Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1876 0 пікір 19 Шілде, 2022 сағат 11:30

Кәсіподақтар федерациясының экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі

Қазақстан Кәсіподақтар федерацияның қызмет атқарып отырғанына биыл 22 жыл толыпты. Бүгінде қанатын кеңге жайған федерация құрамына 2 млн-ға жуық кәсіподақ мүшелерін, 23 салалық кәсіподақты, 17 аумақтық бірлестікті және 17 мыңнан астам бастапқы кәсіподақ ұйымдарын біріктіре отырып, еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым мәртебесін сақтап отыр. Кәсіподақ ұйымдары еліміздің экономикалық тұрақтылығын сақтауға, қаржылық қиыншылықты жеңуге үлкен үлесін қосып отыр.

Кәсіподақтар федерациясының ең басты міндетінің бірі – еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбекті қорғау. Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдары Республика Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдары мен басқа да нормативтік құқықтық актілеріне, өз Жарғысына, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларына сәйкес жұмыс істейді. Кәсіподақтар қызметі 1993 жылы қабылданған "Кәсіподақтар туралы"Қазақстан Республикасының Заңына сүйенеді.

Осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасындағы кәсіподақтар —  өз мүшелерінің еңбек ету, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, еңбек жағдайларын қорғау және жақсарту үшін азаматтар өздерінің кәсіптік мүдделерінің ортақтығы негізінде ерікті түрде құратын, тіркелген жеке мүшелігі бар дербес қоғамдық бірлестіктер.

Жалпы, кәсіподақтар ұйымының тарихы әріден басталады. Ең алғашқы Қазақстандық кәсіподақ 1905 жылы 6 желтоқсанда Қарағанды облысындағы Өспен мыс кені жұмысшыларының бастамасымен құрылған. Ал, Кеңес одағы кезінде Қазақстанның барлық кәсіподақтарын Бүкілодақтық Орталық кәсіподақтар Кеңесінің XIX Пленумының қаулысы негізінде құрылған бірыңғай орталық орган – Қазақ кәсіподақтар кеңесі (Қазкәсіпкеңес) басқарған. Қоғамдық-саяси өмірді қайта құру және демократияландыру кәсіподақтардың шамадан тыс әкімшілендіруден, шамадан тыс орталықтандырудан бас тартуына әрі кәсіподақтардың бастамасы мен дербестігін шектеуіне әкелді. 1990 ж.10 қазанда Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезінде Қазақ КСР кәсіптік одақтар федерациясын құру туралы Декларация қабылданды. Кәсіподақтар федерациясының бірінші төрағасы Ермек Жақсылықов болып сайланды.

Федерация мемлекеттік билік органдарынан, жұмыс берушілерден, саяси партиялардан тәуелсіздігін жариялап, кәсіподақтардың іс-қимылын шоғырландыруды, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру мен қорғауды, кәсіптік одақтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді басты мақсат етіп қойды.

XX ғасырдың соңғы онжылдығы Қазақстан кәсіподақтары үшін қызметті реформалау мен жаңарту, жұмыстың жаңа нысандары мен әдістерін іздеу және бекіту кезеңі болды. Бұл кезде Қазақстан жас тәуелсіз мемлекет ретінде бетбұрыс кезеңін бастан кешірді, елде кең ауқымды, ауыр, әлеуметтік және экономикалық реформалар жүргізілді. Осы уақыт аралығында Кәсіподақтар федерациясы Қазақстанның жаңа өмірін құрудың белсенді қатысушысы ретінде халықпен бірге болды. 1992 жылдың 3- наурызынан бастап Қазақ КСР Кәсіподақтар Федерациясын Қазақстан Республикасының  Кәсіподақтар Федерациясы (ҚРКФ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды.

XX ғасырдың басында бастау алған кәсіподақтар қозғалысының 2005 жылы 100 жылдығы атап өтілді. Кәсіподақтар қозғалысының ең бірінші съезі 1925 жылы Қызылорда қаласында болған.

Федерация мемлекеттік органдар мен саяси партияларға тәуелсіз ұйым. Әр бес жыл сайын Кәсіподақ федерацияның съезі өтіп тұрады.  Съездерде әлеуметтік еңбек мәселелері талқыланады. Федерацияның жалпы саясаты айқындалады, кәсіподақтар қызметінің перспективалық кезеңіне арналған бағдарламалық құжат қабылданады, қажет болған жағдайда Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Съездер арасында ұйым жұмысын федерацияға кіретін барлық республикалық, өңірлік салалық кәсіптік одақтар мен облыстық кәсіподақтар бірлестіктерінің 65 өкілінен тұратын Бас Кеңес, сондай-ақ оның құрамынан сайланған 14 адамнан тұратын Атқарушы Комитет басқарады.

2020 жылы  Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезекті XXVI съезі өтті. Осы жиында алдағы бес жылдықта атқарылатын жұмыстар мен мақсаттар анықталды. Съезд уақыты әлемдік пандемия кезеңіне сәйкес келген соң онлайн өтті, оған 151 делегат пен саяси партиялар жетекшілері, ҚР Парламенті депутаттары, шетелдік кәсіподақ және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін жеткізген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуіміз керек. Бұл – менің нақты ұстанымым. Бұл үшін тек атқарушы органдардың болуы жеткіліксіз екенін бәріміз түсінеміз. Сондықтан әлеуметтік серіктестік механизмі, мемлекет пен азаматтардың, үкіметтік емес сектордың екіжақты өзара әрекеттесу жүйесінің баламалары жоқ. Кәсіподақтар федерациясы – Қазақстандағы ең көп институционалдық тұрғыда дамыған қоғамдық бірлестіктердің бірі. Жалпы саяси өмірде, экономикалық, әлеуметтік, рухани және мәдени бағдарламаларды жүзеге асыруда оның алар орны ерекше», – деді Абаев.

Бес жылдық жұмысты қорытындалған жиында Кәсіподақтар федерациясының Жарғысына толықтырулар енгізу қарастырылды.Съезд делегаттары Кәсіподақтар федерациясының қызметіндегі негізгі бағыттар бойынша қарар қабылдады. Форумға қатысушылар пандемия дағдарысынан кейінгі экономиканы қалпына келтіру, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және Еңбек адамының лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік диалогтың жаңа форматына ауысу жағдайларында еліміздегі кәсіподақтар қозғалысын дамыту векторларын анықтады. Съезде кәсіподақтар қозғалысын одан әрі жаңғырту мен реформалаудың жолын анықтайтын және жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін сенімді қорғауды одан әрі қамтамасыз ететін тиімді жұмыс үшін негіз болатын Қазақстан Республикасының кәсіподақтарының 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясын қабылданды.

Кәсіподақтар федерациясы жастар саясатымен, гендерлік саясатпен де белсенді айналысады.

Кәсіподақтың гендерлік саясатының негізгі мақсаты – жұмыс істейтін әйелдерге мемлекеттік органдардың назарын аудару, әйелдердің әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кемсітушілікке ұшырамауын қамтамасыз ету. Қазақстандық әйелдер кәсіподақтарға белсенді қатысып келеді. Кәсіподақтардағы әйелдердің жалпы саны 54,9 %, оның 67% бастаушы кәсіподақ ұйымдарын (БКҰ) басқарады, 20 % – салалық кәсіподақтар, 12,5 % – АКБ, ҚРКФ алқалық органдарындағы әйелдер, Бас кеңесте 15,2 % және Атқару комитетінде 8,3 % құрайды. Федерация кәсіподақ ұйымдарында жастар саясатын күшейтуді қолға алған. Тиімді жастар саясаты – бұл жастар кеңестері жүйесін құру, жастардың ұжымдық іс-қимылдарға және ынтымақтастық акцияларына тұрақты қатысуын қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Жастар ісі жөніндегі кеңесі 2014 жылы «Келешек» деген атпен қайта құрылған.

Адам құқықтарын құрметтеу, жақсы өмір сүру жағдайларын және қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін жақсарту, экономикалық тұрақтылықты арттыру - мұның бәрі  Кәсіподақтар федерациясының барлық еңбекшілер үшін қамтамасыз етуге ұмтылатын әлеуметтік әділеттіліктің негізгі элементтері болып табылады. Кәсіподақ көшбасшыларының құзыретін дамыту мақсатында кәсіподақтар федерациясы "Кәсіподақ көшбасшысы мектебі" жобасын іске қосты. Ол 2022 жылғы 20 сәуірде басталған. Жобаның бірінші кезеңі 22 маусымда аяқталды. Жобаны жүзеге асыру жалғасуда.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434