Бейсенбі, 10 Қазан 2024
1727 2 пікір 19 Тамыз, 2022 сағат 13:03

Қаңтар оқиғасы: Ұсталғандардың 71 пайызы азапталған

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандардың 71 пайызы азапталған. Бұл туралы Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтис айтты. Халықаралық бюро бүгін Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтар құқығының қалай бұзылғаны туралы есеп жариялады.

Қаңтар оқиғасына байланысты, ресми дерек бойынша, он мыңнан аса адам ұсталған. Оқиға кезінде кемінде 238 адам қаза тапты. Оның алтауы тергеуде азапталып, көз жұмған.

«Адвокаттардың басым бөлігі азаптау оқиғасы бойынша шағым түсірген. Тексеріс жүргізілген. Бірақ шағымның 18 пайызында ғана азапталған адамға жәбірленуші статусы берілген. Азаматтардың 77 пайызы өзін кім азаптағанын білетінін айтса да, тек 18 пайыз адамды жәбірленуші деп тапқан!» — дейді Жовтис.

Қаңтар кезінде ұсталған азаматтар үстінен көбіне Қылмыстық кодекстің жаппай тәртіпсіздік (52 %), қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу (13 %), ұрлық (12 %), билік өкіліне күш көрсету (11 %) баптарымен іс қозғалған.

Есеп бойынша, азаматтардың 63 пайызын ұстау кезінде полиция күш қолданған. Бірақ мұндай жағдайдың ешбірі, құқық қорғаушы дерегінше, видеотіркеуге жазылмаған.

Қаңтар оқиғасына байланысты тергелген жүздеген адам азаптауға шағынған. Қазірге дейін құқық қорғау органдарының 15 қызметкері азаптау мен тергеудің заңсыз әдістерін қолданды деп тергеліп жатқаны белгілі. Қазақстанда азаптау бабы бойынша арыздардың сотқа жетуі, күш қолданған адамның жауапқа тартылуы сирек.

Құқық қорғаушылар есеп аясында Қазақстан билігіне бірнеше ұсыныс айтады. Оның арасында полиция видеотіркеуіне қатысты талапты күшейту, ұсталған азаматқа құқығын түсіндіру талабын мұқият сақтау, адамның туыстарына не басқа азаматтарға ұсталғаны туралы хабар беру құқығымен дұрыс қамтамасыз ету, заң көмегін алу құқығын мұқият қамтамасыз ету, азаптаумен күрес бойынша шұғыл тиімді шара қабылдау сияқты кеңестер бар.

 

Abai.kz

2 пікір