Ермек Тұрсынов: «Бір тілде сөйлейміз, бірақ бір-бірімізді түсінбейміз»
Неден қашсаң содан құтылмайсың. Еш жерде жазылмаған өмір заңы. Мүмкін, қашудың керегі жоқ шығар? Белгілі кинодраматург Ермек Тұрсынов та қашты. Өз қазағынан, яғни, өзінен өзі қашты. Бұған өзіндік себебі де бар, кейбіреулер түсінбейтін. Туындыларын тамашалап, сұхбаттарын оқыған сайын сұрақ туындайды. Назарларыңызға өзімді қызықтырған сұрақтардың жауабын ол кісімен өткізген сұхбаттан ұсынамын.
Күнде қырылыс
- Белгілі киносыншы Гүлнар Әбікеева сізді кинематографияның лидері атады. Олег Борецкий, сізді жастарға үлгі болатын адам, бәлкім, жалғыз адам шығар деді. Көшбасшы болған қандай екен?
- Мен өзімді олайша сезінбеймін.
- Неге?
- Өйткені мен ешкіммен жарысып жүрген жоқпын.
- Мәселе жарыста емес. Менің ойымша бұл сізге берілген баға.
Неден қашсаң содан құтылмайсың. Еш жерде жазылмаған өмір заңы. Мүмкін, қашудың керегі жоқ шығар? Белгілі кинодраматург Ермек Тұрсынов та қашты. Өз қазағынан, яғни, өзінен өзі қашты. Бұған өзіндік себебі де бар, кейбіреулер түсінбейтін. Туындыларын тамашалап, сұхбаттарын оқыған сайын сұрақ туындайды. Назарларыңызға өзімді қызықтырған сұрақтардың жауабын ол кісімен өткізген сұхбаттан ұсынамын.
Күнде қырылыс
- Белгілі киносыншы Гүлнар Әбікеева сізді кинематографияның лидері атады. Олег Борецкий, сізді жастарға үлгі болатын адам, бәлкім, жалғыз адам шығар деді. Көшбасшы болған қандай екен?
- Мен өзімді олайша сезінбеймін.
- Неге?
- Өйткені мен ешкіммен жарысып жүрген жоқпын.
- Мәселе жарыста емес. Менің ойымша бұл сізге берілген баға.
- Менің жұмысымда, Жалпы менің позициямда ешқандай бәсекелесу жоқ. Мүмкін, бұл көшбасшылық емес, «жалғыздық» шығар. Жалғыз адам, өзін көшбасшы деп санай ма, санамай ма бәрібір, жалғыз жүре береді (күледі). Бөлек. Неге десең, мен ешқандай топтарға қосылмаймын, ешқандай шағырмашылық одаққа мүше емеспін. Топтасып алып хат жазады ғой, бірігіп алып партияға өтіп алады, көптеген партиялар бар. Маған сөзімді, не айтарымды жеткізу үшін ешқандай көмекші керегі жоқ. Өз басым сөйтіп ойлаймын, егер адам, шығармашылық адамы болсын, кез келген саланың адамы болсын, өзінің айтары болса, сыры болса, іздеп жүрген ақиқаты болса, өзінің шындығы болса, ойы болса, басқалармен сабақтастырмай-ақ жасайды деп ойлаймын. Сондықтан бұл жерде ешқандай көшбасшылық жоқ, жалғыздық бар. Сол жалғыздықты өз басым да сезе бастадым. Бұрын да сезгем, бірақ қазір бұрынғыдан бетер шынайы сезіледі.
Мен шетелде көп жүрем ғой, шетелде тұрғанмын. Америкада, Еуропа елдерінде, Батыста, Таяу Шығыс, Араб елдерінде үш жылдай тұрдым. Қай елге барсам да, сол елден қазақтарды кездестіремін. Ол жақта қазақтардың саны аз болғаннан кейін өзінше ауызбіршілікті. Бір-бірін бағалайды, бауырмашыл. Байқағаным, шетелдегі қазақ бар жерде сыйластық бар, ауызбіршілік бар. Ал, мына жаққа қайтып келгенде, мен ондай бірлікті байқамаймын. Оны қазақтың өзі де біледі. Неге екенін білмеймін, бұл мен үшін табиғи құпия. Шетелде жүрген қазақтардың көбісі қазақ тілін білмейді. Біреулер ұмытқан, біреуі сол жақта туып өскендіктен ана тілдерін естіген емес, отбасында ағылшын, француз және басқа тілде сөйлеседі, сондықтан қазақ тілін білмейді. Бірақ, менің түсінгенім, қазақ десе ішкен асын жерге қояды. Сосын үйлерінде домбыралары бар, қазақылықтың белгісі бар, ертоқым, түлкінің терісін іліп қояды. Рождество сияқты мерекелерде өздерінше ет асып жатады. Өте жақсы. Фестивальдарға барасың, қазақ келді деп естігенде шақырып алады, жандары қалмайды. Тағы бір байқағаным, шетелдегі қазақтарда «табиғи қазақылық» бар. Мен оны айтып түсіндіре алмаймын. Өте тартымды, сосын, қазақтың тарихы, мәдениетіне басқа көзбен қарайды. Құнттылықпен. Кітаптар оқиды, сағынады, сағыныш бар. Тағы бір байқарлық жайт, біз отан дейміз, ел дейміз, осындай қасиетті ұғымға олар шын мағынасымен қарайды. Тіл білмесе де, домбыра тарта алмаса да, диск апарасың ғой, Құрманғазы, Дәулеткерейді апарасың ғой. Тыңдап отырып, жылап отырады.
Мына жерге келгенде, аттарын атамай-ақ қояйын, олар танымал адамдар, бөлінуге жақын тұрады. Сендер шала қазақсыңдар, шетте жүргендер шоқынып кеткендер деп бөледі кеп...
- Менің ойымша, оралман деп бөлу де дұрыс емес.
- Оралман деп атаудың өзі бөлінудің белгісі ғой. Бұл жерде кімнің қаншалықты қазақ екенін пайызбен өлшей алмайсың. Ондай өлшем жоқ. Ал шетте жүрген қазақ ағайындар табиғи қазақтар, қандары қазақ, бірақ айырылып қалды түп тамырынан. Оларды кінәлаудың қажеті жоқ. Мына жерге келсе, біз бірден бас саламыз, неге қазақша сөйлемейсің деп. Мүмкін, оның қазаққа жасаған еңбегі сенікінен екі есе артық шығар? Сосын шетелде қаншама мамандар тұрып жатыр, программистер, дәрігерлер, заңгерлер және басқа өте биік дәрежеде жұмыс істеп жүрген адамдар. Бірақ олар Қазақстанға неге оралмайды? Сыйыспайды. Оларға жат көзбен қарайды.
- Мұндай құбылыс кез келген ұлтта бар. Мысалы, ресейліктерді алсаң, олардың адамдары да шетелде жүр. Яғни, бұл адамның бойына тән қасиет. Ондай жағдайға түскен ұлттар көп. Бұл жерде мәселе, өзіміздің асыра сілтеуімізде шығар? Біз ауызбіршілікті ұмыттық.
- Ұмыттық, жоғалттық. Сосын біз өзгердік, өзгергенде, азғырдық, қанымыз сұйықталып кетті.
- Герольд аға айтпақшы, қазақтың иті де бұзылған ба...?
- (күлді) Мен Солт-Лейк-Ситиде тұрғанда, Мармон штаты. Сонда бір институт бар. Сол институттың директоры менің досым. Ғалым. Сол дәрігер ең бірінші болып адамның бауырын ауыстыру отасын жасаған. Сол институтта индустар, қытайлықтар бар, филиппиндіктер және басқа небір ұлттар істейді. Өте биік дәрежелі ғалымдар. Ішінде бір қазақ бар. Таза американдық болып кеткен. Қазақ тілін білмейді, тіпті, қазақтар туралы естімеген. Бірақ тамыры қазақ, елін іздейді, әрине. Атасынан үшінші ұрпағы. Қазақтар қандай деп менен сұрайды(күледі). Келгісі келеді, бірақ, интернет бар, газеттер бар, ақпарат қолжетімді, әлем ашық, біледі ғой елдегі жағдайды. Ол 91-95-жылдары қайта құру кезі. Сол кезде штаттарды аралағанда көпшілік біледі қазақтар жайлы, менің байқағаным, олар қазақ десе, шынымен қызық көреді, бауырмашыл, араласқысы келеді, білгісі келеді. Қызық қой енді, қандас, туыс дегендей. Бірақ оларға мына жаққа оралуға ешқандай мүмкіндік жоқ, сондықтан олар басқа мемлекетке қызмет жасап жатыр. Ал, мен қайтып келдім.
- Эксклюзив журналына берген сұхбатыңызда сіз ол жайлы айттыңыз. Қателеспесем, сізді марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы шақырды. Сізге елге керексің деді, сіз қайтып келдіңіз?
- Мен америкаға жасым келгенде бардым. Бәлкім, жас кезімде барсам, сіңіп кетер ме едім...
- Ал, «Республика» газетіне берген сұхбатыңызда, өзіңізді шетелде кімге керекпін, мәмбетпін дейсіз. Қалай сонда?
- Жоқ, жоқ. Мәмбеттігім бар. Ауылдық жерде туып өстім.
- Неге сондай түсінік бар? Біз деауылдық жерде туып өстік. Бірақ біз көрген тәрбие қалада өскен кейбір адамдардан жоғары шығар.
- Мәмбет деген сөзге ренжудің қажеті жоқ. Мәмбет деген сөздің арғы жағында Мұхаммед/ғ.с./ деген сөз шығып жатыр. Оның қысқа нұсқасы ғой мәмбет деген. Көпшілік білмейді... Менің мәмбеттігім сол ғой. Мына жақта туып өстім. Ауылдық жерде, қазақтардың арасында. Бірақ мектепке орысша бардық. Содан орысша басталды да, орысша болып кеттік.
- Қай ауылда өстіңіз? Қай жақта?
- Мына жерде, Шамалғанның арғы жағында Үшқоңыр деген жақта Бірінші май деген ауыл бар. Мен сол жерде туып өскем. Ал, негізі, әке-шешем Нарынқол жақтан. Сүйегім - албан. Ал, Америкада төрт жылдай тұрдым. Сағынасың. Мына жақтан кеткенде 90-91 жыл ма екен, Невада-Семей қозғалысында істеп жүргенде сол жақта тұрдым да, сол жақта жұмыс істедім. Қызық көрдім ғой. Әлем көргім келді. Басқа деңгейде жұмыс істегім келді. Ол кезде Америка десе, басқаша қабылдайтынбыз.
- Әрине... тоқсан бірінші жылдары Америка бір құтқарушыңдай елестейтін.
- Иә, иә... Гүрілдеп тұрды ғой ол кезде. Америкаға кеткенге дейін мен осы жерде Жазушылар одағында жұмыс істедім. Мұрат Әуезов, Сәйтімжан Санбаевтар. Одақта филиал ашылды, сол филиалда аудармашылар бөлімі ашылды. Сонда істедім. Қасымда Бақытжан Қанапиянов, Бақыт Қайырбековтер, осында бір топ жігіттер Мағжандарды, Ахметтерді, Жүсіпбек Аймауытовты, Шәкәрімнің "Үш анығын", философиялық трактаттарды алғашқы болып аударған біздер едік. Мен марқұм болып кеткен Ақселеу Сейдімбековпен бір кабинетте отырдым. Бір екі жылдай бірге отырдық. Күнде қырылысамыз.
- Неге?
- Ол кісі білікті адам ғой. Бірақ, оны тыңдасаң, мына адамзаттың бәрі, әлемнің бәрі қазақтан басталған.
- Мен ол жайында да ойымды қосар едім. Бірақ бұл бөлек әңгіме...
- Білмеймін. Қырғыздар сөйтіп түсіндіреді ғой, адамзаттың қалай пайда болғанын...Бүкіл мәдениеті адамзаттың, тарихы қазақтан шыққан, қазақтан тараған дейтін Ақселеу Сейдімбеков.
- Мүмкін, ол кісінің олай деуіне себеп, негіз бар шығар... Себепсіз айтпаған шығар?
- Түсіндіреді ғой, дәлелдері көп...(күледі) Мен олай ойламаймын. Сол жағынан сөзге келіспей қалатынбыз. Бірақ сыйластық болатын. Ол кісі көп білетін, көп оқыған. Сол Ақселеу аға екеуіміз "Әлем" деген альманахты шығарып, Мағжандардың шығармаларын екі тілде алғаш жариялағанбыз. Орысша, ағылшынша. Ол кезде мен Сайын Мұратбек, Әкім Тарази, Баққожа Мұқаи, Мұхтар Шаханов, Жүрсін Ермановтың шығармаларын аударғам. Олар менің шығармаларымды аударған. Сондай шығармашылық процесс болған. Ылғи қазақтармен қырылысатынбыз.
- Неге?
- Білмеймін... Көзқарасымыз бөлек те. Мына жақта біз Мұрат Әуезов, Сәтімжан, Дүйсенбек Нақыповтар, өңкей шала қазақтар. Мына жақта нағыз қазақтар. Бірақ осы нағыз қазақтардың арасында мен білген, мен жақын араласатын достасып кеткен адамдар болған. Олар Оралхан Бөкеев, ол кісімен кезінде дос болдық. Сосын ақын Жарасқан Әбдірашев, Есенғали Раушанов, Қалтай Мұхамеджанов, Қал ағаң. Шай ішетінбіз. Қал ағаңның өзі де қазақтарға сын көзбен қарайтын. Өзі қалжыңбас, айтқанда кесіп айтушы еді... Сондай адамдармен араластым. Табиғи қазақтар. Таза қазақтар. Солай ғой?
- Иә. Солай.
- Ал, мына шат-шәлекейін шығарып, балшықты илеп жүргендер, мына орта буындағы пысықтар, солар ғой адамды бұзатын. Ал, жоғарыда айтып кеткен мәдениетті, білімді адамдар қазақты бөлмейтін. Асқар Сүлейменов деген қаламгер болған. Солардың бәрі кетті ғой. Қазір Гер аға (Герольд Бельгер) ғана қалды, Гер ағаңмен араласам. Басқаларды мен білмеймін. Сайын аға кетті, Ақселеу кетті, Оралхан кетті, Жарасхан кетті.
- Сұрағыма жауап берген жоқсыз. Сонда оралуыңызға тағы не себеп болды?
- Қазақтардан мен қаштым сол кезде. Шын айтам. Әбден көңілім қалып, ренжіп, бұлар қараңғы халық, өзгермейді, бұлар надан, бір-бірін жеп, бір-бірінің қанын ішіп, сөйтіп өмір сүретін халық деп Абайды оқып, Абаймен толық келісіп, бұлардан түк шықпайды деп өзім кеттім. Не істесеңдер де, «көрпенің астында өз осырақтарыңды иіскеп жата беріңдер» деп, әбден зығырданым қайнап, қашып кеткенмін. Ол кезде бір жаққа билет алғам. Қайтып оралмаймын деп. Кеттім. Жарты жылдай мәз болып жүрдім. Ой, бостандық. Қазақтардан демалып. Қандай рақат. Қарашы, мына Америка қандай мәдениетті, өркениетті. Бірінші кезекте Амеркианы аралап шықтым. Жарты жылдай аралап, өңкей қызықтарды көріп, адамдармен танысып дегендей.. Ал, олар қазақтардың кім екенін білмейді, Қазақстанды Ауғанстан, Пәкістанмен шатастырады да жүреді. Қай жерде екенін білмейді. Демалдым кәдімгідей. Сосын, жарты жыл өткен соң бірдеңе басталды... Түс көретін болдым(күледі). Бірдеме жетіспегендей болады. Бостандық көп...
- Немен айналыстыңыз?
- Жаңалықпен. Жаздым. Газеттерге жаздым, фрилансер болдым. Телевидениеге. Оларға қызық қой. Бөтен, сырт елден келген адамның көзқарасы басқаша.
- Не жайында жаздыңыз?
- Америка жайында. Невададағы ядролық полигон жайлы. Оларда Даунвиндерс деген қоғамдық бірлестік болған. Олар Семей облысымен тікелей байланыста. Мен делдал сияқты. Семейден келген материалдарды монтаж жасаттым. Америкаға көрсеттім. Көптеген телеарналарда, тіпті, CNN-нен көрсеткен еді менің сюжеттерімді.
Сонда, ауыл түсіңе кіреді, достарды сағынасың. Мен жек көретін «Тамаш»а деген ойын-сауқытық бағдарлама болатын. Жек көретінім соншалықты, қарай алмайтынмын. Сосын достарыма хат жаздым, сендер осы бағдарламаның бірнеше кассетасын беріп жіберіңдерші деп...(күледі) Шын айтам. Өмірімде олай болады деп ойламаппын. Кассеталар келді. Қасымда достарым бар, Монти, Джей деген өңкей қара нәсілділер. Кешке қарай кассеталарды қарап отырам, түкке тұрмайтын әзіл, менің қанымды қайнататын, соларды қарап отырып, жылағым келетін. Сағынатынмын, әлгі жындыларды(күледі) Мынау не хабар? Трагедия ма, деп сұрайды қара нәсілді достарым. Бұл трагедия емес, комедия деймін, мен. Онда неменеге жылап отырсың дейді (күледі)
Сендер түсінбейсіңдер, ол қазақтың юморы. Сендер мұндай юморға жете алмайсыңдар деп қоямын. Қарап отырасың идиотский бағдарламаны. Құдайберген, Тұңғышбайлардың кезі
- Мықты актерлар.
- Мықты. Бүгінгімен салыстыруға болмайды. Соның өзінде де маған ұнамады ғой солардың әзілдері. Өңкей маймылдар шығып өлеңдерін айтады. Кассетаны басынан бастап аяғына дейін қарап шығамын. Жеделхат жіберіп, домбыраны алдырдым.
- Тарта аласыз ба?
- Тарта аламын. Күйтабақтан Құрманғазы, Дәулеткерейдің күйлерін тыңдап, дыңғырлатып отырып, үйреніп алдым. Құрманғазының "Алатау", "Кішкентай" дегендерін. Сосын өзімше, ой рақаттанып, қасымда жүрген қара нәсілділерге ойнап беремін күйлерді. Мақтанып. Алдымен тығылып жүріп үйреніп алдым, бірден көрсеткен жоқпын. Бір подвал болатын, соған өңкей қара нәсілділер жиналатын да музыкаларын ойнайтын, керемет. Бір күні мен домбыраны алып келдім. Уау, уау, Банджо, қазақы Банджо дейді жаңағылар. Атаңның басы, қайдағы Банджо деймін мен. Жаңағы Алан Паркер, Ле Фицджеральд, Луи Армстронгты ойнап бердім. Олар таң қалды. Ойбай, екі шекпен қалай ойнайды деп. Ал, менікін тыңдаңдар деп, Құрманғазыны тартып бердім. Таң қалды. Мен өзімше төңкеріліп қалдым, көрдіңдер ме деп. Сөйтіп жүріп, арада тағы екі-үш жыл өтті. Бәрін білгеннен кейін, Америка жүйке тоздырғаннан кейін сыйыспай бастадым. Олармен жалғыз қырылысатын болдым(күледі). Өзім, елге оралам ба деп ойлап жүргенмін. Оралғанда қайда барам? Не істеймін? Сол кезде Алтынбектер хабарласып, шақырып алды: «қайда жүрсің, қаңғыбас?» деп. Қайтып келдім. Сондықтан мен қазақтардан ешқайда бара алмаймын. Біреулер ойлайды, мен қазақтарды жек көреді деп. Мен қазақтарды жақсы көремін, мен «мырқымбайларды» жек көремін. Қазақта қазақшылық бар да, мырқымбайшылық бар. Оны нақты бөлу керек. мырқымбайшылық деген арамызда арандатушылық тудырып, шағыстыратындар. Олар өздерінің ғана қамын ойлайды. Олар лай суда балық аулап жүргендер. Мұндай мінезді мен тек қана қазаққа тән деп айта алмаймын. Ол кез келген ұлтта бар. Бірақ бізде ерекше деп есептеймін. Неге десең, өз халқың болғаннан кейін ауырасың ғой. Сондықтан араласасың, жақтасқың келеді. Біреулерге көмектескің келеді. Әрине, біреудің ағын ақ десең, басқаларға қара боласың, сосын, не мынау түсінбейді, не анау түсінбейді. Олар бір-бірімен тістесіп үйренген. Қазақтың бойына сіңіп кеткен бір қасиетіндей, сөйтіп өмір сүре береді олар, менің байқағаным.
- Абылай ханның түсіндегідей, кезінде арыстан болсақ, қазір ұсақталдық дейсіз ғой. Мен өзімді бәрібір таза қазақпын деп есептеймін. Мен бір жерге кешігіп барғанды ұнатпаймын, сіз айтқандай ешкімді бөлмеймін. Жаманшылықты өзіме, қазақ деген атыма жақындатқым да келмейді.
- Қасқыр иттердің арасында қасқыр болып қалады. Әрине, оны иттер талайды. Бәлкім, өлтіріп тастар. Сонда, қасқыр өзінің қасқырлық қасиетінен айырылса, онда, ол, ит болып қалады. Иттердің арасында ит болып жүреді. Ал, қазір біздің ұлтымызда иттердің саны көбірек пе деп ойлап қалдым. Тіпті, ит емес, шакалдар көп.
- Бұл ұлттық құндылықты жоғалтқанның белгісі, ұсақталғанымыз. Енді, осыны көріп тұрмыз, біліп тұрмыз. Әйткенменде бізде әлі үміт бар шығар, бірдеме істеу керек шығар?
- Әрине. Қазақтың бәрі сондай деп айта алмаймын. Жастардың да арасында қазақылығын жоғалтпағандар бар.
Қараңғылықпен сөйлесетін тіл
- Сізге билік берсе, не істер едіңіз?
- Маған биліктің қажеті жоқ. Мен басқаша жұмыс істеймін. Халықтың көзін ашар едім. Надандық пен қараңғылықпен күресер едім. Кезінде аудармамен шұғылдандым, кітап жаздым, журналистикамен шұғылдандым. Көзім жеткені, осы мамандықтардың ықпалы аз. Айтарлықтай әсер ете алмайды. Менің ойымша, қазіргі заманда халықпен кино тілінде сөйлесу керек. Қазіргі халық кітап оқымайды. Киноға барады.
- Киноның ішінде де таңдайды ғой. Атыс-шабысқа барады.
- Міне, сондықтан олардың бетін бері қарату керек. Бір сұхбатымда, «Спанджбоп» жеңді деп едім. Сол «спанджбоптан» бері аударып алу керек халықтың назарын.
- Мүмкін, бұл жерде себеп ғаламдануда шығар?
- Иә, сол ғаламданудан зардап шегіп отырмыз бүгін. Сырттан келген глобализациядан ешқандай қорған жоқ. Ол жатқан у ғой. Біз уланып қалдық, әлі де уланып жатырмыз.
- Биліктің саясаты солай шығар?
- Бізді кезінде аштықпен сынады. Әке-шешемізді аштықпен, жоқшылықпен сынады. Ал қазір тоқшылықпен сынап жатыр. Ал, тоқшылықты тек қой көтереді деген. Қазір бәрі бар. Жалқаулықты мойындауымыз керек. Жеріміз бай, бірақ ол байлыққа белгілі бір топтар ғана ие. Ал қалғандары орташа өмір сүріп жатыр. Сондықтан халықтың санасын оятып, көзін ашу керек. Мәдениеттендіру керек. Халықтың қараңғы болғаны билікке керек. Талап қоймаса, басқарғанға оңай. Билік халықты ойламайды. Олар тек қана өз басын ойлайды. Бәрі деп айта алмаймын. Әрине, таза адамдар бар. Бірақ олардың шамасы аз. Жүйенің өзі басып кетеді. Олармен бірге болуың керек, ал қарсы тұрсаң таптап тастайды. Ол неден басталады? Ол надандықтан, мәдениетсіздіктен басталады. Биліктің надандығы. Егер сен бай болсаң да надан болып қала бересің ғой? Өткенде бір кісі келіп кетті. Өте бай. Шымкенттің жігіті. Екі шабадан ақшасын алып келді. Мен туралы кино түсірші деп. Менің өмірім өте қызық дейді. Түрмеде отырып шыққам, жалпы, өмірім қызық деп. Кино жасауға тұратын оқиға деп.
- Сіз ақшаның соңына түскен адам емессіз, бас тарттыңыз?
- Әрине, бас тарттым. Мен ақшаға қызықпаймын. Кезінде Тимур Бекмамбетовпен бір әңгіме болған, принциптік. Ол менің досым. Ол кезде бірге Мәскеуде жұмыс істеп жүрміз. Екеуіміз сценарий жазып отырмыз. Тимурдың аты енді дүрілдеп шыға бастаған кез. Столда жатқан журналда Ресейдің ұлы режиссері Тимур Бекмәмбетов деп жазылған екен. Мен мазақтап күлем ғой, Тимур өзіңе қарашы, қайдағы ресейліксің, деп. Оның үстіне, фамилияң БекМәмбетов деймін жаңағыға. Ол мүлдем қысылмайды. Онда тұрған не бар деп. Біз былай істейік дедім, мен қазір Сирияға бара жатырмын. Бір жылдан соң қайтып келемін, мықты сценарий жазып алып келем дедім. Блогбастер жасайық, Троя сияқты, Бейбарыс пен қазақтар туралы. Сөйтіп әлемді дүр сілкіндірейік дедім. Сонда ол: «не үшін?» деді. «Қалай не үшін?» деймін мен. Қазақпыз ғой. Өзіміз жайлы дегендей. Шыңғыс ханды кез келген режиссер түсіргенде, біз үшін Бейбарыс деген керемет тақырып қой. Ол кезде ақша да бар. Қырық миллиондай кететін шығар деп ойладым. Ол кезде жағдайымыз болған. Түсіре алар едік.
- Мүмкін, ол кісіде ұлттық болмыстан ешнәрсе қалмаған шығар, бәлкім, тіпті болмаған шығар?
- Мен олай деп айта алмаймын. Ол өмірді басқаша қабылдайтын адам. Мен оны кінәлай алмаймын. Өмірге деген көзқарасымыз екі түрлі. Қазір Тимур Қазақстанға келіп жүр ғой. Оның мақсаттары мүлдем басқа. Ол қазақты ойлап жүрген жоқ. Қазақ деп оның жаны шықпайды ешқашанда. Ешқашан оның тағдырын ойламайды. Ол өте білікті маман. Өте биік дәрежеде жұмыс істеп жүрген режиссер. Бірақ, бірінші кезекте, ол суреткер де емес, суретші де емес - сиқыршы. Кинолары мағынасыз, балаларға арналған кино ғой. Мейлі. Негізгі мақсат - ақша жасау. Осында келіп кинофестивальдерін өткізіп, жүрсе де оның арғы жағында басқа мақсат жатыр.
- Сондай адаммен, сондай екенін біле тұра сіз жақын доссыз. Санаулы достарыңыздың бірі ме ол?
- Жан досым деп айта алмаймын. Кәсіпқой ретінде, кәсіби тұрғыдан алғанда доспыз. Бұл жерде ондай адам жоқ. Мәселен, Сергей Бодров келеді. Рустам Ибрагимбеков келеді. Александр Митта, егер келіп қалса. Сондай мамандармен жұмыс істеген қызық. Шығармашылық тұрғыдан алғанда ғана жақын араласамын онымен.
- Әрине, сын сол үшін айтылады.
- Кино тілімен айтқанда сын да бар. Аянышты нәрселер де бар. Көзге шұқып айтылып жатқан нәрселер, айтуға түрткі болып жатқан нәрселер бар. Оны кейбіреулер басқаша түсінеді. Қазақ негізі мақтаншақ қой. Егер мақтай берсең, жақсысың.
- Таза қазақ мақтаншақ емес.
- Білмеймін. Сосын әр халықтың өзінің сапасы болуы керек. Бізде сапа өте төмен.
- Жүз пайызбен есептесек, қаншаға бағалар едіңіз?
- Жиырмаға жақындап қалатын шығар, одан аспайды. Білім, өмірге деген көзқарас тұрғысынан алғанда. Сосын, бізде ұлттық намыс жоқ. Бізде комплекс бар да, намыс жоқ.
- Кезінде болған.
- Әрине, болған. Менің бір досым бар. Бойы бір де елу бес пе, сондай. Ол өмір бойы туфлиіне үлкен платформа жасап киеді. Біз сондай қазақпыз. Карликпіз ғой. Әлемде. Қазақ қанша? Он бес миллионбыз дейікші...Бұл Мәскеудің жартысы, Токионың жартысы болып қалар. Шанхайдың бір кварталы, қазақтарды көшірсек, бір микрорайонға сыйып кетеміз. Орын қалады. Онда тұрған ештеме жоқ. Сондықтан, біз санмен емес, сапамен өсуіміз керек. Ал бізде ондай жоқ. Білім сапасы төмен. Мына тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде бұрынғы деңгейімізден де айырылып қалдық. Жастар, 20-25-гі жастар, ертең қандай біліммен ел басқарады? Ауруханада адам емдейді, сотта қалай соттайды?
- Сөзіңізді бөлейін, сіз сұхбаттарыңызда ол жайлы пікіріңізді айттыңыз. Ол өзінше бір үлкен мәселе. Мен «Шалға» оралсам. «Шалда» қазіргі проблемаларымыз көрсетілген. Біз табиғатпен етене өскен халықпыз. Фильм осы байланыстың үзілгенін көрсеткен сияқты. Қасым шалға қарап, алғашында бала сияқты, ал басына күн туғанда мінезін көрсетті дерсің. Яғни, біз сол мінезді жоғалтып алдық па?
- Иә, дұрыс айтасың. Өмірге деген құлшынысты жоғалтып алдық.
- Сол себепті де түсірдіңіз бе осы фильмді?
Иә. Ақсақал деген кім? Аманат ретінде бірдеме қалдырушы. Өмір көргеннің құпиялары бар. Тәжірибе. Көзқарас. Кеңдік. Табиғатпен байланыс. Өз жерімізді сатып жібердік қой. Сосын, біздің даламыз өңкей қоқысқа айналды. Зымыранның қалдығы жатыр, ана жерде мазар тұр. Бәрі араласып кетті. Сондықтан да біз тұманда жүрміз. Сатып кеттік те, адасып жүрміз. Тіпті, шалдардың өздері де адасып жүр. Олардың бізге қалдырар ештеңесі қалған жоқ. Не қалдырады? Аманат қандай? Сондықтан қозы, қозы Библейское животное, қасиеттілігі бар, сакральное животное. Сен дұрыс байқағансың. Бұл кинода мен қатарлы орта буында адам жоқ. Аңшылар бар. Олар өздерінің даласына басқа көзбен қарайды. Жыртқыштың көзімен қарайды. Келеді, атады, өлтіреді, бітті. Олар далаға демалу үшін ғана келеді. Ал, біз шалмен қоштасудамыз. Сол шалдардың арасында бірнеше қасиетті адамдар бар. Біз қайткенде олардан бірдеме алып қалуымыз керек. Ал, алып қалу үшін соған сай болу керек. Ал біз сай емеспіз. Мен қатарлы буын, уже ұтылып қалдық. Біз ештеңені білмейміз. Біз мына базардағы қытайларға айналып кеттік. Бәрін сатып кеттік. Өзімізді де сатып кеттік. Арымыздан айырылдық. Оны байқамай да қалдық. Біз тоқшылықты көтере алмадық. Қазір тоқшылық қой. Сондықтан мен кинода орта буынды адамдармен қоштастым, олар өледі далада. Менің үмітім, кішкентай немеремде. Бірақ олар да уланып бара жатыр. Үміт соларда ғана. Сол ғой, малын сатып, Йельский университетке беріп, мүмкін өсіп кететін шығар...
- «Келінде» қасқыр фильмге нүкте қояды. «Шалда» да қасқыр басты рөлді сомдады. Неге қасқыр?
- Қасқыр, біздің көне заманнан келе жатқан Төтем. Африкада ең басты аң арыстан, басқаларда гриф, чукчаларда балық. Даланың тағысы ең үлкен күшті жыртқышы қасқыр. Қасқыр туралы аңыздар да бар... Құртқа анамыз. Фильмде Шал қасқыр болады да, қасқыр Шал болады. Өйткені ол қасқыр емес, ана ғой. Анау қанішерлер бөлтірігін атып кетті, ол кегін алып жатыр, ана ретінде кешірді, сосын ол туыс қой. Қанды сезеді. Сол кезде Шал қасқыр болады да, ал мынау адам болып кетеді. Менің айтайын дегенім, қазіргі заманда адамдар аң болды да, кейбір аңдарда адамшылық бар. Қасқыр деген символ. Түп анамыз қасқыр.
- Бір сұхбатыңызда 16-ғасырда оюлы, әрлі кимешек, ұлттық киім киіп алып, мал жайғады дегенге сенбеймін дейсіз. Бұл режиссердің, жеке адамның жұмыс барысында жіберген қателігі деп түсінем мен. Және менің ойымша кез келген сала, киноматография болсын, бәсекелестік болмай дамымайды, сәйкесінше шала фильмдер, пайданы көздейтін фильмдер, далбаса фильмдер болуы тиіс. Сонысымен нарық дамиды, сіз мұнымен келісесіз бе?
- Бұл біздің жалпы, мәдениеттің белгісіне айналып кеткен нәрсе. Орыстарда да бар, бір жерге Путин келсе, жылтыратып, наны мен тұзын алып шығады.
- Олай да істеген дүрыс қой. Тарихың болмаса, бұрынғымен байланыс болмаса, болашағың да бұлыңғыр.
- Ол дәстүрдің бергі жағы ғой. Сырт келбеті. Арғы жағында не болып жатқанын көргіміз келмейді. Біздің идеологтарымыз әлі күнге дейін Аңырақай шайқасын тойлап жүр деп едім, бір сөзімде. Біз қайта-қайта жамай береміз, жаңаша жаза береміз. Сонда, қазақ керемет бола түсе ме? Түсінбеймін.
- Мен неге мұны сұрадым. Қай саланы алсаң да, бәсекелестік болуы керек. Мен сізді басқа режиссермен салыстырмаймын. Бәлкім, бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, енді дамып келе жатқан отандық кино индустриясының өкілдеріне бір-біріне сыйластықпен, түсіністікпен қарау керек шығар?
- Дұрыс айтасың. Біздің киномыздың тарихында соңғы кездері жақсы кинолар түсірілді. Мен бәрін жаман деп айта алмаймын. «Қаладан келген қыз» деген кино бар. Рүстемдікі. Сатыбалды Нарымбетовтің «Жас аккордеоншының өмірбаяны» фильмі бар. «Кек» фильмі бар. Бірақ, жалпы алғанда, біздің киномыздың сапасы орташа.
- Енді, ол, жаңа дамып келе жатыр ғой.
- Әрине. Кемшіліктер байқалып жатады. Бірақ қазір киноны кез келген адам түсіреді. Кеше ғана одеколон сатады да, бүгін кино түсіреді. Әрине, оның камерасын тартып алып, саған кино түсіруге болмайды деп ешкім айтпайды, бірақ оның бәрін кино деп айтуға және келмейді. Кино емес. Мен осыған күйінемін. Мен өзімді киношник деп айта алмаймын. Тілім бармайды. Өзімді режиссермін деп есептемеймін. Мен қазір кинодраматургпын. Оқығам. Дипломым бар керек болса(күледі). Көрсетем. Қазір бәрі ұсақталып кетті. Мен кеше өлең айтып жүрдім, бүгін кино түсірдім. Ол кино емес, қай тұрғыдан қарасаң да, ол бір жарым сағаттық ролик. Бізге көтерілу керек, өсу керек, көрерменнің деңгейін көтеру керек. Олар көрерменнің надандығын пайдаланып, одан ары төмендетіп жатыр.
- Қазір не істеп жүрсіз? Челах туралы түсірер едім депсіз бір сөзіңізде...
- Ой, ол әңгіме барысында айтылған ой ғой. Қазір Кенжені бітіру керек. Трилогия. Егер бәрі дұрыс болса, қаңтардың аяғында түсірілімді бастаймын. Қаңтардың аяғына таман ақша түссе, Испанияға барамыз. Тайландта. Сонымен трилогия бітеді. Егер ешқандай өзгеріс болмаса, мен оны күзге таман бітірем. Сосын келесі ойлап жүргенім, мелодрама. Махаббат. Махаббат жөнінде түсіргім келеді. Махаббаттың не екенін білмеймін де, соны зерттегім келеді.
- Қалай білмейсіз? Келіншегіңіз бар, екі қызыңыз бар...
- Құпия ғой бәрі.
- Мен үшін өте қызық қырынан көрініп тұрсыз. Ермек Тұрсынов Махаббатты зерттегісі келеді. Оған не түрткі болды?
- Менің ойымша, қазір махаббат жоқ.
-Келісемін. Сіз жоғарыда сапа кетті деп отырсыз. Рас, қазір махаббат та сапасыз.
- Көп нәрседен айырылдық қой. Көп құндылығымыздан айырылып қалдық. Махаббат қайда кетті?
- Өйткені, адам бұзылды ғой. Көзқарас, құндылық өзгерді.
- Махаббат деген ол тазалық қой. Тазалықты іздегім келеді. Тазалық қайда? Тазалықтан да айырылып қалдық па? Мүлдем арсыз болып кеттік пе деген сұрақтар туындап жатыр. Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Қыз Жібек...
- Неге туындыларыңызды махаббаттан бастамадыңыз?
- Мен ештеңені жоспарламаймын. Өзі келеді. Менің ойланып жүргеніме екі жылдай болды. Қаншама оқиғаларды ой елегінен өткіземін, бастан өткен жағдайларды сараптаймын, «махаббатың болды ма, айтып берші» деп сұраймын таныстарымнан. Өздерінің махаббатын айтып береді. Көп қой қызық оқиғалар.
- Кейбіреулер еркекте қырықтан кейін екінші сезім оянады дейді... Сізде сондай болды ма?
- Жоқ. Менде ондай болған жоқ. Мен өзімді басқаша сезінемін. Жүректе түк қалмады. Бәрі жыртылып, жыртылып бітті...(күледі)
- Егер махаббатыңыз берік болса, сыртқы жағдай сізді иліктіре алмайды.
- Міне, сондықтан да махаббаттың не екенін түсініп, түсіре алсам, шіркін. Ол үміттенетін нәрсе ғой. Егер біз махаббатымыздан айырылсақ, онда, мүлдем үмітімізден айырылдық деген сөз. Онда, өлдік деген сөз. Басқа ештеңе де жоқ. Таласа берейік, қырылыса берейік, ол бізге үйреншікті нәрсе. Ал махаббат қайда? Менің байқағаным, жалпы еркек қалмаған сияқты мына өмірде.
- Келісемін. Еркек айтты, еркек істеді деген түсінік жоқ қазір
- Иә. Ал, әйелдер еркек болып алды. Тіпті мен жақында Индонезияға барып келдім. Сол жерде таксиде келе жатырмыз. «Қайдансыңдар?» - дейді. Қазақстан десек. «А-а, әлемдегі ең күшті әйелдер сіздерде» - дейді таксист. Ана штангистерді айтып жатыр (күледі). Сонда, мақтанатынымыз осы ма? Бұл сұмдық қой, жеткен жеріміз осы ма сонда? Самые сильные в мире женщины. Эта катастрофа. Несіне мақтанамыз? Махаббат болмаса, әйел өзінің қасиетінен айырылады. Еркектер ер болмай қалады. Әйел бұзылса, бәрі бұзылады деген сөз. Егер бізде махаббат қалмаса, ол біздің қаншалықты бұзылмағанымызды да көрсетеді. Өмір тек махаббаттан құралады. Махаббат деген тек қана еркек пен әйелдің қарым-қатынасы емес, ол сезім. Адамды ерліктерге, биік қадамдарға апаратын күш. Сосын, менің ойымша, әйелдер не үшін жаратылды? Махаббат үшін жаратылды. Олар әбден сағынып жүр осы сезімді. Не екенін білмейді. Білген күнде де оны ала алмайды. Беретін адам қалған жоқ қой. Біреу Құдайдан сұраған ғой, «почему все девушки такие хорошие, а женщины такие стервы?» деп. Сонда Құдай айтыпты дейді: «Ну, потому что девушек делаю я, а женщин из них делаете вы» деп. Долылық біздің әйелдерімізге тән емес. Біздің әйелдеріміз ешқашан ондай болған жоқ. Оқиға іздеп жүрмін қызық, мағыналы.
Тіл тигізуге қақым бар!
- Қателеспесем, сіз өмірде жақын тұтып, дос көрген, сенген адамдарыңыздан таяқ жеген, сізді олар лақтырып кеткен кездері болды. Америкаға баруыңыздың бір себебі де сол деп естідім мен.
- Болды, болды. Өзің ойлашы. Мен Америкадан қайтып келгеннен кейін өз еліме оралдым. Мен бұл жерге пайда іздеп келген жоқпын. Егер өз басымды, қу басымды ойласам, сол Америкада қала берер едім. Ал мен бәрін тастап қайтып келгеннен кейін, жарты жылдан кейін түрмеден бірақ шықтым.
- Не үшін?
- Ол кезде 98-жылы мені тұтқынға алды (күлед), түрмеге қамады. Арыз түсті үстімнен. Мен ұрлады, жеп қойды деген әңгімелер басталды. Ол кезде Рахат Әлиевтер осында. Күшіне еніп тұрған кез. Ол кезде салық полициясын басқаратын, Алматыда. Дәриғамен ажыраспаған. Олармен жарнама жөнінде әңгіме болды, мен Қазақстанға келгеннен кейін, арнаның сапасы биіктеп, жарнаманың көлемі көбейе бастады. Ол кезде біз Хабармен текетірес болдық.
- «Хабардың» «Қазақстаннан» жаңадан бөлініп шыққан кез ғой...
- Иә, иә. Алтынбек жайында айтпай-ақ қояйын... Достарым сол кезде мені тастап кетті, мен жалғыз қалдым... Ол кезде мен бұл жерге бөтен елден келген адам, ішкі тәртіпті, аса білмейтінмін. Бір жарым жылдай тергеу жүрді. Сонда тапқандары ұялы телефонды ұрлап алды дейді. Үш миллион доллардан бастап, ақырында ұялы телефонмен дәлелдеді. Мемлекеттің ақшасына сатып алып, өзім пайдаланып жүрмін ғой, сонда. Америкада жүргенде, мектептегі балалардың қолынан көргенмін ондай телефонды. Сонда көңілім әбден қалды, әрине. Қайтадан кетем бе деп ойлап жүргенмін. Қазақ бәрібір өзгермейді не істесең де...
- Қалай құтылдыңыз? Отырдыңыз ба?
- Отырдым. Бір-екі айдай отырдым.
- Осы жерде отырдыңыз ба, шетелде ме?
- Осы жерде болдым. Ешқайда қашқан жоқпын. Мені жұмыстан шығарып жіберді. «Қылмысым» дәлелденбей тұрып алдын ала шығарып жіберді. Соған ренжідім. Қалайша, іс әлі дәлелденген жоқ, шығарып тастады. Негіз жоқ. Ақырында бір жарым жылдай жүрдім жұмыссыз. Маңайымнан бәрі қашты.
- Атабаевқа қатысты сізді қауіпсіздік қызметімен байланыстырады. Жауаптарыңызды қайталағым келмейді. Дегенмен, сіз қазір көп сынап жүрсіз. Ал көп сынағанды билік ұнатпайды, әдетте ондай адамдар таяқ жейді.
- Мен таяқ жеп-жеп үйренген адаммын ғой. Мен өзім бір жерге барып, арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп жүрген адам емеспін. Келеді, сұрақ қояды, сосын оған жауап бересің сұрақ қойған соң. Жауап бергенде ойыңдағыны айтқың келеді. Ал ол ойың біреулерге ұнамайды. Мен кино түсіргенде немесе мақала жазғанда біреулерге ұнау үшін жасамаймын ғой.
- Қазақ болғаныңызға намыстанасыз ба?
- Қалай намыстанамын? Қазақ болғаным жақсы қайта. Мақтан тұтатын да ештеңе жоқ, намыстанатын да ештеңе жоқ қазақ болғаннан кейін. Егер тудың, біреу оңқай, біреу солақай. Мен оңқаймын деп мақтанасың ба? Жоқ, солақаймын деп мақтанасың ба? Ол Құдайдан келген нәрсе. Комплексі барлар намыстанады. Ол сенің жетістігің емес, ол сенің кінәң да емес. Ол жағын ойлаған да емеспін. Қазақ болып тудым, қазақ болып өлемін.
Сен мақалаңды жазғанда қазаққа неге тіл тигізесің деген тұрғыда жазатын шығарсың. Мен тіл тигізем. Оған қақым бар. Мен қазақпын ғой. Өз-өзіме мен сын көзбен қараймын. Қазаққа айтып жатқан нәрселерді мен өзіме айтып жатырмын. Сондықтан мен неге қараны ақ деуім керек? Мен көріп тұрмын ғой. Сосын, мен салыстырмалы түрде айтамын. Әлемді екі рет аралап шықтым. Үлкен өркениетті елдерде өмір сүрдім. Көрдім. Сондықтан көптеген көңілімнен шықпаған нәрсені мен неге айтып жатырмын, қазақ өссін, өзгерсін деп айтамын.
- Қаншалықты бақыттымын деп санайсыз өзіңізді?
- Білмеймін.
- Неге? Сіздің түсінігіңізше бақыт деген не?
- Бақыт деген, бақыт деген... білмеймін. Махаббатпен байланысты. Жүрегім орнында, екі қызым бар. Өзімнің ойлаған жоспарларымды жасап жүрмін. Ол да бір жетістік шығар. Қазіргі уақытта ешкімнен ештеме сұрамай, өзіңмен өзің ойыңдағыны жүзеге асырып жүрсең, ол да бір бақыт қой. Кейбіреулер айтады, кейбір кездесулерде, сен ана бір сұхбатыңда менің ойымдағыны айтыпсың, ал мен оны айта алмаймын, мен жеткізе алмаймын. Мына жұмыста жүрмін, отбасымды ойлаймын, өз басымды ойлаймын деп. Онда тұрған не бар екенін білмеймін. Бұл не деген сұмдық? Ал, кейбіреулер, мен өмір бойы мына жұмыспен айналысып келем, ішімде суретші өліп жатыр... Іштей ақынмын, композитормын, өлең жазғым келеді. Бірақ мына атаңнан әлет, мына жұмыспен жүрмін дейді.
- Оның бәрі сылтау...
- Кім біліпті. Мен өмір бойы жаздым, журналист болсам да, кітап жазсам да бірдемені жасап, түртіп жүремін. Ал енді режиссер деп жатыр мені жұрт. Мен өзімді режиссер деп ешқашан есептемеймін. Мен кинодраматургпын. Өз сценариімді өзім түсіруге әлім келеді. Бақыттың не екенін мүмкін өлер алдында білетін шығармын, қазір айта алмаймын.
- Адам оны сезеді ғой?
- Мен өзімді еркін сезінемін. Ойларымды айтам, ешнәрсені жасырмаймын. Тек балаларым ауырса, содан жаман қорқамын. Елді өзгерткім келеді әрине, бұл утопия, түк шықпайды. Өзіңді дұрыс, жақсы сезіну үшін әрекет жасау керек. Қолымнан келгенін істедім. Олар ертең өседі. Мемлекет осылай өзгермесе, мен пара беріп, оқытқызбаймын. Онда, мен оларды ана жаққа апарып оқытамын.
- Менің білуімше, жасаймын деген адам жасайды, оқимын деген адам оқиды. Талап ету керек, бірінші кезекте өзіңнен талап ету керек.
- Бірақ бізде қазір сапасы жағынан жақсы оқу орны қалған жоқ . Парақорлық барлық жерді жайлап алған. Үлкенім он үште, кішкентайым тоғызда. Екі-үш жылдың ішінде мына мемлекет өзгеріп кетпейтін шығар. Оқытқым келеді, мүмкіндік жоқ, оқу орны жоқ, бәрі уланып кеткен. Бұл жерде биліктің де кінәсі жоқ. Мы заслуживаем то правительство, которое заслуживаем, вот и все. Халықтың сапасы сондай.
- Президент жайлы киноны кейін түсіруге болады дедіңіз... Бір сөзіңізде билік өзгереді дедіңіз, яғни ол күн жақын қалды ма?
- Егер мен дәрігер болсам тек диагнозды қоямын. Содан соң сен былай істе, мына тамақты жеп, мынаны жеме... мына кітапты оқыма, мына кітапты оқы. Мына киноны көрме, мына киноны көр. Құрманғазы, Дәулеткерей, Моцарт, Бетховенді тыңда, мүмкін, сонда емделіп кететін шығарсың. Ойың, санаң өзгереді дей аламын. Аурудың емделуі санаға байланысты. Меніңше билік бірден өзгермейді. Аурудың да түр-түрі бар. Гриппен ауырсаң жазылып кетесің, ал егер ракпен ауырсаң, жазыласың ба-жазылмайсың ба оны Құдай біледі.
- Бәрі емделуге байланысты емес пе? Грипптен де өлуге болады
- Дәрігерге байланысты. Рактың төртінші деңгейіндеміз. Жүрегіміз қара, қанымыз сұйықталды. Ойымыз, ішіміз уланды. Қолымыз істеп тұр, аяғымыз жүріп тұр. Көзіміз көріп, құлағымыз естіп тұр. Сондықтан, бұл денені емдеп, жазылып кетсін десең өте мықты химиятерапия жасау керек. Қазір ондай дәрігерлер жоқ арамызда, ондай дәрілер бар ма, жоқ па оны білмеймін.
- Дәріні жасағысы келетін адамдар бар. Мысалы, сіз...
- Иә, бірақ менің дәрім өте ащы. Мен емдеймін десем, ауыртып емдеймін ғой. Кесемін, мынау керегі жоқ, мынаны алып таста деп. Операция жасаған соң наркоз бермей тірідей жасаймын ғой.
- Біреуді сынаған кезде, осындай сұхбат берген кезде, ешкім телефон соқпай ма?
- Соғады. Поштама жібереді. Боқтайды. Өлтіреміз, сөйтеміз, бүйтеміз деп...
- Мен билікті айтамын, жеке адамдарды емес
- Аа, билік пе, биліктегілер олай етпейді. Биліктің өзінде де достарм бар ғой. Естисің неше-түрлі әңгімені. Содан соң қойшы, дейсің.
P.S. 31-арнаның жаңалықтарында жұмыс істегенде Ермек аға басшылық етіп еді. Мықты менеджер ретінде білем. «Келін» фильмін көрместен, елдің сөзіне қарап, ол кісіден көңілім қалған кез болды. Бұл қалай, мен танитын Ермек аға қалайша ұлттың намысына тиетін фильм түсірді деп... Кейін таныстарым «Келінді» үйде қарап отырып, қаншалықты қателескенімді түсіндім. Бәлкім, фильмді ұлттық тұрғыдан емес, адамдық тұрғыдан қабылдағаным шығар. Ермек ағаны бұрынғыдан бетер сыйладым. Өнер адамы ретінде жаңа қырынан таныдым. Себебі өмір қолынан іс келетін адамды көзі тірісінде бағалау керектігіне көз жеткізді.
Cұхбаттасқан - Салтанат Әскербекқызы
"Abai.kz"