Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3058 8 пікір 23 Тамыз, 2022 сағат 13:32

Тойдың дауы басылар емес

Біраздан бері әлеуметтік желінің темпаратурасы қатты қызып кетті. Әсіресе, қазақ тілді контенттердің даусы ерекше естіледі. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, Қызылорда облысының су жаңа әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың баласы қолына бақыт құсын қондырып, барша жұртты шақырып, ұлан-асыр той жасауда жатыр.

Осыны сөз етпеген жан жоқ. Тойға кімдердің шақырылғаны, оған қанша ақша жұмсалғандығы, олардың ішіп-жегендігі қаншаға түскендігі шемішкедей шағылды. Әсіресе, қаймана жұртты «мемлекеттік қызметкер саналатын осындай әкімнің халық қымбатшылықтан қиналып жатқанда жүздеген миллион теңгені шашып, мені көрдіңдер ме?» деп қымбат мейрамханада, қымбатқа түсетін той жасауы қаншалықты ақылға сияды» деген сұраққа жауап таба алмай, тығырыққа тіреліп қалған күйі бар. Біз, әрине, бұл сұрақты орынсыз әрі қисынсыз деп санамаймыз. Мемлекеттік қызметкер әрі жоғары лауазымды иеленген жанның халықтан тым іргесін ажыратпай, жұрттың ызасын туғызбай, өзін сыпайы да қарапайым ұстауы қажет екендігін жөн санаймыз. Алайда, осы сауалға жауап іздеп сандалған оқырмандарды жұбату сөз айтып, сауабын алғым келіп, мен де шарқ ұрып жүрмін.

Алдымен айтарым, дүрлігетін ештеңе жоқ,  Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа баласының тойын 113 миллион теңгеге тұратындай етіп өткізгені үшін ештеңе де болмайды. Бізде облыс әкімдерін мұндай «ұсақ-түйек» үшін жауапқа тарту деген «жаман» дәстүр қалыптаспаған. Ондай заң бізде мүлде жоқ. Оның үстіне Нұрлыбек ініміздің туған-туыстарының барлығы дерлік мықты-мықты фирмалардың иелері. Күні ертең «Нұрлыбектің оған қатысы жоқ. Ол тойды біз асарлап өткіздік. Шығынның бәрін кәсіпкер есебінде өз қалтамыздан шығардық. Қанша дегенмен туыс емеспіз бе?» десе, не дер едіңіздер? Міне, мәселе қайда жатыр? Нұрлыбек әкімнің тойған қозыдай болып, ешкімге ештеңе демей, тып-тыныш жатуы да сондықтан.

Ал енді «облыс әкімі бұл тойды мемлекеттік қызметкер есебінде әдептен аспай, қарапайымдау өткізсе қайтеді» деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл енді мәселенің моральдық жағы. Мораль, қанағат деген ұғым біздің елде онша популярный емес. Біз ағылшындар емеспіз, үкімет басшысын ковид кезінде кешкілік жиналып, аз-мұз бас қосу (біздегідей той-думан емес) жасағаны үшін қызметтен қуатын.

Үшінші мәселе, мұндайдың бәрі Тоқаевтың құлағына жете бермейді. Оның айналасындағылар баяғы әдетімен дау туғызатын дүниелерді жасырып қалады. Тоқаев өзі айтқан: «Егер қарамағындағылар пара алып ұсталса, басшысы оттавкаға кетуі керек», - деген нұсқауы осы себептен орындалмайды. Сондықтан да Кентау қаласының әкімі сотталып жатса да, Түркістан облысының әкімі Өмекең орынтағында мығым отыр.

Ал сендер қайдағы бір тойды сөз етесіңдер.

Жайберген Болатов

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394