Жұма, 22 Қараша 2024
Дат 3366 4 пікір 27 Қыркүйек, 2022 сағат 14:58

Билік халықты тыңдағай!

                                                              Қазақстан президенті
                                                       Қ.К.Тоқаев мырзаға

АШЫҚ ХАТ

Құрметті Қасым-Жомарт!

Жас арамыздың алшақтығына қарай өзіңе «сен» деп сөйлегеніме ренжімессің деп ойлаймын.

Керауыздар даттап жүрген кешегі Кеңес дәуірінде кімге кімнен болсын өтініш, ұсыныс, арыз-шағым хат келсе, оған бір аптадан асырмай жауап қайтару міндет болғанын білесің. Ол, арыдан айтқанда: мемлекеттік, қоғамдық тәртіп еді, беріден айтқанда: қоғам мүшелерінің бірін бірі    силауы еді. Ел тірлігі мәселелерінің көбі сол хаттар арқылы анықталып, тиісті шешімі жасалып жататын. Өкінішке қарай, бізде сол тәртіп тәуелсіздік бұйырысымен керек болмай қалды. Жұртшылық: Қайда, кімге не туралы жат жазсақ та, жауапсыз кетеді, дейтін болды. Иә,бүгінде  солай.

Бұл құбылысқа өзім куә екі жәйтті айтайын. Біріншісі: кезінде президент Н.Назарбаевқа он шақты хат жібердім. Баспайдамды көздеген жоқпын, қоғамдағы келеңсіздіктер туралы пікірлерімді мәлімдедім. Біреуіне ғана жауап келді. Семей атом полигонын жабу күресін Кремль төріндегі М.Горбачевқа  жанпидалық талап хат жазумен бастаған, халықтың, атом-ядролық қару-жараққа қарсы халықаралық ұйымдардың қолдауы нәтижесінде мақсатына жеткен  Кешірім Бозтаевтың (Семей облыстық партия комитетінің  1-хатшысы) тарихи еңбегі ол марқұм болғаннан кейін әдейі ұмыттырылып, полигонды Олжас Сүлейменовтің «Невада-Семей» қозғалысы «жапқаны» жайында дақпырттың дуылдатылғаны  әділетсіздік екенін айтқаныма. 2009-жылы маусым айының  19-күні, «Кешірімнің кінәсі не? Көшірмелері: «Егемен Қазақстан», «Семей таңы» гәзеттеріне» деп.  Жауап келді. Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтан: алай ғой, былай ғой...  өткен істі айта беріп қайтеміз, деген сырғытпалаған. «Менің досым – Олжасты» (Н.Назарбаев) қорғаштапты. «Ақиқаттан ары-бері аттағыш Олжас Сүлейменов жақтай беретіндерің тағы да белгілі болды, мейілдерің» деп жауап қайырдым.

Басталып қалған бұл жәйтті жалғастырайын. Алған мағлұматың толық болғаны жөн ғой.

Сол қорғаштаудан күні бүгінге дейін Семей полигонына байланысты ішкі жиын-жиналыстарда, гәзеттерде, сыртқы интернет материалдарында «Кешірім Бозтаев» деген аты-жөн» аталмайды.  Барлығында: «Семей атом-ядролық полигонын қайраткер ақын Олжас Сүлейменов жапты». Бұл «шындықтың шарықтауына» ақынның өзі ынталы, себепші екені сөзсіз.

Кешірім Бозтаевтың 1992-жылы шыққан «Семей полигоны» кітабында мынадай айғақ бар:

“...Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды. Әу баста жұртшылыққа арқа сүйеп, өзімді қолдайтынына нық сеніп, қуаттанып кірістім. Енді өзім мүддесін қорғағандардың, өкіметпен текетіреске бірге шыққандардың көздеріне сүйел бола бастағандаймын. Өкпек желдің қай жақтан соққанын білдім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі, тіпті Семейге ат ізін бірінші рет салса да, баяғы Юлий Цезарьше: - Бардым, көрдім, жеңдім! - деп шыға келді (О.Сүлейменовті меңзегені, - Ғ.Қ.).

Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – бұл кімнің еңбегі деген сұрақ қылтиды. «Невада – Семей» қозғалысының ғана арқасында осылай болды!» деген сыңаржақ жарнама баспасөз бетін қайызғақша басып кетті. Қозғалыстың әрбір   әрекеті аспандата мадақталды. Оның белсенділері (арасында кездейсоқ жүргендер  де бар)  қозғалысқа  басқаша бағыт бере бастады: олар өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналысты өткізе беру деп білді. Жалған дерек таратып  жіберетін де болды. Жиналысқұмарлық кеудемсоқ желпініске, жұлқынысқа  айналып, өмір шындығынан ауытқып кетуге апарып соқты».

Бұл ақиқат сөз ақынды, әрине, кіжіндірді. Мансұқтауға дәті жоқ. Бір саусағын бүгіп тынды. Кешірім көз жұмған соң (1999 ж.) есе қайтаруға кірісті. Ақырында, 2005-жылы, «Казахстанская правда» гәзетінде жарияланған сұхбатында тілшінің сұрағына орай: «Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов  за  закрытие полигона его не видели», деп дүңк етті. Одан асқан сорақылығы – «…шифрограмма не могла быть авторским произведением секретаря обкома… Если бы К.Бозтаев сам сгоряча  додумался до такой самостоятельности, он в тот же вечер лишился бы своего поста», деп көйткені.

Мен бұдан өткен бетпақтықты, имансыздықты естіген де емеспін.

Екінші  жәйт:

«Құрметті Қасым-Жомарт!

Деніңе саулық, отбасыңа аманшылық, қызметіңе абырой тілей отыра айтпағым: Кешірім Бозтаевтың, Әнуар Әлімжановтың кім болғандарын жақсы білетініңе шүбәм жоқ. Кешірімге «Қазақстанның Халық қаһарманы», Әнуарға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы әбден лайық.

Кешірім хақындағы кітабым алдағы аптада шығады. Әнекең хақындағы жинағым дайын. 1996-жылдан бастап «билікке жақпағандардың тізіміне» ілігіп, содан бері кітаптарымды бір жекеменшік баспадан өз қаражатыма шығарып жүрмін. Тираждары 20-25 данадан. Жұртшылыққа жетпейді. Дос-жолдастарыма силық болады.  Бұл ахуалымды жаңа министр Дәурен Абаевқа жаздым (15. 02. 2022 ж.). Аппаратынан жазбаша, ауызша жауап болды, ештеңе түсіне алмадым да, олардың да, өзімнің де басымды ауырпауды жөн көрдім.

Рас, 2011 және 2016 жылдары екі кітабым шықты. «Қазақпарат», «Фолиант» баспаларынан. Директорлары телефон арқылы танысып, қолжазбаларымды сұрап алды. Ол құрметтеріне шексіз риза болдым.

Аталған кітаптарымды оқуға уақыт таба аларсың, менің пікіріммен келісесің деп ойлаймын. Нақты деректер бойынша жазылды. Екеуінің де Қазақтың Перзенті, Азаматы болғандарына ғажаптана сүйінбеу мүмкін емес!

Кітаптарым өз қолыңа тиюі үшін қай адреске жіберуім қажет, соны көмекшің жазып жібергей.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. 20.06.2022 ж.»


Құрметті Қасым-Жомарт!

Өзіңе ғана арналған  хатымның (20. 06. 2022 ж.) қолыңа тимегені ме? Өйтпесе, қайда, кімге берілді екен? Меніңше, билік басшыларына жазылған хаттарды «сорттайтын» қызметкерлер тобы бар да, хаттың тағдырын  солар шеше береді. Олай болмаса, мысалы, былтыр жыл аяғында саған, премьер-министрге, парламенттің сенат, мәжіліс төрағаларына; Білім және ғылым министеріне; биыл премьер-министрге  арнайы жолдаған хаттарыма бірде- бір  жауап келмеді. Премьер-министр Ә.Смайыловқа жазғанымда осы хатымның басталуында өзіңе айтқанымдай, келіп түскен хатқа уақтылы жауап қайтару міндеттелген кеңестік тәртіпті ресми оралтуды ұсындым.   Иә, оралту қажет. Билік халықты силаса,  өзара тұрақты байланыста болса, өткен 30 жылдағы: парақорлық, жемқорлық, ұрлық-қарлық, сайқалдық алдау-арбау, жалақорлық пен пәлеқорлық, зорлық-зомбылық, қисапсыз қымбатшылық, мәнсіз мақтан, желкенді жағымпаздық «базары» халықты титықтатпас еді.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.

(20.08.2022 ж.) 

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320