Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3858 0 пікір 14 Қаңтар, 2013 сағат 10:14

Дәурен Қуат. Қарашай деген елім бар (жалғасы)

1-сурет - Ұлттық киімдегі қарашайлар (тарихи сурет)

2-сурет - Ұлттық киімдегі қарашай балалары

3-суре - Қарашай-малқар жазушысы, Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың сахибы, жазушы Мүтәліп Бекппаев. Жазушының балалық шағы Жамбыл облысында өткен

4- сурет - Солдан оңға қарай: Әділхан, Ақын, Мүтәліп, Сәлім бастаған  бауырлармен бірге отырып қарашайдың кең мол дастарханнан дәм таттық.

5- сурет -Уфук Түзман. Түркістанда оқыған. Хасан Оралтайдың «Елімайлап өткен өмір» кітабын қазақ ортасына алғаш жеткізген түркшіл азамат

6-сурет - Түркия астанасы - Анкара қаласының ескі бөлігіндегі тұрғын үйлер

7-сурет - Сириядағы соғыс

 

Жақып Өмерұлы басқаратын Еуразия жазушылар одағының шақыруымен Түркияда болғанымызды, Түркия  астанасы Анкарада ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы өткізген «Лев Гумилев және оның түркологиялық ғылыми мұрасы» атты халықаралық конференцияға қатысқанымыз туралы осыдан бірер күн бұрын баян еткен болатынбыз (http://old.abai.kz/content/deuren-kuat-t-rki-eleminin-deuiri-bastaldy-basy). Енді ұғып білгенімізді, көңілге түйгенімізді әріқарай тағыда әңгіме етіп көрейік.

«Нұрсұлтан аға», «Нұрсұлтан аға»

1-сурет - Ұлттық киімдегі қарашайлар (тарихи сурет)

2-сурет - Ұлттық киімдегі қарашай балалары

3-суре - Қарашай-малқар жазушысы, Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың сахибы, жазушы Мүтәліп Бекппаев. Жазушының балалық шағы Жамбыл облысында өткен

4- сурет - Солдан оңға қарай: Әділхан, Ақын, Мүтәліп, Сәлім бастаған  бауырлармен бірге отырып қарашайдың кең мол дастарханнан дәм таттық.

5- сурет -Уфук Түзман. Түркістанда оқыған. Хасан Оралтайдың «Елімайлап өткен өмір» кітабын қазақ ортасына алғаш жеткізген түркшіл азамат

6-сурет - Түркия астанасы - Анкара қаласының ескі бөлігіндегі тұрғын үйлер

7-сурет - Сириядағы соғыс

 

Жақып Өмерұлы басқаратын Еуразия жазушылар одағының шақыруымен Түркияда болғанымызды, Түркия  астанасы Анкарада ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы өткізген «Лев Гумилев және оның түркологиялық ғылыми мұрасы» атты халықаралық конференцияға қатысқанымыз туралы осыдан бірер күн бұрын баян еткен болатынбыз (http://old.abai.kz/content/deuren-kuat-t-rki-eleminin-deuiri-bastaldy-basy). Енді ұғып білгенімізді, көңілге түйгенімізді әріқарай тағыда әңгіме етіп көрейік.

«Нұрсұлтан аға», «Нұрсұлтан аға»

Анкарадағы еңселі биік үйлерді көріп Алматы мен Астананы аралап жүргендей болдым. Өйткені біздегі тұрғынжайлардың дені түрік бауырлардың қолынан өткен. Басқа-басқа, түріктер құрылыс саласын әбден-ақ меңгеріп алған сияқты. Басбақан Тайып Ердоған «жасы» елуге жеткен көпқабатты үйлерді бұзғызып, орнына жаңасын салдырып жатыр екен. Түріктер бұны маған мақтанышпен айтты. Сыртта жүрген адам өз елінен де жетістік тауып сөйлеуге шебер ғой, мен де біздегі ескі үйлердің «сноскіге» кетіп бастағанын білдірдім. «Соның бәрінің бастамашысы Нұрсұлтан аға шығар» дейді түріктер. Түрік ағайын қазақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Кемал Ататүрікпен тең көреді (бұл жерде барлық түріктің байламы осы екен деп пікір түюге бола қоймас, бірақ менің қасымдағы қардаштардың сөзіне қарағанда солай). «Нұрсұлтан аға», «Нұрсұлтан аға» деседі олар.  Менің түркішіл түрік ағайындарымның Назарбаевты жақсы көретін себебін ілгерідегі мақаламызда ептеп аңғартқандай болғанбыз: қазіргі Түркияны діни ағымдар жайлаған, діни ағымдар өкімет тарапынан да барынша қолдауға ие. Олар әлемнің қай түкпіріне барып діни уағыз жүргізсе де, мектеп ашса да қаржыдан қиналмайды. Қаражатты Басбақан Сауд Араб елінен алып бере береді. «Түркия сыртқы қарызды қайтаруды бастағанымен Сауд Арабияның алдындағы борышқа белшесінен батуда. Киім-кешек нарығын қытай жаулап алды. Түріктер өнім шығарудан қалды», - дейді менің жолбасшым Уфук Тузман.

Түрік жерінде мұнайдың мол қоры да бар көрінеді. Алайда түріктер ол қазынаны игеруге асықпайды.  Себебі Еуропамен мұнайды кейінірек игеру туралы келісім жасалған. «Батыс бәтуа бермесе, егін егуден де қалармыз түбі. Егін жердің астындағы минералды жердің бетіне тартады екен ғой. Егініміз күндердің бір күні «мұнайды сора бастаса», Еуорпа бізге егінді ектірмейді», - дейді Уфук.

Түркия - Премьер-министрдің басқаруындағы ел. Премьерді «Басбақан» атайды. Қазіргі Басбақан Тайып Ердоған елде Президенттік билік институтын қалыптастырғысы келеді. Сөйтіп алдағы жылдары сайлауға түспекші. Ердоғанның ертерек әркетке көшуіне орай оппозиция да қимылға кіріскенге ұқсайды. Көше толған ереуіл. Полициямен қақтығыс. Ердоған болса полицияға ерікті беріп қойған. Пәрменін Парламент арқылы заңдастырып алған Ердоғанның полициясы күш жұмсауға, қажет жерінде қару қолдануға дайын. Түрік телеараналары полицияның халыққа оқ атқанын да біз барған екі үш күндікте көрсетіп қалды. Міне, осындай халді бастан кешіп жатқан түркішіл түріктер Назарбаевты түркі әлемінің көшбасшысы, ақсақалы, еліне жақсы қарайтын бейбіт адам деп біледі. Байқауымша түріктер Нұрсұлтан ағаның артында қалың қазақтың тұрғанын да үлкен есепке алатын секілді. Неге? Өйткені түркі әлемінде Түркия жалғыз емес.  Түркия бойындағы өз қуатын жақсы сезінеді, Қазақтың да қуатын қапысыз аңғарады. Алдыңғы жазуымызда әзірбайжан жазушысы Еждер Ол «біз елу миллионбыз!» деп кеудесін көтергенімен Иранға сіңіп кеткен 40-45 миллион әзірбайжанды енді әзірбайжан жасау да, Қапқазға оралту да мүмкін емес. Ал, Бакудегі әзірбайжандар тілінің ұқсастығына қарай түріктердің бауырына кіре түсуде. Ендеше алдағы замандарда түрік тілі әзірбайжан тілін «жұтып» қойса, оған таңқалмаймыз. Өзбек өзімен өзі отыр. Түркі тілінің қыпшақ тобына кіретін елдер қазақ тілінің аясына бірігуі мүмкін. Демек, түркілер арасында екі тіл, екі ел: қазақ пен түрік жетекшілік тізгінін ұстайды. Әрине, бұл болжам. Менің болжамым ғана емес, түркілердің бүгіні мен ертеңіне сергек қарайтын азаматтардың ортақ көзқарасы.

Біз, әрине, Қазақстанның ішкі ахуалы, сөз бостандығы, әлеуметтік жағдайы жөнінде Батысқа барып баяндама жасап қайтатындардың қатарынан емеспіз. Түркияға баруымыздың себебі де мүлде басқа. Сондықтан Қазақстан жөнінде, Қазақ Президенті Назарбаев турасында мақтау марапат айтып, ақжарылып сөйлеген ағайынның аузына қарап қойып қана отырдық. Әдеп солай. Оның үстіне өз еліңдегі адами құндылықты, гуманизмді, ұлт пен ұлыс өкілдеріне деген құрметті бағалаудың  қисыны да осындайда туып жатады.

«Нұрсұлтан аға барша түркі баласына қамқор ғой», - дейді түрік бауырларым. «Жалпы қазақ сондай. Бауырмал, дархан, кең. Қазақ қытымыр болса, қазақ өзімшіл болса, жалғыз адам не істей алады? Нұрсұлтан ағаларыңыз да қазақтың бір баласы. Сондықтан басқаша бола алмайды», - деп сәл түсінік беруіме тура келді осы арада. Расында, жабыққанға жаны ашымайтын, мұқтажбен мұңдас бола қоймайтын қазақ баласы кем. Алыстағы қарашайлардың басындағы кепті ойлағанда біздің де сол жанашырлық сезіміміз лап берді.

Қарашай деген елім бар

Анкараның шығыс жақ бетінде, қаладан 20-30 шақырымдай жерде, қарашайлардың ауылы бар. Ауыл түрікше - Яғлыпынар, қарашай тілінде - Жаулы аталады. Қарашайлармен Анкараның шетіндегі бір дәмханада ұшырастым. Түріктерге қарағанда көздері сәл қысықтау. Қайсібірінікі дөңгелек. Сондай рең сипаттарымен де, тілдерімен де қарашайдың қазағыма жақындығын бек ұққандаймын. Аудармашысыз аңқылдап сөйлесіп отырмыз. Есімдері де қазаққа келеді: Ақын, Әділхан, Сәлім. Ақын бұрын әкімдік қызмет атқарыпты. Әділхан тәржімашы ақын екен. Қарашай-малқар тілінен түрік тіліне өлеңдер аударып танылыпты. Сәлім - құрылысшы. Сәлім Итез. Астанадағы Ақ Орданың жобасын сызып, құрылысын жүргізген осы азамат болып шықты. Өзі тым қарапайым. «Құрылыстың басы-қасында болдық қой», - деп  сыпайы ғана тіл қатты. Одан әрісін мен де қазбалап сұрамадым. Өйткені бұл жігіттер ас үстінде әлденеге алаңдап, асығып отырғандай болды. Жаулыға барған кезде Әділхан, Сәлімдердің алаң көңілдерінің сырына жеттім.

Сүрия. Түріктер Шам - Сирия елін осылай атайды. Сүрияда мыңнан астам қарашай  тұрады екен. «Біздің қолымыз жеткен есеп бойынша, 1200 қарашай», - деп нақтылай түсті жолбасшым Уфук. Сол Сүрияда басталған сүргіннен қарашайларды қалай аман алып шығамыз десіп Түркияның қарашайлары бір қараша үйде бас қосты.

Түркия қарашайлары 2006 жылы алыс-жақыннан сұрастыра жүріп қарашайлардың жалпы саны 400 мың екендігін анықтапты. Түркияда 20 000 қарашай, АҚШ-та 5500 қарашай, т.б. тұрады деп келетін мәліметтері және бар. Қарашайлар Түркияға 1886-1889 жылдар аралығында ауып барған. Одесса арқылы қара теңізді кешіп өткен қарашайлардың дінді берік ұстанған тақуалары кезінде Сүрияға өтіп кеткен көрінеді.

- Біз азбыз, - дейді Түркия қарашайлары қамығып, - жер бетінен жойылып кету қауіпі төніп тұр бізге. Сондықтан бірімізді-біріміз көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мекен-тұрағына көзіміз жетіп, біле тұра бір қарашай баласын жоғалтып алсақ - о дүниеге күнәһар болып аттанамыз. Із-түссіз жоғалған бір қарашай баласы үшін фәниге барғанда жауап береміз.

Қапқаздағы қарашай-малқарлардың не қам-тірлік жасап жатқандығынан хабарсызбын, ал Түркия қарашайлары қор құрып, барын ортаға салып Сүриядағы қарашайларды «сатып» алуда. Сүрия азаматтарына шетке шығатын төлқұжат бере бермейді. Сондықтан Түркия қарашайлары Сүрия қарашайларын алдымен төлқұжатпен қамтамасыз етуі керек. Ол үшін Сүриядағы берекесі кеткен әкімшілік орындарына астыртын пәре береді. Сөйтіп қолдарына төлқұжат ұстаған қарашайларды босқын ретінде Түркияға әкеліп қоныстандырмақ. Осы күндері Сүрия мен Түркияның арасындағы Һатай қаласында босқындардың алды орналасып та үлгеріпті.

Мен қатысқан жиында Сәлімдер АҚШ-тағы қарашайлармен байланысқа шығатындығын, олардың күйі жақсы екендігін айтып отырды.  Осылайша олар елбесіп-селбесіп Сүрия сүргінінен қандастарын құтқарып қалмақ.

Сыртқа шықтық. Шағын ауыл  абажадай қаланың жарығынан жасқанғандай бұйығып шамын тегіс сөндірген. Алашабыр бұлттардың арасында жүдеу ай жүзіп барады. Қарашайлар мені кезек-кезек құшағына алып қоштасып жатыр. «Келіп тұр, осында бір елің бар» дейді.  Қарашайлар ауылды «ел» депте айтады. «Иә, - дедім мен, - қаршай деген елім бар!»

Қарашай - қазаққа, қазақтың  тіліне етене жақын түркінің бір бұтағы. Ономостикалық атаулар, жер-су аттары, жан-жануар, құс атаулары, тұрмыс жабдықтары қазақ тілінде қалай аталса, қарашай тілінде де солай аталады. Мысалы, біз сияқты олар да жұлдызды -жұлдыз, жолды - жол, пышақты - пышақ, қылышты - қылыч, құсты - құш деседі.

Қарашайлар өздерін «қара қыпшақ», қазақты «сары қыпшақ» дейді. Қарашайлардың түсіндіруінше, қазақтың «сары қыпшақ» аталуы далада, ойда өмір сүретіндігіне байланысты екен.

Жауылға барғанымда білдім, менің жолбасшым - Уфук мырза қарашай болып шықты. Түркістанда біздің әйгілі айтыскеріміз Бекарыс Шойбековпен бірге оқыпты. «Бекарыстың үйіне талай барғанымын, тіпті айтысқанмын», - дейді. Уфук қазақ тіл әдебиетінің майталмандары - Рахманқұл Бердібай, Мырзахмет Мекемтас, Алма Қыраубаевалардың дәрісін тыңдап, сабақ алыпты. Қазақша ағып тұр. Мақалдап-мәтелдеп сөйлейді. Жары қазақ қызы екен. Нарынқол жақтан.

- Қазақстанның шекарасы ашылғанда оқуға баратын талапкерлердің тізіміне жазылып, сынақ тапсырып қойғаныммен картадан Түркістан қаласын таппай дал болғаным бар, - дейді Уфук.  Түркістанды бастапқыда картадан таба алмаған Уфуктің талабына ата-анасы да қарсы шығып: «Қазақстан деген не ел? Онда барғанда не табасың? Қазақтың тілін үйреніп қайда бармақсың?» деп қарсы да болыпты. Бірақ алған бетінен қайтпаған Уфук Түркістанда оқып қазақ арасынан достар табады. Қазақты өз еліндей көріп кетеді. Назарбаевтың бір реткі сапарында тіпті тілмәштық қызмет те атқарады.

Уфук Түзманның арғы тегі де Қапқаздан 1900 жылдары Түркияға ауып келіпті. «Ұлы атам заманында еті тірі, өжет кісі болса керек. Қарашайлардың көшін ұйымдастырып жүріп елге қайтып бір барғанында басқыншы орыстардың қолына түсіп итжеккенге айдалып кетеді. Әжемнің сіңілісі Жұлдызхан жөргектегі күйінде шырылдап қала береді. Оны біреулер асырап алып ақыры титтей Жұлдызхан ақырында қазақ жерінен бір-ақ шығады. Қазіргі Жамбыл облысының Кемер деген ауылында қазақ отбасында тәрбиеленіп қазақ жігітімен бас құрайды. Әжем 107 жасқа келіп қайтты. Жарықтық  өле-өлгенінше сіңілісін іздеп, ах ұрып отыратын. Түркістанда оқып жүрген кезімде мен сол Жұлдызханды таптым. Жұлдызхан өмірден озған екен. Алайда ұрпағымен табыстым. Қазір хат-хабар алысып, барып-келіп тұрамыз, - дейді Уфук.

«Қазақ болып кеткен» (өз сөзі) Уфуктың балалары да қазақ топырағында дүниеге келіпті. Үлкені Юнұс Еміре 2003 жылы Түркістанда туса, қызы Анисат 2008 жылы Тараз қаласында іңгәлапты.

Уфук қазір Түркияның Мемлекеттік телерадио компаниясында қазақ редакциясында қызмет етеді. Қазақ тілінде интернет парақшасын жүргізеді.

Түркиядағы сапарымызда қарашай-малқар жазушысы Мүтәліп Бекппаевпен танысып, аға-іні болып кеттік. Мүтәліп аға да біздің Жамбылда туып өсіпті. Қазақ десеңіз елжіреп тұр. «Олжас аға бір кітабына «Мүтәліп туысқаныма» деп қолтаңба жазып берді» дегенді қайта-қайта айтады.

Қарашайлар туралы сөзімді осы Мүтәліп ағаның «Қасқыр-адам»  әңгімесімен тиянақтамақпын.

Еуразия жазушылар одағы жариялаған Махмұт Қашқари атындағы байқаудың жүлдесін иеленген шығармасында Мүтәліп аға Совет өкіметінен қашып, қырық жыл Қапқаз тауларын паналаған адамның ерлігін әйгілепті. Елсіз-жансыз аспан тауларды мекен еткен адам өзіне тек қасқырды ғана серік тұтып, бірге өмір сүреді.

Күндердің күнінде әлгі адам әбден қартайып таудан ел ішіне оралады. Қасқыр-адамды көргендер  сұрайды: «Қырық жыл қашып жүргенде не таптың? Оданда сотталып кеткенің дұрыс еді ғой. Сотталсаң 10-15 жылда жазаңды өтеп аман-есен шығар едің. Енді мынандай болып келіп тұрсың. Осы тірлігіңді қалай түсіндіресің?» деп. Сонда қасқыр-адам:

- Мен қырық жыл қашқын болып өмір сүрген жоқпын. Азат ғұмыр кештім. Тәнім ғана емес, жаным мен рухым да азаттықтың ауасымен тыныстады. Енді таяуда мәңгілік азат әлемге аттанамын, соның алдында басын сорға байлаған елдің жайын бір рет көріп кетуді жөн көрдім, - дейді.

Қасқыры да, адамы да, қаламгері де қазақтың табиғатымен үндесетін қарашай деген елдің  ендігі тағдыры не болар екен? Нұрсұлтан ағаның жұртындағы қазақты, сырттағы жаутаңкөз бауырларымды, көші-қонның бұйдасын бұра тартып жүрген сұмпайыларды ойлай отырып осы сауалдың жауабына да алаңдап Алматыма оралдым.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404