Блицкриг: Украина әскері ес жидырмауда
Украина әскері ес жидырмай шабуыл жасауда. Бір аптаның ішінде Украина Харьков облысында жойқын шабуылдар жасап, басқыншы қолындағы аймақтың басым бөлігін азат ете білді. Харьков облысы Ресеймен шекаралас аймақ болғандықтан, бұл бағытта шабуыл жасау арқылы тікелей Ресей шекарасына шығуға болады.
Украина әскері 6 қыркүйекте Харьков облысында жаппай шабуылға шықты. Балаклея қаласы маңындағы елді-мекендерді азат етіп, Балаклея қаласындағы Ресей әскеріне артиллериялық соққы жасап, қысымды арттырды. Ресей әскері қаладан шегініп Купянск қаласына бекінді. Бұл қала басқыншылар үшін аса маңызды еді. Себебі қаланы Ресей әскері уақытша Харьков облысының орталығы деп жариялаған болатын. Сонымен қатар дәл осы қала арқылы Харьковтегі басқыншы әскеріне қару-жарақ, оқ-дәрі жеткізіліп тұрды. Тоғыз жолдың торабы. Бірақ көп ұзамай Украина әскері Купянск қаласын да алды. Бұл қаланы алған сәтте, қоршауда қалу қаупі артқанын сезген Ресей әскері Изюм қаласын тастап, шегініп кетті. Изюм қаласы үшін Ресей әскері екі айдай соғысқан болатын.
Ресей әскерінің шегінісі жүйесіз болғандықтан, Украина Харьков облысындағы өзге елді мекендерді азат етуді бастады. Донецк және Луганск аймағына да қарсы шабуыл жасау маневрларын күшейтіп, Лиман және Лисичанск қалаларын қоршауға алу әрекеттерін жасауда. Бұл Ресей әскерінің арасында үрей тудырып, билікке деген наразылықтарын арттыруда.
Украинада Ресей әскері шегініп жатқан сәтте, Мәскеуде халық пен билік Мәскеу күнін тойлап жатты. Бұл әлеуметтік желідегі наразылықты өршіте түсті. Мәскеу күніне арналған отшашуды Ресей халқы "Украинаның сәтті шабуылын тойлап жатырсыңдар ма" деп жазды. Ресей Қорғаныс министрі Украинадағы сәтсіздікті ақтау мақсатында келесідей мәлімдеме жасады: "Ресей әскері Донецк бағытындағы әскери қимылды арттыру мақсатында Изюм мен Балаклея бағытындағы әскерді топтастырып жатыр. Үш күн бойы сол мақсатты әскерді жүйелі жылжыту әрекеттері іске асты". Бұл мәлімдемеге осы жолы Ресейдің пропагандистерінің өздері де сенбеді. "Дәл осындай түсініктеме бергенше, үнсіз қалғандары дұрыс еді" деді олар.
Батыстық барлау қызметкерлері Харьков облысында Украина әскері өте сәтті нәтижеге жетіп, Ресей әскері сәуір айынан бері жаулап алған жерден көбірек жерді қайтарғанын айтты. Украина әскері Харьков облысында Волчанск қаласын да қайтарды және Ресеймен шекаралас аймақтарға жетті. Киев бір аптаның ішінде басқыншы қолында болған Харьков облысын толық қайтарды десек те болады. Қазір облыстың он пайызға жуық аймағы басқыншы қолында қалуда, қарсы шабуылға дейін бұл көрсеткіш 34 пайыз болған еді.
Украина Херсон бағытында да шабуылды үдетті. Херсон аймағында Ресей әскері бірнеше елді-мекенді тастап, кері шегінді. Бұл Украина әскерінің үздіксіз тасымалдау жолдарын, көпірлер мен өткелдерді, әскери штабтар мен қоймаларды соққы астына алудың нәтижесінде іске асты. Ресей Украина әскері келесі соққыны Донецк бағытында немесе Запорожье облысында жасауы мүмкін деп болжауда.
Мәскеу Украинаға қарымта соққы жасады. Бұл жолы бейбіт тұрғындар кешенімен бірге электр станцияларын атқылады. Тұтас шығыс Украина жарықсыз қалды. Оның ішінде сепаратистер қолындағы Донецк облысы да бар. Көп ұзамай жарық қалпына келтірілді, ал шабуылды өркениетті Батыс елдері лаңкестік деп атады.
Украинаның нәтижелі шабуылы Киевке деген Батыстың сенімін арттыра түсті. Батыс медиасында Украина соғысы қайта бірінші орынға шығып, жазыла бастады. Киевке көбірек қару беру мәселесі де талқыланып жатыр. Ал Ресей әскеріне деген сенім капиталы Ресейдің өз ішінде соққы алды.
Асхат Қасенғали
Abai.kz