Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2894 0 пікір 11 Қаңтар, 2013 сағат 08:17

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VI

VI

Ауқанның жанталасқа түскені соның ертеңіңне-ақ естілді. Өзінің «көтерілісшілер» шебінен ажырап шығып, оң жаққа ауған жасақтарына мұрындық болушыларды тізімдеп, сақшыларының тергеуіне өткізіпті. «Төңкерістен бас тартып, кері төңкеріс шебіне өткендер» деп көрсеткен екен. Оларды іздеп сақшы жауынгерлері шығыпты да, табылғандарын абақтыға әкеліп қамап жүріпті. Мұны сақшының оң қанаттағылары партия комитетіне барып мәлімдеген көрінеді. Үкімет жағынан «қазір нақтылы фактісіз ешкім қолға алынбасын» деген бұйрық шығарыпты. Оған да көнбей құтыра кірісіпті солшыл сақшылар. «Біздің міндетіміз - Маужуши құрған социалистік мемлекетімізді қорғау. Біз Маузыдұң сақшысымыз. Пролетарият диктатурасын буржуазияға өткізіп бере алмаймыз. Социализмді кері төңкерісшілердің бұзғыншылығына бере алмаймыз!» деп мекеме-қоғам орындарының бәріне барып, осыны үгіттеп ұрандап-ұрандап алып, оларды қорқытатын сұраулар қояды екен: «сендер Маузыдұң идеясын қорғайсыңдар ма, жоқ па, қай жақта тұрасыңдар?» деп бәрін қаймықтырыпты. «Біз, әрине Маужуши жақтамыз» дегеннен басқа, бұл сұрауға ешкім жауап бере алмай, әсіре солшылдықпен бірлесіп қызмет істеуге еріксіз көніпті. Сөйтсе де, оң жақтағылары «Маужуши құрған үкіметтің тапсырмасын орындаймыз» деген шартпен қосылыпты. Сөйтіп, әр көшеден адам аулайтын жендет группалардың әрқайсысына екіден-үштен қосылып оң жақтағылары да шыққан екен. Олар «Маужуши партиясының ең жаңа нұсқауы бойынша нақтылы қылмыс факті болмаған адамды ұстамаймыз» деп солшылдар ұстаған адамның көбіне ара түсіп, қоя бергізіп жүр екен.

Түске жақын мені тексеруге келген төрт сақшы «қалалық сақшы мекемесі берген» кепілдік қағазымды көріп, үңіле-үңіле түсіп еді. Кекселеу бірі, «ә, мейман екенсіз ғой!» деп маған қол беріп амандасты да үшеуі шікірейе қарады. Үйден есік алдына шығып, төртеуі күбірлесе кетті. Басқалары, ұстайтын күмәнділеріміздің бірі осы деген сияқты. Оған, «қалалық сақшы мекемесінің тексеріп анықтаған кепілдік қағазы тұрғанда мұның қандай күмәнділігі болмақ!» деген кекселеуінің жауабы естілді. Ол, үйге қайта қайырылып, мені сыртқа шақырды да, қағазымды алып, оларға қайта көрсетті. Кепілдік қағаздың «тексеріп анықтадық» деген сөзін сұқ қолымен нұсқап бәріне көрсетті де, өзіме қайтарып беріп жүре берді.

Күлән тексерілу тізімінде жоқ екен. Екеуміз бейғамдыққа енді келіп, екі жерде кітап оқып жатқанымызда, Нәзипа кіріп келді. Маған әдейі жамбастап, тақала келіп отырып, баяндады естіген-білгенін.

Ауқанның ұйытқылық бас жендеттері тарап кеткен жасақтарын жиюға көшеге шыққан екен. Сары бешпеттерінің сыртынан жалпақ белдіктерін мықтап байлап, қызыл белгілерін жеңдеріне киіп алыпты. Бірнеше жігітті көшеден тауып айдатып, штабына жөнелтіпті. Ал, штабтың ханзу қызметкерлері, ішкеріден келіп, жерлік санаққа орналаса алмай қаңғып жүрген қарасанақ ханзуларды жиып шақылдап, әскери тәрбие жүргізіп жатыр екен. Қазірге дейінгі жиып алған ханзу «жасақтарының» өзімен-ақ ауласындағы майданды лық толтырған көрінеді.

- Бүгін кеште үлкен соғыс жүргізетін сияқты! - деп күрсінді Нәзипа.

Күлән түрегеліп шай жасады.

- Төрт сақшы келіп, Биғаныңның кепілдік қағазын көріп қалдырып кетті! - деді күбірлеп қана. Нәзипа елең қағып, қуанғанын жасыра алмай қалған бейнемен бетімді алақанымен сипай сала асықты:

- Олай болса тез қайтайын, біздің үйге ол тексерушілер әлі бармаған! - жыпылықтата сөйлеп, бір бауырсақтың жартысын өзі тістеп алып қалды да, жартысын менің аузыма салды. - Тексеруден күндіз өтіп алмасам, «мынауымды» үйге апара алмаспын, тез кетейін! -дей жөнелгенінде әпкесі күліп жіберді:

- Мына қыздың менен ұялуды қойғанын қарашы! - Күрсініп жібергенін де байқамай қалды өзі.

- Мені өз қолыңнан берген соң, енді ұялып тартынатын неміз қалды! - деп аңди қарадым жүзіне. Ол, көзінің астымен қарап жазғырды мені:

- Мен оныма айыптымын ба, табалағандай қарайсың ғой маған!.. Тілеулес болмасам, қосам ба!.. Анауыңа айтып қой, менің алдымда ибалы болсын!

- Ибалы болмай неғыпты саған?

- Аузындағы тамағын менің көзімше сенің аузыңа салғаны қай қыры? Несін берсе де, оңашада бермей ме екен! - дегенінде тарая қалғанын байқап, қарқылдап күлдім.

- Мақұл, айтып қояйын, жеңгетай! Ең ләзәтті кезімізде де ол сені аузына алып күбірлеп, алғыс айта жататын болды!

- Жә, қыртпа енді! Кішкене бала емессіңдер, мұндайларыңды айтпаңдар маған!..

- Мақұл, мақұл!.. Білдірмейік! Күләш, бірақ оның үйіне тексерушілер үйір болғандықтан, қамсыз жата алмайды екенбіз. Күн аралатып осы үйіңде түнеп тұралықшы! Оны көрмесем тұра алмайтын болып барамын. Дәл осындай тәтті әйел көрмеппін!

Аз ойланып алып жауап берді Күлән:

- Мақұл, бірақ, анауың тайтаңдап... қыр көрсетпесін маған!

Әлденеге асыққан болып сыртқа шыға жөнелді де, аздан соң күлімсіреген бейнемен қайта келіп отырды. Көзі қызғыш тартып дымданып қалыпты. Жылап алып кіргенін сезіп, жаным аши қалды. Өзімнің де тағатым таусылып еді. Нәзипа екеуміздің өзін сынау үшін қалжыңдап жүргенімізді айтып құшақтай алғым келді. Бірақ, оның қатал тойтаратындығынан қаймықтым. Басымызды екеумізде төмен салып, үнсіз іштік шайды. Түскі демалысқа қыз бен күйеу келген соң қалпымызға келе қалдық. Күйеу тағы бір хабар естіп келіпті:

Мені алғаш қонаққа шақырған достарды Ауқанның өзі тергеуге кіріскен екен. Марқұм құрдасымның жесірін үйіне барып көп тергегенін ақын мұғалімге әйелдің өзі барып айтыпты. Ауқан одан «ол бұрын Құлжаға келмеген мейман, үйіңе қалай танысып шақырдың?» деп сұрапты алдымен. - «Күләннің алыстан келген ағасы екендігін естіп, амандаса барып, үйден дәм тартуға шақырдым», «Аты кім?», «Назарбек», «Егер аты Назарбек болмай, басқа болып шықса қайтесің?», «Қайтуші едім, жауапқа тартылармын!», «Балаларың бар, жауапқа тартылып қамалмай, осы бастан шыныңды айтқаның жақсы! Бұл, өзіңнің марқұм еріңнің досы Биғабіл болғандықтан шақырғансың!», «жоқ, мұныңыз нақақ сөз! Өзіңіз айтқандай бұрын Құлжаға келмеген мейман, ес білгелі Құлжадан шықпаған еріммен дос болмақ емес. Және Биғабіл деген аты жаман адам жоғалғалы қашан. Мұндай өтірік жаланы малданбаңыз!»

«Мен бұл мәселені фактсіз қойып отырғаным жоқ, жасыра алмайсыз! - деп зекіп қалған Ауқан, дауысын кенет бәсеңдетіп, факт қойыпты. - Күләннің үйіне шақырылып барып, Биғабілді көре сала жылағаның, оның марқұм ерің түгіл өзіңмен де қаншалық жақын дос екендігіне дәлел бола алмай ма!»

«Жөн сұраса келе Назарбектің марқұм еріммен түйдей жасты екендігін естіп, ерімді ескеріп жылағанмын. Ерін сағынған жесір әйелдің жылауы, Биғабілдің досы екендігіне дәлел болмақ па!.. Өлген соң да соңынан қалмай жала жаба беретін соншалық неңді алып еді менің ерім! Енді қойыңыз, Биғабіл дегеніңді мүлде көрмедік!»

«Мен қойғаныммен факт қоймайды, сүйіктім, оны мойындайсың әлі! Ал, осы мейманыңыз сол бірге болған отырыстарыңда не сөйледі, соны айтшы, адалдығыңды көрелік!»

«Ешқандай бөтен сөзін естігенім жоқ. Өзінің Құлжаға, бу арасанда емделу үшін, мұндағы екі бауырын көру үшін келгені ғана есімде!»

Осы сұрауын неше қайталап сұрап жазып, бір жарым сағат тергеген Ауқан, «ертеңдер тағы сөйлесетіндігін, жасырса ауыр жазаға тартылып қалатындығын» айтып шығыпты.

Ауқанның онан соң барып Гүлсімді тергегені де естілді. Оған да «отырыстарыңда Биғабіл не сөйледі?» деп қадалған екен. «Оның Биғабіл екендігіне не фактің бар? - деп Гүлсім оның өзіне қадалыпты. - Сап-сау адамды кері төңкерісшіге шығарып өлтіре салатын әдетіңмен енді Күлән апайдың ауру ағасына көзіктің бе?»

«Ол, Күләннің ағасы емес, бұрынғы ашынасы Биғабіл, бұрыннан көшеде осылай, бір-біріне жабыса жүретін!»

«Ол тіпті де Биғабіл емес, қып-қызыл коммунист!.. Маған қызығып, күйеуіме жала жауып өлтіртіп едің, енді Күләнға қызығып, сендей жалған коммунистен қорғайтын ағасын өлтірмек екеніңді біліп болдық!... Енді қырт қысып, алдыңғы ішкен қаныңа жауап беруге дайындал!»

«Сіз, әнзі аударамын деп әуре болмаңыз, сүйіктім! Маған еркелеуің басқа да, жауларды ақтамақ болуың басқа!»

«Кім еркелепті саған, әрі жүр ары сандырақтамай!»

«Еркелемесең түзу жауабыңды бер, Биғабілден басқалар естіген кері төңкерістік сөзді, бүйіріне жабысып бірге жүріп сенің естімегеніңе кім сенбек, факттерің қолымда! Мойныңа қойылып, жауапқа тартылмай, өздігіңнен әшкерелесең ғана құтыласың! Ертең тағы келемін, ойланып тұр!» -деп Ауқан Гүлсімге беретін тапсырмасын жүре сөйлеп беріп кетіпті.

Ауқанның Нәзипаны түстен кейін барып тергегенін, менің не сөйлегенімді одан тіпті көп сұрағанын кешке жақын естіп едік. Оның дағдылы кәрі авчаркадай иісшіл тұмсығы менің Биғабіл екендігімнен бірдеңе сезіп тімтінсе де дәлел боларлық ештеңе таба алмай қайтыпты. Тіліне тиек етіп шертіп жүргені менің бас, маңдай бітімім мен бұрыннан Күләншылдығым ғана екен. Ондай жалпылық белгі, Күләннің «бұғалтыр ағасы - Назарбекте» болмайды деп кім кесім айта алмақ, Нәзипа да оның бұл фактсымағын қағып тастап, менің Назарбек екендігіме кір жуытпай қойыпты.

Сол күні кеш батысымен ақын мұғалім келіп, біз тұрған көшенің күзетін мықтағанын айтты. Ауқанның қолы бүгін көп көшеге созылыпты. Тінту, адам ұстау, қарсы топтармен кездесе қалып айтысу, соқтығысу бар көшеде бар екен. Екі жаққа да қосылмай, өз алдыларына құралып алған жерлік, белгісіз топтар да пайда болыпты. Олар, көшеден ханзу көрсе қағып әкететін «қытай аулаушы» террорлық ерекшеліктерін көрсетіп жүрсе керек. Басқан жерлерінен ханзулардың бажылы естіледі екен. Ауқанның қаңғыма қарасанақтардан құралған топтарына олар жиі соқтығыпты. Қарасанақтарға тілмаштық үшін ғана қосып берілген бір-екі ұйғырды жабыла тілдеп жіберіп үнін өшіреді екен де, қожайындарымен үнсіз-тілсіз қағысады екен.

Ақын мұғалім өзі шығарған шолғыншылар арқылы бір үйге жиналған «керей» мен «қызайлардың» айтысып-жарғыласып отырғанын естігендігін де айтып күлдірді. Олар өзара үш топқа бөлінген көрінеді. Керейлер аздығынан майбастың басшылығындағы бір топқа ғана тұтасыпты да, қызайлар өзара «бегімбет» пен «итемгенге» бөлініпті. Бәрі мас болып, бірінің сөзіне бірі кезек бермей, бейберекет даңғырласқандықтан, талас болып жатқан мәселені шолғыншылар түсіне алмапты. «Әйтеуір, Күлән, Назарбек, Нәзипалардың аттары ғана естіліпті» деп күлді ақын мұғалім.

Осы хабарларын асығыс айтып бола бергенінде сырттан бір жігіт кіріп, оның құлағына ғана сыбырлап шықты. Сары бешпет, жалпақ белдік пен қызыл жең белгі тағынған төрт жігіт ерткен Ауқан шығыс шеттегі Шайзаданың үйін бетке алып бара жатқанын айтыпты.

Менің ойыма бір қауіп сап ете түсті. Шайзада Тарымнан қайтып келгеннен бері тым жауасып алған көрінеді. Қала бұқарасы санағына қосыла алмай жүргендігінен, қуып жібереді деп қорқатындығынан ба екен, әсіресе қала маңы коммунасына орналасқаннан бері сүтке тиіп қойған мысықша бәрінің қабағына қарап жалтаңдайтын болып қалыпты. Ауқаннан тіпті қорқатындығын естігенмін. Ал бүгін, Ауқан одан менің жөнімнен бір дерек табуға кетті. Ашық тергесе Шайзада менің Биғабіл екендігімді әрине жасырады. Бірақ, асқан ғаяр Ауқан онымен бірге арақ іше отырып оспақтап, иә, жайшылықсып, менің кейінгі түр-шырай өзгерісімді сұраса, Тарым майданындағы ең кейінгі көргені бойынша сөйлеп беруі мүмкін. Олай болғанда тыңшы-тәйнилерінен «Назарбек» түр-сиқын естіп жүрген алаяқтың мені айқын танып қоятындығы сөзсіз. Сондықтан қалай да шайзадаға жолығып, Тарымдағы жүз бейнемді Ауқан сұрай қалса мүлде өзгертіп сөйлеуін ескертіп қоюым қажет болды. Орайы келсе, сол шетте неғұрлым Ауқанның үнін өшіріп, иә, көзіне ажал көрсетіп, қорқытып қайтуды ойластырдым.

Ауқанның Шайзаданы іздеп бара жатқанын естіп қозғалақтаған ақын мұғалімге осы ойымды айтып едім. Ол, басқа біреуді жіберуді айтып, менің өзімнің баруыма алғашында қарсы болды да, өзімнің қауіпке ұшырамайтын, әрі оны «емдеп», арандатып қайтарлық амалымды естіген соң ғана көнді.

Мектептің сол жақ бұрышындағы бір бөлмеге ертіп апарды. Жау жағынан хабар алып тұратын шарлау қызметі осы бөлмеде басқарылады екен. Түр өзгертіп жасандыратын аспаптары жеткілікті болып шықты. Шашымды қара бояумен қарайтып, екі қасымды қоюлатып ұзартып, арасын жақындастырды. Сол бояумен самайымнан алқымыма дейін тұтасқан қою қырма сақал-мұрт жасап, таранышының ақ киіз қалпағын жартылай мыжырайтты да, маңдай жағыма қондыра салды. Сары бешпет, қалың күрең белдік пен білегіме киетін қызыл борлат белгі берді...

- Атыңыз Әбдірешит, ұмытпаңыз! Ол, Ауқан қорқатын бұлаңшы содыр болатын. Кейін оған жасақ болған. Тергеу үстінде Ауқанның ишаралаған адамының бірнешеуін өлтіріп берген ең батыл жендеті. Бойы да, бояуы да дәл осылай! - деп қысқаша түсіндірді ақын. Ыңғай ұйғырша сөйлеп, жартылай мас бейнемен ірі басып, бөртіп жүруім керектігін, таяулап еріп қорғайтын төрт-бес жігіттен басқа отыз шақты адамдық бір әтірет соңымыздан баратындығын да ескертті. Басына қалың темір білезік кигізілген қысқа ғана ағаш шшоқпарды таңдап ышқырыма қыстырып, екі жақтың да бүгінгі паролін ұғып шықтым.

Адымдай басып Шайзаданың қорасына кіре бергенімде, қақпа босағасынан алдыма шыға келді бір жасақ:

- Кімсің?

- Танымадың ба? - Ұйғырша зеки сала күбірлеп паролын айта кеуделеп өте бере сұрадым. - Ауқан туанжаң осында ма?

- Осында. Басқа ешкім кірмесін деп еді!

- Мен басқа ма, асығыс жұмыспен келдім! - Жүре жауап беріп, Шайзаданың үйіне кіріп барсам, ойлағанымдай, дастарқанға шөп қуырдақ енді қойылып, бөтелке тығыны енді ашылып жатыр екен. Төрдегі Ауқан мен одан оқшаулап төмен жүгініп отырған Шайзададан басқа ешкім жоқ.

- Сен кім? - Ауқан маған қадала қарады. Тәлтіректей түсіп, тұра қалдым.

- Садағаң кетейін, туанжаңым, Решитіңізді танымай қалдыңыз ба?

- Е, неғып жүрсің? Міндетіңнен қашып, жаудан қорқып тығылу үшін келдің бе мұнда?

- Тақсыр, Решитіңіз ешқандай жаудан тайсалған емес, сіз үшін жаны пида! - деп жіберіп, қарай қалған Шайзадаға бір көзімді қысып қалдым. -  Мен....мен... сіздің бірнеше рет жоғалтуды ишаралаған қылмыстарыңызды... басқа батырларыңыз батылдық ете алмай тұрғандарында арттарынан шыға келіп жайлап беріп жүрген мен едім ғой!...

- Өшір үніңді! - деп ақырып қалды Ауқан. Қанталай қалған сары көзі жарқ ете түсті. - Кім ишаралапты саған!

Асыға далбарақтап тез сөйлеп кеттім.

- Жоқ-жоқ-ей, өзім-өзім! Жақып пен Омарды қинауға иек қаққан көмекшіңіз болатын. Ал, әлгі Мұратқанды... шөкеніне қызығып... әй, недеп былжырап кеттім мен! Арақтың қызуы қайта бастағанда түс көргендей былжырайтын хұйымды[1] білетін шығарсыз, туанжаң, кешіріңіз! Енді келген жұмысымды айтайын: бүгін сізді қастап іздеп жүрген дұспан көп екен. Мамұт Емен пәйжаң айтты. Сізді штабқа дейін қорғап апарып салуды тапсырған батырлары да қорқып тұрғанда, мен жүгіре жөнелдім.... сіз үшін не көрсем де....

- Ей, сен былжырамай тез қайт орныңа! - деп зекірді Ауқан. - Ертең таңертең штабқа барып, маған жолық, ұқтың ба?

- Ләббәй! Шайзат ахұн, - деп Шайзаданы жалт қараттым да мұрын далдасындағы оң көзімді тағы бір қысып қала өтіндім. - Маған бір рюмка арақ беріңізші, аузым құрып кетті!

Шайзада сегіз қырлы стаканға жартылай құйып ұсына қойды.

- Ей, ей, оған көп берме! - деп Ауқан бажырая қарағанда жұтып жібердім де лақ еткізіп «құса» салдым. Лоқсып-лоқсып қалдым тағы да. Мүкшиіп отыра қалып ышқынып, құса алмағандай, алдыма екпеттей құладым. Тағы да ышқынып лоқси бердім.

- Ей, ауыз үйге жатқыз ананы! - деп Шайзадаға зекіді бастығы. Пәлені өзің таптың, көшеге шықса біреу өлтіріп кетеді енді, сыртқа шығармай жатқызып таста!

- Тез қайтсын деп құйып едім, қайдан білейін өзі бітіп тұрғанын! - деп қынжылған Шайзада мені сүйрей көтеріп, терезе жақ бұрышқа апара бергенінде бір қолының білезіктігінен қысып қалып, иегімді сипаттым. Сақал түгі емес, бояу екендігін білдіргенім еді. Қолын екінші рет қысып қойып тілімді шайнай иянаттадым өзін:

- Сен... сен... оңшы рреакцион.. жоғал! Жоғал көзімнен... мұнапиқ, ыплас!.. Кет, кет, босат қолымды!.. Ит басыңды жаншып тастаймын!... менің құрметті... құдіретті құрметті туан... туанжаңымның алдында мысықтай бол деймін мен саған!... Жыниды[2]... сасық зиялы!...

Алғаш тілдегенімде-ақ орнына қайтақан Шайзада Ауқанмен рюмка қағыстырғанда үкімшінің өзіне қараттым «сандырағымды»:

- Садағаң кетейін-ау, туанжаң... сен... сен болмасаң... тірі қалар ма едім мен... екінші көзқарастың шошқалары өлтіре салатын еді... мен... мен өлтірген кері төңкерісшілердің бәрін нақақ дейді... иттің балалары! Ау, туанжаңның өзі бұйырған соң... о немелер нақақ па? Нақақ бола ма деймін! Садағаң кетейін, данышпаным! Бәрі сен үшін... Сенің тірі жасауың үшін! Қол шақтым! Сирақты тіпті көп шақтым! Сен Раһбарымның саясында... сіздің қамқорлығыңызда қалағанымды істедім! Тәкаппар шөкендерді қып-жалаңаштаб... ым... кері төңкерісші дей саламын! Басқыншы деп һақарат айтқаны болса, қолыма түскенін жейді менен! Жасап кет, ау, туанжаң, мың-мың-мың жаса! - деп ұрандап жіберіп едім. Күліп жіберген Ауқан «тыныш жат, ей!» деп қана қойды. Тілімді шайнап жалғастыра бердім сөзімді. - Сен болмасаң маған мұндай еркіндік қайда, садағаң кетейін, туанжаңым! Сол қамқорлығың үшін... көзіңізді ақшырайтып, иегіңізді бір көтерсеңіз болғаны әрқандай кері төңкерісші дұспаныңыз аман қалмады менен! Менің жайлап бергенім... есіңізде болар... жалпы тоғызы... шеттен мына келген пәлеңізді де... мен болмасам орналастыратын наушыңыз жоқ ұқсайды, сонымен он деп қойыңызшы! Сіздің өз нұсқауыңыз бойынша жаһаннамға кеткен кері төңкерісші... һаммасын қосқанда...

- Тыныш жат! - деп Ауқан қатты ақырып қалды осы сәтте. - Былжырағыңды тоқтатамысың жоқ па?!

Ірге жаққа аунап түсіп, жым бола қалдым да, лезден соң қор ете түстім әдейі. Ауқан, Шайзадамен сөйлесіп отырған сөзінен Биғабіл туралы сұрауға мен қорылдаған соң ауысты:

- Айтпақтайын, Шайзада, сен Тарымда Биғабілмен бірге болғансың ғой? Оның өзгеру ахуалы қандай болды?

- Ол, кейін, жақсы еңбекші болып кетті! - деді Шайзада жұлып алғандай. - Ең жуас, ең тәртіпті -белсенді еңбекші!

- Бәсе, кейін азып кеткені болмаса ақылды жігіт еді өзі. Білімді азамат болып қалып еді. Әлі де жаным ашиды! Қартайып қалған шығар?

- Жоқ, мен кеткенше жап-жас жігіт сияқты еді. Бұйра шашы әлі де ақаусыз қап-қара. Бірақ, амал қанша, су басқару жұмысында, су қоймасында еді. Кейінірек, Тарым қатты бір тасығанда құлаған жармен бірге құлапты. Бүкіл әтірет болып қаптап, ау салып, арқан тастап жүріп, тасқыннан әрең құтқарған екен. Онда мен қойда едім. Оң жақ беті қатты жараланыпты. Терең тыртық болып жазылғанын кейін көрдім.

«Жақсы айттың!» - дедім ішімнен. - «Мұрны пұшық болып қалды десең, бұл пәленің күмәнданбауы үшін тіпті жақсы сурет болар еді!»

- Япырай, - деп өкінгенсіді Ауқан. - Сұлу жігіт еді өзі. Есіл азамат бетіне ақау түсіріп алған екен-ау!

- Ие, мұрны да сол жағына сәл қисайыңқырап жазылыпты...

Сырттан Ауқанның бір қорғаушысы асыға кірді осы сәтте:

- Баугау туанжаң! Жау біздің мұнда келгенімізді біліп қойған ұқсайды! Көше теректерінің арасымен қаптап келіп қалды! Біз тосып тоқтата алмайтын көп адам екен!

- Тоқтамаса мылтықтарыңнан оқ шығаруларыңа рұқсат! Бар, тез алдынан шығып, мылтықпен үркітіп жіберіңдер! Жауынгері қайта жөнелгенде Ауқан жан мылтығын қолына ала тыңдады. Аула сыртынан едел-жедел екі мылтық атылды. Сәл алыстап барып екі мылтық тағы атылды. Шабуылшылардың шегінгенін сезген Ауқан жайшылықсып, тағы да сұрау қойды Шайзадаға:

- Сөйтіп, Биғабілдің мұрны да қисайыпты дедің бе? Есіл жігіттің бет-жүзі бұзылған деші?

- Ие, судан шығарылғанда мұрны тіпті жапырылып шыққан екен. Майдан емханасына апарып, оташыға көтертіп, сәл түзеткен екен. Бірақ, сол жағына қисайып әрең кетіріліпті. Енді қайырса кеңсірік шеміршегі опырылып кетеді деп сол қисық қалпында тоқтатыпты.

- Ой, әттегенай! - күрсінгенси кідірген Ауқан тағы сұрады. - Ал, өзі кесілген емес, еңбекпен тәрбиеленуші ғана ғой, майдан басшылығы жағынан Үрімжіге қайтарамыз деген сөз шықпап па еді?

- Ондай сөзін естімеппін. Өзім қайтқанға дейін Үрімжідегі мекемесінің ие бола алмаймыз деген жауабы келгені естіліп еді. Биғабілдің өзі де "мәдениет төңкерісі тоқтағанша қайтсам, мені халық ұрып өлтіріп тастауы мүмкін, осы жерден уақытша үйлене тұрамын» деп жүрген. Менің Нылқыдағы туысқандарым ие болып, қайтқанымша, Биғабіл жөнінен естігенім сол ғана.

- Сонда сен оны сол жерден үйленеді дей аламысың? - Ауқанның бұл сұрауына Шайзада күле жауап қатты:

- Оның Шаярда жексенбі күні барып тұратын аса сұлу шөкені бар болатын. «Үрімжіде әйелім мен балам болмаса осымен-ақ үйленер едім» деп жүретін. Онымен не болғанын білмей қайттым.

- Үрімжідегі әйелі әлі күтіп отыр ма екен?

- Ол әйелінің қанша жыл болса да күтетіндігінен күмәнім жоқ...

Сырттан тағы да мылтық атылды. Біздің шабуылшылар тағы да таяп келгендіктен атылғандығын мөлшерледім. Бір көзімді сығырайтып қарасам, Ауқан алақ-жұлақ қарап, сыртты тыңдай қалған екен. Мылтығын қолынан тастамапты. Қарсы үйден Шайзаданың әйелі дауыстай шықты ауыз үйге. Кішкене баланың шырылдаған дауысы естілді. Шайзада түрегеліп оған жүгіргенде, кеудемді тырналаған болып ыңырсып, бешпет түймесін ағыттым. Сәті түсе қалса шоқпарды шабымнан жұлып алуға дайындалғаным еді бұл.

- Жақындағанын дәлдеп атыңдар! - деп жаңағы қорғаушы дауыстап бұйыра сала үйге тағы да жүгіріп кірді. - Баугау туанжаң, жаудың бұйрық дыбысы күншығыс жағымыздан да естілді. Қоршап келеді. Мына жақпен тез кетіп қалайық!

Сырттан мылтық тағы атылды.

- Мына боқ қабы қолға түспесін, алып шығыңдар! - деп бұйырғанында жүрегім зу ете түсті.

- Оны көтеріп шықсақ өзіміз қолға түсеміз, туанжаң! Өзіміз толық қоршалмай тұрғанымызда шығып кетсек, мұны айдалып бара жатқан жолынан құтқарып аламыз!

- Мұны мен атқорадағы сабан астына жасырайын! - деді Шайзада. - Алдымен сіздің құтылуыңыз керек!

- Олай болса, бұл жауынгеріміздің амандығы, сенің міндетің болсын! Ұқтың ба? - Ауқан қатал бұйыра сөйлеп есікке беттеді. - Гуңшандаңға сенімділігің осы еңбегіңмен өлшенеді! - Бас қарақшы шыға жөнеліп, қорғаушыларына да жүре бұйырды. - Жақындатпай атқылай еріңдер соңымнан!

Ыршып тұрып, соңдарынан баспалай шықтым сыртқа. Дауалдың арқа жақ кетігінен аса жөнелген Ауқанның екі қорғаушысы қайта қайырылып сол кетіктен мылтықтарын кезеніп тұра қалып еді. Шабуылшылар «қашты! Қашты!» десіп күншығыс жақтан ұмтылып бергенде Ауқан арт жақтағы қораның күнбатыс жақ дауалына жармасты. Соңындағы қорғаушылары дауалға екі аяғынан көтеріп шығарды да, тосқауылшы екеуі мылтықтарын арт жағына кезеніп атып-атып қалды. Шабуылшылар жата қалғанда, олар да аса жөнелді дауалдан. Ауқан жан мылтығымен екі бесатар сырт жақтан тағы атылды. Алдынан тосушыларды үркіткені екен. Құтылып кеткендігін қуушылардың дауысы алыстағандығынан естідік.

Күншығысқа қараған қақпа жақтан Шайзада жүгіріп келді.

- Шәкен, рахмет саған! Ауқанға мен туралы берген жауабың өте дұрыс болды, осы жауабыңнан танба! - дедім мен. - Ал, өзіңе міндеттелген Әбдірешит турасында ертең не деп жауап бермексің?

- Әбдірешит «Ауқан туанжаңға өзім жауап беремін, жаудан жасырып қалдың, рахмет!» - деп кетіп қалған дей салмаймын ба, сонан соң шын абдірешиттің өзін тергей жатар! Іңірде келген қара үйекті Ауқанның өзі Әбдірешит деп таныған соң кім екендігіне мен жауапкер емеспін ғой! Қалай, өтірікке төселіппін бе? - деп қарқылдап күлді Шайзада. - Дегенмен өзіңіз келіп ескерте жатпасаңыз, Тарымдағы бейнеңізді жасыру есіме келе қоймаған болатын!

- Менің бұл келудегі үш мақсатымның осымен екеуі орындалды. Ең атақты қанішері Әбдірешит екен ғой. Ауқан қайта тергей қалса әлгіндей жауабыңнан танбасаң болғаны, мұнысын енді өзі қорыққанынан жайлайды!...

Қақпасынан Шайзада шығарып салған соң, ақ қалпақ пен қызыл белгіні қолыма алдым да, қорғаушыларымның алдына түсіп қайта бердім. Ауқанды қуушылардың екеуі жолымыздан қосылды.

- Өзін алып қала алмасақ та, зәресін алып,қалдық! - деп алқына күлді біреуі. - Бұлтара қашқанында екі рет жығылды өзі! Егер мылтықтары болмаса осы сапарында із-түзсіз жоғалып, қаламыз тыныштық табатын еді!

Ертеңіне сәскеге таман бізге Ауқанның штабынан екі хабар жетті: бірі, Әбдірешит қолға алынып, қараңғы үйге қамалған екен. «Онымен өзімнен басқа ешкімнің сөйлесуіне рұқсат жоқ!» деп абақты кілтін Ауқанның өзі алыпты. Екінші хабар, Қабылтаймен сөйлесуге кеше түстен бері елші жүргізіпті. Елшілер алдымен «халық-азаттық армия» штабынан «мәдениет төңкерісінің» басшылық штабына түскен талап жөнінде сөйлесті.

«Көзқарас жөніндегі әрекеттерің халықтың өз ішіндегі қайшылыққа жататындықтан армиямыз оған қол сұқпады, - делініпті армия штабының талабында. - Бірақ, жақыннан бері Шыңжанды гүлдендіру үшін ішкеріден келген көшпенділерімізге қаратылған террорлық қимылдар ешқашан да халық ішіндегі қайшылық емес. Ол, шектен асып кеткен, сыртқы яғни, дос пен дұспан арасындағы қайшылық. Ашық дұспан күштің бас көтеруі. Сондықтан оны шектемесеңдер, құралды күш шығарамыз. Бұл мәселені шешу үшін жедел жауап күтеміз!»

Армия штабының талабы осы деп жеткізген елшіге Қабылтай «бұл террорлық біздің осы райондағы халықтың мәселесі емес! - деп жауап айтыпты. - Біз Маужушидің «өзі соқтықпағанға біз де соқтықпаймыз» деген нұсқауы бойынша іс көріп жатырмыз. Қалам күресін тастап, әлем күресін жүргізген, төңкерістік басшылық штабының өзі. Олар келіп соқтыққандықтан халық өздерін қорғауға мәжбүр болып, қарсы тұрып жатыр. Нанбасаңыздар майдандасқан көшелерімізді көріңіздер. Біз барып соқтықпағандығымыздың факті сол! Қарсы жақтан ұрылған шоқпарға қарсы шара қолданбаса, бұл райондағы халық қазірге дейін қырылып болатын еді. Ал, қарсы жағымыз жақыннан бері қарасанақ содырларды жиып алып, бізге соларды шоқпар қып сермейтін болды. Ол шоқпарлардың ішінде «Шыңжанды гүлдендіруші» бейуаз еңбекші жоқ! Бұл жауапқа сенбесеңіздер, Ауқанның бізді соққылауға неше жүздеп шығарып жатқан жасақтарын тексеріп көріңіздер! Неғұрлым армия штабының өзі түнде шығып тексеріп тұратын болсын!»

Қабылтайдың жауабын жазып алып қайтқан елшілер іле-шала қайтып келіп, одан тағы бір мәселені сұрапты: «осы жақта Күлән дейтін жесір әйелдің үйіне шеттен Назарбек аталған біреу келіп жатыр екен. Оны сіз де мейманға шақырып қорғап, тіпті басшылық штабындағылардың тексеруіне де бермей жатыпсыз. Қазір көше соғысы туылуының негізгі бір себебі осы екен. Ал, сырттан келген сондай адамды тексеріп анықтауға бермей, жасыруларыңның себебі не?»

«Сырттан келген адамды тексеру жұмысы сақшы орындарының міндетінде. Үрімжіден келісімен Назарбектің өзі қалалық сақшы мекемесіне мәлімделген. Осындағы бу арасанына түсуге келген ауру. Қалалық сақшы тексеріп анықтап, кепілдік қағаз беріпті. Оны мен қонаққа шақырған сылтаумен көрдім. Сақшы кепілдігіндегі адамды қолға алып тексеруге екі жағымыздың да құқығымыз жоқ! Кеше Ауқан туанжаң күмәнділерді жиып аламыз деген үкіметсіздік әрекет жүргізгенде сақшыларды қаймықтырып, Назарбекті қайта тексертті. Төрт орыннан төрт сақшы келіп, мейманымыздан олар да мәселе таба алмай қайтты. Ал, Ауқан, өзі шығарған сақшыларының тексеруіне өзі сенбейтіндей, ыңғай түнде пышақ-шоқпарлы жасақ шығарып, қолға алмақ болады. Күндіз таба алмаған мәселені түнде қалай таппақ! Шындығында ол тексермек емес, түнделетіп апарып жасырын қастық істемек. Осы районнан бірнеше азаматты бұрын да тексереміз деп апарып өлтірген. Ауқанның мұндай заңсыздығына бұл район халқы енді жол қоймақ емес, тек сол үшін ғана ұйымдасып отыр. Ауқанның есінде болсын, ерлерін өлтірген қандықолға жесір қалған әйелдері тимей отыр. Бұл мәселені алдымен өзінен, онан соң жесір әйелдерден іздесін! Бұл, Назарбектің мәселесі емес, ол келмей тұрғанда да осы мәселе бар еді ғой!.. Әйелдерді қорқытып, зорлап алмақ болып ала алмай жүрген Ауқан да, сол әйелдер де әлі сол қалыптарында. Назарбектің оған ешқандай қатысы жоқ. Өз бала-шағасы, ар-намысы, санасы бар адам. Ал, мұндағы қарындасына зорлық істемек болса, әрине, араласатын құқығы бар. Өзі Үрімжідегі төңкерістік қимылдардың ең алдыңғы шебінде болған, туы айқын, актив азамат. Сондағы ауыр міндетін өтеу жолында ауырған адал төңкерісшіні біз әрине қорғаймыз!

«Бұл «төңкерісшіңіз» Совет шужұңжуишыларынан өткен жасос болса да қорғайсыз ба?»   - деп күле сұрапты елші.

«Ондай мәселеден титтей күмәні болса, оған қалалық сақшы мекемесі кепілдік етеді деп ойлайсыздар ма?.. Қарсы жақтың мұнысы шалдуар жала! Мұндай күмәндар естілгенде өз басымыз үшін біз де көңіл бөлгенбіз, тексергенбіз. Жаңа айттым ғой. Ол жасос болса, күндіз келіп тексермей, Ауқанның ыңғай түнде-қараңғыда келіп, тартып әкетпек болып соғысатын себебі не? Бұл қасқырлық кәсіпті жоғары жақ тоқтатса да, қылмыс анықталмай қолға алмау туралы нұсқау шығарып отырса да, «әлем күресін» мүлде тоқтатуды тапсырып отырса да, тыңдамай, ыңғай бұзғыншылық істеп келе жатқан сол туанжаңдарыңның дәл өзі! Партия мен үкіметтің нұсқауы заупәншілерге керек емес деген документі болса көрсетсін, біз де соны істелік. Төңкеріс басшылығының жіберіп отырған өкілісіздер ғой, өздеріңіз бір жауап берші, қане!»

«Біз төңкерістік басшылық орнының сұра деген мәселесін сұрап анықтауға ғана келіп отырмыз!» - дей салып бас елші қозғала қапты. - Бұл мәселе әлі тексеріледі. Үрімжіге барып Назарбектің орнынан да сұралады. Тарым майданы мен Үрімжідегі лаужяу-лаугай мекемесінен Биғабілдің қайда екендігін де анықтаймыз. Есіңізде болсын, Қабылтай жолдас, қонағыңыз Назарбек болса да, Биғабіл болса да, бізге бәрі бір бас. Екеуі де көптен бері қоғамнан көрінбеген, қайда жүргені белгісіз адамдар. Тіпті, Күлән да солай, жоғалып кетіп қайдан шыға келетіні белгісіз, күмәнді әйел. Жасостарды қорғап, кейін арылмайтын қылмысқа тап болып қалмаңыз демекшіміз! Назарбекке қандай сақшы кепілдік қағаз берген екен, оны да анықтаймыз! Ал, біз қайта тұралық!»

«Сол күмәндарыңызға қалалық сақшы айқын жауап беріп отыр. Сондықтан мен де сол жауапты қазір анықтап беріп отырмын. Шеттен кірген ешқандай жасос жоқ бізде! Енді заңсыз қоқаңдағанды қойыңыздар! Әсіресе қарасанақ қаңғыбастарға құрал беріп, тұрғылықты халықты соққылатқандарыңыз тіпті ауыр мәселе болып шығады. Бұған әрине мен жауапкер емес. Мәселесі жоқ адамды қолға алуды, соқтығуды қойыңыздар!»

Қабылтай елшілерге осындай аса ерлік жауап беріп қайтарған екен. Содан екі күн өткен күні түске жақын Күләнді шақыртыпты. Ауқан жақтан тағы бір үлкен зобалаң естілгендей, Күлән кіргенде біреуге түйіліп, асығыс күбірлеп отыр екен. Ол жігітті жолға салып, Күләнға жаймашуақ қана қарап сөйлепті:

«Ауқан қандықолдың Биғабіл екеумізге қаратқан бір суық жоспарын естідім! - деп жымиыпты. - «Аса жасырын қастық істемек. «Ағаңыз» сақтығын күшейтіп, кеште көшеге шығудан, күндіз жалғыз жүруден сақтана тұрсын! Әйтеуір, қолға алудан қалыпты, бізге енді ашық ештеңе істей алмайды. Кешеден бері әсіре солшылдар ешқай орыннан өз талаптарына лайық жауап ала алмайтын, әлеумет жағынан тастанды халге түсіп қалғанын естідім. Бұлардан жиренушілер қауырт көбейе бастады. Ал енді біраз шыдап тұрсақ, бұрынғы оңшыл, жерлік ұлтшыл деп аталғандардың да нақақтығы айқындалатын сөз бар. Биғаңа сәлем айтыңыз, дәл осы қалпақтан құтылсаңыздар жолбарысты да қоянша басып бауыздай алатындықтарыңызға сенемін!... Жасырын қастықтан аман қалу үшін қазірше ептеп біраз күн өткізуді ғана амалдаңыздар! Назарбек болған кісі бу арасанына түсу үшін алдымен қан толтыруға, Күнестің мол жайлауына шығып келуі қажет шығар. Туысқандарыңыз шақырған екен ғой. Сегізінші айға дейін сонда барып қамсыз паналап, қымыз іше тұрсын!» - депті.

Күлән бұл пікірді мақұлдап шығыпты да, жол жөнекей кезіккен таныстарға жайлауға шығатын жөнімді айтып, Ауқан жақтың қашты демеуі үшін әдейі жариялап қайтыпты: «Назарбек ағаның бу арасанға түсуі үшін жүрек қаны кемдігі байқалды, доқтырға көрініп еді, алдымен қан толтыруды тапсырды. Тоғызтарау, Нылқы, Күнес жайлауларының біріне шығара тұратын болдық» депті. Үш аудан жайлауын түгел атағаны, қастық істеушілерден көз жаздыру үшін екен.

Бұл сапар жайын Нәзипаға жеткізуге барыпты содан. Биғабілмен Күнеске қазірше өзі бірге бара алмайды ғой. Бір жастықта бас қосып, көңіл орнықтырысып, кеңірек кеңесіп қалуы қажет шығар!» - Күлән осы оймен Қабылтайдан естігенін сіңлісіне түгел айтыпты да,  «амандық үшін анауыңның Күнес жайлауына шыға тұруына келістік, - депті. -  Апақ-сапақта келер деп күтіп отырмай, бүгін түнде біздің үйде бол! Гүлжан бұл үйде жалғыз түнеуден қорқатындай болса, өзіңмен бірге барып, жиен қызымның қасында отауда жатар!»

- Үйіңді бізге беріп, өзің қайда түнемексің, әпкетай? - деп Нәзипа күліп жіберген екен.

- Мен де сол балалардың қасында боламын! -Күлән байқау үшін жалт қараған Нәзипаға анықтап айтып түсіндірмек болыпты. - Рас айтам! Биғаш ертең таңертең Күнеске кететін болды. Сол үшін бүгін түнде армансыз сөйлесіп алыңдар! Үйімді сен екеуіңе босатып беретін болдым!

- Күнеске кетпек? - Нәзипа әдейі түйіле қарапты Күләнға. - Қойыңызшы, енді табысқанымызда... бой үйретісіп болмай, тағы да қаңғымақ па! Ешқайда жібере алмаймын енді!

- Назыкеш, оның дұрыс қой, -  деп күрсінген Күлән, жаңағы Қабылтайдан естіген қатерлі қастықты қайталап айтып, Биғабілді оның да сол алысырақ жайлауға шығара тұруды тапсырғанын түсіндіріпті.

- Ә, енді білдім! - Нәзипа мені қызғанып қимағансыған шыраймен күмән құрастыра қойыпты. - Енді білдім, Қабылтайдың Күнес жақта бір сұлу қарындасы бар деген. Сонысын көрсетіп, анауымды сонысына қоспақ екен ғой!.. Бармайды, жібермеймін ол жаққа! Кілетімді тазалап қамап, сонда жатқыза тұрамын. Қашан некеміз қиылғанша ештеңеге мұқтаж етпей, жасырып баға аламын!

- Бұлай қызғанғаның да дұрыс, махаббат қой! - деп күрсініпті Күлән. - Бірақ, Биғабіл толық сенуге болатын азамат. Көңіл берген адамнан өмір бойы айнымайтын, уәдеге берік, асқан адал жүрегі бар. Ол сенен енді адаспайды. Жолынан дүниеде жоқ сұлу көрсе де азбайды, өзіңе кіршіксіз күйінде қайтып келеді!.. Ауқанның қастығынан алысырақ болу үшін ғана солай жібере тұруға келістік...

Нәзипа орнынан атылып тұрып асыла кетіпті Күләннің мойнына. Көз жасын парлатып жіберіп күліпті. Екі бетінен кезек-кезек сүйе сөйлепті:

- Неткен асыл адамсыз, әпке! Егер дүниеде бір әулие бар десе, сол тек сіз ғана дер едім! Өзіңіздің Биғашыңыз, рас, асқан адал кісі. Өзіңізге қайтып бармай қоймайды, өзіңізге сол кіршіксіз күйінде қайтады! Осы сөзді сол адалыңыздың өзінше айттыңыз. Оның қасиетін толық біледі екенсіз!

- Не айтып тұрсың өзің? - деп Күлән бажырая қарапты сіңлісіне. - Уақытша бірер ай ғана ажырай тұрудан алжасып қалғаннан саумысың өзің, отыршы! - Екеуі столдың екі жағына отыра қалып қарапты бір-біріне. Нәзипа күле сөйлеп кетіпті:

- Бүкіл дүниеге айырбастамайтындай жалғыз асылыңызды маған беріп, сіз алжаспағанда бірер ай дегеніңіз үшін мен алжасады ғой деп ойлайсыз ба! Ол әлі де өзіңіздікі! Әйел көрмеген жап-жас кезінен-ақ сіздің пендеңіз екен ғой! «Мен әлі де Күләштің құлымын, енді басқамен үйленбеймін» дейді өзі!

Күлән нарт жаныпты сіңлісінің бұл сөзінен.

- Неше күннен бері ойнап-күліп, біріңнің аузыңдағыны бірің жеп жүріп, айнысып-араздасып қалғаннан саусыңдар ма өздерің?

- Жоқ, әпке, ойнау түгіл, оңаша үйге қамалған жесір ер, жесір әйел екендігімізді де ұмытып, балдыз бен жезде болып алғанбыз!

Күләннің көзі жарқырап, нұр атып шыға келіпті. Ұқса да толық түсінбей, қазбалай сұрапты:

- Неліктен?.. Бір-біріңді жаратпай қалыдыңдар ма?

- Жоға, жаратпау қайда! Анауың шындығын айтудан бөгелмеді. «Мен жаңа өспірім кезімнен-ақ Күләштің құлы едім, әлі де солаймын!» деп салды. Сол сөзінен-ақ оның жездем екендігін сезе қойдым. Балдыз бола қалудан басқа лажым не сонсоң. Сіздің, өз бөлмеңізге екеумізді сол қамауыңыздың себебін талқылап күлістік те, сіздің көзіңізге жарасып-табыса қалған болып көрінудің ойынын құрастырдық. Қайтер екен деп неше күннен бері сынап көрдік. Бұл жомарттығың өзіңе де оңай тимеді білем, һа-һа-һа-һа...а.

- Рас па осы сөзің? - Күләннің өзіне зор қуаныштың пайда болғанын көз жанарымен де, осы сұрауымен де көрсетіп алғанына Нәзипа тағы да сақылдап күліпті:

- Ә, бәлем, қан сөлден айырылып қалып едің, өңіңе енді келдің ғой!

- Сұм қыз! - деп күліп жіберген Күлән, көзіне іркілген  жасын сүрте қойыпты. - Қайдан білейін, бөтенсіп бой тартпай, «мынауым» деп, неше жылдық әйелінше жабыса қалыпсың!

- Әртістік істетпесем сенбейтіндігіңді мен де білгенмін.

- Оның Мақпал жөніндегі рухи күйзелісін сен ғана жеңілдетер деп шыныммен-ақ қоспақ болғанмын!

- Осы бағаңның өзі-ақ жетерлік дәрежеде болды маған! Енді «мынауым» деп өзің аймалай бер, тап-таза кетті менен! Оның дертінің бірден-бір шипасы өзіңіз екенсіз!

- Осыншалық зор актер екеніңді білмейді екенмін, сұм қыз! Жастайынан қалтқысыз тілектес, мұңдас болып өскен Биғашымды сенімен ғана қуанттым деп дәтке қуат етіп жүріппін!

 

Әділетті тергеушім, дүниеде актердан зор өнерпаз жоқ деп түсіну дұрыс екен. Олай дейтінім, дүниеде адамнан күрделі техника жоқ. Ал, актер - сол теңдессіз күрделі машинаның әрқандайы болса да сахнаға соның дәл өзі болып шыға алатын өнерпаз. Сүйіндірерлік не қилы жақсы адам болып та, жирендірерлік не қилы сұмпайы адам болып та көріне алады ғой. Бірақ, Құдай тағала ұрпақтарымызды сіздердей «актер» болудан сақтасын! Адамзаттың ең ұлы, ең сүйікті арман-тілегін суреттейтін коммунизм драмасының ең жағымды бас рөліне шығамын деп, сахнаға есектің қасасын сүйретіп шығуға дейін жетпедіңіздер ме? Қып-қызыл болып боялған жүзіңізбен, адамзаттың өз тілінен шыққандай әп-әдемі сөзіңізбен өз жаратылысыңыздағы осы қап-қара аспабыңызды кіндігіңізден салақтата арқырағаныңызда шошымаған көрермен қалды ма? «Япырай коммунизмге бастаушымыз феодализмнің осы жорғасы ма еді» деп шулаған жұртшылық алдына осы масқара бейнеңізді жасырып көрші, қане! Адамзатты ұлы арманнан, қасиетті тілегінен бездіретін осы қылмысты ең сақтанымпаз оңшылдарға арта салуға да өнеріңіз жетті ғой!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Хұй (ұйғырша) - мінез.

[2] Ханзуша ауыр иянаттың тілі.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373