Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 4649 0 пікір 3 Желтоқсан, 2012 сағат 17:51

Жеті жылға арналған жаңа бағдарлама қабылданды

2013-2020 жылдарға арналып жасалып жатқан агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша алдағы  жеті жылдың ішінде осы салаға бөлінетін субсидия көлемі  4,5 есеге арттырылмақ.  Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Владимир Кошелевтің төрағалығымен өткен болашақ бағдарламаның тұжырымдамасын талқылауға арналған кеңесте еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева   тек қана 2013-2014 жылдары ауыл шаруашылығына 300 млрд. теңге  несие қаржысын бөлу қарастырылып отырғанын да атап көрсетті.

2013-2020 жылдарға арналып жасалып жатқан агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша алдағы  жеті жылдың ішінде осы салаға бөлінетін субсидия көлемі  4,5 есеге арттырылмақ.  Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Владимир Кошелевтің төрағалығымен өткен болашақ бағдарламаның тұжырымдамасын талқылауға арналған кеңесте еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева   тек қана 2013-2014 жылдары ауыл шаруашылығына 300 млрд. теңге  несие қаржысын бөлу қарастырылып отырғанын да атап көрсетті.
-  Қазіргі қолданыстағы еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы  қайтадан кеңейтіліп, саладағы барлық мәселелерді толық қамтитын 2013-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарлама жасалып жатыр. Бұл бағдарлама ауыл шаруашылығы өнеркәсіп кешенінің бәсекелестік қабілетін арттыруға бағытталуымен ерекшеленеді. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына ену кезеңі әсіресе, ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөлу қажеттігін алдыға қойып отыр. Саланың мүмкіндігі мол бола тұра көздегендегідей нәтижелерге қол жеткізілмей жатыр. Алдағы жеті жылға арналған бағдарламада  ауыл шаруашылығын өркендетудің барлық тетіктері қарастырылып, қаржыдан бастап маркетингтік кеңес беруге дейінгі мемлекеттік қолдау көрсетудің жолдары мен шаралары нақтылы жобаланады, - деді жаңа бағдарламаның мәні мен маңызы турасында  Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева.
Төрт бағытта жүргізілетін стратегиялық бағдарлама аясында  ауыл шаруашылығы құрылымдарына қаржылық, мемлекеттік реттеу, тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігі, инфрақұрылымдарды жетілдіру бойынша көмектер көрсетіліп, шаруа қожалықтары мен ауыл фермерлерінің шаруасын жеңілдетуге орай өзге де шаралар қолға алынбақ.  Сөйтіп, 2020 жылға дейін елде ауыл шаруашылығы өнімдері 1,5 есе,   осы саладағы еңбек өнімділігі  3 есе, экспортқа шығарылатын өнімдер 20 пайызға көбейіп, 6,8 млн. гектар пайдаланылмай жатқан жер айналымға енеді. Жеті жылда егін, мал шаруашылығына республикалық, жергілікті бюджет есебінен бөлінетін субсидия мөлшерін бүгінгіден 4,5 есеге арттыру жоспарланып отыр.
Елбасының тапсырғанындай, 2014 жылға қарай экспортталатын ет көлемінің жыл сайынғы мөлшерін 60 мың тоннаға жеткізіп, етті бағыттағы мал басын көбейту үшін бағдарламада ірі қара, қой өсіретін шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарды құруға ерекше көңіл бөлініп, малдарды сатып алуға берілетін несиенің пайыздық үстемесі, субсидияландыру шарттары  өзгертіліп, біршама жеңілдетілетін болады. Кеңеске қатысқан «КазАгропродукт» АҚ басқармасының төрағасы Александр Солюлевтің айтуынша, мал бағудың қиындығын жеңілдету үшін елімізде шетелдегідей суы, телефон байланысы, техникасы, интернеті бар қолайлы фермерлік шаруашылық орындарын салу қолға алынбақ.  Бұрынғы мал қыстақтары қалпына келтіріліп, өрістер мен жайлаулар кеңінен пайдаланылмақ. Қазір елімізде 189 мыңнан астам шаруа қожалықтары мен  шаруашылық құрылымдары бар болса, соның 19 мыңға жуығы ғана мал шаруашылығымен айналысып жатқан көрінеді. Сондықтан болашақта мал өсіріп, оның өнімін өндіруге ден қойған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, көмектер одан әрі ұлғая түспек.
Елімізде мал басын өркендетуге «Сыбаға», «Жайлау» бағдарламаларының тигізер пайдасы  көп болатыны болжанып отыр. «Жайлау» бағдарламасы ауыл тұрғындарына тиімді болу үшін әрі қарай жетілдіріле түспек. 2013-2023 жылдарға арналып жасалып отырған аталмыш бағдарлама ауылда фермерлік шаруашылықтар құруға бағытталып, несиелендірудің  тиімді түрін ұсынбақ. «Сыбаға» бойынша былтыр облыс шаруашылықтары мен аудан тұрғындары  60 мыңнан астам ірі қара сатып алып, жоспар 156 пайызға орындалған. Бағдарлама жобасында көрсетілгендей,  өндіріске жаңа технологияны енгізіп, кәсіпорынды қайта жарақтандыруға қаржы салушы субъектілерге де мемлекет тарапынан субсидия берілетін болады. Бұл инвестициялық субсидияландыру жобасы 2014 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайды. Германия, Канада сияқты алыс шетелдерді айтпағанда, Кедендік одақ құрамындағы Ресей мен Беларусь елінде ауыл шаруашылығының, соның ішінде қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына қолайлы жағдай туғызған  инвестициялық субсидияландыру жобасына біздің ел де үлкен үміт артып отыр. Енді шаруашылықты өркендетуге салынған инвестицияның 20 пайызы мемлекет тарапынан субсидия түрінде қайтарылады.
Ауылды гүлдендіріп, ауыл шаруашылығын дамыту қажет деп жатқанымызбен, ауылға барғысы келетін маман аз. Сиыр сауатын сауыншы, техниканы жүргізетін тракторшы таба алмай отырған шаруашылықтар бар. Сондықтан ауылға жас мамандарды тартуға шындап көңіл бөлетін кез жетті. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасында ауыл шаруашылығы мамандарын оқытып, даярлаудың да түрлі жолдары қарастырылған.
Кеңеске қатысушылар бағдарлама тұжырымдамасын талқылай келе оған облыстың ауыл шаруашылығын өркендетуге ықпалы мол деп тапқан бірнеше ұсыныстарын қосты. Облыстағы панты өндіретін марал шаруашылығы мен   омарта шаруашылығы салаларына республикалық бюджеттен берілетін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсету, мал шаруашылығын қолдау бойынша субсидиялауды егін шаруашылығын субсидиялау сияқты жергілікті атқарушы органдар құзыретіне беру, ескіріп кеткен ауыл шаруашылық техникаларын жаңалау үшін заманауи ауыл шаруашылық техникаларын шығарудағы шығындарды 50 пайызға дейін субсидиялауды енгізу, ауыл шаруашылық өнеркәсібі кешеніне қажетті мал дәрігері мамандары мен өзге де мамандарды оқытуға мемлекеттік тапсырыстарды арттыру, ауылға келетін жас мамандар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасын жасау, ауыл шаруашылығында салық салуды жетілдіру мақсатында өндірісті әртараптандыра отырып ауыл халқын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз етіп келе жатқан егін, мал шаруашылығымен, қайта өңдеумен шұғылданатын шаруашылықтар үшін салық салудың бұрынғы тәртібін қалдырып,  ауылдағы өндірісті дамытуға, жұмыспен қамтуға ықпал етпейтін бірыңғай егін шаруашылығымен ғана айналысушыларға жер салығының мөлшерлемесін арттыру сияқты аса маңызды деп табылған ұсыныстар  хаттама түрінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауына жолданды.
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019