Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ІІ
«Құтыби аудандық үкіметтен мектеп тексеруге келген Жақып жолдас пен Төлеуқан мұғалімнің жоғалған аттары бұл маңнан табылмағандықтан өздері іздеп шықты. Осы Бұғарал жағалауындағы құм қыстауларын арылта сұрастырмақ. Басқа куәлік қағаздары өздеріне толық хабардар болып, көмектесулеріңізді сұраймыз!» деп үлкен әтірет, кіші әтірет бастықтарының қолы қойылған қағаз, Қапас екеуміздің осы құмдағы өрісімізді кеңейтіп бергендей болды. Көздеген аулымызға жол бастап жеткізіп салып қайтатын аңшымен үшеу болып кете бердік. Көздеп барып, жоғалған аттарды» сұрайтын ауылымыз, әрине, өзімізді бұрын білетін, оқыған адамы бар ауыл ғой. Одан жата-жастана сұрастырып, ендігі қоналқыға күнбатыс жақтан тағы бір ауылды көздейміз. Ол ауылға тағы да солай ат сұрай жетіп, адам табамыз....
Сөйтіп, бесінші күні түс ауа бесінші қоналқылық үйіміз, Сауан ауданына қарасты Құм қыстаулығының бес-алты киіз үйлі бір ауылынан табылды. Сұрап келіп түскен үйіміз, ауыл мұғалімі Ақатайдың үйі.
Үйіне екі жолаушы келіп түскенін оқшаудағы мектебінен көрген қоңыр мұртты сары мұғалім жүгіріп жетіп қарсы алды. Қанша қарассақ та таныса алмадық. Шырамыта алмаса да әйелін шай қайнатуға ымдады. Қайдан келе жатқанымыз бен аты-жөнімізді сұраудан қазақ жосыны бойынша тартынып, біраз іркіліс, үнсіздік үкім сүре қалып еді.
ІІ
«Құтыби аудандық үкіметтен мектеп тексеруге келген Жақып жолдас пен Төлеуқан мұғалімнің жоғалған аттары бұл маңнан табылмағандықтан өздері іздеп шықты. Осы Бұғарал жағалауындағы құм қыстауларын арылта сұрастырмақ. Басқа куәлік қағаздары өздеріне толық хабардар болып, көмектесулеріңізді сұраймыз!» деп үлкен әтірет, кіші әтірет бастықтарының қолы қойылған қағаз, Қапас екеуміздің осы құмдағы өрісімізді кеңейтіп бергендей болды. Көздеген аулымызға жол бастап жеткізіп салып қайтатын аңшымен үшеу болып кете бердік. Көздеп барып, жоғалған аттарды» сұрайтын ауылымыз, әрине, өзімізді бұрын білетін, оқыған адамы бар ауыл ғой. Одан жата-жастана сұрастырып, ендігі қоналқыға күнбатыс жақтан тағы бір ауылды көздейміз. Ол ауылға тағы да солай ат сұрай жетіп, адам табамыз....
Сөйтіп, бесінші күні түс ауа бесінші қоналқылық үйіміз, Сауан ауданына қарасты Құм қыстаулығының бес-алты киіз үйлі бір ауылынан табылды. Сұрап келіп түскен үйіміз, ауыл мұғалімі Ақатайдың үйі.
Үйіне екі жолаушы келіп түскенін оқшаудағы мектебінен көрген қоңыр мұртты сары мұғалім жүгіріп жетіп қарсы алды. Қанша қарассақ та таныса алмадық. Шырамыта алмаса да әйелін шай қайнатуға ымдады. Қайдан келе жатқанымыз бен аты-жөнімізді сұраудан қазақ жосыны бойынша тартынып, біраз іркіліс, үнсіздік үкім сүре қалып еді.
- Бұғаралдың осы тұсын да беңтуан иелеп ала қойған ба? - деп сөз жолын мен аштым.
- Ие, солай болады ғой, -деп күрсініп қалды мұғалім. - Құмға мұншалық іштеп кіріп қыстағанымыз, солардың ығыстыруынан болып отыр ғой!.. Олардың ішкі жағынан «Шаудүй» аталған бір жаза лагері құрылды да, олар тіпті шайпау тиіп, бұрынғы қыстаулық жайылымдарымыздың маң-қарасын көрсетпей қойды!
«Шаудүй» дегеніңіз 62-ші жылғы Совет одағына қаша алмай қалған бишараларды жиып алған майдан ба?
- Дәл сол. Олардың маңайына жолаған адам, шужұңжуи болып кетеді деп, обаша тарайтын дерт ретінде шектейді халықты. Ол майданға маңайлап барған адамды өздері көрмей қалса, беңтуан күзетшілері ұстайды. Сөйтіп, бұл екеуінен мысық көрген тышқанша қашатын болдық.
- Япыр-ай, ә! - деп қынжыла қарадым. - Бұлардың сол шақта қашпай қалғандығы соншалық қылмыс болып табылғаны ма!... «Олай болса, жерімізді біз де тастап қашып кетелік, ағатайлар, қоя беріңдер!» деп жалынбай ма екен өздері? - дегенімде қарқылдап күлді үй иесі.
- Жә, жөн сұраса отыралық, өздеріңіз кім боласыздар? - деп екеумізге кезек қарады. Мен жымиып төмен қарай бердім де, Қапас таныстыруға кірісті.
- Бұрын Биғабіл дейтін кісіні көріп пе едіңіз?
- Ие-ие-ие, көрмесем де білуші едім!.. Ол кісі қайда?
- Мына сөйлесіп отырғаныңыз сол кісі!
Орнынан ытқып тұрды мұғалім. Бір қолымды қос қолымен алып сілкілей берді. Амандықтан ештеңемді қалдырмай сұрап, жалпылдай берді.
- Шіркін-ау, сізді көретін де күніміз бар екен-ау!.. Тарымда қаза болды деп неше рет естіп, торығып қалып едік!.. Сіз қолға алынған жылы мен осы Сауанда оныншы клас оқушысы болатынмын. Мектеп бастығы бола қалған бір актив, сайраған сөзіңізді алдымызға жайып салып, ал жамандамаймысың келіп. Жас, албырт кезім ғой, шыдай алмай қалғанмын: «кеше ғана мақталып жүр еді ғой, сайраған бұл сөзінде не жамандық бар!» деп қалмасым бар ма. Содан бастап өзім де ұшынып, шулаған көп «доқтырдың» операдциясына түстім де кеттім...
Сыпайы ғана қара торы әйел есік жақтан қарап күлімсіреп тұр еді. Ұмтылып келіп ол амандасты менімен. Сөзі үзіле қалған мұғалімге қапас ескертті.
- Саналы кісі екендігіңізді біліп, сізге ғана таныстық бергенім болмаса, бұл кісінің қазіргі аты Жақып. Ауылдың басқа адамдарына өз аты дабыра болып кетпесін!..
- Айтпақтайын, есім шығып есіре қуанғанымнан өз жөніңізді сұрамаппын ғой! - дегенінде, Қапас та күліп, өзін қысқаша таныстыра салды...
- Дабыра болып кетпеуді ескерткеніңіз де дұрыс! -деді Ақатай. -Бірақ, бұл ауылдың ішек-қарнына дейін маған аян. Көресіздер әлі, бұл ауылда шектелетініміз де, шектеп шеттететініміз де бір ғана әумесер, Аманбек деген ғана. Ол келе қалса, атын атап таныстырамыз. Одан басқа жасырынбақ ойнайтын ешкіміміз жоқ. Ақсақалдарымыз менен де «сорақы», сенулеріңізге татитын шалдар. Ал, шай жаса, жолдас қатын!..
Ақатайдың ашық-жарық юморлы тіліне қарқылдасып күлісе отырып шай іштік. Әлдекімнен сүйінші сұрауға асыққандай, ытып тұрып шыға жөнелді мұғалім. Әлден уақытта ақсақал, бурыл сақал, имек тұмсық бұйра сақалдысынан текедей-текедей үш шалды сау еткізді үстімізден. Алдыңғысы суырылып сөйлей кірді:
- «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» деуші еді, ассалаумағалайкум, «Жақып» жолдас!
Өздерінің ыңғайына қарап, біз де түрегеле құшақтасып амандастық. Мұғалімнің таныстыруынан алдыңғысы ең ақсақалы, екіншісі малшылар әтіретінің бастығы, үшіншісі оның есепшісі екендігін білген соң, біз де жалбарақтай түстік. Ақсақал қартты төрге зорлап шығарып едік. Екеуі ымыраға келмей төменгі жағымыздан орналасты. Шай ұсынысып іше отырып, денсаулық, күй-жай жөнінен айтысқа түскендей қалыспай сұрастық. «О дүниеге үш рет барып қайтқан» маған таңданыса қарасып, «қуат берген Құдайға» алғыстарын жаудырды. Әтірет бастығы қарияға ым қақты сонсоң. Асығып отырған бір жайлары барын қарттың маған күбірлей сөйлегенінен ұқтым:
- Биған, осында Аманбек дейтін ит бар, - деп сөзді төтесінен қойды қария. - Мына Ақатай мұғалімнің қыр соңына «сасық зиялы» деп түскеніне он жыл болып қалды. Бүгін, әдетінше «мал жақты бір айланып келуге» шыққан. Ендігі қайтып келе жатқан шығар. Осы үйді іздеп келгеніңізді біліп, осында отырғаныңызды көрсе, иіскелей береді. Күтіміңіз болмай, аңдуда қаласыз: мына әтірет бастығы соны біліп, сіздерді өз үйіне шақыра келді, - дей салып дастарқанға бата берді де, бізді бастай жөнелді.
Бұл үлкендерін мұғалімнің асыға шақырып келген себебін енді түсіндім.
- Аманбек дегеннің бұл әтіреттегі міндеті не еді? -деп сұрай ілестім қартқа.
- Өзі әліпті таяқ деп білмесе де, құлағын түре тіміскілеп өсек іздеп жүретін неме еді. «Мәдениет төңкерісі» басталғаннан бері белсенді болып атқа мініп, әтірет мүшелеріне әңгіртаяқ ойнатып жүр. Үкіметімізге осындайлар ғана керек тақылетті.
- Бұл жендеттің қазір ешқандай міндеті жоқ, тек бадырақпын деп қана бадырайып алған! - деп бір жағымда келе жатқан мұғалім жалғастырды қарттың сөзін. - Әйтеуір коллектив малын адамға жегізбеуге ант ішкендей, ал, қасқыр жесе дерттен, қыстан қырылса іш жимайды да. Жүре алмай қалған ақсақ тоқтыны адам жеуге бермей, арам өлтіріп сақтайды. Басқа ешқандай іс істей алмайтын жарымес болған соң коммунаның Уаң секретары осы малды бақылауға - тәйнилікке қойған.
Сырты құрым-күйкі көрінсе де іші жайнап тұрған кең алты қанат үйге кірдік. Текемет үстіне кілем жайылып, көрпе төселген төрге шығарды. Шай үстіндегі әңгіме Қапас екеуміздің басымыздан өткен оқиғалар үстіндегі сұрауларға жауап ретінде жалғасып отыр еді. Ақыраңдамаса да көтеріңкі бір дауыс естілді сырттан. Мұғалім елеңдеп «Аманбек қырсықтың» келгенін ескертті. Бұл қырсыққа бейтаныс екеуміз шіреніп, нәнси қалдық.
- Ойпыр-ау, мына арғымақтар кімдікі?.. Өй-өй мұншалық семіз қойды... зәу де болса союға әкелдіңдер-ау, ә!.. Өстисіңдер енді, келген қонағың соншалық әулие ме екен!..
Аманбектің бұл тергеулеріне ешкім жауап бермей өткізіп еді. Соңғы ренішіне қарсы сырттан екеуі қатар зекіді.
- Тәйт ары, дүйжаңның өз қойы, белгісін көрмей тұрмысың!
- Ауыл қорыған ақ төс ұқсамай, өшір үніңді!
- Ей, ей, Әмеке, - деді тағы біреуі бәсең үнмен. -Бұл қонақ, сен қылжақтайтын қонақ емес, мал күтімін тексеруге үлкен жерден шыққан ұлық. Осындайда құйрығыңды қысып ала ғой!.. Семізінен соймасақ, әлден арықтатыпты деп езуімізді құлағымызға қосатын қонақ!
Аманбектің үні өше қалып еді. Алдымызға келіп сәлем беру үшін жасанып тұрған сияқты. Қара мұртын ширатып, жаман тымағын шекесіне қондыра кірді үйге.
- Ассалаумалайкум!
- Тарт тіліңді! - дедім зейіл қабақпен. - Он жылдан бері үйреткен төңкерістік сәлем қайда?... Маужуши арамыздан кетісімен ұмытқанбысың! Иә, бұрыннан бағынбай, сахарада жүріп тордан түсіп қалған элементпісің?
- Бұл ауылда ең жақсы жаттағаны мен едім, басшылық, кешіріңіз!.. Мұндай басшыларымыз, тіпті, мұғаліміміз де баяғы ассалауға ауысып алған соң, мен де солай болып барады екенмін. Кемшілігімді енді таныдым, түзетейін! - Аманбек осынысын бұлдырақтата сөйлеп жіберіп, арқасына бұрыла жөнелгенінде тоқтаттым:
- Тоқта!.. Сенің атың кім?
- Аманбек, Аманбек!... Бұрыннан мадақталып, актив сайланып келген Аманбек деген кісі мен едім, басшылық!
- Активтігің осы ма, Маужушидің өсиетін екі айға жеткізбей жеп қойғаның ба!.. Амандасу тәртібін ұмытқаныңда «ұлы үш шығармасын» әлдеқашан ұмытқан шығарсың?
- Жоқ, астапыралла, оны ұмыта ма екен!
- Ұмытпасаң, қане, «халық үшін істейікті» оқышы!
- «Адам ақыры өледі...» -деп жіберіп соңын есіне түсіре алмады. - «Өледі... өледі...» деп екі-үш рет қайталаса да түспеді есіне. Үйдегілер ду күлді. Тұқыра түсті Аманбек.
- Ал, «өледі, өледі», онан соң?
- Онан соң ұмытып қалыппын, кешіріңіз, қайтадан жаттап алайын, бұрын дәл мұны өте толық білетінмін, басшылық! Жын-шайтандардың азғыруынан....
- «Осыны «толық білетін» кезіңде халық үшін не істеп бердің қане, соны айт, олай болса!
- Үзбей айтып, халыққа үйретіп келгенмін, басшылық! Бірақ...
- Иә, «бірақ»?.. Халыққа үйретіп жүріп өзің үйренбедің, жұмыс істемедің?.. Солай ма? Халықты жаттамадың деп сабадың, жала жаптың, өтірікті мойындауға зорлап, байладың, аспаққа асып, астынан от жақтың!.. Онан соң?.. Халықтың өзі бағып өсірген малынан дым татырмау үшін өліп бара жатқан тоқтысын да бауыздатпай, арам өлтірдің!.. Онан соң?.. «Халық үшін істеген» тағы нең қалды?
Менің бұл таққан айыптарымды үй сыртынан құптаушылар көбейді.
- Дәл солай! Бәрі рас!
- Арақ тауып бере алмаған қойшыларды сабайтын...
- Үй, бұлардан зор «еңбектері» әлі айтылмады, тоса тұр! -деген сырттағы дауыстарды тыңдап алып жалғастырдым сөзімді.
- Демек, «Халық үшін! Халық үшін!» деп айқайлай жүріп, оның керісінше халыққа қарақшылық істедің! Маужушидің өсиетіне бүтіндей қарсы істеп жүріп, кері төңкерісші болмай, актив сайланатын себебің неде?
- Олай емес, басшылық, нанбасаңыз Уаң шужиден сұраңыз кім екендігімді!
- Сенің кім екендігіңді осы еңбекші халық білмей, мұнда бір келіп көрмеген Уаң шужиің білмек пе!
- Шужи деген - халықтың нақ өзі ғой басшылық! -деп күңк ете түскен Аманбек, сол тұқырған беті шыға жөнелді сыртқа. - Осы жын-шайтандардың сөзіне сенетін өзі кім екен! - деп есіктен шыға күбірледі де, - Уаң шужи бар, түкірдім сендей сасық зиялыларға! - дегенін алыстап бара жатып, даурыға айтып кетті.
- Ей, Әмеке, «халық үшін істеуді» білмесең де, қашып бара жатып үретін қаншықтың әдетіне жетілген екенсің ә! - деп оған сырттан біреуі дауыстап еді.
- Кіріп кетуге шужидың қуысын таба алмай бара жатып, мына батырлығын қарашы, ей, өзінің! - деп тағы біреуі көсіп жібергенде ду күлдік.
Жуан дөнен қой үйге жетектеліп кіріп, бата берілген соң, союға далаға қайта шығарылды. Әтірет бастығы да сыртқа шығып, «екі қонақтың атын» далаға жібермей, шөп салып қораға қамап құлыптап қоюды тапсырды.
- Сақ болыңдар, ә! - деп әлденені күбірлеп ескертіп қойып кірді үйге. Тегі, Аманбектің мұндай келіспей қалған қонақтарға сайлайтын қастығы да бар болса керек.
- Уаң шужилеріңіздің мал әтіретіне сайлап жүрген текешігі осы «кісі» деші? - сұрай қарадым мұғалімге. - Ал, мұнымен өзің қалай дұспандасып қалғансың?
- Құдай тағала бұл екеуміздің жұлдызымызды бір-біріне қарсы шақшырайтып қойса керек! - Мұғалім жауабын күле бастап, күрсіне жалғастырды. - Түу баста екеуміз мектепке бірге түскенбіз. Бұл, менен екі-үш жас үлкен еді. Жарым жылдан соң-ақ мектептен қашып шығып алып, темекіні қисық тістеді. Қай жерде төбелес болса, сол жерден көрініп жүрді. Екі жыл өтісімен арақ табу үшін ұрлыққа кірісті. Оқудан қайтқан оқушыларды да тонайтын болды. Екі-үш серігімен бізді тосып тінтіп, ақша таба алмай ұрып кетті. Қорқатын болғанымызды білген соң, арақ сатып әперуге зорлап жүрді. Ақша әкелмесең ұрамын дейді. Ол шақта түзуірек оқушы ақша ұстай ма. Бір күні жұдырық жегім келмей қысылғанымнан, «ертең әкемнен ақша сұрап әкеліп берейін!» деп жалынып құтылдым да, әкеме келіп айттым. Аманбекке істеген бірінші қылмысым осы болған! -деп бір кідірген мұғалім, бұл ұзақ әңгіме дегендей шайды соза ұрттап қойып, жалғастыра берді сөзін...
Әкесі ертеңіне Ақатайына ере барып, мектеп бастығына Аманбектің бұлаңшылығын мәлімдеген екен. Содан бастап жоғары сыныптардың үлкен оқушылары сол ауылдың балалары қайтқанда соңдарынан баспалап еріп барып, Аманбектерді қирата сабап кетіп жүріпті. Екі-үш рет таяқ жеген соң ол қарақшылар да ұйғыр лүкшектерімен көбейіп шабуылдайтын болыпты. Бұл жайт, аудандық үкіметке мәлімделген соң сотқарларды оқуға, жұмысқа орналастыру ісі жүргізілсе керек. Аманбек оқуға сонда да кірмей, диқаншылық коопиративінің біріне орналасқан екен. Едел-жедел екі рет үйленіп, жалқаулығы мен арақкештігінен екі рет ажырасыпты да, жұмыстан да безіп, қала қаңғыбасына айналыпты. Туысқандары көмектесіп үйлендірмек болса да, атағы бар содыр арақкеш Аманбекке әйел жолай ма. Сол диуанашылығымен жүре беріпті.
«Стиль түзету» атымен жүргізілген «оңшыл», «жерлік ұлтшылдарға» қарсы науқанның қыза бастаған кезі, коммуна құрылып, Аманбек сияқты қаңғымаларды өзді-өз үйлері кірген коммуналарға сақшылар қуып тыққан кез екен. Аманбек коммунаның ауыл пролетарынан шыққан мүшесі болып тізімделіпті де, қып-қызыл күрес майданына қанды жұдырығын түйе кіріпті. Коммунасындағы «жерлік ұлтшылдардың» қылмысқа мойындамай тұрған бір «жаһылын» Аманбектің жұдырығы мойындатқанын көрген Уаң шужи «нағыз төңкерісші деген міне осылай болады!» деп мақтамасын ба. Мақтаған сайын далиыпты Әмекең. Далия-далия «кері төңкерісші» дегенді иіскелеп жүріп өзі тауып, төңкеріп қойып тепкілейтін қыран төңкерісші болып бекітіліпті. Бекітілумен бекемделе түскен «қыран төңкерісші», кей «жерлік ұлтшылға» істеген содырлығын құптамаған белсенді серіктерін де бас салып тепкілейтін дәрежеге жетіпті. «Кім де кім кері төңкерісшіге ара түссе ол да кері төңкерісші»[1] деп сояды екен. Әрине, өзіне арақ алып бермегендер де кері төңкерісші қатарына жатса керек. Сөйтіп жүріп өз серіктерінен де айырылып, сол коммунаның «шынайы төңкерісшісі» дара өзі ғана болып қалыпты. Күреске тартылған адамның үстіне күркіреп барып қона түседі. Мұндайда шу көтеріп барып жұлмаласатын сүйеніш-саптастары қалмаған Аманбектің өзі таяқ жепті бір күні.
Қалада оныншы сыныпта оқып жүріп, (жоғарыда өзі баяндаған себеппен) «қателескен» Ақатай, күреске түсе-түсе мектептен айдалып, өз коммунасына төменге қуылған екен. Ол төменде егіншілік еңбегіне салынып қана қоймай, Аманбек жағынан күреске тағы тартылыпты. Өзінің «қателігін» мойындап, өзін-өзі жуас қана тексеріп тұрғанында Аманбек ақырып барып, шекесінен қойып жіберіпті. Бұл «төңкерісшінің» қазір жалғыз қалғанын біліп жүрген Ақатай да бүйірлете періп жіберген екен. Аманбек иіліп барып жиылып, ұстаса кетіпті. Ақатай алып ұрыпты да басып отырып, көпшілікке өзінің жазықсыздығы жөнінде шағым айтыпты.
Күрес жиынына қатынасқандардың көбі Ақатайдың туыстары мен достары екен. Солар ду көтеріліп, Аманбектің ісін сотқарлыққа айналдырыпты да, Ақатайды ала жөнеліпті. «Қарақшы Аманбектің бұзақы күресіне түсірмейміз!» деп бір дауыспен дүрліге жетіпті Уаң шужиге. Аманбектің бар қылмысын ақтара баяндапты. «Аманбек қатынасқан күрес жиынына қатынаспаймыз! Барлық тап жауларына қарсы күресті Аманбексіз-ақ жүргізіп келгенбіз. Әлі де өзіміз жүргізе аламыз. Ол лүкшегіңіздің бұзғыншылығына енді жол қоя алмаймыз. Төңкеріс жолымызды оған былғатпаймыз, кетсін арамыздан!» деп шығыпты. Қалған активтері де, тіпті, күрес жиынын басқарушылары да теріске шығара алмапты бұл талапты.
Олардың бір ауыздылығынан ешқандай бастаушысын айырып шығара алмай амалсыз қалған Уаң-шужи, Аманбекті шақыртып алып, оның шағымын тыңдап жазып алыпты да, арқасынан қағыпты: «сен жақсысың, бірақ жалғыз қалдың. Олай болмағанда ісің дұп-дұрыс еді. Енді малшылар әтіретіне барып, бұдан да пайдалы төңкерістік міндет орында! Ол іске сенен сенімді адамымыз жоқ. Осы коммунаның барлық малына бас-көз болып, болған істі маған дереу мәлімдеп тұр!» деп тағайындаған екен.
Осы ауылға салт келіп орналасқан соң, бір мас кезінде сол міндетін өзі айтып беріпті әтірет бастығына. Содан бері ақсақал-қарасақалдар өздерінің бұл сенімсіздіктеріне іштей шамданып, керісінше басқаратын болыпты: тәуірірек малға, тіпті, өз ен-таңбаларын басып алып та, әркімнің меншікті малына айналдырып та бере беретін болыпты.
Ал, Аманбектің үстінен оған арақ алдырып бере алмай таяқ жеген малшылардың шағымы құмша борапты. Сөйтіп, коллектив малындағы шығынның барлығы Аманбек келгеннен бергі шығын екендігі дәлелмен де, күмәнмен де мәлімделе беріпті. (Олай мәлімделмей, Аманбек келгеннен бергі мал өнімінен титтей нәтиже көрілсе-ақ, Уаң шужидың оны малшылар әтіретіне бастық етіп сайламақ болып жүргені белгілі екен.) Уаң шужи сонда да бұл арақкеш тәйниін қайтарып әкетпей, ұсақ-түйек сәлем-сауқатпен сыйлап-сыйлап, малшыларға қарсы сала беріпті.
- Аманбек жайын толық түсіну үшін сіз тыңдауға лайық ең ашынышты бір тарих бар, - деп Ақатай тағы бір әңгіме бастады.
- Аудандық парткомдағы «пролетарияттың зор мәдениет төңкерісінің» басшылығы «жерлік ұлтшыл» Мұратбек атты ықпалды мұғалімді 68-ші жылы «Биғабілдің осы ауданға орнатқан кері төңкеріс ұйымдастырушысы» деген жаламен күреске тартқызған екен. Мұратбек бұл жаланы мүлде мойындамай қойғандықтан басшылық «төңкеріс белсенділерінің» қинап мойындатуына тапсырыпты. Сол қинау жазасында өлтірілген Мұратбек «қылмысын жасыру үшін өзі өліп алған» болып жарияланыпты. Оның мұғалім әйелі «жерлік ұлтшыл» қалпағымен бұрынырақ жер аударылып кеткен. Тоғызыншы класта оқып қалған Мағрипа атты жалғыз қызы тұрмыс қиыншылығынан өзінің іштей ұнатып жүрген жігітімен сөйлесіп, тұрмыстануға келіскен екен. Неке қағаз алуға барғандарында рұқсат етілмей қайтарылыпты да, «басшылыққа» мәлімделіпті. Екі кері төңкерісшінің мұрагеріне ол орын тіпті қатал қарамасын ба. «Таңдаған жігіті де оңшылға бейім жігіт. Коммунизм тәрбиесіндегі қып-қызыл оқушыларымызға кері төңкерісшілдік індеттерін жұқтырмау шарт. Тұрмыс қиыншылығы мәжбүрлеген ондай қыз партияның жаңа қанды белсенділеріне некеленсін!» деген нұсқау шығарыпты. Мағрипа онысына көнбей жылап-еңіреп, «өзімнің табысқан жігітімнен басқа ешкімге бармаймын. Жасым он сегізде. Неке еркіндігіме қиянат етпеңіздер» деп бара беріпті сол «басшылыққа».
«Олай болса зайжауйүге[2] барасың! Әкең де шешең де кері төңкерісші. Ал, тимек болған жігітің де соларға бейім. Біз сені ондай азғындықтан сақтап қалуға міндеттіміз. Сондықтан ондайлардан шекараңды бүтіндей айырасың! Барып орналасқан жеріңдегі партия басшылығына шартсыз бойсұнасың. Партия басшылығына бағыну-бағынбау мәселесі, сенің тағдырыңды белгілейді. Партияның бұл қамқорлығын ұмытпа!» деген ерекше құқықты «басшылық», атақты Уаң шужидің уысындағы коммунаға жолдап беріпті.
Өзінің киім-кешек, төсек орнынан басқа, иіскеп жүру үшін әкесінің тақиясы мен шешесінің жаулығын ғана алыпты да туған үйінің босағасын құшақтап жылап-жылап алып, есігін құлыптапты.
Жас Мағрипаның сұлулығына кәрі Уаң шужидің көзі түсіп, кішкене ғана бір бөлімін босатқызып жатқызыпты да «коммунизм асханасына»[3] бөліп, тайқазанға от жағуға міндеттепті.
Кері төңкеріс үйелменнен қайта тәрбиеленуге келген буржуазиялық жас зиялыға бұдан үлкен қамқорлық бола ма!» деп бастап арбауға кірісіпті сонсоң. Асхананың ханзу завхозына көндіріп беруді соның қолындағы жалданбаларына міндеттепті. Қайта тәрбиеленуге келген басқа жастардың күндіз-түні дем алмай, мертіге шойырыла істеп жүрген ауыр жұмысын, олардың тозақтай жатын орындарын көрсеткізіпті. Іле-шала ханзуға тиген бір ұйғыр әйелдің жайнап тұрған үйіне шақыртып меймандатыпты. Ертіп жүрген жалданба әйеліне жерлік ұлтшылдық қалпақтан құтылу үшін осындай күйеуге тиюдің қажеттігін айтқызыпты. Басқадай тәуірірек тұрмыс кешіру мүмкіндігінің жоқтығын түсіндіріпті сөйтіп. «Сені мен аса зор бақытты тұрмысқа шығарамын!» деп шужидің өзі жылмиып, «тұрмысыңызға не қажет болса, маған айтып тұрыңыз!» дегізіп завхозын қылмыңдатыпты...
Осылай жарым жыл берген тәрбиесімен Мағрипаны көндіре алмаған шужи кектеніпті де, қысас үшін қайта тәрбиеленушілердің қара батпақтағы ауыр жұмысына қосып, жатын орнын солар жақтан тозаққа көшіртіпті. Мағрипа оған да көніп, неке жөніндегі үзілді-кесілді қарсылығын бір-ақ айтыпты: «Мен бұл жерде күйеуге шығу үшін емес, «қайта тәрбиеленуге» келгенмін, шужи, қандай ауыр жұмысқа салсаңыз да басқа тәрбиеленушілермен бірге көрермін. Жалғыз-ақ, күйеуге шығу жөнін айтпаңыз маған!» - деп кете беріпті.
Уаң шужи қыздың өз завхозына көнбейтіндігін білген соң тағы да қысас үшін қырық жасты алқымдап қалған жарымес Аманбек жендетке қоса салуды ойластырыпты. Мағрипаны бір айдан соң батпақтан шақыртып алып, енді Аманбекке жадылауға кірісіпті.
«Партиямызға жаңа қан қабылдамақпыз. Жаңа қан дегеніміз - партиямызға ең адал берілген, ең жаңашыл, ең мықты белсенділерден, мәселен, Аманбек жолдас сияқты екпінді, дарынды пролетарлардан мүше тарту ғой. Солардың ең таңдаулы, партияға ең сенімді біреуіне қосылсаң, жақсы өзгеріп, партияға өзің де қабылданасың. Партияға өтсең, шешеңді де кепілдікке алып, өз қасыңа келтіріп аласың!»
«Күйеусіз өзім-ақ жақсы өзгеріп, шешемді келтіріп ала аламын!» деп тойтарыс айтыпты Мағрипа. Бұл жауабына қадала түсіпті Уаң шужи:
- «Сен өзің партияның ең таңдаулы жаңа қанына қарсымысың?.. Олардан безіп жақсы өзгеремін дегенің бекер сөз. Біз шындықты іс жүзінен іздейміз! Ал, сені буржуазия жаққа тіпті де жібермейміз! Сен жассың, өз сабымызға бүтіндей тартқымыз келіп отырған бұл қамқорлықты түсінемісің, жоқ, партияға осындай қарсы қалпыңда қор болып өтпекпісің?»
«Мен партияға ешқашан қарсымын демедім ғой. Жалғыз-ақ, күйеуге шықпаймын дедім. Соным да қарсылық па!»
«Партияның айтқанына көнбеудің бәрі қарсылық! Партияның бар деген жеріне барғаның ғана дұрыс!.. Шындықты іс жүзінен іздеу дегеніміз осы!»
Сөзді осылай қорқытып доғарыпты да, Аманбекке тәуір киім жіберіп, дереу бой түзеп келуге бұйырыпты. Екі-үш күн ішінде-ақ шәкілдеуік бұршақпен «жаңаша той» өткізіп Мағрипаны сол жендетіне қосыпты да, малшылар әтіретіне жөнелтіпті. Зорлықпен шыққан тұрмысынан қазір екі бала туылған екен.
Осы оқиғаны сөйлеп болып кідірген Ақатай ауыр күрсініп, суыған шайын жұта сала жалғастырды сөзін:
- Жұрт басқарудың барлық зымиян бастықтарға ортақ бір әдісі болады ғой, Биға, ол әдіс қазір бізде Яң жаңжүннің амалы деп аталып жүр. Бірақ, ол жаңжүннен әлдеқайда бұрын ескіріп, тамтығы қалмаған әдіс екендігі өзіңізге де аян. Ол амал, бір-біріне өштесіп алған адамдарды бір жерге орналастыру, халықты өзара өштестіру, бірін-біріне салып аңдыстырып-қырқыстырып қойып, екі жақты да өзіне жүгіндіріп, табындырып басқару амалы ғой. Уаң шужи осы ауылға Аманбекті ауыстырысымен егіншіліктен мені де ауыстырып, осының бақылауына, зықынап соқтығып, қырына алып тұруына әдейі жіберген болатын. Мағрипадай мінезді, көргенді, жан біткенге жағымды жап-жас қарындасым, аса жексұрн арақкеш, зорекер қарақшы жендеттің әйелі болып келуіне әліге дейін ішім удай ашиды. Сұрауыңызға берген алғашқы жауабымдағы «Құдай тағала бұл екеуміздің жұлдызымызды бір-біріне қарсы шақшырайтып қойыпты» дегенім осы жайт.
Ақатайдың әңгімесі аяқтала бере батыстан қатты боран шығып, киіз үй түгіл алдымыздағы дастарқанды да үйіріп әкетті. Үйді арқанмен бастырып, шаңырақты бақанмен тірегін азаматтардан басқамыз сонда да әңгімені бұзбауға тырыстық. Мұратбек пен оның ардақты жалғыз перзентінің аянышты тағдыры менің де жүрегімді құйынша үйіріп, осы боранды тіпті үдетіп әкеткендей, түйіліп қалыппын. Өзім қашып бара жатып, мұндай тұншыққандардың қайсысына тыныс-медеу бола алармын! - деп қиналдым.
Қапас екеуміздің бұл сапарымыз жөнінде Құтыбидан бері қарай осы құмдағы таныс-біліс ағайындардан жолқағаз бен жол бастаушы алып келе жатқан жайымыз да ауыл иелеріне ашық айтылып болып еді. Қонақасыдан соңғы шай үстінде таңертең жүреміз дегенді де ескертіп, ақсақалдардан мұнан соңғы жол бағдарымызды сұрастырдық. Бұл жөнінде ол кісілер ойласып болған екен.
- Ендігі жүретін жолдарыңыз оңай-оспақ жолқағазға көне қоймайды! - деді әтірет бастығы. - Жайыр тауына жеткен соң да қауіпсіз жүре берулеріңіз үшін осы аудандық сақшының таңбасы басылған қағаз керек! - дегенінде Қапас екеуміз алақ-жұлақ қарастық бір-бірімізге. Мұнымызға Ақатай мұғалім күліп жіберді де, әтірет бастығы бурыл сақал бір кідіріп алып жалғастырды сөзін. - Ол қағаз жөнінен сіздер алаң болмаңыздар, енді бір-екі күн осында тыныға тұрсаңыздар, өзі-ақ келіп, қолдарыңызға тиеді! Жақып пен Төлеуқан атында екеуіңізге жолқағаздың екі бөлек болып тигені жөн шығар....
Әтірет бастығының уәдені осылай кесіп, зор сеніммен айтқанына таңданыссақ та, тынышталып, басқа әңгімемізге көше бердік.
Таңертең күн шыға оянып сыртқа шықсақ, қар жауып қалған екен. Ызғарлы суық жел әлі де ысқырып тұр. Сұп-сұр түтек бұлтты туталақай сапырып барады. Осы суықта далаға екі қой сойылып, үлкен-үлкен екі қоржынға кіріп болыпты. Есепші бұйра сақал қоржындардың аузын тәптіштеп түймелеп отыр да, мұғалім үйдің ық жақ белдеуіне байланған екі атты ерттеп жатыр. Ауыл тып-тыныш, сыртқа шыққан басқа ешкім жоқ.
- Әтірет бастығының түндегі уәдесінің соншалық сенімді шыққан себебін енді түсіндім! - деді Қапас, аулаққа шыға бере, жел екпінінен ықтай дауыстап.
- Ие, әрқандай алыптың күші жетпейтін іске моп-момын қойдың күші жететін болғаны ғой! - деп мен жымидым. - Сақшы бастықтары параға дәнікпесе, мал бастығы мұндай батырлықпен уәде бере алмас еді!
- Биға, сіз, осы гұңшандаңның «шеберлігіне» енді разы болған шығарсыз?.. 1957-58 жылдарда «ат төбеліндей ғана» жерлік ұлтшылдарды жойсақ, Шыңжан халқы өзіміздің мұрындықтаулы қара өгізіміз бола қалады деген сенімде еді ғой. Міне енді бүкіл халықты ұлтшылға айналдырып бере қоймады ма!
- Солай болыпты. Халық атты ұлы тіршілік әрқандай шебер саясатқа «қара өгіз» болып көне бермейтіндігін мықтап-ақ көрсетіп жатыр екен!...
Әтірет бастығы мен есепші таңертеңгілік шайын іргелес үйден ерте ішіп алған сияқты. Қоржын бөктерген екі атқа екеуі мініп, дәреттен біз қайтқанша жорта жөнелді.
Беті-қолымызды жуып шайға отырысымызбен ауыл-үйден бізге амандасушылар келе бастады. Маған замандас-тұрғылас кексе әйелдерден екеу-үшеуі кіріп қос қолдап амандасты. Кешеден бері біздің кім екендігіміз, бұл ауылға таралып қалған сияқты. Аманбек ит солардың бірінен естіп арс ете түсер ме екен деп сескеніңкіреп отырғанымда Ақатай мұғалім келді. Ауа райының нашарлығынан мектепте бүгін оқу тоқтатқандығын келген оқушыларға жариялап, таратып келгені екен. Соңынан төрт-бес жігіт оқушы кіріп сәлем берді бізге. Ақатайдың таныстыруымен оларға ашық-жарқын амандасып шығарсам да мұғалімнің өзіне жазғыра қарағанымды сезген мұғалім, «бұл келіп амандасушылардан ешқандай қауіп жоқтығын» айтып күбірледі.
- Әсіресе бұл оқушылар, қуаланды болып, саяси өмірді өз бастарынан кешіріп болған мықты саясатшылар! - деп күлді соңында. - Ал, қауіпті жауымыз қылжиып мас болып жатыр!
Амандаса келіп отырып қалғандарына төменгі жақтан айырым дастарқан жасалып, үй іші тойдағыдай толып қалған кез еді. «Өткен іңірде әңгіме болған Мұратбек марқұмның қызы кірді, әне!» - деп Ақатай күбірледі. Жалт қарадым. Құшағында қалың оралған бөбегі бар, ажары қарайып тотыққан, ауылша емен-жарқын ғана күпі киініп, қара жаулық жамылған, кең етекті жас әйелдің көзі жаудырай қалыпты маған қарап.
- Сәлеметпісің, балам! - Орнымнан ыршып түрегеліп барып, қолын алып едім. Көз жасын үнсіз парлатып жіберіп, жүзін кеудеме тірей солқылдады. Менің көзімнен де ағыл-тегіл жас саулай жөнелді. Уатпақ болғандай арқасынан қағып-сылағыштаб тұрған өзім де солқылдадым. Үй толы адам жым-жырт бола қалып еді. Көздерін түгел-ақ сығымдап отыр екен. - Менің кесірім, - дедім аузымды икемге әрең келтіріп. - Менің кесірім, сендей бейуаздарға да тиіпті. Естіп келемін! Аса көп! Бірақ, лаж не?! «Болмас іске болаттай берік бол» деген. Соңын шыдап күтеміз де!
- Сабыр ет, Мағрипаш, мұның не! - деп үй иесі бәйбіше айырып, Мағрипаны өзінің жоғары жағына апарып отырғызды.
- «Мұның не» деп мені сөгіңіз! - дегенімде көпшілігі жылай кеңкілдеп күлді. Орныма қайта барып отырдым. Тұрмысындағы шешімі жоқ қиыншылық пен шексіз қасірет мұжып жүдеткен жас жанға қараған сайын көңілім босап, оның қазіргі ахуалы жөнін сұрай алмай, үнсіз тұқырып, шай ұрттай бердім. Ол тіпті булығып, көзін шай кесесінен алмай бұға берді. Ішіп отырған шайының көбі, кесеге жасырын құйылып жатқан көз жасы екендігі белгілі еді.
- Бұл кісінің өзінің көрген азабы, әрине, бәрінен де қиын болса керек қой?
- Атақ-абыройы жоғары болғандықтан, бұл кісіні оншалық қинай алмаса керек, жүдемепті!
- Неге жүдемесін, ана шашы оңайлықпен ағарған деймісің, бұрыннан қиын түрменің азабын тартып келген кісі деп еститінбіз. Көнігіп, бекіп алған азамат қой!
- Қолға алынған жиырма жылдан бері өзімен бірге оңшы болып кеткен әйелі мен жалғыз ұлының дерегін әлі таба алмай жүр екен. Ал, өзі, одан бері үш өліп, үш тіріліпті. Ол оңай азап па, піл десеңші онан да!...
Үй ішіндегілердің осындай күбірлері еміс-еміс естіліп отырды. Мағрипадан негізгі сұрайтын ахуалымды сұрай алмай, дертін тіпті қоздырып алам ба деп іркіліп отыр едім. Көмекейімді тіреп алған «тас» сәл жұмсай қалған бір кезеңде сол сұрауым ытқып шықты:
- Мағрипаш, апаң аман ба екен, хабар алып тұрмысың?
- Жоқ! - деген үн үзіліп кетердей жіңішкеріп әрең шықты. Мағрипаның бұдан кеңірек жауап қайыра алатын халі жоқ екендігін біліп отырған Ақатай сөйлеп берді.
- Ұзын құлақтан естуімізше аман сияқты. Алғашында бір коммунаның режимінде екен. Мұратбек марқұмның қазасын естіген соң ашық қарсыласқан сияқты. Мына Шаудүйдің әскери режимінде өзгертуге әкеліп беріпті!
- Осы мына Шаудүйде ме?
- Ие, - деп күрсінді Ақатай. - Кешегі айтқанымдай, оның маңайына ешкім бара алмайды! Хабарласа алмай отырмыз!
Сөз осыған келгенде Мағрипа шайын (шындығында ішіп тауыса алмай отырған көз жасын) жұтып жіберіп, шашала түрегелді де шығып жүре берді. Соңынан кексе әйелдерден екеуі ере шықты. Қатты желде естірте дауыстап сабыр-тоқтау айтып бара жатқандықтарын естідім. Маскүнем Аманбектің тепкісінен бұл бишараның шыдамы кетіп, қайтерін білмей жүргенін айтты бір әйел: арақ ішіп, құсығымен үйді былғағанын айтса-ақ, «кері төңкерісшінің қызы, менің ісіме қарсы шығуды кім үйретті саған!» деп ұрады дейді. Сөйтіп, әр күні жеген таяғынан бірде көзі көгеріп, бірде қолы шығып, беті қан болып, басқа үйге қашып барады екен. Бір жаққа қашып кетіп құтылуға, іштен шыққан екі «шұбар жыланын» қимай зар еңірейтіні де жиі естіліп тұрыпты. Ақатай мұғалім араға түсіп, жұмсақ та, қатты да сөйлесіп, Аманбекті тыя алмағандықтан басқа жігіттерге ұрғызып та көріпті. Арақ ұрттаған соң-ақ оларға берген антын ұмытып, құтырып шыға келеді екен. Мағрипаға болысқан жігіттерді тегіс «осы жезөкшенің тамыры» деп айқайлап құтырмасын ба! Уаң шужиіне бүкіл ауыл болып неше рет арыз жазып та, шеше алмай жүр екен бұл мәселен. Шай жиылған соң Қапас пен Ақатай үшеуміз осы сорлы қызды қорлаудан құтқару жөнінде жеке отырып кеңестік. Әрқандай амалды айтысып, сенімді бір шараға тиянақтай алмадық.
Түстен кейін сыртқа бір шыққанымда Мағрипа алдымнан кезіге кетті. Көп жылаудан бет-жүзі түгел ісініп, көзі жұмылып алыпты.
- Сізден... өзіңізден ғана жеке сұрайтын бір ісім бар еді! - деп күбірледі. Ораулы бөбегі құшағында. Желден үйдің далдасына бастап апарып тұра қалдым. - Ағай, маған жасырмай ғана бір шындығыңызды айтыңызшы!.. Өліп кетсем де аузымнан шығармаспын! Менің әкемді бұрын білуші ме едіңіз, соншалық жақын дос па едіңіздер?
- Күреске түсуімнен бірер жыл бұрын болған оқу-ағарту жиынында ғана танысқанбыз. Одан бұрын да, кейін де көріспегенбіз!
- Сондағы құрған ұйымдарыңыз рас па еді?
- Жоқ, қалқам, ол бүтіндей қисынсыз жала! Мұратбек марқұммен жеке сөйлесіп те көрмегенмін. Тек, үлгілі мұғалім екендігін, оқыту, мектеп басқару жөніндегі мол тәжірибесі мен табыстары жиын үстінде ғана сөз болып, бір рет қолдасып қана амандасқанбыз. Ол жиындағы өз жұмысым қарбалас болғандықтан бір дастарқаннан дәмдес те бола алмай айырылысқанбыз. Ол шақта біздің, әсіресе өзімнің партияға қарсы ешқандай ойым да жоқ болатын. Кері төңкерістік ұйым, блок дейтіндер мүлде жоқ. Тіпті ойлап та көрмеген мәселе!
- Есіл әкем, мүлде нақақ өлтіріліпті-ау! - Еңіреп жіберді Мағрипа. Мен тоқтау айтып біраз уаттым да өзіне бір сұрау қойдым.
- Ал, сен өзің бір шындығыңды айтшы, балам!.. Осы Аманбектен айырылыссаң, мына екі баланы бағу жағынан қиналар ма едің?
- Мен, шешемнің келіп бірге болатын күнін ғана күтіп жүрмін. Балаларды бағу жөнінде бұл маскүнемнің титтей де пайдасы тиген емес. Қайта мас болып алып шошытып-шулатумен ғана болып келеді. Бір күні жүректері қорқыныштан жарылып кететін қаупі бар. Үлкені өте қорқақ, сужүрек болып кетті! -Боздай сөйледі жас ана. -Ал, айырылысып құтылар болсам да, бұл қанішер мені тірі қалдыра қоймас!
- Ә, бәле, міне, енді аса құрметті басшылықты тауыпсың ғой! Бәсе, сен сиқыр жезөкшеден еркек тұтылған ба! - деп Аманбек, үйдің жел жағынан шыға келді.
- Жап аузыңды лағынат! - мен ақырып жібергенде жалт беріп қаша жөнелді. Мен қуа сөйледім. -Ей, тоқташы ей, сені шектей алатын үкімет жоқ па екен, көрсетейін! -Аманбек шыбын-шіркей қашып барып, бір үйдің белдеуіндегі ерттеулі атқа міне зытты.
- Тақсыр басшылық, мен малға барамын, малға! Мына боранда мал күйін байқап, нұсқау беріп келмесем қырылады ғой!
- Тоқта, малдың малы сенің өзің ғана екенсің, өз жайыңды мен байқап қалайын! - дегеніме, әрине, қайырылмай қашты.
Мен қайта оралған зәтте жанды Мағрипаның одан қорқып, оқшау шеттегі өз қосына жетіп те қалғаны көрінді. Күпісінің ұзын етегі далбаңдап, аяғы жерге тимей безіп барады. Аманбекті қуып ұстау үшін Ақатай мен Қапас атқорадағы атты әкеле жатыр екен. Ақатайдан мен оның, Уаң шужиіне барып, бізді мәлімдеу мүмкіндігін сұрадым. Ол маскүнемнің адасудан қорқып, шетке шыға алмайтындығы мен кеш түскен соң Мағрипадан көз жазбайтын күмәнқор екендігін естіген соң атты қораға қайта қамап қайттық.
Мағрипамен ішкерілеп сөйлесіп, Аманбекке қолданатын шара іздестіргім келді. Ақатайға соны айтып, Мағрипаның қап-қара құрым қосына жалғыз барып кірдім. Төріндегі екі бүктеп жайылған көне текемет пен жер төсегінің бас жағына қаттап қойылған екі көрпеден басқа ештеңесі жоқ қуыс екен. Жылт еткен от та, отын да жоқ. Бар «зейнеті», оң жақ босағаға тізілген арақ бөтелкесі ғана болып көрінді. Екі бөбегін екі тізесіне қондырып, күпісінің етегімен қымтап отырған Мағрипа, балапандарын қанат астына алып, жауын мен дауылдан қорғап, өзі де дірдектеп отырған, жалаңаш даладағы жалғыз құстай көрінді. Мен кіріп барғанда екі-үш жастағы ұлын серпіп тастап, жер тірей түрегелгенінде орнына қайта отырғыздым. Үлкені маған шошына қарап, іргеге тығылды да, шешесі қайта отырғанда арыт жағына келіп далдаланып, баспалай қарады маған. Қап-қара көзі шарасынан шыға, шатынай қарайды. Қорықпауы үшін жылы шыраймен қарап шақырып едім, бұға қалды.
- Бара ғой, Есбол, ол, нағашы атаң, тиіспейді! - деді шешесі. Бала баспалай қарап, тағы тығылды. Өзім түрегеп барып, құшағыма алдым да маңдайынан сипай отырып, мұнда жалғыз кірген жөнімді айттым.
- Мағрипаш, менің осы құммен Іле-Тарбағатай жаққа қашып бара жатқан себебімді де естіген шығарсың? «Өзі қашып бара жатып, менің басымдағы апатқа қаншалық болыстық ете алар» деп ойлама, шешеңмен табысқаныңша қиыншылығыңнан жеңілдетіп, төніп тұрған қорқынышыңнан, қауіп-қатеріңнен, сәті келсе, тіпті мүлде құтқарып та кетерлік мүмкіндігім бар. Сондықтан, менің сұраған сұрауларыма тартынбай, шын жауабыңды - нақтылы сырыңды жасырмай сөйлеп бер! Мен де, осы ауылдағы ағаларың да сенің қалауыңша іс істеуге келістік.
Сөзді осылай бастадым да сұрауымды қоя бердім. Мағрипа да қауіптенуден азат болғандай, тартыныссыз, ашық жауап бере берді.
Бір кемпір, осы күйсіз қосқа менің кіргенімді көріп, дастарқан мен шай кіргізуге келе жатқан сияқты. Ақатайдың оны жолдан тосып, менің оңаша сөйлесуге, хал-ахуалын білуге ғана кіргенімді, жел ызыңынан асыра дауыстап айтып қайтарғаны естілді.
Мен Мағрипадан білмегімді арылта сұрап, қоналқы үйіме күн еңкейе қайттым. Қапас пен Ақатайға ауыл ақсақалы қосылып, үшеу болып сөйлесіп отыр екен. Бұлардың пікірлеріне менің естіп келгенім қисындасып, тоғыса кетті.
Бұл ауыл түгіл бүкіл әтіреттің тынышын алып, сойқандап жүрген Аманбекке іш тартатын ешкім жоқ. Қазіргі екі баланың әкесі өлсе, Мағрипа да бостандық алдым деп есептейтін күйге жеткен. Бүкіл ауыл осы сорлы жетім қыздың қамқоры бола тұра Аманбек шаңырағы аталып тұрған осы қосқа артық-ауыс көмек бермейді. Өйтетіні ондай көмек, Аманбектің арағын көбейтеді. Ол арақ Мағрипа мен екі балаға түн бойы қасқыр болып тиеді. Сондықтан шаңырақ атына көмек берілмейді. Екі бала мен жас анаға ғана жасырын көмек берілсе, «жезөкшенің тамырларынан келген табыс» есептеліп, арақкешті тіпті арсылдатады...
Сөйтіп, Мағрипаны бұл емсіз қырсықтан құтқарудың бірден-бір сауапты шарасы, жендетті ешкімге күмән келтірмейтін жағдайда жерге тыға салу ғана болып табылды. Бірақ, бұл шарадан Мағрипаның қорқатыны, Уаңшужидің бүкіл ауылды түгел қинап жазалайтындығы екен де, содан қысылған кейбіреудің жендетті өлтірген адамы тұспалдап болса да әшкерелей салатындығы екен. Төртеуміз бұл түйіндердің дұрыстығына бір ауызбен қосылсақ та, қалай жоғалту жөнінде тыңғылықты бір пікірге келе алмай қалдық. Мен өз шешімімді айттым: «Аманбектің адасатын да қасиеті бар екен ғой, Қапас екеуміз оның мал көруге шыққан болып арақ іздеп бара жатқанында айдап әкетіп... жарты бөтелке арақты қойнына тығамыз да құлама құммен бастыра кетеміз. Өзі мастықтан адасып барып құлап құмға басымен кірген болады да, аты ауылға қайтып келеді».
Бұл амалыма Ақатай қарсы шықты.
- Басқа күндерде жоғалмай, сіз екеуіңіз аттанған күні жоғалса, соңдарыңызға қуғын түседі ғой!
- Бұл кісілердің кеткен беталысы басқа болса... қазасы жеткен күні әрқандай адам да өле бермеуші ме еді! - деп күңк ете түскен қария, бұл пікірінен тез айни қалды. - Үй, бірақ, «қаза», «тағдыр» дегенге Уаң жойытыңның сенбейтіндігі бар екен-ау! Жоқ-жоқ, бұл шараны екеуіңіз кетіп, іздеріңіз суыған соң көрелік!
- Дұрыс, бір қызымызды құтқарамыз деп, мың қыздан да қымбатты азаматтарымызға қауіпті қуғын туғызбауымыз керек! - деп Ақатай, қарт буынын осы қостауымен бекітіп тастағандай болды. - Сіздер кеткен соң да бір боран соғар!
- Алдыңғы борандардан бұл сойқанды тіп-тірі сақтап келген бойкүйездіктеріңіз, келешектегі бораннан да сақтап қалар! - деп күліп қана қойдым. Осы сойқанды сордың көзін жойып, сорланған қыздың көзін аз да болса аша кету, өз ойымда сақталып қалды...
Сол күннің кешінде сұр аспан тағы да қаһар бүркіп, қар сапыра бастады. Аманбек қайтып келіп, күндізгі күмәнімен үй ішіне тағы да лаң салар деген күдікпен Ақатай ауық-ауық барып-қайтып тұрды. Маңайынан бұта-шөмшек тауып келген Мағрипа көже-көлмегін дайындап, сол құтырған итінің келуін күтіп отырғанда Ақатай тағы бір барып келді. Онысы мас болсын-сау болсын, келуін күтпей жатып қалса, тепкіленеді екен. Ел жатып, ұйқыға кеткенше біз де шешінбей күтіп едік. Бір шақта мас Аманбекті өңгеріп, атын жетектеп екі малшының келгені естілді. «Анау ақ басты пәле қонаққа мені білдірмей жеткізіңдер!» деп тілін шайнай былдырлап өткеніне күлдік. Қосына екі қол, екі аяғынан көтеріліп кіріп, дайын орнына сұлай сала қорылдапты. Мағрипа мен балаларының тыныш ұйқыға жатқан хабары келген соң ғана тынышталдым.
Ақсақал мен Ақатай, Аманбекті өңгеріп әкелген екі малшыны үй сыртына шақырып алып сөкті. «Мұнан соң бұл маскүнемді бұлай қорғап-қолдап, көтеріп өздеріне масыл етуді тоқтатуларын» ақыра бұйырды қарт. «Сендердің міндеттерің мас болған Аманбекті бағу ма, малды бағып қорғау ма? Мына боранда мұны өңгеріп жүргендеріңде қойларыңды қасқыр қырып кетсе кім жауапкер болмақ?» - деп састыра тергеп қайтарды.
Өздігінен әлдеқашан өлетін Аманбекті мына бейнетқорлардың қорқатындықтарынан ғана қорғап-сақтап келгендіктеріне мен қынжылдым.
Соның ертеңіне түстен кейін боран тағы да ышқына көтеріліп еді. Ауыл шетінде боранмен қосыла боздаған-шырылдаған дауыс естілді. Үйден жүгіріп шықты. Бір атты әйел шеттегі сол сорлы қосқа келіп түсіп, Мағрипа мен көрісіп тұр екен. Шешесі келіпті. «Жалғызым-ау не боп кеткенсің!» деген ана зарына Аманбек ақыра шығып, араласа кетті де, итермелеп айырды екеуін. Ауыл әйелдерінің көрсеткен қарсылығына бой берер емес. Ысқырып тұрған ақ боранның ық жағында тұрған бізге сөзі нақ-нақ естілді:
- Не бопты қызыңа, жеп қойыппын ба! - деп өкірештейді. - Мендей төңкерісшіге тигеніне тәубә деудің орнына шашып тұрған зәрін естімейсіңдер ме, төңкерісші жұртшылық! Қоя беріңдер мені, кері төңкерісшіл-ұлтшыл қатынды жолатпаймын үйіме. Кері төңкерісшілдігін жұқтырып, семьямды бұзады!
Сұрланып алған Ақатай ырши ұмтылып еді. Мен ұстай алдым: «Тоса тұр, қайтер екен! Заңсыз сотқарлығын көрсете түссін!» дедім. Таяғын білей ұмтылған қария да осы пікірімді естіп, тоқтай қалды. Енесіне жұлқына ұмтылып жүрген Аманбек те, арашалап алдын тосып тұрған әйелдер де, Мағрипа да қарай берді бізге. Аманбек, өз ісінің «төңкерісшілдігіне» сенгендей. Төңкеріс кадры мені жақтайды дегендей, қайдағы «саяси қағидаларын» сапыра, ұмтылды енесіне. «Келген жағыңа дереу қайт, төңкерістік үйімізге кіруіңе рұқсат жоқ, ұлтшылдығыңды бала-шағама жұқтыра алмаймын, кет!» дейді. Мелжемдірек екі әйел екі жағынан ұмтылып барып жармасып еді. Аманбек екеуін екі қойып ұрып жықты. Енені атының үстіне бір-ақ лақтырып қондырды да, ат сауырына бірдеме мен періп-періп жіберді. Шорши жөнелген аттан ұшып түсе жаздаған ана ат жалына жабыса қалып оңалды. Қатты шошынған ат құйрығын шайқай зытып, ала жөнелді шүйкедей әйелді. Сауырына пышақ ұрған екен, шаужайлағанға көнер емес. Маған жалтақ-жалтақ қараған Мағрипа шырқыраған екі баласын екі қолтығына алды да, шешесінің соңынан жүгіре жөнеліп барып, арқасына қайырыла сөйлеп кетті.
- Көріп тұрсыңдар көпшілік, енді өлсем де шешемнің соңында өлемін!... Әрең келген шешемнен енді тірі айырыла алмаймын! -деген шырылы ғана естілді. Ақ боранның ішінде қарбалаңдап зытып бара жатты.
- Сіздер, ауыл адамы, қозғалмаңдар! - дедім маңайымдағыларға, - жалғыз-ақ анау қосқа от жағылмасын, ешкім отын бермесін! Қапас, сен артымнан ат апар, мен «төңкеріс кадрымын» ғой!
Ұмтылып бердім Аманбекке:
- Мұның не? - зекіре жеттім.
- Ондай ұлтшыл жалаптан туып, кері төңкеріс соңынан кеткен қатын маған керек емес, басшылық! Мен өлсем де төңкеріс жолынан айнымай өлетін пролетармын!
- Сендей қанішер арақкеш, тасбауыр пролетар жоқ бізде! - Кеңірдегінен ала түсіп, шықшыттан періп жібердім де ұшырып түсірдім. Тепкіледім-ай келіп. Жан дауысымен бақырды жауым. Өлгендігін айтып, талықсып бара жатқандай, дауысы өшкіндей қалды. Қойнымнан алтыатарды жұлып алып, - Тұр! - деп зекіріп едім, орнынан ыршып тұра жалынды:
- Жанымды қалдыр, ағатай, жанымды қалтыр! - деп қалтырай бас ұрды. - Менің ісім қате екен! Қате!.. Қате, қате!
- Сенің бір жаның, өлім боранына қуып тастаған ана төрт адамнан артық па! - Қапас әкелген атқа міне салып, қамшылай жөнелдім Аманбекті. - Жүр, алдыма түс!... Сендей бұзықты, төңкерістік адмгершіліктің жауы екендігіңді дәлелдеп, Уаң шужиіңнің алдына апарып соямын! Сендей азғын ешкімге қажет емес, өлтірілетін шартың толды! Бұрын қанша адам өлтіріп едің, есіңде бар ма! Ал, бүгін неше адам?.. Түс алдыма!
Аманбек өзі сабаған әйелдердің артына тығылып еді. Олар шапалақтап, бетіне түкіріп қуды. Кешірілмес айыбын ауыл болып айтып иянаттап жатыр. «Бүгін мына кадр болмаса, бәрімізді қырады екенсің!» дегендерін естіп, онан сайын шықпырттым Аманбекті.
- Ағатай, басшылық, жанымды қи, жанымды! Енемнің де, әйелімнің де аяғына жығылып, өзім ертіп әкелейін! - деп шаңғырлай жалынды да, солай қарай қиралаңдай жөнелді. Мағрипа мен шешесі алыстамай тоқтап, бізге қарап тұр екен. Жеген соққысынан бүкшеңдеп жан ұшыра жүгірген Аманбек, сол аралықта төрт жығылып, бесінші рет жетіп жығылды енесінің алдына.
- Кешір, апатай, бір жолға кешір! Қателік менде, қателестім, апатай, қателестім!
- Енді келіп апа деген аузыңа сиейін, жоғал әрі! Мен сенің аяғыма келіп жығылуыңды күтіп тұрғаным жоқ, жоғарыдан келген анау «құқыққа» арыз айта кетейін деп күтіп тұрмын. Жоғал бұралқы ит! -дей сала, Аманбектің жалынышын тыңдамай атын жетектеп маған қарай жүрді. Мен атымды желдіріп келіп алдына тұра қалдым. Жүзін әжім басқан, арық ақсұр әйел,. Ескі ішігінің жағасын қайыра үңіліп сөйледі маған. - Ауылға сіздің келгеніңізді қызымнан жаңа ғана естідім, «бастық». Сізге айтатын екі ауыз ғана арызым бар, соны айтайын да кетейін, рұқсат етіңіз!
Аманбек бүкшие қиралаңдап жетіп, ене аяғына тағы да құлай кетті. Оған мен ақырдым:
- Босат жолын, кет былай! Сенің ене алдына жығылып, кешірім сұрайтын уақытың әлдеқашан өтіп кеткен, иттің баласы! Жалғыз қызына зорлап үйленудің алдында барып кешірім сұрауың жөн еді. Адаммын деп сонда ғана айта алар едің! Енді азып-тозып өзі келгенде қалай қарсы алып, қалай «сыйлағаныңды» көрдік! Өлімші болғаныңда қуып келіп, зорланып сұраған кешірімің, ана түгіл, әрқандай адам баласына қажет емес! Тұр орныңнан! Уаң шужиіңе қарай аяңдай бер, тез жөнел!.. Өздігіңнен жүрмесең, не көретініңді білесің, қамшымен боршалап апарамын Құдайыңның алдына. Бар, жолға түс! - деп алып, әйелге қараттым сөзді. - Сіз, кері төңкерісші аталатындай не қылмыс өткізсеңіз де адамсыз, анасыз!... Мына боранда балаларыңызды үсіндіріп алмай тез барып, анау дүйжаңның үйіне кіріңіз, арызыңызды кейін тыңдайын! Ей, мұғалім, бастап апар мына кісіні! Мен мына құтырған иттің күшігін қайта келе алмастай жолға салып келемін!
Аманбекті жатқан жерінен қамшылап тұрғызып, бақырта қуаладым. Екі баланы Ақатай мен Қапас құшақтарына алып, ананы бастай жөнелді ауылға.
Аздан соң Аманбек жүрісін өндіре алмай итше қыңсылап, жығыла-сүріне жылжыды. Қанша қузағаныммен мағдырының осы ғана болып қалғаны сезіледі. Қинала түссін деген оймен тағы да қамшылап қузап едім. Тағы да бақырды. Сонда да жүрісі мандыр емес. Кеш түсіп, түтек басқан төңірек күңгірт тарта бастады. Жауған қар жұлығынан оншалық аса қоймаса да омбылағандай аяғын әрең-әрең басып келді де атымнан аяқ астына құлап түсті. Қамшы өткенін де сезбей, мүлде титықтаған өгізше сұлап жатып алды. Ыңырсып жалына берді. «Уаң қытайдың» алдына бармай, не болса да «қазақ ұлықтың» алдында көруге разы екендігін айтады. «Ол қытайдың» өзін арашалап ала алмайтындығын, өзін «алдап... зорлап істеткен сол қытайдың» бар жаланы енді өзіне жаба салатын, асқан пәлеқор қытай екендігін айтып зарлайды.
- Гұңшандаңға жала жаппа! - деп зекіріп қалып бір-екі қамшыны батыра соғып жібердім.
- Ағатай-ай, ағатай-ай! - деп әлсіз шырылдай жалынды. - Ол жеке бір ғана адам ғой, партия емес, партия емес!
- Кеше менімен алғаш көріскеніңде халық та, партия да Уаң шужи дегендей буланып едің ғой, иттің күшігі! Қайтсең де апарамын алдына! Күшті болса, сені менен арашалап-қорғап көрсін! - Аттан түсе сала мойнына шылбыр салып сүйретіп едім. «Тұрайын, ағатай тұрайын!» деп безек қаға жалбарынды. Орнынан төрт аяқтап ышқынып әрең түрегелді де, тәлтіректеп барып қолымен жер тіреп қалды. Шалқалата жығып шылбырды екі қолынан байладым. Атқа қайта мініп, шанаша сүйреттім ауылға қарай. - Бүгін түнде жүре алмасаң, ертең күндіз жүргіземін, біліп қой!
Бұтасыз қар үстімен сүйретіп, суық қосына ымырт жабылғанда жеткіздім де, қолын шештім.
- Ей, иттің баласы, қазірше байламайын, мына молаңа өзің отын тауып әкеліп жағып, өзің жылынып ал! Мүбәдә тірі қалсаң да, Мағрипа жоқ енді саған!
- Ағатай-ай, басшылық-ай, онсыз қалай күн көрмекпін, ойлаңызшы! Мен...мен... онсыз бір күн де...
- Сен «төңкерісші» емессің бе, «кері төңкерісші әйел» не керек саған! Өзің ойлан, ит, шошқа, мына қылмыстарыңнан енді аман қайта алмайсың, бар материалың менің қолымда! Біреудің оқудан басқаны көрмеген жап-жас жалғыз қызы осы отынсыз-сусыз молаңда бес жыл қалай жасаған? Осында сен бір түн тұрып көр, қане! Ол екі баланы осы суық молаңда туып, оны да асырап келіпті ғой! Сен ол «кері төңкерісшіше» бала тумай-ақ тіршілік етіп көрші бүгін!.. Мағрипа мұнан соң шешесінің иелігінде. Сен зорлап, анасының рұқсатынсыз, тіпті, өзінің ықтиярынсыз үйленіп, осылай жасатып келіпсің. Ал, жалғыз баласын көруге әрең жеткен анасына бұл көрсеткеніңді адамзаттың қай баласынан көріп едің, иттен туып іннен шыққан азғын!.. Төңкерісшімін деп жүріпсің ғой! Жата тұр осылай, әлі сөйлесемін сенімен! Төңкерісшілдік деген не, кісі өлтіру деген сөз бе? Осыған дұрыс жауап тапқаныңша соямын сені таңертең!
Шығып кеттім де, сырттан тыңдап тұрған Ақатаймен бірге атты атқораға апардым. Мал дәрігері келіп шырақ жағып, пышақталған аттың жарақатын дәрілеп жатыр екен. Қоналқы үйіме қайтып келсем, сыртта мал сойылып, үй төріне мол дастарқан жайылыпты. Қақ төрде ақсақал, оның сол жағында шешесі мен Мағрипа жылап-сықтаса сөйлесіп отыр.
Мағрипасының қайда екендігін Маузыдұң өлгеннен беріде ғана естіпті. Содан бері үш ай бойына зарлап жүріп, келіп көріп қайтуға, бір апта ғана рұқсат алып әрең шығыпты. Атты сол маңдағы көне таныс, бір су басқарушыдан сұрап мінген екен.
Мен келгеннен кейінгі әңгіменің көбі, елу жасқа әлі шыға қоймаған, бірақ, шашы түгел ағарып, ақсөңке болған арық кемпір екеуміздің арамызда болды. Бір әредікте күбірлеп пікір ұсындым: «Мағрипаш, бізден ұрланып барған болып, анау итке бір уыс бауырсақ пен бір шыны шай апарып беріп, отырмай ешқандай жұмыс істемей, тіл қатпай қайтсын, екі бала бар ғой, қадірін біліп, адам болатындығына осы ауылды сендіре алса көрерміз. Егер қайталап құтыратындығы байқалса өледі, өлтіріледі!» дегенімді тыңдай қалған ақсақал да, Ақатай да бас изеп құптады. Шешесі қызымен сыбырласып біраз ақылдасты да, көнгендіктерін байқатты. «Оған от жағып бермей қайт, балам, отынды өзі тауып бірнеше күн өзі жақсын, жаға алмаса суық үйде жата берсін. Әсіресе отынның қасиетін түсіндіру қажет!» деп қайталап толықтап тапсырдым.
Біраздан соң Мағрипа шығып кетті. Соңынан Ақатайды тыңдауға жіберіп едім: Аманбек өзі басынып қорлап келген әйелінің аяғын құшақтап, етегінен сүйіп, жылай жалынып жатқанында жетіпті Ақатай. Атқора жақтан бір шылапшындай ғана жас қи әкеліп үйіпті де, бір қолтық сағдар әкеліп, сіріңкесі таусылғанша тұтата алмай, үрлеп-үрлеп дымы құрығанда қисайған екен. Әкелген отындары есіктен төрге дейін шашылып жатыр. Мағрипаға бар антын айтып, тізе бүктіре алмай еңірепті. «Ей, арақкеш аю, енді жалынып алдаймын деп ойлама, менің ең ақырғы қоштасуым осы болады! Шешем мен бастықтан ұрланып келдім, айтар жөнім осы. Тез қайтуым керек, қоя бер аяғымды! Ертең, ауыл адамдарының куәлігін аламын. Зорлап жасалған неке қағазды бастық сенімен бірге ала барып, Уаң шужидің шекесіне жапсырамын дейді.» Мағрипа осы сөзбен серпіліп шығыпты да, қоста қалған өз нәрселерін жиыстырыпты. Аманбек өз басын өзі соққылап ойбайлап, әйелі онысын тыңдамай, «бес жыл көрсеткен күніңе рахмет!» дей сала шыға беріпті. «Төңкерісшіл болу деген не, соны айтып берші, тоқташы!» деп «төңкерісшінің» жалынғанына жауап бермей, күліп қайтыпты. Бұған біз де күлдік.
Мағрипаның мәңгүртке айтқан жауабын Ақатайдан естіп, ұтымдылығына қатты разы болдым.
Сол күні ел жатарда қайтып келген әтірет бастығы мен есепші Мағрипаның шешесімен егжей-тегжейлі амандасып, Мұратбек қазасына көңіл айтқан соң қарады бізге. Қапас екеумізге керекті екі жолқағазды өз айтқанындай орындап қайтыпты. Біздің бүгінгі ісімізбен ұйғарымымызды естіп қуана қарсы алды Аманбекті айтқанына көндіріп түзетудің амалы «енді табылғандығына» қуанды.
Ертеңіне таңертең өзіне қарасты ауылдардағы ұйытқылық адамдарын, заңшыл, саясатшыл өткір әйелдерді қоса түгел жиғызып, іргелес үйде жиын ашты. Аманбектің бар қылығын жайып салып, талқыға салды. (Мағрипаның шешесі мен үш мейман болып, оған қатыспай, сол жатқан үйімізде күтіліп отыра бердік.) Аманбек біздің алдымызға кіріп кешірім сұрауға қаншалық ұмтылса да, жігіттер кіргізбей сүйреп апарып талқылап берді. Мен үй ішінде анда-санда дауыстап сөйлескен болып, «боран басылысымен айдап әкеткендігімді» білдіріп қана қоямын.
Ауыл жиыны түске жақын тарады. Аманбектің осы әтіреттегі, өз үйіндегі барлық қылмысы тізіліп, көп алдындағы өз мойындаулары мен анттары қоса жазылған қағазды әтірет бастығы маған күле әкеліп көрсетті. «Балшығының иін қандырып, қалыпқа қайта салып жасай қойған көрінесіз!» деп күлді. Мен ол материалды Мағрипаның шешесіне оқып беріп ақылдастым да Аманбек жатқан суық қосқа қайта бардым. Оның өзіне де сол құжатты оқып беріп, дұрыс жазылғандығына өз пікірін қосқызып, қол қойғыздым.
- Мен жоғарының тапсыруымен халық талабын орындауға шыққан өкілмін. Егер осы антыңнан қайта айнитындығың байқалса, маған әтірет бастығы мен Ақатай мұғалім телефон береді. Мен дереу жетіп, ауыл өкілдерінің осы үкімі бойынша жаза орындаймын. Бұл құқығымды осы құжат бойынша жоғары сотқа бекіттіріп алып, дайын отырамын, ұқтың ба? - деп сұрап едім.
- Ұқтым, ұқтым, тақсыр! - деп Аманбек аяғыма жармаса бергенде серпіп тастадым да, «төңкеріс пен төңкерісшілдік» жөнінде түсінікті тілмен сөйлеп бердім.
- Төңкерісшілдік деген сөз, халық беретін баға. Халыққа қарсы қаймана біреудің бере салатын дәрежесі емес! - дедім сонсоң, - мұндай баға -халық өздерін бақытқа, жақсы өмірге, жаңа мәдениетке жеткізу жолында күрескен, өз туған еліне жан-тәнімен берілген қайраткеріне беретін ең ұлы баға. Ал, сен жендет халыққа не беріп келдің? Сен ең алдымен ұрлықпен шұғылданып, халықты тонаумен өстің. Арақ бер деп зорекерлік жүргізіп, арақ әпермегеніне жала жауып, нақақ күйдірдің! Уаң бюрократ, зорекер ұлтшылдың қолшоқпарына айналып, халықтың саналы адамдарын қырғындауға кірістің! Оған Мағрипа мен жесір шешесіне көрсеткен жыртқыштық қылмыстарыңды қосшы! Сен, халыққа қарсы шегіне жеткен нақтылы кері төңкерісші, тонаушы қанішерсің, ұқтың ба? Сен де, сендейлер сүйенген бюрократ төрелердің де жойылуына аз-ақ уақыт қалды. Соны біл де есіңді жи, халықтың айтқанын істе, халыққа жағын, бала-шағаңа жағын! Олай болмағанда сен алдымен атыласың, оған мына құжат куә!
Сол құжатты әдейі тәптіштеп бүктеп, кінешкемнің арасына тыға түрегеліп шыға бердім де, әкеліп, Ақатайдың қолына ұстаттым. «Егер бұған түзелмесе, кешегі айтқанымыздай, құм астына жіберіп, мәңгілікке «түзетуден басқа амал жоқ!»
Әділетті тергеушім, халықсыз жерде мемлекет те, үкімет те жоқ. Халықсыз жерде тіпті, Тәңірі деп аталатын «жаратушы патша» да үкім сүрмек емес. Бұл шындыққа таласыңыз бар ма?... Әрине жоқ! Олай болса, мәңгүрт Аманбектеріңіз бен кері төңкерісші Уаң шужилеріңіздің халық емес, халықтың ат төбеліндей ғана екі түрлі жауы екендігін де түсінесіз, әділеттім! Шындықты іс жүзінен іздеп қана енді өзіңізді «халық үкіметі» деп әспенсітпей, шын аты-жөніңізді атасаңыз екен!
Әттеген, «стиль түзету» науқандарыңызды өз кезеңінде «стиль бұзу науқаны» деп, «секіріп ілгерілеу» науқандарыңызды «секіріп жындану» деп, осы «мәдениет зор төңкерісі» дегендеріңізді «мәдениеттің жойқын кері төңкерісі» деп халық қосқан шын атымен атасаңыздар, жендеттеріңіз де мұншалық құтырмас еді ғой!... Қызыл қырман қылмыстарыңызды жиып алуға енді дағар жетпей қалғанын қарашы!
(Жалғасы бар)
«Abai.kz»
[1] Маузыдұңның «кім де кім империализм, феодализм, бюрократ, капитализм жағында тұрса, сол кері төңкерісші» деген сөзінен Аманбектер осылай құралданған.
[2] Зайжауйүй (ханзуша) - қайта тәрбиелеу. Оқушыларды «зиялы жастар» деген атпен коммунаға түсіріп, егіншілікке салуды қайта тәрбиелеу деп атайды.
[3] Коммунизм асханасы - бәр әтіретті бір тайқазанға ғана қаратқан «зор секіріп ілгерілеу» дәуірінің асханасы.