Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Саясат 40029 12 пікір 16 Қыркүйек, 2022 сағат 15:12

Саммит: Шииттер Шанхайға кірді

Самарқанда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының онлайн және офлайн форматындағы 23-ші Саммиті өтіп жатыр.

Отырысты өткізудің басты мақсаты – ұйым шеңберінде көпжақты ынтымақтастықты дамыту мен нығайту, бизнес мәселелері бойынша пікір алмасу, қатысушы елдердің серіктестерімен сауда-экономикалық салада тұрақты және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қою.

Жиынға ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары, ШЫҰ атқарушы хатшысы, Өзбекстан, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан басшылары қатысты. Одан бөлек Беларусь, Иран, Монғолия бақылаушы елдер ретінде қатысты.

Саммитке құрметті қонақ ретінде шақырылған елдердің ішінде Түркия, Әзірбайжан, Армения, Түркменстан бар. Алайда Армения басшысы жиынға келген жоқ.

Өзбекстан президенті Қытай Халық Республикасының төрағасы Ши Жинпиңді өзі алдынан шығып, сән-салтанатымен қарсы алды. Қалған мемлекет басшыларын Самарқанд қаласының халықаралық әуежайында Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов қарсы алды.

Шавкат Мирзиёев Қытай президентін Өзбекстан Республикасының Жоғары мемлекеттік наградасы – «Олий Даражали Дўстлик» орденімен марапаттады.

Марапатты табыстай отырып, Өзбекстан басшысы Қытай Төрағасының ғасырлар бойғы достық пен жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтуға, сенім мен өзара түсіністікті тереңдетуге, халықтарының арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге қосқан зор үлесін атап өтті.

«Қытай көшбасшысының бірлескен күш-жігері мен ерекше назарының арқасында бүгінде өзбек-қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтеріліп, кемелденді», - деді Мирзиёев.

Қытай басшысы Өзбекстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына Төраға ретіндегі қызметін жоғары бағалады және Шавкат Мирзиёевті Қытайға сапарлауға шақырды.

Қытай төрағасының Өзбекстанға сапары аясында 15 құжатқа қол қойылды, сондай-ақ 15 миллиард доллардың келісімдеріне қол қойылды.

Ресей президенті Владимир Путин Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясындағы Қытай төрағасы Ши Жинпиңмен келіссөздер кезінде Пекиннің Украинаға қатысты ұстанымын жоғары бағалайтынын айтты.

«Аумалы-төкпелі кезеңге қарамастан, Ресей мен Қытайдың достығы өзгеріссіз қалады», -деді ол. Сондай-ақ Путин «Бір Қытай» қағидатын жақтап, «Тайуань бұғазындағы АҚШ-тың арандату әрекетін» айыптады.

Өз кезегінде Қытай басшысы Ши Жинпиң: «Үнемі өзгеріп отыратын әлемге, дәуірге және тарихқа тап болған Қытай мемлекеті Ресеймен бірге әлеуметтік толқуларға толы әлемге тұрақтылық орнатуға, қуаныш әкелуге күш салатын жетекші рөлді атқаруға дайын», - деді.

Жиын барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке қонақжайлығы мен Самарқандтағы ШЫҰ-ның кезекті саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.

Қазақстан президенті ШЫҰ өзінің әмбебаптығы мен өзара ынтымағының арқасында қазіргі заманның ең өзекті мәселелерін шешуге елеулі үлес қоса алады және қосуға тиіс деп есептейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамдағы отырыста ШЫҰ қызметінің қазіргі кезеңдегі басым бағыттары туралы көзқарасын білдірді.

Биылғы жылғы саммиттің ерекшелігі – Иран Ислам республикасы ШЫҰ-ға мүшелікке өтіп жатыр.

Иран – 1979 жылдан бастап Иран Ислам Республикасы болып жарияланған, 83 миллион халқы бар, Азияның оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Әлемдегі санаулы діни мемлекеттердің бірі Иранның негізгі экономикасы мұнай мен газ өңдеу саласына негізделген. Ол экспорттың 90 пайызын алады. Ауыл шаруашылығы нашар дамыған. Өнеркәсіпке қажетті құрал-жабдықтардың барлығын дерлік шетелден сатып алады. Негізгі сауда серіктестері: Германия, Жапония, Ұлыбритания, Италия, Араб елдері, Түркия, Қазақстан. Қазақстанмен дипломатиялық байланыс 1992 жылдан бастап орнатылған. Иран Ислам республикасы әлі күнге дейін АҚШ салған санкциялардың құрсауынан шыға алмай отыр. Иранда ядролық қару бар деп есептеледі, дегенмен ел билігі оны жоққа шығарған.

Айжан Темірхан

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958