Еңбек көші-қоны: елең еткізер мәселе
Бүгінде қазақстандық шешендердің үлкен көші Ресейге бет алды. Кеше Парламентте Халықаралық еңбек ұйымының өкілі осындай елең еткізерлік мәліметті жария етті. Қазақстан көшбасшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласынан кейін, ел Үкіметі, ондағы әрбір қазақстандықты еңбекпен қамту міндетін жүзеге асыру аясында, еңбек миграциясын реттеуге де мықтап ден қойыпты. Осы орайда кеше Үкімет Мәжілісте жаңа тұрпатты заңның тұсауын кесті.
Бүгінде қазақстандық шешендердің үлкен көші Ресейге бет алды. Кеше Парламентте Халықаралық еңбек ұйымының өкілі осындай елең еткізерлік мәліметті жария етті. Қазақстан көшбасшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласынан кейін, ел Үкіметі, ондағы әрбір қазақстандықты еңбекпен қамту міндетін жүзеге асыру аясында, еңбек миграциясын реттеуге де мықтап ден қойыпты. Осы орайда кеше Үкімет Мәжілісте жаңа тұрпатты заңның тұсауын кесті.
«Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» атты жаңа заң жобаның таныстырылымына халықаралық сарапшылар да шақырылыпты.
Бұл ретте Халықаралық еңбек ұйымының сарапшысы Сергей Брестовицкий көрші Ресейдің осы үдерісті қалай реттеп жатқандығын баяндап, РФ-нің еңбек патентін енгізу бойынша тәжірибесін таныстырды. Оның айтуынша, солтүстік көршіміз өзінде заңды түрде жұмыс істегісі келетін еңбек мигранттарына ендігі 1 миллион 250 мың патент беріпті. «Өз баласының шетелдік күтушісінің, үй жұмыскерлерінің заңдастырылуын қалайтын ресейліктер де олардың патент алуына ықпал етуде» дейді ХЕҰ сарапшысы.
Ресей Федерациясына еңбек мигранттарын жеткізуші елдердің көшін Өзбекстан мен Украина бастап тұр екен. Қазақстаннан көршісіне барып, жалданып, жұмыс істейтіндер саны көп еместігі мәлімделді.
Тек РФ-ге көшіп алған бұрынғы «отандастарымыздың» Қазақстанда қалған туыстарын жұмысқа тартатын тәжірибе кең қанат жаюда. Осы орайда бірқатар ресейлік ақпарат құралдары осылай туысының шақыруымен сеніп, барып, құлдыққа түсіп қалған қазақстандықтар туралы жарыса жазды. Солтүстік көршімізге тек славян тектілер ғана қоныс аударып жатқан жоқ.
- Қазір шешендердің өте үлкен ағыны Қазақстаннан қайтуда,-деді Сергей Брестовицкий. - Олар үшін қаншама құжат жинап, көп күтіп, азаматтық алу күрделі, оның орнына оларға еңбек патентін ала салып, Ресейде еркін жүре беру анағұрлым оңай, - деген Халықаралық еңбек ұйымының өкілі егер Қазақстанда да осындай патент енгізілсе, келімсектерге соны алуға жәрдемдесетін «өркениетті делдалдар институтын» қалыптастыруды ұсынды.
Ал мұндай патент елімізде өмірге жолдама алатынға ұқсайды. Бұл бір жағынан мемлекет үшін тиімді: заңды түрде жұмыс істеуге еңбек патентін алған мигрант Қазақстан қазынасына ай сайын 3 мың 400 теңгеден астам алым төлеп тұрмақ. Ішкі істер министрінің орынбасары Қ.Тыныбековтің айтуынша, осы заң жобасына сәйкес, «тіркеу туралы белгісінің (отметка) негізінде көші-қон жөніндегі уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері оған жеке тұлғаларда еңбек қызметін жүзеге асыруға арналған рұқсатты 1 айдан 3 айға дейінгі мерзімге рәсімдейді. Осы құжатты рәсімдегені үшін еңбек қызметі жүзеге асырылатын әр ай үшін 2 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж алынады». Қайрат Тыныбеков осының арқасында ел бюджетіне мигранттардан 4-6 миллиард теңгеге дейін салық түседі деген болжамдарын мәлім етті.
Бұл басқа жағынан келімсектің өзіне қажет. Өйткені Қазақстан аумағында жұмыс істеуге заңсыз келгендер құлдыққа түсіп қалып жатады. Сосын кейбір байшыкештер кең сарайдай коттеджін, басқа да нысанын келімсектерге салғызып алып, бірақ ақыры ақысын төлемей, құзырлы органға хабарлап, ұстап беретін жағдайлар да кездеседі. «Егер мигрант көші-қон заңнамасын бұзған кез келген жағдайда, ол бірден елден аластатылады және сонымен қатар оған Қазақстанға 5 жыл бойы келуге тыйым салатын санкция қойылады» деп түсіндірді ІІМ басшысының орынбасары Қ.Тыныбеков. Ал егер рұқсаты болса, оны ешкім елден қуа алмайды.
Өз сөзінде ІІМ басшылығының өкілі 2006 жылы Қазақстанда еңбек мигранттарын заңдастыруға бағытталған бір реттік рақымшылық шарасы жүргізілгендігін еске салды. Сонда, 2006 жылдың 1 тамызы мен 31 желтоқсаны аралығында 164 мыңнан астам шетелдік «жұмыс қолы» заңдастырылыпты. Бірақ бір айырмашылығы, онда заңды тұлғалар, яғни қазақстандық компания-кәсіпорындар өздерінде заңсыз жұмыс істейтін жатжұрттық азаматтарды «көлеңкеден» «күнгейге» шығарған. Алайда жеке тұлғалардың, яғни қазақстандықтардың қолында жұмыс істейтіндер бұдан тыс қалыпты.
Жаңа заң жобасына түсіндірмеде «бүгінде Қазақстанда жеке адамдарда қызмет жасайтын (құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын, бала күтетін, үй шаруашылығын атқаратын) шетелдіктерді, ТМД азаматтарын миграциялық бақылау мәселесі реттелмегендігі» атап көрсетіледі. «Заңнамада Қазақстан азаматы болып табылатын жеке тұлғаларға шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру қарастырылмаған, - дейді Мәжілістегі осы жаңа заң бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ольга Киколенко, - нәтижесінде мұндай қызмет заңсыз жүзеге асырылады». ІІМ дерегінше, жеке адамдар қолында жұмыс істеуге, солардың шақыруымен келген шетелдіктер ішкі істер органдарында тіркелу кезінде келу мақсатын «жұмыс істеу» деп көрсетпейді, «туристпін» дейді, «ел көремін» деп сырғытады. Бұған қоса, жалған мекенжай жазады екен де, «іс жүзінде онда тұрмайды» екен. Қалай болғанда да, қазақстандық азаматтардың жатжұрттық жұмыс қолдарын жалдау ауқымы артып барады. Бүгінде көптеген дәулетті адамдар, биік лауазымды шенеуніктер үй күтушісін - Филиппиннен, аспазды - Өзбекстаннан не сонау Италиядан алғызуды мәртебе санайды. Егер осының бәрін заңдастырмаса, заңсыз жұмыс күші бақылаудан шығып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келуі мүмкін. Осыған байланысты ел Үкіметі ұлттық заңнамаға өзгерістер ұсынып отыр. Жаңа заң жобасын Ішкі істер министрлігі жазыпты. Оған сәйкес, шетелдік жұмысшыларға «Қазақстанда жеке тұлғаға еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат» берілетін болды. Оны алғысы келетін келімсек «келу мақсатын» «еңбек қызметін жүзеге асыру» деп нақ, ашық жазуға міндетті. Айтқандай, жатжұрттық жұмыскердің бұл рұқсатының мерзімі оның жеке тұлғамен жасаған келісімшарты негізінде ары қарай 3 айға бірнеше рет ұзартылуы мүмкін.
"Абай-ақпарат"