Хан Кененің ұрпағы поп болып кетіпті деушілерге
Бір нәрсенің парығына нақты барып, шындық пен жалғанның арасын ажыратып алмай тұрып, бірдеме айтуға болады ма?! Біз қазақ, неге өзіміздікін біреуге беріп қоямыз?! Әлденеше рет, айтқанмын, мықты халықтар өзінікін ешкімге бермейді, керісінше, басқаны өзіне айналдырады! Мысал ретінде орыс, түрікті, тіпті бауырлас өзбекті алайық дегенмін! Жоооқ, біздер өзімізге күлеміз, мықты болсақ, қазақ тек өз кіндігінен ғана емес, басқаны сіңірумен де көбейіп отырмас па еді! Жоооқ олай емес, керісінше, қазіргі «елдің жұрты аманда деген заманда» сан-сақ-сапалаққа бөлінеміз! «Евангелист, баптист, кришнаит, тенгрианшыл, агностик-атеистсымақтар, тіл білместер т.б.» айналып, ауып кеткендер қайтіп қазақ болар дейсіңдер ме! Жоооқ...
...Кене ханның «асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» екенін дөп таныған, қызыққан елдер қайткенде де ұрпақ алып, оларды өздеріне қызмет еткізуге тырысқаны айдан анық нәрсе! Өлтірілмес бұрын, бауырлас қырғыздарымыз да сөйткен, ал орыстар ханның жас қызын қолға түсіріп, шоқындырып, күйеуге берген! Ал енді «қызықты» қараңыз, сол некеден Отан Соғысының қахармандарының бірі генерал-полковник Александр Моисеевский туып отыр! Ең ғажабы, әлде, қан тартқаны ма, сол кісі, ғалым, Кене хан ұрпағы Натай Кенесаринге хат жазған...
Поп болып кетті деген ұрпағына келсек, ол туралы жорналшы Нұртаза: «Ахмет Кенесарұлынан-Әзімхан-Мадияр-Анатолий-Денис туған, міне, осы Денис Анатольевич иеромонах, отец Серафим болып жүр... Әзімхан болса Алаш Орда мүшесі, қазақ жоқтаушысы, түрмеде отырғанда ұрпағым орыс болып шығады деп ойлады ма екен...» деген ой толғайды. Нұртазаның бұл сөздерді өзекті өртеген өкінішті сезіммен айтып отырғанына сенімдімін, ал енді, «атақты Кенесарының ұрпағы поп болып кетіпті» деп күлушілерге айтарым, «алдымен өздеріңе қарап алыңдар, алдыңда өзіңді не күтіп тұрғанын қайдан білерсің» дер едім! Жалпы алғанда, бұл күлетін емес, жылайтын, қуанатын емес, қынжылатын жағдай емес пе? Қазақтың мықтылығы сол Кенесары заманынан бастап әлі күнге әлсіреп, жойыла бастағанының көрінісі емес пе? Мықты елдер басқаларды ассимиляцияға ұшыратып өзі жасайды, ал деградацияға ұшырай бастағандар өз еркімен басқаның құлдық қамытын киіп сөзін алып, көзі жасайды дер едім, түсінгенге!..
Осы әңгіме шыққалы Дениспен интернет арқылы танысып, табысып көптеген сыр ақтардық, өзі де неге екенін маған сеніммен қарайды! Білгенін жасырмай, ойын ашық айтады. Ақылды, эрудициясы жоғары, салмақты жігіт! Бірақ, сол әттеңі де бар...
Көптеген сұрақ жаудырам, шығу тегі, оны қайдан білгені, өмірге деген көзқарасы, қазақ жөніндегі ойлары, жалпы таными дүниесі, діни-біліми т.б. тақырыптарға талай ой жүгіртеміз. Мені сыртымнан біршама біледі де екен, менен жасы біраз кіші болғанымен, ойын жасырмай ашық айтады, өзі туралы алыпқашпа сөздерге қатты қынжылатынын білдіреді. Қазіргі күнде церковпен де аса жақсы емес, басқа елде тұрып жатыр, онысына «атаңды империя бунтарь-бүлікші атаған, сол қасиет қаныңда бар-ау» деп қалжыңдаймын! Күледі! Шіркеудің, жалпы кейбір діни, бірақ көңілі таза емес қызметкерлердің көптеген әлсіз, әділетсіз жақтарын да сөз етеміз...
Хош делік! Біздер қазақтар қызықпыз, басқалар «ескінің көзі» деп, «асылдың сынығы» деп, «көк бөрінің жалғасы» деп, хан тұқымын басына көтеруге, ұрпақтарын өз елдеріне айналдыруға құмарлықпен дайын болса, біз кежегеміз кейінге кетеді! Сол «русо-коммуняктардың» әсерінен, тәлім-тәрбиесінен шыға алмай кенжелеп қалғанымызды ұғынармыз ба десеңші?! Тағы бір қызығы аталған идеологияға жағымдыларды біз де басымызға көтеріп, қалғаны туралы айтқымыз да келмейді. Мысалы, Шәмші десе ішкен асын жерге қоюға дайын қазақ, оның сол ханға жиеншар екенін біреу білсе, біреуі білмейді де! Түсініксіз-породокс!
...Мақұл, бұл жерде осы айтқандарым бойынша басқалай сөз қоспай, Денис бауырымыздың өз сөздерінен біраз нәрселерді түйіндей кетейін, ары қарай қорытынды жасауды өздеріңізге қалдырдым...
Кенесары ханның ұрпақтары туралы мәліметтерді, кенже ұлы (хан опат болғанда бес жаста қалған) Ахметтің, ағасы Сыздық (орысша Садық, Сыдық, Сыддык деп те айтылады, хан опат болғанда он жаста болған) сұлтаннан естіген естеліктері негізінде жазғандарынан және хан ұрпағы Файзулла Үрмізов (1990 жылдары қайтыс болды) ақсақалдың (жазбалары проффессор Мұхамбедия Ахмет-төреде) шежіресінен, оған қосымша қазіргі ұрпақтарының айтулары арқылы түгелдей білеміз деуімізге болады. Тек қана орысқа айналып кеткендері жөніндегі мәліметтер сұйықтау.
Денистің айтуы бойынша, Алматыда туған, 1994 жылдан бастап священник жолына түскен, қазір кейбіреулер неліктен аяқ асты тақырыпты шуға айналдырғандарын түсінбейді де. Оған «сенің фамилияңның өзі не тұрады, бар қазақтың қызығушылығы сондықтан ғой, біз қазақ өзің де білетіндей ата-баба аруағын ерекше құрметтейміз...» деймін. Бабасы Кенесары хан, өзінің шығу тегі туралы бірталай мәліметтерден хабардар. «Фамилияңды ауыстырғың келмей ме» дегеніме «жоқ, ол кісі елдің бостандығы үшін жанын қиды, ал, сендер қазіргі күнде ұрылардың сөзінен аса алмайсыңдар! Бірдеме болса, орыстар кінәлі деп шығасыңдар, орыс халқы қиындықты, қорлауды аз көрді ме екен» дейді. Бірдеме айту да қиындау...
Әзімханның Алаш қайраткері болғаны белгілі, одан Натай мен Мадияр (азан шақырған аты Насыролла) туған. Натайдың өз елімізге сыймай, Өзбекстанға қашып, сонда геология саласының білгір маманы болғанын естідік, ал Мадияр болса, бұл жақта тұрақтамай Москваға жылысқан екен. Сонда жүріп, МГУ-дің геология факультетіне оқуға түскен. Көп ұзамай Отан Соғысы басталып, геологиялық броні бола тұрып, өз еркімен майданға аттанған. Білімді болғанына байланысты танкке қарсы артиллерияда қызмет етіп, офицер шенін алған, соғыста сегіз рет жараланып, көптеген ерліктерімен көзге түскен. Кенинсбергтегі ауыр шайқас барысында қарулас-расчеттестері зеңбіректі бұрып жатқанда, неміс офицері Мадиярды тапаншамен ту сыртынан атқан, мойынға тиген оқ тамақтан тесіп шыққан. Ел өлдіге санап тастап кеткенде, санитаркалар тірі екенін байқап госпитальға алып барады. Сол жерде өзінің курстасы Галина Ильинична кездесіп, бірнеше ай ес-түссіз жатқан адамды күтіп-баққан, ақыры, сол кісі ажалдан құтқарып қалды. Соғыс та аяқталып, екеуі үйленіп, Москвада тұрақтады, Мадияр болса, геофизика институтында құпия бағдарламаларды зерттеу бөлімінде қызмет етеді, 1948 жылы Галина әжей қайтыс болып, олардан ұлдары Анатолий қалады. Мадияр атамыз сонда тағы үйленіп, Александр атты ұлды болады. Ақыры, сонда жүріп урандық сәуле соққы-облучение алады. Құдай басқа бермесін дейтіндей, ет тері-сүйектен ажырып, жұлынып түсетіндей жағдайдағы ауру, Мадияр ата күні жақындағанын сезіп, «өлсем сүйегім туған жерде қалсын» деп Алматыға келген екен, бұнда біраз туыстар, қарындастары Напуса, Раушан апалар бар еді. Көп ұзамай Мадияр ата қайтыс болып, «Ташкент көшесі» қорымына жерленеді, кейбіреулер мүрдесінен әлі күнге күлгін сәуле шығады деседі. Екінші әйелі баласы Александрды алып, Москваға қайтып кетеді. (Бір деректерде сол Александрдың ұлы қазіргі күнде жазушы дегенді интернеттен оқығаным бар, Денистің одан мүлде хабары жоқ екен)...
Тұлдыр жетім қалған Анатолий Мадиярұлы Алматыда әпкелерін паналап қалып қойған. Ал енді сын айтқыш, мін айтқыш қазақтар не дер екен, неге ол бала қазаққа айналмады?! Ал мына Дениске православиялықтардың сый-құрметпен қарайтыны, адам сияқты сөйлесетіні қалай?!
Сонымен, Анатолий ағамыздың ары-жүріп, бері жүріп, сенделістің, күйзелістің ащы дәмін әбден татқан адам екені анық! Туыстарға аса симаған қалпы, жетімдер үйінде де күнелткен, Денистің айтуынша кейін де жалғыздықты және кітаптарды жақсы көрген екен! Ақыры, генетикалық қан жіберсін бе, өз бетімен оқуға түсіп, оны аяқтап, Алматыдағы философия институтында қызмет еткен, Әл-Фараби танушы ретінде белгілі ғалым болған адам. Атақ-даңқты қумаған, керісінше басқаларға талай диссертациялар жазып берген сияқты. Үйленгені Жамбыл облысы, Талас жақтың қызы тұғын, украинка болса керек. Дениске сол Семен атай мен әжесі жергілікті қазақтар мен казактардан Кенесары Хан туралы естіген әңгімелерін жасынан-ақ айтып берген екен, кейінірек қызығушылығы артып, туыстардан, апаларынан да бірталай мәліметтер жинаған. Анатолий Мадиярұлы 2012 жылы қайтыс болып, әкесінің қасына жерленген. Артында, осы әңгіме арқауы Денис қалған (1970 жылдарғы жігіт). Отбасы анандай болған соң, бұл қайда барсын, сөйтіп, Алматының көп қазақтары сияқты бұл да таза орыс болып шыға келген. Әйткенмен, тілді де, ата-салттың да талай жерінен хабардар, әттең! Ер жете бастағанынан шіркеу қызметкерлері өздеріне тартып, дінге баулыған, Москвалық духовный семинария мен академиясын бітірген. Солай болып шыққан соң, «несіне фамилияңды қалдырдың, басқалар тарапынан келемеж, мысқыл көретініңді білдің ғой» десем, тағы да, "мен негізінен барлық дінге, оның ішінде әсіресе Исламға құрметпен қараймын! Ал енді ұлы бабамызға келсек, ол елінің тәуелсіздігі үшін күрескен өшпес тұлға, тіптен ол туралы ұлты басқа нағашы жұртым бір жаман сөз айтпай, рухына бас ие қарайтын...» деп қайтарғаны бар...
Бір әңгімемізде «Денис, сен әсіредіншіл емес, ғылымға бейім жансың, ал енді шіркеу шенділері патриархтан бастап ФСБ-ның агенттері екенін жұрттың бәрі де біледі, ақыры, шіркеумен де ұрысып, шетелге кеттің, сондықтан, тіпті таза мұсылман болып кетпесең де, агностикалық жолға түсіп, елге қайтсаңшы, теологиялық, философиялық бағытта жұмыс істесең болады ғой! Бар қазақ бауырларың түсіністікпен қарап, құрметке бөлер еді» дегеніме, әлі ондай қадамға дайын емес екенін айтты.
Біздер қазақтар басқаны өзімізге айналдыру емес, өзіміздің көптеген адамдарымыздан көзімізді бақырайтып тұрып, айрылып жатқан елміз. Түрік ағайындар сияқты мықты ұлт бола білсек, елдегі аз ұлттармен алыспай, оларға тіл, дін, діл үйретіп, қамқор болып әлдеқашан өзіміз текті қылар едік қой!..
Азкен Алтай
Жетісулық
Abai.kz