Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Әне, көрдің бе? 4066 16 пікір 16 Тамыз, 2022 сағат 13:47

Мәскеу мен Бейжіңнің шекесі тырысты

Тәжікстанда АҚШ-тың бастамасымен ірі әскери жаттығу өтуде. "Regional Cooperation – 22" жаттығуына Ресейдің сенімді серіктестері деп саналатын елдердің барлығы дерлік қатысып жатыр. Тәжікстан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан мен Моңғолия жасақтары бар. АҚШ әскері айтарлықтай көп емес, алайда олар жаттығуды қаржыландырушы және алға жылжытушы саналады. 

АҚШ-тың Душанбедегі сайты әскери жаттығу аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға бағыталғанын айтады. Терроризмге қарсы күрестің бір элементі дейді. Әскери жаттығудың ашылу салтанатында АҚШ-тың Тәжікстандағы елшісі Джон Марк осы жаттығу арқылы Орталық Азиядағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, әріптестік артатынын баса айтқан болатын.

АҚШ-тың Орталық Азияда жаттығу өткізуі тегін емес дейді мамандар. Тура бір жыл бұрын АҚШ өз әскерін Ауғанстаннан әкетті. Ауғанстанда жағдай тым тұрақсыз күйге көшті және өзімен шекаралас елдердің тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін. Осы мүмкіндікті пайдаланып, АҚШ Ауғанстанмен көршілес елдермен әскери қатынасын нығайта түспек.

АҚШ тәжік әскерімен жеке жаттығуды да өткізу үстінде. Жаттығу Фахрабад әскери полигонында өтіп жатыр. Бұл жаттығулар Мәскеуге де, Қытайға да, Ауғанстанға да ұнамайды. Олар қазірдің өзінде Рахмон билігіне жасырын хабарлама жіберіп үлгерген дейді мамандар.

Тәжікстанда Ресейдің Орталық Азиядағы ең ірі әскери базасы тұр. 201-базада Ресейдің 7 мың сарбазы бар. Кей дерек бойынша Украинадағы соғысқа байланысты олардың саны екі есеге азайған. Ресей Ауғанстандағы жағдайға байланысты бұл базаға зымыран кешендерін, танктер мен бронды техникаларды жеткізген болатын. Бірнеше мәрте ірі әскери жаттығу да өткізді.

Ресей Тәжікстанда ірі әскери база ұстау арқылы Орталық Азиядағы ықпалын арттырғысы келеді. Ресейдің әскери базасы Рахмон билігінің кепілдігі де болып отыр. Рахмон Орталық Азияда билікте ең ұзақ отырған басшы болып қалуда. Кей ақпарат бойынша ол тақты өз ұлына қалдыру ниетте дейді. Орталық Азияда оның мысалы да бар. 2022 жылдың наурызында Түркіменстан басшысы ұлына тақты табыстады. Осылайша Орталық Азиядағы ең жас басшы ретінде Сердар Түркімен билігінің тізгінін қолына ұстады. дәл осы жолды, Тәжікстан билігі де қайталауы мүмкін. бірақ ол үшін Рахмон билігіне Ресей әскерінің кепілдігі керек. Ал қазіргі әскери жаттығулар ол кепілдікті күмәнді етпек.

Ресей билігінен бөлек, Қытайға да бұл жаттығулар ұнамайды. Қытай Тәжікстан билігіне ең көп қаржы құюшы елдің бірі. Бірнеше кен орнын да алып отыр. Олар Орталық Азияға АҚШ-тың дендеп енуіне ниетті емес. Тәжікстандағы АҚШ әскери жаттығулары Ауғанстандағы тәлібтерге де ұнамайды. Олар тәжік әскерін өзіне қарсылас санайды. Сонымен қатар тәлібтер Масуд жасақтарын АҚШ әскері жасырын Тәжікстанда дайындап жатыр деп күдіктенеді.

Осылайша АҚШ-тың Тәжікстандағы жаттығуы Рахмон билігіне қатысты Мәскеу, Кабул, Бейжіңнің сұрақтары мен күдіктерін арттыра түскендей...

Abai.kz

16 пікір