Сенбі, 23 Қараша 2024
1929 0 пікір 5 Тамыз, 2022 сағат 16:22

Қоғамдық ұйымдар - құқықтық мәдениет қалыптастырудың жолы

Әр жыл сайын Қазақстанда 5 тамызда медиация күні аталып өтеді. Биыл да Медиация күніне орай еліміздің Достық үйлерінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қорытынды шығарылды.

Алматы қаласындағы Республикалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық акциясы аясында Медиация күніне орай азаматтарға құқықтық, қаржылық және басқа да салаларда тегін кеңес берілді.

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, екі негізгі бағыт:  этномедиация институтын дамыту және Ассамблеяның медиаторларын құқық қорғау саласына, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл мәселелеріне, әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстардың алдын-алу мәселелерін шешуге тарту бағыты бойынша жоспарлар бекітілді.

Медиация деп – жанжалдасқан екі тараптың ортасына үшінші тарап арағайындық жасап, дауды екі жаққа да тиімді етіп шешу жолын айтамыз. Медиацияның қоғамдағы барлық салаларға қатысы бар. Ол коммерциялық дауларды, халықаралық және корпоративішілік дауларды, банктік және сақтандыру салаларындағы дауларды, жұмыстағы дауларды, отбасылық дауларды, авторлық құқықпен және жеке меншікпен байланысты дауларды, білім беру саласындағы дауларды және мәдениет арасындағы дауларды шешудегі ең оңтайлы әдістердің бірі. Осылардың ішінде қарқынды дамып келе жатқаны этномедиация десек болады. Этномедиация әсіресе, түрлі ұлтты тұтастырған Қазақстанға өте қажет.

Медиаторлардың көмегі арқылы ұлттар арасындағы жанжалды бейбіт түрде, сотқа жеткізбей шешуге болады. Медиацияның негізгі ережесі – еріктілік, екі тараптың теңдігі, құпиялылық. Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуда маңызды рөл атқарып, этносаралық қатынастар саласында бірегей медиатор ретінде әрекет етіп келеді.

Мемлекет басшысының медиация желісі бойынша тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының алдында этномедиация институтын дамыту және құқық қорғау қызметіне қатысу сияқты басым бағыттар тұр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың айтуынша, елімізде этномедиация институтын дамыту үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдардың өкілдерін этномедиациялау дағдыларына оқытуға, сондай-ақ оқу орталығын құруға бағытталған негізгі шаралар қабылдануда.

Құқық қорғау қызметіне келетін болсақ, ҚХА медиаторлары осы салаға барынша тартылып, отбасылық-тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтар, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстар мәселелерін, проблемаларын шешуге және олардың алдын алуға белсенді қатысуы тиіс, деп есептейді Марат Әзілханов.

«Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін түрлі этностар атынан өкілдік ететін азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері бойынша диалог алаңдарын ұйымдастыру қажет. Достық үйлерінің базасында Этносаралық қатынастар саласында қабылдаулар мен консультациялар тұрақты негізде өткізу. ҚХА медиаторлары тұрғындарға құқықтық көмек көрсету және азаматтардың мәселелерін шешу үшін ауылдарға баруы тиіс»,-дейді Ассамблея Төрағасының орынбасары.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Айтеновтың айтуынша, қазіргі уақытта өңірде этномедиацияны кеңінен енгізу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта медиация бойынша біліктілікті арттыру семинары жоспарланған, оның барысында қатысушылар көршілес Жамбыл облысы мен Алматының кәсіби медиаторларымен тәжірибе алмасады.

Сонымен қатар, Жамбыл облысында әкімдіктің ішкі саясат басқармасының "Қоғамдық келісім" медиация кабинеті ҚХА Қоғамдық құрылымдарын және қызметі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етумен байланысты мүдделі уәкілетті тұлғаларды топтастыру, тараптардың жанжал деңгейін төмендету бойынша жұмыс жүргізуде.

Тараз қаласының Достық үйінде өткен "Ашық есік күні" республикалық акциясына судьялар, Ішкі істер, әділет және адвокатура органдарының қызметкерлері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар кеңестерінің, қоғамдық келісім, Жамбыл облысы ҚХА аналары мен ардагерлер Кеңесі жанындағы билер өкілдері белсенді қатысты.

«Келіссөз жүргізушілер, медиаторлар – бұл полиэтносты ортадағы жанжалдардың алдын алу шараларын уақтылы қабылдауға тырысатын адамдар. Этникалық қақтығыстарды тоқтату өте қиын екенін және олардың алдын алу үшін біздің медиаторлар бұл бағытта үнемі жұмыс істеп жатқанын бәріміз білеміз»,-дейді Жамбыл облысы әкімдігінің "Қоғамдық келісім" басшысы Парида Мамедова

Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалым Күлекеевтің пікірінше, Қазақстанда жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаның маңызды құрамдас бөлігі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру ғана емес, биліктің әлеуметтік сұраныстарды барабар және уақтылы шешу қабілеті болып табылады.

Отбасылық даулардағы Медиация туралы айта отырып, осы өңірдің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Тахмина Сұлтанова ювеналдық сот пен ҚХА құрылымдары арасындағы нәтижелі ынтымақтастықты атап өтті. Оның айтуынша, қылмыс жасаған жасөспірімдерді оңалтуға этномәдени бірлестіктер тартылған.

«Этномедиация қазір өте өзекті, біз бұл тұрғыда алғашқы қадамдар жасадық – "этносаралық қақтығыстар және олардың алдын алу", "дағдарыстық және жанжалды жағдайларға әрекет ету алгоритмі" семинар-тренингтері, оған мемлекеттік қызметшілер, күш құрылымдары мен білім беру саласының өкілдері қатысты. Алынған базалық білім этносаралық қатынастарды үйлестіруге бағытталады және қандай да бір қақтығыстарды, егер олар туындаған болса, шешуде шебер пайдаланылады деп үміттенеміз»,-дейді Жамбыл облысы әкімдігінің "Қоғамдық келісім" медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева

Медиация ұғымы біздің елімізге 2008 Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Судьялар одағының V съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударып, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған кезде келді.

«Сотта қарастырылатын даулардың санын азайту, оларды шешудің балама түрлерін, соның ішінде татуластыру рәсімдері мен медиацияны енгізу маңызды», — деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған байланысты 2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация» туралы Заң қабылданды. Бұл Қазақстанның заң жүйесіндегі керемет жаңалықтың бірі болды. Ел тарихында алғаш рет құқықтық кеңістікте жауапкершіліктің жаңа түрі немесе міндеттемені қамтамасыз ету тәсілі емес, адам құқықтарына, бостандықтарына және адамның өзіне деген құрметін арттыруға, өркениетті азаматтық және тұлғааралық қатынастарды қалыптастыруға, әлеуметтік және өзге де жанжалдарды шешуге арналған қоғамдық сананы нығайтуға бағытталған жаңа құқықтық институт пайда болды.

2018 жылдың 28 сәуірінде сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" ҚР Заңына толықтыруларға қол қойды, оған сәйкес Заңның 6-бабының 14-1) тармақшасында Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы медиация институтын дамытуға жәрдем көрсетеді делінген. Осыған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс істейді, бірлескен іс-шаралар өткізеді, қоғамдық медиаторларды оқытады.

Медиацияны қолдану аясы туралы Қазақстан Республикасы "Медиация туралы" Заңының 1-бөлімінің 1-бабында айқындалған.

«Медиацияның қолданылу саласы жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу барысында, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) болып табылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе ауыр қылмыстар және Атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастарда қолдану қарастырылған»,-делінген заңда.

Медиация-қоғамда құқықтық мәдениет қалыптастыратын бірден-бір жол. Ал, бұл өз кезегінде сапалы азаматтық қоғам құруға әсер етеді.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371