Азаттықтың бастауы – Алашорда
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен Алашорда ұлттық үкіметінің 95 жылдығына арналған «АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА: АЛАШОРДА. ЖЕЛТОҚСАН. ТӘУЕЛСІЗДІК» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді. 13 желтоқсан күні Шымкент қаласында өткелі отырған конференцияға есімі елімізге кеңінен танымал ғалымдар қатыспақ.Олардың арасында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәлік Асылбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, «Нұр Отан» ХДП хатшысы, Саясаттану ғылымдарының кандидаты Ерлан Қарин, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының президенті, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай сынды тағы да басқа азаматтар бар.

Жалпы, бұл конференцияның 13- желтоқсан күні жоспарлануы тегін емес. Өйткені 1917 жылдың 5 мен 13- желтоқсан аралығында Орынбор қаласында жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы өтті. Аталған құрылтайда тұңғыш рет заманауи бағытта мемлекет құрылып, ол «Алашорда» деп аталды. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінде Әлімхан Ермеков «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды» деп жазған еді. Өкінішке қарай біз осыдан 95 жыл бұрын құрылған Алашорданы мемлекет деп мойындамай отырмыз. Ал Міржақып Дулатұлы «Автономия алу - мемлекет болды дегенмен бірдей. Біз енді өз алдымызға мемлекет боламыз деп тұрмыз» деген болатын. Алаш арысының осы сөзінен асып не айтуға болады? Ештеңе. Өкініштісі сол басқа жұрттар өзінде жоқты өзгеден тартып алып, өз құндылықтарын байытып жатыр. Ал біз болсақ, барды бағаламай керісінше кежегемізден кейін кетудеміз.
Әйтсе де ауызды құр шөппен сүртуге болмайды. Әр әр жерде Алашорданың 95 жылдығына арналған іс-шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, күні кеше «Ақ жол» партиясы амалсыз болса да Алаштың мерейтойын атап өтті. 6 - 8 желтоқсан күндері Алматы және Қарағанды қаласында да Алашорданың 95 жылдығына арналған конференция өтеді. Аталған іс-шараларды ұйымдастырушы «Abai.kz» ақпараттық порталы мен Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университеті болып отыр.
Міне осындай игі бастамалардың соңы оңтүстік өңірдің орталығы Шымкент қаласында жалғасын таппақ. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары - баспасөз қызметінің басшысы Берік Уәли былай дейді: «Алаштың ардақты ұлы, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатындығына көзі жетпейді» деген екен. Тарихтан ғибрат алу әрбір азаматтың басты міндеті. Әйтсе де тарихтан тек ғибрат алып қана қоймай, оны жас ұрпаққа насихаттай білу керек. Осыны ескерген облыс әкімі Асқар Исабекұлы «АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА: АЛАШОРДА. ЖЕЛТОҚСАН. ТӘУЕЛСІЗДІК» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізгенді жөн көрді. Алашорданың 95 жылдығы аясында мұндай ауқымды істің біздің оңтүстікте өткені үлкен мақтаныш әрі абырой. Себебі қиын-қыстау кезеңде Алаш ардақтыларының кейбірі осы Шымкентті пана тұтқан болатын. Жалпы, біздің бұл жасап жатқан ісіміз Алаш арыстарының алдындағы кішкентай да болса қарызымыздың өтеуі ғана. Бұл әрбір азаматтың алаш арыстарының алдындағы парызы деп білемін».
Енді 5 жылдан кейін, яғни 2017 жылы Алашорда мемлекетінің құрылғанына 100 жыл толады. Осынау айтулы датаны біз қалай қарсы аламыз? Оны біз осыдан бес жыл бұрынғыдай немесе қазіргі 95 жылдықтай етіп ескерусіз қалдырсақ елдігімізге сын. Сондықтан да «қыстың қамын жаз ойлап» қазірден 100 жылдыққа қамдана беруіміз керек. Өйткені Азаттықтың бастауында Алашордашыл азаматтардың жасампаз идеясы тұр.
Еркін ҚАЛДАН
"Айқын" газеті