Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4544 0 пікір 21 Желтоқсан, 2012 сағат 13:47

Мұнайдар Балмолда. Ақтан батыр

«Жайық шаһарының құпиясы» атты хикаяттан үзінді

Күн ақтымық. Шарпыны жарға соғылып, аспанға атқылап жататын Жайық көптен сабасына түскен. Жағалауда шәндік шағалалар өріп жүр. Кейде мұндай мүлгудің арты жойқын тасуға апарып, «қарағай басын шортан шалғандай» өзеннің ішкі бұлқыны сыртқа теуіп, жер-дүниеге өзінің өктемдігін жүргізіп бағатыны бар. «Жайық деген жанды су» деп бекер айтылған ба? Бір ауық мінез көрсетіп, шерін шарпынымен тысқа шығарғысы келетін шығар-ау, бұ Жайықтың? Кім білсін? Е, жалған-ай, бұ Жайық нені көрмеген, бәрін кешкен, бірақ со қалпы, толассыз ағып жатыр, ағып жатыр...» Ақтан батыр өзенге әр қараған сайын осындай ойлардың ырқына құлайды.

«Жайық шаһарының құпиясы» атты хикаяттан үзінді

Күн ақтымық. Шарпыны жарға соғылып, аспанға атқылап жататын Жайық көптен сабасына түскен. Жағалауда шәндік шағалалар өріп жүр. Кейде мұндай мүлгудің арты жойқын тасуға апарып, «қарағай басын шортан шалғандай» өзеннің ішкі бұлқыны сыртқа теуіп, жер-дүниеге өзінің өктемдігін жүргізіп бағатыны бар. «Жайық деген жанды су» деп бекер айтылған ба? Бір ауық мінез көрсетіп, шерін шарпынымен тысқа шығарғысы келетін шығар-ау, бұ Жайықтың? Кім білсін? Е, жалған-ай, бұ Жайық нені көрмеген, бәрін кешкен, бірақ со қалпы, толассыз ағып жатыр, ағып жатыр...» Ақтан батыр өзенге әр қараған сайын осындай ойлардың ырқына құлайды.

Ақтан - Жайық қаласының қолбасшысы. Бүгін ғадетінше аздаған сарбазымен шекараға шолғыншылай шыққан бойлары. Секемді ешнәрсе еленбеген соң енді аттың басын кері бұрғалы тұрған, қашанда қырағы, мұрты тебіндей бастаған Қырғи «қиқ» деп белгі беріп, иегімен төменді нұсқады. Жанындағыларға сыбыс шығармаңдар деп күректей алақанын ерніне апарып, ишара қылған қолбасшы өздері тұрған жарқабақтан әудем жерде, өзен жағасында құнжыңдап бірдеңе істеп жүрген аттылы адамдарды көрді. Арқадан құлаған күннің өткір жарығы және қалың жапырақты желектердің тасасында тұрған шолғыншыларды төмендегілердің оңайлықпен байқамасы белгілі. Өзен бойындағылардың жиырма шақты екенін аңдаған қолбасшы дереу бір шешімге келді.

- Жігіттер, сендер осы арада қалыңдар. Мыналар жат біреулер сияқты. Не болса да өзім,-деп қозғала берген, найзагер жігіт Еркесек жаныңызға мені ала кетіңіз дегенді білдіріп, қарагерін тебініп, қолбасшы мінген шұбармен үзеңгі қаға қатарласты.

- Еркесек, тоқта. Бұлар қарақшылар секілді. Әуселесін өзім-ақ көріп-бағайын. Болмаса, белгі берем ғой. Қазақтың жалғызының өзі неге тұрарын жауымыз жақсылап ұғып кетсін,-деп Ақтан шұбарын тебінгенде, ауыздығын қарш-қарш шайнаған қазанат орнынан ытырыла атылды. Ә дегенде төмендегілердің тұмсығының астынан шыға келді.

- Кім боласыңдар? Біздің жаққа ұрланып, қайдан келдіңдер? Не істеп жүрсіңдер?

- Ей, мынау қайтеді? Тез атынан аударып, жон арқасынан таспа тілейік!-деп қаба сақалды жуан қара күрзісін бұлғалап, Ақтанға тура шапты. Орталарына қорықпастан келе қалған бұл қандай батыр деп өзгелері де найза-қылыштарын кезеп, кейбірі сапыларын айқұш-ұйқыш айналдыра ойнақшытып, қоршай ұмтылды. Төніп келген қаба сақалдың құлаштай сілтеген күрзісінен жалтарып үлгерген Ақтан артына да бұрылмастан бұзау тіс дойырын орап кеп қалған, бар екпінімен ағындай өткен жуан қара ат жалына жабысып, былқ-сылқ кете барды. Қарақұсына тиген қорғасын талайды аттан аударатын, мынау оларға қарағанда мықты екен, ерден аумады. Оң келгенін оң, сол келгенін сол сұлатып, жалғыз дойырмен-ақ жауын жусатқан Ақтан батыр шайқасып жүргеннен гөрі ойнап жүрген адамға ұқсайды. Еңгезердей бірі көк сүңгісін тар қолтықтан салам деп ышқынған, артынша мойнына жыландай оратылған қамшы оны да ат үстінен жұлып түсірді. Сүңгісі Ақтанның қолында қалды. Бірінің шірене атқан жебесі төбесінен ысқырып өткен қамшының тілінде кетті. Қару ұстар бірі де қалмағанда арқа тұсынан «Жә, батыр, жетті!» деген үн естілді. Ақтан түкте болмағандай жаймен артына қайырылған, қабақтың үстінде қарулы жау қаптап тұр екен. «Бұлар жер астынан шықты ма? Өздері бірнеше жүз болар?» деп шамалағанша жаңа дауыстаған басшысы болса керек, есік пен төрдей сүмбіл қара ат мінген, ұзын мұрты ширатылып, екі ұртына салбыраған, кесек бітімді, шегір көзді сары мұның алдында таяп келді.

- Өзің осы жердің еркесіндей тым еркін қимылдайсың. Батыр, кім боласың? Жөніңді білейік,-деп пысқырынып, жер тарпыған атын мойнынан қағып, сары Ақтанға сүзіле көз тікті.

- Жөнді мен емес, сен айт. Бұл жер менің ата жерім. Олай болса, мен еркінсімегенде кім еркінсиді? Кімсіңдер?- деп сөзін нықтағанда қолбасшының оң бетіндегі тыртық тереңдеп, жүзін тым айбарлы қылып жіберді.

- Ерегесесің батыр. Мен де еркін адаммын. Өзіңе сенімді болсаң,  менімен шық. Сендерді, қысық көздерді құралайды көзге атқан мерген деседі, менің қолымда да сен құсаған қысықтар бар. Бірақ олардың оғы менікінен әлсіз... Сені байқайық,-деп сары садағын ыңғайлап, әудем жерге барып, атынан түсті. Ақтан үндемеді. Атынан ырғып түсіп, ашыққа шығып, кеудесін кере тұра қалды. Сары бірнеше қадам алға басып, өзі қалаған қашықтықты таңдап, садағын шірене тартты.

- Батыр, жаңа менің адамдарымды тулақ құрлы көрмей жайпап тастадың, сондықтан ендігі кезек менікі.

Төңірек қыбырсыз. Демдерін ішіне алып, болар қызықтың әр сәтін жіберіп алмауға ұйысқан. Ақтан өзінің нысанаға іліккенін аңдамаған адамша, жау жасағына қарап, тым жайбарақат тұр. Сарының мүлт кетпесіне нық сенімді жасағы екі жаққа алма-кезек қарағыштап, дала батырының қазір-ақ екі бүктетіліп, домалап түсуін ғана күтулі. Ақтан болса, бейқам қалпы, кісесіне ілінген жанторсығын алмақ боп әуре. Сарының бүріскен алақаны ашылды. Үшкір жебе ауаны тілді. Ақтан езуінен аққан қымызды жеңімен сүртіп, торсығына бір, садақ тартқан сарыға бір қарады.

- Осындай бір жекпе-жекте ойраттың оғы көктей өтіп еді, сенікі кептеліп қапты. Жанымнан тастамайтын әдемі торсығымды тағы жамайтын болдым-ау,-деп Ақтан жебені шыбықша сындырып, аулаққа лақтыра салды. Жау жасағы не болғанын түсінбеулі. Бұлай болуы мүмкін емес. Атамандарының атқаны қашан қиыс кетіп еді? Ешқашан. Олай болса, мына қыпшақ ол садақ тартқанда сусынын тамсана ұрттап, қалайша жайбарақат тұрды? Олар Ақтанның оққа торсығын тосып, өзі елеусіз қимылмен айласын асырғанын аңғармады. Сарының қаны басына теуіп, тобылғыдай түске еніпті. « Әп, сені ме, өзіңнің оққағарың бар екен» деп тістерін шықырлата қайзап, шегір көздері қанталап шыға келді. Бірақ көпті көрген сабазың саспады,  ендігі кезек сенікі деп, Ақтанға аңдыса қарады. Ақтан асықпады. Атаман соны пайдаланып, шегіншектей берді. Бәлкім қапияда мына қазақтың қолынан оққа ұшамын ба деген ой санасын басты ма, әйтеуір әріректегі ағаш түбіне жетіп, әрең тоқтады. Ақтан арқасындағы ай сипат дырау жақты асықпай алып, қорамсағына қол салғандай болған, сұр жебе зуылдай ұшты. Демде тізерлей қалып және бір сайгез оғын босатқанда, қос жебе жарыса зымырады. Қарағай түбіндегі сарының дәл тұмсығының алдына жете, ілкі ұшқанын, кейінгісі қағып, қос жебе атаманның шиыршық мұртын жанай ағашқа кірш-кірш қадалды. Ешкім ештеңені ұғып болмады. Дұшпан жағы атамандарының мұндай түрін өмірлерінде алғаш рет көруі, үрей шегір көздерге ұя салып үлгеріпті. Бірақ атаман басын тартып қап, жебелерге ілінген мұртын уқалап, қарқылдай күліп, ортаға жүгіре шықты.

- Қысық көздім мықты! Керемет! Кім бұлай ата алсын? Менің орнымда болсаңдар, бұттарыңды дымдар едіңдер,-деп жасағына айқайлай сөйлеп, қолдарын шапаттап, Ақтанға қарай ентелей жүрді.

- Қабақта оншақты сарбазым қалған, әне, көзіңе түсті ме? Солардың әрқайсысы менен де асқан мерген,- деп Ақтан көрсеткен қабаққа сары шегір көздерін сығырайта қадады. «Бұл жалғыз болмады» дегендей қол астындағы жасағы да күннен көздерін көлегейлеп, жоғарыға телмірді. Қазақ жасағы шағын болсада ақ дулыға, көк сүңгіден көз сүрінгендей. Сары сөз жалғады:

- Сарбаздарыңның бары сол ма? Тым көп екен. Сен сонда кімсің?-деп кекетуі кейінде тұрған жасақтың ащы күлкісіне ұласты.

- Қазақпын! Қазақ қолының қолбасшысымын!

- Қазақ?

- Иә, ондай ұлтты, елді естімеп пе едің?

- Неге естімейін, естігем. Білеміз. Алдындағы малы қалай қарай ықса, солай қарай көшіп, қаңбақ құсап ығып жүретін қаратабан бір ел бар деуші еді. Сол ел сендер екенсіңдер ғой. Солай емес пе? Бірақ тап сендей болар деп ойламаппын. Сенің алдыңа салған малың көрінбейді. Қару ұстаған кәдімгі батырсың. Сонда қазақ дегенің не мағына береді? Қа-зақ,-деп сары буынға бөле, сөзін тіс арасынан ысылдай босатты.

- Айтпадым ба, еркін ел дегенді білдіреді деп. Біз туралы мүлдем білмейді екенсің. Алтай мен Атырау арасы мекенім, жә, әріге бармай, беріден ғана қайырсам, Еділ мен Жайық бойы қала соғып, түтін түтеткен, көш түзеп, ұрпақ түлеткен, тыныш жатқан ел боламыз. Ал сендер де әлдеріңе қарамай өздеріңді еркін санайды екенсіңдер, мен білсем, сендер қашып-пысып жүрген, жол торуылдап, бейбіт елдерді тонап, қарақшылықпен айналысып жүрген нашар адамсыңдар.

- Батыр батыр дегенге, тіліңді безей берме. Оданда сарбаздарымыздың күшін сынап байқалық, қа-зақ!- деп сары атаман әскеріне бұрылып, әлдене деп әмір берді. Ортаға қолдары артына қайырылып, байланған екі адам келтірілді.

- Қазақ, сен келіп, біздің бір ісімізді кідірттің. Әйтпегенде мына екеудің жаны баяғыда жаһаннамға жөнелер еді. Енді соны сенің көзіңше бітіреміз.

- Бұлар өз адамдарың сияқты ғой.

- Солай, өзіміздікі. Бірақ бұлар тәртіпті бұзған сұмырайлар. Біз үнемі жорықта жүреміз, сендер сияқты бала-шағалы болып отыру бізге өліммен парапар. Сондықтан үйленуге ешкімнің құқы жоқ. Әйел ләззат көзі ғана. Ал мына оңбаған ана қатынға үйленіп, одан бала көріпті. Оны менен жасырып келген. Осы жайтты білген мына шал осыны маған тек бүгін ғана айтты. Осылай екеуі де өздеріне өздері үкім шығарып қойды,-деп сары атаман ысқырып қалған, кінәлілерді екі кісі найзаларымен түйгіштеп, өзенге қарай айдады. Жар басында тұрған қазақ жігіттері қолбасшының кешіккеніне алаңдаулы. Төмендегі тірлікті алыстан бақылаулы.

Өзеннің жайылмалау жері екен, байлаулы екеу кеңірдектерінен су келгенше ұзады. Сәлден соң тұншығады. Байғұстар соңғы мәрте арттарына бұрыла берген, бірінің көзіне, екіншісінің желке шұқырына сұғынған жебе екеуін де батырып жіберді. Су бетінде жебе масақтары ғана қалқып бара жатты. Топ арасында тұрған бес-алты жасар балақайдың кішкене жұдырығынан қан сорғалады. Ол өлген жігіттің ұрпағы болатын. Түйілген жұдырығында кішкене айқыш, көгілдір көздерінде жас. Жанындағы шешесінің де дауыс шығарып жылауға қалі жоқ, өксіп, тұншығады. Сары атына қарғып мінді.

- Батыр, міне, біз жауымызға қандай қатал болсақ, бағынбаған өз адамдарымызға одан бетер қатыгезбіз. Біздің күшіміз осында,-деп мұртын ширатып, масаттанды,- енді сен мақтаған сарбаздарыңның өнерін көрелік. Шақыр бермен. Сарының сөзін естімегендей Ақтан қарсы сұрақ тастады.

- Әйел мен баланы қайтпексіңдер?

- Аяққа оралғы қылмаймыз. Мақтаулы мергендеріңді шақыр. Менің әскерім қазақтардың жай сарбазының садақ атқанын көрсін,-деп атаман қабақ үстіндегілерге қолын бұлғап, қатты ысқырып кеп жіберді. Онысын желіккен жасағы қоштап, төңіректі айқай-шуға ұластырып, сапыларын ойнақшытты. Ақтан бір шетке шығып, ыммын белгі берді. Алдымен ортада тұрған шешесі мен балаға қамшысын нұсқады, сосын қорамсағынан екі жебе суырып, бір-біріне қайшылады. Қабақтағы оншақты аттылының арасынан екі сарбаз екі қапталға бөлектеніп шыға берді. Ақтан шырамытты. Бұлар талай соғысты бірге өткізген қандыкөйлек серігі Жаужапыр мен аңқылдаған жас сарбаз Қырғиға ұқсайды. Қарт сарбаздың жақ тартқаны байқалды. Жасы болса соның атуын аңдып, әлі қиыстап, шауып барады. Төбе құйқаңды шымырлатардай мөңіреген сайгез оқ қалың әскердің үстімен кеулей ұшып, көздеген нысанасына таяп келе жатқанын әр кім сезулі. Ысқырынған дауыстар тиылып, мына бір үрейлі, тосын, мөңіреп берген дыбыстан мазалары қашқан. Бала мен шешесіне бірдей шаншылар ұзын қара жебе нысанаға бірер адым қалғанда шарт сынып, бөлініп жерге түсті. Масағы сарғыш түсті ақ жебе қапталдағылардың бірінің қалқанына кірш етіп қадалды. Жаужапырдың тоғыз сауытты тескендей ауыр оғын Қырғидың ақ жебесі қиып түскенін Ақтан жазбай таныды. Сарбаздарының бұл өнеріне іштей разы болған қолбасшы оқтарды теріп алып тұрып:

- Бұл жебелер өмір мен өлімнің арпалысуын түсіндіру үшін атылды. Біздер бір-бірімізді байқастық. Құдай шайқасуға жазбасын. Мына екі бейбақтың жанын қи, бізге қалдыр,-деп секпіл бет балақайдың ақсары шашынан сипады. Сүдіні жат болса да өздеріне араша түсіп тұрғанын ұққан әйел Ақтанға жылышырайлана қарады. Баланың көзі Ақтан батырдың қолындағы жебелерде.

- Қа-зақ, ол қиын шаруа. Бірақ түрлерін көрмесем де сенің анау қабақ басында қалған жігіттеріңнің мына өнерін көріп, біз сүйсініп тұрмыз. Жесір қатын мен жетімекке көзің түскен екен, ал, бірақ құнын төлеу керек.

- Не қалайсың? Мен елімнің қорғаушы, жай сарбазымын, астымдағы атымнан басқа байлығым жоқ.

- Бопты. Сенің мына шұбарыңның жаңа қалай құйғытқанын, айқас үстіндегі тегеурінін байқап қалғам, нағыз жануар-ақ екен. Және бір кездескенде өз әскери өнерлеріңізбен бөлісерсіңдер,- деп сары көздерін сығырайта, Ақтаннан жауап тосты. Ақтан сөзге келмеді, атының кекілінен қыл қиып, ауыз сілекейін алып, бар әбзел-жарағымен атаманның алдына тартты.

- Өзің мәрт екенсің. Шетіңнен осындай болармысың? Байқаймын, өнеріңді қимайсың, бәрібір үйренеміз. Бұл біздің ақырғы кездесуіміз болмас. Бізді жорық күтіп тұр,-деп сары ысқырып кеп жіберген, бес жүздей жасақ қопарыла қозғалып, қиқулап, аттарына қамшы басты. Жаяу қалған қолбасшыларына жеткен қазақ сарбаздары келбеті бөгде әйел мен балаға таңданыспен қарай береді. Алдымен Жаужапыр тіл қатты:

- Қолбасшы, олар кімдер екен?

« Әй, қойшы соларды» дегендей Ақтан қолын сілтеп, сұрақты жауапсыз қалдырды.

- Қолбасшы, талайды бірге өткерген шұбардай қанатыңызды жауға ұстатыпсыз...

- Сырты түк, іші боқ жануар емес пе, тақымға ат табылар, ал ана мен баланы өлімге қалай қиярсың. Мына екеуін аттарыңа мінгестіріңдер, шаһарға апарамыз.

Балақай әкесінің мүрдесі ағып кеткен өзенге жыламсырай қарап, әлдене деп айқайлап, қолындағы айқышты суға атпақшы болды. Бір сарбаз қолынан ұстап қалды:

- Ә, балақай, мұның жарамайды. Суға кеткен әкеңнің өліміне мұның кінәсі жоқ, қатыгез қарақшылар емес пе өлтірген.

- Құтқармады ғой, араша түспеді емес пе?-деп бала екіленіп, шешесінің етегіне жармасты.

- Ә, құтқармады дейсің бе,-деп жаңағы сарбаз айқыш белгінің артындағы « Құтқар, сақтай гөр!» деген ұсақ жазуға үңіліп, күлімсіреп, сен бірдеңе айтарсың дегендей қолындағыны жанында тұрған қарт жауынгер Жаужапырға ұстатты. Айқыштың шиеленген кендір байламасын тарқатып, түзеп, айналдыра қараған ол:

- Бәлкім, біз сенің сол дұғаңа бола осы араға келген болармыз, қайдан білесің? Мынаны лақтырмағаның жөн,-деді, шармақты баланың шешесіне беріп жатып.

Әйелді бір сарбаз өз атына мінгізіп, өзі жаяу жетегіне алса, баланы Жаужапыр алдына отырғызды. Ажалдан арашалап қалған қазақ сарбаздарының ортасында әйел мен бала өздерін қауіпсіз сезіне бастады. Барлығы шаһарға бет түзеді.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338