Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4583 0 пікір 26 Желтоқсан, 2012 сағат 06:33

Жыр жазып оралам деп едің...

«Абай кз» «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаевтың демеушілігімен аталған баспадан   28 жасында із-түзсіз жоғалып кеткен ақын Әділ Ботпановтың «Өмірзая» атты кітабы шыққанын хабарлаған болатын.

Жақында ақынның туған жері - Қызылордада сол кітаптың тұсаукесері өтті. Әбділда Тәжібаев атындағы кітапханада өткен кешті  арқалы ақын, Әділдің жақсы ағасы  Шаһизада Әбдікәрімов жүргізді. Актерлер, студенттер ақынның өлеңдерін оқып, ән-жыр төгілді. Кеш қонағы, кітапты құрастырушы Бауыржан Бабажанұлының:  «Әділдің кітабының тағы 1 мың данасын шығартып алып, кітапханалар арқылы таратсақ...» деген ұсынысын кешті ұйымдастырушылардың бірі, белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрмұрат Ерманов бірден қолдап, қаржысын өзі көтеретінін мәлімдеді.  «Сыр-медиа»  ЖШС директоры, Әділдің досы Аманжол Оңғарбаев ақынның публицистикалық дүниелерін де жинақтап, кітап қып шығару жөнінде ой тастады. Әділдің әкесі Әнуарбек ақсақал: «Кітапты көріп, баламды көргендей болдым» - деп көзіне жас алса, жары Гүлсім Ботпанова: «Біз әлі үмітімізді үзген жоқпыз. Жоғалған кісінің алдымен заты табылып үйіне «келсе», кейін өзі де оралады деген ырым бар ғой, міне, кітабы келді, енді Әділдің өзі де кеп қалар...» - деп жүрек лүпілін жеткізді. Ақынның қызы Меруерт пен ұлы Ақназар әкелерінің өлеңдерін оқыды.

«Абай кз» «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаевтың демеушілігімен аталған баспадан   28 жасында із-түзсіз жоғалып кеткен ақын Әділ Ботпановтың «Өмірзая» атты кітабы шыққанын хабарлаған болатын.

Жақында ақынның туған жері - Қызылордада сол кітаптың тұсаукесері өтті. Әбділда Тәжібаев атындағы кітапханада өткен кешті  арқалы ақын, Әділдің жақсы ағасы  Шаһизада Әбдікәрімов жүргізді. Актерлер, студенттер ақынның өлеңдерін оқып, ән-жыр төгілді. Кеш қонағы, кітапты құрастырушы Бауыржан Бабажанұлының:  «Әділдің кітабының тағы 1 мың данасын шығартып алып, кітапханалар арқылы таратсақ...» деген ұсынысын кешті ұйымдастырушылардың бірі, белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрмұрат Ерманов бірден қолдап, қаржысын өзі көтеретінін мәлімдеді.  «Сыр-медиа»  ЖШС директоры, Әділдің досы Аманжол Оңғарбаев ақынның публицистикалық дүниелерін де жинақтап, кітап қып шығару жөнінде ой тастады. Әділдің әкесі Әнуарбек ақсақал: «Кітапты көріп, баламды көргендей болдым» - деп көзіне жас алса, жары Гүлсім Ботпанова: «Біз әлі үмітімізді үзген жоқпыз. Жоғалған кісінің алдымен заты табылып үйіне «келсе», кейін өзі де оралады деген ырым бар ғой, міне, кітабы келді, енді Әділдің өзі де кеп қалар...» - деп жүрек лүпілін жеткізді. Ақынның қызы Меруерт пен ұлы Ақназар әкелерінің өлеңдерін оқыды.

Біз төменде сол кештің алдында Әділдің достары -  Дүйсенбек Аяшұлы мен Елубай Әуезовтердің  облыстық «Сыр бойы» газетіне шыққан «Жыр жазып оралам деп едің...» атты мақаласы мен кеште оқылған «Ол келеді...» атты өлеңін ұсынып отырмыз.

ЖЫР ЖАЗЫП ОРАЛАМ ДЕП ЕДІҢ...

Мен жоғары мектепке кеш түстім, өзім­нен сегіз жас кішілердің «құрдасы» бол­дым.

Бірінші курсқа кірген жылым, мамыр айы шығар, күн бұлыңғырлау, аспанның көк тегеші көпіріп тұрған.

- Сені Әділ деген бір бала іздеп келді, көшесін, үйін айтты, жолықсын деп кетті, - деді кіреберісте кездескен бір топта оқитын Қарлығаш. Жұқа сөмкесімен төбесін қалқалап жүгіре жөнелді.

- Ол кім екен? - дедім айқайлап.

- Білмедім, ақын шығар, - деді қыз қайрылмаған күйі.

... Содан сол айтқан мекен-жайға бар­дым. «Ақын шығар» деген сөз айдап әкелді. Алдымнан денесі ширақ, дудар бас қара жігіт шықты. Екеуміз тез шүйіркелесіп кеттік. Біраз нәрсенің жайын тереңірек білетіні байқалды. Әзіл-қалжың, қағытпа­ны сөз арасына ине сабақтағандай жым­дас­тырып жібереді.

- Осы дәйіс деген сөз қазақша ма? - деді ол әңгіме үстінде.

Сол сөзді қазақша емес десе, қызыл­кеңірдек болғанша айтысар едім, бірақ менің дәлелім жоқ екен.

- Е-е, қазақша емей, не?

- Ол немісше ғой, - деді Әділ, - Фи­ло­софияда деистік көзқарас деген бар, олар екі жақты пікір ұстанады. Құдай бар дейді, бірақ табиғат құдайға бағынбайды, эво­люция арқылы дамиды дейді. Кеше инс­титуттың қабырға газетінен Шоқан туралы өлеңіңді оқыдым. Бұл сөзді қазақ­қа сол Шоқан секілді шет ілімін меңгер­гендер әкел­ген сияқты. Әйтеуір біз екі сөйлеген адамды «дәйіс» дейміз ғой.

Әділ осылай деді. Мұны бізге Әбілақов ағай неғып айтпай жүр екен деп ойладым. Өзімнен жасы кіші балаң жігіттің білім­паздығына пәлен дей алмадым.

Сол күннен бастап екеуміз егіз қозыдай отықтық. Мен оны өз достарыммен таныс­тырдым. Солардың ішінен оған ұнағаны Елубай мен Аманжол болды, кейіндеу Ерболат қосылды. Қыздардан Елена мен Қарлығашты, Гүлжаһан мен Шолпанды ерекше сыйлады. Бәріміз бір кешкен сол дәурен қазір деистік тағдырдың тарамыс қолында кетті, алақанының жылуы жоқ.

Жақсы өлең жаздым деп жүгіріп Әділге барам. Ұнатпаса ештеңе демейді, ұнатса «егер өлеңді екеулеп жазуға болса, онда сенімен бірлесіп жазар едім» дейді. Оны да күлдіру үшін айтады. «Есенинді, Рубцовты оқыдың ба?» деп сұрайды сосын. «Онда мә, оқы, орыс ақындары терең келеді» деп маған олардың жинақтарын береді. Сөйтіп мен Сергей мен Николай арқылы тіл сындырдым. Сол кітаптар әлі күнге дейін төрдегі сөремде тұр. Сол кезде менде әрі кетсе он-он бес қана кітап болды, ал, оның үйіндегі кітапханасы бай екен. Орыс, қарақалпақ, өзбек классиктерінің шығар­ма­лары тізіліп тұрады. Сонда Әділ жиырма бір жаста, бірақ жиған-тергеніне қарап институттың профессоры екен дейсің.

Дарынды деген сөзге малданып,

Қалайша көп жыл төзгем алданып?!

Жүргенде бәрі алда деп әлі

Он тоғыз артта қалды «ә» деп, әні... - дейтін өлеңі бар Әділдің. Құдай-ау, қалай ерте есейген. «Отыз тоғыз артта қалды», «қырық тоғыз артта қалды...» деп сан ұрған секілді неткен сара кеуде бұл!?

Шынында ол бәрімізден ересектеу секілді көрінетін. Тез ойлайтын, жылдам шешім айтатын. Оның айтқаны да дұрысқа шығып тұрады.

1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай облыста ақындар мүшәйрасы өтті. Қомшабай Сүйеніш, Әскербек Рахымбек­ұлы сынды серкелерден бөлек осы өңірдегі үлкенді-кішілі барлық ақын қатысты.

- Бірінші, екінші орынды екеуміз ала­мыз, - деді Әділ.

Мен жүрексініп тұрдым. Қатысушы­лардың ішінде 5-6 кітабы шыққан сақа ақындар да бар. Сол мүшәйраның қоры­тындысы Әділ айтқандай болды, ол - бірінші, мен - екінші.

Әділ өзінің ішкі қуатына сенетін. Оның рух күші орасан еді. Екеуміз өлеңдетіп, түн қатып, көше кезіп жүре беретінбіз.

- Әнебіреулер бұзақылар ғой, айналып өтейік, - дейтінмін.

- Қазір солардың қасына барып екеу­міз жаға ұстаса кетейік, сосын олар бізді ажыратып, жалынып жүріп шығарып салады, - дейді ол күліп.

Шынында Әділ кез келген бейтаныс кісімен бұрыннан танитындай тілдеседі. Дауыс ырғағы кімді болса да иіріміне тартып тұратын. Оның осындай ерекше тылсым қасиеттері өлеңдерінен де көрініс тапты. Кейде мен оған еліктеп жазатын­мын.

- Саған өлең арнадым, - дедім бірде.

- Оқып көр.

Оқыдым:

... Дана аһ ұрды,

Кеңге сыя алмай.

Жалған-жаһілді,

Мүлде сүйе алмай.

Соры бес елі,

Бағы жары уыс.

Нендей күй кешеді,

Мендей дәруіш?!

... Исінтіп иманым,

Көрпеме көсілдім.

Дүр-дүние дидарын,

Кеудеме көшірдім.

- Бұл өлеңді Әділге деме, Әділге айтқаным де, - деді ол. Тағы да тауып кетті.

***

Бір күні еді.

- Менің алысқа кетіп қалғым келеді, - деді.

- Қайда?

- Әйтеуір алысқа. Алаңсыз жатып әлі ешбір ақын жазбаған өлең жазсам ба деймін. Мылқауды сөйлетіп, соқырдың көзін шайдай ашатын.

- Онсыз да мықтысың ғой.

Ол менің бұл сөзіме мән берген жоқ.

- Сосын қайтып оралам...

***

Философияда жан мен тән үндестігі деген бар. Егер осы екеуі үндес, үйлесімді болса, онда адам сананың жоғары саты­сына көтеріледі. Жаны аш, тәні тоқ адам рахатты сезіне алмайды, аурудың қамы­тына килігеді.

Мен білетін Әділдің жаны мен тәнінің үйлесімдігі оның таза сөйлеп, таза жүретін, тіпті киіміне де қылау шалдырмайтын өмір салтынан бірден-ақ көзге ұратын. Оның жанын жабырқатқан бір нәрсе болды, ол - тағдырдың әділетсіздігі.

Бір жылдары біз бір газетте, «Ақмешіт апталығында» бірге жұмыс істедік. Ұжым­да Г. деген қыз бар еді. «Атадан бірге туған алты ұлды араз қылғандай» көрікті бола­тын. Сол аруды күн нұрынан қызғанған жел жетектеді ме, өз денесін шақырлаған шойынның астына тастады. Соңғы күні темір жолды жағалап көп жүріпті. Көр­гендер алыстан бір қарап өте беріпті. Құ­дай-ау қолынан ұстап жұбататын бір сүлдер табылмағаны ма?

Әділ осы оқиғаға байланысты газетке «Сен кетті деп сендіре алмай өзімді...» деген шағын ғана азалы сөз жазды.

- Егер Тағдырда жүрек пен құлақ болса, өмірдің бүкіл тойын қияйын, мына бір қиянатыңды қайтып ал дер едім...

Осылай дегені есімде. Ол сонда жалған­дағы барлық қасіреттерді өз жанының отына салып өртеп отырғандай күйде еді.

***

Көңілді болатын.

- Мен кітап шығарсам, ол «Өмірзая» деп аталады, - деді.

- Жұлдыз ба?

- Сан мың жұлдыз бір бөлек, Өмірзая бір төбе...

- ?!

***

Сабырхан салмақты қалпын жоғалт­қан, басқышпен емпеңдеп көтеріліп келе жатыр. Қойны тоқ, не де болса, біреу бір­деңе берген.

- Әділдің кітабы, Әділдің кітабы!

Осы сөз жалт бұрды мені. Жағаласып жұмыс кабинетіне кірдім. Сұрадым ба, әлде ол өзі ал деді ме, ол арасын қайдам, алақандай күлгін түсті кітапты кеудеме баса бердім.

«Айналайыным-ай, қайда жүрсің сен?! Неге осынша уақыт... неге... Жыр жазып ораламын дегенің осы ма, әлде...» Сартап сағыныш кеудемнен емес, көзімнен мөлт ете қалды...

***

«Өмірзаяны» жиып-теріп ақын Бауыр­жан Бабажанұлы әзірлепті. Өлеңің баянды болсын, өмірің аяулы болсын, Бәуке. Әділ - өміршең, ораламын деген. Тағы да оның айтқаны келсін...

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 

 

ОЛ КЕЛЕДІ

Әділ Ботпановқа

 

Қанша арман бар-ды алдыңда,

Жүрекке запыран, толады у.

Еркелеп болсаң тағдырға,

Керек те шығар оралу.

 

Айларың жылға ұласып,

Шертеді күйін жүз перне.

Түсінбей жүрміз расы -

Жоғалған сен бе, біздер ме?

 

Түсіре берме мұңды еске,

Шөлмек те бір күн сынады.

Ұзаған сенсіз жыр-көшке,

Бірдеңе жетпей тұрады.

 

Сағынтқан Сырдың жейдесі,

Алматы тар боп «шатақ ұл».

Өлең-жырдағы бейнесі -

Байрағы бөлек баһадүр.

 

Тағдырың тартса қилы сын,

Бақ үнсіз қалып, жылар бау.

Әділ-ау, оңай деймісің,

Өзіңсіз кеште жыр арнау.

 

Білінер әлі-ақ дерегі,

Жырын сүй, оның досын сүй.

Ойда жоқ бір күн келеді,

Біздерге сыйлап тосын сый.

 

Қанша арман бар-ды алдыңда,

Жүрекке запыран, толады у.

Еркелеп болсаң тағдырға,

Керек те шығар оралу.

 

Елубай Әуезов, Қызылорда қаласы,

21. 12. 2012

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347