Көк толқында Қазақстанды күзетуші ұландар
Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен кейін, әскерді нығайту басты мәселе болды. Құрлық, әуе және теңіз күштерін қайта құру қажет еді. Одақ құлады, мемлекеттер жеке кеті. Әскери басқару ісі нағыз хаостық жағдайда болатын. Тез арада жағдайды нығайту қажет болды. Әсіресе теңіз әскери күштерін жақсарту маңызды болды. Себебі Каспий теңізі арқылы шекараны заңсыз өткен түрлі топ өкілдері браконьерлікпен айналысты, ал ел қазынасы үшін маңызды болып табылатын мұнайды заңсыз тасымалдау әрекеттері көрініс тапты. Бұл дерек арады теңіз әскери күштерін қалпына келтіріп, нығайту керектігін сездірді.
Елімізде бір ғана су айлағы бар. Ол Каспий. Каспийдің статусы толық анықталып, шекара әлі нақты шешілмеген. Бұл Каспий жағалауын шайып жатқан бес елге (Қазақстан, Түркіменстан, Иран, Әзербайжан және Ресей) ортақ мәселе. Тараптар Каспий статусын тек бейбіт жолмен шешуге уағдаласқан. Алайда сақтансаң сақтаймын дегендей, шекараны шегендеп, әскерді күшейте беру аса маңызды еді.
Мұхит кеңістігінен алыс орналасқан Қазақстан ұзақ уақыт өз флотынсыз қалды. Дегенмен, Каспийдің табиғи ресурстары Астананың өз әскери-теңіз күштерін құруына себепкер болды. Әскери-теңіз күштерінің қалыптасу процесі біркелкі болмады, бірақ Қазақстан мысықтабандап өз мақсатына жетті десек те болады.
Қазақстан 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылданған кезде өзінің егемендігін жариялады. 1993 жылы 2 сәуірде ғана Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақтау қаласында орналасқан әскери-теңіз базасымен Әскери-теңіз күштері құрылды. Теңіз флоты бірте-бірте кадрлар жинап, әскери-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін шеше бастады. Дей-тұра бұл тоқырау жылдары болатын. Экономика нашар, әскер әлсіз, қару сатып алуға немесе жасауға жағдай жоқ кезең еді.
2003 жылғы 7 мамырда «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Президентінің № 1085 Жарлығы шықты. Құжатта республика Үкіметіне әскерді дамытуға қатысты нақты тапсырма берілді, оның ішінде теңіз әскери күштерін дамыту да бар еді. Қазақстан Республикасындағы 2005 жылға дейінгі кезеңге арналған әскери құрылыстың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Әскери-теңіз күштерін басқару және басқару органдарын құруды, Әскери-теңіз күштерінің қажетті инфрақұрылымын қамтамасыз ету тапсырылды.
Дәл осы сәттен бастап Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жаңа даму тарихы басталды. Осы кезеңде Әскери-теңіз күштерін дамыту тұжырымдамасы әзірленді, негізгі күштер құрылды, олардың құрамына жағалау күзет бригадалары (теңіз жаяу әскері), жағалау артиллериясы және Каспий флотилиясы кірді. Әскери-теңіз күштерінің негізгі базасы Ақтау теңіз порты, ал қосымшасы Баутино порты болып бекітілді.
Қазақстандық флотилия қазақстандық, ресейлік және оңтүстік кореялық өндірістегі кемелерден тұрады. Әскери-теңіз күштері әртүрлі уақытта түрлі типтегі қайықтармен толықтырылып келеді. «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа» және «Маңғыстау» кемелері алынды. Артынша Оңтүстік Корея берген «Шапшан», «Батыр» және «Ізет» кемелері келіп жетті. 2001 жылы Түркия Қазақстанға берген және «Найзағай» атауын алған «Түркі» типті жылдам қайықты да осы тізімге қосып қойыңыз. 2017 жылы наурызда Ресей берген «Алатау» рейдтік мина тасығыш кемесі де қызмет етуде. Флоттың флагманы – Қазақстанда 2012 жылы жасалған «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі болып табылады.
Сонымен қатар ел шебін 7 броньды қайық күзетіп тұр. 2009 жылы АҚШ-тан сыйға алған 4 десант кемесі, 2008 жылы Астрахань қаласында жасалынған «Жайық» гидрографиялық кемесі бар. Әскери-теңіз күштеріне МИ-8 және МИ-2 тікұшақтарымен жабдықталған теңіз жаяу әскерлері, теңіз авиациясы және жағалау артиллериясы кіреді. Соңғы уақытта Әскери-теңіз күштерінің әскери техника паркін жаңарту жедел қарқынмен жүріп жатыр.
Әскери-теңіз күштерінің негізгі міндеттері болып мыналар табылады:
Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының мызғымастығын, аумақтық тұтастығын, егемендігін және экономикалық мүдделерін қорғау.
Шабуылға тойтарыс беру және агрессорды жеңу, қарулы қақтығыстарды оқшаулауға және басуға қатысу.
Акваторияларды, оның ішінде порт аумақтарын, сондай-ақ оларда мұнай және газ өндіру объектілері орналасқан платформалар мен жасанды аралдарды қорғау.
Сүңгуір қайықтарға қарсы диверсиялық қорғанысты жүргізу.
Құрлық әскерлерінің әрекетіне теңізден қолдау көрсету, амфибия-шабуылдаушы күштердің қондырылуын қамтамасыз ету, әскерлер мен материалдарды тасымалдау, теңіз миналарын тазарту.
Елдің әуе қорғанысы мүддесі үшін теңізде радиолокациялық бақылауды қоса алғанда, барлау қызметін жүргізу.
Халықаралық шарттарға сәйкес Каспий маңы мемлекеттерінің әскери-теңіз күштерімен бірлескен қорғаныс міндеттерін орындау.
Мұнай танкерлерін және басқа азаматтық кемелерді күзету, басқару.
Навигация қауіпсіздігі үшін навигациялық және гидрографиялық қызметті қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп теңізде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамаларымен, басқа да әскерлерімен және әскери құралымдарымен бірлесіп жауынгерлік даярлық міндеттерін әзірлеу.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз институты базасында әскери-теңіз мамандарын даярлау.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына олардың табиғатты қорғау және бақылау функцияларын жүзеге асыруында, сондай-ақ экологиялық апаттар мен теңiздегi апаттардың зардаптарын жоюда көмек көрсету.
Міне, теңіз әскери күштерінің қызметі сан салалы, маңызы жоғары. Геосаяси жағдай ушыққан сәтте, теңіз әскери күштерінің қырағылығы ел тәуелсіздігінің кепілі болып табылады.
Abai.kz