Қазақ тілі қоғамы: Еліміз үшін латын графикасы тансық емес
Қазақтың бағына Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» алғаш рет 1989 жылы Алматыда өткен I құрылтайда құрылған болатын. Тіл реформасында бұл қаланың орны ерекше. Еліміздегі ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында 2021 жылы 26 қарашада «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қайта құрылып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қаласындағы төрағасы болып Құсман Шалабаев сайланды. Құсман Шалабаев Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі ретінде Алматыдағы латын графикасына қатысты барша іс-шаралардың басы-қасында болып, Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасының осы бағыттағы жұмысын жандаруға өз үлесін беріп келеді.
Қала басшылығының тіл реформасы мен латын әліпбиіне деген көзқарасын танытатын пікірді Құсман Шалабаев БАҚ бетінде үнемі ашық айтып келеді. Енді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қаласындағы төрағасының мемлекеттік тілдің өркен жаюына қатысты пікірін келтіре кетейік!
«Еліміз үшін латын графикасы тансық емес. Өйткені, 1929-1940 жылдарында тіліміз латынша таңбаланды. Кейін КСРО-ның отарында болып, кирилл қаріптерін қолдануға мәжбүр болдық. Міне, енді 2025 жылға дейін толықтай латын қаріпіне көшу мақсатымыз болып отыр. Бұл цифрлы әлемде елімізді ілгері жылжытуға көп септігін тигізеді. Біз қазақ тілін латынға көшіру арқылы кирилл қаріпінен бас тартып, орыс тілінен іргемізді алшақтатамыз. Тіліміз өз алдына дербес тіл болады. Осы тұрғыдан қазірден бастап, іс-қағаздар мен оқулықтарды латын графикасымен шығара беруіміз қажет.
Алайда ғалымдардың арасында әлі күнге дейін талас-тартыс болып жатыр. Бірі – ХХ ғасырдың басында қолданылған Ахмет Байтұрсыновтың әліпбиін қолдаса, бірі 34 таңбадан тұратын Түркі елдерінің латын графикасын қолдайды. Әлі де Тіл саласының мамандары латын қаріпіне негізделген қазақ әліпбиінің үлгілерін жасауда.
Әрине, латын әліпбиіне көшу арқылы ұлтымыздың санасын бұғаудан босата отыра, түркі әлеміне ықпалдасып, рухани ұлттық санамыздың жаңғыруына жол ашамыз. Жоғарыда атап өткен бірнеше себептерді де шешу мәселесін қолға алсақ, қазақ тілінің мәртебесі асқақ болады. Бірақ біз бұны бүгіннен бастап, қолымыздағы бар мүмкіндіктерді пайдаланып, атсалысуымыз керек!»
Атап айтсақ, алдымен, қоғамның қаладағы материалдық базаларын нығайту және электронды ресурстарын дамыту қолға алынып, қаладағы саяси партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдармен тығыз байланыста болу, латын графикасына ауысу үшін қоғамдық қолдау жұмыстарын жүргізіле басталды.
Оңтүстік Астанамыз шет мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан қандастарымыз бен еліміздегі орыс тілді тұрғындарымыздың қазақ тілін меңгеруіне көмектесу жағына да атсалысып келеді. Қазір аудан әкімдіктерінде, түрлі ұйымдар мен қоғамдық орталарда, мектеп және бала-бақша, оқу орындарында «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қаласындағы бастауыш ұйымын құру жүзеге асырылып жатыр.
Abai.kz