігін паш етті. Бұл, шынтуайтында, екі жаққа да тиімді саясат болатын. Тайваньдық кәсіпкерлердің ұлы құрлықтың алып базарына болған қызығушылығы шет ел капиталистерінен кем түспейді екен. «Түйеге мінген Құдайға бір табан жақын» немесе «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, ұлы құрлықтағыларға әйтеуір инвестиция керек. Ондай мүмкіндікті өз қандастарынан несіне аяйды?! Қайдағы бір жат елдің капиталистеріне Қытай базарынан күреп тауып жатқан ақшасы емес пе?! Ел қазынасын толтыратын елеулі іске Тайвань билеушілері де бейжай қарай алмады. Сонымен екі жақ ресми түрде өзара тиімді экономикалық барыс-келістің көкжиегін кеңейтуге уағдаласты. 1990 жылы Тайвань билігі ресми түрде Тайваньдық кәсіпкерлердің ұлы құрлыққа инвестиция салып, кәсіпорындар ашуына жол ашты. Сондай-ақ, ұлы құрлықтан келетін тауарларға біртұтас кедендік бақылау орнату жөнінде қаулы қабылдады. Бұғаздың екі жағы содан бастап барыс-келісті заңды арнаға қарай бұра бастады.
Тайваньдық қандастарының туысшылай келуі, Тайваньдық кәсіпкерлердің ұлы құрлыққа қаржы салуы, екі жақтың сауда-экономикалық байланысының артуы бұғаздың екі жағалауындағы байланыстың дамуында белсенді рөл атқарды. Мұнда, ең алдымен, екі тараптағы халықтардың ортақ ұлттық сана-сезімін оятып, туыстық байланысты бекемдей түсті. Тайвань тарабы да өзінің өмір сүру кеңістігін кеңейтуді армандайтын. Себебі ҚХР қолданған дипломатиялық саясаты Тайваньның тынысын күн өткен сайын тарылта түскен болатын. Олар өздерінің өмір сүру аумағын кеңейту арқылы тең құқылы саяси күш ретінде Бейжіңмен барыс-келіс жасауға, ал Бейжіңдегілер Тайваньның дербес болуы мен шет елдіктердің Тайваньға қол сұғуынан сақтану үшін ылғи да өздерімен ресми дипломатиялық қатынас орнатқан мемлекеттерге қоятын алғышарты ретінде бір ғана Қытайды мойындауын, Тайваньды Қытайдың бір бөлігі ретінде қарастырып, Тайваньмен ешқандай да ресми гуманитарлық қатынас жасамауына уағдаласатын. Бұлай жасау, сөз жоқ, Тайваньның Бейжіңге деген жаулық пиғылын арттыра түсеті еді. Бұғаздың екі жағындағылардың белсенді сауда-экономикалық байланысы мен туысқандық барыс-келістің арта түсуі бір қырынан осы жақтағы кемістікті толықтырғандай болды. Тағы бір қырынан, Қытай үкіметінің бұлай істеуі қасақана Тайваньды оқшаулап, оны құрту үшін ғана жасалмағандығын, тек қана Тайваньды ұлы құрлыққа жақындата түсу үшін жасалғандығын әйгіледі. 1989 жылы АҚШ пен Еуропа елдері арты-артынан Қытайға санкция салып, Қытайдан теріс айналғанда Тайваньдық кәсіпкерлер осы орайдан пайдаланып, аталған кеңістікті тез толтыруға күш салды. Ресми мәлімет сол жылдары Тайваньдық инвестицияның ауқымы айтарлықтай өскендігін көрсетеді. Тайваньдық қандастардың қиын кезде Қытайға қол ұшын беруі ұлы құрлықтың батыстың санкцияларынан шеккен зардаптарын өз әлінше жеңілдеткендей болды. Тайваньдық кәсіпкерлер де пайдасыз қалған жоқ. Оның үстіне, жіліктің майлы басы өз қандастарының қолына тиді. Мұндай қарым-қатынастан екі жақ та қомақты пайдаға кенелгендігін айқын сезінді. Мұндайды қытайлар «Қан қашан да судан қою болады» дейді.
Экономика – саясаттың негізі. Сауда-экономикалық байланыс сәтті жолға қойылған соң, саяси қарым-қатынасқа да жол ашылады. ҚКП мен Гоминдаң партиясы тарихта сан-мәрте қырқысып, бітіспес жауға айналған саяси топтар болатын. Отыз жылдан астам уақыт бетекі майдандаспаса да, жаулық пиғылдан айнымаған еді. Осындай жағдайда, ең алдымен, бір-біріне деген сенімді қалыптастырудың өтпелі дәуірі қажет болатындығы даусыз. Оларға бірден келіссөз үстеліне келе қалып, мемлекетті біріктіру мәселесін ақылдасайық, үшінші мәрте істестік орнатайық десең, олар бірден қабылдай алмауы мүмкін. Бұғаздың екі жағында үш түрлі барыс-келісті жолға қою аса сезімтал саяси мәселелерді айналып өтіп, қарапайым халықтарға мүмкіндік бергендіктен, саяси қарым-қатынастардың алғышартын жасаудың алғашқы мүмкіндігі туды деген сөз. Дэн Сияопиннің ойынша саяси мәселелерде келіспеушіліктерді қазірше сөз етпей тұруға да болады. Кейін, асықпай, жата-жасана ақылдасса да кеш емес. Алдымен сауда жасайық, көлік қатынасын жолға қояйық, сәлем-сауқыт жіберіп, хат-хабар алысайық. Алдымен – экономика, соңынан – саясат дегендей, ең алдымен, екі жақ халықтарының табиғи қажеттілігінен, адами факторлардан басталған қарым-қатынасқа Тайвань әкімшілігі де қарсы бола қоймайды. Тіпті, қарсы болған күннің өзінде, демократиялық қағидаларды бұзып, қасарысып отырып алу оларға да абырой әкелмейді деп болжады.
Жағдай Дэн Сияопин болжағаннан алысқа кеткен жоқ. Тайвань билігі амалсыздан «Бауырластар қорын» құрып, ұлы құрлықпен қарым-қатынасқа халықтық сипат бере бастады. Ұлы құрлықтағылар да дереу сәйкесіп, «Бауырластар қоғамын» құра қойды. Ендігі кезекте биліктік сипат алатын, қоғамдық ұйым атын жамылған аталған құрылымдар ресми билік құрылымдарының қызметін жүзеге асыра бастады да, бұғаздың екі жағындағылардың тікелей қарым-қатынасына мол мүмкіндік жасай алды. 1992 жылы «Бауырластар қоғамы» мен «Бауырластар қорының» ең жоғарғы басшылары Сингапурда кездесіп, төрт түрлі келісімге қол қойды. Бұл бұғаздың екі жағындағылардың 40 жылдан кейінгі ең жоғарғы кездесуі еді. Содан бастап, екі қоғамдық ұйым ара-ағайындық рөл ойнап, екі ел қатынасының дамуын белсенді жүргізіп келеді. Тайвань мен ұлы құрлық есі кетіп, жаны шыққанда тілдесуге мүмкіндік алды. Тек аты айтарға «қоғамдық ұйымдардың» байланысы делініп жүр.
Тайваньдық әйгілі жазушы Лию Шиужин: «Бұғаздың екі жағындағы саяси байланыстар қанша құбылғанымен, Тайваньдық кәсіпкерлер ұлы құрлықтың ғаламат базарының қол бұлғауымен бұғаздың екі жағының сауда-экономикалық байланысы ендігәрі кері бұруға келмейтін бағытқа беттеп барады» - деп жазды. 1994 жылға жеткенде, Тайваньдық кәсіпкерлердің ұлы құрлыққа салған инвестиция көлемі 3 млрд 700 млн АҚШ долларына жетіп, 10305 кәсіпорын тіркелген. Бұл Гонконгтан кейінгі екінші үлкен инвестиция ағымы болатын. Бұл бір қырынан ұлы құрлықтың шет ел инвестициясына болған тәуелділігін айтарлықтай жеңілдетіп қана қоймай, Тайвань мен ұлы құрлықтың өзара тәуелділігін бекемдей түсті. 1994 жылы Тайваньның сыртқы саудадағы оң сальдосы толықтай ұлы құрлықпен арадағы саудадан түсіпті. Мамандар алдағы болашақта Тайваньның ұлы құрлық базарына тәуелділігі АҚШ базарына тәуелділіктен асып түседі деседі. Бұл, арине, Дэн Сияопин жобалаған үш түрлі барыс-келістің нәтижесі болатын. Тайвань билеушілері Тайвань халқының тұрмыс-өресі, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі ұлы құрлықтағылардан әлденеше есе көп. Сол себепті ҚКП-мен келіссөз жасауға асықпаймыз дегенді жиі қайталайды. Бірақ, үш түрлі барыс-келіс оларды өз құйғанына біртіндеп тартып әкетіп барады. Не істейді? «Бидайдың барар жері – диірмен» деген сияқты, саясаттың барар жері де – экономика. Атап айтқанда, үйдегі қиялды базардағы нарық билейтін заман.
Дэн Сияопиннің «Тайвань мәселесін шешуге уақыт керек, асығыстықтың қажеті жоқ» деген сөзі өмір шындығына айналып келе жатыр. Бүгінгі күнде екі жақтылы қарым-қатынас айтарлықтай дамыған. Бұрынғыдай ат ізін салыспайтын, араз көршілер емес, аяқ-табақ айқасып, күнделікті барысып-келісіп тұратын тату туыстар сияқты. Халықтық барыс-келістің көкжиегі күн өткен сайын кеңейіп келеді. Қазір екі арада сауда кемелері ағылып, тұрақты әуе кемелері үздіксіз ұшып-қонып тұрады. Дэн Сияопин армандағандай, бірлесу жайлы кеңес құратын заман күндердің күнінде келеді. Алдымен, сауда-экономикалық, мәдени және туыстық қарым-қатынастар жолға қойылса, саясаттың ауылы алыс емес сияқты. Бірақ, осындай оң үдерістер мен ізгі армандарды саяз ойлайтын әпербақан саясатшылардың ауық-ауық бүлдіріп кететіні жаман.
Соңы.
Рақым Айыпұлы
Abai.kz