Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3394 0 пікір 14 Желтоқсан, 2012 сағат 06:56

Болат Абаған. Ызғарлы түндер, ызбарлы жүздер

... Сол күндер есiме түссе, әлi күнге дейiн ет жүрегiм езiлiп, жанымды қоярға жер таба алмаймын. Оқиға кезiндегi жастар көрген қорлықты Құдай ешкiмнiң басына бермесiн. Қанды оқиға ойға оралғанда жарылған бастың орны солқылдап, қыздардың құлындай шырқыраған дауыстары құлағыма келедi, алаңдағы көрiнiс көз алдымнан өтедi. Тән жарасын қойшы, жан жарасын айтсаңшы! Жүректегi мұз әлi ерiген жоқ. Жалғанда мұндай нәрсенi көзбен көрiп, бастан өткергеннен ауыр ештеңе болмас.

... Сол күндер есiме түссе, әлi күнге дейiн ет жүрегiм езiлiп, жанымды қоярға жер таба алмаймын. Оқиға кезiндегi жастар көрген қорлықты Құдай ешкiмнiң басына бермесiн. Қанды оқиға ойға оралғанда жарылған бастың орны солқылдап, қыздардың құлындай шырқыраған дауыстары құлағыма келедi, алаңдағы көрiнiс көз алдымнан өтедi. Тән жарасын қойшы, жан жарасын айтсаңшы! Жүректегi мұз әлi ерiген жоқ. Жалғанда мұндай нәрсенi көзбен көрiп, бастан өткергеннен ауыр ештеңе болмас.

Мен ол кезде Алматыда жұмыс iстейтiнмiн. Әлi есiмде. 16 желтоқсан күнi кешкiсiн радио-теледидардан орталық комитет пленумының шешiмiн естiгенде қатты қапаланғанымыз рас!  Таңертең жұмысқа келгенде бәрiмiздiң айтқанымыз кешегi жаңалықтың жайы. Түскi он бiрлер шамасында басшылықтан кісілер жетті. Шағын жиын жасады. Кешкiсiн жұмыстан қайтқанда орталық алаңды қиып өтетін автобустар өздерінiң  күнделiктi жолдарын өзгертiп, басқа көшемен жүрiп кеттi. Автобус iшiндегi адамдардың бәрiнiң аузында алаңда болып жатқан наразылық, бiреулерi мақұлдаса, екiншiлерi қарсылық айтады. Бiз, жұмыстан бiрге шыққан екi-үш жiгiт, Сәтбаев көшесi бойынан түсiп қалдық та, алаңға беттедiк. Алаң толы адам. Желтоқсанның сүйектен өткен суығына тонған жастар екi-үш жерге алау жағып, жылынып тұр. Алаң шетiн ала Үкiмет үйiне дейiнгi аралық толған қарақұрым солдат, милиционер, жасақшылар. Қолдарында ұстаған қалқандары, резiңке таяқтары бар. Мiнберде тұрған Үкiмет басшылары дауыс күшейткiшпен жастардан алаңды босатып, тарауларын сұрап, сөйлеп-ақ жатыр. Наразылық бiлдiрушiлер айқайлап, Қонаевты көрсетуді талап етуде.

Уақыт озған сайын қарама-қарсы тұрған екi жақтың арасында шағын қақтығыстар жиiлей бастады. Жастар қолдарына түскен бұта, темiр-терсек, мрамор сынықтарын лақтырып, қарулы солдаттарға қарсылық бiлдiруде, тым ерленiп алға шығып кеткендерi соққыға жығылып жатыр.

Сағат түнгi 10-дар шамасында бағанадан көңiлге қорқыныш ұялатып, дөңкиiп-дөңкиiп тұрған өрт сөндiргiш машиналар қаз-қатар тiзiлiп тұра қалды да, үңiрейген оқпандарынан су атқылап бiзге қарай жылжыды. Шыңғыра қашқан қыз-бозбалалар. Атқақтаған су сираққа тисе, сындырып жiбере жаздайды, екпiнi сондай күштi, жұлындай ұшырады. Көптеген адам құлап қалды. Уралай ұмтылған солдаттар бас-көз демей қолдарындағы сойылдарымен соққылап, қанжоса еттi жастарды. Сол күнi түнi бойы жасақшылармен күшейтiлген, қасқыр иттерді жетектеген  милиция күзеттерi қоян аулауға шыққандай көше-көшені кезіп кетті. Ұсталғандарды аямай тепкiлеп, машиналарға тиеп қамай берген екен.

Ертеңгi сағат 8 мөлшерi. Орталық алаңды қорғаушылардың түрi өрт сөндiргендей. Қолдарында сығымдай ұстаған арматура, кабель кесiндiлерi, шынжырлар, сапер күрекшелерi. Жиналып жатқан жастарға көздерiне қан толып жауыға қарайды. Үкiмет басшыларының қанқұйлы шешiмiнен хабарсыз наразылық бiлдiрушiлер қолдарындағы ұрандарын көтерiп, әндетiп Сәтбаев пен Фурманов көшелерiнiң қиылысына жиналды. Ұрандарының мазмұны: «Әр республиканы өз көсемi басқарсын!», «Қазақстан жасай берсiн!», «Лениндiк ұлт саясаты жасасын!». Орыс халқына, басқа да ұлттарға қарсы жазылған бiрде-бiр ұран болған жоқ.

Сағат 10-11-лер шамасында Фурманов көшесiнiң жоғары жағымен солдаттар тиелген тағы 4-5 автобус келiп тоқтады. Олардың түс-әлпеттерi бөлектеу. Бас киiмдерiнiң бауын тартып байлаған, оның үстiне бастырына ақ қаска киген, бес қарулары бойларында. Алаңға кiрген автобустардан үн-түнсiз түсе-түсе қалған олар бейне бiр жанды машиналар сияқты тiзiлiп тұра қалды да, қолдарындағы сойылдарымен қалқандарын тарсылдатып, жат дауыспен қиқулай айқайласып бiзге қарай лап қойды. Соларды бағанадан күтiп тұрғандай, қалғандары да  қосыла ұмтылысты. Көрсең сол кезде не болғанын! Айқай-шу, қым-қиғаш, бiреудi-бiреу бiлмейдi. Алаң лезде босады. Үлгергенiмiз қашып, үлгермегенiмiз соққыға жығылдық. Босаған алаң қойға қасқыр шапқаннан кейiнгi көріністі көзге елестетедi. Әр жерде бiр қанға батып жатқан жiгiттер, қыздар. Қастарында үш-төрттен құтырған ит сияқты арсылдаған жазалаушы-қанiшерлер. Бас көтеру мүмкiн емес, өледi-ау деп ойламайды, қансырап жатқандарды үстi-үстiне сойылдап, тепкiлейдi. Әсiресе қыз балаларға көрсеткен қорлығын көргенде, жаныңнан түңілесің. Фашистердiң қылығынан асып түскен сойқандарды көрдiк. Қолдарының қышуы қанғанша сабаған соң, сүйрелеп апарып автобустарға лақтырып тастай бердi. Автобус iшi қан сасиды, жарылған бас, сынған қол, шыққан көз, қарау мүмкiн емес. Жараланғандарға толған автобустар қала сыртына жылжи бастады. Бiраз ұзаған соң, бiз тиелген автобус тоқтап, түсе бастадық. Орта жастағы капитан шенiндегi қазақ жiгiтi: «Балалар, ендi алаңға жоламаңдар, жазым болып кетесiңдер айналайындар», - дей берiп едi, былшиған семiз жирен орыс оның өзiне зекiп ұрса жөнелдi. Капитанның бетiне қарап едiм шарасыздықтан бет-әлпетi бiртүрлi болып кетiптi. Шыдай алмай терiс айналдым.

Сол күнi қас қарая итшiлеп қалаға әрең жеттiк. Жеген таяқ, тиген суықтың әсерiнен бiр апта бас көтере алмадым. Жұмысқа шыққан кезде көргенiмiз қудалау, неше түрлi сөздермен қорлау болды. Iш қазандай қайнайды, бiрақ күресуге дәрмен жоқ. Бiрге iстейтiн жiгiттермен бiрге комсомол билетiн өткiзiп, соңғы ескертумен жұмыста қалдырылдық. Осыған да тәубе деп, қыбырлап жүре бердiк.

Радио мен теледидарды қоссаң, еститiнiң қазақтардың ұлтшылдығы, газет бетiн ашсаң - оқитының бетке ұстар азаматтарымызды қаралау. Бiр сұмдық кезең болды ғой, әйтеуiр. Қазiрдiң өзiнде кiмге сенерiмiздi бiлмеймiз.

«Шынында да, желтоқсан оқиғасы туралы көп айтуға болады, әлi айтылар, жазылар да»  деген ойда қалдым мен. Бiрақ сол кезде болашаққа, аға ұрпаққа деген сенiмдерi желтоқсанның ызғарлы желiне ұшқан жастарымыздың сенiмiн оралту үшiн не iстеп жатырмыз?

1991 жылы Мұхтар Шаханов комиссия құрып, бiраз игi iстер атқарды. Бірақ аяғына дейін жеткен жоқ. Нағыз ақиқат айтылар деп үміттенген шақта, быт-шыт болып тарап, комиссия мүшелерінің барлығына жуық  лауазымды қызметтерге ие болды да, тексеру жұмыстары тұйыққа тірелді. Ал  жастардың бейкүнә қанына ортақ болған «игi жақсыларымыздың» көпшiлiгi жылы орындарынан күнi бүгiнге дейiн жылжыған жоқ, қызмет бабымен өсiп кеткендерi де кездеседi.

Болат Абаған.

Материал 2004 жылдың желтоқсанында жазылған.

"Abai.kz"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377