Сенбі, 23 Қараша 2024
Абайлаңыз 2364 1 пікір 12 Қыркүйек, 2022 сағат 13:01

Миграцияның жүйесіздігі мазамызды қашырып тұр!

Соңғы жылдары қарапайым халықтың күн көріс көзі - қара базарлар мен қару-жарақ сақталған қоймалар, қару-жарақ сататын дүкендер жиі-жиі өртке оранып, түсініксіз жайттар сан алуан сипатта өрбіп кетті…

Бұл үрдіс дертке ұласып кеткендей… Биылғы аптап ыстық салдары орман-тоғай, даладағы шөпті алқаптар мен зират-мола да өртке орануына басты себеп болды десекте, өрт қою қасақана жасалып та жатқаны күдікпен айтылып-жазыла бастады. Қазақстанның түпкір-түпкірінен шыққан өрттер ел-жұрттың есін жиғызар емес. Шығын деген шаш етектен. Сонда бұл байлық пен билікке таласудан ба немесе ел қазынасына көз тігу ме, әлде қызғаныш, көреалмаушылықтың ішкі дертін сыртқа шығару ма?! Ақпараттар алдымен тоналып, содан кейін өртке оранады деген уәжді көптеп таратуда. Елді елең еткізген соңғы ақпарат Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның бірлесе отырып «… Қазақстанда трансұлттық қылмыстық топтың 11 мүшесін ұстағаны» болды.

Қылмыстық топ өкілдері өз ұлтының кәсіпкерлеріне заңсыз алым салып, олардың арасында қылмыстық идеялар мен ұрылардың ұстанымдарын енгізуге әрекеттенген. «Олардың жүрген жерлері мен тұрғылықты мекен-жайларына 25 тінту іс-шарасы жүргізіліп, атыс қаруының арсеналы, шетел валютасындағы үлкен көлемдегі ақша, сондай-ақ, ірі мөлшердегі есірткі құралдары тәркіленді» деген мәлімдемесінен шпиондар мен арандатушылар арамызда аз емес екеніне көз жеткізді! Бұдан туындайтын түйінді пікір: Қазақстан Республикасында миграциялық саясат жаңа заман талабына сай келмеуінен деуге толық негізделеді. Яғни, бұл сала Ішкі істер министрлігі және Еңбек министрлігінің құрамында бір терезе қағидасы деген ереже бойынша өз ағымымен ғана келе жатқанындығы.

Қаңтардағы тәртіпсіздіктерді тергеу жөніндегі комиссияның жетекшісі Айман Омарова 2022 жылы 14 наурызда Президентке үндеу жасап, таяу және алыс шетелдерден «этникалық қазақ» болып көшіп келгендерге азаматтық берудің заңдылығын тексеруді ұсынды. «2019 жылдан Қазақстанға Ауғанстан елінен адамдар келгені туралы ақпарат бар, оларға да статус берілген. Қаңтардағы оқиғадан кейін ол адамдар Қазақстаннан шығып, Түркияға, Европаға кеткен. Ал, қоймаларда химиялық заттар, күйдіргіш сода, азот қышқылы сияқты улы заттар болған біразы ұрланған», - дейді А.Омарова.

Және іске ҰҚК қызметкерлерінің қатысы бар екенін айтқан. 16.08.2022 жылғы жағдайға сай: «Ресейдің - 74371, Украинаның - 1520, Өзбекстанның - 91454, Тәжікстанның - 7896, Қырғызстанның - 4470 азаматына ЖСН берілген. Ресейдің 519, Украинаның 7 азаматы ҚР-ның азаматтығына қабылданды»,- дейді ішкі істер ведомствасы.

Бүгінгі таңда елімізге 2 134 598 шетелдік келсе, елден 2 529 424 шетелдік кеткен. Жыл басынан бері шетелдіктерге 198 806 ЖСН берілген.

Атырау облысының Дін істері басқарма басшысы Қайролла Көшқалиев: «ҚР-ның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылы қабылданған заңы жұмыс жасаған жоқ. Кейбір өңірлерде әлі де жабық күйінде жатыр. Кесірінен Қазақстанның түпкір-түпкіріне миссионерлер кіріп, әлеуметтік желі арқылы жастардың санасын улап, теріс ағымға алып кетті. Мешіттер де отырып алып, теріс ағымдарды жастар санасына сіңіруде. Бүгіндері жастардың 83-90%-ы әлеуметтік желіде отыр», -дейді.

Апта сайын Қазақстанға кемінде 11 мың шетелдік турист келеді екен. 04.08.2022 жылғы мәлімет те Жетісу облысында Сібір тау ешкісін заңсыз аулаған Испания елінің екі азаматы ұсталған. Тексеріс барысында 60-62 келі ет пен терісі, Mannlicher және Блейзер маркалы қарулар тәркіленген.

«2022 ж. 22 тамызда Қарағанды облысында 700-ден астам киік мүйізін Қытай елінің кәсіпкерлеріне сатпақ болған 6 адам ұсталды. Олар 366 киікті атып өлтірген. Олардың суық қарулары тіркелмеген», - дейді Қарағанды облыстық полиция департаменті КПБ бастығының орынбасары А.Өскекбаев.

23.08.2022 жылы Polisia.kz: «Рудный тұрғыны қос азаматтығы үшін жауапқа тартылды», - дейді. 56 жастағы әйел 10 жыл көші-қон заңын бұзып, қос азаматтықпен жүргені үшін енді 612 мың теңге айыппұл төлейді екен.

«ІІМ-ң мәліметінше, биыл жеті айда 1491 есірткі қылмысы анықталған. Оның ішінде 874 сату фактісі және 227 аса ірі көлемде есірткіні сақтау фактісі. Жыл басынан бері 4,5 тонна түрлі есірткі тәркіленді. Оның 2,2 тн-ы марихуана, 400 келіден астамы гашиш, 87 келісі синтетикалық есірткі. Синтетикалық есірткіге қатысты 890 қылмыс тіркелді. Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды облыстарында 23 дәрі-дәрмек зертханасы жойылды», - дейді.

Соңғы кезде Қазақстанға 1 ай мерзімге дейін визасыз еркін келіп-кететін елдер азаматтары саны күрт өсіп, қатары көбейіп кетті. Тіптен бір аралдағы елдер де қамтылған. Олардың елімізге берері не? Бұның артында кімдер тұр?!

«2022 жылы тамыз айының 15-де Отандық кәсіпорын 3,5 мың тоннадан астам мұнайды елден шет елге заңсыз шығармақ болғанда, жолы кесілді», - дейді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

«10.08.2022 ж. Өзбекстанға 280 тонна бензинді заңсыз экспорттамақ болғандар ұсталған. Алайда жүк жанармай қоспасы ретінде көрсетіліпті. Күдіктілер елден 45 млн доллар болатын 50 мың тонна жанар жағармайды заңсыз шығаруды жоспарлағаны анықталып, осы оқиға бойынша қазір тергеу жүріп жатыр», - дейді Қаржылық мониторинг агенттік қызметкерлері.

Белгілі экономист Мақсат Халық: «Ресейден рубль үлкен көлемде келуде. Жарты триллион рубль. Ресейде, Орталық банкі рубльді көптеп басып шығарып жатыр. Ең қызығы, сол рубль біздің елде айырбасталады. Рубльмен теңге, одан соң доллар сатып алады. Ол долларды өздеріне апарып қара нарықта сатады. Ресейде доллар небәрі 60 рубль тұрады. Бірақ, бізден алған долларды апарып 100 рубльден сатады. Кәдімгі бизнеске айландырып алған», - дейді сарапшы.

Бұл ресми статистакалық мәліметтерді түйіндеп, қайталап беруге себепші жайт - Қазақстандағы миграциялық саясат тек ағыммен ғана жүзеге асып келе жатқандығының кесірі екенін ел мен үкіметтің назарына тағы бір мәрте жеткізу! Себебі, қазақтар кей нәрсеге өте немқұрайлы қарап, салдарымен ғана күресіп, түпкі негізін тоқтата алмаудан қиындықтар, не болмаса келеңсіздікке ұшырай береміз. Іске өзіміз салғырттық танытқандықтан, соңы лаулаған өрт пен қаулаған күдік, халыққа сенімсіздік, үрей отын тұтатуда. Елдің миграция саясатымен ІІМ, Еңбек министрлігі құрамындағы Комитеттер айналысуы халық пен мемлекеттің мүддесіне сай қажеттілікті жүзеге асыруға дәрменсіз екені отыз жыл бойы айтылып та, жазылып та келеді. Нәтижесі шамалы. Мән беріп, назар аударған ешкім жоқ. Кесірінен түйіткілді мәселелер үсті-үстіне қосылып, қиындықтар еселеніп артуда.

Турасын айтсақ: Жастардың санасын улайтын ми ойлау жүйесіне уақыт ағымымен әсер ететін, арандатушылықтар мен арам ниеттегі қаракеттерге баулып, сезіміне селеу салатын іс-қимыл қылықтарымен өз миссияларын жүзеге асыратын кейбір шетелдіктердің ел ішінде жүруіне жағдай жасап отырмыз. Онымен қоса, ақша қаражатын шетелге кедергісіз асыруларына, банкілік есеп шоттарын барлық түрде пайдалануларына өзіміз мүмкіндік жасаудамыз. Өйткені Қазақстанда «миграция» деген сала әлем көшінен мүлде артта қалып қойған. Әлем елдерінде мұндай мүмкіндік беріп, қолайлы жағдай жасағанды қойып, сол өз ана тілін білмейтіндерді тұрақты тіркеуге де алмайды, азаматтық беру деген бірінші кезектегі елі мен мемлекеттік, ұлттық мүддесі негізіндегі қатаң бақылаудағы үрдіс болып қаралады.

Сол үшін Жаңа Қазақстан бірінші кезекте миграциялық саясатын түбегейлі өзгертуі заман талабы! Шетелден келген кімдер болса да, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң талаптарын өз елінен шықпас бұрын саралап, зерделейтіні заңды құбылыс. Сондықтан да олар кіммен қалай сөйлесу керектігін, қандай мекемемен қалай келісімге келу керектігін өзімізден артық біліп келеді. Яғни, заңның солқылдақ тұстарын өз мүдде-мақсаттары үшін ұтымды пайдалана алады. Айтпағым: Миграция саясаты ел ертеңі. Халықтың әлеуеті мен ынтымақ, береке, игілігі үшін жауапкершілігі зор күрделі сала.

Сондықтан, Президентке тікелей бағынып, шынтуайтына келсек, ІІМ-і мен Еңбек министрлігі және басқа да міндетті министрліктер арасында миграциялық қызмет іс-әрекеттеріне басшылық жасап, бақылайтын мемлекеттік мекеме болуы әлем елінің стандартына сай келеді. Құзыры Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дәрежесімен теңдей болуы шарт. Сонда ғана елімізге келетін шетелдіктердің әрбір іс-қаракеттері, мүдде-мақсаттары, толыққанды бақылауға алынып, олармен бірге ере келетін ағым, діни көзқарастар, наркотиктер, заңсыз кіретін қару-жарақ, улы заттар, екі елдің азаматтық төл құжаттары, жалған жасанды құжаттар бойынша көші-қонның заңын бұзып жүретіндер сияқты заңсыз қылықтар жолы кесілетіні хақ. Бұл ел мүддесіне оңтайлы шешім болары сөзсіз!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы жолдауында: «Миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», - деп Үкіметке сенім артып тапсырды. Үкімет, жалпыұлттық мүддені ескеріп миграция саясатымен түбегейлі айналысатын, болатын келеңсіздіктердің алдын алатын құзырлы мемлекеттік мекемені жуық арада жасақтайды деп сенейік ағайын.

Құрметбек Сансызбайұлы,

миграция саласы бойынша еңбек ардагері, ұлт көшін зерделеуші

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5525