Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 4464 14 пікір 16 Тамыз, 2022 сағат 11:59

«Қасірет пен тағдырға» кім қиянат жасады?

Сәуле Досжанның сұхбаты

- Сәуле Мағазбекқызы, сіздің «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» дилогияңыз екі-үш күннен бері әлеуметтік желіде зор талқыға түсіп жатыр, соның себебіне тоқталып өтсеңіз.

-.«Қасірет пен тағдыр»  –  халықтық шығарма. 700 беттен тұратын дилогияда кеңестік идеологияның құрбаны болған тұтас бір халықтың атом ядросынан көрген орасан зор қасіреті ашып көрсетіледі. Мұнда сирек кездесетін архив материалдары, видеотаспалар қолданылған. Сол сұмдықтар болған жерді – Абай елін аралап, куәгерлермен де сөйлестім. Жүректен өткізіліп жазылған шығарма. Бұл кітаптардың екі-үш күннен бері әлеуметтік желіде резонанс алып жатқаны рас. Олар - полигонның қасіретін менің кітабым арқылы біліп, жаны ашығандар.  «Абай» Мемлекеттік сыйлық комиссиясында менің кітабыммен таныс емес басқа саланың мамандары болған екен. Өнер мен әдебиет және құрылыс-дизаин саласының бәрі бірге дауыс береннен мен тиісті мәреден өте алмадым. Оқырмандарым  мұны  әділетсіздік деп қабылдауда.

- «Абай» Мемлекеттік сыйлығына ұсынылаған әйел жазушылардың бірі де отырыс комиссиясынан өтпей қалған екен, сонда қазақстандық әйел жазушылардың осал болғаны ма?

- Қазір әлемде әйел қаламгерлер глобалды тақырыптарға барып, мықты жазып жүр. Қазақтың қалам ұстаған әйелдері де олардан бір де кем емес. Бір айырмашылығы, басқа елдерде әйел құқығы сақталып, гендерлік саясат жүйелі жүргізілсе, біздің елде әлі де әйелдерді әдебиетте шеттету бар. Әсіресе, проза жанрында. Себебі роман жазу деген өте ауыр. Әйелдер от басынан, әлеуметтік жағдайдан асып мен сияқты тағдырын арнап сүйекті шығарма жаза бермейді. Бұл қос томдықтар менің алтыншы романым.  «Үлкен үйдегі үрей» , «Жалғыздың жарасы», «Біртуар», «Көрдемшенің қасіреті» деген романдарымды да халқым сүйіп оқуда. Балалар әдебиетінде «Ауылдан шыққан миллионер» атты бестелер де мінікі.

Ал, Мемсыйлықтпен  қазақ әдебиеті әдебиет болғалы проза жанрынан әйел адам марапатталмапты. Поэзиядан Мәриям Хакімжановадан бері сыйлық алғандар баршылық. Өткен жолы драмадан да Роза Мұқанова тұңғыш болып марапатталды. Әдебиетте жыныс болмауы керек.

- Сонымен, комиссия құрамының әділетті жасақталатынына сенбейсіз ғой?

Іріктеуден өткізудің мұндай  жүйесі әбден ескірген деген пікірлерді оқып қалдық. Сіздің ойыңызша, мұндай әділетсіздіктердің алдын алу үшін не істеу керек?

- Осы комиссия мүшелерінің жалпы саны қырықтың үстінде  болса, солардың бәрі менің кітабымды оқыған деп айта алмас едім. Өйткені кітаптар екі апта қалғанда таратылған. Әрі сыйлыққа түсіп жатқан мен ғана емес, басқа жазушылар да бар. Қолдарына кейбір шығарма тимеген де естуімше.

Комиссия талқылауында бұл қос томдықты оқымағандар да бар екенін жоғарыда айттым. Әділетсіздік деген сол емес пе?  Оның үстіне, біздің кітаптар маусымның ортасында ғана қолдарына тиген. Он бес күнде сонша кітапты қалай оқып шығады?

Негізгі бар мәселе секция бойынша, әр маман өз саласынан дауыс бермеуінде деп ойлаймын. Сондықтан мемсыйлық комиссиясының жұмыс жүйесіне өзгеріс енгізілуі керек. Содан соң менің намысыма тиетін «Сәуле Досжан әдебиетке зейнетке шыққан соң келді, тіпті әлі жас қой, жазады. Алдында ағалары бар жол берсін» деген әңгімелер тарап кетіпті. Айналайындар, мен биыл қыркүйекте 63 жасқа толамын. Жазуды он төрт жасымнан бастағамын. Поэзиясы бар, прозасы бар отыз кітаптың авторымын. Мемлекеттің үлкен сыйлығы адамға, жасына, жынысына  емес, шығарманың салмағына қарай бағалануы керек. Онда Отанын, елін, ұлтын, тарихын көрсетіп, өткені мен болашағын айтуы керек. Сақал сатып марапат алуды қою керек.  Қырық жастағы қаламгер де алдыңғы толқыннан асып түсіп, шаппай бер бәйге алуы мүмкін, еңбегі лайық болса.  Жетпіс жасында да ұлы шығарма жазуы мүмкін бұрын танылмаған адам. Ондай құбылыстар өнердің бар саласында тарихта бар.

- «Қасірет пен тағдыр» дилогиясының Қазақстанда көп оқылған кітаптар бойынша жоғары рейтингке ие екенін білеміз. Өйткені, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы бойынша жүйелі насихатталған кітап қой. Жалпы, кітап туралы оқырман пікірі қандай?

- Осы үш күннен бері әлеуметтік желіні тек менің оқырмандарым жарып жатыр. Аккаунтымда біразы тізіліп тұр және сағат санап қосылуда. Мен оқырмандарымның ақ жүрегіне ризамын, Алла разы болсын. Бәйгеге түскен басқа қай жазушыны осылай іздеп, қолдап жатыр? Мен қазір бұған мақтанып отырмын!

- Сіз өз постыңызда «Бүгінгі күннің Батыраштары «Қасірет пен тағдыр» кітабының «басын шапты» деп жазыпсыз. Мұндай әділетсіздікке қандай әрекет жасайсыз? Әлде үнсіз көнесіз бе?

- Мені күллі халық қолдап отырғанда, кітабым жапон, ағылшын, қытай, орыс оқырмандарына тарап жатқанда, кімнен қорқамын? Сондықтан, осылай сұхбат беріп, шындықты ашық айтып отырмын. Қазір әлемде ядролық соғысқа қарсылық тақырыбы қызып тұр. Сондықтан өздері аударып жатыр, бүгін жапондық Масуджима Шигенобу хабарласып, қолдауын білдіріп жатыр. Бұйырса, ол да пікір айтып, сұхбат береді. Түрік тіліне аударған аудармашым Уфук Тузман пікір жазды. Америкада Чикого университетінде аударылып жатыр. Енді жарты жылда әлем шулайды. Сонда ұлтының тағдырын жазған қос томдық еңбекті бағаламағандар ұялатын шығар, әлде ұялмай ма екен? Оны өз арына қалдырайық. Менің «Қасірет пен тағдырымды» әлі әлем танитын болады. Бірақ мен соңғы бір жылда жаңа жолға түскен, әділеттің туы көтеріліп келе жатқанын еліме сенем! Әділетті Қазақстанның өз халқының қасіретін еститін мемлекет барына сенем! Комиссия мүшелерінің ұлттық, отаншылдық намыстары оянып, қайта қарап, әділ баға береді деп күтем.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Саян Асқарұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5517