Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 11596 0 пікір 4 Желтоқсан, 2012 сағат 02:37

Мұстафа Шоқай. Большевиктер және Ауғанстан (Басы. Мақаланың қазақша тұңғыш жариялануы)

Редакциямызға аяулы Мұстафа Шоқайдың 1929 жылы"The Asiatic Review" журналында жарияланған, бұған дейін белгісіз болып келген мақаласы келіп түсті. Мақаланы Қайрат Әлімжан есімді азамат ағылшын тілінен аударып, біз жолдаған екен. Және тілдей хат жазып жіберіпті. Қайрат өз хатында (хатты сөзбе-сөз беріп отырмыз) былай дейді: «Қайырлы күн, Абай сайтының редакциясы. Сіздерге М. Шоқайдың ағылшын тілінен қазақшаға аударылған мақаласын жіберіп отырмын. Бұл мақала Қазақстанда әзірге дейін белгісіз болып тұр және бұл аударма әзірге дейін еш жерде жарияланбаған. Керек болса, ағылшынша түпнұсқасын да жіберуге дайынмын».

Сонымен, Мұстафа Шоқайдың «Большевиктер және Ауғанстан» деген мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Abai.kz»

Редакциямызға аяулы Мұстафа Шоқайдың 1929 жылы"The Asiatic Review" журналында жарияланған, бұған дейін белгісіз болып келген мақаласы келіп түсті. Мақаланы Қайрат Әлімжан есімді азамат ағылшын тілінен аударып, біз жолдаған екен. Және тілдей хат жазып жіберіпті. Қайрат өз хатында (хатты сөзбе-сөз беріп отырмыз) былай дейді: «Қайырлы күн, Абай сайтының редакциясы. Сіздерге М. Шоқайдың ағылшын тілінен қазақшаға аударылған мақаласын жіберіп отырмын. Бұл мақала Қазақстанда әзірге дейін белгісіз болып тұр және бұл аударма әзірге дейін еш жерде жарияланбаған. Керек болса, ағылшынша түпнұсқасын да жіберуге дайынмын».

Сонымен, Мұстафа Шоқайдың «Большевиктер және Ауғанстан» деген мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Abai.kz»

[Осы мақаланың авторы "The Asiatic Review" журналымызда[1] былтырғы сәуір айында "Түркістандағы басмашылар қозғалысы" деген мақаланы жариялап үлгерген.[2] Шоқай мырза 1917-ж. қарашада Түркістан мұсылмандарының төтенше құрылтайы сайлаған және кейін 1918-ж. қаңтардың 31-інде Ташкент Совнаркомы[3] әскерінің Қоқан қаласын бомбалаудың нәтижесінде талқандалған автономиялы Түркістанның уақытша үкіметінің төрағасы болды. [Журналдың] Ішкі Шығыс секциясының жұмысы парламент мүшесі У. Е. Д. Алленнің[4], көрнекті Шығыс саяхатшысы және жазушының, кеңесімен жүргізілген. Бұл кісі Мұстафа Шоқай мырзамен келісіп төмендегі мақаланың жарық көруіне түрткі болды. Ескертуге тиістіміз, бұл мақала Аманулла патшаның[5] Ауғанстаннан кетуіне дейін жазылған.][6]

 

I

 

Кім болса да большевиктердің шығыс халықтарына қатысты ой-сезімдерін сөз қылса, дереу Грузияда кезінде Кеңес үкіметінің министрі болған Кировтың[7] айтқаны есіме түседі. Ол Бакуде болған (1920-ж. қыркүйектің 1-7) атышулы Шығыс халықтарының бірінші конгресінен қайтып келіп "Слово"[8] деген Тифлис[9] газетінің қызметкерлеріне сұхбат берді.

Большевиктер "шығыс халықтарының" өкілдерімен ынтымақтасып солармен "Британия империализміне қарсы қасиетті одақ" құрмақ болып жатқанда, Киров сол "шығыс халықтары" жөнінде өз пікірін былай білдірді:

"Мен Шығыс жөнінде сарапшы емеспін, алайда, менің анық білуімше, шығыстықтар өз еріктерімен қандай да болсын конгреске қатысады, әсіресе оларға палау[10] дайындап берсең".

 

"Шығыстағы әрекет пен насихат кеңесі" деп аталатын құрылымға, яғни "дүниежүзі империализміне, оның ішінде атап айтқанда Ұлыбританияға қарсы қасиетті соғыста", Шығыс халықтарын ұйымдастырып бастауға арналған органға Киров Коммунистік Интернационалдың өкілі ретінде болып таныстырылғанын ескерсек, большевиктердің өз "шығыс одақтастары" жөнінде шын ой-сезімдерін түсіну оп-оңай нәрсе болмақ. Большевиктер оларды "палау беріліп тұрса, неменеге болса да келісуге дайын" адамдар санатына жатқызған және жатқызып жүр.

Мен мұнда палау сөзін Кировтай ұятсыз, гастрономиялық мағынада емес, большевиктер тарабынан шығыс халықтарына жолданған жүзеге аспайтын уәделер мен махаббат жөнінде декларациялар мағынасында қолданып жатырмын.

Кеңестік палаудың "дәмін" түсіну үшін большевиктердің қытай және түрік ұлтшылдары туралы сөздерін оқу да жетерлік. Түркістанда болып жатқан оқиғаларды мен жіті бақылап жүрмін және соның негізінде большевиктердің тілінде ең үрейлі сөз - біздің ұлтшылдарымызды (Түркістанның ұлттық тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген партизандар) қорқытып үркітуге арналған нағыз бір құбыжық - "кемалист"[11] деп айта аламын. Осыған байланысты есіме бір оқиға түсіп отыр. 1927-ж. көктемінде Өзбекстанда болып өткен ұлттық білім беру қызметкерлерінің конференциясында бір большевик шешен Түркістан мұғалімдері мен оқушыларының көзінше осы жолдардың авторын қаралауға және мені халықтың ең бір арам дұшпаны қылып көрсетуге тырысып былай деді:

"Білесіздер ме, жолдастар, Түркістанда не боларын, егер Мұстафа Шоқайдың жоспарлары 1918-ж. жүзеге асып мақсаттарына жетсе? Біз қазір Мұстафа Кемал[12] басқаруындағы Түркияға ұқсас жағдайда өмір сүретін едік."

 

Большевик дипломаттары ылғи мадақтап жүретін кемализм[13] шын мәнінде жан шошытарлық бәле болу керек және Түркістан тұрғындары одан қалай да болса құтқарылуы тиіс. Атап өтерлік жәйт, тұтасымен бейсаяси және революциялық немесе контрреволюциялық партиямен еш байланысы жоқ "бой скаут" қозғалысында[14] да Түркістанның большевик баспасөзі кемалистердің қылмысты жоспарларын байқады. Ташкентте шығатын әйелдер "Янги йул" журналына сенсек, "скаут" балаларды жаттықтырып кемалистер түрік халқының келешек жендеттерін дайындап жатыр.  Большевиктердің кемалистерді "ұнататын" осыған ұқсас көптеген мысал келтіре алатын едім. Жоғарыда аталған мысалдар да Кеңестіктердің кемалистік Түркия жөнінде расында қандай пікірде екені бізге жеткілікті және бұл мысалдар Мәскеудегі Сыртқы істер халық комиссариаты жіберетін "адал достық" туралы "сендірулерге" толы дипломатиялық ноталар мен телеграммалардан әжептәуір алшақ.

Екі жыл бұрын Қытайда Гоминдан партиясының[15] сол қанаты (большевиктерге тілектес) мен оң қанаты (Чан Кай-ши[16] бастаған) жетекшілерінің арасында жанжал шыққанда Кеңес баспасөзінде мынадай мәселе төңірегінде ұзақ талқылау болды: Қытай ұлттық революциялық қозғалысы Түрік кемалист қозғалысына ұқсайтын болды ма әлде жоқ па? Ұқсап қалған жағдайда (Троцкийдің[17] пікірі) қытайлық Кемалдің "қылмысты бөлігінің" нақты үлгісіне айналған сатқын Чан Кай-шидің көзін дереу құрту керек еді.

Ұқсап қалмаған жағдайда (Сталиннің[18] пікірі) оқиғалар барысын бақылап күтуге тура келеді, дегенмен, Чан Кай-шидің Кемал сияқты тұлғаға айналмауы үшін керек шаралардың бәрі қолданылуы тиіс...

Аманулланың алдында Мәскеуде дүниежүзілік социалистік революцияның қызыл туы төмен түсірілгенімен большевиктердің ол жөнінде ой-сезімдері Кемал мен Чан Кай-ши туралы ой-сезімдерінен айтарлықтай алшақ емес. Дегенмен, түрік президентімен салыстырғанда Ауған патшасы бір нәрсенің арқасында едәуір артықшылық жағдайда болып тұр: атап айтқанда, бұл Ауғанстанның Кеңестік Түркістан мен Британиялық Үндістан арасындағы географиялық орналасуына  байланысты жағдай. Ауғанстанды неғұрлым ұзағырақ мүмкін болғанша өздерінің "шығыс саясаты" арнасында ұстау тілектері - іс жүзінде бұл "Британия империализмінің қирауын" және "Үндістанның азат етілуін" қамтамасыз ететін саясат - большевиктерді Ауғанстанға уәде төгіп беруге мәжбүр етіп отыр және бұлардың бос уәде екені ап-анық.

 

II

 

Большевиктер үшін Ауғанстанға өздерінің "достығын" көрсету және "Үндістан қақпасына" дұрыс "әсер" ету өте маңызды. Кеңестік Ресей үшін ауған ұлттық қозғалысы мен Аманулла-хан патшаның реформалары оларды тек "Британия империализміне" қарсы пайдалану мүмкіндігі тұрғысынан маңызды болды, Британия империясының ең осал жерінде, яғни "Үндістан қақпасында". Үндістандағы революция орыс большевиктерінің ең мықты - және ең соңғы деп айтар едім - картасы. Бұл революциясыз олар "Батыс империализмінің құлауын" елестете алмайды. Большевиктер Үндістанда революцияның болатыны туралы ең алғашқы "Халық комиссарлары кеңесінің Шығыс халықтарына үндеуінде" уәде берген (1917, қараша).

"Үндістан азат етілмей, Батыста ешқандай әлеуметтік апаттың болуы мүмкін емес," - деп жазды большевиктер Көк кітап деп аталатын құжаттар жиынтығында.

Ары қарай сол Көк кітаптан*[19] мынадай жолдарды оқуға болады: "Біз, орыс революционерлері мен халықаралық социалистер, Үндістандағы революцияға қошамет қана көрсетпей, бар қуатымызбен оны тура және жанама түрде қолдауымыз керек; империализмге қарсы күресу үшін өз күштерімізді біріктіруіміз керек және Үндістанға Ұлыбританияның оңдырмас құлдығынан құтылуға жәрдем көрсетуіміз керек."

"Батыстағы әлеуметтік апатты" болдыра қоймайтын осы "Үндістандағы революция" большевиктердің бүкіл іс-әрекеттерінің өзегі болып кетті: Халық комиссарлары кеңесі жұмысының да және Коминтерннің[20] де. "Капитал тұрақтылығының" орнығуына көздері жеткен большевиктер бұндай көзқараста неғұрлым берік бола бастаса, соғұрлым Батыс пролетариатының (әсіресе Британиядағы) "революциялық өнімділігіне" үміттері сола бастады, соғұрлым Кеңес үкіметі бұрынғы райынан қайтып өз үмітін Шығысқа арта бастады. Большевиктердің Варшавадағы жеңілісін[21] өзгеріс мезеті деп қарастыруға болады. Сол мезет "Батыстағы революциялық қозғалыстың әлсірегенін" анықтап Шығысқа назарды арттыра түсті. Сталин, яғни Кремльдегі қазіргі күнгі қуатты диктатор үшін Варшавадағы жеңіліс көбінесе әскери жеңіліс емес, Батыс пролетариатының революциялық күшіне артқан үміттердің жеңілісі болды.

Сталиннің  [большевиктер] партиясының XII-съезінде айтқан сөзін келтірейін  (1923, сәуір):

"Варшавада жеңіліске ұшырағаннан кейін біз алға жылжи алмадық... Еліміздің ішінде біз жаңа саясат жүргізуге бел будық - ЖЭС[22] енгіздік және шет елдерде (Батыста) шабуыл қозғалысымызды бәсеңдетіп болашақ жұмысымызды революцияның Шығыс резервтері арасында жүргізуге шештік, өйткені Шығыс дүниежүзі капитализмінің бел омыртқасын құрайды...''

"Сонымен қатар," - деп жалғастырды сөзін Сталин,  - "біз империализмнің артқы қораларын - яғни, құзыретті мемлекеттердің шығыс отарларын - оятамыз және осы амалмен империализм күйреуін жылдамдатамыз немесе жеңіліп қаламыз және осымен империализмді күшейтіп өз қозғалысымыздың қуатын әлсіретеміз. Бұл мәселенің қазіргі кездегі жағдайы."

 

Кеңес үкіметінің дүниежүзілік социалистік революцияның қызыл туын Шығыс монархының алдында төмен түсіруі тек "оянып және революцияланып жатқан Шығыс елдері" үшін іске асырылған шара болды және бұны олар жалғыз ғана үмітпен, яғни оны одақтас қылу қолдарынан келмесе, ең болмағанда оның Кеңестерге оң көзқарастарын Британияға қарсы Кеңес саясатында, яғни "отар елдерді азат ету революциясы" деп аталатын саясатта пайдалану.

Өз басым, Аманулла-хан Кеңестер үміттерінің бұндай бағытта арттыруна қандай да кепілдік бере алатындай жағдайда болғанына күмәнім бар. Дегенмен, большевиктер бұндай кепілдік талап еткен жоқ. Олар тек ауғандықтардың "Англиядан қорқыныштарын" ең бір табысты жолмен өз пайдасына келтіруге үміттеніп жүрген...

 

III

 

1922-ж. көктемінде Жемал паша[23] Еуропаға келгенде арамызда болған қысқа сұхбат есіме түсіп отыр.

Жемал паша Ауған армиясының ұйымдастырушысы болды. Ауғанстанға ол Мәскеу мен Ташкентке ұзақ сапарынан кейін келген. Ол кісі Кеңес Қызыл армиясының жақын арада "британиялықтарды Үндістаннан қуып шығаратынына" сенімді болды (немесе басқаларға бұған сенімді екеніне әсер еткісі келген). Ол осы мүмкіндікті ескеріп Ауған армиясына байланысты тапсырмасын орындап жүргені сияқты маған әсер етті.

Бұл кезде большевиктер саясатын жақсы біліп үлгерген Енвер[24] Шығыс Бұхарада (қазір Тәжікстан) Қызыл армияға қарсы күрес жүргізген. Осыны Жемал пашаға айтып оның Кеңестерге қатысты екі ұшты жағдайда болып қалғанына назар аударғанымда Жемал паша Енверді "өте қызуқанды адам" деп атап маған өз өтініштерін білдірді. Атап айтқанда, Түркістандағы достарыма хат жазып Кеңес өкіметіне қарсы іс-әрекеттерін тоқтатсын деп басмашыларға ықпал етулерін сұрауымды өтінді және Үндістан үшін өте маңызды оқиғалардың келе жатқандығын ескеріп бұнымен шектелмей большевиктерге қосылып күш біріктіру туралы жазуымды сұрады.*[25]

Жемал пашаның Ауғанстанды, яғни Еуропа мәдениетінің жолына енді ғана түскен елді, қандай қауп-қатерге ұшыратуы мүмкін екенін оған ескертуге тырыстым. Менің түсінігім бойынша, қауіп-қатер Ауғанстан мен оның жас монархын Кеңес саясатының арнасынан шығармау және Кеңестік Ресейге тілектес болу деген Жемал пашаның анық ниетінде жатқан.

Қаншама тырысқаныммен айтқаныма Жемал пашаның көзін жеткізе алмадым; меніңше, "британдықтарды Үндістаннан қуу" идеясы оны тым билеп алған сияқты. Ол бұны жүзеге асырылатын іс деп үміттенген және Кеңестік Ресей бұл істе жәрдем бере алады деп сенген. Ауған армиясының ұйымдастырушысының айтылмаған ойы бойынша, бұл армия да "Үндістанды революциялық жолмен азат етілуіне" қатысуға тиіс. Ақыры мен: "Ауған үкіметі бұған келісе ме?" деген сұрақ қоюға мәжбүр болдым. Жемал паша тура жауап беруден тартынып қалды, бірақ... Есіме "Гөбен" мен "Бреслау"[26] туралы хикая түсті. Тарихтан белгілі, бұлар Түрік үкіметінің анық рұқсаты болмаса да өз бетімен Қара теңізде әскери операциялар бастады...

 

IV

 

Кеңестердің "Еуропада социализм апатын" ұйымдастыру ниеттері болмаса, олардың реформатор-патша Аманулла-ханға қатысты шын ой-сезімдері тіпті басқа болар еді, әсіресе Ауған монархы алдында болған "Қызыл Армияның Мәскеудегі шолуына" қарағанда.

Кеңес дипломаттары Аманулла-хан реформаларын мадақтап жүргенде "Огонёк"[27] деген өте танымал апталық былай деп жазды (1928-ж. мамырдың 15-і):

"Елдегі радикалды реформаларды Аманулла-хан патша мен оның ең дана деген адамдарынан тұратын Мемлекет кеңесі емес, еңбекшілер көпшілігі ғана жүзеге асырады. Бұған еш күмәніміз жоқ ..."

 

Қандай реформаларды "Огонёк" меңзеп отырғанын кейінірек көрерміз. Айтпақшы, Кеңестердің Ауғанстан мен оның патшасына қатысты шынайы ой-пікірлерін дәл осы журнал анық білдірген болатын. Сәл кері қайтайық. Мұсылман дінінің қамын жеп Ташкенттегі [Сыртқы] істер департаменті 1924-ж. дайындап жариялаған дүниежүзі мұсылмандарына арналған үндеуде мынадай жолдарды оқимыз:

"Ұлыбритания... жалдамалы керітартпа басшылардың дәнекерлеуімен жас әмір Аманулла-ханға қарсы бүлік ұйымдастырып шығарды, соның салдарынан күнәсіз жандардың қаны төгілді..."

 

Бұл жерде 1924-жылғы Хост көтерілісі[28] сөз болып тұр, оны Абдул Карим[29] атты таққа үміткер бастағаны белгілі.

Түркістан газеттерін ақтара отырып мен ең маңызды жергілікті "Қызыл Өзбекстан"[30] (өзбек тілінде) газетінің кейбір ескі нөмірлерін оқып шықтым. Сол нөмірлерінде газет Хост көтерілісін толығымен басқаша түсіндіреді (1925-ж. тамыз айындағы нөмірлер). Осы түсініктеменің авторы - атақты өзбек коммунисі Маннан Рамзи, бұл кісі Кеңестердің "сыртқы саясатының" бағыттарын білу мен түсіну түгілі, оның құпияларымен де таныс. Осыған байланысты оның Хост көтерілісінің себеп-cалдарын баяндап бергені Ауғанстан оқиғаларына большевиктің түсіндірмесі ретінде қызық. Сонымен Хост көтерілісіне арналған ұзақ мақаласында (қар.: "Қызыл Өзбекстан", 1925-ж. тамыздың 20-сы) Маннан Рамзи былай жазады:

"Ауған әкімшілігінің іс-әрекеттерінің кесірінен халық Абдул-Керім жағына өтіп жатыр..."

 

Және де ары қарай:

"Үкіметке қарсы көтеріліс Ауғанстанның бүкіл әкімшілігі, жоғарыдан төменге дейін, зорлық пен тонаушылық жүйесіне негізделгенін көрсетіп отыр..."

 

"Бүкіл дүниежүзінің мұсылмандарына үндеу"-де айыптағандай "Қызыл Өзбекстанда" жарияланған Рамзи мақалаларының бір де бірінде Хост көтерілісі үшін Англияны айыптағанын таба алмайсың. Керісінше, автордың бұл көтерілісті суреттеп оқырманды сендіргені соншалықты, тіпті оқырманның осы көтерілістің және басқа да көтерілістердің "заңдылығында" еш күмән пайда болмайды. Рамзи Ауғанстанның көтерілістерден құтылу амалын да ұсынады және де Ауған халқына адал ниетпен айтылған бұл ақылды тыңдау бізге де қызықты:

"Кеңес жүйесі жоқ жерлердің бәрінде жағдай нашар", - деп жазады Рамзи өзінің "Райат талаши" (яғни "Кедейлерді тонау") деп аталатын мақаласында. "Кеңес жүйесі орнатылған елдермен көршілес мемлекеттердің еңбекшілер көпшілігі сол жүйенің өз елдерінде орнауын бар ынталарымен күтуде. Ұйқыдан оянған тек Ауғанстандағы көпшілік емес. Бұл бостандыққа деген тілек (яғни "Кеңестік бостандыққа") ылғи өсіп келеді және де уақыт өткен сайын артып күшейеді..."

 

Бұған қоса өзінің Қала-и Биарпанаж деген Ауған қамалында біршама уақыт қонғанын суреттеп Маннан Рамзи былай қорытындылайды:

"Ауғанстандағы болашақ революция жүректеріміздің түбінде жатыр..."

 

Рамзидің Аманулла-хан өз реформаларымен жасаған революцияны емес, керісінше, Аманулла-хан мен оның сенімді сардарларына қарсы Ауған кедейлерінің тап, пролетарлық революциясын меңзеп жатқанына күмән келтіруге бола ма?

"Болашақ Ауған революциясы" Түркістан большевиктерінің "жүректерінде" ғана емес. Олар Памирдегі босқындар мен Түркістанда жұмыс істеп жүрген ауғандықтар арасында насихат жүргізіп келеді. Мәселен, Памирға ауған босқындарының туған еліне қайту шарттарын дайындап жасасу үшін жіберілген арнайы Ауған үкімет комиссиясының мүшелерін Кеңес делегациясы мен босқындар өкілдері қарсы алды.

Аманулла-ханның өкілі қарт Казия босқындарға әмірдің әкелік лебіздерін және туған жерлеріне қайту туралы өтінішін айтып тұрғанда, "Қызыл Өзбекстанда" жарияланған жоғарыда аталған "Райат талаши" мақаласы бойынша, босқындар делегаттарының бірі өкілдің сөзін бөліп: "Мына Казия басқалар да сияқты халықтың қанын ішкен..." деп айғайлайды. Содан кездесуде болған Кеңестердің делегаты: "Егер мына Казия қанішер болса, онда "қанға қан" ережесіне сәйкес біз бүгін бұл кісіні өлтіруіміз керек," деді.

Патша комиссиясы басшысының бетіне басылып бұндай сөз ашық айтылған болса, "өз жүректерінде болашақ Ауған революциясы идеясын әлпештеп сақтап жүрген" большевиктер оңаша ауған босқындарына не айтқандарын түсіну қиынға соқпас.

Ауған үкімет комиссиясына британдықтар тура осындай ұстаныммен қараған болса, большевиктер өздерінің "Революциялық Шығыста"[31] не айтатынын мен оп-оңай елестете аламын.

 

V

 

Аманулла патшаның құрметіне Лондонда ұйымдастырылған қабылдауларды Кеңестік Мәскеу тәуелсіз Ауғанстанның басшысына "империалистердің арам ниетпен жағынуы" деп қарастырды; Англия мен Кеңес Одағы арасында дау-жанжал болып қалған жағдайда бұл тәуелсіз ел қауіпті көршіге айналуы әбден мүмкін еді. "Британия арамдығына" қарсы орыс большевиктері өздерінің "нағыз адал" екендеріне ерекше назар аударуға тырысып, барлық ресми жиылыстарда Аманулла реформаларын айғай-шумен мадақтап жүрді.

Сол реформаларда ресми большевик шешендері ауған халқы мен "ұлы пролетарлық Кеңестер Республикасы" арасында "жан туыстығының" іздерін байқауға тырысты. Қызыл әскердің шеруін символикалық шолуы кезінде Шығыс монархы алдында тулардың төмен түсірілгені туралы Кеңес пролетариатына қандай да болсын түсінік беру қажет болды. Дегенмен, большевиктер Ауған реформалары туралы өздерінің "адал мақтауларының" нәтижесіне назар аудармады. Мәселен, Түркістанда большевиктер өз ұстанымдары өздеріне жағымсыз және Ауғанстанға деген жағымды ашық көзқарастардың пайда болу мүмкіндігін және, оның үстіне, бұл халық арасында "Ауғанстан үлгісімен тәуелсіз ұлттық Түркістанды құру" "контрреволюциялық" көксеудің тұқымын себе алатынын болжай алмады.

Біраз уақыт бұрын Кеңес баспасөзі Түркістан студенттері арасында (мысалы, Самарқандтағы Жоғары педагогика институтында) "Мысыр мен Ауғанстан үлгісімен Түркістанның тәуелсіз даму құқығын" талап етуге дайындалған белсенді үгітшілер топтары пайда болғанына назар аударды. Бұл мәселені ушықтырмай атымен жою үшін бүкіл партия машинасы іске қосылды. Бас қылмыскер табылып өзбек студенті болып шықты - Коммунистік партияның мүшесі Мирза Рахими. Тергеудің нәтижесінде осындай талаптар қойған оның жалғыз болмағаны, керісінше оны бір топ студент пен мұғалімдер толық қолдайтыны анықталды. Осыдан кейін билік орындары Рахимиді "Мұстафа Шоқайдың (яғни осы жолдар авторының) ұлтшыл идеяларын іске асырмақ" талпынысы үшін партиядан және институттан шығарумен шектелді. Дегенмен, билік орындары мәселе осымен бітпейтінін сезген. Аманулла-хан Түркістанда өте танымал және сыйлы тұлға болды және де бұл танымалдылық пен құрметтің негізі оның "Кеңестерге оң көзқарастары" болмағаны анық. Түркістанның байырғы тұрғындары үшін Аманулла-хан тәуелсіз Ауғанстан идеясын іске асырған және прогресті бар ынтасымен аңсаған адам болды.

Кеңес мектептері арқылы өткен Түркістан жастарының бір бөлігі арасында Түркістанның ұлттық дамуы үшін "Ауған не болмаса Мысыр жағдайларын" талап еткен белсенді топтың кенет пайда болуы Аманулла-ханның "кеңесшіл" не "антибританиялық" саясаты - бұндай терминдерді оның саясатына расында қолдануға болса - әмірдің Түркістандағы танымалдылығында еш маңызы  болмағанының анық дәлелі. Түркістан халқының Аманулла-ханды ұнатқанының негізі өз елдерінің тәуелсіздігін аңсағанында болды, бұл ел "қызыл отаршыл империализмінің" қызыл шырмауында  соңғы он екі жыл көлемінде тіршілік етуде. Большевиктер болса жағдайды өте жақсы түсінеді. Осыған байланысты большевиктер Түркістан тұрғындары алдында Аманулла мен оның сөзінің беделін түсіру мақсатында жақында Ауғанстанда болып өткен оқиғалар қарсаңында патша мен оның реформаларына қарсы "революциялық" науқандарын бастамақшы болды.

Кеңес баспасөзінің қазір "Аманулла-ханды және оның реформаларын Британия империализмінен қорғау" жолында жүріп, сонымен бірге Ауған ұлттық мемлекеттілігінің іргесіне өздері шабуыл жасағанының барлық іздерін жасырып жоюға тырысуы қызғылықты жағдай болуы мүмкін.

Менің алдымда Бүкілресей Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Ортаазиялық бюросы деп аталатын органның ресми үнпарағы "Правда Востока" деген Ташкент газетінің[32] бірнеше нөмірі жатыр, бұл бюро Түркістандағы Кеңестердің бүкіл партия және үкіметтің іс-әрекеттерінің басындағы құрылым. Сол бюроның жауапты хатшысы Зеленский[33] былай жазады (қар.: "Правда Востока", 1928-ж. қарашаның 2-сі):

"Аманулла реформалары көп адамды адастыруы мүмкін, әсіресе сол реформалар жөнінде алынған біржақты марксшыл емес бұрыс мәліметтің кесірінен.

"Тап тұрғысынан қарағанда, Аманулла-хан жоспарлаған немесе іске асырған шаралар [Ауғанстанда] буржуазиялық мемлекеттің дамуына, индустриялы және сауда капиталының қалыпты дамуына ең жақсы жағдай жасауға бейім болып тұр.  Әрине, феодализммен салыстырғанда капитализм мәдениет пен экономика дамуының белгісі... Дегенмен, әл-ақ Ауғанстандағы капитализм жұмысшы жұрттың қанын сорып, еңбекпен азаптап ауылды да қиратады.

"Осы мәселелерде шатасу" (яғни, Аманулла реформаларының тап маңызында), - деп жалғастырады Зеленский, - "тек Рахими (не соған ұқсас) идеяларының таралуына жәрдемдеседі" (яғни, Түркістан ұлтшылдығына тілектес тұлғалардың).

Қорытындылай келе Зеленский: "Бұндай (бұрыс) ұстаным біздің (ортаазиялық) республикаларымыздың жұмысшылары мен шаруаларын тек қана адастырады..." дейді.

 

Сонымен біз Аманулла-хан және оның Жаңа Мемлекеті жөнінде Кеңестердің шын түсінігін көреміз және бұл түсінік "Орта Азияның жұмысшылары мен шаруаларына шын нұсқаулық" болуға тиіс. Кеңестердің тұғырнамасы мынандай екенін көреміз:

"Аманулла-хан өз Мемлекетін Ауған еңбекшілерінің қаны мен Ауған щаруаларының қираған үйлерінің негізінде соғып жатыр ..."

(Жалғасы бар)

"Abai.kz"



[1] Бұл журнал 1885-ж. "Asiatic Quarterly Review" деген атаумен Лондонда шыға бастады. Журналдың алғашқы құрылтайшылары Лепел Гриффин мырза (Sir Lepel H. Griffin, 1838-1908) мен атақты Деметриус Болджер (Demetrius C. Boulger, 1853-1928) болған. Соңғысы 1890-ж. дейін журналдың редакторы болды. Алғашында бұл басылым "Шығыс Үндістан Қауымдастығының" (the East India Association) органы болып жарық көрген. 1891-ж. журнал атауы "Imperial and Asiatic Quarterly Review and Oriental and Colonial Record" деп өзгерген. Кейін журналдың иелері мен шығарушылары және атауы да бірнеше рет өзгеріске түседі. Атап айтқанда, 1913-ж. басылым қайтадан "Asiatic Quarterly Review" болып шыға бастайды, ал 1914-ж. журнал "Asiatic Review" ("Азиялық шолу") деген атауға дейін қысқарып Лондонда 1952-ж. дейін шыққан. - Қ.Ә.

[2] Қар.: Chokaev M. The Basmaji Movement in Turkestan // The Asiatic Review (London). 1928, April. Vol. XXIV. # 78. 273-88 pp. - Қ.Ә.

[3] "Совнарком" - түпнұсқада солай жазылған ("Sovnarkom"). Орысша "Совет народных комиссаров" ("Халық комиссарлар кеңесі") деген сөздердің қысқартылуы. Кеңес (большевик) билігін жақтаған сол кездегі орталық және жергілікті үкіметтердің ресми атауы. - Қ.Ә.

[4] Allen, William Edward David (1901-1928) - британиялық ғалым, тарихшы, дипломат, қоғам және мемлекет қайраткері. Тарихи және саяси тақырыптарға арналған бірнеше кітаптың авторы. 1929-1931 жж. Бірлескен Патшалығының, яғни Британияның парламентінің мүшесі болған. - Қ.Ә.

[5] Аманулла-хан (1892-1960) - әмір Хабибулла-хан Саадидің (1872-1919) ұлы, әмір Абдуррахман-ханның немересі; 1919-ж. ақпан айынан 1929-ж. қаңтар айына дейін Ауғанстанның патшасы болды; алдымен "әмір" деген мәртебемен Ауғанстан патшалығының басшысы болады, ал 1926-ж. кейін өзін "мәлік" деп атаған. 1929-ж. халық көтерілісі салдарынан патша тағынан бас тартып Британия қарамағындағы көршілес Үндістанға қашады. Содан бері өмірінің соңына дейін жат жерде тіршілік етуге мәжбур болды. - Қ.Ә.

[6] Бұл журнал редакциясы М. Шоқайдың мақаласына берген ескертпе алғысөзі. - Қ.Ә.

[7] Киров (Костриков) Сергей Миронович (1886-1934) - 1904-ж. бері РСДЖП-ның мүшесі; 1920-ж. - РКФСР-дың Грузиядағы саяси өкілі және РК(б)П Орталық комитетінің Кавказ бюросының мүшесі; 1921-1926 жж. - Әзербайжан К(б)П Орталық комитетінің бірінші хатшысы, 1930-ж. - БК(б)П Орталық комитетінің Cаяси бюросының мүшесі. - Қ.Ә.

[8] "Сөз". - Қ.Ә.

[9] Сол кездегі Тбилиси қаласының атауы. - Қ.Ә.

*[10] Күрішпен жасалатын тағам. [Бұдан кейін * (жұлдызшамен) көрсетілген ескертпе М. Шоқайдікі екенін ескертемін. - Қ.Ә.]

[11] Әдетте, "кемалист" дегенді Түркия Республикасының басшысы Мұстафа Кемал Ататүріктің жақтаушысы деп түсіну керек. - Қ.Ә.

[12] Кемал Ататүрік, Мұстафа (1881-1938) - түрік офицері, мемлекет қайраткері, Түркия Республикасының тұңғыш президенті (1923-1938). - Қ.Ә.

[13] Кемализм дегенді әдетте М. К. Ататүрік реформаларының қағидалары мен негізгі ережелерінің жиынтығы деп түсінеді. - Қ.Ә.

[14] "Бой скаут" ("Boy scout") және "Герл скаут" ("Girl scout") немесе жалпылама "scouting" қозғалысы ("the Scout movement") - ересектердің бастамасымен Батыс елдерінде XX-ғ. басында пайда болған жастардың қозғалысы. Негізгі мақсаты - жалпы адамзат қоғамының өсуі мен дамуы үшін жастардың физикалық және рухани дамуын қолдау. Бұл қозғалыс Түркияда Осман империясы кезеңінде пайда болып, Республика кезеңінде Ататүрік үкіметінен қызу қолдау тауып айтарлықтай дамыған. - Қ.Ә.

[15] Гоминдан (Қытай ұлтшыл партиясы) - Қытайда Синхай революциясынан кейін пайда болған тұңғыш саяси партия, 1912-ж. Сун Ят-сен (1866-1925) мен Соң Жиаорендердің (1882-1913) бастамасымен құрылған. Қазіргі кезде Тайванның (Қытай Республикасының) негізгі саяси партияларының бірі. - Қ.Ә.

[16] Чан Кай-Ши (1887-1975) - Қытайдың және Тайванның әскери, саяси және мемлекет қайраткері. Қытай ұлтшыл партиясының (Гоминдан) жетекшілерінің бірі. Сун Ят-сен қайтыс болған соң (1925), Гоминдан партиясының басшысы болған. - Қ.Ә.

[17] Троцкий (Бронштейн) Лев Давидович (1879-1940) - орыс саясаткері, 1917-ж. большевиктер партиясына қосылады, Қазан төңкерісін дайындауға және жүзеге асыруға белсенді қатысады. 1917-ж. кейін Кеңес үкіметінде сыртқы істер халық комиссары, әскери және теңіз істері халық комиссары қызметтерін атқарады. РКФСР революциялық әскери кеңесінің төрағасы, РК(б)П Орталық комитетінің саяси бюросының мүшесі болған. 1927-ж. большевиктер партиясынан шығарылып, алдымен Алматыға жер аударылады, кейіннен КСРО аумағынан қуылады, ақыры И. Сталиннің пәрменімен өлтіріледі. - Қ.Ә.

[18] Сталин (Джугашвили) Иосиф Виссарионович (1879-1953) - большевиктер партиясы көшбасшыларының бірі, КСРО-ның мемлекет қайраткері. Сол кезде Троцкийдің басты саяси бәсекелесі. - Қ.Ә.

*[19] "Көк кітап" - бұрынғы [Ресей империясы] Сыртқы істер министрлігінің архивінен табылған құпия құжаттардың жиынтығы. Сыртқы істер халық комиссариаты жариялаған. Мәскеу, 1918.

[20] Коминтерн (Коммунистік Интернационал) - 1919-ж. Мәскеуде большевиктердің бастамасымен құрылған халықаралық ұйым. Коминтерн түрлі елдердің коммунистік бағыттағы партияларының бастарын біріктірді. - Қ.Ә.

[21] Варшава шайқасы (1920, тамыз) - Польша мен Кеңестік Ресей арасында болған соғыстың (1919-1921 жж.) шешуші шайқасы. Варшава түбінде Польша әскері орыс әскерін ойсырата жеңген. - Қ.Ә.

[22] ЖЭС - жаңа экономикалық саясат. - Қ.Ә.

[23] Ахмет Жемал паша (1872-1922) - Осман империясының әскери, саяси және мемлекет қайраткері, "Жас түріктер" қозғалысының белді мүшесі. - Қ.Ә.

[24] Исмайыл Енвер паша (1881-1922) - Осман имперясының әскери және саяси қайраткері, "Жас түріктер" қозғалысының басшыларының бірі. - Қ.Ә.

*[25] Мүмкін, Жемал паша да мен басмашылар көтерілісінің бастаушысымын деген Түркістан большевиктері таратып жүрген сыбысқа сеніп қалған болар. - М. Ш.

[26] "Гөбен" ("Goeben") мен "Бреслау" ("Breslau") - Германияның  2 әскери теңіз кемесі. Бірінші дүниежүзілік соғыстың басында (1914, тамыз) Британия флотының басым үстемдігіне қарамастан Жерорта теңізі арқылы Қара теңізге апаратын Түрік бұғаздарына жетті. - Қ.Ә.

[27] "Огонёк" (қазақша - "Кішкене от") - Ресейдің ескі журналдарының бірі, ресми түрде ол 1899-ж. бері шыға бастады деп саналады. 1918-1923 жж. жұмысын тоқтатып жарық көрмеген. 1923-ж. журналист әрі жазушы М.Е. Кольцовтың (Фридляндтың) (1898-1940) бастамасымен Мәскеуде қайта шыға бастайды және қысқа мерзім ішінде ең танымал басылымдардың біріне айналады. - Қ.Ә.

[28] 1924-ж. наурыз айында Ауғанстанның күнгей-шығысында орналасқан Хост уалайатында  жергілікті тайпалар үкімет реформаларына қарсы көтерілді. Көтеріліс шамамен 9 айға жалғасып ақыры үкімет әскері тарапынан талқандалды. - Қ.Ә.

[29] Абдул Карим - 1879-ж. Ауғанстанның әмірі болған Мұхамед Якуб-ханның (1849-1923) ұлы. - Қ.Ә.

[30] "Қызыл Өзбекстан" - 1924-ж. желтоқсанынан Өзбекстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті мен Өзбекстан Социалистік Кеңестік Республикасының Халық комиссарлары кеңесінің өзбек тіліндегі баспасөз органы (газеті) ретінде жарық көре бастады. 1991-ж. Өзбекстан тәуелсіздік жариялаған соң "Узбекистон овози" (Өзбекстан даусы) деп атауын өзгертіп Өзбекстан Халық Демократиялық партиясының органы ретінде шығады. - Қ.Ә.

[31] "Революционный Восток" ("Революциялық Шығыс") - 1927-1938 жж. Мәскеу қаласында Сталин атындағы Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университеті бастырып шығарған журнал. - Қ.Ә.

[32] "Правда Востока" ("[Шығыс шындығы") - Кеңес Одағы заманында бұл Өзбекстан КСР-інің Коммунистік партиясы Орталық комитетінің, ӨКСР-інің Жоғарғы Кеңесінің және Министрлер кеңесінің ресми органы болды. - Қ.Ә.

[33] Зеленский Исаак Абрамович (1890-1938) - большевиктер партиясы Орталық комитетінің (ОК) мүшесі (1922-1937), 1924-ж. бастап - ОК Ортаазиялық бюросының хатшысы, кейін төрағасы. - Қ.Ә.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322